Орта ғасыр дәуірі (X­ XV ғғ)

Түркі халықтары мен олардың тілдер дамуының төртінші дәуірі орта түркі дәуірі деп аталады. Бұл дәуір Х­ХV ғасыр арасын, яғни бүкіл орта ғасырды қамтиды. Ғылыми еңбектерде Орта түркі дәуірін Қарахан дәуірі, Монғол дәуірі деп екі кезеңге бөлушілік бар. Қарахандық дәуірі Х­ХІІ ғасырлар арасын қамтиды. Қарахан мемлекеті – түркілердің орта ғасырлық феодалдық мемлекеті. Бұл мемлекет құрамында қарлұқтар, яғмалар, шігілдер деп аталатын бірнеше тайпалық одақтар болған. Бұлардың ішіндегі ең атақтысы да, күштісі де қарлуқтардың тайпалық одағы. Қарахан мемлекеті осы одақтың бастауымен Жетісу өлкесінде құрылған, кейініректе өз іргесін кеңейте келе Қашқарды (Шығыс Түркістан), бүкіл Орта Азия, Оңтүстік және Кіші Азия, Сібір, Шығыс Еуропа далаларын жайлаған, өз дәуіріндегі қоғам дамуының биік шыңына көтерілген, сөйтіп, жалпы адамзат өркениетіне зор үлес қосқан, белсенді, әйгілі елдердің бірі болған, СССР тарихы атты еңбектің I­томында «Орта Азия халықтары әлемдік мәдениетке мол үлес қосты. Әсіресе Батыс Еуропаның орта ғасырлық мәдениетіне елеулі әсерін тигізеді» (І том, М., 1966.­ с.659) деп жазған. Народонаселение стран мира деп аталатын еңбекте X ғасырдың аяғында дүние жүзінде не бары 305 миллион халық болса, соның 10 миллионы Ресейді мекендеген, соның 7 миллиондайы Орта Азияда тұрған дегенді айтады. Орта Азия мәдениеті, ғылымы X ғасырдан көп бұрын дамыған болатын. Аттары әлемге әйгілі – Әл­Хорезми (Әбу Абдаллах (немесе Абу Жаббар) Мұхаммед ибн Мұса Әл Хорезми) (780­847), Әбу Насыр әл­Фараби (Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл­Фараби) (870 жылы Отырарда туған), Әл­Бируни (Абу Рейхан Мухаммед Ибн Ахмед Аль­Бируни́), Махмұд Қашқари (Махмұт ибн әл Хұсейн ибн Мұхаммед) Ибн Сина (Абу́Али́Хусе́йн ибн Абдалла́х ибн Си́на) т.б. ғалымдар ІХ­ХІ ғасырда өмір сүрген ойшылдар. Бұл дәуірде түркі халықтары экономикалық дамудың да биік сатысына көтеріледі. Бұхара, Самарқан, Хорезм, Үргеніш, Жаркент, Үзкент, Баласағұн, Қашқар, Отырар, Қият сияқты атақты қалалар пайда болып, көркейеді. Хорезм, Бұхара, Отырар сияқты қалаларда әлемге әйгілі кітапханалар болған. Араб, парсы, түркі тілдерінде бүкіл әлемге әйгілі болған ғылыми, әдеби еңбектер жазылған. Жоғарыда аталған СССР тарихында бұл еңбектер Орта ғасырлық Еуропада да ағартушылық рөл атқарды (І том, М., 1966.) деп жазған. Бұл дәуірден сақталған зерттеулер мен жазба ескерткіштер мол. Шыңғысхан дәуірі ХІІ ғасырдың соңғы кезі мен ХІІІ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, монғолдардың тұңғыш империясын құрған өз дәуірінің даңқты мемлекет қайраткері, әскери басшы Шыңғысхан атымен тікелей байланысты. Ол өзінің әскери таланты, тапқырлығы арқасында маңайына топтасқан жасағының күшімен алдымен өз жеріндегі әр түрлі тайпаларды жаулап алып, кейінірек келе маңайдағы басқа елдерге шабуыл жасай бастайды, екі­үш жыл ішінде Сібір мен Шығыс Түркістанды, одан кейін Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алып, өзіне тәуелді етеді. Шыңғысхан жорығының негізгі мақсаты – жеңген елдерді тонау, талау, сол арқылы баю. Сол мақсаттарына жету үшін оның әскері өз еркімен берілмегендерді аяусыз қырды, қонысын, қалаларын қиратты, өртеді. Қарахан дәуірінде салынған атақты қалалар жермен жексен болды, кітапханалар өртенді, ғылым мен өнердің қасқой жаулары болды. Екі ғасырдай уақытқа созылған моңғол үстемдігі кезінде түркі халықтары барлық жағынан да орасан күйзеліске ұшырап, кері кете бастады. ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап, моңғол үстемдігі әлсіреп, ыдырай бастады да, түркі халықтары ес жиып, жеке­жеке хандықтар айналасына топтасып, қазіргі түркі халықтарының негізі қалыптаса бастады. Орта ғасырда жазылған түркі жазба ескерткіштерінің ең көлемді де мазмұнды түрі – араб жазуымен жазылып сақталған нұсқалар. Бұл жазбалар – түркі тілдерінің X ғасырдан бері қарайғы даму тарихынан толық мәлімет бере алатын тілдік материалдар. Олар әр дәуірде және түркі тілдерінің әр тайпалық тілдерінде, әр түрлі жанрда жазылған. Түркі жазба ескерткіштерін дәуір­дәуірімен топтауда бірізділік жоқ. Кейбір зерттеулерде көне (V­VІІІ ғғ.), орта (IX­ХVғғ.), жаңа түркі дәуірі ескерткіштері деп үш топқа бөлсе, Н.А. Баскаков көне (V­ІХ), Моңғол үстемдігіне дейінгі (Х­ХІІ ғғ.), Моңғол үстемдігі дәуірі (ХІІІ­ ХІV), жаңа түркі дәуірі ескерткіштері (ХV­ХІХ ғғ.) деп төрт түрге бөледі. Осылармен қатар жазба ескерткіштерді түркі халықтарының қоғамдық бірлестіктері атымен Қарахан (ХІ­ХІІ ғғ.), Орта Азия (ХІІ­ ХІV ғғ.), Алтын Орда (ХІІІ­ХІV ғғ.), Шағатай (ХV­ХVІ ғғ.) дәуірі жазба нұсқалары деп бөлу де бар. Сондай­ақ орта ғасыр жазба ескерткіштерін Шығыс ғұн мемлекеттерінің жазба ескерткіштері, Батыс ғұн мемлекеттерінің жазба ескерткіштері деп екі ғана топқа бөліп қарау да кездеседі. Жазба нұсқалардың және зерттеулердің мол да көлемді және әр түрлі жанрда жазылған түрлері, негізінде, Орта ғасырда, яғни Х­ХVІ ғасырлар арасында, араб графикасымен жазылып сақталған. Отандық түркологияның ғылыми тарихы ХVІІІ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Бірақ бұдан көрсетілген уақытқа дейін түркі тілдері тіпті зерттелмей келді деген қорытынды шықпайды. Түркі халықтары, олардың тілдері жайындағы алғашқы пікір біздің заманымыздың бас кезінен бастап­ақ белгілі бола бастаған. Ондай мәліметтердің біразы араб тілді ғалымдар еңбектерінде кездеседі. Халифат деген атпен VІІ ғасырдан бастап қалыптасқан арабтардың орта ғасырлық феодалдық мемлекеті – өз дәуіріндегі аса күшті, мейлінше жауынгер мемлекет болды. Осы мемлекет VІІ ғасырдың І жартысында Иран мен Сирияны, Палестина мен Египетті, Иракты, VІІІ ғасырда Орта Азия мен Закавказьяны, Солтүстік Африка мен Испанияны жаулап алды. Арабтар өздеріне тәуелді еткен халықтар арасына ислам дінін, тілі мен жазуын күшпен де, бейбіт күшті үгіт насихатпен де таратты. Соғыс құмарлығымен, жиһангерлігімен қатар арабтар байырғы заман ғылымы мен әдебиетін өз тілдеріне аудару және оларды дамыта отырып кейінгі заманмен ұштастырды. Осы себептен де тарихи деректе Халифат заманының арабтарын бүкіл әлемдік өркениетінің дамуына елеулі үлес қосқан халық деп бағалайды. Ислам дінін кең тарату, отаршылық әрекеттерді жемісті жүргізу мүдделері жергілікті халықтар тілін білу, оны зерттеу қажеттігін туғызды. Оның үстіне жергілікті халықтардың алдыңғы қатарлы талантты өкілдері өз заманындағы ғылым­білім орталығы болған Арабиядан оқып білім алып, араб тілі білімінің үлгісімен өздерінің туған тілдерін зерттеген. Біздің заманымызда кең өріс алып, әлемдік ғылымға айналған түркологияның алғашқы бастаушылары араб тілді ғалымдар болу себебі осыдан. Сонымен қатар аббас халифаты армиясы құрамына түркілердің көптеп алынуы, түркі әскер басшыларының, мамлүктердің халифат үкіметінде елеулі әсерлері болуының себебі де аз болмаса керек. Араб тілінде араб графикасымен жазылған түркологиялық еңбектер ІХ­ХV ғасырлар арасын қамтиды. Мүмкін, мұндай бастамаға түркі тектес адамдардың Арабияда оқып, кейінде атақтары бүкіл әлемге жайылған ғалымдар болулары да әсер еткен шығар. Өйткені аталған тілдерге қатысты салыстырмалы еңбек жазғандардың ішінде түркі нәсілді ғалымдар да аз емес. Араб ғалымдары негізінен туыстас түркі халықтар тілдерінің салыстырмалы сөздіктерін жасау, сол сөздіктер көлемінде әр топтағы тілдердің бір­бірінен дыбыстық ерекшеліктері мен ұқсастықтарын саралау, морфологияға байланысты жеке мәселелерді салыстыру және түркі сөздерін араб, парсы тілдеріне аудару, практикалық мәнді шағын көлемді оқу құралдарын жазу және т.б. көлемді мәселелермен айналысты. Араб тілінде, араб графикасымен жазылған түркологиялық еңбектерде түркі тілдерінің салыстырмалы, салғастырмалы сөздіктерін жасау, шағын көлемді грамматикалық очерктерін жазу саласында едәуір еңбектер сақталған. Бірақ сол жұмыстар соңғы уақытқа дейін лингвистика әлемінде онша ескерілмей келді. Оның негізгі себебі, біріншіден, ғылым тарихы еуропалық дәстүрмен дамытылды, екіншіден, араб ғалымдары еңбектерін түркі тілдерінің фактілеріне сай келмейтін араб грамматикасы үлгісімен жазылған, схоластикалық, жасанды құралдар деп бағалады, үшіншіден түркі тілдес этностардың тілі мен тарихын зерттеу еуропалық ғалымдар еншісінде болғандықтан, ғылым тарихын еуропадан әлдеқашан бұрын бастаған Шығыс ғылымы әлемдік кеңістікте өз орнын ала алмады. Айтылған пікірлер жаңғырығы, мәселен, В.А. Звегинцевтің «араб түркологтары еңбектерінде бөтен тілдер араб тілі көлеңкесінде қаралды. Құрылымдық ерекшеліктері ескерілмей, олар араб тілі грамматикалық категориясы үлгісімен жазылған» деген пікірімен қоса, тіл теориясы ғалымы В.М. Алпатовтың «салыстырмалы­тарихи тіл білімі еуропада ХІХ ғасырдың І жартысында ғылым ретінде қалыптасса, түркілер бұл саланы М. Қашқаридің Диуанында бұдан әлденеше ғасыр бұрын (ХІ ғ.) қалыптастырғанын, түрлі қоғамдық­ саяси факторлардың салдарынан әлем ғылым кеңістігінде бұл жаңалық ескерілмегенін, бұл салада әлі ғылымға қосылатын үлестің зор» екендігін атап көрсететін көзқарастар да жоқ емес. Араб филологтарының еңбектеріне мән берудің қажеттігін П.М. Мелиораиский өткен ХІХ ғасырдың аяқ кезінде жарық көрген Араб­филолог о турецком языке дейтін еңбегінде айтқан болатын. Шындығында да, сыншылар айтқандай, олқылықтары болған күннің өзінде де, араб тілді ғалымдар еңбектерінің түркі тілдері жөніндегі ғылымның алғашқы әліппесі екенін, қарапайымдығына, жұпынылығына қарамастан ол еңбектердің бұл күнде өрісін кең жайып, әлемдік ғылымдар тобына қосылған түркологияның алғашқы бастауы, қалана бастаған іргетасы екенін ескермеу – ғылым тарихына жасалған қиянат болар еді. Араб тілдес ғалымдар жазған түркологиялық зерттеулердің ең алғашқысы және ең көлемді де құндысы түркі әулетінен шыққан. Бағдат ғалымы Махмұд Қашқаридің Диуани лұғат ит­түрк сөздігі. Махмұд Қашқари – оғыз тайпасынан шыққан, өз заманындағы текті әулеттің ұрпағы. Оның әкесі Хусеин Ыстықкөл жағасында болған Барсхан деп аталатын қаланың әміршісі болған, Махмұд кейінде Қашқар қаласына ауысып, соның тұрғыны болғандықтан, ертедегі дәстүр бойынша өз атына қаланың атын қосарлап Махмұд Қашқари деп атаған. Алғашқыда Қашқарда оқып, кейінде Бағдатта білімін толықтырады. Махмұдтың кім болғаны, ата тегі туралы жоғарыда аталған сөздігінде өзі айтқан бірді­екілі мәліметтен басқа ештеме жоқ. Махмұдтың XI ғасырда жасаған сөздігі XX ғасырдың басына дейін белгісіз болып келген. Өйткені ол баспа арқылы ешбір жерде жарияланбай, қолжазба түрінде Стамбул кітапханасында сақталып жатқан. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, қолжазба Махмұдтың өз жазуы емес, Абу Бакир әл­Дамаски атты адамның 1266 жылы жасаған көшірмесі көрінеді. Қолжазба тек 1915­1917 жылдар аралығында ІІІ томдық кітап болып Стамбулда басылды. Осы басылымды 1939­1943 жылдары Б. Аталай түрік тіліне аударып, Анкарада шығарса, 1960­ 1963 жылдары өзбек тіліне аударып, үш томы жарияланса, кейінгі кездері М. Қашқари лұғаты Үрімшіде ұйғыр тілінде, Қазақстанда қазақ тілінде жарық көрді. Махмұд сөздігі – өз заманы ғана емес, күні бүгінге дейін ғылыми мәнін жоймаған, түркі тілдерінің тарихын зерттеуде таптырмайтын бірден­бір тарихи материал. Мұнда бай тілдік материалдармен қатар түркі халықтарының сол кездегі қоныс ыңғайлары мен этнографиялық жақтарынан да құнды материалдар бар. Сөздік алфавит тәртібімен емес, буын саны тәсіліне қарай жасалған. Махмұд сөздігі әдеттегі сөздіктер сияқты тек лексикалық материалдармен ғана шектелмейді, ол – өте кең мазмұнды зерттеу. Мұнда түркі тілінің сөз қолданысы, оның семантикалық, дыбыстық, грамматикалық сипаттары, бір­біріне ұқсастық, өзгешеліктері жан­жақты ғылыми ұстамды қолдана отырып жазылған – түркілердің алғашқы энциклопедиясы. Еуропалықтардан сөздікті алғаш зерттеген неміс ғалымы К. Брокельмэн (C. Brockelmann). Ол сөздіктегі түркі сөздерін 1928 жылы жеке бастырып шығарған. Махмұд Орта Азияны мекендеген түркі халықтарын солтүстік, оңтүстік деп екі түстікке бөледі де, әр түстік құрамына енетін халықтар тізімін береді. Сондай­ақ түркі тілдерін оғуз, қыпшақ, түрки деп аталатын үш топқа бөледі де, әр топқа жататын тілдердің бір­ бірінен дыбыстық, грамматикалық, лексикалық ерекшеліктерін көрсетеді. Түркі тілдері материалдарын бір­біріне салыстыра баяндайды. Түркі тілдерінен 8 мыңға жуық сөз қамтылған. Тілдерді әр түрлі топтарға жіктеуде олардың фонетикалық ерекшеліктеріне сүйенеді. Мысалы: сөз басында белгілі бір топқа жататын тілдерде й, м, т дыбыстары келсе, екінші біреулерінде олардың орнына ж, б, д дыбыстары келеді. Сондай­ақ сөз ортасында й мен з, сөз соңында й мен н дыбыстары алмасады. Сонымен бірге Махмұд жіктеу белгісі ретінде лексикалық, грамматикалық ерекшеліктерді пайдаланады. Тілдік материалдарды талдау үстінде автор әр тайпаға қатысты этнографиялық, географиялық, тарихи мәліметтер де береді. Ғалымдар Махмұд Диуанидан басқа да кітап жазған дейді, бірақ ол бізге жеткен жоқ. Махмұд еңбегін зерттеушілердің пікірлеріне қарағанда, сөздікке сол кездегі түркі халықтары тілдерінен алынған 10 мыңнан астам тума – төл сөздер және жеке тайпаларға ғана тән диалектілер енген. Олар кейде сөзбе­сөз, кейде мазмұндап түсіндіру арқылы араб тіліне аударылған да, түсінікті болу үшін қосымша мысалдар берілген. Ондай мысалдар құрамында 300­дей мақалдар, мәтелдер, сондай шамада өлең шумақтары, көптеген астрономиялық, географиялық атаулар, ру аттары, қала, қыстақ атаулары, соларға қатысты түсініктемелер бар. Махмұд сөздігі – Х­ХІ ғасырдағы түркі халықтарының сөйлеу тілі фактілерінен тарихи мәлімет беретін, қазіргі түркі халықтарының бәріне ортақ еңбек. М. Қашқаридің Диуаны – тек түркология ғылымы үшін емес, бүкіл әлем лингвистикасында салыстырмалы, салғастырмалы әдіс бойынша жазылған тұнғыш туынды. Көрнекті ғалымдардың бәрі де Махмұд сөздігі – түркі тілдері тарихының энциклопедиясы деген баға береді. Махмұд сөздігінің мәні, оның қазақ тіл білімі зерттеуіндегі алатын орны туралы ғалымдардың жазған зерттеулері де бар. Араб ғалымдары Махмұдтың Диуанынан кейін де бірнеше салыстырмалы сөздіктер жасаған. Сондай сөздіктің бірі – Абулқасым Махмұд ибн Омар (туған, өскен жері атымен Әл­Замахшари деп те атайды) жасаған Муккаддимат әл­адаб»/«Әдебиетке кіріспе деп аталатын арабша­парсыша­түрікше­монғолша сөздік. Сөздіктің жазылу мерзімін Н.А. Баскаков ХV ғасыр десе, В.В. Бартольд сөздіктегі сөздерді ХІІ­ХІІІ ғасырдағы Орта Азия түріктерінің әдеби тіліне тән сөздер дегенді айтады. Сөздіктің алғашқы авторлық варианты сақталмаған. Біздің заманға жеткені – 1305, 1392 жылдары жазылған көшірмесі. Сөздіктің түркіше бөлімі орыс тілінде 1938 жылы Мәскеуде басылды. 1343 жылы Египетте түрікше­монғолша­парсыша салыстырма сөздік жасалады. Біраз ғалымдар арабша Китаб мажму таржуман түрки ва ғажами, ва мұғли деп аталатын бұл сөздіктің авторы белгісіз десе, П.М. Мелиоранский Араб­филолог о турецком языке атты еңбегінде сөздіктің авторы Мұхаммед ибн Қайса дегенді айтады. Қолжазбаның түркі тілдерінің фонетикасы мен грамматикасына арналған бөлімі тым шағын. Қолжазбада парсы, монғол тілдеріне қатысты да бөлімі бар. Еңбек төрт бөлімнен құралған: бірінші бөлімі есім сөздерге, екінші бөлім етістікке арналған. Етістіктер бұйрық рай формасында беріліп, оның көрсеткіші деп ­қыл, ­кіл, ­гіл аффикстері келтірілген. Бұл қосымшалардың қазіргі тілімізде де барлығы белгілі. Үшінші бөлім етістіктің жіктелуіне, төртінші бөлім қосымшаларды баяндауға арналған. Етістіктің жіктелуін сөз еткенде оны үш жаққа, үш шаққа бөле, болымды және болымсыз түрде сөз еткен, олардың жекеше, көпше түрде айтылатыны да назардан тыс қалмаған. Түркі тілдерінде грамматикалық род, қосар мәнді сан (двойственное число) категорияларының жоқтығы да дұрыс көрсетілген. Қосымшалар деп аталатын соңғы бөлімінде түркі тілдеріне тән біраз аффикстер, шылаулар, есімдіктер берілген. Бұл аффикстерді араб тіліне салыстыра қараушылық та жоқ емес. Сөздікті алғаш рет Голландия ғалымы Теодар Хоутсома 1894 жылы неміс тілінде бастырып шығарған. Басылымның сөздік бөлімінде мың жарымдай түркі, араб сөздері, екі жүздей монғол­ парсы сөздері, төрт жүздей араб­моңғол сөздері салыстыра берілген. Кейбір ғалымдардың айтуынша, сөздікке енген түркі сөздері Кодекс куманикустегі сөздерге өте жақын дегенді айтады. Араб тілінің маманы Абу Хаййан 1312 жылы Каирде Китап ал­ идрак ли­лисан ал­атрак (түркі тілдерінің түсіндірме кітабы) атты еңбек жазған. Қолжазба түрінде сақталған бұл еңбектің бір вариантын 1891 жылы түрік ғалымы Мұстафа Стамбулда бастырып шығарады. Кейініректе профессор Ахмед Джафароғлы қолжазбаның басқа бір вариантын бастырып шығарған. Абу Хаййан еңбегіндегі түркі сөздері іріктеліп, жеке сөздік ретінде 1936 жылы бастырылып шығарылған. Абу Хаййан сөздігі өз замынындағы түркологиялық еңбектердің қай­қайсысынан болса да көп ілгері кеткен, араб тілі үлгісіне сүйене отырып, түркі тілдерінің біртұтас грамматикалық жүйесін жасауға талпынған зерттеу дегенді көптеген ғалымдар айтады. Мұнда түркі тілдерінің лексикасы мен морфологиясы, синтаксисі мен ықшамды түрде қаралған фонетикасы сөз болады. Бұл салаларды сөз еткенде автор оларды түрікмен тілі мен қыпшақ тілі материалдарын салыстыра қарау арқылы айқындайды. Бұл еңбекте түркі тілдерінің, соның ішінде, қазақ тіліне тікелей қатысы бар қыпшақ тілінің фонетикасы, грамматикасы, лексикасы жөнінде бай материалдар бар. Абу­Хаййан кітабында берілген грамматикалық материалдарды қыпшақ тілінің тұңғыш грамматикасы деуге болады деушілер де бар. Фонетика саласында түркі тілдеріндегі дыбысты дауысты, дауыссыз деп бөледі. Сегіз дауыстыны араб графикасымен таңбалайды да, оны жуан, жіңішке деп екіге бөледі, әрқайсысын жеке­ жеке сипаттамайды. Түркі тіліндегі 23 дауыссыз дыбысқа түсініктеме береді. Еңбектің сөздік бөлімінде үш мыңға жуық сөз бар, Абу Хаййан жазбасын арнайы зерттеген М. Маженова ол сөздердің 875 дыбыстық құрамы жағынан да, мағынасы жағынан да қазіргі қазақ тіліндегі сөздермен бірдей, 880 сөзінде тек азды­көпті дыбыстық өзгешелік бар да, мағынасы бірдей дегенді айтады. Бұл жағдай Абу Хаййан еңбегінің түркі тілдерінің, әсіресе қазақ тілінің тарихын зерттеуде өте құнды материал екендігін байқатады. Абу Хаййанда түркі тілін зерттеуге арналған бұдан басқа да еңбек болған көрінеді, бірақ олар жоғалып кеткен. Түркі тілдерінің тағы бір көрнекті зерттеушісі – Джамал­Ад­Дин ибн Мұханна. Мұның түркі тілдеріне қатысты еңбегі Қитаб хилиат алинсан ва халват ал­лисан /Тіл шеберлігі және соны баяндау деп аталады. П.М. Мелиоранскийдің пікірінше, бұл еңбек ХІІІ ғасырдың аяғында, немесе ХІV ғасырдың басында жазылған. Қолжазбаның алғашқы авторлық варианты сақталмаған. Бір­бірінен едәуір өзгешеліктері бар алты түрлі көшірмесі сақталған. П.М. Мелиоранский қолжазбаның бес вариантын біріктіріп, 1900 жылы Китаб таржуман парсы ва турки, ва монғоли /Парсы, түркі, монғол тілдерінің аударма кітабы деген атпен бастырып шығарады. П.М. Мелиоранский өзі жинақтаған көшірмелердің авторы белгісіз дегенді айтады. 1973 жылы Стамбулда өткен түркологтар конгресінде Бағдат ғалымы Ал­Махфуз орта ғасырдағы арабтарда Мұхтанна деген атқа ие бірнеше ғалым болған. Солардың ішінде талданып отырған сөздікті жазған автор 1279 жылы дүние салған Ибн Мұханна ал­Убайдили деген түзету айтады. П.М. Мелиоранский жазбаның тілі көне азірбайжан тіліне жатада десе, С.Е. Малов оны шығыс түркістан ұйғырлары тіліне жақын дейді, енді біраз зерттеушілер бұл сөздіктің тілі қоспа тіл дегенді айтады. 1921 жылы түрік ғалымы Ахмед Рифат Мұханна сөздігінің алтыншы вариантын тауып, оны «Тіл шеберлігі және оны баяндау» деген атпен бастырып шығартады. Ғалымдар бұл вариант Мұханна еңбегінің ең толық және дұрыс түрі деп санайды. Бұл еңбекте сөздікпен қатар Оғуз группасына жататын тілдердің фонетика, грамматика мәселелері де сөз болады. Ал сөздігі арабша­түрікше. ХІV ғасырдан сақталған тағы бір материал – араб ғалымы Жамал­ Аддин Мұхамед ат­Түрки жазған Түрік, қыпшақ тілдерін жақсы оқып үйренуге жазылған кітап деп аталатын сөздік. Бұл – қыпшақ, оғыз тілдерін үйренушілерге арналған оқу құралы іспеттес араб­ қыпшақ сөздігі. Қолжазба Париж кітапханасында сақтаулы. Қолжазбаны зерттеген және оның екі бөлімін екі мерзімде (1938, 1954) бастырып шығартқан поляк түркологы – А.А. Зайончковский. 71 беттік бұл сөздік екі белімге бөлінген: «Есім» деп аталатын бірінші бөлімінде астрономиялық, топонимикалық атаулар және үстеу сөздер берілсе, екінші бөлімінде етістік сөздер берілген. Бұлардың барлығы да арабша­қыпшақша сөздік түрінде берілген. Мұнда берілген сөздердің көбі Абу Хаййан сөздігінде берілгендер. Сөздіктегі сөз саны – 986. Оның көпшілігі зат есім – 479, етістік – 318, қалғандары есімдік пен сын, сан есімдерге, шылау түрлеріне жатады. Сөздікте қамтылған сөздер қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде кездеседі. Сондықтан оны белгілі бір ғана тілге меншіктеуге болмайды. ХІV ғасырдың аяқ кезі мен ХV ғасырдың басында Египетте Түркі тілдерін үйренушілерге арналған құрал деп аталған еңбек жазылған. Авторы белгісіз бұл жазба екі бөлімнен құралған: біріншісі грамматика мәселесіне арналған да, екіншісінде сөздік берілген. Бұл қыпшақ, оғыз тілдерін үйренушілерге арналған оқу құралы іспеттес. Қолжазба тұнғыш рет 1928 жылы түрік тіліне аударылып, жарияланды. Бұдан кейін венгер ғалымы осы еңбектің грамматика бөлімін неміс тілінде 1937 жылы бастырып шығарады. Бұл басылымда 500­ге тарта сөз қамтылған. ХІV ғасырда Китаб ат­тухфат аз­закийат фил­лұғат ат­ түркийат/Түркі тілдеріне байланысты жазылған сыйлық деп аталған авторы белгісіз еңбек жазылған. Қолжазба Стамбул кітапханасында сақталған. Ғалымдар қолжазба шағын кіріспе мен сөздік және грамматикалық бөлімдерден құралған дейді. Қолжазбаны 1942 жылы Венгрияда бастырып шығарған. Мұндағы сөз саны үш мыңға жуық. Еңбекті түркітанушы ғалымы профессор Б. Аталай түрік тіліне аударып, 1945 жылы баспадан шығарды. Мұны өзбек ғалымы С. Муталлибов 1968 жылы өзбек тіліне аударып, бастырып шығарды. Түркі тілдерін зерттеуде бұл еңбектің де үлкен мәні бар. Еңбек жөнінде Өзбекстанда бірнеше зерттеу мақалалар да жарияланған, соларда бұл туындының тіл тарихы үшін мәнділігі баса көрсетілген. Біздің заманға жеткен орта ғасыр жазбаларының ең көнесі – Жүсіп Баласағұни (Жүсіп Хас Хажиб Баласағұни) жазған Құтадғу білік деп аталатын көлемді эпикалық дастан. Ғалымдар дастанның атын «Құтты білік», «Құт әкелетін білім», т.б. деп аударған. Дастан авторы Жүсіп бұл туындыны ескі жыл есебі бойынша (хиджра) 462 жылы, Баласағұн қаласында бастап, Қашқарда аяқтадым дегенді айтады. Қазіргі есеп бойынша 1069 жылы. Автордың Жүсіп деген атына қосымша болып тұрған Баласағұн – оның туып­өскен жерінің аты. Ғалымдар бұл қырғыздардың Шу өэені бойындағы Тоқмақ деп аталатын қала маңайында болса керек дегенді айтады. Дастан Шығыс түрік қағандығының әміршісі болған Боғра ханға тарту ретінде жазылған. Дастанды зерттеген ғалымдар айтуынша, қазірде оның үш нұсқасы бар: оның Герат нұсқасы деп аталатын, көне ұйғыр әліппесімен жазылған бір данасы Венада, араб графикасымен жазылған екінші данасы Каирда (Мысырда), үшінші данасы Наманғанда (Ташкентте) сақтаулы. Бұлардың ешқайсысы да Жүсіптің өз қолымен жазылған данасы емес, кейінгі замандарда жасалған көшірмелер болса керек. В.В. Радлов, С.Е. Малов сияқты атақты түркологтар Жүсіп өз дастанын алғаш араб жазуымен жазып, кейінде Қашқардың билеушісіне сыйлыққа тартқанда көне ұйғыр жазуымен көшірген болу керек деген топшылау айтады.

Читайте также:  Лингвистикалық аккультурация

Оставить комментарий