Моңғол империясының қол астындағы Қытай

Ұзақ уақыт бойы табанды қарсылық көрсеткеніне қарамастан, Қытай өз тарихында алғаш рет тұтастай жат жерліктердің билігіне бағынуға мәжбүр болды. Сондай­ақ Қытай, өзімен көрші жатқан елдердің террторияларын түгел қамтыған және Алдыңғы Азия мен Днепр жағалауындағы далаға дейін жайылған, орасан зор Моңғол империясының құрамына кірді. Моңғол хандары Қытайды толық басып алғаннан кейін, өздері Қытайға қоныс аударып, астананы Қарақорымнан Пекинге көшіреді. Қытайдағы өздері құрған мемлекетті қытайша атаумен Юань деп атады. Моңғолдар Қытайда билік ету үшін сол елдің сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі мемлекеттік институттарын сақтауға, биліктің қытайлық түрін қабылдауға мәжбүр болды. Елдің көптеген жерін моңғолдар конфискеленген жерлер деп жариялап, бірқатар аймақтарда, әсіресе Хэбэйде кең далаларды жайылымдық жер мен аңшылыққа қажетті орманды далаларға айналдырды. Үлкен жер иеліктерін, ауылдар мен қалаларды моңғол билеушілері өздерінің жақын ірі ауқатты топтарына, оларға қызметке келген шетелдіктерге, моңғолдарға қызмет етуге бет бұрған қытайлықтарға, буддистік монастырларға таратып берді. Соғыстан аман қалған қалаларда Хұбылай өз әскери гарнизондарын орналастырды және әскери тәртіп жағдайын енгізді, ал моңғол әскер басшылары сол жердің толық қожайындары болып саналды. Арнайы рұқсатсыз ешкім еркін жүріп­тұруға, сауда жасауға, немесе жұмыс істеу үшін басқа жаққа баруға құқы болмады. Қолөнершілерді моңғолдарға жұмыс істеуге жұмсап, олардан ауыр салық төлеуін талап етті. Олардың көбісі құлға, тәуелді адамға айналып, кейбірі басқа жаққа жаңа қожайынға ауыстырылды. Осы кезде Қытайда болған венециандық атақты саяхатшы Марко Поло өз көзімен көргендерін суреттей келе, қытайлық шаруалар мен қолөнершілердің ауыр жағдайын, қытайлықтардың моңғолдарды, олардың әскері мен қарауылдарын иттің етінен де жек көретінін жазады. Марко Поло Қытайға өзінің әкесі және ағасымен бірге сауда жасау мақасатымен аттанған болатын. Бірақ олар Қытайға келгенде моңғолдар билік басына келіп жатқан едіі. Марко Поло Хұбылайдың ордасында бірнеше қызметтер атқарады, ханның тапсырмасымен елдің әртүрлі аймақтарында болып, барлық жағдайдың куәсі болады. Өз көзімен көргендерін ол кітап етіп жазады. Оның орыс тіліне аударылған нұсқасы «Книга Марко Поло» деп аталып, 1955 жылы Москвада жарыққа шықты. Өте үлкен мөлшерде салық төлейтін және ерекше бақылауға алынған қытай саудагерлері тауарларын ел ішінде еркін алып жүре алмайтын және сыртқа да еркін шығара алмайтын еді. Моңғол басқыншылығынан кейін, ортаазиялық, европалық және басқа саудагерлерге Қиыр Шығысқа еркін жол ашылды. Бірақ қытайлықтардың батысқа сапарлап баруына жол жабық болды. Моңғол үкіметінің алдында Қытайдағы билікті ұстап тұру үшін орасан зор міндеттер күтіп тұрды. Моңғолдарға мәдениеті мүлдем жат, ұзақ ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекетті құрудың бай тәжірибесі қалыптасқан, егіншілік мәдениеті өркендеген отырықшы елді билеу оңайға түспесі айқын еді. Хұбылай мемлекеттік биліктің қытайлық жүйесін қабылдай отырып, Қытайдың бұрынғы билік өкілдерін мемлекеттік қызметтен аластатады. Бірақ, Қытай сияқты мемлекетті ұстап тұруға, оның басқару аппаратында өздері билік етуге, моңғолдар қабілетсіз еді. Сондықтан моңғол ханы Қытай мемлекетінің басқару аппаратына европалықтарды, түркі тектестерді, сириялықтарды және басқаларды шын ықыласымен шақырады. Ұлты өзбек Ахмед қаржы саласын басқарса, әскери саланы сириялық Насир ад­ дин и Масаргия қолына алып, ал италияндық Марко Поло губернатор қызметін атқарды. 5 мыңға жуық христиандар Пекинге келіп қоныстанды. Қытай тілін жою үшін, Хұбылай қытайлық жазу үлгісіне өзгеріс енгізбекші болып, иероглифтің орнына төрт бұрышты жазуды кіргізуге тырысады. 1281 жылы Хұбылай хан даостық кітаптарды өртеу туралы жарлыққа қол қояды. Ол даостық діни сенімді қудалап, буддизмді үстемдікке ие болатын діни уағызға айналдырмақшы болады.

Кескілескен қанды қырғынмен әзер дегенде басып алған Қытай елі, моңғолдарға өте ауыр экономикалық күйреу жағдайында мұраға қалды. Бұрынғы Аспан асты империясы, әсіресе оның солтүстік жағы, көшпелілердің шабуылының қасіретті салдарынан, терең құлдырау кезеңінде өмір сүрді. Бір кездерде гүлдену кезеңін бастан кешірген Қытайдың дамуы, енді мүлдем кері кетті. ХШ ғ. 30­жылдарында, деректерге сүйенсек, солтүстіктегі халық саны осы ғасыр басындағымен салыстырғанда 10 есе кеміп кеткен. Моңғол шапқыншылығының аяғына қарай, оңтүстіктегі халықтың саны солтүстікпен салыстырғанда төрт жарым есе көп болған. Елдің экономикасы құлдырауға ұшырады. Далалар қаңырап бос қалып, қалалардағы адамдар саны да күрт азайып кетті. Құл еңбегі қайтадан еніп, құл сату кеңінен өрістеген, құлдыққа негізделген шаруашылықтар пайда болады. Осындай ауыр жағдайда Юань империясының билеушілеріне бағындырылған қытай этносына қатысты саясаттың бағыт­бағдарын жасау қажет болды. Алғашқы кездегі қытайлықтардағы мәдени дәстүрлердің жойылып кетуі соншалық, моңғол­шамандықтар өздеріне жат отырықшы өркениет әлемін көшпелі өмірге қажетті мал жайылымына айналдыруға әзір тұрды. Бірақ тағдырдың жазуымен, отырықшы мәдениетті сақтауға мәжбүр болып, егінші халықты жаппай қырғынға ұшырату ойынан айныды. Шыңғысханның кеңесшісі, шыққан тегі кидан Елүй Чуцай, ал одан кейін Хұбылайдың да көмекшілері жергілікті бағынышты халықты дәстүрлі қалыптасқан қытайлық басқару әдісімен билеу хан сарайына едәуір пайдалы болмақ деген ақылдарын Юань әулетінің императорына айтады. Сондай­ақ Елуй Чуцайдың кеңесімен, 1237 жылы әкімдерді қызметке тағайындауда дәстүрлі емтихан әдісін енгізуді жолға қоя бастайды. Сонымен басқыншы моңғолдардың өздері Қытайдағы тұрғын халықтың әртүрлі топтары арасындағы қатынастарды реттеудің барлық белгілі тәсілдерін танып білуге ұмтылады. Алайда моңғолдардың саяси элитасы Қытайдағы мемлекеттік билікті ұстап тұруды қытайлықтардың өздерінсіз басқара алмайтындығына көз жеткізе бастайды. Биліктен қуылған қытайлық билік өкілдері жиі­жиі моңғолдарға қарсы құпия бүліктер ұйымдастырып отырды. Мысалы, 1262 жылы Шаньдунде Ли дань деген, осыған дейін моңғолдарға қызмет еткен әскери қолбасшы көтеріліс жасайды. 1282 жылы астанада болған көтеріліс кезінде Юань империясының қаржы саласын басқарған өзбек Ахмед өлтіріледі, осыдан кейін шетелдіктердің көбісі елден қаша бастайды. Хұбылай өлген соң, моңғолдар өздеріне көмекке қытайлық әкімдерді қызметке ала бастайды, олардың жағдайын жасап, көптеген жеңілдіктер береді. Юань империясының саяси ауанына елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты екі жетекші ағым қатты ықпал етті: Біріншісі ­моңғолдардың Қытай саясаткерлерінің өмірлік маңызды тәжірибесін үйренуге деген талпынысына, олардың әуел бастан­ақ өздеріне жат қытайлықтардың өмір салты мен рухани құндылықтарын жете түсінбеуі, олардың өздеріне көп кедергі келтірген, бағынышты халыққа деген сенімсіздігі болды. Екіншісі ­ моңғолдардың бар күш­жігері өздерінің қытайлықтардың арасында сіңіп, жоқ болып кетпеуге деген әрекетіне арналып, осы мақсатта Юань әулетінің билеушілерінің саясаты моңғол этносының артықшылық жағдайын қамтамасыз етуді ерекше бағыт етіп алуы еді. Юань әулеті билігінің заңдары бойынша, бағынышты халық этникалық белгілері және діни сенімдеріне қарай төрт топқа бөлінді. Бірінші топқа елдегі бүкіл әкімшілік аппарат пен әскери басшылықты иеленген моңғолдар жатты. Моңғолдық билеушілер бүкіл тұрғын халықты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, олардың тағдырын өздері шешіп отырды. Моңғолдарға жақын екінші топқа «сэму жэнь» ­«әртүрлі текті адамдар» дейтіндер, яғни шетелдіктер жатты. Моңғолдар өздерінің басқыншылығы кезінде әлемнің әртүрлі халықтарымен түрлі байланысқа түскен болатын, бірімен бейбіт жағдайда байланысса, екіншісімен күшпен қатынас орнатқан болатын. Олар барлық діни сенімдерге асқан шыдамдылық танытып, барлық діндердің бұл елде таралуына кедергі жасамады, сырттан келетін барлық ықпалдарға ашық ел болды. Әрбір сырт елден келгендерге жағдай жасап, оларға арқа сүйеу арқылы моңғолдар қаптаған ханьдықтарды бір уыста ұстауға тырысты, және «бөліп ал да билей бер» деген принципті қатты ұстанды. Дәл сол, Юань әулетінің билігі тұсында, Қытайда Орта Азия мен Ираннан және Европадан келгендерді мемлекеттік қызметке алу әрекеті орын алды. Бұның жарқын көрінісі, жоғарыда айтып өткендей, Пекин қаласында 5 мың христиандық европалықтардың қоныстануы еді. 1294 жылы, Юань сарайында өмірінің соңына дейін болған христиандық папаның өкілі, монах Джованни Монте Корвино, 1318­1328 жылдары Қытайда тұрған итальяндық саяхатшы­ миссионер Одарико ди Парденоне (1286­1331) және аса танымал саяхатшы, венециандық саудагер Марко Поло (1254­1324 жылдар шамасы) сияқты европалықтар Юань империясы тарихының куәгерлері болды. Шетелдіктер моңғолдарға қарағанда бір саты төмен тұрғанымен, олар да қытайлықтармен салыстырғанда өкіметтің ықыласына бөленіп, елеулі артықшылықтарға ие болған және өздерінің жеке соттарын құруға құқылы болған. Үшінші санатқа солтүстік­қытайлықтар жатты және сондай­ақ бұл топқа ассимиляцияланған кидандар, чжурчжэндер мен корейліктер кірді. Ең төменгі, төртінші санаттағы топқа Оңтүстік Қытайдың басы бос тұрғындары (нань жэнь) кірді. Жер кіндігі империясының нағыз тұрғындары әртүрлі қуғын­сүргіндерге ұшырап отырды.

Читайте также:  Орнатуға негізделген мемлекеттің түрлері

Адамдарға түнде қала көшелерінде жүруге, топ болып жиын өткізуге рұқсат етілмеді, шет тілін, әскери өнерді үйренуге де тиым салынды. Ал ханьдықтардың арасында оларды оңтүстіктер мен солтүстіктіктер деп бөлу арқылы олардың арасына жік салып, басқыншылардың оларды оңайырақ билеуіне қол жеткізбек болды. Қытайлық көпшілікпен тіл табысудың, олармен арадағы қатынасты реттеудің қажеттігін түсінген моңғолдықтар қоғамды дамытудың қытайлық үлгісін негізге алып, олар саяси, әкімшілік және құқықтық билікті бір өзінің қолына жинақтаған император билігінің мәні туралы дәстүрлі көзқарасты қолдауға көшті. Яғни, императордың жеке басының қасиеттілігі, оның билігінің шексіздігі, оның Көк тәңірі берген қасиеттері мен өкілеттілігі туралы ілімді моңғолдар да енді өз императорына тән қасиет деп түсінгісі келді. Мемлекеттік қызметтің бұрынғы қытайлық үлгісіне сәйкес құрылған арнайы мекемелер тобы 15 –ке жетті, олар император сарайы мен астананың қажеттілігін қамтамасыз ететін қызметпен айналысты. Моңғолдардың негізгі өкіметі, сонау суй заманынан бері келе жатқан, императорлық кеңес немесе алты мекемеден тұратын министрлер кабинеті арқылы жүзеге асты. Қытайда көне заманнан бері қолданылып келе жатқан әкімдердің үстінен жүргізілетін бақылау қызметін моңғолдар да өте тиімді пайдаланды. Моңғолдардың қуатының негізгі көзі, әрине, оның әскери күш­қуаты болып қала берді: олар әскери істегі жетекші билікті ұстап тұрды (Шумиюань) және басты қару­жарақ мекемесін басқаруды да өз қолдарында қалдырды. Юань империясы Қытайдағы бүкіл билікті бір орталықта ұстап тұра алмады, үкіметтік әкімшіліктің қызметі, жеке әкімшілік бірліктер мен басқа территориялардағы әкімшілік билік қызметі астаналық провинциядан әрі аспады. Юань әулетінің үйінен алыс жерлердегі билікті қамтамасыз ету мақсатымен, алыстағы жергілікті жерлерде басқару орталықтары құрылып, оған астанадан кең билік өкілеттілігі берілген өкілдер жіберіліп отырды. Юань үкіметі жергілікті құрылымдарға билік еткісі келгенімен, бүкіл елге толық әкімшілік­саяси бақылау орнатуға шамасы жетпеді. Орталық үкіметтің билігінде тек астана – Даду қаласы (қазіргі Пекин қаласы) ғана қарады және оған жақын жатқан Юань империясының солтүстік­шығыс аймақтары кірді. Мемлекеттің қалған территориялары сегіз провинцияға бөлінді. Моңғолдық ақсүйектердің қытай мәдениетімен біртіндеп жақындасуының көрінісі ретінде, әкімшілік аппарат пен білім саласының қызметі үшін аса маңызды, емтихан алу қызметінің қайтадан қалпына келтірілуін айтуға болады. Бұл мемлекеттік басқару жүйелерінің барлығында қытайлық қызметті сақтап қана қоймай, хань этносының мәдениеті мен өмір салтының сақталуын да қамтамасыз етті. Моңғол хандарының Қытайға билігі тұрақтанып, нығая түсуіне байланысты билік пен әкімшілік аппараттың барлық салаларында емтихан алу жолымен қызметке алу әдісі аздап болса да, қолданылатын. Алайда екі түрлі мәдениеттің өкілдерінің арасындағы қарым­қатынас әруақытта бірқалыпты болды деуге болмайды. Бұл жерде олардың арасындағы бір­бірін түсінбеушіліктің бірнеше себептері болды. Әсіресе, моңғол өкіметінің оңтүстіктегі сұң заманында­ақ білім алып, ғылыми атаққа ие болған қытай кітапқұмарларымен арадағы қатынасы өте күрделі болды. Юань әулетінің билігінің салтанат құруына орай, емтихан әдісі жойылды, ал оңтүстік Сұң империясын моңғолдар жаулап алған дейінгі құрылған бюрократтық машина солтүстік қытайлықтар мен басқа жат жерлік халық өкілдерімен толған еді. Осындай жағдайда, оңтүстіктің кітапқұмарлары, яғни сауатты адамдары тек білім саласында ғана қажет болды. Юань өкіметі қытайлық ақыл­ой иелерін өз жағына тарту және олардың арасындағы моңғолдарға қарсы пиғылды жою мақсатымен 1291 жылы көпшілікке арналған мектептер мен академияларды (шуюань) ұйымдастыру туралы жарлық шығарады және оларда қызмет ететін қызметкерлерді қызметке алу принципі мен қызметін жоғарылату мәселесі де айқындалып көрсетіледі. Ең жоғары деңгейдегі оқу орны болып саналатын академиялар өкіметке онша көп бағынышты болмады және олар моңғол әулетінің билігі кезінде өз ұстанымдарын сақтап қалды. Академияда кітаптар жинақталып, сақталды және көп жағдайда оны өздері басып шығаратын еді. Бұл оқу орындары көптеген оңтүстік сұңдық ғалымдардың орын тепкен мемкемесі болды, олар юань сарайына қызмет еткеннен гөрі, өз білімдерін осында іске асырып, өмірде пайдаланғанды жөн көрді. Моңғол билеушілерінің қытай мәдениетіне барынша жақындай түсу әрекетіне, бір қызығы, моңғолдардың өздері наразылық танытып отырды. Ең соңғы ұлы хан және Юань әулетінің бірінші императоры ­ Хұбылайдың билігі кезінде қызметкерлерді қызметке таңдап алу мен олардың білімге деген ынтасына ықпал ететін емтихан жүйесін енгізу мәселесі бірнеше рет көтерілді. Алайда әкімдерді қызметке емтихан алу арқылы таңадап алу туралы жаңа жүйені енгізу моңғол ақсүйектері тарапынан қарсылық туғызып, олар жаңа жүйе рулық тәртіптерді жоққа шығаратын әрекет деп, оны қабылдағысы келмеді. Бұл әрекеттің қаншалықты күшті болғандығын, 1291 жылғы Хұбылайдың кезіндегі жарияланған, қытайлықтарға провинция губернаторынан төменгі кез келген қызметке тұруына болады деген жарлықтың енді, оның ізбасарлары тұсында мүлдем жойылуынан көруге болады. Емтихандық жүйені қалпына келтіру жолындағы кедергілерді жою және моңғол ақсүйектерінің қарсылығын тойтару император Жэнь­цзунның (1312­1320) ғана қолынан келеді, конфуциандық ілімді жақтаушы бола отырып, ол 1313 жылы емтихан туралы жарлық шығарады. 1315 жылдан бастап, емтихан алу әрбір үш жыл сайын тұрақты түрде жүріп, бұл шара Юань әулетінің билігінің соңына дейін жүргізіліп тұрды.

Читайте также:  Этология және этнология

Қытайлықтарға қарағанда, моңғолдар мен шетелдіктерге емтихан қабылдаудың басқа бағдарламасы жасалды. Бұл қытайлықтарды кемсітуден емес, қайта моңғолдар мен шетелдіктердің дайындығының төмендігінен жасалған шара болатын. Моңғолдар өздеріне жат мәдени ортаға және саяси дәстүрлерге өте қиындықпен дағдыланды деуге болады. Сонымен бірге, бұрынғы дала көшпелілерінің бірқатары қытайша білім алған сауатты адамдарға айналады және қолпаштауы жеткілікті болуымен де, қытайлық кәнігі кітапқұмарлармен бәсекелесе алатын халге жете бастайды. Конфуциандық қағидаларды жаттауға негізделген жалпы емтихандардан басқа, кейбір арнайы емтихандар да енгізілді. Медицинаға байланысты емтиханға ерекше көңіл бөлінді.Үнемі жүргізіліп тұратын соғыстар дәрігерлерге деген сұранысты көбейтті және моңғолдар ежелгі қытай медицинасын өз игілігіне қарай пайдалануды көздей бастаған болатын. Мемлекеттік құрылыс пен білдім беру саласындағы моңғол билеушілерінің саясатына, соның ішінде, қытайлық емтихан алу жүйесіне қатысты саясатына, бүкіл юаньдық кезеңнің басынан аяғына дейін тоқтамай келген қытайлық және моңғолдық екі этностың өмір сүру салтының айырмашылығына байланысты туындаған, отырықшы егіншілер мен көшпелілердің мәдениеті арасындағы қарама­қайшылық күрес әсер етіп отырды. Алғашқы кезде күйреуге ұшыраған қытай мәдениеті біртіндеп қалпына келіп, тіпті оның салатанат құруы байқала бастады. Қытай үлгісіндегі моңғол мектептерінің құрылуы, онда моңғол тіліне аударылған қытайлық классикалық оқулықтармен моңғол жастарының білім алуы үлкен жаңалық еді. Қытай мәдениетінің маңызды ықпалының көрінісі болған екінші бір мысал – тарихты жазу ісінің қайтадан қолға алынуы еді. Моңғолдар өздерін осыған дейін билік еткен әулеттердің мұрагерлері – заңды билеушілер етіп көрсетпек болып, ресми әулеттер тарихын жазуға көп назар аудара бастайды. Бірнеше жыл дайындықтан кейін, моңғолдардың бастамасымен, бар жоғы үш жылдың ішінде, Ляо әулетінің (906­1125), Цзинь әулетінің (1125­1234) және Сұң әулетінің (960­1279) тарихы құрастырылып, жазылды. Осылайша басқыншылар жергілікті халықтың көңіл­күйін аулап, олардың дәстүрлі мәдениетіне көңіл бөлу арқылы, өз өкіметінің билігін саяси жағынан нығайтуға мүмкіндік алуға ұмтылды. Бұл бағыттағы ең маңызды істің бірі, ХІІ ғ. 60­жылдарының басында­ақ құрылған тарихнамалық мекеме – Гошиюаньда тарихи жазбалар мен құжаттар жинақталып, тарихи еңбектер жазылуы тиіс болды. Хань дәуірінен бастау алатын бұл дәстүр, сөйтіп, қайта қалпына келтірілді. Кейінірек, Гошиюань мекемесі Ханьлинь дейтін конфуциандық академиямен бірігіп, енді ол мекеме, жоғарыда айтылған қытайлық тарихты ғана жазып қоймай, моңғол және қытай тілдерінде моңғолдық әулеттің императорларының билік ету кезеңдерінің тарихын құрастыруға кіріседі. Әулеттер тарихын жазу ісімен щұғылданатын тарихнамалық жұмыс идеологиялық күрестің ауқымына айналды. Пікірталасқа түскен мәселелердің бірі, қытайлық емес әулеттер – Ляо мен Цзиннің тарихын жазудың қаншалықты заңдық құқы бар деген сұраққа тірелді, ал бұл сұрақ, өмір сүріп, билік етіп отырған моңғолдық Юань әулетінің де тарихын жазу заңдылығына күмән келтірген еді. Моңғол ақсүйектері қытайлық мәдениеттің, әсіресе оның білім беру саласындағы ықпалына түсе отырып, жергілікті халықтың сауатты, білімді тобымен ымыраласуға барды, себебі әлсіз моңғол өкіметіне қажетті қызметкерлерге деген сұраныс, осыны талап етті.

Читайте также:  Әлемдік мәдениеттану ой-санасы

Онсыз да қытайланған моңғол ақсүйектері мен өкімет қызметкерлері барлық істі қытайлық дәстүрмен жүргізетін еді. Ежелгі мәдениеттің және тамыры тереңде жатқан саяси дәстүрдің өкілі саналған қытайлық этнос, біртіндеп, моңғолдар сырттан енгізген дәстүрлерді ығыстырып, қайтадан жеңіске жете бастайды. Бағынышты халықты әртүрлі әлеуметтік жікке бөлудің нәтижесінде, мемлекеттің әлеуметтік­экономикалық саясаты, ең алдымен, аграрлық саладағы саясаты қалыптасты. Күйреген экономика жағдайын түзеуге ұмтылған моңғолдық билеушілер қол астындағы территорияларды басқаруды реттеуге бет бұрды. Жүйесіз, тонаушылық сипаттағы салықтардың орнына, реттелген салық салу жүйесіне көшті: халық санағы жүргізіліп, провинцияларда салық басқармалары құрылды. Моңғол ақсүйектері Солтүстік және Орталық Қытайдағы жерлерді иемденді. Моңғол билеушілері қаржылық түсімдерді көбінесе, осы жеке меншіктегі жер иелігінен алатын. Жаңа қожайындар моңғол ақсүйектерінің меншігіндегі бүтіндей бір ауылдарды, егістік жерлерді, жер­суларды өздеріне қызмет етуге келген шетелдіктер мен қытайлықтарға және буддалық монастырларға таратып берді. Ерекше артықшылығы бар білімді топты асырауды қамтамасыз ететін қызметтік жерлер дейтін жүйе қалпына келтірілді. Юань империясының оңтүстігіндегі көптеген жерлер қытайлық меншік иелерінің қолында қалып, сатуға­сатып алуға және мұраға беруге құқылы болды. Оңтүстіктегі салықтар солтүстіктегіден әлдеқайда ауыр болды. Басқыншылардың саясаты әлсіз қожайындардың күйзеліске ұшырап, жерінен айрылуына, олардың жерлері мен шаруаларын монастырлар мен ауқатты байлардың тартып алуы жиілей түсті. Қытайды моңғолдардың бағындыруы барысында жергілікті халық еріксіздер қатарына қосылды, олардың ауыл шаруашылығы мен үй шаруашылығындағы, шеберханалардағы еңбегі құлдық еңбекпен бірдей болды. Жеке меншік жерлерді арендаға алушы – дяньху мен кэхулардың жағдайы да оңбады, олар жөнсіз салынған салықтан жапа шекті. Олар өз өнімдерінің ең көп мөлшерін моңғолдық, қытайлық жер қожайындарына, буддалық монастырға беруге тиісті болды. Қолөнершілер де өте ауыр салықпен шырмалды. Олардың өз өнімдерінің тиісті мөлшерінен артық бөлігін беру, әскери гарнизондарда тегін жұмыс істеу деген жиі болып тұратын. Саудагерлер мен олардың ұйымдары да ауыр салықтармен шырмалып, түрлі міндеткерліктерді өтеуге тиісті болды. Қытай саудагерлері тауарларын ары­бері тасымалдауы үшін арнайы рұқсат алатын. Моңғол өкіметінің қаржы саясаты халықтың барлық топтарының жағдайын нашарлатты. Қытай қоғамының жоғары билеуші топ өкілдерімен қатынасы да күрт нашарлап кетті. Хұбылайға қызмет еткен қытайлар, оның билігіне риза болмай, көтеріліске шығып отырды. Шетелдіктер қытайлықтардың бұндай бұліктерінен сескеніп, елден ақырындап кете бастады. Юань әулетінің билеушілері – Хұбылайдың ізбасарлары – ақыры қытайлық үстем тап өкілдерімен келісімге баруға мәжбүр болып, ханьцзуларды мекемелердегі қызметке көптеп ала бастады. Хұбылай оңтүстік қытайлықтармен соғысты жалғастыра отырып, күшін шығысқа қарай бағытай бастады. 1274 жылы, сосын1281 жылы ол Жапонияны бағындыру үшін әскери­теңіз экспедициясын жасақтайды. Бірақ оның кемелері аса күшті теңіз дауылдарына шыдамай, жапон аралдарына жете алмайды. Осыдан кейін, юань императорының назары оңтүстікке ауады. ХШ ғ. 50­ жылдарында­ақ Хұбылай Дайвьетке жетеді, бірақ олардан қатты тойтарысқа тап болады. 80­жылдары Хұбылай бұл елді бағындыру үшін тағы да әрекет жасайды, алайда ол жерде жанталасқан партизандық соғыс басталады. Моңғолдар оңтүстіктегі порттарды басып алуға аттандырған қытай флоты Қызыл өзеннің айырығында суға батырылады. Моңғол әскер басылары өздерінің әскерінің аман қалған бөлігін солтүстікке алып кетеді. 1289 жылы екі елдің арасындағы дипломатиялық байланыс қалпына келеді. Пекинде билік еткен Хұбылайдың ізбасарлары, біраз уақыт бойы белсенді сыртқы саясат жүргізуге тырысты. ХШ ғ. 90­жылдарында олар Ява аралына әскери­теңіз экспедициясын аттандырады. Империяның әскери күш­қуатының әлсіреуіне орай, юань императорлары біртіндеп басқыншылық саясаттан бас тартуға мәжбүр болады.

Оставить комментарий