Нақысбек шешен

Нақысбек Жалпетекұлы 1865 жылы бүгінгі Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Шәлкөде жайлауында өмірге келген. Әкесі Жалпетек — өзінің шешендігімен, көсемдігімен «Жалпетек би» атанып кеткен адам екен. «Әке керген оқ жонар» демеуші ме еді атам қазақ, Нақысбек те әкесіне тартып ер жүрек, шешен болып есейеді. Сөйтіп ерте атқа мініп, ел ісіне бала күннен­ақ араласа бастайды. Бірақ оның атқа мінген тұсы отарлық езгінің ең бір ұшына шыққан кезінде деп келеді. Туған халқының жат­жұрттарға жұтылып бара жатқанын ерте сезген Нақаң 1890 жылдан бастап­ақ патша үкіметінің отаршылдық саясатымен жан сала күрес ашты. Кейін отаршылдар оған «болыстық» шен де беріп көрді. Нақысбек бәрібір алған бетінен қайтпай, орыстармен он неше жыл ашық та, жасырын да соғыс ашты. Сөйтіп жүрген киын күндердің бірінде, 1916 жылы Қарқара жайлауында отырған қазақтардың Патшалық Ресейге қарсы көтерілісі бұрқ ете түсті. Осы көтеріліске барып дем беру мақсатымен Нақысбек жүз шақты сенімді, қаруланған жігіттерін ертіп Қарқараны бетке алып жолға шығады. Олар Кетпен асуынан асып Шәлкөде жазығымен құлдап келе жатқанда Қисық Ақтас сайының тұсынап (қазіргі көмірші ауылы маңы) жүз қаралы орыс әскері жолдарын кес­кестеп оқ жаудырады. Қапелімде кезіккен жау Нақаң жігіттері біразын жайпап салады. Нақаң жағы жер жағдайына қанық болғасын бір күн, бір түн қорғана ұрыс салып, әлгі орыс әскерлерін ойсырата жеңеді де, енді Қарқараға тура тартамыз деп отырғанда ол жақтан қазақтар жеңіліп, көсемдер тұтқындалады, ел үркіп, қытайға ауа көшіп жатыр деген хабар жетеді. Сосын бұлар Кетпенге кері қайтып, бала­шағасын алады да, 30 шақты үй сол түні Қытай асып кетеді. Бұл 1916 жылдың жазы еді. Сөйтсе Нақысбектің ерте атқа мініп, ел жақсысы болып бара жатқанын көре алмай, ішіндегі қызғаныштың қызыл итіне ие бола алмай жүрген бір ағайыны орыс әкерлерінің Подгорныйдағы (қазіргі Қырғызсай ауылы) заставына Нақысбектердің Қарқараға аттанып кеткенін әшкерелеп жаушы шаптырып жіберген екен. Қайда болса да отаршылдықтың аты отаршылдық қой. Қытайдағы қазақтардың да шекесі қызып тұрмапты. Онда да еркіндік, есе теңдік жоқ халық жүдеп­жадап отыр екен. Бұны көрген Нақаң ондағы халықты тағы да ауыз бірлікпен тірлік етуге шақырып, сол арқылы үкіметтің алман­салығын, езгісін жеңілдетудің көздейді «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» демекші ондағы жұрт Нақаңды төбесіне көтеріп, бір жылдан соң ақалақшы (болыс деңгейіндегі шен) етіп сайлап алады. Ұлтжанды адамның қолына ел тізгінін тигені отаршылдарға аса ұнай қойған жоқ. Оның үстіне іле генерал мекемесінің жаңа дубаны (мансап аты) Жы­Жүй әр жерде болып жатқан шаруалар көтерілісінен eci кетіп ерекше сақтық танытып отырғантұғын. Сонымен ол Нақысбекті ақалақшылықтан алып тастау мақсатымен Нақанды өзіне шақырып алады да: «Нақа, ел сайлағанмен ақалақшы болуға шартыңыз толмайды екен. Сондықтан, алдағы құрылтайда басқа адам ақалақшы болады. Сіз бұл жолы сайлауға түспейсіз»,—дейді төтесінен. Дубанның ішкі есебін түсініп отырған Нақаң «ол қандай шарт екен, тақсыр!» деп сұрайды. Сіздің руыңыз қазақтың ндеп саны шағын тайпа екен. Оның үстіне сіз Ресейден (кезінде Қазақстан ол жақта осылай аталған) қашып келген қазақ екенсіз. Сонда сіз бұл елге қандай билік жүргізбексіз? деп зілденіп отырған дубанға Нақаң: «Дұрыс тақсыр, ал сіз өзіңіз сонау Пекиннен қанша үймен келіп бізді — мұндағы қазақ­ұйғырды билеп отырсыз?» деп қадала кетеді. Сөз жүйесіне оңбай жығылып, не дерін білмей сасып қалған Жы­Жуй дубаны ыржалақтап, өтірік күлген болып: «Қалжың, ақалақшы қалжыңдаймын, қайтер екен деп айттым. Мен білем, сіздің Қытайдағы қазақты билеуге парасатыңыз жетеді. Мен ғана емес Пекиндегі ұлық та сізді жақсы көреді. Біз қазақты басқаруда өзіңіздей еліне абыройлы адамға көбірек сүйенеміз. Оны өзіңізде жақсы білесіз»,—деп жаңағы сөзін жуып­шайып керісінше Нақанды мол тарту — жоралғымен аттандырып салады. Содан өле­өлгенше шешен ел тізгінін қолына ұстап, туған халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап өтеді. Соның жарқын бір мысалы ретінде Нақысбек ақалақшының Текеш ауданының Шолақсай деген жерінен мектеп салдырып, жас ұрпақтың сауат ашып, өнер­білім үйренуіне жағдай жасағанын атап айтуымызға болады. Бала күнінде сол мектептен үлгі алған, кейін өзі де осы мектепте ұстаздық еткен Үмбетай Қожагелдіұлы ақсақал: «Ол өте үлкен мектеп еді Жүзден аса бала оқитын. Мектепте негізінен дін, математика, тіл, әдебиет, жағырафия пәндері оқытылатын. «Ұстаздарымыздың бәрін кезінде Нақаң төңіректің төрт бұрышынан өзі жинапты» — деп еске алады… Бүгінде Жетісу өңірінің қазылы қариясы мен кенен кейуанасынан Нақысбек ақалақшы туралы сұрай қалсаңыз, бәрі­aқ шетінен оның шешендігі, ерлігі, ел­жұртына жанашарлығы мен қамқорлығы туралы ерекше бір ырзалық тебірене әңгімелейді. Бұл ретте қазақ әдебиетінің тарландары Көдек Маралбайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Шарғын Алғазыұлы қатарлы ақындардың жырларына құлақ түрсек те жеткілікті.

Читайте также:  Ислам философиясының Батыс философиясына әсері

Оставить комментарий