iRef.kz

Мемлекеттегі өкіметтердің бір-біріне бағыныштылығы

Өзінің базисіне сүйенетін және өзінің төл табиғатына сәйкес қарекет жасайтын, яғни, қоғамдастықты сақтау үшін қарекет жасайтын конституциялық мемлекетте небәрі бір­ақ жоғарғы өкімет, атап айтқанда, қалғандарының барлығы бағынатын заң шығарушы өкімет бола алса да, заң шығарушы өкімет небәрі белгілі бір мақсаттар үшін қарекет жасауға тиіс сенім білдірілген өкімет қана, сондықтан да халық заң шығарушы өкімет көрсетілген сенімге кереғар қарекет жасайтынын көрсе, халықта бұрынғысынша заң шығарушы органды жою немесе алмастырудың жоғарғы билігі қалады. Өйткені сенім негізінде берілген барлық билік бір мақсатқа қол жеткізуге арналады және осы мақсатпен шектеледі; ал осы мақсатты анық елемейтін болса немесе оған қарсылық көрсетсе, онда қажетіне қарай сенім қайтарылып алынуы тиіс, сөйтіп билік, оны бергендерге қайтады, және олар өздерінің қауіпсіздігі мен игілігі үшін қалай жақсырақ болады деп есептесе, солай жаңадан орната алады. Осылайша, қоғамдастық өзін кімнің де болсын, тіпті өзінің заң шығарушыларының да (олар соншалық ақымақ немесе боданының бостандықтары мен меншігіне қарсы қаскүнемдік ұйымдастырып, оны жүзеге асыратын соншалық қара ниетті болған жағдайларда) қастандықтары мен арам пиғылдарынан құтқару үшін жоғарғы билікті тұрақты сақтап қалады. Өйткені бір де бір адамның, немесе бір де бір адамдар қоғамының өзінің амандығын немесе, демек, оның құралдарын басқа біреудің абсолютті еркі мен деспоттық үстемдігіне беру билігі жоқ: әлдебіреу оларды осындай құлдық ахуалға жетелегісі келетін кезде, олар өздерінің айырылуға хақысы жоқ нәрсесіне құқығын, сондай­ақ өздері сол үшін қоғамға кірген осынау өзін­өзі сақтаудың негізгі қасиетті де айнымайтын заңына қол сұғушылардан өзін құтқару құқығын әрдайым сақтап қалады. Осылайша, бүл тұрғыда қоғамдастықты әрдайым жоғарғы билік деуге болады, бірақ басқарудың қандай да бір пошымы болған кезде оны сондай деп санауға болмайды, өйткені, халықтың бұл билігі үкімет таратылғанға дейін жүзеге асырыла алмайды. 150. Басқару бар кездің барлық жағдайында да заң шығарушы билік жоғарғы билік болып қала береді.

Өйткені басқалар үшін заң шығара алатын нәрсе олардан биік болуға тиіс қой; ал заң шығарушы өкімет қоғамның барлық бөліктері және әрбір мүшесі үшін оларға мінез­ құлық ережелерін жазып және олар бұзылған жағдайда жазалау үшін күш беретіндіктен қоғамда ғана заң шығарушы бола алатындықтан, заң шығарушы өкімет қажетіне қарай жоғарғы өкімет болуға тиіс және қандай да бір мүшелер немесе қоғамның бөліктері арқылы қалған өкімет содан туындап, соған бағынады. 151. Заң шығарушы орган ылғи жұмыс істей бермейтін, ал атқарушы өкімет өзі де заң шығарушы органға қатысатын бір адамға сеніп тапсырылған кейбір мемлекеттерде сол бір кісіні зордың күшімен жоғарғы өкімет деп атауға болады. Мұның өзі сол адам жоғарғы өкімет болып табылатын заң шығару билігіне бір өзі ие болатындықтан емес, оның өзінің жоғарғы атқару құқығына ие екендігіне, бағынышты билік түрлері немесе, бері салғанда, төмен тұрған барлық мансап иелері ие болып отырған олардың басым бөлігі содан туындайды; оның үстінен қарайтын жоғарғы заң шығарушы орган болмағандықтан, оның келісімінсіз жасалуы мүмкін заң болмағандықтан, ­ оны күндердің күнінде заң шығарушы органның қалған бөлігіне бағындыратын заң болар деп күтуге бола қояр ма екен, — ол мұндай жағдайда жоғарғы билік деп әділ түрде атала алады. Бірақ оған ант және адалдыққа серт берілетін болса да, ол оған жоғарғы заң шығарушы ретінде емес, оның және басқалардың бірлескен пәрменімен жасалған заңды жоғарғы атқарушы ретінде беріледі; серт дегеніміз небәрі заңға сәйкес бағынушылық қана; ол осы заңды бұзған кезде, ол бағынуды талап ете алмайды және заң билігі берілген қоғам қайраткері ретінде болмаса, басқаша жағдайда оны талап ете алмайды; сондықтан оны мемлекеттің бейнесі, елесі немесе қоғам заңдарында жария етілген соның еркімен әрекет ететін өкілі деп санау керек; демек, оның заңдағыдан басқа еркі де, билігі де жоқ. Бірақ ол осы өкілдіктен, осы қоғамдық еріктен айрылып, өзінің жеке еркі бойынша қарекет еткен кезде, ол төмендеп, небәрі билігі жоқ, еркі жоқ, бағындыруға құқығы жоқ жеке адам болып шығады; қоғам мүшелері тек қоғамның еркіне ғана бағынуға міндетті. 152.

Кімнің де болса қолында болып, бірақ заң шығарушы органға қатысатын адамның қолында болмайтын атқарушы билік заң шығарушы өкіметке бағынышты және соған есепті болатыны және сол өкіметтің қалауы бойынша өзгертіле немесе орнынан босатыла алатыны анық; бұл бағыныштылықтан жоғарғы атқарушы билік емес, бір адамға сеніп тапсырылған жоғары атқарушы билік бостан заң шығарушы органға қатыса отырып, онда өзі бағынатын және есеп беретін жоғары тұрған жеке заң шығару органы болмайды, оған өзі қаншалықты қосылып, келісім беретін дәрежеде ғана бағынышты болады деген соз; осылайша, оның бағыныштылығы өзі қажет деп тапқан шамадан коп болмайды, ал мұның өзі ең елеусіз шамадағы ғана бағыныштылық деп кесіп айтуға болады. Мемлекеттегі басқа министрлік және бағынышты өкіметтер туралы айтып жатудың қажеттілігі жоқ, өйткені олардың көптігі және жекелеген мемлекеттердің түрлі салттары мен мекемелерінде сан қилы түрде орын алатыны соншалық, олардың барлығы туралы егжей­тегжейлі беру мүмкін емес. Біз небәрі біздің мақсатымыз үшін қажеттісіне ғана тоқталамыз және олардың белгілі бір тарту әрі тапсырма ретінде берілгенінен басқа бір де біреуі биліктің қандай да бір түріне не еместігін, олардың барлығы мемлекеттегі қандай да бір басқа билік алдында есеп беретіндігін атап өтеміз. 153. Заң шығарушы органның үздіксіз жұмыс істеуінің ешқандай қажеттігі жоқ, тіпті одан келетін зор ыңғайлылық та жоқ. Алайда мұның өзі атқарушы өкімет үшін абсолютті қажет: жаңа заң шығаруға мұқтаждық ылғи бола бермейді, бірақ жасалған заңдарды әрдайым орындап отыру керек қой. Заң шығарушы орган өзі шығарған заңдардың атқарылуын басқалардың қолына бергенде, онда тиісті бір себеп болса, оны басқалардың қолынан қайтып алып, заңдарды бұзатын кез­келген жаман басқару үшін жазалау билігі қалады. Бұл федерациялық өкімет жөнінде де әділетті, өйткені ол да, атқарушы өкімет те — екеуі де министрлік өкімет болып табылады және заң шығарушы өкіметке бағынышты, өйткені ол конституциялық мемлекетте, көрсетіп бергеніміздей жоғарғы өкімет болып табылады.

Бүл жағдайда сондай­ақ заң шығарушы орган бірнеше адамнан (егер ол бір адамнан тұратын болса, онда ол үздіксіз жұмыс істемей тұра алмайды, осылайша, жоғарғы билік ретінде, әрине, заң шығарушы өкіметпен бірге жоғарғы атқарушы өкіметке де ие болады) тұрады деп көзделеді, олар бастапқы конституцияда көзделген немесе алдыңғы сессия аяқталған кезде олардың шешімімен белгіленген мерзімдер, немесе, егер шақырылым уақыты еш жерде көзделмеген яки олардың шақырылымы басқаша бір түрде ұйғарылмаған болса, өздері қалаған кезде жиналып, өздерінің заң шығарушы функцияларын жүзеге асыра алады. Өйткені жоғарғы билікті оларға халық сеніп тапсырған, олар әрқашан сол биліктің иесі және, егер олардың бастапқы конституциясы оларды белгілі бір кезеңдермен шектемесе немесе олар өздеріне тиесілі жоғарғы биліктің актысымен оны белгілі бір мерзімге ауыстырмаса, өздері қалаған кезде жүзеге асыра алады, және сол шақ туған кезде олардың жиналып, қайтадан қарекет жасай бастау құқығы бар. 154. Егер заң шығарушы орган немесе оның қандай да бір бөлігі сол мерзімге халық сайлаған, содан кәдімгі бодандық ахуалына қайта оралатын және, егер жаңадан сайланбаса, заң шығарушы органға қатыспайтын өкілдерден тұратын болса, онда бұл сайлау құқығын да халық белгілі бір тағайындалған мерзімде, не ол осыны жасауға шақырылған кезде жүзеге асыруы керек. Осынау соңғы жағдайда заң шығарушы органды шақыру құқығы әдетте атқарушы өкіметке беріледі және мерзім жөнінде мынадай екі шектеудің бірі болады: не бастапқы конституция өкілдердің белгілі бір уақыт өткеннен кейін жиналып, қарекет жасауын талап етеді, сонда атқарушы өкімет оларды сайлауға және шақыруға басшылық нұсқауды тиісті пошымдарға сәйкес ресми басып шығарудан басқа ештеңе істемейді, яки жағдай немесе халықтың зәру мұқтажы ескі заңдардың өзгертілуін, не жаңа заңдар шығарылуын немесе халық бастан кешіп отырған немесе оған төніп тұрған кез­келген қолайсыздықтарды жоюды не алдын алуды талап еткен жағдайда оларды жаңа сайлаулар арқылы шақыру туралы шешім шығару атқарушы өкіметтің пайымына беріледі. 155.Бұл арада мынадай сұрақ қойылуы мүмкін: бастапқы конституция мен халық соны талап ететіндігіне қарамастан, егер мемлекет күшіне ие атқарушы өкімет бұл күшті заң шығарушы органның шақырылуына және жұмыс істеуіне кедергі келтіру үшін пайдаланса не болады? Мен мынаны кесіп айтамын: халық жөнінде күш қолдану, сөйтіп өзіне білдірілген сенімге кереғар қимылдау дегеніңіз халықпен соғыс ахуалын туғызу, ал халықтың өз өкіметін жүзеге асырып отыру үшін өзінің заң шығарушы органын қалпына келтіру құқығы бар.

Өйткені халық заң шығарушы органды не белгілі бір уақытта, не қажеттілік туған уақытта өзінің билігін жүзеге асырып отыру үшін құрған, ал қандай да бір күш қоғам үшін қажет және халықтың қауіпсіздігі мен амандығы соған байланысты нәрсені істеуге кедергі келтіретін болса, халық бұл күшті күшпен жоюға хақылы. Барлық жағдайлар мен ахуалдарда жүгенсіздік күшіне қарсы ең жақсы құрал – оған нақ күшпен қарсы тұру. Өкілеттіксіз күш қолдану оны қолданғанды қашанда агрессор ретінде соғыс ахуалына душар етеді және оған тиісінше қарсы шығуға құқық береді. 156. Заң шығарушы органды шақыру және тарату құқығы – атқарушы өкімет ие болып отырған құқық – атқарушы өкіметке заң шығарушы өкіметтен жоғары тұру құқығын бермейді, ол тек сеніп тапсырылған өкілеттік қана, бұл өкілеттік оған адам істерінің құбылмалылығы мен аумалы­төкпелілігі тұрақты белгіленген ережеге төзе алмайтын жағдайларда халықтың қауіпсіздігі үшін берілген. Мемлекетті алғашқы құрушылардың қандай да бір көріпкелдіктің арқасында заң шығарушы органдарды шақырудың және оның жұмысының ұзақтығының дәл анықталған кезеңдерін мәңгілікке белгілейтіндей және де бүл мемлекеттің барлық қажеттеріне дәл жауап беретіндей етіп белгілейтіндей ахуалда болып, болашақ уақиғаларды соншалық көре білуі мүмкін емес қой. Осынау кемшілікке қарсы ең жақсы құрал мұны қай кезде де көз алдында болатын және міндетті қоғамдық игілікті қадағалап отыру болатын адамдардың ақыл­есіне сеніп тапсыру еді. Заң шығарушы органның ұдайы жиі шақырылуы және оның отырыстарының, аса қажет болмаса да, ұзаққа созылуы халық үшін ауыр болмай қоймайды және уақыт өте келе міндетті түрде әлдеқайда қауіпті қолайсыздықтар туғызады; соған қарамастан оқиғалардың шапшаң өрбуі кей кезде бұл органның жедел көмегін талап етуі, оны шақыруды сәл де болса кідірту халыққа қауіп төндіруі мүмкін; кей кезде осы орган қарайтын мәселелердің маңызының зор болатындығы соншалық, оның отырыстарының шектеулі уақыты оның жұмысы үшін тым қысқа болып, халықты келелі талқылау арқасында алуы мүмкін игіліктен айыруы мүмкін.

Қоғамдастық заң шығарушы органның шақырылуы мен оның жұмысының аралығы мен кезеңдерінің бір рет барлық уақытқа белгіленуінен ара­тұра әр тараптан төнетін сөзсіз қауіп­қатерге ұшырамауы үшін мұндай жағдайларда мұны төрт көзі түгел отырып, қоғамдық істердің аужайын жілікше шағатын, бүл құзырын қоғам игілігіне пайдалана алатындарға сеніп тапсырудан басқа не істеуге болар еді? Ал мұны нақ сол мақсат үшін заңдарды орындау сеніп тапсырылған адамдардан артық кімнің қолына беруге болады? Осылайша, заң шығарушы органның шақырылымдары мен отырыстары үшін уақыт бастапқы конституциямен белгіленбесе, онда ол, атқарушы өкіметтің (және де оз қалауына тәуелді деспоттық өкімет ретінде емес) қолына өтеді, бұл өкілеттіктер әрқашан тек қоғамның игілігі үшін, оқиғалар мен істердегі өзгерістер талап ететініндей етіп пайдаланылуға тиіс. Заң шығарушы органды шақырудың белгілі бір мерзімі бар кезде немесе бұл тақсырдың шешуіне берілген кезде, немесе, бәлкім, екеуі де араласқанда қолайсыздықтар аз болады ма дегенді айқындау менің міндетіме жатпайды; менің бар болғаны атқарушы өкіметте заң шығарушы органның мұндай сессияларын шақыру және тарату дәргейі болғанымен, осының салдарынан ол одан жоғары бола алмайтынын көрсеткім келді. 157. Бұл дүниедегі заттар үздіксіз өзгерісте болатыны сондай, ештеңе де ұзақ уақыт бір ахуалда қала алмайды. Мәселен, халықтар, байлықтар, сауда­саттық, күш өзінің орындарын өзгертіп отырады; гүлденген құдіретті қалалар жермен­жексен болып, уақыт өте келе ұмыт қалған құлазыған жерлерге айналады, жекелеген шалғай жерлер байлығы да, халқы да асып­ тасқан, жұрты мол елдерге айналып жатады. Бірақ заттар үнемі бірдей өзгермейді, жеке мүдделер, негіз жоқ болған күннің өзінде де, салттар мен артықшылықтарды көбіне­көп сақтап қала береді; заң шығарушы органның бір бөлігі халық сайлайтын өкілдерден тұратын мемлекеттерде уақыт өте келе бүл өкілдік барынша тең болмайтын, сөйтіп бастапқыда белгіленген негіздерге сәйкес келмейтін жағдайлар жиі болады. Мұндай сұмдық жөнсіздіктерге ешқандай мән­мағынасы қалмаған салттарды сақтау жетелейтінін, біз, егер қирандылардан басқа ештеңесі қалмаған, қой қораларынан басқа ешқандай құрылысы, қойшыдан басқа ешқандай тұрғыны қалмаған, сөйте тұра заң шығарушылардың ұлы жиналысына халқы көп және зор байлығы бар графтықтармен бірдей өкілдер жіберетін қаланың тек атауына көңіл бөлсек көз жеткіземіз.

Жат жерліктер бұған қайран қалады және әркім­ақ тиісті шаралар қолдану қажеттігін мойындауға мәжбүр, бірақ көпшілік бірдеңе ойлап табу қиын деп санайды, өйткені заң шығарушы органның құрылысы қоғамның ең бірінші және жоғарғы актысы болып табылады, оның барлық оң заңдарының алдында тұрады және тек халыққа і ана тәуелді, сондықтан бірде­бір төменгі билік оны өзгерте алмайды. Міне сондықтан, біз айтқан басқару жүйесінде заң шығарушы орган бір рет құрылғаннан кейін, бұл басқару жүйесі тұрған кезде халықтың шара қолдана алатын ешқандай билігі болмайды; бұл қолайсыздыққа қарсы ешқандай амал жоқ деп ойлайды. 158. Salus populi suprema lex, дау жоқ, әділ де негізгі заң, оны шын көңілмен ұстанған адам қандай да бір қатерлі адасушылыққа ұшырамайды. Демек, заң шығарушы органды шақыру құқығы бар атқарушы өкімет өкілдіктің пошымынан гөрі дұрыс пропорциясы туралы көбірек қам жеп, дербес өкілдік жасау құқығы бар барлық жерлерден сайланатын мүшелер санын (бұған халықтың ешқандай да бөлігі, ол қанша жерден біріккен болса да, қоғамға көрсететін көмегіне пропорциялы түрде ғана дәмелене алады) ескі салт бойынша емес, парасатты негізде реттейтін болса, онда бүл жағдайда жаңа заң шығарушы орган құрылады деп санауға болмайды, керісінше, ескі мен қазіргі орган қалпына келтіріліп, уақыт өте келе соншалық елеусіз де сөзсіз пайда болған келеңсіздіктер түзетіледі. Өйткені халықтың мүддесі мен ниеттері әділ де тең өкілдік болуын талап етеді ғой; оны осыған жақындататын адам қаяусыз дос және үкіметті орнатушы болып табылады және қоғамдастықтың келісімі мен мақұлдауына не болмай қоймайды. Айрықша құқық дегеніңіз күтпеген және құбылмалы оқиғаларға байланысты белгілі бір және өзгермейтін заңдар сенімді басшылық бола алмайтын жағдайда қоғам игілігі жөніндегі қамқорлық жасау үшін тақсырдың қолына берілген билік қана; халық игілігі үшін ашық түрде және үкімет билігін оның шынайы негіздерінде орнату үшін не істелсе де – бұл дегеніңіз әділ айырықша құқық болып табылады және бола береді.

Жаңа бірлестіктер құру және осыған байланысты жаңа өкілдерді сайлау құқығы мынаны ескереді: уақыт өте келе өкілдік нормалары өзгеруі мүмкін, және бұрын өкілдік ету құқығы болмаған жерлер өкілдер жіберудің әділетті құқығына не болады, тап сол себеппен құқығы барлар одан айырылып, бұрын өздерінде болған артықшылықтарды сақтау үшін тым елеусіз болып қалады. Үкіметке қастандық, тегінде, сатқындық пен іріп­шірудің салдарынан пайда болған қазіргі жағдайды өзгерту емес, қайта соның өзінің халыққа нұқсан келтіруге немесе оны қанауға, сондай­ақ қалған бүкіл коғамнан өзгеше және ол жөнінде артық жағдайда болатын қандай да бір топ немесе партия құруға ұмтылысы. Қоғам мен бүкіл халық үшін пайдалы деп танылмауы мүмкін емес және әділ де байыпты шаралар көмегімен жүзеге асырылатын нәрсенің бәрі, ол жүзеге асырылған кезде, әрқашан, өзін­өзі ақтайды; егер де халық өзінің өкілдерін әділетті де, дау жоқ, үкіметтің бастапқы құрылымына сәйкес келетін тең пропорциялар негізінде сайлайтын болса, онда бүл оған кім рұқсат бергеніне немесе бұған кім себеп болғанына қарамастан, қоғамның еркі мен актысы болатындығына күмәндануға орын жоқ

Пікір қалдыру