Нәсіл және тарих туралы

Нәсілдік артықшылық туралы түсініктермен күреске арналған брошюралар жинағында, адамзат нәсілінің бүкіл ­ әлемдік өркениетке қосқан үлесі үлкен әңгіме өзегіне айналуы таңданыс сезімін тудыруы да ықтимал. Бір нәсілдің екінші бір нәсілден парасатының асып туғанын не болмаса кем туғанын дәлелдеу үшін, адамзат баласының басқалардан саны артық этникалық топтары ортақ құндылықтарға айрықша үлес қосты деп сендіру үшін небір құйтұрқы әрекеттерге бара отырып, соншама күш­жігер мен қайран қабілетті қор қылу ғылымның дәл қазіргі деңгей­дәрежесінде босқа кеткен еңбек болады. Ал нәсілшілдік доктринасын тонын айналдырып пайдаланғысы келетін тап мұндай әрекеттердің біздің мақсатымызға мүлдем қатысы жоқ. Биологиялық нәсілдерді психологиялық жағынан артық қасиетке ие етіп әспеттеу, ол ақтау не қаралау ниетін көздесе де, ғылыми ақиқат ауылынан алшақ кетеді. Тарихта нәсілшілдік теориясының атасы ретінде аты қалған Гобино, «адамзат нәсілінің теңсіздігін» санына байланысты емес, сапасына байланысты деп түсіндіріп кетті. Ол үшін, адамзат баласы жаратылған замандағы ең ірі өкілдері — ақ, сары, қара нәсілдердің теңсіздігі олардың абсолютті құндылықтарында емес, әр нәсіл өкілінің жеке басының қабілетіне байланысты болды. Гобионың ұғымына сәйкес, кемістіктен азғындау, өр нәсілдің құндылық деңгейін басқалармен салыстыра қарағанда алатын орынына қарап емес, метисация жағдайына байланысты болды; бұл үкім үмітсіз барша адамзат баласына нәсіліне қарамай, метисация өсуіне тәуелді шығарылды. Алайда антропологияның ең басты күнәсі, нәсілдің биологиялық ұғымын (жалпылама, тар аяда қарастырғанда бұл ұғымның әділдіктен дәмесін ескере отырып — оған қазіргі генетиканың дауы бары да рас) және адамзат мәдениетінің психологиялық, әлеуметтік нәтижелерін шатыстырғанында болып отыр. Гобиноның сайтанның азғыруына еріп, тар шеңберге қамалып қалуына, мүмкін әдейі болмаса да, әртүрлі кемсітушілік пен құлдықта ұстауға тырысуды өз­өзінен заңдастыруға әкелетін, парасат қателігінен кеткен осы күнәнің өзі жеткілікті болды. Бұл еңбекте, адамзат нәсілінің өркениетке қосқан үлесі туралы әңгіме қозғай отырып, біз, Азия немесе Европаның, Африка немесе Американың мәдени үлесінің ерекшелігі, бұл құрылықтарда, тұтастай алғанда, әралуан нәсіл өкілдерінің негізі қоныстанғанына байланысты еді деген ойды білдіруден аулақпыз. Егерде ондай ерекшелік бар болғанның өзінде, оның өзі қара, ақ, немесе сары нәсілдердің анатомиялық немесе физиологиялық жаратылысына қарай ерекшеленетін қасиеттеріне байланысты емес, жағрапиялық, тарихи және әлеуметтік жағдаяттарға байланысты екендігіне еш күмән жоқ. Алайда біз, бұл сериядағы брошюралардың теріс көзқарастарды оң деп дәлелдеуді мұрат тұтқанын көріп отырып, бірқалыпты ырғақ тәртібінде дамып отыратын, алайда қоғамдар мен өркениеттің әралуан формалары арқылы өтетін адамзат баласы өмірінің тағы бір өте маңызды қырының кейін ысырылып тастау қауіпі төнгенін байқадық. Бұл интеллектуалдық, эстетикалық, әлеуметтік әртүрлілік себеп пен салдар қатынасы ретінде, адамдар топтары аспекті биологиялық тұрғыда байқалатын айырмашылық, ерекшелікпен, тек сырттай, жанама ұқсастығы ғана болмаса еш байланысы жоқ. Солай бола тұра, бұл әр түрліліктің екі бірдей маңызды сипаты бар. Біріншіден, көлем, ауқым айырмашылығы. Адамзат тудырған мыңдаған мәдениет үлгісі бар, ал нәсіл саусақпен санарлық қана. Бір нәсілдің өкілдері саналатын адамдар қалыптастырған мәдениет, екі түрлі нәсіл өкілдерінің мәдениетімен салыстырғанда, бір­біріне ұқсамауы, тіпті мүлдем өзгеше сипатта болуы кездеседі. Екіншіден, нәсілдердің әр алуандығына қарама­қайшы, басты назар, осыған байланысты олардың шығу тарихы мен кеңістікке таралуына қатысты болып отыр, мәдениеттің әр қилылығы көптеген проблемалардың тууына алып келеді, ал ол, адамзат дамуына оң ықпал ете ме, әлде, тосқауыл бола ма деген жалпы сауал, өрі қарай мың сұраққа айналады. Ақыр аяғында, бұл әрқилылық табиғаты қандай деген сұрақ қойып көрсеңіз, нәсілдік артықшылық туралы түсініктер биологиялық негіздемесінен айырылған бойда ­ ақ, өзге топыраққа тамырын жіберіп, көктей бастағанын байқайсыз. Қарапайым пенде, адам баласының ақылы терең не тайыз, немесе иманға ұйыған жан болуы оның өңінің қара не ақ, шашының бұйра не жалбыр болуына болуын байланысты деген ұғыммен мүлдем келіспейтінін айтқанмен де, тәжірибе көрсетіп отырғанындай, сол бойда, табан астында туатын тағы бір сауал алдында жауап беруге дәрменсіздік танытып алады: егерде әр түрлі нәсілдің бір­бірінен туабітті артықшылығы болмаса, ақ адамдардың ой­санасының арқасында өркениеттің қарқынды дамып кетуі мен, қоңырқай өнді нәсілдердің өркениетінің, бірі — орта жолда, ал енді бірінің мыңдаған, тіпті, он мыңдаған жыл артта қалуын қалай түсіндіруге болады? Адамзат мәдениеті теңсіздігі мәселесін немесе — әр алуандығын талқылап алмай тұрып, адамзат нәсілінің теңсіздігі мәселесі бұрыс, қиыс шешілген деп санауға болмайды. Бұл екеуі түсінікте бір­бірімен кіндіктес жатқан мәселелер. Мәдениет әр алуандығы Адамзат баласының мәдениеттері бір­бірінен айырмашылығы, өзгешелігі бар жоғын, бұл ерекшеліктер бір­бірімен қарама­қайшылыққа түсе ме, әлде, кірігіп, бітісіп кете ме, немесе, әдемі үйлесім тауып, салтанат құра ма деген сұрақтың басын ашып алу үшін алдымен, олардың құрамын түзіп алуға талпынып көрейік. Алайда әп дегеннен­ақ қиындықтардың басы қылтия бастайды, өйткені, адамзат мәдениетінің бір­бірінен ерекшелігінің әртүрлі болатындығын, төлтума мәдениет үлгілерінің өзгешеліктің ескеріп отыруымыз керек. Алдымен көз алдымызға, кеңістікте өзара байланысып жатқан — бірі алыс, бірі жақын қазіргі заман қоғамдары келеді. Одан соң, қанша зер салып қарасаң да біліне қоймайтын, бірі уақыт көшінің басында, енді бірі соңыңда үздік­ создық келе жатқан де әлеуметтік тұрмыс формалары барын ескеруіміз керек. Кез келген адам өзі қызыққан қоғамның тұрмыс­тіршілігімен танысу үшін сол қоғамды іздеп барып, этнограф ретінде зерттеуіне болады; ал ол адамыңыз тарихшы не археолог болсыншы, еш уақытта жоғалып кеткен өркениетпен қоян­қолтық араласып кете алмай­ ды, тек қана, сол қоғамнан немесе басқасынан қалған жазба құжаттар я болмаса бейнелеу ескерткіштерімен танысу арқылы ғана іздегеніне қанығады. Ақыр аяғында, әлі күнге дейін жазу­сызуы жоқ, өзіміз «тағы» немесе «қарабайыр» деп санайтын қазіргі заманғы қоғамдардың алдында, шет жағасын ғана болмаса, тікелей танып­білу мүмкін емес формалардың болғанын естен шығармау керек. Табылған, зерттелген мағлұматтардың арасында олар үшін, біз өзімізге анық жайттарды жазатын төр көздерден анағүрлым көбірек бос орын қалдырып отыруымыз қажет. Осы жерде өзіміз мойындауымыз тиіс алғашқы шындық айғайлап шығады: адамзат баласының мәдениетінің әртүрлілігі біз бұрын­соңды танып­білгеннен гөрі маңызды әрі бай екенін — қазіргі таңда бұл «факті» түрінде, ал өткенімізді таразыласақ «факті және заң» түрінде де көрінеді. Алайда, осындай тар шеңберге қамалып отырғанымызға амалсыздан көне отырып, басқа да проблемалармен бет ­ бет келеміз. Әртүрлі мәдениет дегенді айта отырып, ол түсінікке біз қандай мағына беруіміз керек? Кейбіреулері бір­біріне мүлде ұқсас еместей болып көрінеді, алайда олардың тереңдегі тамыры бір болса да, ерекшеліктері, даму кезеңдерінде өзара ешқандай байланысы болмаған қоғамдардың ерекшеліктеріне қарағанда өзгелеу. Мысалы, Перудің ежелгі империясы мен Африканың дагомейлерінің ерекшеліктері, бүгінгі Англия мен АҚШ­тың ерекшеліктеріне қарағанда мүлдем өзге; бір жағынан, бұл екі қоғамға көзқарас екі түрлі болу керектігі де белгілі. Ал керісінше, күні кешеге дейін бір­бірімен тығыз байланыста болып келген қоғамдар ортақ өркениеттің үлгісі екендігі көрініп тұрса да, олардың бүл бірлікке әртүрлі жолдар арқылы келгендігін де ескермеуге болмайды. Адамзат қоғамдарында әр бағытқа бағдар ұстаған күштер бір мезгілде әрекет етеді: ерекшеліктерін сақтап қалып, тіпті, оған басымдылық беруге тырысатындары да; ұқсастыққа, қиюласып кетуге ұмтылатындары да бар. Тілдерді зерттеу осындай теңдессіз мысалдарды келтіруге жол ашады. Шығу тегі бір тілдер (орыс, француз және ағылшын) бір­бірінен ерекшеленіп түру тенденциясына жақын болады, шығу тегі әртүрлі, алайда, аралас­құраласы мол аймақтарда қолданылатын тілдердің ортақ белгілері дамыған болады: мысалы, белгілі бір жағдайларда өзге славян тілдерімен тармақ ­ тармаққа бөлініп кеткен орыс тілі, жағрапиялық жағынан көрші болып келетін фин ­ угор және түркі тілдерімен кейбір фонетикалық жағынан бауырласып кетті. Осы тәріздес фактілерді зерттей отырып, өркениеттің тағы бір белгісінің көзіндей болып саналатын өнер, дін сияқты әлеуметтік институттарда төмендегідей сұрақтарға — олардың өзара байланысына қарап, адамзат қоғамы, өздері шекарасынан аттап кетпейтін белгілі бір оптимум әртүрлілігі арқылы өз бет­бейнесін анықтап отырмай ма екен, бір жағынан, осы шеңбер аясында қала отырып, еш қауіпке душар болмай­ақ, оның қадір­қасиетін, маңызын төмендетіп жібермей ме екен деген — жауап іздеуіміз заңды болар еді. Бұл оптимум шамасы, ондай қоғамдардың қанша екеніне, санына байланысты, жағрапиялық орналасуы жағынан алыс­жақындығы және қолдарында бар аралас ­құраластық байланыс құралдарына қарай (материалдық және интеллектуалдық) өзгеріп отырады. Әртүрлілік проблемасы шын мәнінде, екі жақты байланыстар тұрғысынан қаралатын мәдениеттерге байланысты ғана туындап қоймайды; ол алуан топтардан тұратын әр қоғамның тереңінде тұнып жатады: касталарда, кластарда, әртүрлі кәсіптік жөне конфессиялық орталарда деген сияқты. Осы топтардың әрқайсысы үлкен маңыз беретін белгілі бір ерекшеліктер қалыптасады. Осы жерде: қоғам өзге қарым­қатынастар жағынан қарағанда іріленіп, бір текті бастаған кезде, ішкі диверсификациялану тенденциясы ұлғая түспей ме деген сұрақ тууы заңды; мысалы, арийлердің жетекші билігі орнаған тұста касталар жүйесі әбден дамып, гүлдене түскен ежелгі Үндістанда тап осындай жағдай болған тәрізді. Осы мысалдарға қарап отырып біз, адамзат баласы мәдениетінің әртүрлілігі туралы түсініктің жан­жақты екендігіне көзіміз жете түседі. Бұл әртүрлілік, әралуан нұсқаларды ықылассыз жинай салу немесе, кеуіп қалған каталогтың әр түрлігінен мүлдем бөлек. Адам баласының бір­бірінен жағрапиялық жағынан алыс­жақын орналасу жағдайына қарай, қоршаған ортаның ерекшеліктеріне байланысты және де бір­бірінің тыныс­тіршілігінен бейхабар болғандықтан мәдениетінің де әрқилы болатыны түсінікті. Егерде әрбір мәдениет немесе қоғам басқаларымен араласпай оқшауланып өмір сүрсе және дамитын болса бүл қағида бұлжымайтын, әрі нағыз ақиқат ретінде қабылданар еді. Алайда бұл мүлдем болмайтын нәрсе, тек мыңнан бір рет қана кездесетін тасманилықтар мысалын есепке алмасақ (олардың өзі белгілі бір кезеңде ғана оқшау өмір сүрді). Адамзат қоғамы ешқашан саяқ өмір сүрген емес; бөлініп­бөлініп кеткен болып көрінгеннің өзінде қоғамдасып, аралас­ құраластығын үзбей тірлік кешеді. Сондықтан да, солтүстік және оңтүстік америка мәдениеті он мың, жиырма бес мың жыл аралығында басқа әлеммен араласпай, есігін тарс жауып отырды деп болжам айтуға болады. Алайда адамзаттың осы бір ірі өкілдерінің ішінде өзара тығыз қарым­қатынасы үзілмеген көптеген ірілі­уақты қоғамдар болды. Олардың мәдениеті, оқшаулықтан туындайтын ерекшеліктерден де басқа, қатар өмір сүргеннің арқасында — үнемі өзгеге ұқсамауға ұмтылыстан, бәсекелестік, өз құндылығын паш етуге тырысудан келіп шығатын өте маңызды ерекшеліктер де болды. Салт ­ дәстүрдің көпшілігі ішкі қажеттіліктен немесе қолайлы жағдай тууына байланысты емес, салт­дәстүрді меншіктеп алған өзінен үстем екінші топтың алдында төмен шектемеу ниетінен келіп туып отырған. Демек, адамзат мәдениетінің әртүрлі болуына қарап біз оларды жеке­жеке, бір­бірінен бөліп алып зерттеуге тиіс емеспіз. Әртүрлілік, топтарды бір ­ бірінен оқшаулайтын емес, керісінше, олардың басын қосатын қатынастарды дамыту міндетін атқарып отырады.

Читайте также:  Қазақтың ерлік жырындағы әлеуметтік сарындар

Оставить комментарий