Қосарлы мүшелену туралы

Жалпыға мәлім әдіс арқылы лезде түсіндіруге келмейтін барлық нәрсені «түсіндіруге келмейді» деп жария ететін қауіпті әдет қызық жағдайға жолықтырады: байланыстың (коммуникацияның) кейбір жүйелері, оларда сөйлеу тілін құрайтын қосарлы мүшеленудің болмауын сылтауратып, тіл ретінде мойындалмайды (қар. A.1.III.1). Сөйлеу тілімен салыстырғанда әлсіз кодтардың болуы, кейбіреулерді олардың код болып табылмайтынына сендірді, ал таңбаланушының тұтас блоктарының болуы, мысалы иконикалық суреттерге сәйкес келетін таңбалаушылар, екі қарама­қайшы шешімді қабылдауға итермеледі: бір жағынан, таңба жатқызу үшін жасалатын талдауға бағынбайтындықтан, оларды жоққа шығару, екіншіден, қандай жолмен болса да сөйлеу тіліндегідей мүшелену түрін табу. Клод Леви­Стростың абстрактылы және фигуративті кескіндеме туралы жазғандарын, ең жоғары дәрежедегі зұлым, әрі айлалы қақпанға жатқызуға болады. Тілде мағынаны иеленетін алғашқы мүшелену бірліктері (монемалар) болатыны белгілі, олар өзара сәйкесіп, синтагмаларды құрайды және осы бірінші қатардағы элементтер олардың құрамындағы екінші қатардағы элементтерге жіктелетіні де белгілі. Бұл фонемалар, олар монемалардан аз болады. Тілде монемалардың санында шек жоқ, дұрысын айтсақ, оларға сан жетпейді, ал олардың құрамындағы фонемалар саны шектеулі болады. 26 Әрине, тілдегі таңбалау осы деңгейдегі бірліктердің өзара әрекеті ретінде жүзеге асады, бірақ әлі ешкім де кез келген таңбалау процесі дәл осылай өтеді дегенді дәлелдеген жоқ. Дегенмен де Леви­Строс қосарлы мүшелену шарттары сақталған жағдайда ғана тіл туралы айтуға болады деген пікірді ұстанады. 2. Entretiens 27 — те Леви­Строс радиода бейнелеу өнері туралы өз пікірін айтты, онда, кейін «Сырое и вареное» кітабының кіріспесінде негізделетін көзқарасы айқын сезіледі: сөйлеген сөзінде нақтылықтың үлгісі бар өнер туралы айта келе, ол «Неприрученные мысли»­ де жасаған иконикалық таңба ретінде танылатын бейнелеу өнері теориясына тағы да жүгінді. Леви­Стростың айтуынша, өнер шүбәсіз таңбалық құбылыс, бірақ ол лингвистикалық таңба мен нақтылы заттың арасындағы жолдың ортасында тұр. Өнерде мәдениет табиғатты өз қолына алады, табиғи материал таңба дәрежесіне көтеріліп және өзінің бұрын жасырын жатқан құрылымын таныта келе таңбалау қабілетін иеленеді. Бірақ өнердегі коммуникация таңбаның және жарататын табиғи заттың ерекше байланысы ретінде жүзеге асады, ал осындай иконикалық өзара байланыс болмаса, біздің алдымызда өнер туындысы емес, болмысы лингвистикалық құбылыс, шартты белгі тұрар еді және екіншіден, егер өнер табиғи заттың толық қайталануы болса, онда ол таңбалық сипатты иеленбеуші еді. Алайда өнерде таңбалар мен табиғи заттардың арасындағы айқын байланыс сақталса, ол шүбәсіз, иконикалылықтың өнерге семантикаға ие болу мүмкіндігін үстеуінен және иконикалық суреттің таңба болуы оның сөйлеу тілінің артикуляция түрін қандай да бір жолмен қайталауына байланысты. Радиодан берілген әңгімеде жалпы түрде айтылған бұл пікірлер, «Сырое и вареное» кітабының кіріспесінде жүйелі баяндалады. 3. Ғалымның пайымдаулары бұл жерде өте қарапайым: кескіндемеде, сөйлеу тілінде сияқты, монемаларға (бұл жерде Леви­Строс танылатын бейнелерді, яғни иконикалық таңбаларды меңзейді) ұқсатуға болатын алғашқы мүшеленудің мағына иеленуші бірліктерін анықтауға болады, ал мүшеленудің екінші деңгейінде фонемаға барабарлар анықталады — яғни, өзіндік мағынадан айырылған дифференциалы белгілерді иеленетін формалар мен түстер. Кескіндемедегі фигуративті емес ағымдар бірінші деңгейді қажетсінбей, екінші деңгейді қанағат тұтады. Олар коммуникация жасау қабілетінен айырылып, атональды музыка секілді сол баяғы қақпанға түсіп, заманымыздың ең үлкен жаңылысуына, яғни «артикуляцияның бір деңгейі бар таңбалық жүйесін жасауға ұмтылуға» ұрынады. Леви­Строс жеткілікті дәрежедегі көрегендікпен тональды музыка мәселелерін талдайды. Ол бірінші қатарға жататын элементтердің, мағынаға ие интервалдардың және екінші мүшелену элементтері ретінде, жеке дыбыстардың болуын мойындай отырып, соңында тым ортодоксальды қорытындыларға келеді: 1)Қосарлы мүшелену жоқ болса, тіл де болмайды. 2)Қосарлы мүшелену тұрақты болады, оның деңгейлері алмасуға жол бермейді және орындарын ауыстырмайды, ол белгілі бір мәдени келісімдерге негізделеді, өз кезегінде олар қандай да бір табиғи терең қозғалыстарға сәйкес келеді. Мұндай ортодоксальды қорытындыларға біз келесі пікірлерді қарама­қарсы қоямыз (дәйектемені төменде қар.): 1) Коммуникативті кодтарда артикуляцияның әртүрлі типтері болады, сондай­ақ артикуляциясыз да кодтар болады: қосарлы мүшелену догма емес. 2) Артикуляция деңгейі тұрақты болмайтын кодтар болады 28 , және егер кодты реттейтін қатынастар жүйелері табиғи құбылыстарда қайсыбір жолмен тұрақтанатын болса, онда ол терең болады, яғни әртүрлі кодтар олардың барлығын да негіздеп тұратын қайсыбір Әуелгі­ кодты танытуы мүмкін. Бірақ табиғи бастауларға сәйкес келетін мұндай кодты, мысалы белгілі бір тарихи дәуірде пайда болғаны және батыстық құлақтың оны игергені бәріне мәлім тональды музыка кодына барабар деп білу, сондай­ақ атональды жүйеден және фигуративті кескіндемеден, бұлар коммуникация міндеттеріне сай келмейді деп бас тарту, қандай да бір тілді мета сипаттаудың болжалды тіліне теңестірумен бірдей нәрсе. 4. Тональды музыка принциптерін жалпы музыкаға тарату — елу үш (52 карта және джокер) картадан тұратын француздық ойын картасымен тек бридж ойынын ғана ойнауға болады, яғни олардың комбинаторикалық мүмкіндіктері бридж ойынының кодымен шектеледі деп есептеумен бірдей нәрсе. Бридж коды субкод болып табылады, ол саны шектелмейтін партияларды ойнауға мүмкіндік береді, бірақ оны сол баяғы 53 картаны пайдаланып, әрқашан покер кодына, яғни басқа субкодқа ауыстырып алуға болады. Бұл субкод жеке картадан құралған элементтердің артикуляциясын қайта құрып, оларға басқа мағынаны иеленетін жаңа комбинацияларды жасауға мүмкіндік береді. Қайсыбір ойынның — покер, бридж және т.б. — коды карталардың кейбір мүмкін комбинацияларын ғана пайдаланады, және карта жиынтығының (колода) комбинаторлық мүмкіндігі осы кодпен шектеледі деп ойлайтын адам қателескен болар еді. 29 Расында да, 53 карта мүшеленудің, континуумда позициялық мәндердің таңдалу нәтижесі — дыбыстық қатардың дыбыстары да дәл осылай — әрине осынау кодтын негізінде әртүрлі субкодтар жасалуы мүмкін және карталардың саны да әртүрлі — неаполитан картасы — қырық, неміс картасы — отыз екі, болуы мүмкін. Барлық карта ойындарының басты коды, ойындар теориясы сипаттайтын және зерттейтін (музыка зерттеушілері де әртүрлі жүйе туғызатын комбинаторлық матрицаларды зерттесе артық болмас еді…) комбинаторлық матрица (болуы мүмкін комбинациялар жиынтығы) болып табылады, бірақ Леви­Строс үшін кез келген карта ойыны — бридж, ол әртүрлі жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ететін терең құрылым және бір нақты жүзеге асырудың арасындағы айырмашылықты көрмейді. 5.Басқасын айтпағанда, карта мысалы бізді зерттеуіміз үшін өте маңызды мәселеге жолықтырады. Карталық кодта қосарлы мүшелену бар ма? Егер покердің лексикоды карталардың белгілі бір жиынына (әртүрлі үш түз — «трис», төртеуі — «покер») мағына телу арқылы жасалса, онда бұл комбинацияларды толық қанды «сөздердің» орнына қойсақ, жеке карталар екінші мүшелену бірліктері болады. Сонда да 53 карта өзара жүйедегі орнымен ғана емес, сондай­ақ қосарлы қызметімен де ерекшеленіп тұрады. Олар мағынасына қарай бір түстің (мастін) ішінде иерархия құрып (тұз, екілік, үштік…ондық, валет, дама, король) қарама­қарсы қойылады және төрт әртүрлі түстің иерархиясында біріне бірі қарама­қарсы тұрады. Демек, екі ондық «екілікті», ондық, валет пен дама, король мен тұз — «стрит», бірақ бірдей түсті барлық карта ғана «масть» немесе «корольдік стрит» жасайды. Демек, кейбір белгілер бір тарату шеңберінде дифференциалды болса, басқалары — басқа тарату шеңберінде дифференциалды болады. Бірақ жеке карта кез келген мүмкін комбинацияның соңғы, жіктеуге келмейтін бірлігі бола ала ма? Егер табан жетілік кез келген түстің алтылығына, сондай­ақ шыбын жетілікке қарсы тұра алса, онда табан түсі қосымша әрі нақты артикуляцияның элементі болып шықпай ма? Ең әуелі, бұл туралы айтуға болатын нәрсе, ол ойынның немесе ойын тілін білетін адамның түске қарап, бірліктерді бөліп жатпауы, өйткені олар мағынасына орай жіктелген(тұз, екілік.­.тоғыздық, ондық), бірақ бұл уәж покер ойынын ойнаушының көзін жеткізсе, скопа (ұпай қосылатын ойын, мұнда түрдің (масть) бірлігі өлшем бірлігі болады) ойнатын адамды сендірмейді. Бұл туралы қар. Б.З.1.2.Д. 6.Тілдегі мүшелену типтеріне қатысты мәселенің қарапайым еместігін мойындататын әртүрлі пайымдаулар осындай. Бұған байланысты әдістемелік мақсатта қажет болатындар: 1) қосарлы мүшеленудің болуы дау тудырмайтын факт саналатын сөз кодтары үшін «тіл» атауын сақтап қалу; 2) басқа таңбалардың жүйесін «код» ретінде тану және оларға одан саны көп мүшелену кодын анықтауды міндеттеу.

Читайте также:  МЕСТО ИНТЕЛЛЕКТУАЛЬНОГО ПОТЕНЦИАЛА В ИННОВАЦИОННОЙ ПОЛИТИКЕ КАЗАХСТАНА

Оставить комментарий