МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТИІМДІЛІГІ

Еліміз егемендік алған алғашқы күннен бастап мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтің қазіргі заманғы тиімді жүйесін қалыптастыруға баса назар аудартады. Осы орайда елбасы Үкімет алдына міндет етіп қойған әкімшілік реформасы республикамыздағы бүгінге дейін өзектілігімен танылып келе жатқан келелі өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Ол ұзақ мерзімді «Қазақстан 2030» стратегиясында көрсетілген кәсіби мемлекет құру жөніндегі жетінші басымдық негізінде іске асырылмақ. Реформаға сәйкес, мемлекеттік органдар құрылымдарын жетілдіру, шенеуніктердің жұмыс сапасына баға беру негізінде олардың жалақыларын ұлғайту, мемлекеттік қызмет көрсетудің оң сапасына қол жеткізу, сыбайлас жемқорлықтың тынысын тарылту және басқа да маңызды шаралар Қазақстанның әлемдік бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіруіндегі басты өлшемдердің бірі болып қалмақ. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы халыққа жолдауының бірінде: «Біздің міндет — Қазақстанда нарықтық экономика үшін оңтайлы болатын мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы, тиімді жүйесін жасау, басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру, ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру» — деп айтып өткендей саяси сипаты бойынша да, әлеуметтік – экономикалық жағынан алып қарағанда бұл тақырыптың маңызы зор. Мемлекеттің біртұтастығы мен қоғамның бірлігі – мемлекеттік басқару тиімділігінің нәтижесі, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізі және халықтың әл-ауқатын арттыру шарты. Ал бұдан билік пен басқаруды ұйымдастырудың жалпыжүйелік нысанының түпкі маңызы туындайды. Мемлекеттік басқару адамдардың әлеуметтік қызметін және соның негізінде қалыптасатын қоғамдық қатынастарды білдіреді. Ол әлеуметтік ортада жүзеге асатындықтан оған қоғамның әлеуметтік құрылымының тигізетін ықпалы зор. Мемлекеттік басқарудың тиімділік мәселесі қазіргі кездегі ғылым мен тәжірибенің басты назарындағы мәселелердің бірі болып табылады.Бұл мәселеге шетел және ТМД елдерінің ғалымдары да өздерінің ғылыми еңбектерін арнағаны белгілі. Мемлекеттік басқарудың тиімділігінің категориясы келесідей түсініктер арқылы анықталады: «қоғамдық мақсаттар», «нәтижелер», «қоғамдық қажеттіліктер мен мүдделер». Олардың әрқайсысы мемлекеттік басқарудың саяси астарымен бірге өзіндік белгілерін анықтайды. «Қоғамды мақсаттар» — түптеп келгенде – бұл саяси мәнді мақсаттар. «Нәтижелер» — (саясатта көріністапқан) қоғамдық қажеттіліктер мен мүдделерді қанағаттандырумен байланысты болатын объектілер, қызметтер, үрдістер. «Мемлекеттік ресурстар» — қоғамдық мақсатиарға сай болу тұрғысынан да, құқықтың негізделуі жағынан да мемлекетпен белгіленетін экономикалық, әлеуметтік, саяси, идеологиялық, ақпараттық капиталдары [1, 92 бет]. Мемлекеттік басқарудың тиімділігінің түсінігін анықтағаннан кейін тиімділік өлшемдерін қарастырған жөн. Тиімділік өлшемдері басқарудың көрініс табуының белгілерін, қырларын, әр түрлі жақтарын білдіреді. Оларды талдау арқылы басқару деңгейі және сапасы, оның қоғамның қажеттіліктері мен мүдделеріне сәйкес келуі анықталады. Қазақстан Республикасының қазіргі таңдағы мемлекеттік басқару жүйесі үш негізгі тәжірибеге негізделеді: 1) Кеңес Одағының органдарының ұйымдастыру және қызмет көрсету тәжірибелері алынған; 213 2) Алдыңғы қатарлы батыс елдерінің нормативтік шығармашылық қызметі қарастырылған; 3) Мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудың жеке ұлттық ерекшеліктеріне сүйене отырып жасалған. Кеңес Одағынан бері келе жатқан басқарудың кейбір қырлары жаңартуды, өзгертулерді енгізуді қажет етеді. Ал Батыс елдерінің басқару жүйесін толық көшіріп алу біздің ұлттық менталитетіміз бен мүдделерімізге, басқару құрылымымызға және әлеуметтік-экономикалық ортамызға сай келе бермейді. Осыған орай мемлекеттік басқаруда туындайтын негізгі өзекті мәселелерге төмендегілерді қарастыруға болады: мемлекеттік басқарудағы бюрократиялық жүйенің мемлекеттік органдарда орын алуы; мемлекет пен қоғам арасында тиімді коммуникациялық жүйенің жеткіліксіздігі; сыбайлас жемқорлықтың орын алуы; мемлекеттік басқару органдарының кейбір функцияларының қайталануы. Жоғарыдағы мәселелерге қатысты мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру үшін мынадай бірқатар міндеттерді қойып көрсетуге болады: мемлекеттік аппараттың санының өсуін шектеу; республикалық және аймақтық деңгейлер үшін мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық өсуінің бірыңғай ережесін, оның ішінде бірыңғай мемлекеттік қызмет жүйесінде кадр резервін тиімді қолдану механизмін әзірлеу; мемлекеттік қызметкерлерді әзірлеу, білімін жетілдіру және еңбегін бағалаудың қазіргі инфраструктурасы мен нормативтік негізін жасау; мемлекеттік қызметкерлерді тәртіптік және материалдық жауапкершілікке тарту мен себептерін белгілеу; мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру. Осы аталған міндеттерге байланысты оларды шешудің келесідей жолдарын ұсынамыз: Сыбайлас жемқорлықты қауіпті деңгейінен азайтудың негізгі жолдары ретінде «жабық көз», «икемді күш» және «күш көрсету» әдістерін жатқызуға болады [2, 251 бет]. Осы әдістердің ішінде Қазақстан үшін ең тиімдісі «икемді күш» әдісін қолдануымыз керек. Себебі ол барлық ұсақ жемқорлыққа қарсы емес, ішкі саяси тұрақтылыққа қауіп төндіретін жемқорлықпен күрес ретінде болады. Ал қалған әдістер жемқорлықпен күреске бағытталған, бірақ одан толық құтылу әлем елдерінің тәжірибесі көрсеткендей мүмкін емес. Қазіргі заманғы радикалды бюрократия мемлекеттік басқарудың тиімділігінің факторы ретінде мемлекеттік билік органдары мен қоғамдық институттардың төменгі буындарының бақылауында болғаны жөн. Әйтпесе басшылық лауазымдарды өз мүдделерінің құралына айналдырып, тиімділікке қол жеткізуге теріс әсерін тигізеді. Мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды орынды ақпарат алмасу және өңдеудің жоғары технологияларын енгізу, ақпараттық нарықты ұлғайту, ақпараттық инфраструктураны кешенді дамыту, ішкі ақпараттан шет қалуды жою орын алып отыр. Ол үшін әр аймақта интернет жүйесін орнату және шетел инвесторларын тарту арқылы өндірісте жаңа ақпараттық технологияларды енгізу. Интернет желісі арқылы кез келген ұйым тек ақпарат жинап қана қоймай, сонымен қатар әлемнің кез келген нүктесінде тұрса да басқаруды қиындықсыз жүзеге асыра алады [3, 48-52 бет]. Қорытындылай келе, бұл жоғарыдағы аталған мәселелердің шешілу жолдарын жүзеге асырудың нәтижесінде мемлекеттік басқарудың аса тиімді деңгейіне көтеріле аламыз. Яғни, шалғай аудандар мен ауылдар үшін және кез келген басқару органдарының арасындағы ақпарат алмасудың жедел әрі сапалы болуына, бюрократиялық қағазбастылықтың кемуіне, сыбайлас жемқорлықтың ең төменгі деңгейіне жетуге және мемлекеттік органдардың функцияларының нақты айқын бөлініп қайталанбауына қол жеткізетінімізге нық сенімдіміз. Сайып келгенде, еліміз Қазақстан Республикасының жағдайы қазіргіден де артып, мерейі үстем болып, бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарынан жуық арада көрінетінімізге бар септігімізді тигіземіз!

Читайте также:  Шәкәрімнің ақындық ортасы

Оставить комментарий