iRef.kz

МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗДЕГІ ОНОМАСТИКА МӘСЕЛЕСІ

Қазақстанның тәуелсіздігі елімізде тұратын азаматтардың ұлтына, жасына, өңіріне қарамастан баршамыз үшін қалай бағалы болатын болса, мемлекетіміздің егемендігін танытатын белгілердің қай-қайсысы да барлығымыз үшін сондай қымбатты болуы тиісті. Бұл-еліміздегі ономастикалық жұмыстарға, әсіресе, елді-мекендердің атауына да тікелей қатысты қағида. Өйткені еліміздің тәуелсіздігін айғақтауға тиісті атаулар кейбір жерлерде өзінің лайықты шешімін әлі күнге дейін таба алмауда. Соның салдарынан тіпті сонау патша заманынан, кешегі кеңестік дәуірден қалған, қазақтың елі мен жерін қанауға салған отаршылдық саясатты еске салатын, тәуелсіздік мұраттарымен еш қабыспайтын, елдік санамызға үйлеспейтін атаулар әлі күнге дейін сіресіп тұрғаны – бүгінгі күннің көрінісі. Ономастика ұғымы кең, қамтитын саласы сан тарау әрі соның бәрінің де ойдағыдай жүруі аса маңызды іс екені белгілі. Бұл істе қоғамдық пікір қалыптастыру, түсінік жұмыстарын жүргізу, елдің, жердің тарихын насихаттау үлкен рөл атқарады және оған біраз түсінік беруге болады. — Ономастика – ақпарат, ол өткен мен бүгіннен көп мәлімет те, мағлұмат та бере алады; — Ономастика – тарих, ел шежіресі, бұл – этнография, салт-дәстүр; — Ономастика – ғылым, тіл ғылымы, онда сөз сыры жатыр; — Ономастика – саясат, ол ел тәуелсіздігіне, сол тәуелсіздікті баянды етуге, қорғауға қызмет етеді; — Ономастика – ұлттық санаға ықпал ететін көрнекті ақпарат [1]. 17 ХХ ғасырдың аяғында, Қазақстанда алғаш рет елді мекендерге жеке тұлғалардың есімдерін бермеу, бұрын берілгендерін өзгерту; жеке тұлғалардың есімдерін көше, алаң, мекеме, кәсіпорын және де осы топтағы объектілерге беру, республика деңгейінде бір есімнің үш объекті атауынан асып кетпеуін Мемлекеттік ономастикалық комиссиясы қадағалай бастады. Мемлекеттік ономастикалық комиссия шешімімен шұғыл өзгертілуі қажет объектілер қатарына отарлау мақсатындағы атауларды, кеңестік коллективтендіру, жеке басқа табыну т.б. топонимдер тобы жатқызылды. Алайда бұл айтылған, тайға таңба басқандай айқын дәйектемелер жергілікті жерлерде бірден дұрыс жолға түсіп кетпей, бұрмаланды. Бұл мәселе бойынша 2005 жылғы «Ономастикалық Хабаршы» бюллетенінің №1 санында жарық көрген, ономастика тақырыбында қалам тербеуші А.Сақыпұлының мақаласында: «Қазір қала орталығындағы сәулетті көшелер кешегі кеңес заманында қызмет істеген партия сарбаздарының, не болмаса екі кітап жазып ауыл арасында жазушы атанғандардын есімімен аталып жатыр. Осы мәселені неге реттемеске? Бұл да бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп жүрген, көтерілуге тиісті мәселе. Бұған үн қосатын ономастика мамандары болуы тиіс»- деп пікір білдірді[2]. Қазіргі тандағы ономастикалық комиссия тарапынан жүргізіліп жатқан оңды істер қатарына бұрмаланған атауларды қалпына келтірумен қатар оларды көпшілік арасында насихаттау, халықтың асыл мұрасы ретіндегі көзқарас қалыптастырып, әстерлеу сезімдерін ояту бағытындағы іс-шараларды айтуға болады. Мерзімдік баспасөзде, тұтастай ақпарат құралдарында ономастика тақырыбы қазір тым сирек сөз болады. Ал іс жүзінде бұл мерзімді баспасөз жұмысындағы, яғни тіл майданындағы алынбай жатқан қамалы көп, маңызды сала болып тұр. Ілгері басу баяу, кей жерлерде тоқырау байқалады. Еліміздің көптеген өңірлерінде әлі де сол баяғы кеңестік заман атаулары сақталып отырғандықтан, қазақ жерінде емес, Ресейде жүргендей сезінеміз. Сондықтан қазақтың рухы пәс, басқаның көңілі жоғары. Мерзімді баспасөздің соңғы уақытта ономастика саласы бойынша көтеріп жүрген мәселелерінің бірі-көше атауларына ие болған тұлға есімдеріне берілген нысанның лайықты, лайықсыздығы. Мысалы үшін белгілі бір қалада академик Қ.Сәтпаевтың есімі шағын, көріксіз көшеге берілген. Басылымдарда жарияланған зиялы қауымның осыны мәселе етіп көтерген ой-пікірлері билік тізгінін ұстаған кісілерге ой салып, дұрыс шешім жасауға негіз болды. Қ.Сәтпаевқа ұзындығы да, сәнділігі де өзгемен иық теңестіре алар көше берілді. Мұндай мәселелер жер-жерде болмасын орын алатыны белгілі. Осыдан 10 жыл бұрынғы ел жағдайы мен бүгінгі талапты салыстыруға болмайды. Бүгін қай қалада да көше көріктілігі көз тартады. Оның үстіне жаңадан ашылған көшелерге де лайықты ат қою міндеті бар. Осы аралықта ономастика комиссиясы ақпарат құралдарымен тығыз байланыста жұмыс істеуі тиіс. Лайықты тұлғалардың есімін ескі, сұрықсыз, шағын көшелерден еңселі, әдемі кең көшелерге көшіру мәселесін қозғаудың еш сөкеттігі жоқ. Мысал үшін Қызылорданы алып қаралық. Сырдың елі – жырдың кені деп жатамыз. Қызылордаға өзге өңірден қонақ қабылдаса Қорқыттан бастау алатын Сыр сүлейлерімен мақтанамыз. Бірақ, Балқы базар, Қарасақал Ерімбет, Қаңлы-Кете Жүсіптер, Шораяқтың Омары, Бұдабай, Тұрмағанбет, Нұртуған сияқты шайырлардың бірде бірінің есімін еншілеген орталықта көше жоқ. Себебі осыдан 10 жыл бұрын қала іргесіндегі сүлейлер ауылын жасағаны баршамызға белгілі. Өз кезеңінде уақыт талабында бұл да үлкен жұмыс, соны қадам болды. Бірақ уақыт көші кейін жүрмейді. Қазір қала орталығындағы сәулетті көшелер кешегі кеңес заманында қызмет істеген партия сарбаздарының, не болмаса екі кітап жазып ауыл арасында жазушы атанғандардың есімімен аталып жатыр. Осы мәселені неге реттемеске. Бұлда мерзімді баспасөзде көтеріліп жүрген, көтерілуге тиісті мәселе. Бұған үн қосатын ономастика мамандары болуы тиіс[2] . Қазақ баспасөзінде көптеген жер-су, мемлекет, қала, елді мекен, ұлттар мен ұлыстар атаулары жаңаша, кейде тіпті бірнеше үлгіде жазылып, аталып жүргенін көруге болады. Оның басты себептерінің бірі – әкімшіл-әміршіл тоталитарлық жүйенің ұстанған сыңаржақ саясатының салдарынан бұрмаланған тарихи атауларды қалпына келтіруге деген ұмтылыс 18 болса, екіншісі – орыс тілінің емле ережелеріне сәйкес жазылып келген атауларды ұлт тіліне икемдеп жазу бағытын ұстануға байланысты болып отыр. Тілімізде бірнеше нұсқада жазылып жүрген топоним, антропоним, гидроним, этнонимдердің емлесіне ерекше мән беріп, олардың бірізді қолданылуына қол жеткізу өте маңызды. Халықтың тарихи жадын сақтамайынша ұлтты қалыптастырып дамыту мүмкін емес, ал тарихи өткен жолымыздың елеулі кезеңі қашан да, қайда да ұлттық мемлекеттіліктің пайда болған уақыты болып табылады . Ал кез-келген мемлекет тарихы белгілі бір территорияға қатысты болса, сол территорияға қатысты халықтың тарихи жады көбінесе атауларда сақталып отырады. Оны жер-су атауларына қатысты көне дәуірлерден сақталып келе жатқан жазба деректер, ауыз әдебиетіндегі аңыз-әңгімелер мен қария сөздерінен көреміз. Атырауда «Ономастиканың өзекті мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. «Топонимдер мен этнонимдердің жазылуындағы бірізділік мәселесі» тақырыбында баяндама жасаған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы да ономастика мәселесіне қатысты бірқатар олқылықтарды атап көрсетті. «Біз 2008-2010 жылдар аралығындағы қазақ баспасөзінен жинақтаған материалдарымызға сүйенсек, бірқатар мемлекеттердің атаулары жарыса қолданылып жүр. Әрине, мұндай атаулардың бәрінің қолданылу жиілігі бірдей емес. Бірі өте жиі қолданылса, екіншілері сиректеу, ал үшіншілері жекелеген авторлардың еңбектері мен мақалаларында ғана қолданыс тауып жатады. Сондықтан олардың арасынан біреуін таңдап алу, жарыспа нұсқалардың біріне тоқталып, оның қолданысын бір ізге түсіру кезінде мұны да ескерген орынды. Мысалы, Мәскеу, Ресей, Еуропа сияқты атаулар баспасөзде жаппай қолданылатын, қолданысы бір ізге түсе бастаған атаулар деуге болады. Мұндай атауларды түрлі сөздіктер, оқулықтар мен оқу құралдарына да енгізуге болады деп білеміз. Өйткені бұл атауларға жұрттың көзі де, құлағы да әбден үйреніп, жатсынбайтын дәрежеге жетті. Аль енді Қаһира (Каир), Қайсері (Кайсер), Теһран (Тегеран), Үскүп (Скопье), Ұлан-Үде (Улан-Уде), Шымқала (Шымкент) сияқты қала атаулары туралы олай дей алмаймыз. Бұл атаулар өте сирек қолданылғандықтан, көпшілікке жақсы таныс емес. Қалың оқырманды былай қойғанда, мұндай атаулар тіл мамандарының назарына да көп іліге қоймаған. Мен де осы мәселеге арнайы көңіл бөліп, соңғы бір-екі жыл көлемінде баспасөз бетін үздіксіз қадағалап, мұндай деректерді жинақтап отырғандықтан ғана аңғарып отырғанымды айтуым керек» — деп ойға қонымды ойын айтып жеткізді [3]. Бұдан соң ол, бірқатар мемлекеттердің ресми атауларымен қатар, бейнелі атаулары баспасөз беттерінде өте жиі қолданылатынын айтуға болады. Мысалы, қазіргі қазақ баспасөзінде әлемнің бірқатар елдерінің атаулары бірнеше нұсқада қолданылып жүр. Мысалы, Алмания//Германия, Аустралия//Австралия,Аустрия//Австрия,Америка//Әмерика, Греция//Грекия,Гүржістан//Гүрзістан//Грузия,Куәйт//Кувейт,Қатар//Катар,Мажарстан//Хунга рия//Венгрия,Пәкстан//Пәкістан,Мысыр//Египет,Ресей//Россия,Түркіменстан//Түрікменстан, Тайланд//Тай елі деген атаулар жарыса қолданылады. Қазақ басылымдарында жер-су атауларына байланысты қызу талқыланып жүрген ру- тайпа атаулары. Бірсыпыра журналистер қала көшелеріне қаптап кеткен дүкен, кафе атауларының аталық атымен байланыстырылуына түбегейлі қарсы. Олардың дәйегі анау ана жүздің, мынау мына рудың тойханасы дегенді болдырмау. Алайда, орысша, ағылшынша атаудан гөрі осының өзі дұрысқой дейтіндерде жоқ емес. Ал, неліктен рудың не болмаса ұлының, не қызының есімін қойып алған дүкендер көбейіп кетті. Себебі, бұл әрекеттегі жер-жердегі ономастикалық комиссияның, олардың мүшелерінің еш ықпалы жүрмеуі. Дүкен ашар азамат өзі лайық көрген атауын нысан маңдайшасына жапсырады, ал әділет басқармасы, салық жүйесі осы атау негізінде тіркеуге алады[4]. Республикамыздың тәуелсіз мемлекет ретінде даму жолына бет бұруы, халқымыздың демократиялық үрдістерге қол жеткізіп, ұлттық сана деңгейінің өсуі елімізде үлкен өзгерістерге ұшыраған географиялық елді мекен, жер-су атауларын ұлттық негіздегі ежелгі 19 халықтың қалпына келтіруге айқын бағыт ұстанып отыр. Ұлттық тіл, салт-дәстүр, әдет- ғұрып, мәдениет және ономастикалық таным мен көзқарас жаңаша қалыптасу жайын бастан кешіріп отырған қазіргі кезеңде этникалық аймақтағы бірқатар елді мекендер мен қалаларға бұрынғы тарихи атаулары қайтарылып, тарихи әділеттілік орнады. Әңгіме түйіні – өзіміз өмір сүріп жатқан ортаға, тілге, мәдени нысан, көше, дүкен атауларына дейін қай тұрғыдан алып қарасақ та жауапкершілікте екенімізді сезіне білу. Бүгінгі таңдау ертеңгі бейнеміз, ұрпақ еншісіне жәдігер болатынын ұмытпауға тиістіміз. Әдебиеттер 1. Телғожа Жанұзақ, Қыздархан Рысберген. Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болашағы. — Алматы: «Азия» баспасы, 2004. 2. Сақыпұлы А. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ономастика мәселелері. // Ономастикалық хабаршы,№ 5, 2005. 3. Шерубай Құрманбайұлы. Топонимдер мен этнонимдердің жазылуындағы бір ізділік мәселесі //Ономастиканың өзекті мәселелері: бүгіні мен болашағы: Аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары. — Астана: «Ақжол- баспа» 2010. 4. Омарұлы Б. Тіл саясаты және ономастика // Ономастиканың өзекті мәселелері: бүгіні мен болашағы: Аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдары.- Астана: «Ақжол- баспа», 2004.

Пікір қалдыру