Загрузка…

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ДІНИ ЭКСТРЕМИЗММЕН КҮРЕС

Бүгінгі күні Исламның таралуы мен дамуын, оның идеялық-саяси ағымдары мен формаларының типологиясын зерттеумен АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Өзбекстан және тағы басқа жаңадан қалыптасқан тәуелсіз мемлекеттердің ғылыми орталықтары айналысуда. Ондай орталықтар тек ғылыми зерттеулермен шектелмейді. Олар үкіметтік мекемелерге практикалық баяндамалар жолдап, діни саладағы жекелеген проблемаларды шешудің дайын бағдарламаларын да ұсынады. Алайда, отандық және шетелдік әдебиетте Орталық Азиядағы діни мектептер мен ағымдардың толық тарихы, қазіргі жайы жазылған жоқ. Ендеше еліміздегі ғылыми орталықтар мен дінтанушы мамандар, жауапты мемлекеттік құрылымдар алдында діни ұйымдар мен ағымдардың қызметін Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі контекстінде терең зерделеу, тиянақты талдау міндеті айқын тұр. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет болып саналады. Елімізде діннің қадір-қасиетін халыққа сабырлы да салмақты түрде ақылпарасатпен түсіндіруге, өзгелердің діни нанымына түсіністікпен қарауға, бірін-бірі кемсітуге жол берілмеуге тиіс. Еліміздегі конфессияаралық келісім, азаматтардың діни сенім бостандығына құқықтарын қамтамасыз ету және діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында Президенттің 2011 жылғы 18 мамырдағы № 84 Жарлығына сәйкес Дін істері агенттігі құрылды. Қазіргі кезде еліміздегі діни ахуалды құқық қорғау органдарымен бірлесіп, осы агенттік қадағалауда. Орталық Азиядағы лаңкестік және экстремистік ұйымдар қызметіне тоқталмас бұрын осы мақалада қолданылатын негізгі ұғымдардың мағынасына тоқталсақ. «Уикипедия» ашық энциклопедиясында «лаңкестік» терминіне мынадай анықтама берілген: «Лаңкестік – саяси-әлеуметтік себептерге байланысты жеке адамға, көпшілікке немесе мемлекетке қысым жасау, үрей туғызу мақсатында қасақана жасалатын қылмыстық іс-әрекет» [1]. Зерттеушілер, лаңкестіктің пайда болуына келесі факторлар әсер етеді деп топшылайды: мемлекетте экономикалық дағдарыстың болуы; саяси жағдайдың тұрақсыздығы; билік органдары, құқық органдары және сот органдарының әлсіздігі; мемлекетте ұлтшылдық, шовинистік, экстремистік, сепаратистік көзқарастардың өсуі; коррупцияның кең таралуы; арнайы қызметтің кәсіби деңгейінің төмендігі; этникалық жағдайдың нашарлығы; қару-жарақ, жарылыс заттарының алу жеңілдігі; миграциялық бақылаудың төмендігі; елде саяси партиялардың және ұйымдардың билікке таласуы; геосаяси факторлар және т.б. этникалық, діни идеологиялық шиеленістердің пайда болуы; өмір сүру деңгейінің төмендеуі, психологиялық дискомфорт жағдайы; әлеуметтік қорғалмағандық, мемлекет пен оның институттарының жалпы құрылымдық дағдарысы; тарихи, мәдени, құлықтық, гуманистік құндылықтардың жойылуы; билік институттары беделінің төмендеуі, заңның және оған сенімнің азаюы; мемлекетке шетелдік террористердің, діни, ұлтшыл-радикалдық және т.б. ұйымдардың кіруі, т.б. Лаңкестікпен бірге қоғам, мемлекет үшін қауіп-қатер төндіріп отырған құбылыстың бірі – діни экстремизм. Елімізде «Экстремистік қызметке қарсы қимыл жасау туралы» Заң қабылданып, ұлттық қауіпсіздікті, азаматтарды қатерлерден қорғау мақсатында экстремистік құбылыстардың алдын алуға байланысты шаралар атқарылып 88 жатыр. Аталған Заңда «экстремизм» ұғымына мынадай анықтама берілген: «Экстремизм – жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң белгiленген тәртiппен экстремистiк деп танылған ұйымдардың атынан iс-әрекеттер ұйымдастыруы және (немесе) жасауы; жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бiрлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды: Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен өзгертудi, егемендiгiн, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн бұзуды, мемлекеттiң ұлттық қауіпсiздiгі мен қорғаныс қабiлетiне нұқсан келтiрудi, өкiметтi күшпен басып алуды немесе өкiметтi күшпен ұстап тұруды, заңсыз әскерилендiрілген құралымдарды құруды, оған басшылық жасауды және қатысуды, қарулы бүлiк ұйымдастыруды және оған қатысуды, әлеуметтік, тектiк-топтық алауыздықты қоздыруды (саяси экстремизмдi); нәсілдiк, ұлттық және рулық алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды (ұлттық экстремизмдi); дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни практиканы қолдануды (дiни экстремизмдi) көздейтiн iс-әрекет ұйымдастыруы және (немесе) жасауы» [2]. Еліміздегі діни ахуалды баяндаған сұхбатында Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф: «Сөз жоқ, біз Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы ісқимыл туралы» Заңына сәйкес діни саладағы экстремизмге тойтарыс беріп, ымырасыз күресуге тиіспіз. Осы Заңға сәйкес, діни экстремизммен күресу мемлекеттік органдардың қызметіне жатады. Яғни, адам құқықтары мен азаматтардың бостандықтарын, Конституция негіздерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыру көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, экстремизмнің алдын алу, анықтау, жолын кесу және оның салдарын жою, сондай-ақ экстремизмнің жүзеге асуына жол ашатын себептер мен алғышарттарды анықтап, жойып отыру мемлекеттік органдардың басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, заңнамалық деңгейде экстремизмнің тамырын терең жаюға мүмкіндік бермейтін алғашқы кезеңінен бастап оны залалсыздандырып отыруға басымдық беріледі. Экстремизмнің алдын алу профилактикалық жұмыстарда көрініс табады. Атап өтілген заң бойынша, бұл – құқықтық, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, насихаттық және өзге де шаралардың қалыпты жүйесі. Отандық заңнаманың нормаларын орындау үшін Агенттік өз Ережесінде бекітілген ақпараттық-насихаттық шараларды жүзеге асыру міндетіне ден қояды. Осы міндеттің аясында халық арасында діни экстремизмнің алдын алу үшін ақпараттық-насихат топтары құрылып, олар Агенттік пен оның жергілікті департаменттері басшылығымен бүкіл Қазақстан аумағында ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Мұндай топтардың құрамына имамдар, дінтанушылар, ғалымдар, дін істері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері кіреді. Жұмыс барысында ақпараттық-насихат топтары халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтуға тырысуда, бұл жұмыстарда бірінші кезекте, әрине, жастар ортасы кеңінен қамтылуда. Бұл ретте қалың бұқараға діннің шынайы гуманистік бастауларын көрсетіп, дәстүрлі рухани құндылықтармен дәріптеу және де радикалды діни жамағаттарға қосылудың қатерлілігі турасында ақпараттар беру басты назарда. 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында осынау ақпараттық-насихат топтары 1600-ден астам іс-шара, яғни семинарлар, отырыстар мен дөңгелек үстелдер республика деңгейінде өткізілді, жұмыс аясына жалпы саны 53 мың адам қамтылды» деген дерек келтіреді [3]. Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1990-шы жылдардан бастап Орталық 89 Азияда діни экстремизм көріністерінің үш толқыны байқалды. Осыған қатысты сарапшылар тобы діни экстремизмнің пайда болу себептері, оның сипатты белгілері, оған қарсы лайықты әрекет ету жөнінде зерттеу еңбектерін жарыққа шығарды. Әсіресе қалалық жерлерде лаңкестік қауіп-қатерлердің алдын алу, оған қарсы қалай әрекет ету қажет деген мәселелерге қатысты зерттеу жүргізді. Өкінішке қарай, діни экстремизм, лаңкестік тақырыптары бойынша маманданған сарапшылар әлі аз. Діни экстремизммен күресте мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін сақтау мен азаматтардың құқығын қорғау – өзекті мәселе. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, экстремистік ұйымдардың әлеуметтік база ретінде жастарды өз қатарына тартуға тырысатыны жасырын емес. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, лаңкестік топтар – зайырлы қоғамға ғана емес, Батыс әлеміне қарсы бағытталған радикалды күш. Лаңкестік ұйымдар мақсатына қарай саяси, діни-этникалық, режимге қарсы, сыртқы күштер ұйымдары болып бөлінеді. Кейбір елдерде лаңкестік ұйымдар саяси партия ретінде әрекет етеді. Негізі, ғылымда исламдық терроризм деген түсінік жоқ. Көптеген саяси күштер, лаңкестік ұйымдар Ислам дінінің атын жамылып, қылмыстық әрекетке барады. Саясаттанушы А.Чеботаревтің айтуынша, саяси діни экстремизм – белгісіз қырлары көп күрделі құбылыс, сондықтан оның көріністерін жан-жақты зерттеп, жүйелі талдау жасау керек. Отандық дінтанушылар арасында дүниежүзіне қауіп төндіріп отырған діни экстремизмнің алдын алу үшін, дәстүрлі емес діни ағымдардан сақ болуы үшін ел арасында діни сауаттылықты, азаматтардың білім деңгейін көтеру қажет деген ортақ пікір қалыптасқан. 2000 жылдардың басынан бүгінгі күнге дейінгі Қазақстандағы діни ахуалдың өзгеру динамикасы, рухани өмірдегі діни ағымдар мен жетекшілерінің белсенділігіндегі өзгерістер жіті талданған емес. Бір тілдік этномәдени аумақты құрайтын көрші жатқан Өзбекстанға қарағанда қазақ қоғамындағы тілдік проблема діни мәселенің бір-бірімен өзара байланысы аз екі тілдік ортада талқылануына әкеліп отыр. Орыстілді дінтанушылар, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар қазақы ортадағы діни ахуалдың өзгерістерінен хабарсыз. Осы себептен олар тек орыс тіліндегі деректермен шектеліп, күн сайын ауқымы да, ішкі шиеленісі де артып отырған қазақ тілінде сөйлейтін діндарлардың өзара қарымқатынасын зерттеулеріне арқау ете алмай отыр. Профессор С. Ибраев: «Жеке әлеуметтік топ ретінде қалыптасып келе жатқан орыстілді мұсылман діндарлар қауымының қазақ тілін пайдаланбауын, ұлттық құндылықтарды өгейсінуін жаһанданудың діни формасына жатқызады. Кеңестік кезеңнен мұраға қалған зайырлы мемлекет жағдайында дін саласын реттеу тетіктерінің бірі – діни басқармалардың жетілдіру, жаңғырту жұмыстарына мұқтаждығы. Діни басқарманың ұлттық құндылықтарды жатсынуы, шетелдік діни кадрларды көптеп жұмысқа тартуы оның қызметіндегі сыртқы ықпалдың деңгейін көрсетеді. Ең алдымен, діни басқарманың ханафиттік діни-құқықтық мектеп арнасынан ауытқымауын қамтамасыз ету шарт. Біз бүгін байқап отырған «ресми діндарлардың» көзқарас алуандығы, канондық дін мен ұлттық дәстүрді қарама-қарсы қою әрекеттері діни экстремизмнің күшеюіне жол ашады. Елдегі діни оқу орындарының бағдарламаларының дәстүрлі діни-құқықтық ұстанымға қаншалықты сәйкес екенін таразылау да маңызды міндет» дейді. Қазақстанның «Әскери стратегиялық зерттеу орталығы» басқармасының бастығы Рафик Таировтың айтуынша, діни экстремизмді тарату проблемасы Орталық Азия елдері үшін күрделі болды. Аймақтағы діни экстремизм – бұл терең зерттеу мен күш жетерлік шешімді талап ететін нақты проблема. Орталық Азиядағы «ислам фундаментализмі» қоғамдық түсініктегі күйзелістен бастау алып отыр. Орталық Азия елдерінің аумағында әр түрлі елдерден келген діни миссионерлерінің болуы діни ахуалдың одан әрі қиындауына және бақылаудан тыс қалуына әкеліп соққан [4]. Қазақстан ғана емес тұтастай Орталық Азия аумағында жедел әрі бүркемеленіп жүргізіліп жатқан діни унификация (яғни діни біртектілікке көшу) ХVIII-ХХ ғасырлардағы барлық діни-саяси қозғалыстардың басты мақсаттарының бірі болған. Исламдағы мазхабтық жіктелісті жою («мазхабсыз ислам») ұранының түп төркіні 90 «мұсылмандарды біртұтас жасыл ту астына біріктіру» саяси мұратымен сабақтас. Бұл процестің формалары ретінде Ибн Абдул-Уаххаб қозғалысын (уахабшылдық) немесе қазіргі заман тарихынан белгілі «Мұсылман бауырлар» сияқты ұйымдар қызметін қарастыруға болады. Ал «Хизбут-Тахрир» ұйымы осы қозғалыстың аса ауқымды формасы болды. Орталық Азиядағы діни экстремизм көріністерінің барлығы осы діни унификациямен тікелей байланысты. Мұсылманшылықты «біртекті» ету үшін «таза ислам» жақтастары діни білім беру жүйесін бірыңғай бағдарламаға көшіргісі келеді. Сол себептен мемлекеттік уәкілеттік құрылымдар діни оқу орындарының оқу бағдарламасын басты назарда ұстауы керек. Қазір Қазақстанда түрлі діни қорлар емін-еркін таратылып жатқан Сайд Құтуби, ибн Таймия, Маудуди, ибн Бааз, Фаузан, ибн Албани, Ибн Зину, имам Тахауи, Мұхаммад Башамил, Мұхаммед Юсуф-Мұхаммед Садық еңбектері халық арасында діни экстремизмнің ертең көктеп шығатын ұрығын сеуіп жатыр деуге негіз бар. Қазір осы аталған жатжерлік «көсемдердің» кітаптарын «Кәусәр», «Әл-Баракат», «Шапағат-Нұр» баспалары ешбір кедергісіз басып шығарып, таратуда. Саяси исламның идеологиялық платформасын құрайтын бұл діндарлардың еңбектеріне теологиялық тұрғыда тойтарыс беруге қабілетті дін ғұламалары Қазақстанның өз топырағында көп болған. Бізде тек олардың шығармаларын насихаттау жағы жетіспейді. Олардың арасында шоқтығы биіктері – өз заманында Ибн Таймияның салафиттік тезистеріне теологиялық тұрғыда күйрете соққы берген аса ірі дін ғалымы Сәдуақас Ғылмани, Мәшһүр Жүсіп Көпей, Дамолла Ақмырза, Ержан Хазірет, Семей топырағында өткен Шәкәрім қажы, Ахметсафа Хазрет және т.б. Бұл ғұламалардың әрқайсысы дінтану тұрғысынан зерттелсе, ұлттық парадигма мен мемелекеттік мүддеге үндес терең пәлсапалық, дүниетанымдық қазына екені анық. Исламтанушы ғалымдар қазақ топырағында мыңжылдық тарихы бар сопылық-ханафилік діни дәстүрдің діни экстремистік пиғылдардан мүлде ада екенін дәлелдеп отыр. Бұл туралы әлемге белгілі исламтанушылар Бақтияр Бабажанов пен Әшірбек Мүміновтың «Жария зікірді негіздейтін пәтуалар жинағы» (Алматы, «Дайкпресс», 2008 ж.) кітабында айтылған. Осы ретте кейбір саясаттанушылар Орталық Азиядағы, оның ішінде Қазақстандағы қауіпсіздік мәселесінің, діни ахуалдың күрделеніп кетуін геосаяси фактормен байланыстырады. Мәселен, саясаттанушы Расул Жұмалы: «Біздің елдің орналасу жағрапиясы да ерекше. Екі ірі ядролық державаның ортасында тұрмыз. Біріншісі – миллиардтан астам халқы бар, қарқынды дамып келе жатқан экономикасы, күннен-күнге күшейіп келе жатқан армиясы бар Қытай. Екіншісі – ядролық гүрзісімен әлемді үркітіп отырған Ресей. Ресейдің экономикасы әлсіз десек те, Орта Азия елдерін жүз есе орап кетуге қауқарлы. Халқы да жетірлік, 140 миллионнан астам. Рас, осы екі елмен де достық қарым-қатынасымыз жақсы. Татумыз. Бірақ осы екі елдің де Орта Азияда үлкен мүдделері бар. Мұны жалғыз Қазақстан ғана емес, өзге көрші республикалар да жадынан шығармағаны жөн. Сондай-ақ Орта Азияға төнетін қауіп жетерлік. Ең бастыларының бірі –Ауғанстан жағынан келетін діни экстермизм, терроризм, есірткі тасымалы. Бұл – үлкен қауіптің басы. Қауіп-қатердің бұдан өзге де жолдарына келер болсақ, осы аймақта жатқан республикалардың су және энергия көздеріне деген келіспеушілігі көп. Бұл да жанжалға алып келуі әбден мүмкін. Шекара мәселесінде де дау жеткілікті. Сондай-ақ әр елдің саяси ұстанымдары әртүрлі. Мұның өзі де түрлі кикілжіңдер тудырары хақ. Қырғызстандағы саяси тұрақсыздық та өзге көршілерге әсер етпек. Осы мәселелерді сараптай келіп, Орта Азияға не болмаса Қазақстанға ешқандай қатер жоқ, «қой үстіне бозторғай жұмырқалаған» тыныш заманды бастан өткеріп жатырмыз деп ойлауға болмайды. Иә, өмір жалғасып жатыр. Жанталасқан жұрт. Ал жоғарыдағылар өздеріне ыңғайлы саясатты ұстанып, өздеріне оңтайлы мүмкіндіктерді пайдалануға тырысуда. Бұл орайда саяси ұстанымдардың да саясатқа ықпалы барын жоққа шығаруға болмайды. Біздің де өз ұстанымымыз өзгелердің билеп-төстеуіне жол бермеуі керек. Мұндай мүмкіндік Қазақстанда бар» [5] дейді. 91 Қорыта айтқанда, Орталық Азиядағы діни экстремизммен күрестен бұрын, оның алдын алудың маңызды екенін айта кеткен жөн. Себебі, діни экстремистік топтардың идеологиясымен теріс жолға түскен адамдардың санасын қайтадан қалпына келтіруге көп күш жұмсалады және көп ретте бұл жұмыстардың нәтижесі бола бермейді. Сондықтан бұл мәселе әлі де саяси-әлеуметтік, құқықтық, теологиялық, психологиялық тұрғыдан терең ғылыми зерттеуді қажет етеді.

Comments

So empty here ... leave a comment!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Sidebar