МЫСЫР ӨРКЕНИЕТІНІҢ ӘЛЕМДЕГІ ОРНЫ

Ежелгі әлем өркениеттерінің бірі, бүгінгі заманға дейін маңызын жоймаған Мысыр өркениеті 6 мың жылдан аса уақытты қамтиды.Тас дәуірі кезеңінде Еуропа мен Америкада адамзат жаңа ғана қалыптасып, қоршаған орта заңдылықтарына бейімделе бастаған кездерде, ежелгі мысырлық инженерлер Қасиетті Ніл өзенінің бойымен ирригациялық құрылыстар салып, математиктері Ұлы Пирамидаларды тұрғызуда геометриалық есептеу жүргізіп, сәулетшілері әлем тарихындағы елеулі орны бар ғибадатханалар мен сәулет өнерінің көркем туындыларын салумен айналысқан. Даму тарихының әрбір мезетінде Мысыр мәдениеті мен өркениеті қуатты державалардың назарын өзіне тартқан. Тарихта атағы жайылған Вавилон патшалығы мысырлықтардың ұзақ уақыт бойы кірпіштей қалап салған өркениетінен тәжірибе алып, мәдениетін үлгі тұтқан. Ежелгі грек философтары мен ойшылдары мысыр халқының даналығын, ақылгөйділігін үйренген. Ұлы Рим империясы Пирамидалар елінің мінсіз мемлекеттік ұйымдасуына бас изеген [1]. Ежелгі заманда Мысыр жері Жерорта теңізіне кұятын Ніл өзенінің салалары мен аңғары аймақтарын алып жатқан. Ніл аңғары — Жоғарғы, ал атырауы — Төменгі Мысыр деп аталған. Екі аймақ бөлек, бір – біріне тәуелсіз өмір сүрген. Уақыт өте, халық санының өсуі, табиғи байлықты одан әрі игеру мақсаттары екі патшалықтың арасындағы соғысқа алып келді. Нәтижесінде, Жоғарғы Мысыр патшалығы Төменгі Мысыр патшалығын жеңіп, бүкіл Мысырды біріктіреді. Патшалық тұсында Манефон құраған деректер бойынша, Мысырды біріктірген — Менес (Мина) болған (шамамен, б.з.д.3000 жыл бұрын) [2]. 160 Мысырдың ең ежелгі астанасы — Мемфис (ежелгі мысыр тілінен аударғанда «Птах құдай рухының қорғаны» деген мағынада) қаласы гректердің өзгертуімен «eiguptos» деп аталып кеткен. Бұдан, «Египет» атауының төркіні грек тілінде жатқанын байқауға болады. Ал ежелгі мысырлықтар өз елін «Кемет» («Қара») деп атаған. Яғни, Ніл өзені аңғарының маңындағы топырақ түсімен сәйкес келеді [3]. «Мысыр — Ніл өзені суымен шайылатын, халқы Элефантин қаласына жақын жерде қоныстанып, Ніл өзенінің суын ішкен жер» — деп атақты тарихшы Геродот айтқан. Сонымен қатар, Геродот Мысырды «Нілдің сыйы» деп атап кеткен. Шынымен де, Ніл өзені құрғақшылық жайлаған, қиыры шексіз Сахара шөліндегі жалғыз тіршілік көзі іспеттес. Ніл аңғары маңындағы құнарлы топырақ жергілікті халықтың ауыл шаруашылығын дамытуына негіз болды. Орталық Африка тауларынан бастау алатын өзен суы — қарлардың еруі мен жаңбыр жаууының нәтижесінде тасып, аңғарынан тыс жан – жаққа шығып тарайтын болған. Суға малынған жерлер әбден қанығып, құнарлана түседі. Өзеннің тасуы аяқталғаннан кейін бұл жерлерде жеміс – жидектер, бидай, арпа, зәйтүн ағаштары сияқты түрлі өсімдіктер егіліп, өсіріліп отырған. Нілдің тасуы, әдетте, шілде айынан басталып, қыркүйекке дейін созылатын. Өзен тасыған мезеттен бастап, ежелгі Мысырда Жаңа жыл басталатын. Ніл өзені ежелден бері бүгінгі күнге дейін жергілікті халықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан, Мысыр халқы оны ерекше қадірлеп қастерлейді, оны құдайдың берген сыйы деп есептейді. Ніл аңғарының маңындағы құнарлы қара топырақ — Мысырдың байлығы, ондағы халықтың тіршілік көзінің, Мысыр өркениеті дамуының басты негізі [3]. Мысырда орнаған билік билеуші перғауындардың қолында болды. Шексіз билікке ие болған перғауындар аса құрметке ие болды. Өйткені, ол халық жалбарынып табынатын құдай атынан сөйледі. Мысырлықтардың арасында әртүрлі діни наным – сенімдер таралды. Ежелгі Патшалық кезеңінде күн құдайы – Раны халық ерекше қадір тұтқан. Ел билеушілері қайтыс болғанда оларға арналып пирамида формасындағы үлкен қабірлер тұрғызылған. Алғашқы қабірлер баспалдақты пирамидалар түрінде салынған. Діни салт – жоралары бойынша, патша осы баспалдақтар арқылы Күн құдайы Раға көтеріледі. Кейінірек түзу бүйірлі пирамидалардың салынуы күн сәулесінің символына айналды. Ежелгі Мысыр халқы өлімнен кейігі өмірдің бар екендігіне сенген. Сондықтан, қайтыс болған адамның тірі кезінде пайдаланған барлық заттарымен қоса жерлеген. Ал ел билеушілерін оған өмір бойы қызмет еткен қызметшілерімен, қолданған заттарымен, асыл тастары мен бағалы әшекей – бұйымдарымен жерлеген. Пирамидалардың ең биігі Каир қаласының маңындағы Гиза жерінде орналасқан, Хеопс перғауынына арналып салынған пирамида (ұзындығы 147м). Мысырдағы пирамидалар әлемдегі жеті кереметтің қатарына жатады. Әлемнің түкпір – түкпірінен келген ғалымдар мен зерттеушілер пирамидаларды зерттеп, жаңалықтар жариялауда. Ежелгі заманда түрлі машина мен техникалар болмаған кездің өзінде, адам өз қолымен, маңдай терімен, бар күшін салып, мынадай таңқаларлық жетістікке жеткені кейде ақылға да сыймайды! Қабірлердің қалай салынғаны, олардың ішіне кіре алмайтындай етіп жасаған түрлі тәсілдерін қалайша қолданғаны жайында ғалымдар әлі де нақты дәлелдер келтірмеді. Қаншама зерттеулер жүргізілсе де, қанша тұжырымдар алға тартылса да, олар бізге жұмбақ әрі құпия болып қала берді. Бұл – өркениет жемісі, Мысыр халқының дамығандығын, тіршілік салаларын ерте игергендігін дәлелдейді [4]. Мысыр мәдениетінің қалыптасуы 4 мың жылға жуық уақыт алып, дамуының күрделі де ұзақ жолдарын өткерді. Ежелгі Мысыр мәдениетінің дамуы мен оның жоғарғы деңгейіне жетуін не анықтап отырды? Ең әуелі, мемлекеттің әлеуметтік – экономикалық құрылысы. Ніл аңғары маңындағы жерлердің игерілуі, жер шаруашылығы мен ауыл шаруашылығының өркендеуі, жалпы экономикалық ахуалдың тұрақтылығы мен дамығандығы – мәдени шығармашылығының материалдық негізін құрады. Мәдениет пен рухани құндылықтың, ғылым мен білімнің дамытылуы өз тарапынан, мемлекеттің гүлденіп, ірі империяға айналуының басты себебіне айналды. Ежелгі Мысыр мәдениетін басқа мәдениеттерден өзгешелендіретін бірқатар ерекшеліктер бар. Оның ерекшелігі мемлекеттің ерте дамып, әлеуметтік топтардың пайда болуымен қатар, Ніл аңғары маңында халық қоныстанған 161 аймақтардың географиялық орналасуы бойынша, басқа елді мекендермен қатынас орнатуға қиынға соққан. Осыдан, басқа елдер мәдениеттерінің Мысыр мәдениетіне сіңіспегені байқалады. Ніл аңғарындағы табиғи жағдай Мысыр мәдениетіне үлкен із қалдырды [5]. Тіл, жазудың пайда болуы. Ежелгі Мысырдың Ніл аңғары бойында қоныстанған халық ауызекі сөйлеу тілін пайдаланған және тілдері бұл аймақтан тыс шығып таралмаған. Б.з.д. III ғасырда мысырлық тілдің орнын копт тілі басады. Жергілікті халық бұл тілді б.з VII ғасырына дейін, яғни, арабтардың жаулап алуына дейігі кезеңде қолданған. Бүгінгі таңда Мысыр Араб Республикасында 6 млн копттықтар (мысырлық христиандар) тұрады. Копттықтар араб тілінде сөйлегенімен, діни салт – дәстүрлерді Мысырдың ежелгі тілі – копт тілінде жүргізеді. Мысырлық жазу б.з.д. IV мыңжылдықтың соңында пайда болды. Құрылуы мен дамуының ұзақ жолын өткерген мысырлық жазу – сызу өнерінің бастапқы негізі – қабір тастарынан табылған суреттер болатын. Әрбір сөз немесе түсінік сәйкес келетін суретпен бейнеленген. Кейін бұл суреттер белгілі бір дыбыстарды білдірген. Осылайша, жазу үлгісі біртіндеп дамытылды. Б.з.д.II мыңжылдықта 700 – ге жуық иероглиф қолданылған. Мысырлықтар жазу – сызуды папирус деп аталатын қолдан жасалған қағаз бетіне түсіріп отырған. Папирус Ніл жағасында өскен папирус өсімдігінен жасалған. Иероглификалық жазудың түрлі тәсілдеріне тек билеуші топ мүшелері ғана арнайы жазу үйрететін мектептерде үйренген [3]. Ғылым. Ғылым — әрбір мәдениеттің маңызды бөлігі есептеледі. Ғылым жинақталмай, шаруашылықты, құрылысты, әскери іс пен мемлекеттік басқаруды жүргізу қиынға соғады, тіпті, мүмкін де емес. Ежелгі Мысыр мәдениетіндегі ғылым жоғарғы жетістіктерге жеткен. Олардың ішінен негізгі үш саланы айтып кету маңызды: математика, астрономия және медицина. Шаруашылықты жүргізуде, мысырлықтар Нілдің толысу уақыты мен су деңгейінің төмендеу мерзімін, егістік жерлердің көлемі мен өнімдерді бөлу, сонымен қатар, құрылыста ғимараттарды дұрыс тұрғызуда математикалық және геометриялық есептеулер жүргізген. Яғни, математика саласының пайда болып әрі қарай дамытылып жетілуі — тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты туған. Ғылым дамуына үлкен үлесін қосқан Мысыр ойшылдары қазіргі кезде біз қолданатын қосу,алу, көбейту, бөлу амалдарын, бөлшек сандар мен санның түбірі мен квадратын табу және аудан есептеу тәсілін ойлап тапқан. Математика дамуынаң жоғарғы жетістіктері жайында, бізге дейін жеткен екі папирус жазбалары негізінде дәлелденеді: 80 күрделі есептің шығарылу тәсілдері бар Лондондық Ринд папирусы және 25 есептің шешімі бар Мәскеулік папирус [1]. Астрономия саласында елеулі жетістіктер байқалады. Ежелгі Мысыр халқы күнтізбе ойлап шығарып, жылды төрт айдан тұратын үш мезгілге бөлген. Астрономия ғылымына қосқан тағы бір жаңалығы – тәулікті 24 сағатқа бөлу. Сол кездері құм сағаттары мен су сағаттары жасалған еді. Халық шаруашылықты жүргізу, уақытты есептеу мақсатында, аспанды бақылап жұлдыздар картасын жазып шығарған. Папирустардағы деректер бойынша, планеталарға да бақылау жүргізілген [3]. Медицина саласы бойынша мысырлықтар бүкіл Азия аумағында атақты болған. Өлген адамдарды мумификацилаудың негізінде, Мысыр емшілері адам денесінің анатомиясын зерттеп, мүшелер құрылысын бақылай алды. Медицина саласындағы жетістіктері жайлы біздің заманымызға дейін жеткен 10 медициналық папирустар көрсетеді. Олардың ішінен Эберстің үлкен медициналық папирусы (ұзындығы 20,5 м) мен Эдвин Смит зерттеген хирургиялық папирус. «Әрбір емші тек бір ауру түрін ғана емдейді. Сондықтан да, олардың дәрігерлері көп: бірі – көз емдесе, екіншілері – тіс, үшіншілері – бас, асқазан және басқалары ішкі ауруларды емдейді…» — деп Геродот айтқан. Мысыр және жалпы ежелгі Медицина жетістіктерінің ең елеулісі – қан айналым жүйесі мен жүректің — оның басты органы ретіндегі зерттеулері. Мидың рөлі мен атқаратын қызметтері жайлы біраз зерттеулер табылған (мысалы, аяқтың сал ауруын бастың зақымдалғандығымен байланыстырған). 162 Медицина саласында ашылған жаңалықтар басқа елдердің медицинасының дамуына қолайлы жағдайлар туғызды [3]. Мысыр – әлем мәдениетінің ірі ошағы. Әлем тарихында 3 мың жылдан астам уақыт аралығын өткерген, ежелгі бай тарихы бар елдер аз. Ежелгі Мысыр өркениеті шамамен, б.з.д.3000 мың жыл мен б.з.д 300 жылдар аралығында өмір сүрген өркениет. Бұл уақыт аралығы сәулет өнері үлгілерінің, зәулім ғимараттар мен тарихи архитектуралық ескерткіштердің салынып, Мысырдың гүлдену шегіне жеткен кезеңі [6]. Мысырлықтар жазу мен есептеу жүйесін құрды; олардың табыстары мен жетістіктеріне Ежелгі дәуір мәдениеттері таңданды. Құпиялылық пен сырларға толы діни салттары әлемнің көптеген ғалымдар мен зерттеушілерін жаңа ашылулар жасауға жігерлендіреді. Мысыр үлкен қызығушылық танытады, пирамидалары – Ежелгі Мысырдың ұлы мәдени архитектуралық ескерткіші, әлемнің жеті кереметтерінің бірі. Мысыр халқы Азия мен Грек халқының тарихи дамуына үлкен әсерін тигізген, жоғарғы сатыда дамыған өркениет құрды. Олардың мәдениеті ежелгі римдіктерге де үлгі болды. Мысырдың мүсін өнері, бейнелеу өнері, архитектура элементтері, арыстан түріндегі және тағы да басқа мүсіндері мен сфинкстерін антикалық мәдениет қабылдап алды. Ғылым, шаруашылық салаларындағы жетістіктеріне көптеген қуатты империалар қызығушылығын танытты, мәдениетіне құрмет көрсетті. Астрономия, математика, геометрия, медицина салаларындағы ашылулар қазіргі заманда кеңінен қолданылуда. Ежелгі Мысыр мәдениеті Ежелгі Шығыстың ұлы мәдениетін құруда маңызды әсерін тигізді. Шығыс мәдениеті өз жағынан, әрі қарай антикалық мәдениет пен қоғамның тарихи дамуына ықпал етті. Ежелгі Мысырдың қалдырған өшпес мұрасы мен тәжірибелігі, білімі мен даналығы әлем мәдениетіне сіңген. Мысыр халқының мәдениеті – монументалды құрылыстары, мүсін өнері мен бейнелеу өнері, бай әдебиет, діни салт – дәстүрлері өзінің біртума қасиеттерімен, мәнісі мен мазмұнының тереңдігімен таңқалдырады. Мысыр мәдениеті мен өркениеті — әлем мәдениетінің асыл қазынасы

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar