Загрузка…

ҒҰН МЕМЛЕКЕТІ ТАРИХЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ДЕҢГЕЙІ

Қазіргі Қазақстан тарихында мемлекеттілік мәселесі өзекті. Өйткені осыған дейін қазақ даласында өмір сүрген мемлекеттердің тарихын зерделеу біз үшін маңызды болып табылады. Мемлекеттілік мәселесін зерттегенде тәуелсіз сана мен еркін ой, сол халықтың өзі жазған тарихи деректері маңызды. Қазақ даласында кем дегенде мемлекеттіліктің 2,5 мың жылдық тарихы бар. Бізге тәуелсіздік өзінен-өзі келген жоқ, оның бастауы мен сабақтастығы ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Еуразия даласының ұлы көшпелі мемлекеттері өз кезегінде тіршілігін тоқтатқанмен, артына өшпестей мұра қалдырып отырған. Бұл дала мемлекеттерінің заңы еді. Сақтар, ғұндар, түрктер, қыпшақтар, кейінгі қазақ хандығы осы жүйемен өмір сүрген. Тарихта дала заңы бойынша алғашқы көшпелілер мемлекетін құрған ғұндар болатын. Олар негізін қалаған көшпелі мемлекеттердің құрылымы мен қоғамдық жүйесі, әскери-соғыс өнері кейінгі дала мемлекеттеріне өнеге болып қалды. Ғұндардың мемлекеттілігі жөнінде осы мәселелер қазіргі таңда өз маңыздылығын жойған емес. Ғұндардың мемлекеті жөнінде осы уақытқа дейін зерттелген еңбектер аз емес. Олар құрған мемлекеттің территориясы үлкен, оған әртүрлі ру-тайпалар кірді. Бірақта, осы уақытқа дейін зерттеушілердің арасында ғұндардың мемлекеті туралы бір тоқтамға келген пікір жоқ. Бұл тақырыптағы негізгі зерттеулерді батыс, орыс ғалымдары біршама зерттеген. Осы тақырыпқа байланысты қазақ ғалымдарының зерттеулері аз, әрі жүйелі қарастырылмаған, нақты ұстанымдар жоқ. Олардың құрған мемлекеттің құрылымы мен қоғамдық жүйесі, әскери-соғыс өнері тақырыбында зерттелінген отандық еңбектер көп емес. Ресейлік шығыстанушылар Н.Аристов, В.Радлов көшпенділер мемлекетінің құрылуын көбінесе тайпа көсемдерінің рөлімен тікелей байланыстырады [1, 15]. Ғұн мемлекеті туралы алғаш жазылған еңбектің бірі Рене Груссенің «Империя Степей» кітабы. Мұнда ғұндардың мемлекеті жөнінде жалпы шолу жасаған [2]. В.Бартольд, В.Владимирцов және Л.Гумилев бастаған әйгілі ғалымдар көшпенділер мемлекетінің қалыптасуының шынайы көзін далалықтар өмірінің ішкі себептерінен іздестіре бастайды. Нәтижесінде, олар: «Көшпенділер мемлекеттілікті ешкімнен тартып алған жоқ. Көшпенділер үшін мемлекеттілік қоғам дамуының ішкі сұраныстарынан туды. Көшпенділердің отырықшы көршілерімен терезесі тең қатынаста болып, өзін сақтап қалу жолындағы күресі мен қоғамның ішкі қатынастарын реттеу қажеттілігі олардың мемлекетін тудырды», — деген қорытындыға келді [1, 15]. Кеңестік кезеңде ғұндар жөнінде терең зерттеген белгілі ғалым-түрктанушы Л. Гумилев еді. Ғалымның «Хұндар», «Хұндар Қытайда» атты ғылыми еңбектері ғұн тақырыбы бойынша терең зерттелген, көлемді алғашқы еңбектердің бірі болып табылады. Мұнда хұндардың тарих сахнасына шығуы, көрші мемлекеттермен қарым-қатынастары, қоғамдық құрылысы, қытай империяларымен байланысы жан-жақты қарастырылған. Сол кездің өзінде Л. Гумилев алғашқылардың бірі болып көшпелілердің теңдессіз өркениетін өз зерттеулерінде атап өтеді. Ол былай дейді: «б.з.дейінгі І-ші мыңжылдықта хұндардың көшпелі шаруашылығы, олардың отырықшы көршілерінің шаруашылығына қарағанда, әлдеқайда жоғары дәрежеде ұйымдастырылған еді» деп жазады. Ғалымның пассионарлық теориясы бойынша ол ғұндарда Мөде шаньюйдің кезінде серпіліс болғанын айтады. Л. Гумилев ғұн мемлекетінің ішкі құрылымы туралы былай деп пайымдайды «Әдетте көшпелі мемлекеттерді тайпалар одағы немесе әскери тәртіпке бағынатын орда-адамдар нөпірі ретінде қарайды. Хұндар жәйіне келсек, бұл екі түсінік те дұрыс емес. Хұндар руларға бөлінетін бірден- бір тайпа болған. Тайпалар одағынан оның айырмашылығы осы [3, 85]. Бірақта ғалымның пікірінше шаньюйдің қолында толық билік болмаған, оны ірі рулардың ақсүйектері шектеп отырға деп санайды. WWW.ENU.KZ А.Хазанов өзінің «Кочевники и внешний мир» атты еңбегінде көшпелілер мемлекетінің пайда болуы біріншіден көрші отырықшы халықтарды жаулап, бағындыру арқылы болатынын жазады. Ол көшпелілер мемлекетін бірнеше сатыға бөліп көрсетеді [4, 25]. Батыс және орыс ғалымдарының еңбектерін оқып отырып байқағанымыз, олардың көбісі көшпелі мемлекеттің пайда болуын сыртқы факторлардан іздейді. А.Хазанов сияқты ғалымдар көшпелі мемлекеттің ішкі өзіндік ерекшеліктері, құндылықтары, қарым-қатынастары туралы түсінбеген болуы керек. Н.Крадин «Империя Хунну» атты еңбегінде көшпелі империяны былай сипаттайды, әскери-сатылы принцип бойынша ұйымдастырылған көшпелі қоғам ретінде үлкен кеңістікте орналасқан және сыртқы әлемді иелену арқылы қажетті малшаруашылығы емес шикізатты алып отырған. Бұл еңбекте ғұн мемлекетінің құрылуы, экономикалық жағдайы, қоғамдық құрылысы, сыртқы қарым-қатынастары жазылған [5, 3]. Аталған еңбекте ғұндардың қоғамдық құрылысын талдап жазады. Олардың ішінде шаньюйді, жоғарғы ақсүйектерді, тайпа көсемдері мен үлкендерін (старейшины), қызметтік ақсүйектер, тәуелді тайпалардың көсемдері, қарапайым көшпелілер және т.б. бөліп көрсетеді. Е.Кычанов өзінің «Кочевые государства от гуннов до маньчжуров» деген монографиясында Қытаймен көрші бола отырып, көшпелі мемлекеттер іштей даму нәтижесінде өзінің басқару механизмін, алғашқы мемлекеттіліктің түрі дамығандығын көрсетуге тырысады. Әсіресе, мұндай көшпелі мемлекет түрлерінде жүзжылдықтар бойы сабақтастық болады. Басқарудың әскери-әкімшілік түріндегі органдардың билікті орталықтандырудың қажеттігі, мемлекеттік культтің нысанасы ретіндегі Аспанмен байланысын көрсетуге болатынын айтады [6, 3]. Қазақ тарихшыларының ішінде осы уақытқа дейін ғұн тарихын кең көлемде зерттеген кәсіби тарихшылар болған емес. Қытай жылнамаларын аударған батыс және орыс ғалымдарының, қытайдағы қазақ ғалымдарының аудармасы қолданылып келген. Қазақ ғалымдарының ішінде ғұн тарихын жан-жақты қарастырған ғалым-тарихшы Қ. Салғараұлы. Соның ішінде ғұн мемлекеті, жалпы көшпелілер мемлекеттілігі жөнінде жаңа өзіндік көзқараспен, тың пікірлерді ғылыми ортаға салады. Бұрыннан қалыптасқан еуроорталықтық кереғар ұстанымдардың бет-пердесін ашып, оны өзіндік болмыспен зерттеуге тырысады. Ғалымның «Ұлы Қағанат» деген көлемді еңбегінде өзекті мәселелерді көтереді. Олардың ішінде сиуңну империясының құрылуы, мемлекеттік билік тармақтары, шаньюй сөзін жан-жақты қарастырып түсініктеме береді [7, 410]. Ғалым ғұндардың тарих сахнасына шыққанға дейінгі мемлекеті болған ба деген сұрақтарға жауап іздейді. Ол кісінің пайымдауынша Мөде мен оның әкесі Түменге дейін бірде әлсіреп-бірде күшейген мемлекеті болған деп есептейді. Қытайдың көне жазбаларына ілігіп, тарихқа белгілі болған кездің өзінде, сиуңнулар (ғұндар) өзара іштей туыстық-рулық ұйымдарға бөлінген тұтас бір халықты құраған өз алдына жеке бір дербес мемлекет болатын. Оның сол кездегі билеушісінің есімін Тумән, ал билік лауазымын «чәнүй» деп атайтын. Осыдан шығарып, ресми тарих авторлары, көшпелі халықтардың ғұмырнамалық бастауын көне жазбаларда солар жайында кездесетін деректерден бастайтын баяғы үйреншікті әдетпен, сиуңну халықтарының тарихын осы Тумәннен бастап келеді, былайша айтқанда, алғашқы Сиуңну мемлекетін құрушы да, оның тұңғыш чәнүйі де – Тумән болып есептелінеді. Тумән чәнүй жөніндегі деректі беріп отырған Сы-ма Чиән мен Бан Гудың өздері-ақ Сиуңну мемлекетінің Тумәннан басталмайтынын: «Шүн Війдің Тумәнге дейін аралықтағы мың жылдан астам уақыт ішінде сиуңнулар бірде дәуірлесе, бірде құлдырап, бірде біріксе, бірде тарыдай шашырай бөлініп, түрлі замандарды басынан кешірді. Сондықтан мұрагерлік заңымен бұл арады қанша адамның билік құрғанын анықтау қиын. [8, 401]. Л.Гумилев ғұндардың күшейгенге дейінгі тарихта болғандығын, олардың қытаймен қарым-қатынаста болғандығын, соғысқанын жазады. Ол Мөде хұндардың 24 руын біріктіріп, осылай деп аталатын мемлекетті құрады, оның күштілігі сондай, қытайлар оны Кіндік империясымен салыстырған деп жазады [3, 75]. Я.Бичуриннің аудармасында «Шунь-вэйден Туманьға дейінгі мыңжылдан астам уақыт ішінде бірде дәуірлеп, бірде құлаған, бірде бөлінсе, бірде шашырап кеткен: олардың мұрагерлік сабақтастығын тізбектеу мүмкін емес. Моденің кезінде хундар аяқ астынан күшейіп, солтүстік пен оңтүстіктегі барлық тайпаларды бағындырып, Орталық Сараймен терезе теңестірген» [16, 48]. Қ.Салғараұлы былай деп жазады, мәселеге осы тұрғыдан келгенде, қытай жазбаларына ілінгенге дейін де Сиуңну мемлекетінің болғанын және оның осал мемлекет болмағанын айқын WWW.ENU.KZ аңғаруға болады. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі тарихшылардың пікірі бұған керісінше. Олар қытай тарихының атасы Сы-ма Чиәннің «Тарихи жазбаларда» келтіретін: «Сиуңнудың билеушісі Тумән чәнүй Чин патшалығына қарсы тұра алмай, теріскейге жылжып, сонда қоныс тебуге мәжбүр болды» деген жалғыз дерегіне қарап, кейбіреулері жалпы сиуңнулардың мемлекеті болғанына күдік келтірсе, енді біреулері мемлекеті тым әлсіз болды деген пікірде [8, 402]. Ғұн мемлекетінің билік жүйесі мен шаньюйдің рөлі жөнінде Қ. Салғараұлының пікірінше Мөде шаньюйдің бар билікті өз қолына алған. Сиуңну мемлекеті Маудун чәниүйдің тұсында басқыншылық бағытты ұстаған далалық күшті атты әскерлі империяға айналды. Оның жақсы ұйымдастырылған, қатаң әскери тәртіпке бағынған тұрақты әскері болған. Мемлекеттің ішкі- сыртқы күрделі мәселелерін шешуде чәниүй осы әскер күшіне сүйенеді. Мұның сыртында, Маудунның реформасынан кейін мемлекетте әскери шен жүйесінің құрылуы (бас қолбасшы, қолбасшы, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасы), сиуңну азаматтарының бәрінің бірдей әскер қатарына шақырылуға міндетті болуы, шақырылғандардың әскери бастықтарына сөзсіз бағынуы, әскердің үнемі жауынгерлік рухта болуы үшін жүйелі әскери жаттығулардың жүргізіліп тұруы – бәрі-бәрі Сиуңну империясында тұрақты болғанын дәлелдейді [7, 411]. Осылайша ғалым жоғарыда келтірілген Л.Гумилевтың пікірімен салыстыра қарастырады. Ғалым-тарихшы Н.Мұхаметханұлы қазақтың этнотерриториялық құндылық мәні ғұндардан басталады деп жазады. Оның негізін ғұн мемлекетін құрған Мөде шаньюйдің дунхуларға жауабында жер мемлекеттің негізі дегенді келтіреді. Сонымен қатар ғалым ең алғашқы мемлекет аралық шекара ғұндар мен қытайлардың арасында болған деп санайды [8, 206]. Сонымен қатар Ғұн қоғамында шаньюйдің алдында беделді және халыққа аса танымал батырлардың болғаны рас. Әйтпесе, қаншама соғыстар мен қорғаныстарда батырлардың арқасында жеңіп шығатыны белгілі. Бірақ тарихи деректерде ғұн батырлары туралы мәлімет жоқ. Батырлар көшпелі қоғамға тән әлеуметтік топтарға жатады. Олар ХХ ғасырдың басына дейін өзінің беделін титымдай төмендеткен емес. Еуразия тарихындағы ғұн кезеңі қазақ мемлекеттілігі тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Қазақ мемлекеттілігінің негізі осы Б.з.д. ІІІ ғасырда құрылған ғұн империясынан бастау алады. Көшпелілер құрған мемлекет туралы осыған дейін бір тоқтамға келген пікір жоқ. Өйткені әр ғалым өз елінің мүддесі мен идеологиясы тұрғысынан қараған. Алғашқы көшпелілер, оның ішінде ғұндар өз дәуіріне сай мемлекет құрып, сол кезге сай дала өркениетін қалыптастырған. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі 1. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы (ежелгі және ортағасырлық кезең). моног. зерттеу. – Алматы: «Алдамжар», 2007. 432 б. 2. Рене Груссе. Империя степей. Астана, 2006. – 216 с. 3. Гумилев Л.Н. История народа хунну. – М.: АСТ: Астрель, 2010. – 700 с. 4. Хазанов А. Кочевники и внешний мир. 5. Крадин. Н.Н. Империя Хунну. Изд. 2-е, перераб. и до. – М.: Логос, 2002. – 312 с. 6. Кычанов Е.И. Кочевые государство от гуннов до маньчжуров. – М.: Изд.фирма «Восточная литература» РАН, 1997. – 319 с. 7. Қ.Салғараұлы. Ұлы Қағанат. Астана: «Фолиант» — 2008. 552 б. 8. Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. – Науч.изд: ТОО «Жалын баспасы», 1998. – 390 с. Т.1. 9. Мұқаметханұлы Н. Қазақ тарихының өзекті мәселелері: Моног.зерттеу. – Павлодар: «Brand Print», 2010. – 311 б.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar