Ортақ үкімет туралы

Әрбір бостан қарекеттің оны қосыла келіп туындататын екі себебі болады: оның бірі моральдық себеп, атап айтқанда: актыны айқындайтын ырық, екіншісі тәндік себеп, атап айтқанда: соны орындаушы күш. Мен бір объектіге қарай бет алсам, біріншіден, менің солай қарай жүргім келуі керек; екіншіден, менің аяғым мені сол жерге жеткізуі керек. Сал болып қалған адам жүгіргісі келсін, шапшаң адам оны істегісі келмесін – екеуі де орнында қалады. Саяси организмнің қозғаушылары да – дәл сондай; онда да күш пен ырық ажыратылады: соңғысы – заң шығарушы өкімет, біріншісі – атқарушы өкімет деген атаумен ажыратылады. Онда олардың қатысуынсыз ештеңе де істелмейді немесе істелмеуге тиіс. Біз заң шығарушы өкімет халыққа тиесілі екендігін және оның тек соған тиесілі бола алатынын көрдік. Жоғарыда анықталған принциптерді басшылыққа алсақ, атқарушы өкіметтің, керісінше, заң шығарушы ретінде бүкіл халыққа немесе егеменге тиесілі бола алмайтынын көру оп­оңай, өйткені бүл өкімет тек жеке сипаттағы актыларда ғана білдіріледі, ондай акт Заң саласына да, демек барлық актылары тек заңдар бола алатын егемен құзырына да жатпайды.

Халық күші, демек сол күшті жиыстырып, оны ортақ ырықтың нұсқауларына сәйкес іске қосатын, Мемлекет пен егемен арасын байланыстыруға қызмет ететін, бір тұрғыдан жымдық тұлға ретінде қоғамда адамның бойында жан мен тәннің бірігуі туындататын нәрсені жүзеге асыратын сенімді адамды қажет етеді. Мемлекеттегі Үкіметтің мән­ мағынасы міне осындай, кейбіреулер оны егеменмен шатыстырып жатады, ал дұрысында ол тек егеменнің қызметшісі ғана. Сонымен Үкімет дегеніміз не? Бодан мен егемен арасын байланыстыру үшін құрылған, заңдардың орындалуын қамтамасыз етуге және азаматтық бостандықты да, саяси бостандықты да қолдап отыруға өкілеттік алған делдалдық организм.

Осынау организмнің мүшелері магистраттар немесе корольдер, яғни әміршілер деп аталады; ал бүкіл организм тақсыр деп аталады. Осылайша халық өзін әміршіге бағындыратын акт тіпті де шарт емес дейтіндер өте дұрыс айтады. Бұл сөз жоқ, тапсырмадан, мансаптан артық ештеңе емес; сол тапсырманы орындай отырып, олар, егеменнің қарапайым шенеуніктері, өздерін сақтап отырушы етіп қойған билікті соның атымен, егемен шектей алатын, түрін өзгерте алатын, қажет деп тапса алып та қоятын билікті жүзеге асырады; өйткені мұндай құқықтан айыру Қоғамдық организмнің табиғатымен сиыспайды және ассоциация мақсатына кереғар.

Читайте также:  Қазақтың классикалық батырлар жыры

Сонымен мен Үкімет немесе жоғарғы басқару деп заңдарға сәйкес атқарушы билікті жүзеге асыратын, ал тақсыр немесе магистрат деп осынау басқару жүктелген адамды немесе корпусты атаймын. Ара қатынасы бүтіннің бүтінге, немесе егеменнің Мемлекетке қатынасын белгілейтін делдалдық күш нақ сол Үкіметте жатыр. Мемлекетті үздіксіз пропорцияның шеткі екі мүшесінің қатынасы ретінде елестетуге болады, солардың аралық пропорциясы ­ Үкімет. Үкімет егеменнен бұйрық алып, оны халыққа жеткізеді; және Мемлекет орнықты тепе­ теңдікте түру үшін, іске қосқанда бір туынды яки Үкімет билігі мен екінші туынды яки бір жағынан егеменді, екінші жағынан бодан болып табылатын азаматтар билігі арасында теңдік пайда болуы керек.

Ол­ол ма пропорцияны бірден бұзбай, үш мүшенің бірде­бірін өзгерту мүмкін емес. Егер егемен басқарғысы келсе немесе магистрат заң шығарғысы келсе, яки бодандар барудан бас тартса, онда тәртіптің орнына берекесіздік қонжияды, күш пен ырық үйлесе қарекет етуін доғарады, сөйтіп бытыраған Мемлекет деспотизмнің немесе анархияның олжасына айналады. Ақыр соңында, әрбір қатынаста тек бір ғана орта пропорция көрсеткіші болатыны секілді, Мемлекетте де ол үшін ең жақсы бір ғана басқару тегі бола алады. Бірақ толып жатқан оқиғалар халық бой көрсететін қатынастарды өзгертіп жіберуі мүмкін болғандықтан, ондай жағдайда Басқарудың әрқилы түрлері әртүрлі халық үшін ғана емес, әртүрлі кезеңдегі бір халық үшін де жақсы болып шығады алады.

Үкімет дегеніміз өзін қамтитын Саяси организм үлкен істерде не болса, шағын істерде соның тап өзі. Ол – белгілі бір қабілеттерді бойына жиған, егемен секілді белсенді, Мемлекет секілді енжар шартты тұлға; Үкіметте кейбір басқа ұқсас қатынастарды да бөліп көрсетуге болады, содан, демек, жаңа пропорция көрсетеді; ол пропорцияда билік баспалдақтарының ретіне сәйкес тағы бір пропорция пайда болады, содан бөлінбейтін орташа мүшеге, яғни бірден­бір басшыға немесе ең жоғары магистратқа жеткенге дейін жалғаса береді, оны осынау прогрессия ортасындағы бөлшектер қатары мен бүтіндер қатары арасындағы бірлік сияқты елестетуге болады.

Читайте также:  XІX ғасырдағы театр өнері

Оставить комментарий