Загрузка…

ОРТАҚ ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІ

Көркем ойдың жемісі саналатын кез-келген ұлттық әдебиеттің даралық және көптік сипаттары бар. Бұл орайда біз жалқыдан жалпы құралады деген философиялық заңдылықты берік ұстанамыз. Көркем шығарманы алғашқыда жеке адам жазғанын ескерсек, бұл жағдайда әдебиеттің авторын айтып, оның жеке даралық белгісін айқын көреміз. Мейлі, бүгінгі заман болсын, мейлі, көне дәуірді алайық, көркем туындыны әуелі баста жеке автор өмірге әкелді. Түрлі қоғамдық, әлеуметтік, тарихи жағдайларға байланысты ол шығарманың авторлығы ұмытылды, немесе өзге біреуге ауыстырылды, халықтікі деген желеумен біздің заманға жетті. Аталған шығарманы біз бүгінде белгілі бір талаптарға сай көркем туынды деп танимыз да, оның мазмұнынан сол дәуірге тиесілі уақыт белгісін, көркем ой жемісін, авторлық идеяны аңғарамыз. Даралық сипат деген жағдайда біз әдебиеттің ұмытылған, немесе сақталған жеке авторларын ескереміз. Сол әдебиетті тудырған жеке адамның ой-аңсарын, ол өмір сүрген қоғамда болған саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістерге субъективтік пікірін айтамыз. Әдебиеттің көптік, жалпылық сипаты деген жағдайда біз жеке ақын, жазушылардың шығармашылық еңбегін біріктіретін көпшіліктің ортақ көркем ой жемісін көз алдымызға елестетеміз. Мысалы, қазақ халқының әдебиеті деген кезде біз ол әдебиеттің даралық емес, көптік сипатын айтамыз да, оны жасаған Доспамбет, Махамбет, Абай, Мағжан секілді жеке авторлардың шығармашылығы сол әдебиетті құрайтын даралық сипаттағы әдебиет екендігін ескереміз. Яғни, жеке халықтың әдебиеті туралы түсінік қалыптастыру үшін оны құрайтын жеке авторлар мен шығармалар жайында пікіріміз мейлінше толық әрі жан-жақты болуы керек. Осы орайда жеке бір халықтікі деп табылатын тұтас әдебиетті зерттеу үшін оны құрайтын авторлар мен көркем шығармаларды филологиялық тұрғыдан жан-жақты талдау қажеттілігі туындайды. Бүгінгі таңда бір халықтікі делінетін даралық сипаты бар әдебиет туысқан халықтар әдебиетімен белгілі бір заманға дейін тарихы бір, шығармалары мен авторлары ортақ болып келгендігі мәлім. Тура осы жағдайды туысқан түркі халықтарының әдебиеттеріне қатыстырып айта аламыз. Тілі, тарихы, дүниетанымы, негізінен, бір болып келетін алтай, хақас, қазақ, ұйғыр, өзбек, әзірбайжан, түрік, татар, башқұрт т.б. туысқан түркі халықтарының әдеби мұрасы да ортақ екендігіне дау жоқ. Қанша жерден олар бүгінде алып Еуразия құрылығының түкпір-түкпірінде мекен етіп, әр түрлі діни көзқараста болса да, қанша жерден түрлі алфавит арқылы әдебиеттерін жазып, әр түрлі саяси, әлеуметтік жағдайларда өмір сүріп жатса да, олардың байырғы тарихы ортақ болған тұста, ғасырлар бойы жасаған материалдық және рухани құндылықтары да бір. Түркі халықтарының ортақ әдебиетіне қатысты ғылыми зерттеу жұмыстары осы күнге дейін біршама жүргізілді. Түркология ғылымы аясында ондай еңбектердің бастауында В.Радлов, А.Алекторов, В.Бартольт, В.М.Жирмунский, А.Н.Самойлович, А.М.Щербак, И.В.Стеблева, Н.И.Ашмарин, Е.М.Мелетинский т.б. шығыс ориенталистері тұрды. Алайда, негізінен, еуропацентристік көзқараста болған ресейлік, кейін кеңестік түркология ғылымы түркілердің рухани, соның ішінде әдеби мұрасына объективті баға бере алмады. Осы уақытқа дейін түркология ғылымында түркі халықтарының әдебиетіне қатысты көптеген өзекті мәселелердің ішінен қарастырылмай келген бір маңызды сұрақ – түркі халықтарының әдебиеті тарихын дәуірлеу деген жағдай. Біз өзіміздің зерттеу жұмысымызда түркі халықтарының әдебиеті тарихын дәуірлеу мәселесін теориялық және әдістемелік тұрғыдан қарастыруды нысан етіп отырмыз. Аталған мәселенің өзектілігі түркология ғылымында кейінгі кезде ғана күн тәртібіне қойылды. Оның да өзіндік объективті себептері бар. Ол мәселенің теориялық тұжырымдамасын жасап, өзектілігін көрсеткен түрколог ғалым Ш.Ыбыраев. Ғалым «Түркі халықтарының әдебиет тарихын дәуірлеудің мәселелері» деген зерттеуінде аталған күрделі мәселенің түркология ғылымында қойылмай жатқандығына тоқталады және оның теориялық-әдістемелік тұрғыдан қарастырылуын көтереді: «Қазіргі түркі халықтарының отандық тарихи, тас дәуірін айтпағанда, байырғы скифтердің, сақтардың онан бергі ғұндар мен үйсіндердің тарихымен бірлікте өрілетіндігі біршама қалыптасқан жағдай. Қазақ, өзбек, түрік, азірбайжан, түркімен т.б. халықтардың тарихы академиялық басылымдарда да? Тарих оқулықтарында да бұл пікір орнықты деп айтуымызға болады. Алайда бір қызықты жағдай, осыған сабақтас түркі халықтарының әдебиет тарихының әлі тарқатылмай жатқандығы. Орхон-Енесей жазба ескерткіштеріне дейін-ақ мыңдаған жылдарды бастан кешірген түркілік мәдениеттің қайнар көзі, әлеуметтік, идеологиялық, рухани негізі әлі тұтастай сөз болған жоқ. Түптеп келгенде бірнеше мыңдаған жылдықтың азаматтық тарихын сөз ете отырып, сол дәуірдің әдебиеті мен өнерін айналып өте алмаймыз, не бұл әдебиетті жоқ деп санауымыз керек, не ғылыми тұжырымға негізделген тарихи-мәдени болмысын ашып көрсетуіміз керек» [1, 15 б.]. Түркі халықтарының ортақ әдебиеті тарихын кешенді зерттеуге, оның дәуірленуін теориялық- әдістемелік тұрғыдан кең қарастыруға арналған еңбектер түркология ғылымында өте тапшы, тіпті жоқ деуге болады. Оның, біздің ойымызша, төмендегідей бірнеше себептері болды: 1. Саяси-идеологиялық. Түркология ғылымы дүниеге келген уақытта Анадолыдағы түркілерден басқа түркі халықтары елдігінен айырылып, олардың ғылымы өздері өмір сүрген мемлекетте үстемдік еткен идеологияға тікелей тәуелді болды; 2. Тарихи. Түркология ғылымында кейінгі уақытқа дейін осы ғылымның тек лингвистикалық сипаты ескеріліп, оның тарихи, әдеби, фольклорлық, мәдени, этнографиялық, археологиялық т.б. белгілері көп қарастырылмады. Оған да, негізінен, мемлекетте үстемдік еткен саяси-идеологиялық көзқарас кедергі болды. Өйткені әдебиетте халықтың азат рухы, еркіндікті, тәуелсіздікті көксеген ой-аңсары жатқандығын үстемдік еткен мемлекеттік билік жақсы білді; 3. Аймақтық. Түркі халықтары Байқал көлінен бастап Балқан тауына дейінгі үлкен аймақты мекен еткендіктен, олардың ортақ әдебиеті бір арнада, бір ұстанымда қарастырылмады. Бүгінгідей байланысты жылдам жасайтын жағдай жоқ кезде түркі халықтары бірігіп ортақ зерттеулер жүргізуге мүмкіндіктері аз болды; 4. Алфавиттік. Түркі халықтары бүгінгі таңда өз жазуларында араб, кирилл, латын, т.б. алфавиттерді пайдаланады. Осы жағдай олардың арасында байланысты жақындатуға, әдебиетіндегі жаңалықтарды білуге, ғалымдарына әдебиетін еркін зерттеуге кедергі болып келді; 5. Оқу-ағартушылық. Бүгінгі таңға дейін түркі халықтарының ортақ әдебиеті орта мектеп, лицейлерде, жоғарғы оқу орындарында арнайы оқытылмағандықтан, осы салаға қажетті оқулықтар, оқу құралдары әзірленбегендіктен оны зерттейтін еңбектердің де қажеті болмады; 6. Материалдық-экономикалық. Түркі халықтарының ортақ әдебиетін кешенді зерттеу үшін әлем түркологтарының басын біріктіріп, оларды ортақ жоба аясында арнайы тақырыптарға жұмылдыруға қажетті материалдық мүмкіндік осы уақытқа дейін болмады; 7. Тілдік. Түркі халықтары қанша жерден бір тамырдан тарайды, бір негізден өрбиді дегенімізбен, олар бүгінгі таңда бірін-бірі еркін ұғына алмайды, олардың түсінісуі қиындық туғызады. Арнайы сөздіктер болмаса, түркі халықтарының әдебиетін еркін зерттеуге мүмкіндік жоқ; 8. Терминдік. Түркі халықтары арасында ғылыми, соның ішінде әдебиеттану саласы бойынша ортақ терминдердің жоқтығы, немесе термин сөздердің бірізділенбегендігі ғалымдарға бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолайсыздық туғызады; 9. Ғылыми. Әлем әдебиеттануында әдебиет тарихын дәуірлеуде кейінгі уақытқа дейін үстемдік еткен нақты ұстанымдар болмады. Мысалы осы кезге дейін көне орыс әдебиеті тарихын зерттеуде, дәуірлеуде бірізділік жоқ. Сондай жағдайды біз түркі әдебиеті тарихын дәуірлеуде де сеземіз. Көрсетілген себептер түркі халықтарының әдебиеті тарихын еркін, жан-жақты зерттеуге, жүйелі, ғылыми негізге сүйеніп дәуірлеуге кедергі жасады. Олардан басқа да жағдайлар, кедергілер түркология ғылымының осы саласының кенжелеп дамуына негіз болды. Бүгін біз осының бәрін ескере отырып, түркі халықтары тұтас бір этнос екендігін түсініп, олардың жасаған рухани мұрасының бір парасы – көркем шығармаларының да тарихы бір, тамыры ортақ екендігіне тоқтаймыз. Алайда, осыған орай төмендегідей сұрақтарды шешіп алу керек: 1. Біз бүгін түркі халықтары деп қай ұлттар мен ұлыстарды бөліп алып көрсетеміз? 2. Анықталған ұлттар мен ұлыстар түркі әдебиеті деген рухани қазынаның қалыптасуына бірдей үлесін қосты ма, әлде біреуі аз, екіншісі көп еңбегін сіңірді ме? 3. Көне дәуірден бүгінге дейін түркі этносы мекен еткен аймақтың, мемлекеттердің шеңберін қалайша даралаймыз? 4. Түркі халықтарының ортақ тарихы бойынша қай ғалымдарды, қандай зерттеулерді басшылыққа аламыз? 5. Түркі әдебиетінің бірінші рухани қазынасы, бастауында тұрған алғашқы еңбегі қай заманда жазылды, ол қалай аталды? 6. Түркі әдебиетінің тарихын зерттегенде, дәуірлегенде қандай әдеби, рухани жәдігерліктерді есепке аламыз? 7. Түркі әдебиетінің тарихын зерттегенде, дәуірлегенде қандай әдістемені негіз санаймыз? 8. Түркі әдебиетінің тарихын зерттегенде, дәуірлегенде қандай ұстанымдарды басшылық етеміз? Міне, осы сынды сұрақтардың қай-қайсысы да өзекті, біздің мәселемізді шешу үшін маңызды. Олардың түбіне жетпей, мән-мағынасын ашпай біз өзек етіп отырған ғылыми мәселемізді шеше алмаймыз. Алайда мәселенің ауқымы түркі әдебиетінің өзіндей кең, мағынасы терең екендігін ескере отырып, біз осы сұрақтардың ішінен, алдымен, әдебиет тарихын зерттеу мен дәуірлеудегі басты ұстанымдардың түрлері мен мазмұнына қысқаша тоқталамыз. Түркі әдебиеті тарихын дәуірлеу сынды тақырыпты түркология ғылымында өзекті мәселе ретінде қойғаннан кейін біз әлемдік әдебиеттану ғылымында осы мәселеге байланысы бар теориялық, әдістемелік еңбектерді сараптадық. Олардағы зерттеу ұстанымдарын, негіздемелерін басшылық еттік. Осындай зерттеудің бірі – орыс әдебиеттану ғылымының тарихында кейінгі уақытта биік бағалана бастаған Перетц В.Н. есімді ғалымның «Краткий очерк методологии истории русской литературы» атты зерттеуін айтуға болады [2]. Әдебиеттанушы ғалым, фольклортанушы, КСРО Ғылым Академиясының академигі В.Н.Перетц (1870–1935) ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарындағы саяси қуғын- сүргін құрбаны болған. Ғалымның әдебиеттану, фольклортану, өнертану ғылымдары бойынша жазған құнды еңбектері көп уақыт бойы жарық көрмей, тиісті бағасын алмай, ғылыми қауымның назарынан тыс қалып келді. Көрсетілген кітапта В.Н.Перетцтің әдеби семинариясында көп жылдар бойы оқыған лекциялары құрастырылған. Біз осы кітаптан өзімізге қажетті, зерттеу тақырыбымызға жақын көптеген теориялық-әдістемелік сұрақтардың жауаптарын таптық. Осы тұста ғалымның мына ұстанымын біз де құптаймыз: «Согластно устным воспоминаниям А.А.Назаревского, В.Н.Перетц не раз говорил ученикам: «Наше время – не время новых теорий. Наша задача – собирать факты, на исследовании которых могут быть в дальнейшем построены новые теории» [2, 10 б.]. Түркі әдебиеті тарихын дәуірлеудің теориялық-әдістемелік мәселелері бойынша ғылыми тұжырымдама жасауға, дәуірлердің арасын ажыратып, олардың нақты санын көрсету үшін талай ізденіс, терең толғаныс, ұзақ уақыт алатын зерттеулер қажет болуы мүмкін. Біздің бастаған ізденісіміз – үлкен жұмыстың алғашқы баспалдағы, соған барудағы бірінші тәжірибе іспеттес. Біз осы зерттеуімізде қорытынды ғылыми тұжырымды жасамаймыз. Әзірше, көрнекті әдебиеттанушы В.Н.Пертц айтқандай, осы мәселеге байланысты тәжірибелерді, ұстанымдарды, мысалдарды жинақтаймыз. Бізді мазалаған өзекті мәселенің байыбына бару үшін алдымен қазақ әдебиеттану ғылымында жазылған еңбектерді қарастырдық. Түркі халықтарының үлкен бір тармағы қазақ халқының классикалық әдебиеттану ғылымы бүгінгі таңда бір ғасырдай уақытты қамтиды. Содан бері түркі халықтарының ортақ әдеби мұрасын қарастырған іргелі еңбектер өмірге келді. Алайда олардың ішінде түркі әдебиеті тарихын дәуірлейтін ұстанымдар жайлы теориялық еңбекті кездестіре алмадық. Оның негізгі себебін жоғарыда атап көрсеттік. Қазақ әдебиеттануда ортақ түркі әдебиеті тарихының зерттелуі мен дәуірленуін әдебиеттанушы Нұрахмет Иманғазы өз зерттеулерінде жазды [3]. Кез келген ғылым саласында зерттеу жүргізу үшін, алдымен, зерттеу жүргізетін әдістемені, зерттеу ұстанымдарын айқындап алу қажет. Сол секілді, әдебиет тарихы бойынша ғылыми жұмысты жүргізу үшін өзіне тиесілі әдістемені, ұстанымдарды ажыратып көрсеткен дұрыс. Осыған орай, В.Н.Перетц төмендегідей тұжырым жасайды: «Подобно тому, как в зависимости от материала в технике изменяются и орудия, и способы ее обработки, так и в области науки каждая сторона человеческого знания и творчества для своего раскрытия требует далеко не всегда одних и тех же приемов: универсального метода нет, есть различные методы, путем коих мы изучаем, исследуем материал, сообразно ее качествам и поставленным заданиям» [2, 40 б.]. Орыс әдебиеттану ғылымында әдебиет тарихын зерттеу әдістері мен ұстанымдары жайлы зерттеулердің дәстүрі қалыптасты деуге негіз бар. Бұл мәселеде көрші әдебиеттану ғылымы мол табыстарға жетті. Олар аталған күрделі сұрақты шешу жолында өздерінің әдебиеті тарихымен ғана шектеліп қалмаған. Олар, сонымен бірге, әлем әдебиетінің дамуына зор ықпал еткен Батыс пен Шығыс әдебиеттерімен де терең танысқан. Орыс ғалымдары көркем шығарманы, көркем ойды, сөз өнерінің даму эволюциясын талдаған, сынаған, жүйелеген отандық және шетелдік ірі ғалымдардың зерттеулерін назардан қалдырмаған [4]. Осы орайда біз де түркі әдебиеті тарихын зерттегенде, оны дәуірлерге бөлу әдістерін анықтағанда өзіміздің зерттеулерімізбен ғана шектеліп қалмай, әлемдік тәжірибені мұқият қарастырғанымыз жақсы нәтиже береді деп санаймыз. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 1. Ыбыраев Ш. Жаназық. Қазақ руханияты және түркология мәселелері. – Көкшетау: КМУ баспаханасы, 2010. – 225 б. 2. Перетц В. Краткий отчерк методологии истории русской литературы: пособие и справочник для преподавателей, студентов и для самообразования / В.Н.Перетц; предисл. С.К.Росовецкого, А.Н.Дмитриева; Гос. публ. ист. б-ка России. – М., 2010. – 246 с. 3. Нұрахмет Иманғазы. Қазақ әдебиетінің төркіні мен тарихын дәуірлеу. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Астана, 2005. 4. Г.Г.Хазагеров, И.Б.Лобанов. Основы теории литературы: учебник. Ростов н/Дону: Феникс, 2009. – 316 с.; Аверинцев С.С. Историческая подвижность категории жанра: опыт периодизации // Аверинцев С.С. Риторика и истоки европейской литературной традиции. Москва., 1996.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar