Отты жылдар театры және репертуар саясаты

Екінші жаһан соғысы Кеңес елінің тыныс­тірлігін қайта құруға мәжбүр етті. «Барлығы ­ майдан үшін» деген үндеу тұтас елмен бірге әрбір адамның қызметі мен борышын анықтады. Соғыс жылдары Қазақстан майданды азық­түлікпен, қажетті құрал­жабдықпен қамтамасыз етіп негізгі мекенге айналды. Қазақтың мыңдаған ұл­қыздарымен бірге өнер қайраткерлері де қолына қару алып, майданның жойқын шайқастарына қатысты. Ұлы Отан соғысы кезінде академиялық драма театры өзінің шығармалық жұмысын майдан талабына сай құрды. Кеңес адамдарының өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі, патриоттық әрекеті мен сезімі, моральдық бірлігі мен туысқандық мызғымас достығы соғыс кезіндегі көптеген спектакльдердің идеялық­көркемдік бағыт­бағдарын айқындады. Елдің батысы мен Мәскеу, Ленинград (Санкт­Петербург) қалаларынан Қазақстанға соғыс кезінде көшіп келген театр және кино қайраткерлері мен қазақ сахна шеберлері ортақ тіл тауып, интернационалдық шығармалық бірлігін, мүдде ортақтығын нығайтуға бар мүмкіншіліктерін жұмсайды. Көп ұлттық сахна өнерінің бір­бірімен өзара байланысы, бірін­бірі толықтырып баю үрдісі осы тұста біздің республикамызда шын мағынасында толық көрініс берді. Алматыға эвакуациямен келген ірі мәдениет, әсіресе әдебиет пен өнер қайраткерлері қазақ достарымен шығармалық ынтымақ тапты. Қазақ спектакльдеріне орыс кеңес өнерінің әйгілі шеберлері жиі келіп, пікір алысып, өнердің көптеген ортақ мәселелерін бірлесіп шешіп отырған. Қазақстанға көшіп келген театрлардың ішіндегі Моссовет атындағы ұжымның көркемдік жетекшісі, атақты режиссер Ю.А.Завадский қазақ театрларының қойылымдарын көріп, талқылауларда айтқан кәсіби пікірлерімен шығармалық ықпал жасады. Театрдың жоғары көркемдік талғампаздықпен қойған спектакльдері қазақтың сахна шеберлеріне таптырмас тәжірибе, үйрену мектебі болғаны шындық. Сол Моссовет театрының суретшісі Р.В.Растопов қазақ ұжымының бірнеше спектакльдерін безендірді.

Аса тәжірибелі педагог­режиссерлер И.О.Пыжова мен Б.В.Бибиков театр училищесінде актер шеберлігінен сабақ жүргізіп, 1943 жылы сахналаған У.Шекспирдің «Асауға ­ тұсау» қойылымы театрдың кезеңдік табысы болып, сахнада жарты ғасырдан астам уақыт тұрақтады. Соғыстың алғашқы айларында­ақ, кеңестік патриотизмді суреттейтін шағын пьесалар жазылып, театр сахналарына қойылды. Ұлы Отан соғысына арналған алғашқы драматургиялық шығармалардың бірі ­ М.Әуезовтің «Сын сағатта» пьесасы. Кеңес халқының майдан мен еңбектегі ерлігі, Отанға деген сүйіспеншілігі, патриотизмі мен биік рухы сол тұстағы осы тақылеттес көптеген спектакльдерге ортақ идея болды. Бұл пьеса барлық театр сахналарында қойылды. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында 1941 жылдың 7 қарашасында сахналанған. Мұның басты идеялық мазмұны ­кеңес адамдарының моральдік беріктігі, сын сағатта шыныққан мызғымас халықтар достығы. Мұнда олардың Отанға деген махаббаты, адамдардың сезім­санасының тереңдігі, қиындықтан тайынбайтын қайсарлығы суреттеледі. Өлім мен қайғының, жоқшылық пен жетімсіздіктің біздің адамдарды мойыта алмайтындығы, олардың жеңіске, ерлікке деген сенімін жаудың мұқата алмайтыны сөз болады. Автор пьеса оқиғасын Қарағандыда, бірде майданда, енді бірде госпитальда өткізіп, эпикалық үлгіні ұстануды мақсат тұтқан. Сонымен бірге драматургиялық желіге нұқсан келтіретін бұл әдіс пьеса оқиғасын шашыратып, шұбалаңқылық туғызған. Осыған байланысты шығарма елеулі көркемдік оқиға бола алмады. Көтерген мәселенің маңыздылығынан ғана спектакль театрлар сахнасында табысты өтті. Академиялық драма театрындағы қойылым режиссері А.Тоқпанов пен суретші Э.В.Чарномский спектакльдің пластикалық шешімімен бірге актерлер ойынына көңіл аударған. Отанға қауіп­қатер төнгенде адамдардың жеке бастың қамын кейінге ысырып, ерлік іске, батыл қимылға ұмтылуы ­ қойылымның негізгі көркем­идеялық нысанасы. Актер Ж.Өгізбаев ойнаған Қарағанды шахтері Ербол Датов әрекеті осы ойға бағытталған. Ол қажырлылық пен қайсарлығы, ерінбейтін еңбекқорлығы, ұрыс майданындағы батырлығы мен табандылығы жағынан Датовты типтік сипатқа жеткізген. Оның қаһарманы табиғатынан ақкөңіл, ашықтығымен, сыпайы әзіл­қалжыңымен дараланған. Ұрыс сахналарындағы Ербол ­ әбден шыныққан, іштей жинақы да батыл, қатал жағдайға бойы үйренген командир. Майданға аттанған ер­азаматтардың орнын басқан қос құрбы ­ шахтер әйелдер Мәрияш пен Қаден бейнелері С.Майқанова мен Р.Қойшыбаева суреттеулерінде жұмыс пен тұрмыс ауыртпалықтарына мойымаған, әзіл­қалжыңы қалмаған ақжарқын жандар болып шыққан.

Читайте также:  ҚЫТАЙДАҒЫ ОРЫС ДІНИ МИССИЯСЫ ЖӘНЕ МИССИОНЕРЛІК ҚЫЗМЕТ

Сол сияқты С.Қожамқұлов пен Қ.Қуанышбаев Тәнеке мен Сәт бейнелерінің тыныс­тірлігін, психологиялық толғаныстарын астарлы ойындарымен жеткізген. Осы қойылымда тұңғыш сахнаға шыққан жас актриса Шолпан Жандарбекова Рәштің ажырасып кеткен әке мен шешенің психологиялық арпалысқа толы тағдырын іштей барлаған перзенттік сағынышын нанымды ашқан. Режиссер сахналық техниканы ұтымды пайдалану арқылы ұрыс көріністерін нанымды суреттеген. Жеке кейіпкерлердің сөз әрекеттері мен даралықтарының ашылуына ерекше мән берген. Тұтас алғанда спектакль ­ театрдың шығармалық ізденісі. Тылдағы еңбек пен майдандағы қаһармандық күрес қойылымның халықтық­көпшілік сахналарының шешімдерімен бірге орталық кейіпкерлердің характерлері арқылы да ашылған. Мұнан кейінгі С.Мұқановтың «Жеңіс жыры» пьесасы (режиссер А.Тоқпанов, суретші Р.Распопов) жеңілдеу болды. Шығарма агитация­плакаттық үлгіде жазылғандықтан театр етек­жеңі жинақы көркем дүние жасай алмады. Әскери тақырыпты меңгерудегі қазақ драматургиясының қомақты жемісі ­ М.Әуезовтің Ә.Әбішевпен бірігіп жазған «Намыс гвардиясы» пьесасы. Бұл жоғарыда атап өткен «Сын сағатта» сияқты Алматыдан бастап, көптеген облыстық театрлардың сахнасына қойылды. Мұнда И.В.Панфилов басқарған әйгілі 2 8­гвардия дивизиясының ғаламат ерлік әрекеті бейнеленген. «Россия кең байтақ, бірақ шегінетін жер жоқ. Артымызда Москва!» деген панфиловшылардың қанатты сөзі спектакльдің желісі болып тартылған. Мұндағы Ж.Өгізбаев (Жанбозов), К.Қармысов (Тоқтаров) жасаған толыққанды сахналық бейнелер әскери адамдардың бейнелерін сомдаудағы, жан қиярлық ерлікті паш етудегі спектакльдің көркемдік табысы. Сахнада өз есімдерімен аталған тарихи тұлғалар бейнелері қайталанбас өзіндік даралықтарымен ашылған. Солардың ішінде, әсіресе генерал Панфилов, батальон командирі Бауыржан Момышұлы (Намысұлы), ержүрек солдат Төлеген Тоқтаров бейнелері ­ қойылымның көркемдік шырқау биігі. Және орындаушылардың шынайы өнері де сахналық бейнелердің бар болмысымен суреттеу табуына кепіл болған.

Спектакльдің барлық оқиғаларын Мәскеу қаласының тірлік­тіршілік фонында өткізуді мақсат еткен суретші Э.Чарномский оның көркемдік қуатын һәм көрерменге етер әсерін арттыра түскен. Бұл спектакль жеке кейіпкерлердің психологиялық тереңдігімен, майдан тынысы еркін сезілетін шынайылығымен, мәдениетті де ойлы режиссурасымен оқшау шыққан. Тәжірибелі де білімді режиссер М.И.Гольдблат қойылым шешімінде тарихи шындық пен көркемдік шындықты шендестіре білген. Кейіпкерлерге берілген түсінік­тұжырымда (трактовка) соғыс атмосферасына лайықты қатал да жұпынылық түр сақталған. Ұрыс сахналарын қуалап, әрекетті сыртқы белгілермен бүркемей, бұларды екінші қатарға шегеріп, театр кейіпкерлердің сахналық өмірінің үздіксіз дамуын қарастырумен соғыстың қатал шындығын бейнелі жеткізген. Қойылымда қаһармандардың жаумен арпалыста азаматтық борышын аса жоғары сезінуі, қажыр­қайраты әбден қалыптасып, соғыстың от­жалынын да шексіз батырлық көрсеткендердің үрдісі шынайы суреттелген. Спектакльдің орталық кейіпкері ­ аты шулы батальон командирі Қапан Бадыров сомдаған Намысұлы. Ол айтқанынан қайтпайтын қайсар да ержүрек, қимыл­қозғалысы ширақ, әскери өнерге жетік болып бейнеленген. Оның бойындағы қайшылық та актер ойынынан тыс қалмаған. Қызбалық пен бірбеткейлік Намысұлын кейде қисынсыз әрекетке итермелейді. Қорыққан взвод командирін атып тастау үлкен командир тарапынан шамадан тыс қаталдық танытып, әскери уставты бұзу болып табылады. Генерал Панфиловтың әкелік қамқорлығының арқасында бұл ерсі қылығына қатты өкініп, ең негізгісі ол өзінің өрескел қатесін мойындайды. Ол шын мағынасындағы командир дәрежесіне көтеріліп, әскери стратегке айналады. Актер кейіпкер бойындағы өзгеріс үрдісін нанымды ашқан. Қай кезде болса да жігері жалын атқан жинақы да ширақ, жауапкершілік пен талғампаздықты мықты ұстайтын Намысұлы өз қарамағындағыларға үлгі болса, олар да мұны оң түсініп, оның нұсқауларын мүлтіксіз орындайды. Қ.Бадыров табиғатынан қызуқанды актер, оның орындаушылық өнеріне айқындық пен дәлділік тән. Намысұлы роліне осы шығармалық даралығымен келген. Ол жасаған бейне көрік қуаттылығымен, батылдығымен, ой тереңдігімен, әскери міндетке барынша берілгендігімен ерекшеленеді. Ерлігімен, батылдық бітім­болмысымен, Отанға деген сүйіспеншілігімен берілген Намысұлының қанды көйлек қаруластары лейтенант Жанбозов, ер жүрек солдат Тоқтаров қаһарлы күндердің сипатын танытқан. Жанбозов роліндегі Ж.Өгізбаев асқан өжеттілігімен жауын да таң қалдырған кеңес офицерінің жанды бейнесін сомдаса, К.Қармысов су кешіп жүрсе де уайым­қайғыны білмейтін, көңіліне қаяу түсірмейтін, батальонның сүйіктісі, автоматшы солдаттың характерін нақты жасаған. Қойылымның ірі жетістігі ­ Қ.Қуанышбаев жасаған генерал Панфилов бейнесі.

Читайте также:  Түсініктерін өз еркімен ұғыну туралы

Көрерменнің көз алдына әскери операциялардың тың жоспарын жасап, қарамағындағыларды патриоттыққа баулитын тамаша дос, солдаттар мен офицерлерді жауынгерлік істерге жұмылдыратын қолбасшының кескін­келбеті бар болмыс­бітімімен көрініс тапқан. Намысұлының қарым­қатынасында адамға деген сенім мен ілтипат айқын сезіледі. Қ.Қуанышбаев өнеріне тән пластикалық үлгінің көркемдігі, дене қимылындағы бейнелілік, ой ағымы, характер күш­қуаты мен тұтастығы генерал бейнесіне үйлесімді келген. Бұл спектакль туралы кезінде көп жазылды. Қойылым мен қазақ актерлерінің жұмысын жоғары бағалаған Ленинград журналы: «Ол орыс генералының ұлттық бейнесін сәтті шығарды. Өз ойынымен ол қиын театр шарттылығын жеңіп шықты. Спектакльге қатысушылар әрине, өзара қазақша сөйлеседі. Солай бола тұрса да сахнадан тілдің ұлттық шығармашылықтары да білініп тұрған тәрізденеді. Генерал Панфилов ­Қуанышбаев сөйлей бастағанда орыс сөзі естіліп тұрғандай әсер етеді. Барлық актерлер ­ қазақтар, олардың бәрі де қазақша сөйлейді, бірақ спектакль кейіпкерлерінің бәрі қазақтар емес. Ал, генерал Панфилов ролі бойынша орыс адамы, Қуанышбаевтың ойыны бойынша да ол нағыз орыстың өзі. Қазақ актерлерінің бұл шеберлігі, оның орыс адамын іштей де, сырттай да дәл бейнелей білуі біздің еліміздің халықтары арасындағы рухани ынтымақтың күшін айқын көрсетеді» [22, 173], ­ деп жазды. Фашистерді бейнелеуде театр штампқа ұрынбай, жауды күшті де қатал, ақылды етіп суреттеген. Полковник Фогель Ш.Аймановтың ойынында арсыз интеллигенттік сипат алған. Соғыс кезінде қазақ театрының сахнасына М.Әуезовтің «Еңлік ­ Кебек» (үшінші нұсқасы), Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш ­ Баян сұлу», «Ақан сері ­ Ақтоқты» трагедиялары мен Ш.Хұсайыновтың «Алдар көсе» комедиясы қойылды. Осылардың барлығы аз ғана үзіліс жасағаны болмаса, үнемі сахнадан түспей келе жатқан театрдың кезеңдік табыстары. Және бұл қойылымдардың барлығы да театрдың фольклорлық материалдар негізінде жазылған пьесаларды меңгерудегі мол ізденістері. Мұнда терең режиссерлік ой­тұжырымдар, қайталанбас сахналық бейнелер жасалған. Бұл спектакльдерде талай актерлердің өнеріне шабыт беріп, шеберлігін ұштауға ықпал жасаған сахналық кейіпкерлер бар.

А. Токланов пен М.И.Гольдблаттың режиссурасымен жүзеге асқан алдыңғы екі қойылым романтикалық үлгіде шешілген, бұларда режиссерлер драмалық тартысты барынша шиеленістіру, монолог пен диалогтардың ішкі қуатын күшейту арқылы күнделікті тұрмыс тірлігінен жоғары көтерілу, болашақты меңзеу мақсатымен әдейі осындай бағыт ұстаныпты. Актер ойындары да осы ерекшелікке бағытталған. Ұлтымыздың атақты әнші­композиторы Ақан серінің өмірін суреттейтін «Ақан сері ­ Ақтоқты» трагедиясы драматургия мен театрдың мол жетістіктерінің қатарына жатады. Шығарманың тартысы әлеуметтік қайшылыққа құрылған. Ақан мен Ақтоқтының кіршіксіз махаббаты көненің жолын қуған керітартпа күшке қайшы келеді. Екі асылдың махаббат пен еркіндік жолындағы күресі қоғам өмірін қозғайтын күрделі тартысқа ұласқан. Тәжірибелі режиссер М.И.Гольдблат қойылымды осы тұстағы театрдың ізденістеріне тән романтикалық бағытта шешкен. Қаһармандардың көтеріңкі романтикалық һәм биік поэзиялық тұлғалары орындаушылардың тамаша ойындарымен өрнектелген. Ақан ролін үлкен шабытпен ойнаған Ш.Айманов ақын­композитор, ойшыл, феодалдық ұстанымға қарсы шыққан адамның толыққанды бейнесін жасаған. Талай ізденіс сәттерін басынан кешірген актер бұл нәтижеге бірден жете қойған жоқ. Спектакль сайын тың бояу мен детальдарды қарастырып, сахналық бейнені толықтырып, тереңдей түсті. Айқын қызуқандылық, ерекше дауыс үні, бейнелі қимыл­қозғалыстың үстіне актердің өз бойындағы өнерпаздығы қосылып, ақынның жинақты бейнесі сомдалды. Ақынның өз ортасындағы сал­серілермен кездесетін көріністері қойылымның поэтикалық рухын көтеріп, көрерменге халық өнерінің асыл мұрасының шексіздігінен елес беріп өтеді. Сол сияқты Ақанның жеке қалып, өз ойымен музыка мен поэзия әлеміне шарықтау сахналары келісті шыққан. Домбырасын жәй ғана шертіп, алысқа көз тастайтын ойлы көрініс Ақанның шығармалық­әншілік үрдісіне ұтымды табылған. Актердің сөзге ғажап шешендігі, диалогтардың астарын ашудағы шеберлігі, сөзді ойнатудағы дауыс пен үн бояуындағы бейнелілік Ш.Айманов өнеріне тән.

Читайте также:  ТЕРМАЛЬДЫ, МИНЕРАЛДЫ ЖӘНЕ ШИПАЛЫ СУЛАР

Актердің тамаша әншілік, музыканттық қабілеті драмалық талантымен қосылып, қайталанбас сахналық бейне жасауға толық мүмкіндік туғызды. Жас актриса Ш.Жандарбекова сахналық көркімен, жібектей жұмсақ, аруға тән қимыл­ қозғалысымен, лирикаға толы әсем, құлаққа жағымды ерекше үнімен дараланған. Ол Актоқтының қайталанбас бейнесін жасап, шығармалық табысқа жетті. Оның Ақанға деген махаббаты кіршіксіз таза. Өзінің бас бостандығы мен махаббатын қорғауға Актоқтының ішкі қуаты мен батылдығы жеткілікті. Асыл арманына жету жолында ол ештеңеден тайынбайды, тіпті құрбандыққа баруға да дайын. Ақтоқты бейнесі қазақ әйелдерінің болашағы үшін күрестің символы іспеттес. Қараңғылық пен әділетсіздіктің жолын ұстанған Науан ролін ойнаған Қ.Бадыров дінді қалқан етіп, билік жүргізген қара ниет адамның күрделі бейнесін жасаған. Науан ­ өз пиғылын жүзеге асыру жолында алдап­арбауға, қорқытуға, тіпті адам қанын төгуге дейін баратын зұлымдықтан тайынбайтын адам. Бұл қойылым ­ аса мықты шыққан актерлік табыстарымен театрдың іргелі кезеңдік жұмысы. Қ.Қуанышбаев құлағы жоқ, тілі жоқ Мылқауға жан бітіріп, қайталанбас классикалық үлгідегі сахналық бейне жасады. Ол драмалық шығарманың көркемдік сипатын нәзіктікпен ажыратып, философиялық мағына беруге шебер. Соған қарай жанды бет­пішін, қас­қабақпен бірге тұтас дене қимылын, сөйлеу мен үн ырғағын дәлділікпен таба білуі ұлттық актерлік өнердің биіктеп дамуына септігін тигізді. Ол жасаған Мылқау бейнесі тастан қашап жасаған шеберліктің биік тұғырынан қайталанбас өзіндік болмыс­бітімімен көрінген сәулетті сахналық мүсін болып қалды. Спектакльдің алғашқы жартысында көпшілікпен бірге той тойлап, өткен­кеткенді түртпектеумен дөрекілеу ойын шоғын үрлей түседі. Қасынан өтіп бара жатқан біреуді шап беріп ұстап алғанда оның қарулы қолынан тыпыр ете алмайды. Мұнда пасықтықтан ада пендеге тән адамдық сезім бар, мешеу қалған қараңғы жанның ояну үрдісі ақырындап өтеді. Жалмұқан мен Сердәлінің тілімен ақынды сабап, сынық домбырамен көрінетін сахнада Мылқау өзін айыпты сезінгендей күй кешеді.

Ол сахнаның түкпірінен баяу жылжып келіп, сынған домбыраға да, оның иесіне де іштей аяныш білдіргендей ернін жыбырлатып, состиып тұрып қалады. Өзінің оғаш әрекетін ұғуға ақылы жетпей, арпалысқа түседі. Бұл кейіпкер үшін ояну үрдісіне әлі ерте. Ақтоқты сәукелені лақтырып жібергенде барып Мылқау өтіп жатқан оқиғаның мән­мағынасын ұғуға ұмтылады. Мәрзияның ымдап түсіндіргенінен кейін ғана Балуанның көзі ашылып, санасы ояна бастайды. Оның ағашты тамырымен қопарып алып, өзінің дұшпандарына қарай ұмтылу көрінісі ­ қойылымның шарықтау сахнасы. Бұл символдық тұрғыдан халықтың іштей ояну үрдісі сезілгендей. Осылай Қ.Қуанышбаев Мылқаудың классикалық үлгідегі тамаша сахналық бейнесін жасайды. Мұнда шынайы бейнелеу тапқан Ақтоқтының әке­шешесі Дәмелі мен Қоңқай бейнелері. Ұлттық сахнаның шеберлері Р.Қойшыбаева мен С.Қожамқұлов халық өнерінің бай дәстүріне сүйене отырып, ашық та айқын сахналық бейнелер жасады. Актриса Дәмелінің қызының тағдырына деген аналық сезімін оятатын шешімге барған. Ол күйеуімен өтетін сахналарда өткір сөзден тайынбайтын, отбасына үстемдік жүргізетін, оның осал тұсын тап басып әрекет жасайтын жан болып шыққан. С.Қожамқұлов өмір тауқыметінен жаншылған жанның трагедиясын ашуға ұмтылған. Актер кішкентай адамның психологиясын ашуда комедия мен трагедиялық бейнелеу тәсілдерін қисынды үйлестірген. Жинақтай келгенде қойылым ұлттық актерлік өнердің шарықтау биігін көрсетті. Романтикалық бағытта қойылған спектакльде режиссура қалыптасқан дәстүрге сүйенді. Қойылымға қатысушылардың әрекеті, олардың психологиялық толғаныстары дәлелді болуымен бірге қаһармандардың арпалыстары ірілендіріліп, көңіл­күй сезімі ашық та көтеріңкі түрде берілген. Қойылымда музыкалық, декорациялық, жарықпен бейнелеу құралдары орнымен қолданылған. Актерлер суырып салма (импровизация) әдісіне сүйеніп, спектакль желісіне халық әндерін енгізуден бейнелер жинақты да көркем шыққан. Осының барлығының басы қосылып, кезеңдік спектакль жасауға мүмкіндік туғызған.

Оставить комментарий