Қонай батыр

Басынан сан қилы замандар өткізген ежелгі қазақ халқы өзінің өмір шежіресінен сабақ алмаса, ақ жолдан адастырмайтын сара жолын қалай таппақ?! Өткенін ұмытса, барын сұрастырмаса, адастырмас даңғыл жолын қалай таппақ?!. Өткенін ойламаса, өркені қалай өспек, көсегесі қалай көгермек?! Бұрынғы тарихын жоғалтса, келешекке не бегімен көрінбек?! Осы тұрғыдан алып қарағанда, бірде қағазға жазылған, бірде ауызша аңыз ретінде осы бізге дейін жеткен көне тарих ізі — халық шежіресінің, оның ішінде ауыз әдебиетінің мәні ерекше. Көбіне аңызбен астасқан, кейде қоспасыз өмір суретінің көшірмесі іспетті, осынау ұшан­теңіз дүниесіз тарихымызды сараптай алмайтынымыз сөзсіз. Қазіргі кезде халықтың ата­баба тарихына ала­бөтен ықыласты болып отырғанының да бір сыры сол болса керек. Ал кеше ғана өткен кер түсініктің қасіретінен сол асыл мұраларымызды тануда көксау дертке шалдығып, ел бойын жинай алмай келді. 16 республикадан тұратын терезесі тең одақ болған кездің өзінде де сонау, 20­шы жылдардың бас кезінде шежіре — тарих айтыла бастап тез сөнген­ді. Енді жан­жағыңа қарап, тарихыңды іздейтін кезең қайта келді. Егер қазақ тарихын іздегіміз келсе, шежіре сілемдерін «тарих атасы» Геродот баспаларынан бастап, берісі орыс саяхатшыларынан, М.Қашқаридың «Диуани лұғати­т– түрік», Әбілғазы Баһадүрханның «Шежіре­и түрік», Нәжіп Ғасымбектің «Түрік тарихы», ескі шежіре «Құтадғу білік», қазақтардың тарихын зерттеген В.Радлов, В.Бартольд, Н.Аристов, Г.Карелин, болмаса Шәкәрім еңбектерінен де көп зат табуға болады. Ал Кіші жүз елінің бір бөлігі Байұлы десек, оның бір тарауы Адай елі тарихының бірқатар сілемдерін белгілі шежірешілер Алшын, Ұзақбай, Сүгір, Алхам, Еңсеп, Қашаған, Ақтан, Абыл, Нұрым, Ыбырай Құлбайұлы, т.б. ақын шежірешілер еңбектерінен де сұрыптауға болатын сияқты. Оның үстіне қай ру, қай әулет, одан қандай белгілі ер шықты, қандай ақын­жырау, би, бай шықты, оның есімдері кімдер екенін айыруға мүмкіндіктер молдығымен де қуантады. Біздің бүгінгі әңгімеміз тарихи тұлға, Кіші жүздің белгілі батыры Қонай төңірегінде… Қонай батыр туралы деректер ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиеттерде де кездеседі. Мол болмағанмен, Қонай батыр жөнінде көп жайды аңғаруға, ажыратуға болады. Батырлар жөнінде көп жазылып жатыр деп отырмыз. Сайып келгенде, көбінің рулық шеңберден аса алмай жатқан жерлері де бар. Біздің көптеген азаматтарымыздың өз руының белгілі батырларын, тарихи тұлғаларын жазуға, соларды көрнектірек қылып көрсетуге бейім тұратындығы өкінішті­ақ. Әйтседе, көпке таныстыруға ұмтылғандығымен құнды. Кейбір жазған жақсы­жақсы материалдарға күмән келтірушілер болуы да ықтимал. Дегенмен осы жерде тарихи тұлғалар жайлы әркім білгенін, түйгенін, естігенін жазатындығын ескергеніміз жөн дер едік. Тарихтың алыс қойнауына көз жіберсек, Қонай батыр қалмақтармен болған ұрыстарда ерекше көзге түскен тұлға. Оның өз халқын қорғаудағы ерліктері атадан балаға мирас болып келе жатқандығы да сондықтан. Қонай батырдың қалмақты шабуы, мал, жесір алуы жайлы мынандай аңыз бар, ол Қожаназар Жанайұлына байланысты астасып жатады. Қалмақты шауып, жесір мен малды елге таратып келе жатқан батыр Қожаназар ауылына ат басын тірейді. Амандық­саулықтан кейін: — Батырдан сауға! — дейді Қожаназар бай. — Төреңізге құлдық алыңыз, — деп батыр, Солым сұлуды Қожаназарға нұсқайды. — Бір шартым бар, — дейді Қожекең. — Солым егер ұл туса, батыр, қызынды берерсің, ал қыз туса балаңа келін қылып аласың, осыған тұрсаң тілегіңді қабыл алам,­дейді Қожаназар бай. — Болсын, — дейді батыр. Және арты солай болады да. Бұл көріністерді елестеткенде заманындағы екі ұлы адамның адамгершілігі мен уәдесінің беріктігінің өте жоғары болғандығын мойындамауға хақымыз жоқ. Өлгенде де екеуінің бір қорымда жатқандығы сол бір ұлы достықтың айқын куәсі. Қонай батырдың өмірінің соңғы кезеңі туралы үстіміздегі жылы «Маңғыстау» газетінің 1 ақпанындағы санында Ұлы Отан соғысы мен Еңбек ардагері, Ақтау қаласы тұрғыны Сағын Беркінұлының «Шоқтығы биік Шотан батыр» атты мақаласы жарияланды. Сонда мынандай жолдар бар. Ол кезде жаугершілік көп болған ғой. Шотан батыр мен Кенже Қонай батыр екеуі қанды көйлек дос кісілер болған. Бір жорықта Қонай батыр ауыр жаралы болып аманатын тапсырғанда Шотан бір өзі Қонайдың денесінен етін сылып тастап, сүйегін Сисем­атаға апарып бір өзі жерлеген, — дейді. Сөз жоқ, Шотан халықтың Шотаны. Бірақ Сағын Беркінұлы айтқан дерек шындыққа да , аңызға да келіңкіремейді. Себебі, бұл екі батырдың жас арасы бір ғасырда өмір сүргенімен, Шотан үлкендеу. Олай дейтініміз, көп жерлерде, жалпы Кіші жүзде айтылған, қазір де ел аузында айтылып жүрген мынандай аңыз бар. Әбілхайыр ханды Орта жүздің сұлтаны Барақ өлтіреді. Нұралы құн ала алмайды. Әбілхайырдың әйелі Адайдың Әлмәмбет­Табынай батырының баласы Сүйіндіктің қызы Бопай ханым, Сүйіндіктің Ханай атты қызы (Жаманадай) Сүйіндік Қарпық бидің шешесі. Құн даулап Орта жүзге Қарпық би барады. Бірақ Сұлтан Қарпықтың сақалын кесіп елге қайтарады. Бұл іске намыстанған Шотан батыр Кенже Қонайды, Табынай жас батыр Айбасты, Медет Арғынбайды шақырады. Шотанның шұбар айғырының баласы шұбар бестісін мініп, бұлармен бірге жүреді. Жолда келе жатып: «Қосайдың үйінен дәм таттыңдар ма?», — деп сұрайды. «Жоқ», — деп жауап береді батырлар. «Онда жолда пәленше деген Бәлидің үйі бар, Қосайдың ұлы ғой, үлкен үйдің орны ғой, ырым қылып дәм татып кетейік», — деп сол үйден барып дәм татады. Батырлар барып, есебін тауып, өлтірмей Барақтың сақал­мұртын, сұлтандық белгілерін, асасын, т.б. заттарын алып, «Бәрекелді, кек қайтты!» — деген екен дейді Шотан батыр. Барақ содан соң у ішіп өлген. Қонай батыр өлімі турасында Маңғыстаудың ақиық ақындарының бірі Түмен Балтабасұлының жазып қалдырған шежіресінде былай делінеді: «Әбілхайыр өлгеннен кейін таққа отыру таластары болғаны мәлім. Осы тұстарда Нұралы жалпы Кіші жүздің белгілі батыр, бектерін шақырады. Бозашыда ма, әлде теңіздің қарсы беті Сисем ата маңында отырды ма, Қонай батырға да хабар тиеді. Мінетін аттың жайын ойлады ма екен, аттарды жетектеп солтүстік Атырау (Каспий) бағытына адамдар жіберіп, өздері желкенді қайықпен аттанады. Теңіз үстінде батыр қатты ауырады. Жолаушылар кейін қайтады. Батыр осы сапарда дүние салады, Сисем ата қорымына ақ жуып арулап қояды. Жалпы Қонай батыр жаудан өліп еді деген әңгіме бұл өңірде бұрын­соңды көп айтылмайды және қабір де, жерлеген қорымы да белгілі, екінің бірі біледі. Асылы, Түмен Балтабасұлының дерегі шындыққа келіңкірейді. Қонай батырдың ұрпағының көбі өзінің қасына жерленген. Қонайдың ұлы Бегеш қана Ақтау қаласының Темірқазығында 50­60 шақырым жерде. Өз ұрпақтары да осы аңызды қостайды. Ұрпақтары айтқан осы бір аңыз шындыққа келетін сияқты. Қонай батыр туралы өз шығармасына арқау етпеген Байұлы ақын­жыраулары некен­саяқ. Жауынгер ақын Қалнияз Шопықұлы белгілі «Ер Қармыс» дастанында Қонай батыр және басқа батырлар жөнінде Төлеп батырдың атынан: Осы топтың ішінде — Белгіліден Бегей бар, Жүйрік атты Кедей бар, Он бес жасар Шабай бар, Бек сауытты Жанақ бар, Қойсары мен Қонай бар, — деп жырлайды.Ақынның белгілі деп айтқан осы топ батырлардың есімдері, халқынан бағасын алғандығынан, көпке белгілі болғандығынан хабардар етеді.Дүлдүл ақын Сәттіғұл Жаңғабылұлы өзінің «Досан батыр» шығармасында XVIII­XIX ғасырлардағы ел қорғаған батырлардың есімдерін жыр түйдектеріне қоса келіп: Шотан, Шабай, Ер Қонай, Солардың жалғас ең соңы­ай Иса мен Досан ер соңы­ай, — деп Досан мен Исаның ерлігін Шотан, Шабай, Ер Қонайға теңей және басқа көптеген батырлардың аттарын жырға қосуы, Қонай және оған замандас батырлардың ерліктерін кейінгі ұрпақтарға үлгі қылуы деп түсінеміз. Қараш Ыбырайым ақын Құлбайұлы өзінің шежіре толғауында ел батырларына баға бере келіп: Төрт арыс Кенже болғалы Бетіне дұшпан келмеген. Қойсары мен Қонайдың Жайлағаны ағын су, Көкорайлы көлменен, — деп жырға қосуы, сөз жоқ, Қонай батырдың кезеңіндегі өмірінен мол хабар бергендей. Тіпті батырды өз көзімен көрмегендігінің өзіңде де, ауызекі халық аузынан айтылған батырға берілген мінездемелер арқылы батыр образын дөп басып, дәл берген. Қонай батыр туралы аңыздар ұрпақтан­ұрпаққа жағымды жағымен жалғасып отырған. Ол соңғы өмірін Үстірт­ Қорнау маңыңда өткізген сияқты. Оған дәлел өзі мәңгілік орын тепкен Сисем ата қорымының маңында Сай­Өтес темір жол бекетінен 20 шақырым шамасында Қонайдың үйігі бар. Батыр сол үйікке шығып, жаудың жолын қарайды екен. Бірде былай болыпты. Күннің ыссы кезі болса керек. Батыр үйде көлеңкелеп, дамылдап жатады. Жау сол бір түс мезгілін пайдаланғысы келіпті­мыс. Ойлары батыр үйде жатқанда басып қалу. Ауылға жақындағанда батырдың аруағы мыңғырған қол болып көрінеді. Мынадай күшке қарсы келе алмайтындығын сезінген жау кейін қайтыпты дейді. Шын ба, әлде аңыз ба, қалай болғанда да батырға деген халық махаббаты осы әңгімені ұрпақтан­ұрпаққа паш етумен келеді. Ауыз әдебиетіне сот жоқ, талқыланбайды… Беріректе болған бір оқиғаны үлкендер аузының суы құрып айтып отырады. Бегімбет Қаракісі деген адам тентек адам болыпты. Үстірттегі Уәлі маңындағы бір шымырауды жаз жайлап отырған кезі болса керек. Кенеттен ауырып, сауығатын түрі білінбейді. Ауыл адамдары күдерін үзген соң, не өсиет қалдыратынын, қайда жерлеу керектігін сұрайды. Қаракісі: — Мен өлсем Қонайдың үйінің қақ басына жерлеңдер, артынан күмбез тұрғызыңдар. Қонайдың үйігі болар ма екен, жоқ, әлде Қаракісінің моласы болар ма екен! — дейді. Күннің ыссы, шілде түскен кезеңі екен. Қаракісі өмірден өтеді. Қабіршілер ертелетіп түйеге мәйітті артып алып, Қонайдың үйігіне бағыт алып жүреді. Ауылдан біраз шыққасын айналаны дым көрінбейтін қатты тұман басады. Қабыршылар жүре­жүре шаршайды. Бесін намаздың тұсы болады. Ақылдасып, бұйырған жер осы болар деп, түйеден мәйітті түсіріп, жер қаза бастағанда, тұман жап­жарық болып шайдай ашылып кетеді. Сол жер осы күнгі «Сай­Өтес» темір жол бекетінің құбыла бетіндегі 4­5 шақырым жердегі «Қаракісі» қорымы. Осы әңгімелерде Қонай батырдың осал адам болмағандығынан мол хабар бергендей. Иә, сөз жоқ, XIX ғасырда орыс саяхатшылары Маңғыстау елінің дәстүрін, дүние танымын, тарихын, жерін, мәдениетін зерттеді, картаға түсірді. Оның бәрі өз дегеніне мойын ұсындырып, дегеніне көндірудегі, айтқанын жүргізудегі алғашқы қадамдары еді. Ол істеген істерінің бәрі қазақ халқына құштарлығынан емес, керісінше отарлау саясатын тереңдеу жүргізудегі құралына айналдыру еді. Осындай істерді жүргізе жүре, қазақ еліндегі ру аралық тартыстар мен қағыстардың отын үрлеп, тіпті көрер көзге айдап салып отырды. Ежелден бірлікте келе жатқан елге ірткі салды. Отаршылар Кіші жүз аталатын елдің кез келген жерінен бекіністер салып, қазақ халқының ұлан­байтақ жерін, ең шұрайлыларын орыс­казактарына беріп, әскери бекініспен бекітіп, өз меншігі деп жариялап қан қақсатты. Осының бәрі XVII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың ішіндегі азаттық қозғалыстардың бастау алуы болды. Сырым Датовтың, Исатай Таймановтың, Сүйінғара Үргенішбайұлының, Қырықмылтық Дауымшар мен Құдабайдың, Кенесары Қасымовтың, Есет Көтібаровтың, Иса мен Досанның, Жанғожа Нұрмағанбетұлы, тағы басқалардың бастауымен болған күрестер, сөз жоқ, өз елінің мерейін көтеруге бағытталғаны хақ. Осылардың бәрі сонау Қонай батырлар сияқты ерлердің ерлігінен бастау алғаны белгілі. Оларды бірінен­бірін бөлек қарауға болмайды. Өмір жолы бұралаң тайғақ, өнер жолы шырғалаң. Ұлы адамдардың бәрі бірден ұлы аталынбайды. Уақыт кеңістігінен өтіп, заман талқысынан өтіп барып қана ұлылығы білінеді. Ғасырлар қойнауын үңгігенде ғана тарих тарих болмақшы. Біздің жоғарыда айтып отырған батырымыз — ұлттық тұлға, осы уақытқа дейін өзінің бағасын алмауы, оның атының тарихқа етене енбеуі өкінішті. Бірақ Қонай батырды халқы қадір тұтуда. Оның есімі елінің аузында, оның есімін ұрпақтары мақтан тұтады.

Читайте также:  XVIII ҒАСЫР МЕН XIX ҒАСЫРДЫҢ 60-ЖЖ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ОРТА АЗИЯ ХАЛЫҚТАРЫМЕН ӨЗАРА САУДА ҚАТЫНАСЫ

Оставить комментарий