iRef.kz

Қоғамның құрамы және халық өкілдігінің элементтері

Өкілдікте ұлыстардың айырмашылығы кездейсоқ құбылысты құрайды; көптеген мемлекеттерде ол екінші қатардағы дерлік рөл атқарады. Бірақ барлық жерде орын алатын және өкілдікті жиналыстардың құрамы мен қасиеттері сонымен анықталатын әлдеқайда маңызды айырмашылық бар, бұл ­ қоғамдық таптардың айырмашылығы. Саяси құқықтарға шақырылатын қоғам біртекті бұқараны құрамайды, қайта мінезі мен бағыты әрқилы жекелеген топтарға бөлінеді. Адамдар жұмысы бойынша, бейімі бойынша, қоғамдық жағдайы бойынша, білімі бойынша, соның салдарынан көзқарастары мен мүдделері бойынша бөлінеді. Біртекті топтар ортақ мақсаттар үшін бірігеді, әртектілер көбіне бір­бірімен күреске түседі. Өкілдікті мекемелердің бағыты, күші, сондықтан табысы немесе сәтсіздігі осынау элементтердің өзара қатынасына тәуелді болады. Бұл саяси бостандық үшін негізгі мәселе. Қоғамның жекелеген топтарға бөлінуін айқындайтын негізгі бастау ­ меншік. Ол адамға тек материалдық құралдар ғана беріп қоймайды, адамдарға ықпал құралын да, сондықтан күш пен билік береді. Оны белгілі бір қызметке матап, ол оның қоғамдағы міндетін де белгілейді. Сол арқылы ол білім алуға және қоғамдық істермен айналысуға уақыт табады. Ақыр соңында, ол оған оның қол сұғылмауын және оның дұрыс қозғалуын күзететін азаматтық тәртіпке сүйіспеншілікті сіңіреді. Осылайша, меншік материалдық мүдделер саласында басым элемент, рухани салада ­ қызметтің басты шарттарының бірі болып табылады. Осының нәтижесінде, қоғамның таптар мен дәулетке қарай бөлінуі басым бөлігінде соған негізделген. Бұл арада екі бастау: бір жағынан, меншік көлемі, екінші жағынан оның түрлері басты рөл атқарады. Өнеркәсіптің табиғи барысы адамдар арасында мүліктің тең бөлінбеуіне жетелейді. Еңбек пен үнем капиталды бір қолда қорландырады; алынған игілік мұраға қалдырылып, бұрынғыдан да мол байлықтың қайнар көзіне айналады. Осының салдарынан, байлар мен кедейлер таптары құралады, олар қаражаты тең болмағандықтан, қоғамда ең жоғары не¬месе ең темен орын алады. Адам алғашқы қауымдық ахуалдан шыққан, өнеркәсіп дамитын, табиғат рухқа бағынатын барлық жерде, осынау қарама­қайшылық орын алады. Ол оны туындататын себептердің пәрменімен ғана емес, сыртқы дүниеде әрқилы мақсаттар алдында тұратын адамның міндетінің өзінің салдарынан да қажет. Адамзат тегінің кәп бөлігі сөзсіз физикалық еңбекке бағытталуы тиіс, онсыз табиғатты бағындыру мүмкін емес; басқа, таңдаулы бөлік өзін ақыли рух қызметіне арнайды, оған қажетті шарт материалдық молшылық. Бұлардың біріншісі кедейлердің, яғни халықтың орасан юр бұқарасының талайы, екіншісі білім алуға қаражаты және ақыли жұмысы үшін бос уақыты бар байлардың талайы. Жоғары және төмен таптар арасында, байлар мен кедейлер арасында, алайда, делдал буын болады.

Бұлар ­ орташа дәулетті адамдар, олар екі шетті жалғастырып, олардың ара¬сында өткел болып, қоғамда басты байланыстырушы элементті құрайды. Осынау өтпелі сатылар таптар арасындағы шекараны елеусіз етеді; өнеркәсіп бостандығы кезінде бір таптан екінші тапқа өтудің үздіксіз қозғалысы да жүріп жатады. Алайда, елеулі белгілерде, айырмашылықтар қала береді. Меншіктің көлемі бойынша жоғары таптарға жалпы өз кірісімен күн көретін капиталисттерді жатқызуға болады; төменгі тапқа дене еңбегімен айналысатын жұмыскерлер жағады; орташа тап оз еңбегін біршама капиталымен біріктіретін өнеркәсіпшілерден құралады. Мемлекеттік тұрмыс үшін бұл бөліністің аса манызды мәні бар. Әрқилы таптардың саяси қабілеті де, бағыты да сонымен анықталады. Бізге саяси қабілет негізінен қоғамның бос уақыты да, дәулеті де бар жоғары қабаттарында дамиды деудің талай рет орайы келді; дене еңбегіне бұйырылған төменгі таптар табиғи түрде артта қалады. Саяси өмірге қатысу да соған орайластырылуға тиіс. Қалыпты қатынастар үстем қоғамда темен таптар саясатқа ілуде бір тікелей катысады. Олардың ең етене мүдделері қамтамасыз етіліп тұрғанда, олар мемлекеттік мұқтаж туралы қам жеуді қуана­қуана басқаларға жүктей салады («біреу сөзіңді сөйлесе, тілің қышып бара ма?» деген қазақ мәтелін еске алыңыз ­ Ауд.). Өздерінің табиғи мінез­құлқы бойынша олар билеп­ төстегеннен гөрі, бағынуға бейіл. Сондықтан, олар күшті үкімет атаулының табиғи тірегін құрайды, ал күшті үкімет олардың өзекті қажеттерін қанағаттандыра отырып, сонымен бірге отан туын жоғары ұстайды, өйткені халықтың ең жоғары инстинктерін қоздыратын ұлы мәселелер ғана бұқараны саяси іске енжарлықтан оята алады. Деспотизм мен демократия арасындағы жақын байланыс осыдан. Жоғары таптардың либералдық ұмтылыстарына кереғар шығатын үкімет бұқара тарапынан таяныш іздеп, оларды саяси өмірге тартуға тырысады. Мұны біз қазіргі кезде Пруссияда көріп отырмыз. Алайда, бұл үміт ылғи да орынды бола бермейді. Ол үкіметке уақытша басымдық бере алады; бірақ қоғамдық күштердің дұрыс қатынасы бұзылады да, мұның өзі төңкеріске жетелейді. Бұқараның саяси өмірге парасатты тәртіппен бірге тұрақты қатысуы әбден қолайлы жағдайда ғана: халық білімі жоғары болғанда, материалдық әл­ауқат елеулі болғанда және қоғамдық тұрмыс қарапайым болғанда мүмкін. Мұндай жағдай, әсіресе аристократиялық элементтер онша мықты емес жерлерде, республикаға оңай бейімделеді. Ал мұндай жағдай жоқ жер¬де, өздеріне тән емес міндетті атқаруға жасанды түрде шақырылған төмен таптар, бағдардан жаңылысып, үкіметке тірек болудың орнына, революция жағына шығып кетуі мүмкін. Олардан революциялық армия құрылады, оларсыз жоғары және орташа таптар, соғыста солдаттарсыз қалған генералдар мен офицерлер секілді, төңкеріс жасауға дәрменсіз.

Бұл рол әсіресе қала пролетариатына тиесілі. Бұл арада қаладағы дәулет пен селодағы дәулет арасындағы айырмашылық байқалады, біз оған кейінірек соғамыз. Егер төмен таптар, өзінің мінез­құлқы бойынша, бағынуға бейім болса, жоғары таптар, керісінше, өздерінің алдағы жағдайына байланысты сөзсіз билік пен құқыққа ұмтылады. Бұл олардың табиғи ұмтылысы. Дәулеті жеткілікті, тәуелсіз, білімді, қоршаған ортада барынша сыйлы да абыройлы адамдар қоғамдық істерде әрқашан басым ықпалға ие болғысы келеді. Бірақ жоғары таптардың саяси құқықтары екі текті: пе мемлекетте төмен халыққа билік жүргізумен ұштасқан артықшылықты жағдайға ие болу, не еркін мекемелерге басшылық жасау болатындықтан, олардың талаптары да екі текті бола алады. Жоғары таптар әрқашан артықшылыққа не саяси бостандыққа ие болғысы келеді. Сондықтан біріншісі жойылса немесе кемітілсе, сөзсіз соңғысын қалау тілегі атқа мінеді. Бұл талаптар әрқашан заңды және қоғамдық игілікпен сай бола бермейді. Оларда кебіне қара басының қамын күйттеу көрінеді; олардың бойынан көбіне бостандықты таза қалаудан гөрі, айрылып қалған артықшылықтары жөніндегі ыза мен қайғы ізінің таңбасы көбірек көрінеді. әдетте, бір сезімнің екінші сезіммен мидай бытысып кететіні сонша, оларды әрең­әрең ажыратасың. Бірақ қалай болғанда да, осынау ұмтылыстар жоғары таптардың табиғи жағдайы мен мінез­құлқынан шығады, сондықтан оған ренжуге болмайды. Оларды тек бюрократиялық жүгенсіздік қана байыбына бармай­ақ теріске шығара алады. Олардың қаншалықты заңды және мемлекет пайдасына сәйкес келетінін анықтау парасатты үкіметтің шаруасы. Олардың күші мен маңызы негізінен олар басқа таптар, әсіресе орта таптар тарапынан табатын қолдау көлемімен өлшенеді. Бұл барлық саяси бостандық талаптарының сынтасы. Жоғары таптар қоғамдағы аристократияны құрайды; бұл бұқара емес, содан оқшау көрінетін, таңдаулы элемент. Орта таптар, керісінше, әлдеқайда демократиялық сипатта; ол дене еңбегімен емес, ақыл еңбегіне берілгендігіне қарай халықтың өзі. Оларға азды­көпті білім және дәулет жинап үлгергендердің бәрі жатады; олар бұқараға мүлдем ашық қана емес, онымен тамырымен де, бұтақтарымен де араласып жатады. Өзінің мәнісі жағынан, орта таптар биліктен гөрі, еңбек пен өнеркәсіпті дамытуға қажет бостандыққа ұмтылады. Жоғары таптар секілді тәуелсіз жағдайы жоқ олар әлдеқайда көбірек инициатива мен іскерлікке ие, өйткені тек капиталын пайдаланбайды, өздері де жұмыс істейді. Ақыли қызметке арналған жеке еңбектің қуатына әрқашан тәуелді халыққа білім беру ісі негізінен солардан тарайды. Жоғары таптар бұл арада да бұрын жинақталған капиталды пайдаланады, соның салдарынан олардың білімі әрқашан азды­көпті көшіріп алу сипатында болады, тек орта қабаттарда ғана ол сом алтынға айналады.

Сондықтан, халықтың ағартылу дәрежесі орта таптардың білімімен өлшенеді. Ақыр соңында, қоғамдық дербес қызметтің басты қайнар көзі бола отырып, орта таптар қоғамның бірігуіне де бәрінен көп жәрдемдеседі. Олар, бұрын айтқанымыздай, байлық пен кедейліктің ең шеткі нүктелерінің арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарады. Осының бәрі оларды халық өкілдігінің ең елеулі элементі етеді. Бірақ таптардың сипаты, жағдайы және қатынастары тек бір ғана меншік көлемімен өлшенбейді. Бұл арада оның түрлерінің елеулі ықпалы бар, олар мемлекеттік өмірге жаңа элементтер енгізеді және қоғамдық топтардың өкілдікті құрылысқа қатынасын едәуір өзгертеді. Меншіктің оның әрқилы түрлері бойынша бөлінуі таптардың емес, дәулеттердің құралуына жетелейді. Адамдардың бойында олар арнайтын жұмысқа және олар өзінің материалдық негізімен қойылған ортаға қарай ерекше қасиеттер, ерекше pyx дамиды. Бұл айырмашылық қоғамда байлықтың теңдей бөлінбеуінен туындайтын бөліністен әлдеқайда терең бөлініс жасайды. Жекелеген таптар, сандық нышандарымен өзгешелене отырып, бір­ біріне елеусіз өтеді де, сондықтан бәрі азды­көпті бір бүтінде тоғысады. Керісінше, сапалық жағынан өзгеше болатын дәулет, бір­бірінен бөлшектенуге, оқшауланып, өзінен заңды жолмен құрылған корпорациялар жасауға ұмтылады. Осының салдарынан дәулет сословиеге айналады. Сословиелердің оқшаулану ниеті негізінен орта ғасырларда күшті болғанын көрдік, ол ниет бүкіл қоғамдық тұрмыстан шыққан болатын; жаңа заманда, ортақ мүдделер мен мемлекеттік тәртіптің дамуы нәтижесінде ол ниет барған сайын кеміп келеді. Біз сословиелік жиналыстар туралы да айтқанбыз; біз мемлекеттің шынайы қасиеттеріне және өкілдік мақсаттарына олардың сай келе қоймайтынын көрдік. Осы арада қоғамдағы бірлік неғұрлым аз болса, өкімет соғұрлым шоғырланған болуға тиіс деген ортақ ережені қолдана отырып, біз қоғамда сословиелік алауыздық неғұрлым коп болса, өкілдікті мекемелер соғұрлым аз мүмкін болады деген байламға келеміз. Сословиелер антогонизмінің себептері ең алдымен біреудің басқалардан артықшылығынан шығатын мүдделер қарама­қарсылығында жатыр. Ондай артықшылықтар санатына жер нелерінің басыбайлылық құқық тұсындағы немесе міндетті қатынастар тұсындағы шаруаларға билігі жатады. Бір сословиенің мүддесі бостандық пен меншікке ие болуда, екіншісінікі ­ өзінің құқықтары мен өзінің жерін сақтап қалуда. Міндетті байланыс шешілмейінше және екі жақтың да меншігінің шекарасы түпкілікті белгіленбейінше, ұмтылыстардың қарама­қарсылығы жалғаса беруге тиіс. Тек қиындықтардың толық бостандығы тұсында ғана екі сословиенің де халық өкілдігіне катысуына жол беріле алады.

Соған дейін олардың біріне де, екіншісіне де саяси құқықтар сыйлау елеулі қиындықтарға тап болады. Бағынышты сословие жоғарғы өкіметтің қатысушысы бола алмайды; бұл оның тәуелді жағдайына сай келмейді және оған тек жеке мақсаттарға жетудің құралы қызметін ғана атқарады. Екінші жағынан, жоғары сословие, адамның табиғи пиғылы бойынша, өзінің құқықтарын сословиелік пайда және өзінің билеп­төстеуін нығайту үшін пайдаланып кетеді. Оған жоғары өкіметке қатысу құқығы берілген бойда, шаруалар пайдасына өзгеріс жасау атаулы мүмкін емес дерлік болып шығады немесе революциялық жолмен ғана мүмкін болады. Бұл істі екі жақтың да үстінде тұрған самодержавиелік ырық қана шеше алады. Ақыр соңында, егер екі сословие де өкілдікке бірге енгізілсе, олардың арасындағы даулы мәселелер шешілмейінше, біреуінің құқықтары екіншісінен басым болып тұрғанда, олардың біріктірілуінің табиғи зардабы өзара дұшпандықтың өрши түсуі болды. Төмен сословие өзін ауыртпалық атаулыдан құтқару үшін саяси бостандықты пайдаланып қалғысы келеді, жоғары сословие бағыныштыларының қанағатсыз талаптарына ызаланады. Францияда, 1798 жылы, бұл қатынастар көтеріліс арқылы шешілді». Басыбайлылық құқық баяғыда алынып тасталғанымен, шаруалар феодалдық заманнан мұраға қалған толып жатқан алымдардың ауыртпалығынан азап шегетін. Өкілдікті жиналыс сайланған бойда, селолар замоктарға қарсы көтерілді де, дворяндардың шаруалар жерлеріне барлық құқығы революциялық жолмен жойылды. Бізге неғұрлым жақын уақытта, 1848 жылы, шаруалар мен қожайындардың дұшпандығы Австрия сеймінде бұрқ ете қалып, барлық жердегі революциялық толқулардың да, саяси бостандықты нығайтудың барлық әрекеттерінің сәтсіздігінің де басты себептерінің бірі болды. Шаруалар өздері ұшыратылған азаптауларды суреттеп беріп, помещиктер ормандары мен жерлерінің өздеріне берілуін талап етті; қожайындар меншіктің бұзылуына қарсы шырқырай ойбайын салды және тонап жатыр дегенді төтесінен айтты. Үкіметтің төмен сословиеден реакцияның ләм демес құралын тапқаны таңқаларлық емес. Тек Венгрияда (Мадиярорсаг) ғана іс басқаша жүрді. Онда сеймнің өзі, конституциялық реформалар жасай отырып, өзіне шаруаларды тарту қажеттігін көре білді де, олардың помещиктерге міндетті қатынасын оларға сан алуан жеңілдіктер беру арқылы шешті. Конституциялық тәртіпте байланысты толық тоқтату тығырықтан шығудың бірден­бір жолы, өйткені даулы мәселелер шешілмейінше, оларда жанжалдың ұрығы жасырынып жатады, олар ортақ іс жөніндегі келісімді мүлдем дерлік мүмкін етпейді, бұл оны халықтың орасан зор бұқарасының қолдауынан айырып, өкілдіктің өзін бүлдіреді. Алауыздықтың басқа бір себебі артықшылықты сословиелерді басқаларға түсіретін ауыртпалықтан арылту. Жоғары сословие мемлекетке өзіндік бір міндеттер атқаратын кезде, мұнда тұрған әділетсіз ештеңе жоқ. Осылайша, қызмет, негізінен әскери қызмет дворяндардың міндеті болғанда, ол төмен таптарға салынатын алымдардан әділетті босатылды. Белгілі бір жағдайларда бейімділіктегі осынау айырмашылық сословиелік құқықтардың бекуіне жәрдемдесе алады.

Орта ғасырларда дворяндардың әскери күші саяси өкілдіктің басты тірегі болды; князьдардың шексіз билігінің дамуына жалғыз сол кедергі бола алды, оған феодалдық жасақтар әскермен алмастырылған бойда толық өріс берілді. Бірақ жаңа, мемлекеттік тәртіп орнауына байланысты, халықтың құқықтарын қарудың күшімен емес, сословиелердің ортақ өкілдікті жиналыстағы бірлескен қызметімен қолдап отыру керек болғанда, сословиелік міндеттердің айырмашылығы бөлінудің басты қайнар көздерінің біріне айналды. Адамдар ортақ салмақты бірдей көтермейтін жерде оларда жиынтық, оларды біріктіретін мүдде болмайды да, сондықтан ұйымшыл қызмет мүмкін емес дерлік болып шығады. Ауыртпалықтан арылту жоғары сословиенің таза артықшылығына айналған кезде одан да жаман, дворяндардың қызметтік міндеті алып тасталған кезде тап солай болды. Бұл арада енді алымдардан босатудың ешқандай әділетті негізі жоқ, сөйте тұра дворяндар, көптеген еуропалық мемлекеттердің тарихы көрсететіндей, бұрынғы мәнінен айрылған жеңілдіктерді ұдайы да табамды пайдаланып келді. Бұл басқалардың дұшпандығын сөзсіз қоздыратын еді. Салмақ түскен сословиелер табиғи түрде алымдардың барлық азаматтарға біркелкі бөлінуіне ұмтылады, және олар неғұрлым көбірек құқықтарға ие болып, өзінің күшін сезінсе, олардың әділеттің ортақ бастауына негізделген талаптары соғұрлым күшейе түседі. Францияда жоғары сословиелердің алым жөніндегі жеңілдіктері төмен таптардың жоғары таптарға өшпенділігінің және бірінші революция оқиғаларының басты себептерінің бірі болды. Құқықтардың мұндай теңсіздігі жағдайында сайланған жиналыс тек алауыздықтардың, артықшылықты жағдайдан туындайтын көзқарастар мен мүдделердегі айырмашылық салдарынан күшейе түсетін алауыздықтың сахнасы болады. Олардың сөзсіз нәтижесі халықтың қолдауынан айрылған жоғары сословиенің құлауы болуға тиіс. Гнейстің әділ ескертпесі бойынша, қоғамдық ауыртпалықты көтергісі келмейтін адамдар, өздеріне құқықтарды да талап ете алмайды. Бірақ егер жоғары сословиелердің жеңілдіктері, қоғамды бөле отырып, өкілдік мүмкіндігін жойса, онда керісінше, олар алып тасталғанда, өкілдікті тәртіп енгізу жеңілдейді. Алайда, жеңілдіктерді жою бар кезде бірдей мемлекетке пайдалы санала алмайды. Біз сословиелік құрылыс, әсіресе дворяндардың көтеріңкі жағдайы, самодержавиелік басқару кезінде қажет екендігін көрдік. Корпоративтік байланыс төл құқықтар мен ұмтылыстардың әрі күзеті, өрі қызметін атқарады. Сословиелік және әсіресе дворяндық құқықтар бюрократиялық өзім білемдікті азды­көпті тежеп отырады. Егер жоғары сословиелердің артықшылықтары алып тасталса, жаңа күштер нығайып алғанша, тәртіп пен бостандыққа өздерінің бірден­бір кепілдігінен айрылып қалу қатері төнеді. Бұрыннан бар, үйреншікті құрылыс, жаңасымен алмастырылмай, құрып кетеді; бұрын тежеліп келген ұмтылыстар кең өріс алады да, мемлекет толқу ахуалына тап болады, ол не жаппай босаңсуға, не әпербақандықтың сұмдық үстемдігіне жетелейді.

Қалай десек те, жойылған жеңілдіктер саяси құқықтармен бірден алмастырыла алмайды. Сословиелік қатынастарды өзгертуге әрқашан бұлыңғыр, өтпелі ахуал сөзсіз ере жүреді. Бұл арада сөзсіз наразылық туындайды, күрес өршиді, бұл күрес артықшылықты таптар неғұрлым күшті болса, басқа элементтер неғұрлым әлсіз болса, соғұрлым табанды да қауіпті бола түседі. Өзінің құқықтарынан айрылатын сословие, оған разы бола алмайды; ол не олардан айрылмауға, не есесін басқасымен қайтаруға ұмтылатын болады. Біз жоғары таптар, өзінің жағдайы бойынша, әрқашан билікке және құқыққа ұмтылатынын көрдік. Егер теңдік талабы халық жиналысы тарапынан қойылса, онда артықшылықты сословиелер өздеріне қорғаныш болатын монархиялық өкімет төңірегіне табиғи түрде топтасады. Францияда революция заманында солай болды. Бірақ ондай одақ монархия үшін тажалды болуы мүмкін, өйткені ол сонысымен халықтың ортақ мүдделерінің емес, кейбір таптардың ерекше пайдасының өкіліне айналады. Ал артықшылықтарды монархтың өзі, ортақ мемлекеттік пайда үшін жойса, басқа құқықтармен есесін қайтаруға ұмтылысқа самодержавиелік өкіметті шектеу тілегі табиғи түрде қосылады. Бұл өте түсінікті адами ұғым, ол үшін жазғыру да мүмкін емес, өйткені адами мүдде мен нәпсі барлық саяси мақсаттарға араласады. Алайда, бұл арада осынау талапты қанағаттандыру қай кездегіден де орынсыз. Сословиелік ыза кезінде ортақ пайданы көздеп бірауызды қимылдайтын өкілдікті жиналысты күту қиын. Ең бір қаяусыз үкімет одан қолдау таппайды. Өкілдікті мекемелер нәпсі түртпегі тиылғанда және бұзылған мүдделер жаңа тәртіпке бейімделіп үлгеріп, дұрыс арнаға қайта түскенде ғана қалаулы жемісін бере алады. Жалпы, өтпелі замандар саяси бостандық орнату үшін қолайлы емес, олар соның дайындық кезеңі қызметін атқарғанымен, іс жүзінде солай. Бірақ сословиелік қатынастардың өзгеруі берік өкілдікті құрылыстың мүмкіндігі атаулыны мүлдем мүмкін етпейді. Конституциялық ғимараттың мықты іргетасы тек өзінің негізінде мықтап жайғасқан, әрқилы элементтердің қатынастары салтпен, өмірмен орныққан қоғам ғана. Бірақ бұлыңғырлық тек заңмен жайғастырылатын жалғыз саяси салада ғана емес, анықтама беру атаулыдан жылыстап кете беретін өмірдің күн сайынғы қақтығыстарына сіңіп алған жерде, көзқарастар мен мүдделер жолынан адасқан, бәрі де былыққа айналған, ешкім өзінің орнын білмейтін, бұрынғы орталықтарынан айрылып қалған ықпал мен сыйласу жаңа орталық тауып үлгермеген, кысқасы бүкіл қоғамдық ғимарат қайта құрылып жатқан жерде саяси бостандық бұлғақ пен анархиядан басқа ештеңе бермейді. Толқу ахуалындағы, бекіп, жайғасып үлгермеген қоғамның естілігіне үміт артып өкілдікті мекемелерді бірдеңе шығар деп енгізе салу ­ саяси жеңілтектіктің шыңы. Бұл тұрғыдан француз революциясы тағлымды мысал. Егер алғашқы кезде ол талқандаудан басқа ештеңе бітіре алмаса, онда оның сәтсіздігі едәуір дәрежеде қоғамның жаңа саяси ғимарат салуға да, сословиелік қатынастарды өзгертуге де бір мезгілде кіріскенімен түсіндіріледі. Керісінше,ағылшын революцияларының табысы мықтап беркігені олардың өзінің негізінде баяғыдан бекіп алған қоғамда жасалғандығынан. Саяси қатынастар өзгерді, бірақ қоғамдық қатынастар бұрынғы күйінде қала берді.

Пікір қалдыру