НАУРЫЗБАЙ БАТЫР ҚҰТПАНБЕТҰЛЫ

ХVІІ ғасырдың соңы және ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегінде шығыс жағынан Цин империясының және солтүстік, солтүстік­батыс жағынан Ресей империясының қыспағына түскен Жоңғар хандығы таяу көршісі қазақ халқын дәстүрлі атамекенінен күшпен ығыстыра бастайды. Қалмақ ханзадасы Галдамамен жекпе­жекте мерт болған Жәңгір ханның ұлы Тәуке хан тұсында (Тәуке хан билік құрған кезең шамамен 1680­1718 жылдар аралығы) Жоңғар хандығы Орталық Азия кеңістігінде қуатты күшке айналып, осы мезгілде билік құрған Қалдан Башокту (1671­1697) мен Цэван­Рабдан (1697­1727) хандар тұсында қазақ­жоңғар шиеленісі өзінің шарықтау шегіне жетті. 1681 және 1683 жылдары Қалдан хан Жетісу, Әулиеата арқылы Сайрамға шейін жетеді. 1684 жылы Сайрам қаласы жоңғарлардың қиратуына ұшырады. Міне, осы кезден бастап ХVІІІ ғасырдың орта тұсына шейін, яғни жарты ғасырға жуық мезгіл құнарлы Жетісу өңірі қалмақтардың билігінде болды. Қазақ халқының жадында терең із қалдырған бұл тарихи кезеңнің маңызын Өтеген батыр туралы айтылған аңыз­жырлардан айқын көруге болады. Құтты атамекені Жетісудан айырылған елге Төле бидің тапсырмасы бойынша Өтеген батыр жаңа қоныс іздеп, бірақ оны таба алмайды. Жарық дүниеден аттанғалы жатқан қайраткерге Өтеген батыр: «Төке, талай­талай жерді көрдім, елді араладым, бірақ Алатаудың етегіндей құтты қонысты кездестірмедім» 23 , — деген мағынадағы ойды білдіреді. 1909 жылы Жетісу өңірінде болып, зерттеу жұмыстарын жүргізген П.П.Румянцев экспедициясының материалдарында: «В давние времена род Карасай жил в пределах нынешней Акмолинской области; по преданию могила Карасая находится на ур. Аиртау в Кокчетавском уезде» 24 , ­ деп көрсетіледі. Ел арасынан алынған бұл фактіге сүйеніп, Жетісу жұртының Қарасай батыр бастаған бөлігінің Көкшетау жеріне қоныс аударуы шамамен осы «Ақтабан шұбырынды» кезеңіне тән екендігі жөнінде жорамал жасауға болады. Тарих кейінгі ұрпаққа беретін сабағымен құнды. «Ақтабан шұбырынды» заманы ­ қазақ тарихының ең ауыр, қаралы тұстарының бірі. Демограф мамандардың есебі бойынша, осы жылдары халқымыз миллионнан артық бөлігінен айырылған. Халық өміріне осыншама ауыр тиген жалпыұлттық қасіреттің негізгі себептері жөнінде не айтуға болады? Біздің түсінігімізше, жоңғар хандығымен соғыста қазақтардың ойсырай жеңіліс табуының ең аз дегенде мынадай басты себептерін бөліп айтуға тиіспіз. Біріншіден, ХVІІІ ғасырда қазақ қоғамы басым түрде дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Ал адамзаттың үлкен бөлігі машиналы өндіріске бет бұрған шақта біржақты көшпелі мал шаруашылығы үдемелі қоғамдық дамуды, яғни оның тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмайтын еді. Тіптен қазақ­ жоңғар соғыстарының негізінде классикалық көшпелі өмірдің терең дағдарысы жатыр. Бұл пікірдің шындықтан алыс емес екендігіне қазақ пен жоңғар халықтарының осы тарихи мезгілден былайғы тағдыры куә. ХVІІІ ғасырдың 50 жылдарының соңына қарай жоңғар хандығы тарих сахнасынан кетті, ал осы жүзжылдықтың 30­жылдарынан бастап қазақ қоғамы орыс империясының иіріміне тартылып, саяси дербестігінен айырылды. Өз ретінде, екіншіден, экономикалық мешеулік орталықтандырылған қуатты мемлекеттік жүйенің қалыптасуын қамтамасыз ете алған жоқ. Қазақ қоғамы басынан кешірген бұл ауыр жағдайды сол тұстағы басқарушы элита ұғына алмады десек, қателескен болар едік. «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы қалыптасу барысын тездете түскен басқарушы саяси топ елдің ішкі және сыртқы саяси жағдайын дәл және тура түсіне отырып, біріншіден, ыдырау жолында тұрған жалпыұлттық мемлекеттікті қалпына келтіру және оны сақтау мәселесін; екіншіден, халықтың белгілі бір бөлігін біртіндеп отырықшы тұрмысқа аудару қажеттігін: үшіншіден, рулық­жүздік танымнан жалпыұлттық санаға, дүниетанымға өту, біртұтас ұлт ретінде әлемдік кеңістікте өз орнын алу мәселелерін қойды. Бұл аталған қоғамдық мәселелер, әрине, ХVІІІ ғасырда өз шешімін тапқан жоқ. Сондықтан да қазақ қоғамы осы мезгілден бастап ХХ ғасырдың соңғы он жылдығына дейін Ресей империясының құрамында отарлық тәуелділікте өмір сүруге мәжбүр болды. Міне, осы арада, қазірге дейін ресми тарихнама жете көңіл аудармай келген мынадай бір жағдайға тоқталуға тура келеді. ХV ғасырдың орта тұсынан бастап өзара текетіреске түскен қазақ және ойрат хандықтарының арасындағы тепе­ теңдік неге кенеттен 1723 жылы жоңғарлардың пайдасына шешіле бастайды? Мәселе мынада. Жоңғар қалмақтары ХVІІ ғасырдың алғашқы жартысында­ақ он екі рет Мәскеу патшалығына ант береді. 1608 жылы 14 ақпанда орыс патшасы Василий Шуйский қалмақтардың өз еркімен Ресей құрамына енгендігін ресми түрде бекіте отырып, оларды «Қазақ ордасынан, Ноғайлардан және Алтан ханнан (батыс монғол) қорғап, сақтауға» уәде береді 25 . Осы мәселеге байланысты ресейлік тарихшы В.И.Колесник «Последнее великое кочевье» атты кітабында: «Если называть вещи своими именами, то царское правительство не возражало против того, чтобы калмыки отвоевали себе жизненное пространство у казахов, ногайцев и монголов, опираясь в этом на поддержку России и не претендуя в силу этой причины на русские земли», 26– деген тұжырымға келеді. Ресей патшалығы ұстанған бұл саясат қандай нәтиже берді? Жоңғар хандары Цэван Рабдан мен Қалдан Серен билігі тұсында Ресей әкімшілігі Жоңғар хандығын қаруландыру жолына түсті. ХVІІІ ғасырдың алғашқы жылдарында қалмақ әскеріне мылтық құю және жасау ісімен Зеленовский, Иван Бильдега, И.Сорокин сияқты орыс шеберлері және басқа есімдері беймәлім жүзге жуық орыс тұтқындары, сондай­ақ мыңға жуық темір ұсталар айналысқан. Ал орыстардағы тұтқындықтан қалмақтарға ауысқан белгілі швед офицері Ренат қалмақ әскеріне түрлі көлемдегі 40­қа жуық зеңбірек құйып береді 27 . 1723 жылғы соғыста қазақ халқының жоңғар қалмақтарынан ауыр жеңіліс табуының негізгі себебін, міне, осы саясатпен байланыста қарау орынды болатын сияқты. Сонымен бірге медальдың екінші бетіне де көңіл аударған жөн. Тура осы тарихи мезгілде қарулы Жоңғар хандығының саяси белсенділігінің тым арта түсуі оның Цин империясының қаһарына ұшырауына алып келгендей әсер қалдырады. Басқаша айтқанда, бізге Жоңғар хандығының Орталық Азия кеңістігінде қуатты күшке айналуы, өз ретінде оның тез сөнуін жылдамдата түскендей көрінеді. Әрине, қазақ билеушілері бұл кезде бейқам жатты деуге болмайды. 1709­ 1711, 1713­1714, 1716­1717 жылдары болып өткен қазақ­жоңғар қақтығыстары қазақ қолдарының үлкен даярлығын байқатады. Ал 1717­1718 жылдары Тәуке хан Сібір губернаторы М.П.Гагаринге жоңғарларға қарсы қазақ­орыс одағын құруды ұсынады. Сібір әкімшілігі қалмақтарға қарсы соққы беруді қуаттағанымен, ондай одақ құруға бармайды. «Ақтабан шұбырынды» қарсаңында қазақ­жоңғар қатынасы төңірегінде қалыптасқан саяси жағдайды баяндай отырып, негізгі тақырыбымызға көшейік. Сонымен, қазақ­жоңғар соғысының белгілі тұлғасы Наурызбай Құттымбетұлының ерлігі, еліне сіңірген еңбегі жөнінде тарихи деректер не айтады? Батырдың тегі жөнінде шежірені бірнеше автордан кездестіреміз. Белгілі жазушы­жұрналшы Балғабек Қыдырбекұлы «Шапырашты Наурызбай» атты мақаласында «Қазақ совет энциклопедиясының» мәліметтеріне сүйеніп, батыр туралы: «Ұлы жүз, шапырашты тайпасының Төлеміс руынан. Қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Жалпақтас, Серіктас деген жерлерде тұрған», — деген мәліметті келтіріп, оған мынадай анықтаулар енгізеді: «Төлеміс Көрпеұлы ­ Наурызбайдың атасы, яғни Құттымбеттің әкесі. Сондықтан оның руы шапырашты тайпасының Асыл руынан деу керек болар. Замандастары — үйсін Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Кіші жүз Айтық (Әйтеке би) 28 . Б.Қыдырбекұлының бұл түзетуі тарихи шындыққа жақын. Өйткені Н.А.Аристов жазып алған шежіреде Шапыраштының бес ұлы болған. Олар Екей, Есқожа, Асыл, Шыбыл және Айқым 29 . Ақиық ақын Сүйінбай Аронұлы «Бірінші бабам сөйлейін Асылдан… Асылдан туған төртеуі… төртеуінің ішінде Теке менен Төлеміс», 30— деген мәлімет береді. Ал осы Текеден Дәулетбай, Дәулетбайдан Ер Бөлек тарайды. Ол жөнінде Сүйінбай ақын: «Дәулетбайдан шыққан Ер Бөлек, ала бел аты астында, дулығасы басында, қалмақты шауып қоймаған», — дей келіп, одан ары оған «Ер Бөлектің қасында белгілі батыр Ер Сатай, қалмақпенен қас болған, қайратына мас болған», 31 — деген баға береді. Келесі автор Тұрсынбай Бірімқұловтың айтуынша, Наурызбай Құттымбетұлы Шапыраштының Желді руының Асылынан тарайды. Асылдан Байбағыс, одан Батыр, одан Көрпе, одан Төлеміс, одан Серек, одан Көштай, одан Сүлеймен, одан Сиқымбай, одан Құттымбет 32 . Көріп отырғанымыздай, Т.Бірімқұловтың шежіресі толығырақ сияқты. Шамамен осы мазмұндағы шежірені инженер Асқар Селеубаевтың батыр ғұмырнамасына арналған «Басбатыр» атты мақаласынан да кездестіреміз 33 . Енді Наурызбай батырдың туған жылы жөнінде. «Қазақ совет энциклопедиясында» батыр туралы берілген мәліметте оның туған жылы ­1706, ал қайтқан жылы ­ 1781, яғни ол 75 жыл өмір сүрген. Т.Бірімқұлов та осы даталармен келіскендей сыңай танытады. Ал Балғабек Қыдырбекұлы батырдың туған жылы ретінде 1708 жылды атайды. Бұдан байқайтынымыз, Наурызбай батырдың өмірге келген мезгілі шамамен XVIII ғасырдың алғашқы онжылдығы, анығырақ айтқанда — оның екінші жартысы. Біздің ойымызша, батырдың туған жылына байланысты айтылған бұл пікірлермен келісуге болады. Өйткені Наурызбай Құттымбетұлының, бізге мәлім деректерге қарағанда, XVIII ғасырдың 20 жылдарының соңындағы қазақ және жоңғар қолдарының арасындағы шешуші шайқастарға қатынасқандығы ешқандай да күмән тудырмаса керек.

Читайте также:  ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫ ЖӘНЕ ЖАСТАР

Оставить комментарий