ОРАЛХАН БӨКЕЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ ЛЕКСИКА-СЕМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

Опубликовано Июль 17, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Қазақтың әдеби тілінде көркем шығарманы әсірелеу, көркемдеу тәсілдері үшін фразеологизмдерді қолданудың орны ерекше. Фразеологизмдер арқылы шығарма мәтінінде айтылатын ойға айрықша әр, мәнерлілік беріледі. Сондықтан да фразеологизмдерді – көркем шығарма тілін жандандыратын, астарлап бейнелей суреттейтін тілдегі дайын құрал деп есептейміз. Олар – халық даналығынан сусындаған образды ойлау тілінің үлгісі болып табылады. Фразеологизмдердің көркем әдебиет тіліндегі маңызы мен рөлі туралы тұжырымды ойды біз Х.Кәрімовтың еңбегінен кездестіреміз. Автор: «Әдебиетте шығарма тілін көркемдеп, жандандырып, нәр беруші амалдардың бірі – халық тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестер. Олар тілдегі бейнелі экспрессивті-эмоциялы бояуы қанық амалдардың қатарынан орын алады. Олар – ұлттық психикалық өзгешелігінің негізінде қалыптасқан образды ойлау тілінің үлгілері, халықтық даналыққа суарылған өткір құралдар»[2;134]- деп ой түйіндесе, Ә.Қайдаров «Қазақ тілінің өзекті мәселелері» атты жинағында фразеологизмдердің қолданысы жөнінде мынандай ой айтады: «Фразеологизмы – весьма сложные лингвистические образования. Сложность их объясняется не только множеством структурных типов и синтаксических моделей, но и тематической и семантической многоплановостью, а также способностью выражать самые различные эмоционально-экспрессивные оттенки мысли» [3;202]. Демек, бұл пайымдауларға қарағанда, ғалымдардың пікірінше, фразеологизмдер – бейнелі ойлаудың жемісі болып табылады. Яғни, фразеологизмдер дегеніміз – формасы жағынан синтаксистік құрылымдармен ұқсас, бірақ олардай жалпы заңдылыққа сай сөйлеу кезінде жасалмай, даяр қалпында қайталап қолданылатын семантикалық және лексика-грамматикалық құрамы тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелер. Ғ.Қалиев пен Ә.Болғанбаев өз еңбектерінде былайша тұжырымдайды: «Фразеологизмдер мағына тұтастығын сақтайды, фразеологизмдердің мағыналық тұтастығы құрамындағы сөздердің жеке мағыналарына тәуелсіз. Фразеологизмдердің мағыналары құрамындағы сөздердің лексикалық мағыналарымен сәйкеспейді, яғни лексикалық мағыналардың жиынтығы емес. Фразеологизмдік мағына дегеніміз – құрамындағы сөздердің не жеке бір сыңарының лексикалық мағыналарының қайта жаңғыртылған жинақты мағынасы. Сол себепті фразеологизмдер семантикалық жағынан біртұтас тіл бірлігі ретінде қолданылады»[4;186] Фразеологизмдердің көркем шығармада атқаратын функциясы – образ жасау, кейіпкерге тілдік мінездеме беруде, кейіпкерді мінездеу белгілі бір ситуацияға қорытынды жасауда, күлдіргі-ажуа т.б. қызметінде жиі жұмсалады. [5;56] Оралхан Бөкей шығармаларында фразеологиялық тіркестер молынан қолданылған. Жазушы өз туындыларында халық тілінің бай қазынасынан көркем сөздің алуан түрлі өрнектерін мақсатты түрде ойына лайықтап алып отырған. Фразеологизмдерді жазушының өз қажетіне сай талғап, жаңғыртып қолдануы, оның ой-пікіріне, эстетикалық талғамына, қоғамдық-саяси, философиялық көзқарасына сәйкес болып келеді. Х. Қожахметова «Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы» атты еңбегіндегі «Фразеологизмдердің көркем туындылардағы функциясы мен қолданылу тәсілдері» тарауында мынандай тақырыптарды қарастырады: фразеологизмдердің кейіпкерлерді мінездеуге қолданылуы; фразеологизмдердің кейіпкерлердің психологиялық сезім күйін суреттеуде жұмсалуы; фразеологизмдердің әзіл-сықақ қызметінде жұмсалуы; фразеологизимдердің кейіпкер портретін беруде жұмсалуы т.б. Осыған байланысты Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» шығармасындағы фразеологизмдердің қолданылуын қарастырмақпын. Артына мол әдеби мұра қалдырған О.Бөкейдің бұл шығармасында басты кейіпкер Барханды суреттеуде және оның тіршілігіне байланысты фразеологизмдер өте шебер, әрі молынан қолданылған. Оралхан Бөкей шығармаларында фразеологизмдер кейіпкерді мінездеуде қолданылады. Мысалы: Тонның ішкі бауындай араласып кетпегенімен, «Кемедегінің жаны бір» деп, кӛмектесе алмай тұрмайтын.[1;17]. Тіпті күңкілдеп, «әйелі жас болған соң қызғанады, шық бермес Шығайбай» екен десіп, жамандап та қойысады. [1;17]. Ӛзі де ұл-қыз ӛсіріп, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешіп келе жатқан азамат екенін аңғарту ма екен. [1;18]. Барханның әйелі қой аузынан шөп алмас момын, ӛз шаруасына берік тұйықтау адам. [1;18].Апама жездем сай осынау жұбайлардың белдеу-белдеу құмның арасына түтін түтеткеніне он бес жылдан асып бара жатса да, шәй десіп бірінің бетінен бірі алған кезі болған емес.[1;18]. Сол кӛрші Сейітқұл — күні кеше жап-жас елгезек жігіт еді, бүгінде құм санайтын қу болды. [1;19]. Сен болсаң мынау, не қораңның қиы ойылмаған, не бүтінделмеген, жағаң жайлауда, есінеп- құсынап жүргенің. [1;24]. Мына ӛзіңнен он жас кіші Сейітқұлды қарашы, майға тыққан күміс қасық секілді, иненің көзінен өтердей болып, жылпылдап тұр-ау, жылпылдап. [1;29].Оған тӛбесінен ӛткен самолеттің бәр-бәрінде ӛңкей бір төрт құбыласы тең, қағанағы қарқ бақытты адамдар мініп отырғандай сезілетін.[1;30]. Қызылқұм ақ жүрек әрі қара қылды қақ жарған адал шопанның отарын ала қашқаны рас еді![1;36]. Сыр берген жоқ, сыр берсе үндемегеннен үйдей пәле шығарға жорыр.[1;39]. – Отағасы десе, менің маямды алыңыз, — деді Сейітқұл құрақ ұшып. [1;39]. Үшінші қыз еліктің лағындай моп-момақан, кӛп сӛйлемейді, кӛбінесе іштей тынып жүретін ақылды бала…[1;46].Иненің көзінен өткендей жылпылдап тұрған пысық екенін Бархан амандық айтысқанда-ақ танып үлгерген. [1;57]. Сонымен қатар жазушы шығармасында фразеологизмдер кейіпкердің психологиялық сезім күйін суреттеуде шебер жұмсалады. Мысалы: Екі жігіт шайға шашала тырқылдай жӛнеліп еді, Бархан одан әрі кірерге тесік таба алмай қысылды. [1;21]. Ал, Жұмакүл болса, бетінен оты шыға, бүкіл семьясы, ата-бабасы атынан ұялды.[1;21].Әліқұлдың апшысы әбден қуырылды. [1;24]. Ол тіпті Әліқұлдың бақырып-шақырған сӛзін шыбын шаққан құрлы көріп, елеген жоқ. [1;25]. Ол бұл сӛзін иесін көрген иттей еркелеп, ыржалақтай айтты. [1;28]. Неге екені белгісіз көңілі жасып, үйге кіргісі келмеді. [1;30].Құлақ түре-түре ӛзінен басқа тірі жан естіп, ұға бермейтін сыр естігендей екі көзін тарс қып жұмып, елітетін…[1;31]. Алғашында бадырақ кӛз арық жігітті суқаны сүймеп еді, қазір іші жылығандай болды. [1;57]. Мәнерлегіштік-көркемдік бояуы айшықты келетін экспресивті- эмоционалды фразеологизмдерді жазушы кеңінен қолданған. Мысалы: Тосын сұрақ Барханды мұрттай ұшыра жаздады. [1;22]. Ішпей жүргенде мас кісіше әкіреңдеп, әңгір таяқ ойнататын әкімнің дәл қазір қармағына жем болудың ешқандай рет жоғын сезді…[1;24]. Ал мен, менің түрім мынау: ес біліп, етек жапқалы кӛрген қызық, кешкен ғұмыр – қараша үйдің түтінін түтетіп, арқандаған аттай қотаннан ұзап шыға алмаймын шырғалып.[1;32]. Бұлай боларын кім білген, үш ұйықтаса ойымызда бар ма тәйірі. [1;36]. Жиырма бес саулық тіл тартпай кетті, он шақтысының кірпігі ғана қимылдап жатыр.[1;37]. Маған сол сіз алып берген жалған атақтың бес тиынға керегі жоғын білмедіңіз. [1;39].Екі өкпесін қолына алып, жүгіріп жеткен әйелі ыржия күліп тұрған ӛз күйеуі Бархан екенін жаңа байқап…[1;40]. Сейітқұл мен Әліқұлдың аузынан суы ағып, еміне түсті.[1;41]. Бел шешіп, аяқ суытар шақ көзден бұлбұл боп ұшқалы қашан. [1;42].Он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыздарға сенбеп еді алғашында. [1;46].Астымда машина, үйімде телефоным тұр ма, қит еткенді ауданға жерден жеті қоян тапқандай жеткізіп отыратын.[1;53].Ажал айдап келген екен, былтыр оң аяғынан жараланып, қашып кетіп еді…[1;56]. Ой, аға веттехник болып жалтақтап, жек кӛрінішті болғанша, өз қотырымды өзім қасымаймын ба?[1;57]. Бұлардан басқа шығармадан уақыт, мезгіл өлшемдеріне байланысты, адамның әртүрлі жай-күйіне, тіршілігіне байланысты шебер қолданылған фразеологизмдерді көптеп кездестіруге болады. Мысалы: Табиғаттың осы бір қылтқи берер қытымырлығы дәл мұрынға су жетпей, екі қолыңды тӛртеу ете алмай арпалысып, күш күресіп жатқан шағында қағынуы онсыз да жұқарған жүйкеңді тоздыра түсер еді. [1;19]. Кемпірім екеуімізге кештік ғана ғұмыр қалды.[1;19]. Кеше балалар апыр-топыр іске кіріскенде, бұл да қолына күрегін алып, жападан-жалғыз ат шаптырым қораға беттеп еді [1;19]. Баяғыдай емес, ит тұмсығы өтпейтін қалың сексеуілдің бұл күнде мінтеліп, етек-жеңі түріліп бара жатқаны Барханның қабырғасына қатты бататын [1;22]. Қызылқұмның сексеуілі мен түзгені есен-сау шақта бұл ӛңірде аң-құстан аяқ алып жүргісіз еді.[1;23]. Бүгін болмаса ертең қылышын сүйретіп, жетіп келер қыстың тықыры таянғалы Барханда маза жоқ.[1;23]. Сонда Сейітқұл күліп: «Ой, отағасы десе, «асықпаған арбамен қоян алады, жүгірген алмайды, бұйырған алады» деген нақылды қазекем бекер айтпаған» — дейтін де теріс қарап қор етіп қаперсіз ұйықтап кететін [1;27]. Енді ойлап отырса, сол, Сейітқұл сөзінің жаны бар екен, әне бұған бұйырған бар дүниені сол, кешегі тоңқайып, пыс- пыс ұйықтап жатар кӛмекші бала еншілеп кетті; әне, сол жайбасардың асығы алшысынан түсіп отыр [1;27]. Ендеше осы жаман ініңнің бағы тасып, тасы өрге домалап жатса – сенің де абыройың, бӛтен шаңыраққа емес, ырыстың ӛз үйіңе қонғаны [1;52]. Қорыта келгенде, О.Бөкей өз шығармаларында фразеологизмдерді шығарма тіліне мәнерлегіштік, бейнелегіштік нәр бере отырып молынан пайдаланғанын байқадық. Жазушы фразеологизмдерді талдап, таңдап кейіпкердің образын сомдауда, мінезін ашу, портрет жасау, шығарманың идеялық көркемдік жақтарын жетілдіруде және тағы басқа толып жатқан мүмкіндіктеріне сай етіп, белгілі бір стильдік мақсатпен қолданған. Пайдаланылған әдебиет 1. Бөкей О. Екі томдық таңдамалы шығармалар, бірініші том. Повестер. Алматы, 1994. – 496б 2.Кәрімов Х. Қанатты тіл. Алматы, 1995.- 144б 3.Қайдар А. Тысяча метких и образных выражений. Астана, 2003. — 368б 4.Қалиев Ғ., Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. Алматы, 2006. – 264б 5.Қожахметова Х. Фразеологизмдердің көркем әдебиетте қолданылуы. Алматы, 1972. – 112б

Оставить комментарий

Загрузка...