НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНЫҢ ӘЛЕМНІҢ ҰЛТТЫҚ БЕЙНЕСІНДЕГІ СИПАТЫ

Әр тіл – өз бойында ұлт тарихын, төл мәдениетін, танымы мен талғамын, мінезі мен санасын, кәсібі мен салтын, дәстүрі мен даналығын тұтастықта сақтаған таңбалық жүйе. Осындай мазмұнды құрылымына сәйкес ол жай таңбалық жүйе емес, ол мәдениеттің көрсеткіші. Сондықтан оны құрылымдық лингвистика деңгейінде зерттесек, үлкен нәтиже ала алмаймыз. Себебі, мұнда тілдің қызметі тек коммуникативтік емес, этномәдени ақпараттарды сақтаушы, жеткізуші, келесі ұрпаққа жалғастырушы, бүтін тұтастық болып танылады. Әр халықтың өзіндік салт-санасы, елдік рухы алдымен оның тілінде таңбаланады. Этностың өзіндік дүниетанымынан, тұрмыс-салт ерекшелігінен туындаған арнайы сөз қолданыстардың халықтың өткен өмірінде қандай мәні болса, бүгінгі өмір тіршілігіне тигізер пайдасы одан зор. Тілдің мемлекеттік мәртебесін нығайтудың қазіргі таңдағы маңызды бір мүмкіндігі – оның осы танымдық қызметін неғұрлым толық ашып көрсету, сол арқылы ежелгі елдік атрибуттарды, халықтық қалыпты, рухани тамырды тереңірек зерттеп, жете тану. Адам баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап қартайып дүниеден өткенге дейінгі өмірі, сан ғасырлық наным-сенімі, таным-түсінігі, қоғамдық даму барысындағы ізденістері жинақталған салт-дәстүрлер аясында болады. «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт-дәстүрлерден этностың мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ойы, сондай-ақ, жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды, жансыз әлемге деген моральдық, танымдық, этикалық көзқарастары көрінеді. Халқымыздың бар болмысын, өмірлік тәжірибесі мен дәстүрлік құндылықтарын көрсететін бірден бір мейрам – Наурыз мейрамы. Қазақ даласында Наурыздың қандай сипатқа ие болғандығын этнограф-ғалым А.Сейдімбекұлы былайша суреттейді: «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді… Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, Қызыр атаның назарын аударып бақытты боламыз деп, небір тосын тамаша қызықтар көрсетеді… Осынау қызық-думанның ішінде «жанды қуыршақтың» жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім- кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады…» [2;288]. Наурызға тән ұғымдардың барлығы да бір ғана мерекенің мәнін ашудан шыққан десек қателесеміз. Керісінше, Наурыздың мерекелік сипатқа ие болуының өзі белгілі бір ежелгі адамзаттық идеяның түрлі сенімдер мен тұжырымдарға бөлшектелмей тұрғандағы тұтас үрдісінің шырқауынан шыққанын Наурыз мейрамына тән төмендегідей ұғымдардан көре аламыз: Көк – аталық негіз, барлық игіліктің көзі; ғаламды билеуші Жаратқанның тұрағы. Тәңір – ғаламға жарық таратушы, бар жақсылықтың көзі, Жаратушының рухы, қайырымды құдырет. Іңір – Тәңірдің антиподы, Жақсылыққа қарсы рухани күштердің басы, түнек таратушы қайырсыз құдырет. Құт – Ұлы күштің, Жаратқанның батасымен байанды болатындай кепілі бар құбылыс пен құдырет көзі. Қазақтың «Құтты болсын!» айту дәстүрінің түбінде кез келген қуанышты құбылыстың құдыретті Көктің қолдауына ие болуын, Тәңір ырқына негізделуін тілеу арқылы оның баянды болуын аңсау жатыр. Қыдыр ата – Жаратқанның, Ұлы құдыреттің атынан жер бетін аралаушы және адамзатқа құт үлестіруші, оны қолдаушы кемел Рух. Ұмай ана – аналық негізді әйел бейнелі тұлға, береке мен қайырымның көзі, жер бетіне Жаратқанның бұйрығымен дарыған игіліктерді туындатушы, еселеуші, молайтушы кейіп; Жердің мифтік бейнесі, киесі. Жылкие – әрбір жылдың мазмұнына сәйкес келетін түрлі жылдардың киесі саналатын хайуандар тұлғасы; онекіжылдық мүшелге сәйкес 12 жылкие болады. Ырыс – Жаратқанның бұйрығымен, Қыдыр атаның батасымен дарыйтын сый. Береке – адамдардың ниетіне ризалықтан Тәңір мен Ұмай тарапынан бұйыратын табыс, жеміс, бұйырым. Жолтерек – жаңажылдық Өмір ағашы; Көк пен Жер арасындағы жол, науан; Жоғарғы және Төменгі дүниелерді жалғаушы Бәйтерек; Көк күмбезін «тіреуші» бақан. Жолтерек адамзатқа жаңа (ну) қайырымдар легі мен енапат (нау) ырысты өз бойымен жеткізуші және Көкке, Жоғарғы дүниеге адамдардың ниет-тілектерін жөнелтуші ғаламдық өзек, жоларна. Наурызкөже (жеті дәм)– ғаламдық құбылыстың кемелденген дәмін паш етуге арналған, Наурыз мерекесіне арнап жеті дәмнен пісірілетін ырымдық ас. Наурызкөженің мәні – «ескі» дәмдерді біріктіре отырып, жаңа жас дәм алу. Жеті(к) үн (жетіген) – ғаламдық құбылыстың кемелденген үнін паш етуге арналған, жеті дыбыстың бірігуінен шығатын қасиетті әуен; Іңірдің күш алуынан туындайтын «ыңырсудың» алдын алу ниетінен қалыптасқан рәсім. Көрісу – қазақтың қуаныш пен қайғыдағы ниет біріктіру ырымы, ғұрпы; адамдардың бір бірімен төс қағыстыра сәлемдесуі. Көкіректерді түйістіру арқылы, адамдардың бір бірімен бұлайша сәлемдесуі, көкірекке ұялаған жағымды ниеттер мен бастамаларды біріктіру ниетінен шыққан. Шырақ жағу — шырақ жағудың бірнеше мәні бар: Қыдыр атаның жолына жарық түсіру; отауды аластау, лас қуат пен кірден тазарту; үйдегі құт пен ырысты, жылу мен ошақты қадірлеу белгісі; аруақтармен сыйласу, оларға құрмет көрсету нышаны. Шырақ жалғыз болмауы керек. Ырыс таңы. Бұл – Көктен жаңа ырыс тілеу; жаңа Уақыттың жаңарған Кеңіске (жерге) келуін тілеу, пенделік пиғыл мен ниеттерді бір мезгілде бір арнаға тоғыстырып, Жаратқанға құрмет көрсету, оның назарына ілігу; таң атқанға дейін салтанатпен ұйқысыз өткізу. Наурыздың 21-нен 22-не қараған түнгі таңның алғашқы сәулесін қарсы алып, басқы таңға сәлем ету, жас сәулеге шому, алғашқы пәк қуатқа кенелу рәсімі. Жыл сайын таңғы 5:15 –те наурыздық таң сәулесі рауандайды. Ұйқыашар. Бойжеткендер тарапынан ғашық жігіттеріне арнап пісірілген Ырыс таңын (Қыдыр түні) қарсы алу кезіндегі дастархан мәзірі. Селт еткізер. Жігіттер тарапынан бойжеткендерге арнайы, алдын ала, әзірленген сыйлық. Осы тұрғыдан алып қарағанда наурыздың тіні үш санаттан (категория) тұрады және үш негізге сүйенген болмысы бар екендігін көруіміге әбден болады. Оның үш негізі: құбылыстың, жылдың және маусымның басы екендігі; ал үш санаты: дәм, үн және өң. Наурыздық санаттар о баста Құбылысты құрайтын құрамалар ретінде мойындалған болуы керек. Ертеде халқымызда құбылыстың белгілі бір қорегі (дәм), үдерістің дыбысы (үні) және нәтиженің өңі (бояуы) болады деп мойындаған десек. Осыдан келіп, Наурыз Құбылыс басы ретінде қабылданады да, барлық істің бастауы есебінде қайырым мен жақсылықтың нышанындай бұлақ көзін ашу, дақылды өскіндету, гүлді және ағашты егуге, болашақ ұлы істі бастауға, бойжеткен мен ержеткенді қосуға итермелейтін ойындар мен кештерді ұйымдастырып, «ұйқыашар» ырымдарын жасауға, «селтеткізер» сыйлауға т.б. тек қана жақсылық ырымдарына негізделген «жақсылықтың басы ғана жақсылыққа ұласады» деген бастамаларға орын берілген. Соңғы уақытта қазақ тіл білімі лингвомәдениеттану, когнитивтік тіл білімі сияқты тілдік салалармен толығып, өз жемісін бере бастады. Мейрам- мереке атауларын зерттеуде де осы бағыттарды қолдану оң нәтиже берері анық. Өйткені мейрам-мереке атауларын зерттеуді осы бағыттарға сәйкес жүргізу ұлттың тарихы мен тегін зерделеумен қатар, оның дүниетанымын, өзіне ғана тән ұлттық болмысы мен мінез-құлқын айқындауға жол ашады. Пайдаланылған әдебиет 1. Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию.– Москва: ОАО НГ «Прогресс», 2000. – 400 c. 2. Сейдімбекұлы А. Қазақ әлемі: этномәдени пайымдау .- Алматы,1997. 3. Маслова В.А. Когнитивная Лингвистика: учебное пособие. – Минск: ТетраСистемс, 2005. – 256 с.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar