Қожа ахмет иасауи даналығы туралы

Жаратқан жұмыр басына сана сәулесін сіңіріп, жарық дүниеге ойлы көзімен бажайлап қарай бастағалы өзін қоршаған ғалам құрылымы мен мәнінің ақиқат сырларын білуге ұмтылумен келе жатқан адамзат дүниетанымы төрт саладан турады: мифология, дін, философия, ғылым. Және танымның бұл түрлері шартты түрде Ғайса пайғамбар туған күні меже етіп алынған біздің дәуіріміздің арғы­бергі жағындағы мыңжылдықтардың он бойында бірін­бірі толықтырумен, біріне бірі ықпал етумен келеді. Адамзат тарихындағы пайғамбарлардың да, ғұлама ғалымдардың да ешқайсысы дүниенің ақиқат сырына жеттім деп айтқан емес. Тек уағызына сенген үмбеттері мен жолын қуған шәкірттеріне сол Ақиқатқа жетудің бағытын сілтеумен қанағат тұтқан. Мына қызықты қараңыз: бізге ғарыш пен жердің ұңғыл ­ шұңғылына дейін үңіліп, қолына іліккен жанды ­ жансыз заттардың микробөлшегіне дейін ақтарып­төңкеріп, табиғаттағы барша құбылыс атаулының сырын зерделеп біткендей көрінетін бүгінгі батыс философиясында «дүниені танып білу мүмкіндігінен күдер үзген» постмодерншілдік сарын белең алып отыр. Қазір өзіміз тәуелсіз телеарналардан күнде көріп, жағамызды ұстататын неше түрлі қиял­ғажайыптар мен түсіңе кіретін қорқынышты фильмдер әлдекімдер байбалам салып жүргендей «үшінші сортты қоқыр­соқыр» емес, бүгінгі таңда батыс өркениетін меңдеген әлгі ағымның ықпалы. Ақылы мен парасаты, білімі мен білігі бізден оқ бойы озық кеткен бұл өркениет өкілдері дүние сырын зерделеуден неге зерігіп, неден торығады? Айбарымен әлемді ығына жығылдырып отырған елбасыларынан бастап, ақылымен дүниені аударып­төңкеруге қауқары бар ақбас ғұламаларына дейін неге апта сайын ғибадатханаларына барып, Жаратқанға құлшылық етеді?! Жоқ, бұл қалыптасқан дәстүрге адалдығын көрсету немесе әдет­ғүрыпты сақтау ниетінен туған сыртқы рәсім емес. Бұл ­ ұшы­қиыры жоқ ғаламның тым күрделілігін тани білген, өз санасының мүмкіндігін тәкаппарсынбай бағалай білген әр ұлттың, әр адамның ішкі сенімі мен иманы. Иманы жоқ ұлт ­ ұлт емес, есерсоқтар тобыры. Көкірегіндегі ізгілік сәулесін жоғалтқан адам ­ адам емес, қатерлі мақұлық. Тұтас бір мың жыл бойы даналық хикметтері ұлттық дүниетанымымыздың берік өзегі болған ұлы бабамыз Қожа Ахмет Иасауи туралы мақаламды дәл осылай бастап отырғанымның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, біз ­ жетпіс жыл бойы «дін адамның басын айналдыратын апиын» деген қағиданы бала кезден жаттап өскен бүгінгі ғалым ­зерттеушілер бүл көзқарасымызбен Иасауи даналығының сырын тани алмаймыз. Қаншама жыл бойы атеистік идеология үгіт­насихатының шырмауына түссе де, қарапайым халық «Әзірет Сұлтан» деп пір тұтатын, қабірінің басына барып тәу еткенінің өзін «Кіші қажылық парызымды орындадым» деп көңілі марқаятын ұлы тұлғаны біздің ғалымдарымыз әлі күнге дейін «мұсылман мистицизмінің», «миссионерлік сопылық әдебиеттің» ірі өкілі деп марапаттаған болып жүр. Мұндай материалистік ұшқарылық пен еуропоцентристік түсінік табынан арылмаған қасаң рационалдық әдіс арқылы Иасауи даналығының сырын білмек тұрмақ, маңына да жолай алмаймыз. Бұл ­ бір. Екіншіден, тарихнама ғылымында, оның ішінде отандық ғалымдардың еңбектерінде бір солақайлық бар: тарихтағы қай тұлғаның мұрасын зерттемесін, ең алдымен, тегін қазбалап, сонан соң оның рухани әлемін әлгі тегіне қатыстыра талдауға ұмтылады. Әрине, тектану ғылымының маңыздылығына, жалпы адам баласының бойындағы талант пен қабілеттің қан арқылы атадан көшкен қасиет негізінде бүршік жарып, дамитындығына шүбә келтірмеймін.

Алайда, кез келген тұлғаның қалыптасуы оның бойындағы ана сүтімен дарыған таланты мен қабілетінің ғана жемісі емес, бүл ­ өскен ортасының, туған жұртының, бала кез¬ден бойына сіңген дәстүрлі ұлттық мәдениетінің, алған тәлім ­тәрбиесі мен білімінің нәтижесінде бірте­ бірте сомдалатын құбылыс. Осы тұрғыдан келгенде, Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың шежіресін таратып, «әкесі Ибраһим қажы еді, өзі Әзірет Әлінің он төртінші ұрпағы» болып келеді деп, қазбалаудың қаншалықты мәні бар деген ойға батасың. Бәлкім, солай болса, солай шығар. Бірақ, бұл дерек Қожа Ахмет Иасауидің түркі жұртының өкілі екендігіне ешқандай күмән келтірмеуге тиіс. Себебі, оның танымы мен көзқарасы түркі жұртының дәстүрлі дүниетанымы аясында қалыптасып, ғұмыр бойы туған халқы мен атамекеніне деген жүрекжарды сезімін даналық жырына қосып өткен. Оның үстіне, Қожа Ахмет өз жырларын түркі халқының ежелгі жазба тілі ­ көне шағатай тілінде жазған. Буған қоса, оның даналық дастандарының тіліндегі бүкіл ұғым ­ түсінік түркі ұғымы, түркі түсінігі. Тіпті, сопылық әдебиетке етене тән ишараттардың (символдардың) өзі түрік ұғымында қолданылады. Біз бөліп көрсеткен ұғымдардың тек түркі жұртына тән түсініктер екеніне ешкім де дауласа алмаса керек. Демек, Қожа Ахмет Иасауи ­ түркі жұртының перзенті, дәстүрлі түркі мәдениеті тудырған тарихи тұлға. Бұл ­ екі. Үшіншіден, Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымын уақыт және кеңістік бойынша да, географиялық аймақ бойынша да ешкімге қатысы жоқ дара нәрсе сияқтандырып бөліп алып, оқшау қарастыруға болмайды. Себебі ол түркі мәдениеті тудырған тарихи тұлға ғана емес, өзінен бұрынғы ғұламалар ойларынан тәлім алған, өзінен кейінгі толқын ­толқын даналар дүниетанымының қалыптасуына эсер еткен, түркі өркениетінің біртүтас, үздіксіз даму процесіндегі ықпалды күш иесі. Соңдықтан, алпыс үш жасында, өзі айтқандай, «Өлмес бұрын жан бермектің дертін тартып», оз еркімен жер астына түскен Иасауи әрекетінің мәнін түсіну үшін алдымен, өлімнен қашып, мәңгілік өмір іздеген, құдіретті күйімен ажалдың өзін жеңген тағы бір түркі ойшылы ­ Қорқыт Ата ізденісінің байыбына ой жіберіп алу қажет. Салыстырып қарасақ, араларын үш жүз жылдай уақыт бөліп жатқан түркі даласының қос ойшылының іс­әрекеттері мен дүниетанымында ұқсастықтар өте көп. Қорқыт та, Иасауи да адам өмірінің бұ дүниедегі мәнін, әлемнің Ақиқатын іздеп, ел кезіп дәруіш болады. Іздеген Ақиқатын таба алмаған Қорқыт баба туған жері, жер кіндігі ­ Сырдария жағасына қайта оралып, өзен үстіне желмаясының жабуын төсеп, соның үстінде жүз жыл бойы қара қобызымен «Өмір жырын» күңірентіп, ажалды маңына жолатпайды. Ал, Иасауи болса, кезбеліктен жалығып, туған жері Түркістанға қайта оралып, алпыс үш жасқа толғанда өз еркімен жер астына түседі. Сол қылуетте тағы да алпыс үш жыл бойы Жаратушыға жалбарына жыр жазып, Хақпен Жаны бірігіп дидарласуды, сөйтіп дүниенің ақиқатына қанығуды, өз замандастары мен Жаратушы арасын жалғастыратын көпір болуды армандайды. Дәстүрлі түркілік таным сипаттарын түсініп алмаған, оның ішінде Қорқыт ойларының мәйегіне қанықпаған жан Қожа Ахмет Иасауи дүниетанымының сырын да ұғына алмайды. Басқаша айтқанда, Иасауи хикметтерінің сырын ашуға жәрдемдесетін кілт тым тереңде ­ ежелгі түркілік әфсаналар мен Қорқыт Ата аңыздарында жатыр. Ал қазіргі Иасауитанушылар он екінші ғасырдан бастап түркі жұртының дүниетанымында өшпес із қалдырған ұлы әулие ойларын тым оқшауландырып талдайтыны сондай, тіпті, оның алдындағы Әбу Насыр әл ­ Фараби мен Әбу Әли Ибн Сина көзқарастарымен Қожа Ахметтің арасында ешқандай байланыс жоқ тәрізді әсерде қаласың. Оны айтасың, біз әлі күнге дейін Иасауи ойларының өз замандастары Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари пікірлерімен қалай астасып жатқанын зерделеуге талпыныс жасап көрген де жоқпыз. Ал Иасауи хикметтерінің Асан Қайғыдан бастап, Абайға дейінгі қазақ ақындарының дүниетанымын қалыптастырудағы рөлі мүлде зерттелмей жатқан тың тақырып. Әрине, «сопылық» деген сөзден әзірейіл көргендей шошитын бұрынғы идеологиялық құрсау тұсында бұл тақырыптарды ауызға алуға қорқып келгеніміз рас. Бірақ ол құрсаудың қақырағанына да жеті­сегіз жылдың жүзі болды емес пе?! Енді әл ­ Фарабидің де, Ибн Синаның да, Жүсіп Баласағұнның да, Махмұт Қашқаридың да сопылық ағымның белсенді өкілдері болғанын несіне жасырамыз (мен, бұл тұста, баяғыдан бергі жасыруға болмай келген шындық ­ Иасауидің тікелей шәкірті Сүлеймен Бақырғаниды айтпай отырмын)…

Читайте также:  Лизингтік қатынастарды басқару мәселелері

Екінші ғасырдан кейінгі түркі жұрты ұрпақтарының иманы мен танымының қалыптасуына үнемі ықпал жасаумен болған Қожа Ахмет Иасауи ойларының ізі Асан Қайғыдан бастап, Абайға дейінгі қазақ ақындарының шығармаларында сайрап жатқандығы баяғыдан бадырайып көзге шалынатын шындық. Буған Қазақ ақындарының жырларын жай ғана шолып шыққан кез келген жан көз жеткізе алады. Біз бұл тұста он тоғызыншы ғасырдың өзінде сопылық жолды парыз санап, қазақ әдебиетіндегі Иасауи дәстүрінің айна­қатесіз жалғастырушысы болған Шортанбай жырларын атап өтуді артық санадық. Сондай­ақ, көне мүсілімдік фәлсафа мен сопылық көзқарасты жарыстыра терең талдай отырып, сопылық ілімнің мәйегіндегі даналыққа тушына келе, бұқара халықты жалған еліктеушіліктен, сопылықтың ішкі мәніне үңілмей, сыртқы фанатизміне бас ұрушылықтан сақтандырған ұлы Абайдың отыз сегізінші қара сөзі көзі қарақты оқырманға таныс болар деп сезініп, оған да тоқталмадық. Себебі, бұл жолғы мақсатымыз ­ Иасауидің кейінгі қазақ ойшылдары дүниетанымының қалыптасуына тигізген ықпалын қопара зерттеу емес­ті, тек Қожа Ахмет Иасауиді оқшау алып зерттемей, түркі өркениетінің тұтас, үздіксіз даму процесі аясында қарастыру қажеттілігін дәлелдеу болатын. Ендігі зерттеушілер Құл Қожа Ахмет бабамызды cap дала төсінде ғайыптан пайда болған жалғыз түп құрма ағашы сынды қабылдамай, Қорқыттан Абайға дейінгі қазақ даласының ойшылдары шоғырында алып, дүниетанымын түсінуге осы тұрғыдан талап жасай алса, біздің де мақсатымыздың орындалғаны. Бұны үш деп қойыңыз. Төртіншіден, Қожа Ахмет Иасауи ­ адамзат өркениеті тарихындағы улы ойшылдар қатарында ерекше орны бар тұлға. Әулие бабамызды алдымен өзіміз танып алып, содан соң әлемдік өркениет тарихындағы лайықты тұғырына қондыру ­ барша түркі баласының парызы. Бұл жай мақтан үшін айтылып отырған қызыл сөз емес. Адамзат дамуының жаңа дәуірінен бастап әлемдік өркениет тарихын жазу құқығына ие болған еуропалықтар Шығыс ренессансын айналып өтіп жүрген жоқ. Айналып өте алмайды да. Себебі, қазіргі батыс өркениетінің іргетасы шығыстық ғұламалар еңбектерінің негізінде қаланғаны бүгінгі таңдағы ғылымда мойындалған ақиқат. Алайда, ғасырлар бойы батыста үстем болып келген еуропоцентристік көзқарас тоңы әлі күнге жібіген жоқ. Бұған алдымен өзіміздің дәстүрлі мәдениетіміздің терең тамырларын зерделеп алудың орнына батыстағы дайын түсініктер мен ұғымдарды қабылдауды оңай көретін біз де кінәліміз. Соның салдарынан Иасауиден бұрын Шопенгауэрді, Асан Қайғыдан бұрын Томас Морды пip тұтамыз. Ал тарихи әділдікке жүгінсек, Шопенгауэрдің иррационалдық түйсікке негізделген таным философиясының негізінде сопылық ілімнің «азап шегу арқылы көңіліңе жарық етіп құйылатын кездейсоқ ақиқатқа жету, Хақпен дидарласып, соның рухымен бірігу» идеясы жатыр. Ал адамдар тұрмысына жайлы «жерұйық» мекен іздеу туралы утопияны Асан Қайғы бабамыз Томас Мордан әлдеқашан бұрын айтып кеткен. Бұл жерде мәселенің мәні кімнің бірінші, кімнің екінші айтқандығында емес. Мәселенің мәні ­ біздің дәстүрлі ұлттық дүниетанымымызды бүтіндеп, сол арқылы әлемдік өркениет арнасына өз болмысымызбен қосыла алуымызда. Қасаң идеологиялық қағидалар құрсауы сөгіліп, еркін ойға мүмкіндік ашылған қазіргі заманда біздің кейбір зиялы отандастарымыз, оның ішінде жастар жағы, Артур Шопенгауэр мен Фридрих Ницшені, Николай Бердяев пен Жан ­ Поль Сартрді, Альбер Камю мен Карл Ясперсті жаңа танығандай, олардың ойларының ішкі мазмұнына түйсінбей, сыртынан тамсана табынып жүрген жайы бар. Батыс ойшылдарына бұлайша көзсіз еліктеу жасандылықтан басқа түк те бермейді. Ал олардың мұраларын біз өзіміздің дәстүрлі дүниетанымымыз арнасында, ұлттық ұғым ­ түсініктерімізбен сабақтастыра отырып игерсек қана әлемдік өркениет айдынына батыл ене аламыз. Мен мұны қадап айтып отырған себебім: жоғарыда аталған Шопенгауэр де, Бердяев та, Ясперс те өз идеяларының өзегін Шығыстан, оның ішінде сопылық ілімнен алғанын жасырмай айтып кеткен. Міне, көрдіңіз бе, біз өз топырағымызда пайда болған дәстүрлі дүние ­ танымымызды, оның Қожа Ахмет Иасауи сынды ірі өкілінің мұраларын байыппен зерделеп алмай тұрып, адамзат ойының тарихындағы осы біздің дүниетанымымыз әсерімен дамыған кейінгі ағымдарға көзсіз бас ұрамыз. Бұл орайда, қазіргі қоғамымыздағы тағы бір өткір мәселенің бүгінгі тақырыбымызға қатысты астарын айтпай өтуге болмайды. Қазір не көп, діни секталар көп. Жасөспірім ұрпағымыздың ата­анасы ұстанған иман жолынан тайып, мүлде басқа сенімдердің жетегінде кете бастағаны туралы байбалам салып жатырмыз. Бұған кім кінәлі? Балаларын бетімен жіберген ата­ана ма? Жастардың көңіліне жол таба алмай жүрген дін басыларымыз ба? Жоқ, әлде осы бір шетін мәселеде қатаң саясат ұстай алмай отырған мемлекет пе? Менімше, кінәнің үлкен бөлігі әлгі жастарымызға дәстүрлі дүниетанымымыз ұғымдарын жүйелі де әсерлі етіп түсіндіріп бере алмай отырған бізге ­әлеуметтік ғылымдар мамандарының арына жүктелуге тиіс. Жетпіс жыл бойы қорқытса да, үркітсе де, иландырса да, алдаса да, әйтеуір, берік құрсауында ұстап келген коммунистік идеологияны тәрк еттік. Таусылмайтын даңғаза саяси шараларымен бірге комсомол ұйымы да тұғырынан тайды. Біз енді ұлттық идеологияны қалыптастырып, жастарымызды соның рухында тәрбиелейміз деп шештік. Ал ұлттық идеология қалай жүзеге асырылуы қажет? Алдымен, жастардың иманы мен дүниетанымын қалыптастыру арқылы. Мұның ең төте жолы ­ бұрын айтылмай келген, жазуға тыйым салынған Қожа Ахмет Иасауи сынды ұлы ойшылдарымыздың мұраларын жаңаша талдап, жастарымызға әсерлі етіп ұғындырып беру. Сонда қазіргі жастарымыз Иасауи іліміндегі адамгершілік, имандылық, төзімділік, адалдық, ізгілік, өмірдің ақиқатын ұғуға талпыну идеяларының жанында кез келген «Кришна» бауырластығы далада қалатынын түсінер еді. Міне, Қожа Ахмет Иасауи мураларын жаңаша зерттеудің төртінші қыры осында. Біз бір мақаламызда осы айтылған міндеттердің бәрін атқарып шыға алмайтынымыз белгілі. Мақсат ­ жаңадан қолға алына бастаған Иасауитану ісіне дұрыс бағыт сілтеп, болашақ зерттеушілерге ой салу. Қожа Ахмет Иасауи бабамыздың дәстүрлі ұлттық дүниетанымымыз тарихындағы орнын айқындау мәселесіне жаңаша көзқарас қалыптастыру. Ол үшін, ең алдымен, Иасауи ұстанған сопылық ілім деген не, ол түркі жұртына қалай тамыр жайды деген сұрақтардың қысқаша жауабын тауып aлy қажет. Ендігі әңгіме сол туралы.

Читайте также:  ІV­ - VІ ғғ. Оңтүстік және Солтүстік Қытай мемлекеттер

Оставить комментарий