iRef.kz

Мемлекеттің пошымдары туралы

Адамдардың қоғамға біріккен сәтінен бастап, жоғарыда көрсетілгеніндей, көпшілік қоғамдастықтың бар билігіне не болғандықтан, ол осы билікті оқтын­оқтын қоғамдастыққа қажет заңдар шығару үшін және олар тағайындаған лауазымды адамдар бүл заңдарды жүзеге асыруы үшін майдалана алатын еді; бұл жағдайда басқару пошымы мінсіз демократия болады; немесе ол заң шығарушы билікті сайланған бірнеше адамның және олардың мұрагерлерінің немесе ізбасарларының қолына бере алады, сонда бұл олигархия болады; немесе бір адамның қолына бере алады, сонда бұл монархия болады; егер оның және оның мұрагерлерінің қолына беретін болса, онда бұл мұрагерлік монархия болады; егер билік оған ғұмырының ақырына дейін беріліп, оның қазасынан кейін оның ізбасарын тағайындау құқығы көпшілікке қайтарылатын болса, онда бұл сайлаулы монархия болады. Және осыған сәйкес қоғамдастық, өзі нені жақсырақ деп санағанына қарай, басқарудың күрделі және аралас пошымдарын орната алады. Егер заң шығару билігін көпшілік бастапқыда бір немесе бірнеше адамға небәрі ғұмырының ақырына дейін немесе белгілі бір шектеулі уақытқа ғана берген, содан кейін жоғарғы билік көпшілікке қайтарылуы керек болса, осындай жағдай туған кезде қоғамдастық оны тағы да өзіне қолайлы қолға беріп, сөйтіп, басқарудың жаңа пошымын жасай алатын. Өйткені, басқару пошымы заң шығару билігі болып табылатын жоғарғы билік кімнің қолында екендігіне тәуелді (төменгі биліктің жоғарғы билікке нұсқау бергенін немесе жоғарғы биліктен басқа біреудің заң шығаруын елестету мүмкін емес); осыған сәйкес мемлекеттің пошымын заң шығару билігі кімде болса, сол айқындайды.

Мемлекет дегенде мен үнемі демократияны немесе басқарудың қандай да бір өзгеше пошымын емес, латындар «civitas» деп нобайлаған кез­келген тәуелсіз қоғамдастықты (any independent community) айтамын; бұл сөзге біздің тіліміздегі «мемлекет» (commonwealth) деген сөз көбірек сәйкес келеді, ол адамдардың осындай қоғамын нобайлайтын ұғымды неғұрлым дәл білдіреді, ал ағылшынның «қауым» (community) немесе «қала» (city) деген сөзі ол мәнді білдірмейді, өйткені мемлекетте оған бағынатын қауымдар болуы мүмкін, ал бізде «қала» деген сөз «мемлекет» деген сөзден мүлдем өзге мән береді. Қос мағыналылыққа жол бермеу үшін, мен «мемлекет» деген сөзді, өз байқауымша, король I Яков қолданған мағынада пайдалануға тырысатыным міне сондықтан, және де мен мұны осы сөздің шынайы мәнін білдіреді деп ойлаймын; егер кімде­кімге бұл ұнамаса, ол оны неғұрлым сәйкес сөзбен ауыстырған бойда мен онымен келісуге әзірмін.

Пікір қалдыру