Отаршыл билік және бірегейлік

ХІХ ғасырдың 60­шы жылдарының соңында Жетісу жерінде ресейлік билік жүйесі орнады. Бұл өңір тарихындағы жаңа кезеңді бастап берген оқиға еді. Патшалық билік жарты ғасырлық мерзімді қамтыды. 1917 жылғы революциялық оқиғалар бүкіл империя көлеміндегідей мұнда да кеңестік биліктің орнауына жол ашты. Сөйтіп Жетісу өңірі тарихындағы кеңестік кезең басталды. Жарты ғасыр мерзімге созылған патшалық билік Жетісу өңіріне, оның халқының өміріне қандай жаңалықтар ала келді, монографиялық зерттеуде әңгіме осы тақырып ауқымында өрбиді. Әрбір тарихи кезең қайталанбайтын жалқы құбылыс. Патшалық билік тұсындағы Жетісу тарихы осы пікірдің дұрыстығын айғақтай түседі. Жетісу тарихында бұл кезеңде орын алған өзгерістер одан бұрынғы да және одан кейінгі де өзгерістерге ұқсамайды. Сондай­ақ ол тура осы мезгілде Қазақстанның басқа өңірлерін қамтыған жаңа енгізулерден өзгешелеу. Жетісу тарихына арналған еңбектер біршама. Олардың арасында патшалық Ресей тұсында өмір сүріп, соңында мазмұнға бай еңбектер қалдырған Ш. Уәлиханов, Ж. Шуақов, Б. Сыртанов сияқты отандастарымыздың жасаған тұжырымдары мен пікірлері ерекше орын алады. Мәселен, Ш. Уәлиханов 1864 жылы жазған «Сот реформасы туралы жазба» еңбегінде – «Ресей өз перзенттері қатарында өмір салты, тұрмыс­тіршілігі тұрғысынан өз халқы орыстардан, жалпы славян тектілерден мүлдем өзге тек және сенімдегі ұлыстардың басын қосып отыр. Сондықтан да әрине, христиан және отырықшы орыс жұрты үшін жобаланған қайта құрулар мен өзгерістер … егер де бүгінде сол күйінде көшпелі европалық және азиялық Ресейдің өзге халықтарына да енгізілетін болса, онда ешқандай да пайдалы нәтиже бермей мағынасыз аяқталатындығы түсінікті» – деп көрсетті [1]. Осы аталған еңбегінде ғалым орыс билігінің қазақ даласында орнығуымен бірге өзгерістердің жергілікті халықтың сот ісін де қамтығанын айтып, билер сотының қазақ халқының салт­дәстүрімен біте қайнасқанын негіздей отырып, сот жүйесіне енгізілмек өзгерістерде бұл жағдайдың ескерілуге тиістігін жақтайды.

Жетісу тарихына қатысты мәселелер ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басында жарық көрген патша өкіметі шенеуніктерінің, орыс зерттеушілерінің еңбектерінде де көрініс тапты. Бұл ретте Н.А Аристов, М.И. Венюков, П.И.Пашино, Д.И.Романовский, В.В. Григорьев, А.М. Никольский, Ю.Д. Южаков, А.Ф. Костенко, М.А. Терентьев, А. Иванов, Ю.В. Кологривов секілді авторлардың ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазылған еңбектерін [2] ерекше атап өтуге болады. Олардың еңбектерінде қолданылған материалдар әлі күнге дейін өз құндылығын жоя қойған жоқ. Бірақ, аталған авторлардың еңбектері патшалық биліктің түрлі сұраныстарына лайық, ұлы державалық тұрғыдан жазылып, империялық мүддеге қызмет етуді көздеді. Мәселен, Ресейдің экспансиялық саясатын «орыстардың өркениеттік миссиясы» ретінде бағалаған М.И. Венюков, өз еңбектерінде шет аймақтардағы отарлық билік жүйесін нығайта түсуге байланысты өз ұсыныстарын білдірген [3]. Ол империядағы генерал­ губернаторлардың міндеттерінің өзара айырмаланып, түрлі ведомстволарға бағынуын жергілікті жағдайдың ерекшеліктерімен байланыстырды. Оның пікірінше, Түркістан генерал­ губернаторының Соғыс министрлігіне бағынуы империяның оңтүстіктегі шекарасының беріктігін қамтамасыз етіп, өлкедегі жергілікті билік орындарының «табысты» қызмет етуіне кең жол аша түспек [4]. Түркістан өлкесінде патша өкіметінің жүргізген әкімшілік басқару реформалары жоғарғы биліктің қабылдаған заңдық құжаттарында, сондай­ақ бұл заңдық құжаттарға түсінік берген Н.И. Крафт, В.И. Каплун, В. Вощинин сияқты авторлардың еңбектерінде [5] қарастырылған. Бұл авторлар Түркістанда отарлық билік орындарының жергілікті халықты европалық өркениетпен «байланыстырушы көпір» қызметін атқаратындығын дәлелдеуге тырысып, ұлы державалық мүддені жоғары қойды. Сондықтан да олар өлкедегі жергілікті халықтың дәстүрлі сот жүйесінің, яғни қазылар мен билер сотының жаңа жағдайда да өміршеңдік танытуын « тағылықтың сарқыншақтары» ретінде бағалады. Жетісу өңіріндегі патша өкіметінің отарлық билік орындарының қызметі П.П. Румянцев, К.К. Пален, В. Васильев секілді жоғары мансапты орыс шенеуніктерінің еңбектерінде [6] біршама көрініс тапқан. Бұл еңбектердің авторларының барлығы дерлік патша өкіметінің арнайы тапсырмасымен Түркістан өлкесін зерттеп, ол жөнінде орталық билік орындарына нақтылы ұсыныстар берген. Осыған орай олардың еңбектерінде отарлық билік орындарының қызметін жетілдіре түсу мақсаты көзделіп, билік жүйесінің кейбір «осал тұстары» сынға алынған болатын. ХХ ғасыр басындағы қоныс аудару қозғалысына, жер мәселесіне арналған орыс зерттеушілерінің еңбектерінде де отарлық билік орындарының қызметіне біршама көңіл бөлінген [7]. Ол еңбектердің көпшілігінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қолдаушылық танытылып, жергілікті билік орындарының осы «саяси мәні бар шараны» жүзеге асырудағы «белсенділік» деңгейіне баға берілген.

Дегенмен, жер мәселесіне арналған еңбектердің арасында отарлық билік орындарының жергілікті халықтың пайдалануындағы жерлерді орыс шаруаларына тартып әперудегі зорлық­зомбылықтары мен айла­әрекеттерін айыптау да кездеседі. Мәселен, О.А. Шкапский мен Т. Седельниковтың еңбектерінде [8] қоныс аудару мекемелері шенеуніктерінің қазақтар иелігіндегі құнарлы жерлерді тартып алуына жергілікті билік орындарының еш қарсылық көрсете алмай, керісінше, оларға ізгі ниеттілік танытқаны айыпталған. Патша өкіметінің қазақ жеріндегі отарлық билік орындарының ұстанған саясаты ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары тарапынан да өткір сынға алынған болатын. Олардың бұл жөнінде білдірген пікірлері ұлттық басылымдар – «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жарияланғанды. Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың «Исторические судьбы киргизского края и культурные его успехи» атты еңбегінде [10] патша өкіметінің қазақ даласындағы отарлық саясатының өркениеттік жүгі бар деген еуроцентристік пікірдің негізсіз екендігі әшкереленіп, ресейлік қоныс аударушылардың өлкені иеленіп алғаннан соң жергілікті халықтың өміріне соншалықты терең мәдени өзгерістер енгізе алмағандығы дәлелді көрсетілген. М.Тынышпаевтың 1906 жылы «Русский Туркестан» газетінде жарияланған «Киргизы и освободительное движение» атты мақаласында [11] отарлық билік орындарының біріншіден, қазақтарды тәуелсіз ұлт ретінде жойып, бүтін өлкені орыстандырып жіберуді, екіншіден, түрлі әкімшілік шаралар, нұсқаулар және ережелер арқылы қазақтарды құқысыз, заңнан тыс тобырға айналдыруды, үшіншіден, оларды өздерінің атамекен жерінен айырып, нәрсіз шөлге ысырып, өлім құшағына айдауды көздегені ашық сынға алынған болатын. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 20­30 жылдары Түркістан өлкесіндегі патша өкіметінің отарлық саясатына және оның жергілікті билік орындарының қызметіне Г. Сафаров, Т.Рысқұлов, С. Муравейский, П.Г. Галузо, В. Лаврентьев еңбектерінде [12] баға берілді. Бұл авторлардың барлығы дерлік патша өкіметінің отарлық саясатының жергілікті халықтың шаруашылығына, мәдени өміріне тигізген кері әсерлерін баса көрсетіп, отарлық билік орындарының құрылымы мен қызметіне шолу жасаған. Г. Сафаров қоныс аударған орыс шаруалары жергілікті отарлық билік орындарының сенімді тірегіне айналды, жергілікті халықты тонау ісінде отарлық аппаратпен пиғылда болды деген тұжырымға келеді. Мұндай пікір П.Г. Галузо тарапынан да айтылды. Ол отарлық билікті «түземдіктерді билеу аппараты» және «орыстық әскери­шенеуніктік аппарат» деп екіге бөліп қарастырып, отарлық саясат шет аймақтарға зор қасірет алып келді деген пікірге тоқтайды.

Читайте также:  Маңғыстау мен үстірт Адайлары

Отарлық билік жүйесінің қазақ даласына енгізілуі зор қасірет ала келгендігін С. Асфандияров пен Ғ. Тоғжанов та өз еңбектерінде негіздей түскен болатын [13]. Бірақ та, патша өкіметінің отарлық саясатына қатысты мұндай пікір көп ұзамай кеңестік тарих ғылымында өзгеріске түсе бастаған еді. Кеңестер одағында тоталитарлық жүйенің орнығып, нығая түсуімен бір мезгілде кеңестік тарих ғылымы да саясаттана түсіп, орыс емес халықтардың Ресей империясы құрамына ену процесі жаңа реңк ала бастады. Осы арнада 1951 жылы «Вопросы истории» журналында М.В. Нечкина мен А.В. Якуниннің мақалалары [14] жарық көріп, онда «патша өкіметінің отарлық саясатына қарамастан, орыс емес халықтардың Ресейге қосылуы прогрессивті құбылыс болды» деген пікірді негіздеу көзделді. Бұл ғалымдардың пікірінше патша өкіметінің отарлық саясаты империя құрамына енген халықтарға «зор қасірет» емес, керісінше оларға «болар­ болмас қасірет», ал түптеп келгенде бақыт әкелген болып шықты. Осылайша кеңестік тарихшылар Ресейдің «экспансиялық саясаты» деген терминнің орнына «қосып алу», «өз еркімен қосылу» деген терминдерді қолдануды әдетке айналдыра бастады. Партиялық талап және маркстік­лениндік методологияға сәйкес патша өкіметінің отарлық саясатын талдауға алған ғалымдар, бұл процестің зардаптарымен қатар, прогресшіл жағына да көңіл аударуға тиіс болды. Кеңестік тарих ғылымындағы мұндай құбылыс С. А. Раджабов, Н.А. Халфин, Е. Бекмаханов еңбектерінде [15] орын алды. Бұл еңбектерде жасалған тұжырымдардың мазмұнын А.Сабырхановтың Қазақстанның Ресейге қосылуына арналған еңбегінде жазылған мынандай жолдардан да аңғаруға болады: «Қазақ жерлерінің Россия құрамына енуі қазақ халқының әлеуметтік­экономикалық және мәдени мүдделеріне сай келді. Патша өкіметінің зорлық­зомбылық сипаттағы саясатына қарамастан Россияға қосылу, сөз жоқ, прогрестік маңызға ие болды. … Қазақстанның Россияға қосылуы қазақ халқының көп ғасырлар бойындағы тарихында ұлы бетбұрыс кезең болып табылады» [16]. Кеңестік тарих ғылымының Ресей империясының отарлық саясатының шет аймақтарға «болар­болмас қасірет» әкелгендігі жөнідегі тұжырымды қазақстандық зерттеушілер де қабылдауға мәжбүр болды.

Бұл ретте біздің тақырыбымызға байланысты Б.Сүлейменовтың, С. Зимановтың, Т. Күлтелеевтің, Ғ.Сапарғалиевтің және басқа да зерттеушілердің еңбектерін атауға болады [17]. Б.Сүлейменовтің еңбегінде 1867­1868 жылдардағы реформалар және оның нәтижесінде қалыптасқан әкімшілік басқару жүйесі нақты деректі негізде талдауға алынған. Автор патша өкіметінің реформалық шаралары отарлық билікті нығайтуды көздеді деген ойды айта отырып, бұл өзгерістер өз уақытында қазақ ауылының қоғамдық­саяси дамуына да игі ықпал жасады, өлкеге капиталистік қатынастардың енуіне қолайлы жағдай туғызды деп бағалайды. Осындай тұжырым патша өкіметі реформаларының құқықтық астарын қарастырған Т.М. Күлтелеев, Ғ. Сапарғалиев және С. Зиманов еңбектеріне де тән. Жетісу өңіріндегі Ресей империясы билік орындарының қызметі, жергілікті халықтың ұлттық және әлеуметтік құрамындағы өзгерістер А.Б. Геллер, А.Б. Тұрсынбаев, И.Ф. Макаров, А. Еренов, П.Г. Галузо, С.А. Сүндетов, С.Е. Толыбеков, А.А. Горячева, Л.С.Фришман, Н.Е. Бекмаханова, М.Х. Асылбеков, М. Төлекова еңбектерінде негізгі мәселе немесе жанама тақырып түрінде талдауға алынған [18]. Ресей империясындағы мемлекеттік басқару аппараты және жергілікті билік мәселелерін кеңестік тарих ғылымында арнайы зерттеген Н.П. Ерошкин, П.А. Зайнчковский, С. М.Троицкий болды [19]. Бірақ олардың еңбектерінде шет аймақтардағы отарлық билік орындарының қызметіне аз көңіл бөлінген. Дегенмен бұл авторлардың еңбектері мемлекеттік құрылыс пен бюрократиялық аппарат қызметіне қатысты мол деректерді, патша өкіметінің нормативтік актілерін кеңінен ғылыми айналымға тартуымен ерекшеленеді. Біз қарастырып отырған мәселеге жаңа баға беруге деген талпыныс еліміз егемендік алғаннан кейінгі кезеңде анық байқалды. Тарих ғылымының маркстік­лениндік методологияға басымдық беруден бас тарту зерттеушілерге патша өкіметінің отарлық билік орындарының қызметіне тың көзқарас танытуына мүмкіндік туғызды. Қазақстанның ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы саяси дамуына арналған Қ. Ә. Жиреншиннің еңбегінде [20] өлкеде жүзеге асырылған және қазақ қоғамының әлеуметтік, саяси, құқықтық өмірінде түбегейлі өзгерістер туғызған саяси­әкімшілік реформаларға талдау жасалынған. Бірақ та, бұл еңбекте реформалардың қазақ халқына тигізген зардаптары автордың назарынан тыс қалған. Б.Әбдірахманованың «Қазақстан тарихы: ХІХ ғасырдағы өкімет, басқару жүйесі және территориялық құрылым» атты кітабында [21] отарлық билік орындары арнайы қарастырылғанымен, оның Жетісу өңіріндегі қызметінің ерекшеліктеріне көңіл бөлінбеген. Мұндай пікірді өзбекстандық зертеуші Н.А. Абдурахимованың диссертациялық жұмысына да қатысты айтуға болады [22].

Читайте также:  М.ӘУЕЗОВТЫҢ «АБАЙ ЖОЛЫ» РОМАНЫНЫНДАҒЫ МЕТАФОРАЛАРДЫҢ ТҮРІК ТІЛІНЕ АУДАРЫЛУЫ

Ресей империясының Орталық Азиядағы отарлық саясаты және жергілікті билік орындарының қызметі батыс зерттеушілерінің еңбектерінде де көрініс тапқан. Бұл ретте Ю. Скайлердің, Г. Бульджердің, А. Краусстың, Р. Пайпстың, Р.Пирстің, Г.Д. Соколдың, М.Б. Олкоттың, Д.Ж. Демконың, А.Каппелердің және басқа зерттеушілерщің еңбектерін атауға болады. Олардың басым бөлігінің ғылыми тұжырымдары мен пікірлері К.Л.Есмағамбетовтың, М.Т. Лаумулиннің және К.Р. Несіпбаеваның тарихнамалық еңбектерінде [23] талдауға ұсынылған. Міне бұл тарихнамалық шолу патшалық Ресей билігінің тарихын жеке аймақ деңгейінде зерттеудің қажеттілігін және оның ғылыми маңызын аңғартса керек. Зерттеу жұмысына тартылған деректік материалдарды мынадай бірнеше топқа жіктеуге болады: ресми билік орындарына тән іс құжаттары, түрлі қызмет және дәрежедегі шенеуніктердің жазбалары мен талдаулары, баспасөз және статистика материалдары. Деректік материалдардың басым бөлігі, әрине, билік орындарына тән іс құжаттары. Шыққан көзі және сипаты бойынша олар әртүрлі. Егер құндылығы жағынан алар болсақ, онда алдымен Түркістан және оның құрамындағы Жетісу өңірінің отарлық жағдайын заңдық тұрғыдан бекітіп берген патша үкіметінің заңдық актілерін атағанымыз жөн [24]. Заңдық актілерден тыс күнделікті тынымсыз өмір ағымы жатқандығы мәлім. Ал оны талдауға алуды Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты (ҚР ОММ) және Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлекеттік мұрағаты (ӨР ОММ) қорларында сақтаулы жоғарғы және жергілікті билік орындарына тән құжаттық материалдардың маңызы ерекеше. Бұл топтағы құжаттық деректер біз қарап отырған мезгілдегі Түркістан өлкесі мен Жетісу өңіріндегі билік жүйесінің қызметі мен жағдайын біршама жақсы түсінуге мүмкіндік береді. Беретін мәлеметтерінің молдығы және маңыздылығы жағынан ҚР ОММ қорларының орны ерекше. Бұл мұрағаттағы «Сергиополь сыртқы округтік приказы» (№ 1 қор), «Ұлы Жүз қазақтарының Алатау округінің бастығы» (1848­1868 ж.ж.) (№ 3 қор), «Ақмола облысының жеке меншік алтын өндірісі орындарының округтік ревизоры (1843­1916)» (13­қор), «Жерге орналыстыру және егіншілік бас басқармасының Семей ауданындағы қоныстандыру ісінің меңгерушісі. Жетісу облысы. Верный қаласы (7 кітаптан)» (19­қор), «Жетісу облыстық басқармасы» (№ 44 қор), «Верный уезі Отар бөлімінің приставы» (№ 47 қор), «Дала генерал – губернаторының кеңсесі» (64 қор), «Верный округтік соты прокурорының көмекшісі» (№ 818 қор), «Дала губернаторы Г.А.Колпаковскийдің жеке қоры» (№ 825 қор) қорларында сақтаулы 8материалдардан Жетісу жеріне орыс әкімшілігінің енуі мен орнығуы барысынан, оның құрылымы мен штаттағы қызметкерлерінің сандық және сапалық құрамынан, отарлаушы биліктің саяси, шаруашылық, сот және басқа мазмұндағы қызметінен мол мәлімет алуға болады.

Аталған қорлардағы құжаттық деректер сондай­ақ жергілікті халықтың отарлаушы биліктің шараларына қатынасын белгілі бір дәрежеде түсінуге мүмкіндік туғызады. Тақырып бойынша деректік материалдарының құндылығы жағынан Өзбекстан Республикасы Орталық Мемлкеттік мұрағатының орнын асыра бағалау мүмкін емес. Бұл мекемедегі Түркістан генерал­губернаторының кеңсесі ( № 1 қор), Түркістан өлкесіндегі егіншілік және мемлекеттік мүлік басқармасы (№ 7қор), Түркістан аудандық бақылау бөлімі (№ 461 қор) қорларындағы деректік құжаттар патшалық биліктің Жетісу өңіріндегі әкімшілік­ басқару қызметінен ғана емес, сонымен бірге оның жер және әлеуметтік саясатынан, жергілікті халықтың арасынан шыққан тарихи тұлғаларға қатысты ұстанымдарынан аса маңызды фактілік материалдар береді. Патшалық билік тұсында Жетісу өңірінде болып өткен өзгерістерден хабар беретін мәлімет көзі статистикалық құжаттар. Бұл ретте біздің зерттеу жұмысымыз үшін ең қажет фактілерді берген Жетісу облыстық статистикалық комитетінің материалдары болғандығын айтуымыз керек. Жетісу Облыстық Статистикалық Комитетінің ұйымдық жиналысы 1879 жылы 18 желтоқсанда Верный қаласында облыс губернаторы Г.А.Колпаковскийдің төрағалығымен болып өтеді [25]. Статистикалық Комитеттің негізгі міндеттерінің бірі әрбір жыл сайын жазылатын облыс губернаторының патшаға жолдайтын есебін әзірлеу еді. Есепке байланысты Орталық статистикалық комитеттің арнайы формасы бойынша мәліметтер жинастырылып, ол мәліметтер 1882 жылдан бастап «Обзор Семиреченской области» деген атпен тұрақты түрде 1913 жылға дейін жарық көріп тұрды. «Обзорлардың» беретін статистикалық мәліметтерінің үлкен маңызын мойындай отырып, сонымен бірге ол мәліметтердің дәлдік сапасына қатысты кезінде П.Г. Галузоның берген сыни бағасымен келіспеске шарамыз жоқ [26]. Жетісу облысы тұрғындарының жалпы саны және әлеуметтік құрамы жөніндегі статистикалық материалдар патшалық билік тұсында С­Петербургте екі мәрте жарық көрген [27]. Бұл екі басылымның соңғысына 1867 жылы жүргізілген халық санағының материалдары енгізілген. 1920 жылы Жалпыресейлік ауыл шаруашылығы санағы жүріп, бұл шара Жетісу облысын да қамтыған [28]. Аталған статистикалық материалдардың көрсетулерін салыстыра отырып облыс халқы мен оның экономикасын динамикалық өзгерісте қарастыруға мүмкіндік туады.

Читайте также:  АРМИЯ СОСТОЯВШЕГОСЯ ГОСУДАРСТВА

Ресми билік орындары құжаттарының арасынан Жетісу облысы губернаторының 1868 жылдан бастап орталық билікке үзіліссіз жолдап отырған жылдық есебінің маңызын атап айту парыз. Біз өз зерттеуімізде 1868, 1898, 1899, 1900, 1901, 1902, 1903, 1906, 1908, 1909, 1910, 1914 жылдары берілген есеп текстерін пайдаландық, ал көрсетілмеген жылдары берілген есептердің тексін табу мүмкін болмады. Губернатордың есебі облыс өмірінің түрлі салаларындағы негізгі жаңалықтарды анықтап, олардың өзгеру немесе өсу динамикасын бақылауға, сол арқылы өңір өмірінің жалпы болмысын тереңірек түсінуге жол ашады. Сонымен бірге бұл есептерден жергілікті басшылық орындарының орталық үкімет алдында ылғи да тындырымды іс бітіріп жатқандай көрінуге тырысқандығын аңғару әрине қиынға түспейді. Ресейдегі мемлекеттік басқару аппаратының қызметін бақылап отыру мақсатында патшаның тікелей нұсқауымен сенаторлық тексеру (ревизия) өткізіліп тұрған. Сондай тексерулер Жетісу облысын да қамтыған. Біз зерттеуімізде сенатор К.К.Паленнің басқаруымен 1908­1909 жылдары жүргізілген тексерудің есебін пайдаландық [29]. Сенатор есебінен облыстағы билік аппараты жүйесінің қызметіне, оларда қызмет жасаған бюрократияның өз міндетіне, сондай­ақ жергілікті халықтың арыз­тілегіне, жалпы мүддесіне қатынасы жөнінде маңызды материалдар кездестіруге болады. К.К.Пален есебі өзге де әкімшілік орындарына тән материалдармен бірге алғанда өңірдегі жағдайды толығырақ түсінуге мүмкіндік туғызатын құнды деректер жиынтығын береді. Зерттеу жұмысында түрлі дәреже­деңгейдегі орыс әкімшілігінің шенеуніктерінің жазбалары, өзара жазысқан хаттары, сондай­ақ 1867­1868 жылдары енгізілген реформалық шаралардың куәсі болған Жансұлтан Шуақов, Барлыбек Сыртанов және басқа қазақ зиялыларының әкімшілік орындарына жолдаған арыз­тілектері мен жарық көрмеген еңбектері де ғылыми айналымға тартылды [30]. Әрине, бұл жазбалар мен еңбектерде берілген фактілерді басқа деректік материалдармен салыстыра отырып пайдаланған жөн, дегенмен оларда баяндалған фактілік материалдар мен тұжырымдарды басқа құжаттардан табу қиын, сондықтан да олардың ғылыми маңызы зор. Аса маңызды фактілік материалдар мерзімді басылым беттерінде берілген. «Туркестанские ведомости», «Туркестанский карьер», «Семиреченские областные ведомости», «Вопросы колонизаций», «Қазақ» сияқты басылымдардан Жетісу облысының қоғамдық өміріне қатысты аса маңызды материалдарды кездестірдік. Әрине бұл басылымдардың саяси ұстанымдарында айырмашылық бар, дегенмен оларда жарық көрген хабарлар мен талдаулардан облыс өмірін түсінуге көмектесетін біраз мәлімет алуға болады. Қорыта айтқанда, зерттеу жұмысының деректік негізін жоғарыда баяндалған мазмұндағы материалдар құрды. Олардың жиынтығы Жетісу өңірінде патшалық билік жүйесінің қалыптасу, даму және дағдарыс кезеңдерін ғылыми тұрғыдан талдауға алуға мүмкіндік берді.

Автордың ұстанымына байланысты мынадай жағдайды ескерген жөн. Кеңестік тарихнамада орыс билігінің Қазақстанға келіп орнығуын прогрестік құбылыс ретінде қарастырылғандығы мәлім. Ал ресейлік отарлауға қарсылық көрсеткен саяси күштер күні өткен феодалдық қатынастарды жақтап, қорғаушылар есебінде көрсетілді. Империялық жаулап алу саясатын ашықтан­ашық ақтауды көздейтін бұл методологиялық әдістің күні өтті. Біз зерттеуімізде орыс әкімшілігінің Жетісу жеріне келіп орнығуын капиталистік даму жолына түскен империяның арзан шикізат көздері мен өзіне қолайлы рынок іздеу әрекеті тұрғысынан талдауға аламыз. Ал Кенесары хан бастаған жергілікті саяси күштердің ресейлік отаршылдыққа қарсылығын мемлекеттік тәуелсіздік жолында күрес есебінде бағалаймыз. Сол сияқты Жетісу жерінде орын тепкен ресейлік билік жүйесінің көздеген мақсаты да, көтерген жүгі де империялық мүдденің ауқымынан шыққан емес. Сондықтан да біз Қазақстанға келіп орын тепкен ресейлік билік «күні өткен хандық биліктен» жоғары болды, қазақ қоғамының жаңа даму сапасына көтерілуіне жол ашты деген мазмұндағы тұжырыммен мүлдем келісе алмаймыз. Біздің пікірімізше, патшалық билік тұсында (1867­1917) Жетісу өңірінде орын алған өзгерістер жергілікті халықтың өмірін жаңа сапаға көтере алған жоқ. Керісінше, құнарлы жайлымдар мен егіншілікке жарамды жерлерден айырылған қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы терең дағдарыс жолына түсті. Жетісудағы патшалық билік жүйесі өз қызметінде бірінші кезекке империялық мүдделер мен мақсаттарды қойып, оларды шешу барысында жергілікті халықтардың табиғи талап­ тілегімен санаспай, зорлау және күштеу әдістеріне басымдылық беріп отырды. Яғни, өзінің осы өңірдегі жарты ғасырлық тарихында жергілікті халықтардың өміріне қатысты негізгі экономикалық, саяси және басқа қоғамдық мәселелерді шешуге келгенде патшалық билік тарихтан мәлім өзге отарлаушы биліктерден айырмасы жоқ екендігін танытты.

Оставить комментарий