Орыс демократиясы туралы

Қазақ қоғамында орыс демократиясына дәстүрлі жағымды, жақсы көзқарас қалыптасқан. Бұл қатынасты қалыптастырған, әрине, ұлт зиялылары. Оның басында Шоқан, Ыбырай, Абайлар тұр. Олар қазақ жұртының өркениетті даму жолына түсуін тікелей орыс демократиясының қызметі және ықпалымен байланыстырды. Сонымен бірге, бұл алғашқы буын қазақ қоғамына орыс мәдениетінің енуіне жол аша отырып, бұл процестің басқа жағымсыз салдары болуы мүмкін екендігін болжай алған жоқ. Олар негізінен мәселенің жағымды жағын ғана көрді. Солай болуы, мүмкін, табиғи да шығар. Өйткені Шоқан мен Абай орыс және қазақ мәдениетінің өзара жақындасуының бастапқы кезеңінде өмір сүрді де, бұл процестің қазақ мәдениетіне тиімсіз жағын, орыс отаршыл әкімшілігінің прогресшіл орыс мәдениетін белгілі дәрежеде өз мүддесі үшін де пайдалануға тырысатындығын терең бойлап талдауға мүмкіндіктері болған жоқ. ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыс мәдениеті — бұл даму жолында тұрған іргелі мәдениет. Дегенмен, қандай іргелі мәдениет болмасын, онымен қатынасты дұрыс жолға қоя алмаған тәуелді ұлттар жеңіліс табуы ықтимал, яғни ұлы мәдениеттің құрсағында қорытылып, сіңіп, жоқ болып кете баруы әбден мүмкін. Бұл қарапайым шындықты ғасыр басындағы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлттық саяси элита жақсы түсінді. Шоқан мен Абайдан басқа дәуірде өмір сүрген Әлихан мен Ахметтің алғашқылардан өзгешелігі де олардың осы тарихи шындықты терең, дәл түсіне білуінде еді. А.Байтұрсынұлы: «Бүгінгі адамзат қоғамында өміршең мәдениет салтанат құрмақ, ал мәдениеттер теңдігін қуатты мәдениет арқылы ғана орнатуға болады, олай болмаған күнде жоғары сатыдағы мәдениеттер төмендегі деңгейдегі мәдениеттерді қанамақ» 23 , ­ дейді. Қазақ зиялыларының бұл табиғи ынтасын осы тарихи кезеңдегі орыс демократиясының В.Короленко, Г.Потанин сияқты ірі өкілдері тура түсініп, ылғи да қолдап отырды. Осы қолдауды жоғары бағалаған Әлихан Бөкейхан Ресей империясындағы азаттық қозғалыстың басына орыс демократиясын, ал қазақ зиялыларын олардың қоштауы, шәкірті орнына қойды. Бұл пікірдің астында терең шындық жатқандығы даусыз. Большевиктер партиясы өздерін орыс демократиясының мұрагері жариялады. Бұл, әрине, әділеттіліктен алыс тұжырым болатын. Кеңестік билік орыс демократиясының өзін де, оның негізгі принциптерін де пролетариат диктатурасы атаған мемлекеттің төріне шығармақ түгіл, маңайына да жолатқан жоқ. Ол бұл мінезін басқа ұлттарға да көрсетті. Өздерін орыс демократиясының шәкірті санаған Алаш зиялылары большевиктердің репрессия саясатының құрбаны болды. Мұстафа Шоқай кеңестік Россияда большевизмнің салтанат құруын орыс демократиясының әлсіздігімен байланыстырды. Ол: «Біз… ақпан төңкерісі кезеңінде орыс халқымен тең құқықта татулықта өмір сүрудің жолдарын іздеп, халқымызды «Ресей демократиялық федеративтік республикасы шеңберінде орыстармен бірге өмір сүруге» үндеп көрдік. Орыс демократиясының саяси жарамсыздығы салдарынан ақпан төңкерісі жеңіліс тапты. Ресейде орыс большевизмі үстемдік құрды…» 24 ­ деп жазды. Бүгінгі кеңестік биліктен арылған Ресейде орыс демократиясының жағдайы қандай күйде? Оған біздің қатынасымыз қандай болмақ? Коммунистік диктатурамен күресте жаңа орыс демократиясын төңірегіне топтастыра білген Б.Ельцин президенттік таққа отырған соң Татарстанға барған сапарында «тәуелсіздікті қандай көлемде қаласаңдар, сонша алыңдар!» деп мәлімдеген болса, енді, міне, 1994 жылдан бері екі дүркін Шешенстанды қанға бояп, қырғынға ұшыратты. Бұл ретте XIX ғасырда Шәміл муриттерін жаншып­ басқан орыс патшасы президент Ельциннің тағасына да жарамай қалды. Осы арада өз тарихымыздағы мынадай бір жағдай еріксіз еске оралады. Большевиктер Түркістандағы жаңа кеңестік отаршыл билікке қарсы азаттық күреске шыққан қарапайым диқандарды аты затына сай ескі баукеспе ұрыларға теңгеріп «басмашылар» атады. Тура осы жағдай бүгінгі Шешенстанда да байқалды. Өз елі мен жерінің азаттығы үшін қолына қару алып, ешқандай да салыстыруға келмейтін қуатты әскерге қарсы шыққан Имам Шәмілдің бүгінгі ұрпақтарын түгелдей «бандиттер» жариялап (шын бандиттер болса, басқа), жазалау үстінде. Бұл факті өздерін демократиялық лагерьге жатқызған Ельцин мен оның командасының большевиктерден мұраға ауысқан әдеттерінен біржола арыла қоймағандығын көрсетсе керек. Алғашқы шешен соғысы (1994) басталғанда, ақпарат құралдары Ресей әскері шабуылға алған Грозный қаласында орыс демократы С.Ковалевтің бейбіт тұрғындарды қорғап, орталық биліктен күш қолдануды тоқтатуды талап ете сөйлегенін хабарлаған еді. С.Ковалев сол тұста, егер ұмытпасам, президенттің адам құқы мәселесі бойынша кеңесшілерінің бірі болатын. Міне, осы фактіге байланысты көптеген кісілердің көңілінде нағыз орыс демократиясының бейнесі қайтадан қылаң берген еді… Өкінішке орай, бүгінгі Ресейден ковалевтардың дауысы әрең естіледі. Біз, әрине, олардың үнінің зор, ықпалды, еркін естілгенін қалар едік…

Читайте также:  Казахские памятники архитектуры VXIII-XIX вв

Оставить комментарий