Загрузка…

НЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ТИПТЕРІ МЕН ТҮРЛЕРІ

Еліміздің саяси және әлеуметтік жағдайы қарқынды дамып жатқан кезең қоғамның барлық саласына жаңалық әкелетіні белгілі. Ал қоғамдағы болып жатқан жаңалықтармен бірге тілде де жаңа сөздер мен сөз тіркестері пайда болады. Тілде жаңа сөздер мен терминдердің пайда болуының себебі нақты өмір жағдайларына сай, қоғамның қарым-қатынастағы нақты сұраныстарға жауап беруі. Ал тілде жаңа сөздер мен терминдердің пайда болуы және оның қолданысқа енуі лингвистер назарынан тыс қалған емес. Осы бағытта қазіргі таңда қазақ тілінде пайда болған жаңа қолданыстарды зерттеу тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі болып табылады.Қазіргі кезеңдегі саяси және экономикалық қайта құрулар сипаты тілге де өз өрнегін салуда. Әсіресе, бұл тілдің лексикалық және сөзжасамдық жүйесінен көрінеді. Жаңа сөздердің тілде пайда болуы мен қолданылуы лингвистерді бұрыннан-ақ толғандырған. Бірақ оның өзектілігі бүгінгі таңда айқынырақ саралануда. Көптеген зерттеушілердің айтуынша, бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарында «неологиялық жарылыс» (неологический взрыв) орын алуда.Нео — грек тіліндегі neos – жаңа деген сөзден шыққан күрделі сөздің бөлігі [1, 865]. Сондықтан да ол неологизм – жаңа сөз не жаңа айтылым, болмаса ескі сөздің жаңа мағынасы дегенді білдіретін терминде де, неология – жаңа сөздер туралы ілім деген мағынаны білдіретін терминде де құрамдас бөлік сапасында кездеседі. Неология – неологизмдер туралы ғылым, лексикологияның бір саласы. Ол лингвисттен тек жаңа сөздерді тіркеуге алуды ғана емес, олардың пайда болуы мен қалыптасуын, тілде жүйеленуін толық зерттеуді талап етеді. Бұл зерттеу тілдің қызметтік аспектісі қырынан келгенде мүмкін болады. Неологияның негізгі проблемасына мыналар енеді: — жаңа сөздерді және олардың мағыналарын тану жолдарын анықтау; — қоғамның прагматикалық қажеттілігіне сай олардың пайда болуына әсер еткен факторларға талдау жасау; — жаңа сөздердің қолданылу шегі мен құрылу модельдерін зерттеу; — олардың әлеуметтік-кәсіби, жас ерекшелігіне сай не т.б. топтарда қабылдануы не қабылданбауына қатысты ұстанымдарды саралау [2, 6]. Жаңа сөздер не неологизмдер жаңа түсініктерді атау қажеттілігінен туындаған. Олардың пайда болуына әсер еткен сыртқы жағдайлар сипатына сай жаңа сөздердің де тілдегі өмір сүруі мен қолданылуы түрліше болады. Олардың кейбірі әлеуметтік мәселелерге қатысты болып, тарихи жағынан құндылыққа ие бола алса (мысалы, мемлекеттің жаңа түрінің пайда болуына байланысты: жариялылық, қос палаталы т.с.с.), енді бірі қысқа мерзімдік болады (мысалы, киім не шаш, аяқ киімге қатысты сән үлгілерінің атаулары). Негізінен, жаңа сөздің пайда болуы тілдегі бұрыннан қалыптасқан, белсенділігі жоғары, сол кез үшін өнімді тәсілдермен жасалып отырады. Қалай болғанда да жаңа сөз жасалғанда, ескі не көне сөз мағынасы жағынан жаңғырады да, жаңарады, болмаса, жаңа сөз кірмелік сипатта болады. Сонда неологизм дегеніміз – бұл жаңадан пайда болған сөз не тіркес немесе бұрыннан бар сөздің жаңа мағынаға ие болуы, я болмаса, өзге тілден жаңа түсінікке сай енген сөз, сөз тіркесі. Лексикалық жаңа жасалымдар тілде көп және алуан түрлі, сондықтан да зерттеушілер оларды жіктеуге әрекет жасайды. Жіктеуде түрлі белгілер не ұстанымдар негізге алынады: формалдық, семантикалық, парадигматикалық, синтагматикалық, әлеуметтік лингвистикалық т.б. Сондықтан зерттеулерде кездесетін жіктемелерде бір зерттеушілер жалпы лексиканы жіктеудегі белгілерді басшылыққа алса, екіншілері тек неологизмге ғана тән белгілерді негізге алады. Енді қолданыста жүрген неологизмдер жіктеліміне нақты тоқталамыз: 1.Тілдік бірлік түрі бойынша неологизм түрлері: Тілдік бірлік түріне байланысты неологизмдер неолексемалар, неофраземалар, неосемемалар (сөздер мен фразеологизмдер) болып бөлінеді. Неолексемалар деп өзге тілден енген жаңа сөздерді не жаңа құрылымдарды атайды. Мысалы: имидж, киллер, рейв, рэп, чизбургер, туалет, биотуалет, бомж т.б. Неофраземалар деп идиомалық семантикаға ие жаңа тұрақты сөз тіркестері мен фразеологизмдерді атайды. Мысалы, қайта құру кезінде қалыптасқан тұрақты жаңа сөз тіркестері мыналар: Ақ үй, сенім несиесі, құқықтық мемлекет, табыс туралы декларация, жарнамалық үзіліс т.с.с. Неосемемалар дегеніміз — көнерген сөздер мен фразеологизмдердің жаңа мағыналары. Мысалы, экология сөзінің «тазалық, дұрыстық, үндестік, тазалыққа қамқорлық» деген жаңа ауыспалы мағынасы пайда болды. Мысалы, рух экологиясы, тіл экологиясы, мәдениет экологиясы т.с.с. 2.Тілдік бірліктердің жаңалану дәрежесіне байланысты неологизм түрлері: Тілдік бірліктердің жаңалану дәрежесіне байланысты неологизмдер екіге бөлінеді: а) абсолютты, ә) қатыстық. Қатыстық неологизмдерді кейде функционалды неологизмдер не өзектіленген сөздер деп те атайды. Абсолютты неологизмдерге әдетте нақты сипаттамалы анықтама берілмей келеді. Оның негізгі сипаты тілде бұрын-соңды болмағандығымен анықталады. Мысалы, бомж, массмедиа т.б. Қатыстық неологизмдер қатарына тілде бұрыннан бар тіл бірліктерінің жаңалануы жатқызылады. 3.Таңбалайтын затына қатысты неологизм түрлері: Таңбалайтын затына, яғни денотаты мен сигнификатына, қатысты неологизмдер бес топқа бөлінеді: 1) жаңа реалиилерді таңбалайтын неологизмдер; 2) көне реалиилерді таңбалайтын неологизмдер; 3) өзектіленген реалиилерді таңбалайтын неологизмдер; 4) ескірген реалиилерді таңбалайтын неологизмдер; 5) шындықта жоқ не жорамалданған реалиилерді таңбалайтын неологизмдер. Көне реалиийлерді жаңғырту бағытында көнерген сөздердің, көне ұғымның жаңалану жолдарына тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Тіл – қоғаммен өзектес жанды құбылыс. Сондықтан оның сөздік құрамы үнемі өзгеріп, толысып, дамып отырады. Ал осы даму тіліміздегі кейбір сөздердің тілдік қолданыстан шығуына себін тигізсе, кейбір сөздердің тілімізге қайта оралуына негіз болып жатады. Бұл дамуда сөздердің мағынасында өзгерістер болып, олардың мағыналары тарылып, немесе кеңейіп те жатады. Сөздің мағыналық жағынан дамуына сыртқы және ішкі себептер де әсер етеді, яғни Р. Сыздықованың сөзімен айтсақ, «Сөз мағынасының эволюциясы тек дамудан, жақсара түсу сипатында ілгері жылжудан тұрмайды. Сонымен қатар сөз мағынасының күңгірттенуі не мүлдем ұмытылуы, ауысуы, кеңеюі, таралуы т.б. танытады» [3, 165]. Сөздердің көнеруі бірден болатын құбылыс емес, олардың әуелі қолданысы бәсеңдейді, пассив сөздердің қатарына еніп, мағынасы түсініксіз сөздерге айналып, кейін тілдік қолданыстан мүлдем шығып қалады. 4. Жасалу тәсіліне қатысты неологизм түрлері: Неологизмдер жасалу тәсіліне қарай үш топқа бөлінеді: 1) кірме, 2) сөзжасамдық, 3) семантикалық. Кірме неологизмдердің өзі іштей сыртқы, яғниөзге тілден енген және ішкі, яғнибір тілдің өз ішіндегі кірме неологизмдер деп екіге бөлінеді. Кірме сыртқы неологизмдерге тілдің, тіл тұтынушысының қажеттілігінен өзге тілден енген бірліктер жатса, ішкі неологизмдерге терминжүйеден, жаргон мен диалектіден әдеби нормаға көшкен сөздер жатқызылады. Қазақ тілінде пайда болып жатқан жаңа атауларды қарастыра отырып, олардың мағынасына лингвистикалық талдаулар жасау, неологияны лингвистиканың жаңа саласы сапасында қарастыру қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі. Пайдаланылған әдебиет 1. Котолева Н.З. Первый опыт лексикографического описания русских неологизмов // Новые слова и словари новых слов. – Л., 1978 2. Брагина А.А. Значение термина и научное знание. – М., 2003. 3. Сыздықова. Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы, 2004.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar