Негізгі әлеуметтанушылық ұғымдар

Ұғымдарды кіріспелік анықтаудың төменде ұсынылып отырған әдісі сонылықтан тіпті де дәметпейді, дегенмен онсыз жолың оңғарыла қоймайды, бірақ ол сөзсіз абстрактылы, нақты болмыстан шалғай нәрсе ретінде қабылдануға тиіс. Керісінше, оның міндеті ­эмпириялық әлеуметтану аталмыш проблемалармен айналысу барысында іс жүзінде көздейтін нәрсені біршама орындырақ та әдептірек тұжырымдау (бұл, айтпақшы, педантизм болып көрінуі мүмкін) деп үміттенеміз. Бұл пікір біздің дағдымызға сіңбеген секілді көрінетін немесе жаңа сөздерді енгізетін жағдайларға да қатысты. Осы мақаладағы терминология, басқа мақалалармен салыстырғанда, мүмкіндігіне қарай оңайлатылған, сондықтан бірқатар жағдайларда көбірек түсінікті болуы мақсатында өзгертілген. Жұртшылыққа ұғынықты тілмен жеткізу ниеті, рас, барынша дәлдікті сақтаумен әрқашан қабыса бермейді де, кейбір жағдайларда онымыз дәл сол дәлдік жолына құрбандыққа шалынуға тиіс. I. ӘЛЕУМЕТТАНУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚАРЕКЕТ «МАҒЫНАСЫ» ҰҒЫМЫ Әлеуметтану (осынау тым көп мағыналы сөздің осы арада көзделіп отырған мағынасында) әлеуметтік қарекетті пайымдай отырып, түсінуге ұмтылатын, сол арқылы оның процесі мен ықпалын себептік тұрғыдан түсіндіруге ұмтылатын ғылым. «Қарекет» деп біз адамның қарекетін (бүл қарекеттің сыртқы немесе ішкі сипаты бола ма, араласпауға немесе сабырмен қабылдауға сая ма ­ бәрібір), онда да қарекет жасайтын индивид немесе индивидтер сонымен субъективті мағынаны байланыстыратын болғандықтан айтамыз. «Әлеуметтік қарекет» деп біз қарекет жасайтын адамның яки қарекет жасайтын адамдардың топшылайтын мағынасы бойынша басқа адамдардың қарекеттерімен ара қатынасы болатын және соған бағдарланатын қарекетті айтамыз. 1. Әдістемелік негіздер 1. «Мағына» сөзінің бұл арада екі мәні бар: Ол: а) қарекет жасайтын адам аталмыш тарихи жағдайда шынында да субъективті топшылайтын мағына немесе қарекет жасайтын адамдар белгілі бір жағдайлар санында субъективті топшылайтын орташа мағына бола алады; ә) долбармен алғанда қарекет жасайтын адам немесе қарекет жасайтын адамдар аталмыш жағдайда субъективті топшылайтын мағынаның теориялық тұрғыдан құрастырылған таза типі бола алады. Бұл арада жалпы қандай да бір объективті «дұрыс» немесе метафизикалық тұрғыдан ұғынылған «ақиқат» мағына туралы әңгіме жоқ. Қарекет туралы эмпириялық ғылымдар ­әлеуметтану мен тарих оз объектілерінен «дұрыс», «маңызды» мағына аңғаруға ұмтылатын юриспруденция, логика, этика сияқты барлық догматтық ғылымдардан осынысымен ерекшеленеді. 2. Парықталған қарекет және субъективті долбарланған мағынамен байланысы жоқ таза реактивті (солай деп атайық) мінез­құлық арасындағы шекара дәл белгілене алмайды. Әлеуметтанушылық релевантты қарекеттің айтарлықтай бөлігі, әсіресе өз сипаты жағынан таза дәстүрлі қарекет (төменде қараңыз) әлгі екеуінің шекарасында жатады. Парықталған, яғни түсінуге болатын қарекет бірқатар психофизикалық жағдайларда мүлдем жоқ, енді біреулерінде тек мамандар ғана аңғара алады. Мистикалық, яғни сөзбен адекватты жеткізуге болмайтын көңіл ауанын ұқпайтын адамдар оларды толығымен түсіне алмайды. Алайда қарекетті қайталау қабілеті оны түсінудің міндетті алғышарты емес: «Цезарьды түсіну үшін, Цезарь болудың керегі жоқ». Көңіл ауанына толық ортақтасу ­ мағынаны түсінудің маңызды, бірақ абсолютті даусыз шарты емес. Қандай да бір процестің түсінілетін және түсінілмейтін компоненттері көп жағдайда бір­бірімен ұштасып, байланысып жатады. 3. Жалпы ғылым тәріздес, тәпсір атаулы «айдан анықтыққа» ұмтылады. Түсінудің айдан анықтығы сипаты жағынан не ұтымды (яғни логикалық немесе математикалық) ­ көңіл ауанына ортақтасудың және терең сезінудің нәтижесінде ­ эмоциялық және көркем қабылданған түрде болады. Ұтымды айдан анықтылық өзінің бастапқы ниетіндегі мағыналық байланыстарында интеллектуалды түсінуге толық көнетін қарекетке тән. Терең бойлап сезіну арқылы айнам анықтығына субъект белгілі бір эмоциялық байланыстарда бастан кешкен нәрсеге толық ортақтасу нәтижесінде қол жетеді. Ең ұтымды түсінікті, яғни интелектуалдық тұрғыдан тікелей де қаяусыз ұғынылатын нәрсе ­ең алдымен математикалық немесе логикалық қағидаларда білдірілген мағыналық байланыстар. Әлдекім өзінің ойлау немесе уәж келтіру барысында 2×2=4 ережесін яки Пифагор теоремасын пайдаланған кезде, немесе өзінің логикалық ой түйінін «дұрыс», біздің ойымызша, логикалық заңдарға сәйкес құрған кезде, оның нені білдіретіндігін біз мүлдем анық түсінеміз. Әлдекім «белгілі» «тәжірибелік мәліметтер» мен көзделген мақсатты негізге алып қажетті «құралдарды» таңдау туралы мәселеде қаяусыз (біздің тәжірибеміз бойынша) қорытындылар жасаса, оның қарекеті де бізге соншалық түсінікті. Мұндай ұтымды бағдарланған мақсатты қарекетті кез­келген тәпсірлеу ­ пайдаланылған құралдарды түсіну тұрғысынан ­ айдан анықтықтың ең жоғары дәрежесіне ие. Біздің өзімізге де жат емес немесе туындау себебінен біз ортақтаса сезіне алатын «адасуларды» (оның ішінде проблемаларды бытыстырып жіберу) біз дәл әлгіндей толық болмаса да, өзімізге тән түсіндіруге қажеттілікке сәйкес жеткілікті дәрежеде айқын түсіне аламыз. Керісінше, тәжірибе көрсететініндей, адамның мінез­құлқы бағдарлануы мүмкін ең асқақ «мақсаттар» мен «құндылықтарды», бірқатар жағдайларда интеллектуалдық тұрғыдан ұғына алатын болсақ та, көбіне­көп мүлдем түсіне бермейміз; біз үшін аса маңызды тол құндылықтарымыздан сол құндылықтардың айырмашылығы көбірек болған сайын, біздің оларды терең бойлап сезіну, елестету күшімен ортақтаса бастан кешіріп түсінуіміз қиындай түседі. Жағдайға байланысты біздің бірқатар тұстарда аталған құндылықтарды таза интеллектуалдық тәпсірлеумен қанағаттануымызға, не, егер бүл да мүмкін болмай шықса, оларды жай ғана аталмыш нәрсе ретінде қабылдап, ол себеп болған құлықты интеллектуалдық интерпретациялау немесе оның жалпы бағытына шамалап ортақтасу (терең бойлап сезіну көмегімен) арқылы мүмкіндігінше түсінуге тырысуымызға тура келеді. Бұған діншілдік пен рахымшылдықтың көптеген ең асқақ актылары (бұларды құндылық деп білмейтін адам үшін) жатады; дәл сол секілді әсіре ұтымды фанатизм де, мысалы, «адам құқықтары жөніндегі» ілім оны түгелімен теріске шығаратындар үшін мүлдем түсініксіз болып қала береді. Аффекттер (үрей, ашу, атаққұмарлық, күншілдік, қызғаншақтық, махаббат, жігерлендіру, мақтаныш, кекшілдік, құрметтеу, адалдық, әртүрлі ұмтылыстар) мен соларға негізделген иррационалдық (мақсатты ұтымды қулық тұрғысынан) реакцияларға өзіміз оларға қаншалықты бейім болсақ, біз соншалық оларға эмоциялық тұрғыдан ортақтаса аламыз; егер олар интенсивтілігі жағынан бізге түсінікті көңіл ауанынан әлдеқайда жоғары болса, біз олардың мағынасын терең бойлап сезіну арқылы түсіне аламыз және индивид мінез­құлқы мен ол қолданатын құралдарға олардың ықпалын ұтымды анықтай аламыз. Типологиялық ғылыми зерттеу үшін индивидтердің қоршаған ортаға қатынасын анықтайтын және оның мінез­құлқына эсер ететін барлық иррационалды, эмоциядан туындайтын мағыналық байланыстар, егер оларды таза мақсатты ұтымды құрастырылған қарекеттен «ауытқу» есебінде зерттеп, бейнелесе, неғұрлым анық көрінеді. Мәселен, «биржадағы дүрбелеңді» түсіндіру үшін әуелі осы қарастырылып отырған құлық иррационалды аффектілердің ықпалынсыз қандай боларын анықтап алып, содан кейін осы иррациналды компоненттерді «кедергілер» ретінде енгізу керек. Дәл сол секілді қандай да бір саяси не әскери акцияны зерттеу кезінде де оқиғаға қатысушылардың мінез­құлқы істің барлық аужайын, барлық ниеттерді білген тұста және құралдарды қатаң мақсатты ұтымды (бізге маңызды тәжірибеге сәйкес) бағдарланған таңдау тұсында қандай болатынын анықтап алған жөн. Тек сонда ғана аталмыш конструкциядан ауытқуларды оларды туындатқан иррационалды факторларға саюға болады. Демек, мұндай жағдайларда мақсатты ұтымды қарекеттің конструкциясы ­ өзінің түсініктілігіне және ұтымдылыққа негізделген айқындылығының салдарынан ­әлеуметтануда тип («мінсіз тип») қызметін атқарады, соның көмегімен нақты, әртүрлі иррационалды факторлардан (аффекттерден, адасулардан) туындаған мінез­құлық таза ұтымды құрастырылған мінез­ құлықтан «ауытқу» ретінде қабылдана алады. Тек осы мағынада және тек өзінің әдістемелік орындылығы бойынша «түсіне білетін» әлеуметтану әдісі «ұтымды». Әрине, оны әлеуметтанудың ұтымдылық алғышарты ретінде түсіндірмеу керек; оны тек әдістемелік амал ретінде қарастыру керек және аталмыш жағдайда тіпті де күнделікті өмірде ұтымдылық шын басым екен деген қорытынды жасамау керек. Өйткені қандай дәрежеде ұтымды мақсатты сәттер нақты мінез­құлықты анықтайтынын немесе анықтамайтынын түсіну үшін барлық осы пікірлердің титімдей де маңызы жоқ. (Осы арқылы, біз ұтымды тәпсірлеудің орынсыз қолданылу мүмкіндігін тіпті де жоққа шығармаймыз. Өкінішке қарай, тәжірибе осындай қауіп­қатердің нақтылығын қуаттайды). 4. Мінез­құлық туралы барлық ғылымдарда белгілі бір қарекеттердің ілігі, қандай да бір оқиғалардың нәтижесі, шешім қабылдауды ынталандыру немесе оның қабылдануына кедергі жасау сияқты мағынаға жат құбылыстар қаперге алынуға тиіс. Парықтауға жат мінез­құлықты «жансыз» немесе «бейғамдық» мінез­құлықпен ұқсастырмау керек. Әрбір артефакт, мысалы машина, қарекет жасайтын адамның (барынша әртүрлі мақсаттарға бағдарланған) оны дайындап, қолдануға байланыстыратын мағынаға сүйеніп қана түсініле алады; осындай байланыстырусыз бүл артефакттың міндеті мүлдем түсініксіз болып қала береді. Демек, аталмыш жағдайда оның, одан не «құралды», не мақсатты көріп өзінің қимылын соған бағдарлайтын адам қарекетімен байланыстырылуын ғана түсінуге болады. Бүл тектес объектілерді тек осындай категориялар арқылы түсінуге болады. Топшыланатын мағыналық мазмұны жоқ, құлықтың «құралы» немесе «мақсаты» ретінде емес, оның игілігі, стимулы немесе бөгеті ретінде көрінетін барлық процестер мен құбылыстар (жанды немесе жансыз табиғаттың, адаммен байланысты немесе одан тыс болатын) мағынаға жат болып қала береді. Мәселен, XII ғасырдың басында дауылды тасу салдарынан пайда болған Долларт осы аталған аймақтың кейінгі тарихына жеткілікті елеулі ықпал еткен көші­қон процесіне ілік ретінде «тарихи» маңызға (бәлкім) ие болды. Қартаю процесі мен жалпы органикалық өмір циклы ­ дәрменсіз баладан дәрменсіз қартқа дейін ­ осы жағдайға әрқашан бағдарланып келген және бағдарлана беретін адами құлықтағы айырмашылықтың салдарынан бірінші дәрежелі әлеуметтанушылық мәнге ие болады. Психикалық және психофизиологиялық құбылыстармен (қажумен, зерде жаттығуларымен және т.б.) байланысты процестер туралы түсіну мүмкін емес тәжірибелік мәліметтер, сондай­ақ, мысалы, әрқилы тақуалық өзін­өзі қинау тұсындағы эйфориялар секілді процестер, қарқын, түр, айқындылық және т.б. бойынша индивидуалдық реакциядағы айырмашылықтар өзге бір категорияны құрайды. Сайып келгенде бұл арадағы істің жайы басқа да түсінуге болмайтын құбылыстар тұсындағыдай. Мұндай жағдайларда практикалық қызмет қырынан да, түсіне білетін қарастыру қырынан да олар санасу керек болатын «нақтылық» ретінде қабылданады. Бәлкім, болашақ зерттеу өзіндік ерекше парықталған құлықта да түсінуге болмайтын біркелкілікті анықтар, бірақ әзірге ондай заңдылықтар анықталған жоқ. Мәселен, биологиялық тұқым қуалаудағы (мысалы, «нәсілдік») айырмашылықтарды ­ егер және қажет болғандықтан олардың әлеуметтанушылық релевантты қулық типіне, әсіресе әлеуметтік құлыққа оның мағыналық арақатыстылық қырынан келгендегі ықпалы туралы статистикалық жағынан қуатталатын қорытындылар жасалатын болса ­ әлеуметтануда адамның тамақтануының қажеттілігі немесе оның құлқына қартаюдың ықпалы секілді физиологиялық фактылар қабылданатынындай, нақтылық ретінде қабылдаған жөн болар еді. Осындай мәліметтердің себептілік маңызын мойындау, сөз жоқ әлеуметтанудың (және жалпы қулық туралы ғылымдардың) міндеттерін қандай шамада да өзгертпес еді, ол міндет адамның парықталып бағдарланған қарекеттерін интерпретациялай отырып түсінуде жатыр. Бұл жағдайда әлеуметтану сарындық байланыстарды интерпретациялап түсінуге жол беретін м белгілі бір пункттеріне түсіну мүмкін емес фактылардың (мысалы, құлықтың белгілі бір мақсатты бағыттарының қайталануының немесе оның типтік ұтымдылық дәрежесінің және бас сүйек индексінің яки терісі түсінің немесе қандай да бір тұқым қуалаушылық сипаттамаларының арасындағы типтік байланыс), ішінара қазір де қаперге алынып жүрген (жоғарыда қараңыз) фактыларды тек енгізуге і піс болар еді.

Читайте также:  БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ ТУРАЛЫ

Оставить комментарий