Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері

Ұрпақтан-ұрпаққа жететін рухани-мәдени құндылықтар жүйесі тілдің ақпараттық- кумулятивтік қызметі арқылы жалпыадамзаттық өркениет кешенін қалыптастырады. Әрбір тарихи-әлеуметтік кезеңнің өзіндік рухани құндылықтарын қалыптастыратын таным-талғамы өз кезегімен келесі тарихи кезеңдегі жаңа ұрпақтың таным-талғамы мен тәжірибесінің сүзгісінен өтіп, сұрыпталып, кейде заман талабына төтеп бере алмай ысырылып қалып жатса, кейде жаңа құндылықтардың өзегіне айналып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Түркілік суперэтнос танымындағы Тәңір ұғымы да өзінің тұрақтылығымен ерекшеленеді. Түркілік дүиетанымның негізі — «Тәңірлік» идеясы бастауын хун дәуірінен алатын терең тамырлы ілім. Белгілі қазақ ғалымы А. Сейдімбек «Тәңірлік дүниетаным, наным-сенім әрісі көшпелілер үшін, берісі түркі тілдес халықтар үшін дін ғана болып қоймаған,ең алдымен өмір салтына айналған. Тәңірлік наным-сенімнің өзекті пастулаттарының негізінде табиғатпен тіл табысу идеясы бел алып жатады. Ал, көшпелілер үшін табиғатты бағындыру емес, табиғатпен тіл табысу өмір сүрудің кепілі еді. Тәңірі көшпелілер ұғымында шексіз көк аспан, Мәңгілік танымның объектісі, сонымен бірге ақырына дейін танып болмас ғарыш» [1, 89] деп, түркілер үшін Тәңірдің тылсым құбылыс ретінде қабылдағанын меңзейді. Мифологиялық-дiни дүниетанымнан өрбіген «Тәңірлік» идеясы көне түркілер танымында ғаламдық кеңістікті танудың кешенді концепциясы ретiнде олардың тілінен де берік орын алды. Орхон-Енисей, Талас ескерткіштері тілі мен қазіргі қыпшақ тілдерін салыстыра зерттеген М.Қ.Ескеева «Тәңір» ұғымы арқылы сомдалған көне түркілік дүниетанымның мифологиялық негізі табиғатпен етене жақын жартылай көшпенділердің өмірлік тәжірибесімен астасып, діни- мифологиялық ілімге айналды, олардың этностық біртұтастығын қамтамасыз етуге, мәдени-эстетикалық болмысын қалыптастыруға, рухани құндылықтарын арттыруға, әлеуметтік-саяси тұрмысын нығайтуға қызмет еткенін көрсетеді [2,275] Ғаламдық кеңістікті үлкен екі макрокомпонент ретінде таныған көне түркілердің танымында бүкіл ғаламның жаратылуын «Тәңірдің» құдіретімен, «Көк» пен «Жердің» қалыптасуымен байланыстырады: Күлтегін жазбасында Üze kök teņri, asra jaγïž jir qïlïņtuqta ekin ara kisi qïlïnmïs «Жоғарыда көк Тәңірі, Төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы (кісі) жаралған» (Айд., 171) деп адамзаттың кеңістіктегі орнын Тәңір мекені «Көк» пен адам мекенi «Жердің» аясынан көрсетсе, Бiлгеқаған жазбасында teņri teg teņri jaratmïš Bilgeqaγan sabïm (Малов, 98) «Тәңірідей тәңірі жаратқан Білгеқағанның сөзі» деп Тәңірді адамзатты жаратушы «Жаратқан ие» мәнінде таниды. Тоникуқ ескерткішінің мәтінінде Anta kisre teņri bilig bertük üčün özüm ök qaγan qïsdïm «Сонан кейін тәңірі ақыл-білім бергені үшін өзім-ақ қаған етіп сайладым» (Аманж., 59, 60) деп адам бойындағы барлық құндылықтарды тәңірдің сыйы ретінде 293 № 1 (74) 2010 қабылдаса, Орхон ескерткіштерінің ең көнесі «Онгин» жазбасында teņrikenke išig bertiņ tejin jarïlqamïš (Аманж., 60, 62) «Тәңіріге күшіңді бердің (еңбек сіңірдің) деп жарылқаған еді» деп «Тәңіріге қызмет еткен адам жақсылыққа кенеледі» деген ұғымды насихаттайды. Осы сарындағы сөйлемдер Енисей ескерткіштерінде де жиі кездеседі. Мысалы, «Уюк Тарлақ» жазбасында: Ben teņri elimke elčisi ertim «Мен тәңірі еліме елшісі едім»; «Уюк- Туран» жазбасында: teņri elimke jemlig ben «Тәңірі елімнен азық-ауқатқа иемін» (Аманж., 48-49); «Чаа-Хөд» ескерткішінде: Er erdemim elimke tandïm. Teņri elim… Edgü atandym «ер ерлігім – еліме табындым (аянбай қызмет еттім). «Тәңірі еліме… Игі атандым (жақсы атаққа ие болдым)» (Аманж., 123). Басқа Енисей ескерткіштерінде Teņri elimkä biš jašïmda… «Моему божественному государству с пятнадцати лет я (служил)» Е.68 (Кормушин ,153) jiti jägirmi jašïmda män teņri elimkä qara boldïm bökmädim ajïta äsni «С семнадцати лет я стал служить моему бога (хранимому) государству и не насладился, о горе!» Е.147 (Кормушин ,164) деген сөйлемдер арқылы көне түркілер Жаратушы Тәңірге деген адал қызмет етуді өздеріне парыз санайтынын аңғартады. «Тәңірлік» идеясының түркілер танымындағы маңызын айғақтайтын сөйлемдердің ҮІІ-ІХ ғасыр түркі жазба мұралары тілінде көптеп кездеседуі көне түркілер үшін Тәңірдің өмірлік ұстанымға айналғанын айғақтайды. Сондай-ақ жоғарыда келтірілген мысалдардан көне түркілер дүниетанымындағы «Тәңірлік» идеясы аясына ел билеуші ханды (қағанды) құрметтеу де жататынын аңғарамыз. «Қағанды «Тәңір елшісі» ретінде қабылдау елдің саяси- әлеуметтік құрылымының тұтастығын сақтаумен қатар, ішкі бірлікті нығайтуға да ықпал еттi, әскери жүйенің стратегиялық-тактикалық әлеуетін дамытуға, көрші мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатуға да негіз болды» [2,276]. Көк түріктер танымындағы өздерінің тұрмыс-тіршілігін ғарышпен байланыстыру идеясы олардың арасында жалпы ғарыштық жүйе қалыптастырғанын, ғарыштық тәртiптi сақтамау қағанның беделiне, түркi жауынгерлерiнiң жеңiсiне, көршiлерi арасындағы гегемониялық позициясына керi әсерiн тигiзедi деп санағандықтан қалыптасқан тәртiптiк жүйенiң бұзылмауын қатаң қадағалағанын айта отырып, «… где племена были объединены под властью кагана абсолютного правителя, указанного самим небом. И Небо, “Тенгри” — высшее божество древнетюркского пантеона, которое и само стремится затмить всех остальных, было, разумеется, Небом тюркским, “Тюрк Тенгри”» [3, 354] деп ой қорытқан батыс ғалымы Л.Базеннің Көк пен Тәңірді синоним ретінде түсінгенін байқауға болады, ал шын мәнінде көк түріктер танымындағы жалғыз жаратушы тек Тәңірі, олар Көк Тәңірі тіркесін «Көктегі Тәңір, (Аспандағы Тәңір)» мағынасында қолданған. Басқа да көптеген зерттеушілер «Көк Тәңiрі» тіркесінің мәнін жете түсінбей көне түркілер танымындағы Тәңірлік идеясының аспанға табыну негізінде қалыптасқанын айтады. Ал көне түркілер көкке емес, көктегі Тәңірге, жалғыз Жаратушыға табынған. Қазақ ұғымында да Көкті (аспанды) Жаратушы ие ұғымына балама ретінде ауыспалы мағынасында қолдану кездеседі: Көк кәріне ұшыра (ұрын) «Көк тәңірінің қаhары келсін, қаhарына, кәріне тап бол». Көк соққыр, фразеологизмiнiң этимологиясын ежелгi қазақтардың дүние-танымы негiзiнде түсiндiрген Ә.Қайдар «Зложелание им проклятие, связанные с “Көк” – “Синее небо”, употреблялось для устранения человека и люди глубоко верили, что такое проклятие может вызвать гнев Небесного бога, который сразит виновного своей молнией. Выражение это постепенно абстрагировалось от первоначального мотива образования и стало употреблятся не столько в качестве проклятия им зложелания, а как упрека и выражение недовольства “ах, ты такой-сякой!” буд он неладен!» [4,184-185] деген ойлары арқылы Көк соққыр! тiркесiнiң қарғыс мәнi бiршама бәсеңдегенiн айтады. «Көк» объектiсiнiң символдық, әмбебаптық мәнi оның басты атрибуты «Тәңiр мекенi» ұғымымен байланысты өрбидi. Соның нәтижесiнде «Тәңiр» ұғымының басты белгiлерi – жаратушы құдiрет иесi, адамзатты желеп-жебеушi, мәңгiлiк мекен, адам тағдырының иесi, қарғысқа ұшыратушы, еркектiк-аталық негiзбен байланыстылығы т.б. – бәрi көк ұғымының символдық-сакральды мәнiн күшейте түскен. Көкке табыну, жер-суды киелi санау б.з.д. соңғы жүз жылдықта өмiр сүрген хундардың, 294 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы б.з. жылдықта ғасырында Орталық және Орта Азияны мекен еткен ухуань, сянби, жуань- жуань, хойху, тугю т.б. түркi-монғол тайпаларының дiни-мифологиялық дүниетанымына тән екендiгi жайлы деректер қытай жылнамаларында сақталған. Әрбір тарихи-әлеуметтік, әскери жағдайларды, табиғи құбылыстарды «Тәңірдің ісі» деп түсінген: toquz-oγuz bodun kentü bodunïm erti. Teņri bulγaqun üčün jaγï boldï. Bir jïlqa bis jolï süņüsdimiz Ктү. 4 «Тоғыз-оғыз халқы өз халқым еді. Тәңірі, (мен) Жер киесіне ұшырағандығы үшін (бізге) жау болды. Бір жылда бес жолы (рет) біз соғыстық» (Сартқ.,177); Tört buluņdaqï bodunïγ baz qïltïm. Bašlïγïγ jükündürtim. Tizligig šökürtim. Üze teņri asra jer jarïlqadïq üč(ün) БҚ. 10 «Төрт тараптағы (бұрыштағы) халықты бейбіт қылдым. Басы барды жүгіндіріп, тізеліні бүктірдім (шөктірдім). Жоғарыда Тәңірі, төменде Жер жарылқағаны үшін» (Сартқ.,207). Көне түркі ескерткіштері мәтіндеріндегі дiни-мифологиялық желіге негізделген «Тәңірлік» идеясын С.Г.Кляшторный Тәңiрдiң функционалдық бейнесi арқылы түсiндiредi: «ғаламды да, адам тағдырын да Тәңiрi билейдi: адамзат тағдырына тән қуаныш-қайғы да Тәңiрден жiберiледi; қағандарға билiк, даналық силаса, халыққа қағанды силайды; қағанға қарсылық бiлдiргендердi жазаға тартады; қағанға бұйрық беру арқылы мемлекеттiк, әскери iстерге де басшылық етедi» [5,131-132] деген ой айтады. Дүниежүзi халықтары сенiмiндегi аспан құдайы жайлы зерттеулер, әрбiр халық санасындағы құдайды қабылдауы мен елестетуiне талдау жасаған ғалымдар Көк (аспан) – кешендi құдайлар жүйесiн сипаттайтын абстрактiлi ұғым екенiн, аспан культiнiң шеңберiне күн, ай, жұлдыз культтерi енетiнiн көрсетедi [6, 508]. Түркілер танымындағы Күннің орнын А.Сейдімбек былай көрсетеді «Көшпелілер дүниетанымы бойынша табынар Тәңірі – көк аспан, шексіз әлем болса, сол көк аспан мен шексіз әлемнің ең құдіретті жаратылысы – көктегі Күн. Сондықтан да, бертін келегенше қазақ Күнді Тәңірінің көзіне балап, киіз үйлерінің есігін күнге қаратып тігіп, шығып келе жатқан күнге ақ шашып тәу ететін болды [1, 89]. Қазіргі қазақ дәстүрінде сақталған жас жұбайлардың отқа май құю салты, үйді, бесікті отпен аластау үрдісі де отты күннің бөлшегі, жердегі бейнесі ретінде қабылдаудан қалған рәсім екенін аңғарамыз. Ежелгі түркілер дүниетанымындағы Күн культін нақтылай түсетін деректер қазіргі Қазақстан аумағында да сақталған. «Жергілікті ру-тайпа өкілдерінің наныи-сенімдерін білдіретін, киелі ұғым – күннің символдық бейнесін көрсететін алуан түрлі суреттер Маңғыстау өңірінен де табылған» [7, 16]. Көк түрiктер ұғымындағы «Тәңiр» жалғыз «Жаратушы ие» болғандықтан Тәңiрлiк идеясының аясындағы от культi (негiзiнде астральдi культ – күнге табыну жатыр), су культi, тау культi т.б. табыну нысандарының иелерi ешқашан Тәңiрмен теңестiрiлген емес. Олардың барлығы да Жасаған иеге тәуелдi. Көне түркілер ұғымындағы тәңірлік таным олардың әлеуметтік-саяси өмірінде «ұлттық» идеология қызметін атқарып, салт-дәстүрі де осы үрдіске бағытталғанымен олар адамзат өміріндегі ақиқат-шындықты терең философиялық негізде түсіне білген. Ел өміріндегі сәтсіздіктерге, келеңсіз оқиғаларға, жағымсыз қылықтарға «Тәңірі» емес, өздері себепкер, өздері кінәлі екенін тасқа қашап қалдырған, Күлтегін жазбасында: Begleri, bodunï tüzsiz üčün, tabγač bodun tebligin kürlig üčün, armaqčïsïn üčün, inili-ečüli kek šürtükin üčün, begli bodunlïγ joņašürtuqïn üčün türk bodun illedük ilin ïčγïnu ïdmïs «Бектері, халқы адал (түзу) болмағандығы үшін, табғач халқының алдауына сенгендіктен, арбауына көнгендігінен, інілі-ағасының көк-тескендігінен бектер мен халықтың ымырасыздығынан түркі халқы елдік құрып отырған елін қинала (ышқына) жойды» (Сартқ., 173). Тәңірлік танымға негізделген дүниетаным казақтар санасынан да берік орын алғаны белгілі. Ислам дінінің орнығуына орай жаратушы ие – Тәңір атауын арабтық Алла, парсылық Құдай теонимдері біршама ығыстырғанымен қазақ халқының лексикалық қорында «Тәңірі жарылқасын», «Тәңірдің қолында», «Тәңірге құлшылық ету», «Тәңірі жаратқан пенде», «Тәңірдің сыйы» т.б. тәрізді täņir теонимі арқылы жасалған тіркестер мен оралымдардың, антропонимдер мен топонимдердің сақталуы осының дәлелі. Түркi халықтары дүниетанымының негiзгi лексикалық бiрлiгi, жалпы алтайлық täņir теонимiнің 295 № 1 (74) 2010 морфологиялық құрылымы, этимологиялық уәжi айқындалмаған көне лексемалар қатарына жатады. М. Ескеева ғылымда тәңiр сөзiне жасалған бiрнеше этимологиялық талдаулар белгiлi: teņgiz «теңiз» сөзiмен бiр семантикалық ұяға кiредi, r ≈ z сәйкестiгi түркi тiлдерiндегi жүйелi заңдылық (Сүлейменов О.); teņ «половина, равно» сөзiмен түбiрлес (Татаринцев Б.И.); бастапқы түбiрi ta/tä/te «аспан» моделi, -ņ, -r сөзжасам элементтерi (Махмұтов А.М.); taņ «утреняя заря» және iņir «вечерняя заря» сөздерiнiң бiрiгуi арқылы жасалған (Жұбанов Е., Ибатов А) екенін айта отырып, мыңдаған жылдарды қамтитын даму жолынан өткен субстрат – täņir теонимiнiң этимологиялық тегiн анықтап, моносиллабтық негiзiн ажырату әлi де терең зерттеудi қажет ететiн күрделi мәселе деп санайды [2, 278]. Тәңір теониміне талдау жасаған зерттеушілер аталған сөздің әртүрлі жүйедегі тілдердің көпшілігінде түрлі фонетикалық, семантикалық өзгерістерімен қолданылатынын негізге алып, түркілік тілдік семья қалыптасқанға дейін қолданыста болған лексема қатарында қарастырады [8, 335-336]. Белгілі қазақ ғалымы Б. Сағындықұлы түркі тілдеріндегі сөздердің морфологиялық құрылымын, эимологиялық негізін анықтауда жаңа әдіс-тәсілдер мен теориялық тұжырымдарын ұсынып жүргені белгілі. Ғалымның көзқарастары бойынша қазіргі түркі лексемалары түбірлерден емес түбіртектерден тұрады, әр түбірдің құрамында бірнеше түбіртектердің болуы мүмкін. Зерттеуші түбірдің алдындағы түбіртектерді ажыратудың мынадай ғылыми-әдістемелік ұстанымдарын көрсетеді: 1. Түбіртек бір ғана дауысты мен бір ғана дауыссыздың тіркесуінен тұрады да, я лексикалық, я грамматикалық мағына береді. Лексикалық немесе грамматикалық мағынасы анықталмаған жағдайда, дауысты мен дауыссыздың жай тіркесі түбіртек болып есептелмейді; 2.Дауысты мен дауыссыздардың даму тарихын, генезисін толық меңгеру қажет. Генезисі бір дыбыс сәйкестіктерінің дыбыстық қатарын бірінің орнына бірін алмастырып қолдана беруге болады; 3. й, қ, к, ғ, г, п, б — сына дыбыстарының сыр-сипатын меңгермейінше, түбіртекті табу мүмкін емес; 4. Үнемдеу заңының ықпалынан тарихтың бүкіл өн бойында сөздің басында да, ортасында да, аяғында да кейбір дыбыстар айтылмай ықшамдалып, қысқарып қалып отырады [9, 199]. Әртектес тілдерде қолданылатын субстрат – тәңір теонимінің этимологиялық негізін анықтау барысында да тек түркі тілдері жүйесінде ғана емес әлемдік тілдер континиумында қарастырылып, түбіртектік негізде салыстыра- салғастыра талданса нәтижелі болар еді.

Читайте также:  Транссаясаттың нұсқалары

Оставить комментарий