Өнердің ерекшелігі және шығарманың бірлігі туралы

Көркем шығарманың негізі ретінде кейде жалпы бейнелілікті ұсынады. Бірақ, бейнеліліктің не екені белгісіз. «Бейне» сөзі ретінде суреттеудің ерекше тәсілін, бейнелеудің көркемдігін түсінеді, яғни, бір уақытта «Татьяна бейнесі» немесе «Онегин бейнесі» туралы айтылады. Демек, бейне деп адамды, суреттемені түсінеді. «Бейне» сөзінің өзі де бейне болып табылады. Ол нақты анықтама емес — термин емес. Егер Пушкин заманындағы академиялық сөздікті ашып қарасақ, онда біз «бейне» сөзінің көптеген қарама­қайшы анықтамаларын көреміз. Ресей академиясының 1822 жылы жарық көрген сөздігінің төртінші бөлімінен әртүрлі түсіндірмелерді келтірейін (106­107 бб.). «Бейне» сөзінің кейбір мағыналары мынадай: «Сыртқы көрініс. Қандай да бір адамның келбетін бейнелеу немесе ұқсастығы. Мысал. Тәсіл, құрал. Ойдың тәртібі, орналасуы». Мысалға, біз белгілі бір істің «осындай бейнеде» жасалғанын айтамыз. «Мазмұны, мәні». Өнер әдісі бір, ол шығарманы жасау барысында өзгермейді. «Бейне» сөзінің мағыналарының біреуін таңдайық. Өнер құбылыстары бір­біріне өтеді. Сонда, өнер «тәртібі» қандай? Өнерлер әртүрлі, бірақ, олардың белгілі бір байланысы бар екені анық. «Бейне» сөзі «ұқсастық», «бейнелеу» ретінде жалпы кескіндеме үшін де, мүсін өнері үшін де жарамды, бірақ сәулет өнері мен музыка үшін мүлде жарамсыз. Би өнері үшін де жарамдылығы шамалы, бірақ бұл жерде біз бейнені — «билеу тәсілі» деп айта аламыз. Ежелгі теоретиктердің өзі «бейне» ұғымының лирикалық поэзияға коп келе бермейтіні жөнінде айтқан, себебі лирикалық поэзия бірдемені бейнелемейді, ол өз бетінше бейнелеуі жоқ сезімдерді жеткізеді. Сұрақты күрделендіре отырып, дәлірек айтқанда, сұрақтың күрделілігін көрсете отырып, біздер өзінің тәсіл ­ құралдары бар физика секілді мәселеде де бейнеліктің айқынсыздығын көреміз. Әрине, физик белгілі бір бейнеде ойды түсініп, бекітіп ойланады. Бірақ оның қалайша түсінетінін біз нақты білмейміз. Біз сөзбен ойланатынымызды айқын деп есептейміз, бірақ шындықпен байланысқан математикалық ойлау көбінесе математикалық формулаларда көрініс тауып, басқа амалмен, сонымен бірге сөзбен де жеткізіле алмайды. Оның мазмұнын қиындықпен айтып беруге болады, бірақ айтып бергеннің өзінде ол көрнекті, көлемді елестейтіндей бола алмайды. Альберт Эйнштейн «Шығармашылық өмірбаян» мақаласында былай деп жазады: «Мен үшін біздің ойлауымыз негізінен рәміздерді (сөздерді) айналып өтіп, сондай­ақ бейсаналы түрде өтетіні күмәнсіз». Егер де ол басқаша болса, онда біз үшін неге кейде белгілі бір қабылдауға (Erlebnis), тіпті аяқ астынан «таң қалуға» тура келеді? Бұл «таң қалу акті», шамасы, қабылдаудың біздегі едәуір орныққан ұғымдар әлемімен қақтығысқа кірген кезінде пайда болады. Мұндай қақтығыс ауыр және қарқынды әсерленетін жағдайларда, өз кезегінде біздің ой әлемімізге ол өте қатты ықпалын тигізеді. Осы ой әлемінің дамуы өзімен белгілі бір мағынада таң қалу сезімін жеңуді — «ғажайыптан», «кереметтен» үздіксіз қашуды білдіреді». Сонымен, шынайы өмір сүретін, біздің барлық танымдарды жарататын кәдімгі әлем таным дәйегінің өзінде басқа нәрсені, өзгеше айтқанда — таңдану дәйегін, өз мәнінің біздің білімімізге деген қандай да бір артықшылығының дәйегін жаратады. Эйнштейн айтқандай, бұл таңдану сезімі ғылыми ойдың алғашқы себебі немесе алғашқы себептерінің бірі болып табылады. «Ғылыми зерттеулердің қағидалары» деген мақаласында Альберт Эйнштейн көркем терминдерді қолданады: «Адам әлдеқандай барабар тәсіл арқылы өзінде әлемнің қарапайым және айқын көрінісін қалыптастыруға тырысады; ол өзі өмір сүретін әлемді жеңу мақсатында ғана емес, ол сондай­ ақ осы әлемді өзі жаратқан көрініспен белгілі бір дәрежеде алмастыру үшін істеледі. Осымен суретші, ақын, теорияландырушы философ пен табиғат зерттеушісінің әрқайсысы өздігінше айналысады. Бұл көрініске және оны безендіруге адам өз өмірінің аса тар әрі бас айналдыратын айналымында таба алмайтын тыныштық пен сенімділікті табу мақсатында өз рухани өмірінің ауырлық нүктесін аударады». 4 Біз модель ұғымымен, ұқсастық ұғымымен, басқа әлемді құрастыру ұғымдарымен кездесеміз. Осы құрастырулар біз шынайылық деп отырғанды түсіну үшін, мүмкіндіктерді болжау және ашу үшін жаратылады. Суретшінің шынайылықтың өз моделін құрастыру мақсатындағы қоршаған ортадан алып жарататынының бәрі — жәй ғана бейнелеу емес. Бұл ерекше түрдегі бейнелеу. Ол қабылданғанның қасиеттерінің өз ұқсаспауында салыстырылатын бейнелеу. Гегельдің «Философия тарихы бойынша лекциялар» атты кітабының конспектісін жасағанда Ленин былай деп жазады: «әр уақытта қиыншылыққа тап болатын нәрсе — ол ойлау, себебі ол заттың шындыққа байланысқан мезеттерін бір­бірінен ажырата қарастырады» — сосын жиегіне «дұрыс!» деп жазады. Сіздер оқып отырған кітапта әдебиет лингвистика саласы емес, ал лингвистиканың өзі жалпы ойлау туралы ғылымға тең емес екені жөнінде жазылған. Аристотель «Поэтикада» трагедия жөнінде айта отырып былай деп жазады: «Біз трагедияның анықталған көлемі бар, аяқталған әрі тұтас әрекетке еліктеу болып табылатынын тұжырымдадық, себебі, өмірде ешқандай көлемсіз де тұтастық бар. Aл тұтас — ол басталуы, ортасы және аяқталуы бар нәрсе». 5 Грек мифологиясы үшін ол анық әрі нақты болып табылады. «Илиаданың» басталуы — Ахилестің Агамемнонға деген ызасы болса, ортасы — осы ызаның салдары және Патроклдың өлімі болады. Шын мәнісінде, аяқталуы жоқ — Ахилестің тағдырын ең алдымен: «…сенің ақырғы күнің жақындады!» (XIX ән, 405 шумақ), — деп оның тұлпары Ксанф, ал кейіннен Гектор (XXII он, 360 шумақ) болжады. «Одиссеяның» да басталуы, ортасы және аяқталуы бар. Ертегілердің басы мен аяғы болады. Ертегі көбінесе келесі сөздермен басталады: «Ерте ­ ертеде өмір сүріпті…» немесе «бір патшалықта, бір мемлекетте өмір сүрген…». Осындай үйреншікті басталу тыңдаушыны өз заңдары бар ерекше құрылымға енуге бағыштайды. Ертегінің өзіндік дәстүрлі аяқталуы да болады: «Сонда мен де болдым, сыра мен бал іштім, мұртымнан ағып, аузыма тиген жоқ». Ертегі аяқталды. Бірақ та үзілмелі, бас­аяқсыздық немесе өзіндік бір «шексіздік» өнерде үнемі кездеседі; олар зейінге деген түрткіні тудырады. Пушкин «Евгений Онегинді» былай деп бастайды: Мой дядя самых честных правил Когда не в шутку занемог, Он уважать себя заставил И лучше выдумать не мог. Бұл нәрсені кім және не үшін айтып отырғаны осы шумақта белгісіз. Кейіпкер кейіннен анықталады — ауылда Онегиннің пайда болуы кейін түсіндіріледі. Мұндай басталу қажет. Ол бізді бейтаныстың ажарына мұқият қарауға шақырады. Ол Онегиннің немен айналысатыны жөнінде хабар береді. Ол Онегиннің ауылда, яғни, Ленский мен Татьянаға кезіккен жерінде пайда болуының экспозициясы ретінде болады. Онегиннің «мінезі» — Татьяна үшін жұмбақ. Онегиннің махаббаты оның өзі үшін жұмбақ. Біз кейіпкерлерді шегіністерге — оларды қоршаған атмосфераға көз салу арқылы өзіміз тауып алуымыз керекпіз. «Евгений Онегин» романының «өмір энциклопедиясы» әртүрлі нәрселерді біріктіреді: ауысып отырған жыл мезгілдерінің бейнелері, автордың өзі және басқалары туралы жүгіртпе пікірлері. Шумақтардың күрт өзгерулері баяндаудың кендігі мен әр қырлылығын қалыптастырады. «Евгений Онегин» — жағалаулары суреттелген, бірақ аяғына шейін зерттелмеген өзен. Кейіпкердің өзі және оның әлемдегі орны түсініксіз. Оның махаббаты танылмай өтті және оны тану қайғылы болды. Тұтастықтың көрінісін беретін кәдімгі аяқталу — махаббаттың шешілуі мұнда алынып тасталған. Бұл кездейсоқтық емес. Осында заңдылық анықталады. Тұтастық ұғымы тарихи және ауыспалы нәрсе. Әдеттегі жерлер мен үйреншікті ертегілік ережелерді өзгерте отырып және өзі оған таң қалғандай болып, ертегі айтушы жаңа ертегіні жаратады. Ол өз әңгімелеуін құрастырады. Пушкин Байронның да, Стерннің де ізін қуған жоқ. Іздену бағытын беріп, ол өзінен дәстүрлі, құрамында ақпараты жоқ аяқталуды ығыстырды. Ол досына былай жауап береді: Ты мне советуешь, Плетнев любезный, Оставленный роман наш продолжать И строгий век, расчета век железный, Рассказами пустыми угощать. Осылай аяқталмаса, эпилог та болмайды. Пушкин жауаптан қашты. Қатал ғасыр оны осы үшін жазғырған. Ескі кіріспелер болмайды. Дәстүрлі аяқталу ысырылған — терістелген. А. П. Чехов ағасына жолдаған хаттарында: «Екінші бетінен бастай бер» деп кеңес берген еді. Әңгімелесулерде ол әлдеқайда табанды болды: «өз әңгімеңіздің бірінші жартысын алып тастауға әрекеттеніңіз; сізге тек екінші жартысының басын өзгертуге тура келеді, сонда әңгіме түгелімен түсінікті болады». 6 Шығарманың бірлігі оның басталуы, ортасы, аяқталуы болғанда емес, оның бірлігі ондағы бөлшектердің белгілі бір өзара әрекетінің қалыптасуында. Тұтастықтың бірлігі ұғымы тарихи өзгеруде.

Читайте также:  "Бастауларға қайтып оралудың" дәстүрлі техникасы

Оставить комментарий