ОРТА АЗИЯ МЕН ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНА ИСЛАМ ДІНІ ТАРАЛУЫ

Ислам діні Орта Азия мен Қазақстанға Араб халифатының VIII-ғасырда ислам дінін тарату мақсатында жасаған жорықтарынан бастап ене бастады. 633 жылдан басталып, бір ғасырдан астам үздіксіз жүргізген жорықтарының нәтижесінде арабтар оңтүстікте Солтүстік Африкаға ие болды, батысында Францияның Бурбонне аймағына дейін, шығысында Саид (Үнді) өзеніне дейінгі жерлерді бағындырып, алып империяға айналды. Қылыш пен Құранға қатар сүйенген арабтар солтүстікке де ұмтылып, Палестина, Сирия, Ирак, Иран, Ауғаныстанды жаулап алып, 705 жылы Мауереннахр жеріне басып кірді. Атақты араб қолбасшысы Құтайба ибн Муслим 709 жылы Бұхараны соғыссыз алады, 710-712 жылдары Самарқанды, 714 жылы Шаш (Ташкент) пен Фарабты алды. Сөйтіп, Испиджапқа жорық жасайды. Насыр ибн Сейяр 737-748 жылдары Орта Азияның бірқатар аймақтары мен Қазақстанның оңтүстігіне басып кіреді. [1, 10 б.]. 235 Қазақ тарихы журналының тілшісі Жанұзақ Ғизатов «Исламның Қазақстанда таралуы» атты мақаласында арабтардың Орталық Азияға, Тұран еліне жорығы, исламды күштен енгізу әрекеті және исламды енгізудің бейбіт жолына қатысты деректер келтіреді [2]. Бұл мақалада: «Арабтар ислам дінін тарату мақсатындағы бір ғасырға жуық жүргізілген жорықтары нәтижесінде көрші елдерден көптеген жер иеленіп, ірі империяға айналды. өздерінің солтүстігіндегі Палестина, Сирия, Ирак, Иран, Ауғаныстан елдерін бағындырған арабтар 705 жылы Мауереннахр жеріне әскери жорығын бастайды. Құтайба ибн Муслим бастаған араб әскері 710-712 жылдары Бұхара мен Самарханды, 714 жылы Шаш пен Ферғананы алады», — деп жазған. Жоғарыда Кәріпбеков Айтбайдың кітабынан алынған мәліметті Жанұзақ Ғизатов та: «Араб қолбасшысының бірі Насыр ибн Сейяр 737-748 жылдары Орта Азияның бірқатар аймақтары мен Қазақстанның оңтүстігіне басып кірді», – деп айта келе, ары қарай: Арабтардың исламдандыру жорықтарының қарқынды жүргізілуіне қарамастан, түріктектілер арасында мұсылмандану алға жылжи қоймады. Осы кезде Орта Азия мен Қазақстан аумағын мекендеген түркі халықтарының тарихына, діни болашағына зор ықпал еткен оқиға, яғни 751 жылдың шілде айында Тараз қаласы маңында Атлах қамалы жанында болған соғыс. Соғысқан екі күштің бірі – Қытайлар сол жылдары Жетісудың көп жерлерін бауырына басып, енді оңтүстік аймаққа мойнын соза бастаған. Түрік тайпаларының бытыраңқылығын, арабтарға қарсы қорғаныс кезіндегі қарбаласты пайдаланып, Қытай әскері Тұран жерін ешкіммен бөліспей, түркілерді түріп тастап, өзі тұтас иемденуді мақсат етті. Ал бұл соғысқа қатысқан екінші жақ — Түрік тайпаларының қолы Араб әскерінің қолдауымен Қытай әскерін кері бас көтере алмастай етіп, ойсыраты жеңді. Әл-Макдиси өзінің «Әл-Баду әт- Тарих» еңбегінде «бес күнге созылған бұл соғыста Қытай әскерінің 45 мыңы өліп, 20 мыңы тұтқынға түсті», — деп жазған. Атлах түбіндегі жеңіс түркі халықтарын Қытай құлдығынан, оның будда дінінен аман сақтап, ислам өркениетімен дамуына жол ашты», — дейді. [2, 18 б.]. Осы жерде мына бір дерекке назар аудара кеткен жөн сияқты. «Түркеш елін 748 жылы қытайлар басып алды. Түркештер соғды жерінде соғысып жүрген арабтардан көмек сұрауға мәжбүр болғанда, арабтар белгілі шарттар қойды. Десек те, ол бізге тарихи тұрғыда түгел жетпеді. Сол шарттарының бірі – түркеш қағанатына дін таратуға рұқсат беруін сұрайды» дейді Халифа Алтай атындағы Халықаралық Ислам қайырымдылық қорының директоры, тарихшы Абдрахман Ескендір. [3]. 751 жылы Атлах қаласының түбіндегі шайқас жөнінде Кәріпбеков Айтбай өзінің шежіре-кітабының «Ислам» атты бөлімінде: «Арабтар қарлұқтармен одақтасып, түркеш әскерін талқандады. Арабтардың әскери жеңістері Батыс түрік, соңынан Түркеш қағандықтарының ыдырауын тездеткен фактор болды. Арабтардың келуімен бірге Орта Азия мен Қазақстан аумағында ислам діні кеңінен тарай бастады», — деп жазған. [1, 10-11 бб. ]. Осы Атлах түбіндегі шайқастан кейін ислам діні Қазақстанның оңтүстігіне кеңінен тарала бастады. Ал, Қазақстанның Атырау, Орал, Маңғыстау қатарлы батыс өңір аймақтарының бір кездері Хазар қағандығының жері болғанын ескерсек, ислам діні Қазақстанның батысына Хазарлар арқылы (732 жылы) тым ертеде келгеніне мына бір дерек арқылы көз жеткізуге болады: «VII ғасырдың екінші ширегінің басында арабтар, Арменияны, Грузияны және Албанияны жаулап алған соң Хазарлар еліне жасаған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталды. Хазарлардың VII-Х ғасырларда солтүстік-шығыс Каспиймен Еуропаның шығыс бөлігінің көп жерін алып жатқан куатты мемлекет болғанын тарихтан білеміз [4]. «692 жылы Армениядағы араб билеушісі ибн Огбай Албания арқылы өтіп, Хазарлардың шапқыншылығынан берік қорғаныс жасау мақсатымен Дербент қамалын алды. Осы қамал араб пен хазар күштерінің қолына 40 жылдай алма кезек көшіп отырды. Хазарлар Араб халифатының 236 солтүстік өңірлері үшін қауіпті күш болып қала берді. 721 жылы хазарлардың Арменияға басып кіріп, ондағы арабтарды талқандаған кезі болды. Арабтар шешуші шайқасқа дайындалды. Кавказдағы белгілі араб қолбасшыларының бірі Мерван 150 мыңдық әскермен Хазарияға жорық жасап, Еділдің жағасында хазар әскерін талқандайды. Бітім сұраған хазарлардан Мерван қолбасшы мұсылмандықты қабылдауды талап етеді, сөйтіп Хазар елі біраз уақыт мұсылмандықты ұстанды» [5]. Осы дерекке орайлас келетін дінтанушы, зерделі ғалым Мұртаза Бұлұтайдың жазғандарына көңіл аударсақ: «…Академик Бартольд және профессор Таниұең алғашқы мұсылман түркі мемлекеті Қарахандықтар емес, 732 жылы исламды ресми түрде қабылдап, 68 жыл мемлекеттік дін еткен Хазар әулеті болған», — дейді [6]. Орта Азияны исламдандыруға қатысты келесі бір деректе: «Кеңестік республикалар территориясында араб жаулап алушылары алғаш рет Солтүстік Иранды бағындырған соң, VII ғасырдың 30-жылдары келе бастады. 639 жылы араб әскері қазіргі Азербайжан территориясына басып кіріп, одан әрі Дағыстанға енді, VII ғасырдың 40-50- жылдары Дербентті басып алды. Иран территроиясын жаулауды аяқтаған соң, Араб әскері VII ғасырдың 70-жылдары Амударияға келіп жетті. Бұл өзеннің арғы жағындағы территорияны арабтар Мауереннахр деп атаған. Мауереннахр толығымен 706-716 жылдары бағындырылды. Бағындырылған территорияларды исламдандыру үрдісі бірнеше ғасырларға созылды, жергілікті халық үлкен қарсылық танытып отырды. Ол кезеңде исламдандыру үрдісі халықты күштеп бағындырумен қатар, экономикалық механизмдермен де жүріп жатты. Исламды қабылдағандар жанбасылық алым-салықтан (жизья) босатылды. Араб жаулап алу соғыстарынан кейін (VIIІ ғасырдың ортасы) КСРО территориясына дінді тереңірек енгізу негізінен дінді уағыздау жолымен іске асырылды» делінген. [7]. Наршаһидің жазуынша, Кутейбаның әскері Бұхарды бірнеше қайтара алғанымен, арабтар кете салысымен жергілікті халық ислам дінінен безіп, өз ата-бабасы ұстанған дінге көше берген. Төртінші рет Кутейба әзер дегенде қаланы алып, қалаға сол қаланың тұрғындарының жартысына жуық мөлшердегі арабтарды әкеліп қоныстандырды. Солардың күшімен ислам дінін енгізіп, бұрынғы табынатын пұттарын талқандап, оның орнына мешіттер салдырған. «Кімде-кім мешітке келсе, оларға ол (Кутейба) екі дирһам береді» деп жар шақыртады. Соның өзінде де жергілікті халықтан қорыққан арабтар мешітке қару-жарағымен келуге мәжбүр болған. Дегенмен де, қоқан- лоқы, сатып алу, т.б. жолдармен Орта Азияға арабтар ислам дінін енгізді.[8]. Кәмел Жүністегінің бас редакторлығымен жазылған шежіре-кітаптағы мәлімет те жоғарыда аталған Бұқара тарихын жазған Наршахидің айтуына орайлас келеді: «Мұсылман дінін күштеп тарату жолын ұстанған Құтайбаның әскері Бұхара қаласын үш рет алады. Бірақ қала әскер кеткен сайын қайта көтеріліп, төртінші шабуылдан соң ғана жаңа дінге мойынсұнған». [9, 41 б.]. Исламды зорлап қабылдап, күшпен ұстап отыру кейінгі замандарда да көрініс тапқандығы жөнінде академик В. Бартольд 1968 жылы баспадан шыққан еңбегінің 5-томында: «Исламды қазақ халқына толық тараттым деген Мұхаммед хан (1416 жылы қайтыс болған) мұсылмандықтың бір белгісі саналатын бас киім киіп жүру тәртібін бұзғандардың басына шеге қағып өлтіріп отырған» — деп жазады. [10]. Арабтар басқыншылық мақсатпен қалың елді отарлаумен бірге таза идеологиялық саясат та жүргізді. Олар Тұран атауын Түркістанға айналдырды. Бұхарадан өзге елдімекен атауларын түгел өзгертті. Сонымен бірге халық атауларын да жаппай арабтандырды [11]. 237 Тұран атауын араб жаулап алушыларының Түркістан деп атауы жайлы «Абд ул-Жалил баб (Хорасан ата)» кітабының авторы Сейт-омар Саттарұлы: «Шығыс түркі мемлекеті 645-648 жылдары қытайлықтардан жеңілген соң, нашарлап, ел көп қиыншылық көрген. 704 жылы Жетісу әкімдігі түркештер қолына өткен еді. Түркілер енді соғдылықтарға жәрдем бере бастады. Орта Азия халықтарының қарсылығы, араб ру басыларының өзара кикілжіңдерінің салдарынан арабтар VII ғасыррда Орта Азияны толық игеріп бағындыра алмады, — дей келе: — Осы жерде бір тарихи шындықтың бетін ашуға тура келеді. Араб жаулап алушылары келемей тұрып бұл өлке Тұран деп аталған. Арабтар жергілікті халықтың атауымен бұл өлкені Түркістан, яғни түркілер елі деп атайды. Қолда бар жазба деректер соны көрсетеді. Бұл өлкені орыстар жаулап алған соң мұнда тұратын ұлттар мен ұлыстардың белінен бір-ақ сызып Орта Азия деп атады. Түпкі мақсат бұл өлкеде тұратын халықтардың жадынан ескі елдік атауды өшіру болатын», — деп жазған. [12, 326 б.]. Орта Азия халықтарын ислам дінін күштеп енгізуіне қарсы бас көтеруі жайлы және одан әрі исламдандыру үрдісі бейбіт сипат ала бастағаны туралы келесі деректер мәлімдейді. 770 жылы Қарлұқ қағандығы арабтардан жеңіліс тауып, Мұхаммед пайғамбарға бас иді. Араб жорықтарының солтүстікке қарай одан әрі өрістеуіне жауынгер түркі тайпалары қуатты тосқауыл болды. Арабтар шабуылын тоқтатып, қорғанысқа көшті. Талас шайқасы мен Мұқанна (ақ киімділер) қарсылық қозғалысы (776-780) басылғаннан кейін арабтардың Орталық Азияға ықпалы негізінен бейбіт сипат алды. Арабтардың Орта Азия халықтарын ислам дініне енгізуі негізінен VIIІ-Х ғасырларда жүргізілді [1, 10-11 бб.]. Жағарыдағы мәліметті мына бір деректер де растайды: «Жаулап алынған халықтардың кейбір жерлерінде халық 2-3 ғасыр бойына араб жаулаушыларына, ислам дінін қабылдауға қарсы шайқасты. Мысал ретінде, Азербайжан халқының Бабек қолбасшылығымен болған күресі, Орта Азиядағы Муканнаның көтерілісі, т.б. келтіруге болады. Дегенмен де, бұл халықтар біртіндеп исламды қабылдауға мәжбүр болады. ІХ-Х ғасырларда исламның негізгі құдайға сыйыну орталығы алдымен Иракқа, одан кейін Иранға және Орта Азияға ауысады» [13, 94 б.]. Ал енді Қазақстан тарихы очерктерінде Қарлұқ қағанатына араб өктемдігі орнағаны туралы: «893 жылы жылы самани Исмаил ибн Ахмет Таразға жорық жасайды. Қарлұқ қағаны Оғұлшақ Қадырхан қаланы ұзақ уақыт қоршаса да шыдайды, бірақ ақырында қала құлап, оның халқы ислам дінін қабылдайды. … Оңтүстік Қазақстан жерінің Қарлұқ қағанатына кіретін азғана бөлшегінде ғана араб өктемділігі орнайды. Фараб, Исфиджаб, Тараз сияқты қалалар саяси күрестің небір қиын- қыстау кезеңдерінің өзінде, ерте орта ғасыр дәуіріндегі араб тарихшыларының айтуынша, арабтар үшін тынышсыз жерлер болып қала берді». [14, 63-64 бб.]. Қазақстан тарихы очерктерінің «Қазақстан орта ғасырда» атты екеніші бөлімінің «Ерте және дамыған ортағасыр мемлекеттері (VI-XIII ғғ. бас кезі)» атты алғашқы тарауының авторы Б.Е. Көмеков: «Араб жағрафияшысы Ә-Марвизи (ХІІ ғ.) қарлұқтар құрамында тоғыз тайпа болған дейді. Қарлұқ конференциясына Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның: тұхси, шігілдір, әзкіштер, түргештер, халаджылар, чаруктер, барысхандар сияқты көшпелі және жартылай көшпелі түрік тілді тайпалары енген», — деп жазған. Демек, Қарлұқ қағаны Оғұлшақ Қадырхан тұсында ислам дінін қабылдаған қарлұқ конфедерациясының тайпалары Қазақстанның тек Фараб, Исфиджаб, Тараз сияқты қалаларына орналасқан оңтүстік аймағын ғана алып жатқан. 766 жылдан өмір сүріп келе жатқан Қарлұқ қағандығы 940 жылы құлатылады да, мемлекеттік билік Қарахан әулетіне өтеді. [15]. «…Амудария Қарахандар мен Ғазнауилер арасындағы шекара болып табылады. Солтүстік Қарахан мен Қыпшақ хандығының шебі Тараз қаласына жуық өтетін. Ал Солтүстік- шығыс бетте Қарахандар шекарасы Балқаш көлі мен Алакөл шетінен аспайтын. Шығыста олар ұйғырлармен шектелетін, Қарахандардың оңтүстік шығыстағы иелігі Шершенге дейін 238 созылатын. Олардың Батыс пен оңтүстік-батыс жаққа қарай жылжуы Оңтүстік Түркменияда салжықтар қарсылығына, Амударияның төменгі бойында Хорезмшах қарсылығына тап болады. Бұдан кейінгі екі ғасыр бойына Қарахандар иелігі Батыста Амудария мен Сырдария арасындағы Мауараннахдан бастап, Шығыста Жетісу мен Қашғарға дейін кең көсіліп жатады». [16, 71 бб.]. А. Кәріпбеков Қазақстан территориясында ислам дінінің алғаш қабылдануы жөнінде: «Осы кезеңде қала мәдениетінің дамуына ислам маңызды рөл атқарды. 10 ғасырдың басында Қарахандар әулетінің негізін салушы Сатұқ хан ислам дінін қабылдады. Ал оның баласы Боғра хан 960 жылы исламды Қарахан мемлекетінің діні деп жариялады. Алғашқы кезде ислам діні қалаларда тарай бастайды. Қазақстан жерінің ислам дініне ену үрдісі көп уақытқа созылды. Арабтар үстемдігі халифат құрамына енген Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың жекелеген аймақтарында ғана орнады. Сондықтан исламдану оңтүстік аймақтарда айқын қарқын алғанымен, Қазақстанның қалған бөлігінде өте баяу жүрді. Бәлкім, осы кезде болар, 10 ғасырда араб жиһангезі Әбу-Л-Қасым ибн Хаукалдың: «Тараздан әрі қарай бірде бір мұсылманды көрмегенін» жазатыны», — деп тұжырым жасайды. [1, 11 б.]. Академик В.В. Бартольд: «ХІІІ ғасырдың басында мұсылман Хорезм билеушілері мұсылман емес Сырдариядағы және Торғай облысындағы қыпшақтармен соғысуына тура келді» [17]. – деп жазуына қарағанда, сол кездерде қазақ тайпаларының басым көпшілігі әлі мұсылмандық жолға түсіп, ислам дінін қабылдамаған сияқты. Рузбиханның жазуына қарағанда, қажет десеңіз XVI ғасырдың өзінде де қазақтар пұтқа табынушылар деп танылып, оларға қарсы «ғазауат» соғысына шығуды талап еткен. Өйткені шариғат заңдарын араб миссионерлері үндеп, үгіттеп, насихат жүргізгендеріне қарамастан, халық ата-баба аруағына, тәңірге, жұлдыз-айға ұзақ уақыт бойы сиынды. Ата-баба аруағына сиыну бәлекеттен сақтап, өздеріне бақыт, молшылық, жақсылықтар әкеледі, мал басының аман болуына, өсіп-өнуіне көмектеседі деп, сол үшін олар аруақты разы етуге тырысты. «Аруақ аттаған оңбас» деп аруақты ұмытпады… [18]. Жанұзақ Ғизатов исламды енгізудің бейбіт жолына қатысты деректерінде: «Мұхаммед пайғамбар исламды тарату үшін сахабаларын жан-жақты аттандырғанда, мұсылмандықты қабылдаған әр ұлттың салт-дәстүріне сергек қарауға, қиянат, зорлық жасамауын қатаң тапсырған. Пайғамбардың бұл өсиетін ұмыт қалдырған Құтайба ибн Муслим, Зияд ибн Салих сияқты арабтың әскербасыларының зорлық-зомбылығынан ислам діні түріктектілер арасында ойдағыдай тарай қоймайды. Қару күшімен талаптарын орындата алмаған арабтар, «үгіттеу, сендіру» деген пайғамбар өсиетін енді естеріне алады. Сөйтіп, 780 жылдардан бастап Қазақстан аумағына арабтардың әскери жорықтары тоқтатылады. Исламды түріктектілер арасында насихаттау мақсатында оқымысты, исламды жетік меңгерген арабтар келе бастады. Бұлар халық арасында қожа атымен белгілі»,- дей келе, «Өзбекстан тарихында 710-800 жылдары Бұхара, Самарханд, Хиуаға Арабстаннан 6 мыңға тарта жанұя қоныс аударғаны айтылады» деген мәлімет келтіреді [2, 18 б.]. Ж. Ғизатовтың Арабстаннан 6 мыңға тарта жанұяны қоныс аударуға қатысты Өзбекстан тарихынан келтірген мәліметті Сейт-омар Саттарұлы өз кітабында кеңірек ашып, бұл отбасылардың көшіп келу себебін көрсетеді: «Бұл кезде Ислам халифаты орталығында да тыныштық болмай, төрт халифадан соң Әлидің ұлдары Хасан мен Хұсайын өлтіріліп, билік Мағауия қолына, одан Язидке өтіп, Құрайыш тайпасының ішінде төрт халифаға бүйрегі бұрғандар мен Хашим ұрпағына едәуір қиыншылықтар туған еді. Сол себептен 710 жылдар шамасында Самарқанд пен Бұхара қалаларына 6 мыңнан аса отбасы араб Құрайыштары әсіресе Бану-Хашим әулеттері көшіп келіп, орналаса бастады. Бұл көштің соңы қайырлы болып, соңынан Орта Азияда көптеген Ислам ғалымдары жетіліп шықты». [12, 326 б.]. Сейт-омар Саттарұлы осы еңбегінде: «…Өткен тарихтан көріп отырғанымыздай, дін үшін күрес Орта Азияда оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. Оған себеп Арабиядағы халифалықтың Умия 239 әулетінің қолында болуы және алғашқы төрт халифа Мұхаммед (с.ә.у.) ізбасарларының, ұрық әулетінің әкімшілік басынан аластатылуы исламның өркендеуіне өзінің кері әсерін тигізді. Осы кезеңнің алғаш тарихын жазып, арабтардың Түркістан аймағына жасаған жорықтарын қағазға түсірген тарихшы ат-Табари мен Бұхара тарихын жазған Наршахи, Балазури, т.б. тарихшылар еңбектерінде бұл оқиғалар жазылған емес. Өйткені, Мұхаммед ибн ал-Ханафия ұрпақтары қатысқан тарихи оқиғалар ислам орталықтарынан шетте болды. Сол себепті, бұл тарихтарда Түркістан жеріне «ислам аша» келген Абд ул-Жалил баб, Ысқақ баб және Абд ар-Рахим бабтар жайында еш бір хабар айтпайды. Есесіне осы әулеттердің ұрпақтары сақтап келген қолжазба «Насаб намаларда» жоғарыдағы үш бабтың жорық жолы, атқарған еңбегі тәптіштеліп баяндалады», — деп жазған. [12, 330 б.]. Сафиаддин Қойлақидың жазған «Насабнамасында» Құтайбадан басқа Бағдат патшасы Ысқақ бап (Баба ата), Иран патшасы Әбдіжалил баб (Хорасан Самани), Сирия патшасы Әбдірахим баб (Әулие ата) ибн Қараханның да ұлы дала жұртына Ислам дінін тарату үшін келгенін айтады. Қалың қолмен келген Әбдіжалил баб жергілікті халықтың кескілескен қарсылығына ұшырап, өзі қатты жарақаттанады. Сәтсіздіктің себебін терең түсінген Ысқақ баб інісін кері қайтарып алып, «дінді күшпен таратпаймыз» деген шешімге келеді. өзі қамал салдырып Бабата қаласында тұрады. Мешіт-медресе тұрғызып, жергілікті халықпен тығыз байланысқа көшіп, Ислам жолын насихаттайды. [9, 41б.]. Жанұзақ Ғизатов: «780 жылдардан бастап Қазақстан аумағына арабтардың әскери жорықтары тоқтатылады. Исламды түріктектілер арасында насихаттау мақсатында оқымысты, исламды жетік меңгерген арабтар келе бастады. Бұлар халық арасында қожа атымен белгілі» [2, 18 б.], — деген мәлімет келтірсе, «Қазақ ұлттық энциклопедиясында» қожаларға келісі анықтама беріледі: «Қожалар Орталық Азияда ислам дінін таратуда белсенділік танытқан әулеттер. Қожалар арғы тегі бойынша Мұхаммед пайғамбардан кейінгі халифалар Әбу Бәкр ас Сыдық (632-634), Омар (634-644), Осман (644-656) және Әли Әбу Талиб (656-661) ұрпағы болып есептеледі. 13-ғасырдың 1-жартысында Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақи жазып қалдырған «Насабнама» шежіресінде дін таратушы Ысқақ бап (Баб ата), Әбдіжәлил баб (Абд Ал Жалил, Хорасан ата), Әбдірахим бабтардың (Абд ар Рахим) Орта Азия аумағына 766 жылы келгендігі айтылады. Түркі даласына келген Қожалар орта ғасырларда түрлі сопылық ағымдарды ұстанды. Әли Әбу Талибтің арабтық халифа тайпасынан алған әйелі Хауладан туылған имам Мұхаммед ибн ал-Ханафиядан тарайтын «қожалар әулеті» Қожа Ахмет Иассауи тариқатының өкілдері болып табылады. Осы тариқаттағы «қожалар» Алтын Орда мемлекеті дәуірінен бастап, қазақ халқының рулық, тайпалық, жүздік құрылымдарының пірлеріне айналды. …Қазіргі уақытта қожалар Орта Азия елдеріндегі этностардың тарихи құрамдас бір бөлігі болып қалыптасқан. Отбасылық әдет-ғұрыптарында кейбір этно-мәдени ерекшеліктері сақталғанымен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері жергілікті халықтармен астасып кеткен. Өмір сүрген ортасына қарай шартты түрде «өзбек қожа», «түрікпен қожа», «татар қожа», тағы басқалар болып аталады. Қазақстанда қожалар көп шоғырланған жерлер Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары», — деп көрсетілген [19, 12 б.]. Қожалар түзген «Насаб-нама» нұсқаларын салыстыра зерделеген ғалым Зікірия Жандарбектің пайымдауы бойынша Әлінің баласы Хусайыннан тараған сайидтар Орта Азияда зор беделге ие болып, олардан Қылышты қожалар, Сабылт қожалар өрбіген. Заманында сайид қожалар Алтын Орданың исламдануына елеулі ықпал еткен. Бұл әулет өкілдері халық арасында «қоңырат қожалары» деп те аталады. Олар негізінен Өзбекстанның Ташкент қаласында, Қазақстанның Сарыағаш, Арыс аудандарында тұрады. Ал, қазақ арасындағы «қырықсадақ» деп аталатын қожалар өздерін Омар ибн Хаттабтан таратады. Олар Қызылорда облысында тұрады. Еділ бойы мен Кубаньды қоныс еткен қожалар өздерін әрісі Хакім-ата Сүлеймен Бақырғаниден, берісі Абу Бакр Сыддықтан таратады. Сондай-ақ, Орта Азиядағы түркі халықтарының ішінде өздерін Мұхаммед ибн ал-Ханафиядан өрбітетін қожалардың төрт әулеті айтылады. Олар: 240 Аққорған қожалар, Қарахан қожалар, Дуана қожалар және Хорасан қожалар. Бұлар өздерін Мұхаммед ибн ал-Ханафия ұрпақтары Абд ар-Рахим-бабтан, Абд ал-Жалил-бабтан, Исқақ- бабтан өрбігенбіз деп есептейді. Олар Қазақстанның Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында, Өзбекстан Республикасының Ташкент, Қарши, Жизақ, Ферғана облыстарында, Қырғызстанның Ош облысында тұрады. [20, 21 б.]. Ал енді Нүреддин Усеннің тарихи деректер мен мәліметтерге негізделген өз еңбегінде: «Мұхаммед Ханафиядан кейін одан тікелей тарайтын ұрпақтары Ысқақ Баб пен Әбдіжәлил Бабтар мұсылман әскерлерін басқарып, аталары Мұхаммед Ханафияның шаһид болған жеріне барып Ислам дінін біржолата тұрақтандырып, өздері де сол елде тұрақтап қалу үшін VIII ғасырдың басында келіп Орта Азияны қылыштай қақ жарып өтіп, Қазақстан жеріне жетіп оңтүстік өңірде тұратын елге ислам дінін таратып, халқына түгел мұсылмандықты қабылдатқанда бұл жердің бәрі сол Мұхаммед Ханафияның батыр қолбасшы ұлдарының меншігіне берілген екен (Шежіреде жазылған «Хиссасул Әнбия» кітабында)», – деген мәлімет келтіреді. Сонымен бірге автор ол жер бөліскен кездерінде тегі Халифалардың біріне баратын шын сейіттер мен қожаларға берілгендігін айтады. Содан кейін басып алынған бұл оңтүстік өңірге Арабиядан дін таратып – Құран Кәрімді, Хадисті, шариғатты үйретіп, оқыту үшін, оқыған ғалым, ұстаз, қаландарлар ағылып келген. Олар негізінен арабтар болған, соңынан түрік қыздарына үйленіп бала-шағалы болып біржолата сіңіп ақырында қалып қойған. Қазіргі кезде олардың барлығын да, жергілікті халықтар «сейіттер мен қожалар» деп атайды. [21, 284 б.]. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов «Прометей алауы» атты тарихи романында түріктектілердің исламды қабылдауына қатысты: «Мұсылмандықты қабылдау түрік жұртының бағы болды. Бұған дейін көшпенділер Тәңірге, яғни өлі табиғатқа табынатын. Тәңір діні бір жүйеге түспеген, қағидалар мен хадистер жасалмаған, анайы түсініктердің жиынтығы еді. Ислам дінінің кереметі Мұхаммед (с.ғ.с.) сан түрлі халықты Хақ жолына түсіріп, рухани туыстыққа негіздеген адамдардың мүлде жаңа қауымдастығын қалыптастырды», – деп жазады. «Бақсайыс әулие» атты кітаптың құрастырушылары: «Қазақ халқы елдігін, ұлттық бірлігін сақтап, тәуелсіз мемлекетке жетер жолда өзінің бай тілін, дінін, мәдениеті мен әдет- ғұрпын қызғыштай қорып, бүгінгі ұрпаққа сол күйі жеткізе білді. Талай қыспақтан, бұралаң қиын-қыстау қиыншылықтан аман өтті. Тар жол, тайғақ кешуде көрегендікпен жол таба білді. Шашырап, шашылып кеткен халқының басын біріктіріп, ұлт болып қалыптасуда елдің кемеңгерлері иманның, Исламның шынайы таза күшін керемет пайдалана білді», — деп жазған. [22, 34 б.]. Жоғарыда айтылған мәліметтерге қорыта айтқанда, қазіргі таңда жалпы «Қожа» деп аталып жүрген үлкен тайпа өкілдері пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) туыстық байланыспен баратын кісілер ұрпақтары, нақтырағы Хәзіреті Әлидің ұрпақтары. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сара жолы болып табылатын Ислам дінін уағыздау үшін қазақ топырағына қоныс тепкен. Келудегі мақсатының өзі Ислам дінін насихаттау, яғни қазіргі тілмен айтқанда миссионерлік. Оған қоса, ұшан-теңіз Ислам ілімін, тазалық пен ізгілік жолдарын насихаттау, әдебиет пен мәдениетке бой түзету. Осыған ұлы бабаларымыз Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Иассауидің өмір жолдары мен қалдырған мұралары дәлел бола алады. Әлем жұртшылығының беделді де абыройлы мүшесі түркілердің хақ дін Исламды қабылдау тарихына жеңіл көзқараспен қарауға болмайды. Орталық Азия халықтарының Исламды қабылдауы тарихшылар бұрын-сонды жазған оқиғалардың ең маңыздылары қатарында. Кеңес үкіметі кезінде қазақ халқы Ислам діні, қожалар туралы шындықты айтудан қаймығатын Кеңестік саясаттың әсерінен «қазақтар Ислам дінін ХV-XVI ғасырларда қабылдаған, қожа атанып жүргендер ислам дінін таратушы башқұрт, татар молдалардың ұрпақтары. Қожа атауы – қазақтан олжа жинаушы адам деген сөзден шыққан» — деген сыңаржақ пікірлер қалыптасты. Бұл мағлұматтардың жалған екеніне, қазақтар ислам дінін VIII ғасырдан 241 бастап қабылдай бастағанына жоғарыда жазылған деректер куәлік ете алады. Дегенмен де қожалар қазақ халқының өсіп өркендеуіне елеулі үлес қосқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Әдебиеттер 1. Кәріпбеков Айтбай. Ислам және қожалар. Шежіре кітабы // Кәріпбеков Айтбай. Ислам және Қазақстан, – Алматы: Айдана, 2009. – І бөлім.– 270-б. – 10-15 бб. 2. Жанұзақ Ғизатов. Исламның Қазақстанда таралуы // Қазақ тарихы. – 2009. — №2. – 17- 19 бб. 3. «Түркістан» №51, 19.12.2002 ж. 4. Новосельцев А. П. Хазарское государство и его роль в истории Восточной Европы и Кавказа. М., 1990. (гл. 4.5) 5. Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы // Араб-Хазар соғыстары. – Алматы, 1998. – Т.1. – 407-б. 6. Бұлытай М. Түркілер исламды қашан қабылдады? – Ислам әлемі №1, 2001 7. Ислам: история, догматика и обрядность// Когда и как ислам распространился на территории нашей страны? Сб.материалов. – Москва, 1997. –96-97 бб. 8. Н. Өсеров, Ж. Естаев. Ислам және қазақтардың әдет-ғұрыптары. Алматы 1992 ж. 135-б. 9. Ұлы Пайғамбар және ұрпақтары / С. Құрбанқожаұлы, А. Жолдасов, М. Омартайұлы, Т. Жүнісов және т.б.; Жауап.ред. К. Жүністегі, — Астана: Арай, 2007. – 312 б. 10. Байбатша Ә. Қазақ даласының ежелгі тарихы. Егемен Қазақстан.15-қазан. 1997. 11. Мырзахметұлы М. Ана тілі. 9.12.2004. – 11 б. 12. Сейт-омар Саттарұлы. Аб ул-Жалил (Хорасан ата). – Алматы: РИИЦ-Азия, 2007. – 517б. 13. Ислам: история, догматика и обрядность // Как возник и распространился ислам? Сб.материалов. – Москва, 1997. – 92-95 бб. 14. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерк) // Қазақстан орта ғасырда. А.К. Ақышев, М.Х. Асылбеков, К.М. Байпақов, Ж.Қ. Қасымбаев, М.Қ. Қозыбаев және т.б.; Жауап.ред. М.Қ. Қозыбаев, — Астана: Дәуір, 1994. – 445 б. 15. Бұлұтай М. Тараз – ежелгі ислам мәдениеті орталығы. – Қазақ әдебиеті. 31- қаңтар. 2003 16. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (очерк) // Қазақстан орта ғасырда. А.К. Ақышев, М.Х. Асылбеков, К.М. Байпақов, Ж.Қ. Қасымбаев, М.Қ. Қозыбаев және т.б.; Жауап.ред. М.Қ. Қозыбаев, — Астана: Дәуір, 1994. – 445 б. 17. Бартольд В.В. Двенадцать лекции по истории турецких народов Средней Азии // Соч. 1968. –Т.5. – 68-б. 18. Малов С.Е. Памятники древнетюркской письменности. –Москва. 1961 ж. 19. Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы, – Алматы, 2004. – Т.6. – 12-б. 20. Жандарбек З. «Насаб-нама» нұсқалары және түркі тарихы. – Алматы: Дайк- Пресс, 2002. – 168 б.; 21. Үсенов Н. Құрайыштар және сейіттер мен қожалар. – Алматы: Үш Қиян, 2006. – 432 б. 22. Е.Төреқожаев, М.Омартаев. Бақсайыс әулие. – Алматы: Тамыр, 2006. – 149-б.

Читайте также:  Жедел бүйрек жетіспеушілігі туралы слайд

Оставить комментарий