Моңғол тілді тарихи деректемелер

Туындының авторы Жимбадоржы қазіргі ҚХР Ішкі Моңғолия автономиялық аймағының орталық хошуынында туған, сол хошуынның «шексіз қорғаушысы» деген (моң: Туйлыг Хамгаалагч) будда монастырының бас ламасы 90 «Рабжамба Гэлэн» деген діни атақты ғұлама. Ол Шыңғыс ханның інісі Хасардың әулетінен тараған. Туынды орталық хошуыны әкімшілігінің орынбасары Лхагваринчиннің өтініші бойынша 1846­1849 жылдар аралығында жазылған. Моң: Bolor toli > Болор Толь («Меруерт сөздік, асыл тастың нұры») тарихы үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі әлемнің пайда болуы жайлы діни­философиялық аңызды талдауға арналған. Екінші бөлімі Қытай мен Тибет өлкесінің тарихи географиясын, саяси құрылымын, дін мен ағартушылықтың таралу жолдарын сипаттайды. Үшінші бөлімі — Моңғолияның табиғаты, саяси жағдайы, хан әулетінің шежіресі және Манжұр­Цин мемлекетінің Моңғолиядағы саясаты туралы. «Болор Толь» тарихының ішінен бізге қажеттісі — Моңғол тарихы туралы жазылған үшінші бөлімі. Автор мұнда Моңғол тарихына ғана емес, Орталық Азия, хотон (ұйғыр) халықтарының орналасу географиясы мен тарихына да мән берген. Осыған байланысты моңғол тарихшылары аталмыш еңбекті әлем тарихынан мағлұмат беретін еңбектердің қатарына жатқызады. Мұнда Қазақ жерінің тарихи географиясына қатысты кейбір деректер бар. Біз осы үшінші бөлімнің қазақ тарихына қатысы бар тұстарын алғаш рет қазақ тіліне аударып отырмыз. Үшінші дәптер Моңғол аймақтарының саяси жағдайы …Қытай және Амаду (Үндістан) елінің солтүстігінде Моңғол жұрты тұр және олар Шыңғыс ханнан қалған Цахардың сегіз хошуыны, Өвір Төштің тоғыз хошуыны, Ярим қатарлы үлкен алты аймақ мәжіліске (моң: «чуулганға» 91 ) бағынады. Мұнда Ордос жеті хошуыны бір аймақ, Халқаның үш хандығы, оған Сайн ноян аймағын қосқанда Халқа төрт аймақ 92 , олардың батысында Ойраттың төрт тайпалы елі тұрады. Олар — дөрбет, хойт, хошуыт, шорос — «төрт ойрат» деп аталады. Хөх нуурлық өлет және алашандың өлеттер де осы төрт ойраттармен тегі бір туыс халық. Ойраттар Жоңғар жерінің шығыс шетіндегі «Жиягун» деп аталатын қамалдың батыс бойы Іле, Ертіс өзендері бойын мекендеген, моңғолдар оларды «Зүүн Гар» («Жоңғар немесе Сол қанат») деп атайды. Олардың солтүстік­батысына қарай Торғай деп аталатын ұлы судан (өзеннен) бастап Ижилдэгчин (Еділ) деп аталатын өзенді бойлай қоныстанған монғол жұртын «Торғауыт аймағы» 93 деп атайды. Торғауыт өлкесі шығысынан батысына дейін алты айлық жер, солтүстігінен оңтүстігіне дейін одан сәл жақынырақ болуы мүмкін. Жоңғар жерінің Ертіс өзенінің сыртқы бойында сары қытайлар (орыстар) тұрады. Орыс хандығы мен біздің жеріміздің аралығындағы ағаш шекара арқылы бөлініп жатқан аумақтың шығыс шеті Қытай өлкесі Солоннан бастап батыс шеті Коозор деп аталатын Торғауыт өлкесінің шетімен қиылысып жатыр. Хөх нуурдың сыртындағы Хөрлөг деген жерден үлкен Говь шөл даласы басталады. Одан әрі өткенде Хотон (Қотан) аң тымақтыларының Хами 94 және Баркөл 95 жұрты, «тарихон қойы» өсетін жұрт хашиндар және олардың шығысында хаба ташихун (тәжіктер) деген ел бар. Ол елде сары інжу моншақтар көп. Алтынмен және күміспен аптаған сырмаң (кілем) жасайды. Бұхара, Самарқанд және ақ тымақты экилэг (ирактар), қызыл түйелі деген ел тұрады. Олардың шығысында қазақтар тұрады. Олардың батысында Күңкер (османдықтардың) ірі аймағы орналасқан. Бұл қотондар да таза кітаптары жоқ жұрт. Торғауыт және орыс аралығындағы Тенгирегсен (Каспий) деген ұлы көлдің жағасында орыстың Алатархан қаласы, одан әрі қарай көп қалалардан өтіп, бір ай жарым жол жүрген соң Орыс ақ патшаның қаласы. Ол патша Шыңғыс қағанның жиендерінен туған хан. Қаланың атын Мішүке (Мәскеу) дейді. Тоғыз қабат қамалды ордасы бар, ішкі ордасының бағаналары алтын қатарлы түрлі бағалы заттармен әшекейленген, орданың қоңырау даусымен оянып, замана тынысын сол арқылы сезеді деседі. Орыс болса аса бай және аймақтары көп деседі. Мыс және күміс аңша, жүн­жұрқадан жасалған түрлі заттар, қолтырауынның еті мен қаны, мақта маталарды саудалайды. Балық және құстың еті, егістікпен жан бағады. Олардың аймақтарында мықнатас­магнитпен салынған қала бар көрінеді. …Одан бері қарай Торғауыт жерінен Шамбала жеріне дейін ел, жұрттар тым көп. Олардың әрқайсысының кіші хандары бар. Ол жерлерде алтын, күміске аса мән бермейді, табысы мол, ұрлық­қарлық тіптен болмайды. Орыстың батысында, екі күндік жерде Кеселбашы (Қызылбасы) 96 қаласы бар, одан әрі қарай тоғыз күндік жерде Лабтуу 97 деген қала бар. Оның солтүстік­батысында қоладан қаланған ұлы қаласы бар. Бұл өлкемен шекаралас Сібір арыстаны деп аталатын орманды жер, тырнақсыз арыстан және Шаңшан диуа құсы бар. Сол жердің хандары жүретін жолдарда алтын, күміс ақша тиеген арбалар шашып жүреді екен. Орыстың солтүстік шетінде Ақ теңіз 98 , солтүстігінде шетіне көз жеткісіз және бір көл бар. Соның жағасында Немсий (неміс) деп аталатын бір ірі ел бар. Ол жерде ақ жұмыртқа қатарлы түрлі жануарлар, түрлі аңдар және үлкендігі иттей шиебөрі қасқыр бар көрінеді. Бұл жердің жылқысы денелі келеді. Бір бума торғын жүзден аса алтынға бағаланады. Ал бір бума мақта матасынан отыз адамға киім тігуге жетеді. Олардың хан қаласы Немсин деп аталады. Қаланы күзеткен сауытты он әскерінің бір басшысы бар. Әскерлері ондыққа бөлінеді, ондықты бір адам басқарады. Осылайша ұйымдасқан бір жиуа 99 әскері бар. Оны басқарған басшысы Рамжан деп аталады. Жаяу әскері бітеу сауыт киіп, най деп аталатын ағаштан жасаған оң, кіші және үлкен мылтық, қылыш, семсер, көп тісті қанжар сияқты түрлі сайманмен соғысады. Ал жер астында жүріп соғысатын әскерлері қолына от алып, күрек, айбалта сияқты сайманмен жол шығарып, қалаған жеріне жетіп, от қойып соғыс салады. Су астында жүретін әскерлері су құстарының терісінен жасаған сауыт киіп, су астында отты сайман қолданып соғысады. Бұл ол елдің көп және айлалы екендігінің белгісі болса керек. Еділ өзенінің күнбатысында, он күндік жерде Күңкер қағанның қаласы бар. Олардың ел­ жұртын түрүг (түрік) деп атайды. Жері шекаралары бойынша тас қамалмен қоршалған, онысының 360 қақпасы бар. Әрбір екі қақпаның арасы олардың өлшемі «бээр» бойынша 360 «газар» 100 (шақырым), қытайша өлшем бойынша 720 «газар» мөлшерінде. Патша қаласының 24 қақпасы бар. Орталық шатырын алтынмен аптаған. Ордасының төрт құбыласын сырлы кірпіштен қалаған. Ондағы жұрттың киім­кешектері өте бай. Хандары өздерін «әлемнің ханымын» деп мақтанады. Патша қаласының қақпасына «Әлемнің 32 хан тағы» деп жазылған. Бұл елде жиырма жыл сайын жел қаупі болып, үйлерін бұзып кететін көрінеді. Елінде әртүрлі тілде сөйлейтін 12 тайпа халқы тұрады. Ханы өлсе бейітінің асты­үстін алтын, күміс, түрлі түсті қазыналармен аптап әшекейлейді. Күңкерден (түріктерден) солтүстік­батысқа қарай Тиң теңіз 101 деп аталатын ұлы көлде ат басты адам және бұқа мүйізді қолтырауын бар деседі. Сол суда хрусталь кемеге отырып, түрлі қазына сүзіп алатын көрінеді. Күңкерлердің шығысында дардинарлардың 102 киелі мекені Меккеде көк тастан жасалған, үлкендігі абдырадай, айналасы төрт­бес шынтақ мөлшерінде, үй төбесінде қалқып тұрған киелі сандық тұр. Биіктігі атты кісінің қолы жететіндей. Оның жанында ислам мешіті делінетін, іші ат шаптырым кең мешіт бар. Көп бағаналары бар. Ол Раңюуң мешіті деп аталады. Сол мешіттен алыстау жерде және де исламдық «Меңшуберийн Бэлгэ» деп аталатын адам тәніне ұқсас ақ тастан жасалған бір белгі тұр. Ол магниттің күшімен үйдің төбесінде қалқып тоқтап тұр.

Читайте также:  Қазақтың классикалық батырлар жыры

Оставить комментарий