Ортағасырлық түркілер және қазақ қоғамындағы жадта сақтап айту дәстүрі

Ортағасырларда шығысында Қытай қабырғасы мен батысында Еділге дейінгі аралықты қамтыған түркілер қоғамында VI – VIII ғасырларға тән руникалық жазба ескерткіштері мен XI ғасырға тиесілі Баласағұндық Жүсіптің «Құтадғу білігінен» бергі тарихи кезеңдерде түрлі қиындықтарға қарамастан жазба мәдениеті үзіліссіз жүріп отырды. Ал егер нақты қазақ қоғамына байланысты айтар болсақ ортағасырлық қолжазбалар бойынша білікті маман Ә.Марғұлан XV – XVI ғ. қазақ қоғамында жазба мәдениетінің бірқалыпқа түсіп, айтарлықтай даму алғандығын дәлелдейтін көптеген фактілер келтіреді. Олардың ішінде елеулілері кезінде Ресей Ғылым Академиясының Азия музейіне (кейіннен Шығыстану институты) өткізілген Тәуекел ханның (XVI ғ.) немере інісі Оразмұхамед сұлтанның қолжазбалар сақталған кітап сандығы мен XIX ғ. 40­шы жылдары Бөкей ордасының ханы Жәңгірдің Қазан университетінің кітапханасына тапсырған қазақ қолжазбалары туралы мәліметтер. Ал XIX ғ. акад. В.В. Радлов қазақ қоғамында ғасырлар бойы кең тараған көне жазба әдебиет үлгілерін өзінің зерттеулер жинағының 3­і томында «Кітап өлең» («Книжные песни») деген ортақ атпен жария етті. Міне бұл келтірілген фактілер ортағасырлық қазақ қоғамында жазба және жадта сақтап айту дәстүрлерінің бейтарап емес, өзара терең байланыста дамығандығын көрсетсе керек. Сондай­ақ, бұл өзара ықпалда басымдылық белгілі объективті себептерге байланысты жадта сақтап айту дәстүрі жағында болғандықтан, соған байланысты түркі халықтарының тарихына арналған ортағасырлық еңбектердің деректік көзі негізінен сол дәстүрдің материалдарынан тұрғандығы толық негізді құбылыс еді. Түркі тайпаларының, кейінірек қазақ халқының ұжымдық жадында сақталған түрлі деректік материалдарды олардың тарихына қатысты еңбектерде пайдалану өте ерте кезеңдерден бастау алады. Үзінділерін Н.Я.Бичурин (Иакинф) аударған қытайдың «Тан династиясының тарихында» жауларының қолынан апат тапқан түркі тайпасынан он жасар жалғыз ұл қалады. Ана – бөрі оны адамдардан қорғап, асырайды. Кейіннен ол көбейіп, түркі рулары содан тарайды¹. Ертедегі түркі тайпаларының өздерінің шығу тегі туралы тотемдік ұғымдарынан хабар беретін бұл сюжет қағаз бетіне түскен ең көне аңыздардан екендігі даусыз. Байырғы замандардан келе жатқан түркі тайпаларының тарих айту дәстүрін және оның материалдарын тарихи реконструкцияда ең алғаш кең және ұтымды пайдаланған автор, әрине, Рашид ад­дин Фазлуллах Хамадани. Тарихшының «Жылнамалар жинағы» XIVғ. дейінгі түркі және моңғол тайпаларының арасында сол тұңғыш шыққан күйінде сақталып келген аса маңызды тарихи деректердің теңдесі жоқ жиынтығы ғана емес, сонымен бірге олардың тарихи таным деңгейінің, тарихты баяндау талғамының, бір сөзбен айтқанда тарихи ойының энциклопедиялық көрінісі. Рашид­ад­дин өз еңбегіне жазған кіріспе бөлімінде және шығарма текстінде түркі, моңғол халықтарының тарихына байланысты материалдардың жазба және есте сақтау түрінде бірдей кездесетіндігін, әсіресе соңғы дәстүрдің айтарлықтай жақсы даму алғандығын ескертіп, бұл сападағы деректерді тарихи реконструкцияда пайдалану принциптерін де береді1. Ғалымның пікірі бойынша әрбір халықтың жадында сақталып келген аңыз, әңгімелерде берілген деректердің бәрі де құрметтеуге лайық. Олардың ішінде шындық пен жалғанның аралас жүруі ықтимал, бірақ соған қарамастан тарихшының міндеті белгілі айтушылар жеткізген деректерді өзгертпей сол күйінде беру болып табылады. Демек, олардың арасынан тарихи шындықты ажыратып алу оқырманның ісі. Тарихтың ұлы зерттеушісі Рашид ад­дин өз еңбегін жазу барысында алдынан түркі және моңғол халықтарының тарих айту ісіндегі сұңғыла тұлғаларының өткендігін, ал өзі мен қызметкерлерінің олардың айтқандарын мұқият қағазға түсіргендігін баяндайды. Сол кемеңгер тарих айтушылардың бірі, мүмкін бірегейі Әмір Пулад­Чинсан туралы: «Әлемнің адамзат қоныстанған бөлігінде түрлі өнерді игеру ісінде, әсіресе түрік тайпаларының шығу тегі және тарихынан, моңғолдар [тарихынан] оған [білім жағынан] тең келетін тұлға жоқ» – деп жазды. Рашид­ад­диннің өмірбаянынан жақсы хабардар автор Шамс­ад­ дин Кашани Пулад­Чинсан мен Рашид­ад­диннің арнайы күннен­ күнге ұстаз бен шәкірт сияқты жұмысқа отырып «бақытты әмір баяндап, ал ғалым­уәзір оның сөзін жазып отырды» – деп көрсетеді. В.В. Бартольд өз ретінде Рашид ад­диннің өз еңбегін жазу барысында ең алдымен осы Пулад­Чинсан мен Газан ханның өзінің айтуларына сүйенгеніне көңіл аударады. Рашид­ад­дин еңбегінің соңғы кезеңдерге дейін түркі халықтарының арасында өте кең тарап, белгілі болуының бірден­бір себебі де оның түркі тайпаларының көне тарихын беруде тарихи шындыққа жақындығында және көне түркі халықтарының тарих айту дәстүріне құрметпен қарағандығында болса керек. Қазақ қоғамында Рашид ад­дин тарихының қысқартылған варианттары ХV – XVI ғ.ғ. бастап қара сөз және поэтикалық нұсқа түрінде мәлім болды. XVI ғ. соңы XVII ғ. бас кезінде түркі тайпаларының көне замандардан келе жатқан тарих айту дәстүрін жазба түрінде одан ары жалғастырушылардың бірі Қадыр Әлі би Қосымұлы (Қадырғали Жалаири). Ол бұл дәстүрді жай жалғастырушы ғана емес, жаңа сападағы, бұрынғы сансыз көп бытыраңқы түркі тайпаларының орнына келе жатқан халықтық бірліктің алғашқы жылнамашыларының бірі болады. Сондай­ақ, Қадыр Әлі би сол тарихи кезеңдегі мәдени дамудың деңгейі мен сипатына сай ауызша және жазбаша тарих айту дәстүрін бірдей меңгерген зерттеуші еді. Тарихшы көрсетулерінің құндылығы да осы жағдайға тікелей байланысты екендігінде. Қадыр Әлі би еңбегінің осы сипаттағы ерекшеліктерін кезінде Ш. Уәлиханов та атап өткен болатын. Мәселен, Қадыр Әлі би XVI ғ. соңындағы қазақ қоғамын «Алач мыңы» атайды. Егер осы тарихи кезеңге тән басқа да деректерге көңіл аударар болсақ, онда «алаш», «алач мыңы» халықтың өз ішінде қабылданған этноним де, ал «қазақ» сырттан таңылған есім екендігін байқау қиын емес. Қадыр Әлі би еңбегінде берілген бұл дерек XVI ғ. саяси оқиғаларына белсене атсалысқан жырау Шалкиіздің мына жолдарына сәйкес келеді. «Алаштан байтақ озбаса, арабыдан атты сайлап мінбенді». Шалкиіздің ізбасары, Қадыр Әлі бидің Замандасы Жиембет жырау Есім ханнан көрген зорлығына налып: «Арқаға қарай көшермін, алашыма ұран десермін»¹, – дейді. XVII ғ. Қазақ және Орта Азиялық басқа түркі халықтары арасындағы жазба және жадта сақтап тарих айту дәстүрлерінің даму деңгейі мен олардың рухани мәдениетте алатын орнын Әбілғазы Баһадур ханның «Түрік шежіресінен»2 көруге болады. Өз еңбегін үлкен деректік негізде және қарапайым түркі тілінде жазған Әбілғазы хан халық зердесіндегі тарихи материалдарды жазба деректермен тең пайдаланды. Шежірелік және эпостық (әсіресе «Оғызнаме») материалдар, тарихи аңыз­әңгімелер, лингвистикалық және этимологиялық талдаулар, кең әрі орынды берілген мақал­мәтелдер Әбілғазы хан еңбегінің нанымдылық қуатын арттырып тұрғандығы анық. Әбілғазы Баһадур хан мен Қадыр Әлі би еңбектерінде берілген деректік көрсетулердің XIX ғ. орта тұсында қазақ қоғамында кең тараған аңыз­әңгіме, жыр­дастандардағы материалдармен ішкі жақындығын кезінде Ш.Уәлиханов та байқаған еді. Ол қазақтардың тарих айту дәстүріне тоқтала келіп: «Аңыз­дастандардағы тарихи оқиғалар, тегі қазаққа жақын Әбілғазы жазған «Түрік шежіресі» атты және сондай­ақ әсіресе (Жами ат­таварих), шежіредегі деректерден алшақтамайды»3, – деп жазды. XVIIІ ғасырдан бастап Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастың жиілей түсуі, соған байланысты Қазақстанда болып, оның тарихы мен мәдениеті туралы жазған орыс және еуропалық авторлардың қазақ халқының тарих айту дәстүріне көңіл аудармағаны кемде­кем. Гавердовский, Паллас, Спасский, Балкашин, Щербина және басқа авторлардың еңбектері мен экспедициялық материалдарында берілген түрлі тарихи фактілердің, Березин, Радлов, Потанин, Диваев сияқты ғалымдардың жинаған фольклорлық үлгілері мен зерттеулерінің біз қарап отырған мәселені тереңірек түсінуге тигізер пайдасын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ. Сонымен бірге тақырып ерекшелігі Левшин, Аристов сияқты авторлардың еңбектеріне арнайы тоқталуды талап ететіндігі де ақиқат. А.Левшин халық арасынан кездестірген тарихи аңыз, материалдарға жалпы сенімсіздікпен қараған. Қазақ халқының рухани мәдениетін бар ерекшеліктерімен тұтас күйінде түсініп қабылдай алмағандықтан солай болуы да заңды еді.

Читайте также:  ИЗ ИСТОРИИ ИЗУЧЕ­НИЯ АЛЬ-ФАРАБИ ЗА РУБЕ­ЖОМ

Оставить комментарий