ҚОЗҒАЛЫС МӘНДІ ЕТІСТІКТЕРДІҢ СИНОНИМДІК ҚАТАРЛАРЫ

Опубликовано Июль 18, 2016 by Damir

Рубрика Рефераты

 

Print this page

rate 1 звезда rate 2 звезда rate 3 звезда rate 4 звезда rate 5 звезда
Рейтинг: none, В среднем: 0 (0 голосов)

 

Әрекет және қозғалыс амалын білдіретін синонимдес етістіктер – семантикалық ерекшелікке, яғни мағынаға, реңдік мәнге бай, объекті, субъектімен тікелей байланысты сөздер. Олар әрекеттің, қозғалыстың амалын білдіріп, мағынасы жағынан тіл жүйесінде ерекше орын алады. Мағынасының кеңдігінен бұларды бір-бірінен айыру қиын. Осыған орай түркологтар әрекет, қозғалыс амалын білдіретін етістіктердің түркі тілдерінде әлі де жүйеленбеуіне оларды өзге етістіктерден айыратын басты өлшемдерінің толық анықтала қоймағандығын негіз етіп алады. Әрекет және қозғалыс амалын білдіретін синонимдес етістіктер түркі тілдерінде амал-әрекет етістіктері деп танылады. Дегенмен түркі тілдерінде бұл етістіктің лексика-семантикалық тобының көлемі бір ізді анықталып, қасиеттері толық зерттеліп болған жоқ. Бұл қазақ тіліндегі қозғалыс мәнді етістіктердің синонимдік сипатына да қатысты. Қозғалыс мәнді етістіктер қозғалыс амалын, қимылдың шегіне жете аяқталу, аяқталмауын немесе оның жылдамдығын білдіреді. Қозғалыс амалын білдіретін синонимдес етістіктер мағынасы жағынан кеңістікте субъектінің қозғалыс амалын білдіріп, көбінесе жалпы мағынада жұмсалады. Мысалы, ғалым А.Османова «міну – отыру – қонжию – қону» етістіктерін мағынасы жағынан контекске байланысты түрік тілдеріне ортақ жалпы мағынасы бар байырғы сөздер ретінде қарастырады. Мәселен, Баласы атқа қонып, жүруге ыңғайланып, тізесін қымтай бергенде, Ұлжан өзінің үлкен ақ саусақтарын жирен аттың жалына салды (М.Әуезов). Байдалының бар мінез, бар сөзін мақұл көріп, Базаралы атқа мінді (М.Әуезов). Тырнағы қарысқан бүркіт түлкінің үстіне қонжиып алған (М.Әуезов) деген сөйлемдердегі қонып, мініп, қонжиып қозғалыс мәнді етістіктері бір уақыттағы, сәттегі қозғалыс амалын көрсетпейді. Қозғалыс амалын білдіретін синонимдес етістіктер іштей уақыттың, жылдамдықтың, қозғалыс бағытының әсеріне байланысты да жіктеледі. Мәселен, «асығу – абыржу», «аптығу – сасу – сасқалақтау – қалбалақтау – әбігерлену – дегбірсіздену» т.б. осындай синонимдік қатардағы етістіктер адамның асығуын, дегбірсізденуін бірдей дәрежеде көрсете алмайды, олардың әрқайсысы өз семантикасына лайық қозғалыс я қимыл жағының түрлі көріністерін ғана қамти көрсетеді. Мысалы, асығу – тек уақыттың жетіспеушілігінен болған көрініс болса, абыржу – кісінің ішкі көңіл-күйінің бір жайлы я бір орында болмауынан, толқуынан туған асығу әрекетін аңғартады. Ал аптығу – асыққандықтан, сасқандықтан көңілдегі қобалжу күшейіп, барынша алқынып қалуды білдіреді. Сасу – асыққандықтан дегбірсізденгенін, не істерін білмей қалу қалпын көрсетеді; әбігерлену – абыржу, асып-сасу кісінің әуре-сарсаңға түсіп мазасыздануын білдіреді. Қозғалыс амалын білдіретін мұндай синонимдес етістіктер қозғалыстың болып өткендігі туралы толық мәлімет береді. Осы топтағы синонимдес етістіктер басқа түрік тілдеріндегі сияқты қозғалыс тәсілдеріне, амалдарына қарай бөлінбейді. Ғалым Н.К.Дмитирев «Татар тіліндегі қозғалыс етістіктері (басқа түркі тілдеріндегідей) қозғалу әрекетіне қарай сараланбайды», – дейді. Бірақ қазақ тілінде қозғалыс тәсілі жанама жолмен беріледі. Мысалы, «кету – таю – жөнелу» деген синонимдес етістіктерді алсақ, олар арқылы берілетін қимылдың жүзеге асу сипатын контекст арқылы анықтауға болады. Мысалы: ..Әйгерім Абайға.., Кім білсін, – деді де, өңі өзгере барып, қабағына кейіс (кейіген күйінде) алған бойынша, үйіне кетті (М.Әуезов). Егер өзге сөздерсіз тек қана «кетті» деген болса, Әйгерімнің орнынан тұрып, орнын қалдырып, қозғалу арқылы тек қашықтағандығы білдіріледі де, одан қалай, қайтіп, қайда кеткені белгісіз болар еді. Ал контекстегі мағынасына үңілсек, сонда ғана ол сөздердің мәні айқындалып, контекст арқылы Әйгерімнің қозғалғаны ғана емес, қозғалыс бағыты да айқындалады. Екіншіден, мұндай қозғалыс қимылының болу тәсілі сөйлемдегі сөздер арқылы анықталады. Мысалы: …Әбіш пен Мағыш …қазір аттарын доғартпастан тезінен ар жаққа жөнелу керек». Абай… былтыр боқырауда, күзем үстінде, қалаға оқуға кеткенде, дәл осы қоныстан, Есенбайдан кеткен болатын (М.Әуезов). Мұндағы субъектінің қай жаққа баратыны, қай жерден шыққаны, яғни жөнелу, кету етістіктерінің синонимдік сипаты сөйлем ішіндегі «ар жаққа, Есенбайдан қалаға» сөздері арқылы сипатталады. Қозғалыс амалын білдіретін кейбір синонимдес етістіктер мағынасы жағынан қозғалыстың бағытын білдіреді. Қозғалыс бағытын білдіретін синонимдес етістіктер: көтеру – жоғарылату, кету – таю – жөнелу т.б.. «Кету» тік бағыттағы қозғалысты сипаттаса, «міну» көлденең бағыттағы қимыл-қозғалысты білдіреді. Кету мен міну қимылдарын актив деу себебіміз – олар жанды-жансыз затқа байланысты кез келген стильде жаппай қолданыла береді. Мәселен, ат болса да, арба болса да, машина болса да, әйтеуір, міну етістігін, не оған мәндес етістіктерді пайдаланамыз. Мысалы: «кету – таю – жөнелу – бару» тәрізді синонимдес етістіктер адамның және тірі организмнің, жалпы объектінің қозғалыс амалын білдіреді. Қозғалыс амалын білдіретін синонимдес етістіктерге мынадай сөздер жатады: қашу – безу – зыту, ағу – сорғалау – дірдектеу, секіру – қарғу – ырғу – ытқу – ыту – ыршу – атып кету – атқу, сырғанау – тайғанау – сырғыту – сыру – жылжыту, т.б. Бұл топтағы синонимдес етістіктердің мағынасында қозғалыстың амалымен бірге, тік немесе көлденең бағытты білдіру сипаты бар. Мысалы, «Қара теке, тастан шыққан тынымсыз бүлік сен болдың, − дегенде қара теке сақалын салпылдатып, ырғып, ортқып Жұманға ұмтылғысы келгендей болды». «Тұсауларымен қарғып, сол жылқыға қарай тартқысы келгендер бар». «Биік сүйек төсектің үстіне секіріп шығып етпетінен жатып ап жылады». Мұндағы «ырғу – ортқу», «қарғу – секіру» дегендер субъектінің әрі төменнен жоғары қарай болған тік бағыттағы қозғалысын, әрі қарай қозғалғанын, әрі қозғалыстың амалын білдіреді. Қозғалыс амалын білдіру мағынасындағы синонимдес етістіктер субъектінің тек тік бағыттағы қозғалысын ғана білдіріп қоймайды. Сол сияқты «сырғыту – жылжыту – сыру» секілді қозғалыс амалын білдіретін синонимдес етістіктер субъектінің көлденең бағыттағы қозғалысын білдіретіні де мәлім. Мысалы, «сыру» етістігі «жылжыту – итеру» мағынасымен бірге мақталы киімді, көрпені, сырмақты қабу, жиілеп астарымен қосып тігу сияқты амалды да білдіреді, бірақ бұл жағдайда ол жоғарыдағы етістіктермен синонимдес бола алмайды. Себебі «сыру» сөзіне синоним болып тұрған «жылжыту, сырғыту» етістіктері күш жұмсап, бір жерден екінші жерге көлденең бағытта қозғау амалына қатысты мағынаны білдіреді. Сондықтан «сыру» етістігі осы мағынасында ғана бұл етістіктермен мәндес сипатта келеді. Қозғалыс амалын білдіретін синонимдес етістіктердің мағыналас сипатта болуына қайталама қос сөз ретінде жұмсалатын көсемше тұлғалы етістіктер де негіз болады. Мысалы: Астындағы жарау құла бестісін ағызып-ағызып та алады. Осы кезде келіншектерге еріп келген балалар күйеу жігіттердің аттарына екіден, үштен мінгесіп ап, шаба-шаба жөнелісті (М.Әуезов). Сондай-ақ жазушы тіліндегі «аунақшы, дөңбекші, тықыршы, ойнақшы» тәрізді -шы, -ші аффикстері арқылы жасалып, субъекті қимылының бірнеше рет қайталануын білдіретін етістіктерден де осы сипат байқалады. Қозғалыс амалын, қимылын білдіретін синонимдес етістіктерді іштей уақыттың, жылдамдықтың, қозғалыс бағытының әсеріне байланысты да жіктеп қарастыруға болады. Олардың ішінде жердегі, судағы, әуедегі қозғалыс етістіктерінің синонимдік қатары семантикалық ерекшелікке, яғни мағынаға бай. Қимыл-қозғалысты білдіретін «жырту – айыру» синонимдік қатарын құрап тұрған сөздерге мысал келтірейік. Астыққа қарық болады, бірі жүз боп, Еңбекші ел жерді жыртты салып егін (С.С.). − Ой, ол Салбидің қабаған итінің жағын айырып тастаған! − деп, мені мақтайды-ай шетінен (Ш.М.). Мұндағы жырту – жерді егістік үшін қопару, өңдеу мағынасында, айыру – дөрекілеу түрде екіге бөліп тастау мағынасында қолданылған. Суға қатысты қозғалысты білдіретін «шомылу – жуыну» сөздері синонимдік мағыналарынан онша алшақтамаған. Мысалы: Шомылып жүрген көліңе, еліңе, батыр, барарсың (Батырлар жырынан). Мұздай сумен жуынып алды да, қоңыр самалға кеудесін тосып, Кербұлақ өзеніне тартты (Қ.Қазиев). Мұндағы шомылу – көлге түсу мағынасында, ал жуыну – сумен шайыну мағынасында қолданылған. «Самғау – аспандау – әуелеу – шарықтау – шырқау – асқарлау – кергу» сынды әуедегі қозғалыс мәнін білдіретін сөздер тізбегі семантикалық жағынан бір-бірінен өзгешеленіп тұрады. Мысалы: …Қараша қаздар самғады, Базарын жаздың сағынып (Қ.Ы.). Әуелеп ұшқан алты қаз, Атайын десем оғым аз (эпостан). Көктегі сәуле жерге жетемін деп, Ән- күйге салды шырқап шаттанғанын (С.С.). Осы мысалдардағы самғау – қанатын кең жайып, көсілу, әуелеу – көктің төрінде қалықтау, шырқау – биікке жету, көкке жету деген ауыспалы мағынада қолданылып, мағына бояуын үстей түседі. Сондай-ақ әуедегі де, жердегі де қимыл-қозғалысты білдіретін синонимдес етістіктер кездеседі. Мысалы: Самолет моторын баяулатып, төмен құлдилады (Бек). Арлан қырқадан ылдилай бергенде, құс теуіп жіберіпті (Әбдіқадыров). Самолет бар жететін биігіне, Бес мың-дағы жеті жүз тұр метрде, Төмендеп сәл шайқалса лықси береді, Белгісі жеткендіктің ең шегіне (Тоқмағамбетов). Осындағы құлдилау – жерге әуеден жүйткіп түсу мағынасында, сондай-ақ қырқадан құлдилау – жердегі бір қырдан асқан жылдамдықпен төменге қарай жүру (адам, жануар немесе көлік қозғалысы) мағынасында да болуы мүмкін. Сол сияқты ылдилау, төмендеу етістіктері де аспаннан жерге қарай немесе өрден ылдиға қарай қозғалыс әрекеттерін сипаттай алады. Сонымен, қозғалыс амалын білдіретін мәндес етістіктер негізінде бір ұғымды, қозғалысты, оның амалын, қимылын жан-жақты көрсетеді. Әрі бұл топқа жататын синонимдес етістіктер белгілі бір қозғалыстың қимылын алуан түрлі сөздер арқылы бөлек-бөлек айқындап, амалдың бірі екіншісінен артық, я кем болатындай мағынаны білдіреді. Бірақ лексемалардың мағынасы, түпкі түйіні бір арнадан шығып отырады. Пайдаланылған әдбиет 1. Османова А. Синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі. –Алматы: Ғылым,1991. 2. Болғанбаев Ә. Қазақ тілінің синонимдер сөздігі. –Алматы: Мектеп, 1975.

Оставить комментарий

Загрузка...