ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИДІҢ ӨЗ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ БЕЙНЕСІ

«Түркі әлемінің темірқазығы», «Әулиелердің сұлтаны» сияқты аса жоғары мәртебелі аттарға ие болған Қожа Ахмет Ясауи жайындағы халық прозасының түрлері ол кісі өмірде болған заманнан бастап, бүгінгі күнге дейін желісі үзілмей айтылып келген. Қожа Ахмет Ясауидің өзі бүкіл түркі халықтарына ортақ киелі тұлға болғандықтан, бұл шығармалардың басым бөлігі түркі халықтары арасында кең тараған. Дегенмен Қожа Ахмет Ясауидің өзі өмір сүрген орта болғандықтан, қазақ даласында айтылған аңыздардың мазмұны бай және тарихи сипаты мол. Бұл – Қожа Ахмет Ясауи тұлғасының осы ортада аса қастерленетіндігімен де байланысты. Қазақтар ол кісіні «Мәдинәда – Мұхамбет, Түркістанда – Қожа Ахмет» деп дәріптеп, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың тікелей мұрагері етіп көрсеткен. Түркістан қаласының мәртебесі де Қожа Ахмет Ясауи есімімен жоғары болды. Қожа Ахмет Ясауи халық арасында әр дәуірде Қожа Ахмет, Құл Қожа Ахмет, Әзірет Сұлтан, Пир-и Түркістан, Сұлтан-и түрік, Сұлтан ал-арифин, Ахмад-и Сани, Құтуб-ул ақтаб, Шайх-ул машайық, Ата Ясауи сияқты т.б. ныспылармен танымал болды. Қазақ аңыздарындағы Қожа Ахмет Ясауи образы оның «Диуани хикметі» шығармасындағы бейнесіне өте жақын. Бұл образдар әрекет түрімен де, сөзімен де, дүниетанымдық ерекшеліктерімен де барынша бір-бірімен өзгеше үйлесім табады. Әсіресе, бізге Мәшһүр Жүсіп Көпеев қолжазбасы арқылы жеткен, Ясауидің өз шәкірттерімен мақалдарды ойлап шығарғаны туралы аңыздан бұл жақындық өзгеше көрінеді. Осы аңыздың толық нұсқасын бере кетейік: «Қазіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бір күні тоқсан тоғыз мың машайық аталған мүриттерін жамиғ қылып, баршасына бұйырды: – Ан қазіретіміз Мұхаммед ғалайхиссалам миғраж ашып барғанда, Құдай тағаланың құдіретімен тоқсан тоғыз мың сөз сөйлескен екен. Отыз үш мың шариғат, отыз үш мың тариқат, отыз үш мың хақиқат – соның бәрі бір кітапта болмайды, бәрі бір жерден табылмайды. Сіздер баршаңыз бір жерде отырып, бас-басыңызға бір ауыз сөзден сөз айтыңыздар, кейінгі заманға жәдігер болып қаларлық болсын. Сол Құдай тағаланың құдіретімен Мұхаммед Пайғамбармен сөйлескен сөзін пендеде білуші жоқ. Бірақ сіздердің сөздеріңіз сол сөздің көлеңкесі сықылданып, жұрт аузында қалсын дегенде, қай ретті қылып сөйлейміз деп, Сұлтан қазіреттің өзінен сұрағанда, өзі айтты дейді: «Мақал» деп айтылатұғын сөз болсын. Шаруа көшсе байиды, дәруіш кешсе байиды. Уақытсыз ерден, бақытсыз ұрғашы артық». Осы мақалдар Сұлтан қазіреттің өз аузынан шыққан. Тоқсан тоғыз мың машайх бір төбенің басына орнап, сол жайға «Мәслихат төбе» деп ат қояды. Сондағы орнаған жайлары дария жағасы екен. Бұл Қазіреттің бұлай айтысында бір сыр бар ғой дескеннен, сонан бері дария «Сыр суы» атанды. Қазірет баршамызға бас-басымызға бір-бір сөз айт деп ақырды. Жалғызың дәнеме айтпайсың, өзің білме, білгеннің тілін алма, деген осы екен-ау, – дейді. Сонда олардың аяқ жағында қалғанын айтқан екен. «Сендердін қастарыңа құйысқанға қыстырылған боқ сияқты болып жүріп мен не айтамын», — деген екен. Орта буында біреу дәнеме айтпаған соң: «Кел, мұны қол-аяғын байлап, тіпті ештеме айтпаса, суға тастап жіберелік», — деп бас салғанда: «Құдая, тәуба, көп қорқытады, терең батырады деген осы екен-ау», — депті дейді. Сол ретпен әрқайсысы бір сөз сөйлеп, қазақ ішінде «мақал» деп айтылып жүрген сөз тоқсан тоғыз мың машайықтан қалған десіп келеді» [1]. Енді аталған образдар жақындығына дәлелдер келтірейік. Аңыздағы: «Ан қазіретіміз Мұхаммед ғалайхиссалам миғраж ашып барғанда, Құдай тағаланың құдіретімен тоқсан тоғыз мың сөз сөйлескен екен. Отыз үш мың шариғат, отыз үш мың тариқат, отыз үш мың хақиқат – соның бәрі бір кітапта болмайды, бәрі бір жерден табылмайды. Сіздер баршаңыз бір жерде отырып, бас-басыңызға бір ауыз сөзден сөз айтыңыздар, кейінгі заманға жәдігер болып қаларлық болсын. Сол Құдай тағаланың құдіретімен Мұхаммед Пайғамбармен сөйлескен сөзін пендеде білуші жоқ. Бірақ сіздердің сөздеріңіз сол сөздің көлеңкесі сықылданып, жұрт аузында қалсын», – деп Қожа Ахмет Ясауи айтты деген сөз дәл осы мазмұнда оның шәкірті Мұхаммед Зарнуқи (Данышпан ата) арқылы жеткен «Мират-ул Қулуб» шығармасында да айтылады. «Хз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) миғраж түні Алла тағаламен «тікелей» тоқсан мың тақырыпта сөйлесті. Оның отыз мыңы шариғат бойынша, отыз мыңы да тариқат және қалған отыз мыңы хақиқатпен байланысты болатын» [2], – дейді онда. Көріп отырғанымыздай, бұл жерде Қожа Ахмет Ясауи айтты деген сөз аңыз бен шайқының өз еңбегінде бір мазмұнда беріліп тұр. Осы аңыздағы Қожа Ахмет Ясауидің өзі шығарды деп баяндалатын «Шаруа көшсе байиды, дәруіш кешсе байиды», «Уақытсыз ерден, бақытсыз ұрғашы артық» деген екі мақал да сөйлеу дүниетаным, тілдік қолданыс тұрғысында оның ең әйгілі шығармасы «Диуани хикметке» барынша жақын тұр. Алғашқы мақалда «кешсе», «байиды» деген сөздер арқылы эллипсис тәсілі шебер қолданылған. Мұнда «кешседен» бұрын «Бір Алладан басқаның бәрінен», «дүни- мүліктен» деген, «байидының» алдында «рухани» деген ұғымдар түсіріліп айтылып тұр. Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметте» де көп қолданған көркемдік тәсілінің бірі – осы эллипсис болатын. Мысалы, «Мен игирма төртка кирдим хақдин ирақ» [3] дегенде «жырақтан» («ирақ») кейін «қалдым» сөзінің; «Кеча намаз, кундузлари сайым болдым» [3,148] дегенде «намаз» сөзінен кейін «оқып» сөзінің; «Иашым алтмыш учка иетти, бир кунча иоқ» [3,152] дегенде «бір күндей» («бир кунча») сөзінен кейін «болған» сөзінің; «Уч иуз мулла иғылыб битти куб риуаят» дегенде «жиылыптан» («иғылыб») кейін «келген соң» сөзінің түсіріліп айтылуымен эллипсис тәсілінің шебер қолданылғаны аян. Мұндай мысалдарды «Диуани хикметтен» көптеп келтіруге болады. Талданып отырған мақалдың эллипсиске байлығы – Қожа Ахмет Ясауи стиліне тән ерекшелік. Қазіргі тілімізде «[дүниеден] баз кешу», «жаннан кешу» сияқты тұрақты тіркес құрамында ғана, тым сирек қолданылатын «кешу» («кешсе») сөзінің де «Диуани хикмет» ықпалымен тұрақтағанын аңғару қиын емес. Себебі бұл сөз «Диуани хикметте» де осы тұрақты тіркестердің мәнінде қолданылады. «Жандин кечмай ғашық сырыны билса болмас» [3,214], «Жандин кечкан чин ғашықлар ғириан болур» [3,215], «Жандин кечиб иалғуз хақни жанға қоштым» [3,156] сондай-ақ жоғарыда мысал еткен «Илик еки иашта кечдим ханмандин, Ханманим не курингай балки жандин» [3,145], – деген сөздерден осы шындық танылады. Аңызда айтылған екінші мақалда да Қожа Ахмет Ясауи дүиетанымын танытарлық сипат бар. Мұндағы «ер» сөзі қазіргі кездегі кең қолданыс тапқан жыныстық ерекшелікті білдіретін атау немесе «батыр», «ержүрек» мағынасында емес, «Құдайдың дидарын талап етуші адам» мәнінде қолданылып тұр. Бұл шындықтың сырын Рәбия Басри туралы аңыздардан көре аламыз. Сондай аңыздардың бірінде Құдайың дидарын талап етушілер ғана «ер» деп аталатыны айтылады [4]. Ол хақындағы тағы бір аңызда ол өзіне тұрмысқа шығуды ұсынған Хасан Басри түпкі мақсатын сұрағанда ол «мақсатым – жәннат» деп жауап береді. Рәбия сонда: «Дүниені талап етуші – қатын, ақыратті талап еткендер – қызтеке, Алланың дидарын талап еткендер – ер», – деп жауап береді [5]. Қожа Ахмет Ясауи де осы мағынада: «Құл Қожа Ахмад, ер болмасаң улган яхшы» [3,145], – деп жырлайды. Ал аңыздағы «Уақытсыз ерден бақытсыз ұрғашы артық» деген мақалдың мәні, біздің ойымызша, Құдайдың дидарын талап етуші адам дін хақиқаты жайылған заманда ғана бағаланады, одан басқа кездегі қоғамда мұндай жан түсіну мен қолдауға ие болуы былай тұрсын, жұртшылық тарапынан 146 147 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы № 1 (80) 2011 тек қарсылыққа душар болады дегенді білдірсе керек. Ясауи жолының көрнекті өкілінің бірі Ш.Құдайбердіұлының: Мұндай елде тұрғанша, Бұл сағымды қуғанша, Еркін тілді буғанша, Жеткізсе нетті қазамды [6], – деуі сөз болып отырған мақалмен мазмұндас сияқты. Осы мақалда да Ясауи қаламына тән тағы бір өзгешелік көрінеді. Ол – тармақ ішінде көрінетін ішкі ұйқас. Бұл мақалдағы ішкі ұйқас уақытсыз және бақытсыз сөздерімен жасалып тұр. Хикметтерде ішкі ұйқас өте көп қолданылады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін нақты мысалдар келтіріп, ұйқас түрлерін курсив ақылы көрсете кетейік: «Жафа тартиб яратқанға болды кариб» [3,129], «Мадинага Расул барыб болды ғариб» [3,129], «Кузи иашлық, халиққи башлық, кади калал» [3,133], «Хақни табқан узи пинһан, сузи пинһан» [3,134], «Халим хараб, бағрим кабаб, көзим праб» [3,140], «Закир болыб, шакир болыб, хақны табтым» [3,151], «Яман ишим, қылмышларим хазир болса» [3,159], «Кузим намлик, дилим ғамлиқ, жан аламлик [3,179], т.с.с. Бұл аңызда айтылған екі мақалдың мазмұны мен стилі «Диуани хикмет» авторының дүниетанымы мен көркемдік құралдарды қолдану ерекшеліктеріне етене жақын. Осы жағынан да, бұл аңыздың тарихи шындыққа қатыстылығы барынша айқындала түседі. Аңыздарда бұдан басқа да Ясауи айтты дейті сөздердің бәрі хикмет мазмұнымен үйлеседі. Мысалы, «Жақыным – Шам халқы, Жақынымның алысы – Сүйір халқы», «Мен мүриттерімді ниязынан танимын», «Пірдің кереметтілігі таудай болса, мүридтердің ықыласы тарыдай болса да, тарыдай ықыласқа таудай керемет қылмайды. Егер мүридтің ықыласы таудай болса, пірдің кереметі тарыдай болса, тарыдай керемет таудай ықыласқа гауһар қылады», – деген тәрізді ұлағатты сөздер Қожа Ахмет Ясауиге телініп аңыздалған [7]. Осының ішіндегі «Мен мүридтерімді ниязынан танимын» деген бір ауыз сөз фольклордың терме жанрындағы «Кімді неден танисың?» деген сұраққа жауап беретін тақырыптың дәстүрге айналуына да түрткі болғаны көп күмән туғыза қоймайды. Тек ой мен сезім, психология тұрғысында ғана емес, кейіпкер әрекеті жөнінен де «Диуани хикметтегі» автор бейнесі мен Ясауидің аңыздық бейнесінің ортақ тұстары көп. Өз хикметтерінде жамандыққа жақсылықпен жауап беруді насихаттаған ұлы шайықтың өзінің бұл істі шегіне жеткізе атқаратыны күмәнсіз. Жоғарыдағы Сури халқының шайыққа жасаған қиянаты туралы аңыздағы оның ұлын өлтіргендерге қызын беруі туралы оқиға бүгінгі оқырманды сендіре қоймауы мүмкін. Тіпті қазіргі тыңдаушы мен оқушы бұл істің дұрыстығын іштей мансұқ етуі де ықтимал. Оның тарихилығы да осыдан айқындала түседі. Аңызда бейнелеген Әзірет Сұлтанның бұл әрекеті қазіргі заман адамына түсініксіз болғанымен, Ясауи заманы үшін, оның өзі үшін әбден орынды іс. Өткені жамандыққа жақысылық жасау – Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сүндеті. Ол туралы Ясауи: Иаманлыққа иақшылық караматлығ Мухаммад, Тауфиқ берган залымға жалаллатлығ Мухаммад [3,173], – дейді. Оның үстіне, аңыздағы бұл әрекет ел бірлігі мен тыныштығы үшін атқарылды деп баяндалады. Бұл да Қожа Ахмет Ясауи дүниетанымына тән. Аңызда баяндалатын осы оқиғаның кейігі заман тыңдаушысын иландыру мүмкіндігі аз болғанымен, оның тарихи шындық болуы мүмкін екендігін өзбек ғалымы И.Хаққул да жазады. «Халық сүйіп, құрметті етіп көрсеткен, өзі де басқаларды құрметтеген Яссауи қазіретке телінген бұндай оқиғаның ықтималдығы аз», – дейді А.Жабажиұғлы. Ондай болғанда Хазини және басқа жазушылар осы оқиғаны жазып қалдырмас еді. Бұл – бірінші. Екіншіден, ұлын өлтірген әлдекімге өзінің сүйікті атын сыйға тарту және онымен қоймай, қызын беру ақылға сыймас іс болса да, осы оқиға Ахмет Ясауи тұлғасының өте жоғары мақамға көтерілгендігін көрсету мақсатында әңгіме етілген. Хазинидің «қан дауы болып, араларында мәңгі-бақи кек пен дұшпандық қалмағай» деген сөздерді келтіруі де бекер емес. Шынында да, Ясауи сияқты анық ариф және мүршидтер үшін өшпенділік, кек пен дұшпандық өлімнен де қорқынышты және апатты жағдай. Міне сол үшін Фаридуддин Аттар «Мантиқут- тайр» дастанында Туркістан пірі өміріндегі бұл қанды оқиғаны баян етіп, төмендегі жолдарды тізген еді: Дод аз худ пири Туркистон хабар. Гуфт: «Ман ду чиз дорам дусттар. Он яке асбест аблақ гомзан, В-он дегар худ нест жуз фарзанди, Гар хабар ёбамзи марги ин писар, Асб мебинам ки хаст ин хар ду чиз, Чун ду бут дар дидаи жонам азиз. То насузиву насози жонам азиз. То насузиву насози хамчу шамъ, Дам мазан аз покбози пеши жамъ… (Мазмұны: Түркістан пірі, өзінен хабар беріп деді: Менің дос тұтып, өте қадірлейтін екі нәрсем бар: бірі, жүйрік тұлпар атым, екіншісі, сүйікті перзентім. Егер ұлымның өлген хабарын естісем, бұның шүкіранасы үшін атымды тарту етемін. Өйткені бұл екі нәрсе әзиз жанымның көзіндегі екі пұт еді. Егер сен шамға ұқсап күймесең, нұр таратпасаң, көпшілік құзырындағы тазалыққа құмарлықтан әсте дәм татпағын). Бұл тәмсілдердің астарында ең сүйікті нәрселер, тіпті перзент те адам мен Құдай арасындағы ышық пен жақындыққа мүлде кедергі болмауы керек, сонда ғана нағыз тазалыққа жетуі мүмкін деген мазмұн жасырынған»р – дейді И.Хаққул [8]. Шындығында, Хазини мен Аттардың мәліметтерінде бір-бірін толықтырушы айғақтардың болуына қарағанда, бұл оқиғаның тарихи негізі бар сияқты. Кейінгі замандағылардың аталмыш оқиғаны дұрыс қабылдай алмауынан, осы аңыз көп өңдеуге түсіп, оның бірнеше версиясы пайда болаған. Әзірет Сұлтанның суриліктерді қарғауы, сол қарғыстан олардың итке аналып кетуі туралы сюжетті ең кейінгі өңдеу деуге тұрарлық. Себебі бұл айтылып өткен жамандыққа жақсылық принципіне қарама-қайшы. Бұл версия алдыңғы аңызды жоққа шығарарлықтай мәнге ие болған. Бұның кейінгі өңдеу екенін білдіретін аралық версия да сақталған. Онда суриліктерді қарғайтын Ясауи емес, басқа біреу. Аңыздың осы тұсынан үзінді бере кетейік: «Арық суына таласып, баласы Ибраһимді арық басында бауыздайды. «Бұл әулие болса баласын тірілтіп алар», — деп, бір үлкен табытқа салып, бетін жауып, бүркеп қазірет отырған жайға алып келеді. «Бұл не?» деп сұрағанда (әңгелек) «шафша» дейді. «Шафша» деп қауынның ерте пісетін кішкенесін айтады, сонда қазірет: «Жетілмей, еркін піспей ұрған екенсің», — дейді. Басқа еш нәрсе демейді. Сонда қасында тұрған бір сопы шыдай алмай айтқан екен: «Қауының алма болсын, тарың жұлма болсын, ұлың мақау болсын, қызың сақау болсын, құйрығыңа дүм шықсын, әшкере болсын бұл ісің, жасырсаң – жүрек бауырың езіліп өлсін, қолыңнан кетпен кетпесін, көтің жерге тимесін», деген екен, сол айтқаны айнымай болды. Сүйір деген арықтың орны бар, суы жоқ. Қауын ексе – алмадай болды, тары ексе – оруға келмейді, құйрығына ешкі құйрығындай дүм шығады, жерге отыра алмайды. Осы айыбын жасырмаса қатын-баласы өледі, жасырса – кешікпей өкпе бауыры езіліп өледі. Шайтан сөзіне ерген, Қожа Ахметке тас атқан Тахташары астында жатады» [7,34-35]. Келесі бір аңызда Қожа Ахмет Ясауидің ағасы Садыр ата Ибраһимнің басын алып келген суриліктерді (бұл аңызда Қарасүйір) шауып тастамақ болған кезде оны тоқтатып, қылыш жұмсауға тиым салғаны үшін ол Әзіретке ренжіп, Қойлақы жаққа кетіп қалған дейді [7,35]. Бұның барлығы «Диуани хикметтегі» автор бейнесінің көзқарасымен үйлесімді әрекеттер. «[Қожа Ахмет Ясауи] (…) тіпті «жалаң аяқ, жалаң бас, жыртық шапан киіп жүреді екен, көшеде жүрген көрінген бала-шаға қожа Ахметті жынды деп қуалап сабайды екен, ол сонда да «қолдарың ауырып қалды-ау»,— деп оларды қайта мүсіркейді екен» [7,50] – деген аңызда да жамандықты жақсылықпен жою жолы көрсетілген. Қожа Ахмет Ясауидің жамандықпен күресінің бұл үлгісі оның түпкі мақсатынан туындайтынын көрсететін тағы мынадай аңыз бар: «Бірде Қожа Ахметтің әкесі былай депті: «Е, балам, екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды дегендей енді бұл жерден не сен, не мен кетуім керек» депті. Сонда Қожа Ахмет тұрып: «Сіз жасыңыз келген кісісіз, мен жаспын, мен кетемін», деп Ясы қаласына орналасыпты. Арада біраз уақыт өткен соң атаанасына сөлем берейін деп Сайрам қаласына келгенде, әке-шешесі: «Е, қарағым, қайда болдың, қай жерден қоныс таптың» деп сұрапты. Сонда, ол Ясы қаласын, яғни кейіннен өзіне ғимарат салынған жерді атапты. «Балам, сен ол жердің халқымен сұхбаттастың ба? Не байқадың?» — деген Ибраһим шайыққа Ахмет: «Иә, ата, сұхбаттастым. Ол жердің халқы арқаңнан қағып тұрады, аяғынан шалып тұрады. Соны біле тұра неге қоныс тептің дерсіз, жақсыны жолға салу оңай, жаманды да жолға салып көрейін» деген екен» Қазақ аңыздарының көне тарихи нұсқасы деуге тұрарлық Хазинидің «Жауаһир-ул Абрар 148 149 Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы № 1 (80) 2011 мин Амуаж-ил Ихарындағы» әңгімелердің бас қаһарманы әрекетінің де «Диуани хикметте» суреттелетін іс-қимылдармен орайласатын кездері баршылық. Сондай аңыздардың бірінде ұлы шайықтың зікір ғибадаты суреттеледі. «Қожа Ахмет Ясауи сонау кішкентай күнінен бері Пайғамбардың сүннетін берік ұстанатын. Сондықтан алпыс үш жасына келер-келмес Әзіреті Пайғамбар 63 жасында мынау фәни дүниеден көшкені үшін Қожа Ахмет Ясауи де сүннетті берік ұстағандығынан жер астына түспекші болады. Теккенің (дәруіш, сопылардың жиналатын жері) бір жағынан құдық қаздырып, баспалдақпен түсетіндей етіп жасайды. Жол ашып, шикі кірпіштен кішкене бөлме жасайды.Әзіреті Ілияс пен Әзіреті Қызырдың да қолдауымен жүздеген жылдар бойы бұл құрылыс бұзылмай сақталған. Ахмет Ясауи ол жерден бір шұқыр (қабір сияқты) қазып, сол жерді мекендейді. Қабірді еске түсіретін осы тар жерде Аллаға зікір еткен кезде, тізелері кеудесіне үйкеле-үйкеле тесіліп қалған екен» [9]. Ясауи жолындағы жария (жахр) және ара зікірлері дене қимылдарымен бірге атқарылады. Бұл қимылдар да жүрек тазалығына қызмет етеді. Оның әрбірі оң қабақтың ұшынан жүректің түп жағын нысанаға алып, ұрудың ишарасын жасаған қимылмен аяқталып отырады. Ясауи жолына тән бұл дәстүр Балмағамбет Балқыбайұлы шығармашылығында айқын көрініс тапқан. Пенденің ұқсар ділі қара тасқа, Тесетін зат жоқ деме, тасты басқа. Зікір – қайла, тас – ділге ұрсаң қатты, Муафиқ болса ділің ықыласқа. Өлімнің келетінін ойға сақтап, Толар көзің мөлтілдеп ыстық жасқа. Оңнан тарт, ла иллаһа ил алланы, Астына ұр, сол емшектің, бұл дұғаны. Қалыптан тыншы кетіп шықса ханнас, Ойға алар тәфсір керек, мәддұғаны [10], – дейді ақын бұл туралы. Осынау санаулы жыр жолдарында Құдайды ұмыту салдарынан адам жүрегінің тасқа айналатыны; ол барлық қатыгездіктің, жауыздықтың себепкері болатыны; Құдайды еске алу, яғни зікір ету арқылы тас жүректің жібіп, жұмсарып, мейірімге, толатыны; зікір амалдарын барлық шарттарымен, дене қимылдарының ишарасымен (Ясауи жолында оның «чор зарба», «ду зарба» деп аталатын түрлері бар) дұрыс орындағанда, адамды үнемі азғырып, жүректе отыратын, Құранда «ханнас» деп аталатын шайтанның жүректі тастай қашатыны сияқты ясауия тариқатында үнемі ескерілетін ақиқаттар көрініс тапқан. Зікір ғибадатын өте күшті шабытпен орындаған кезде, дәруіштердің киімдерінің тесіліп қалуы әбден мүмкін ақиқат. Қожа Ахмет Ясауи де: «Сахар туриб чар дараб уриб кузин уйди» [3,166], «Зикрин айтиб чар дараб уриб сахар турса» [3,195], «Жар дараб уриб дарияларың ташиб кетди» [3,159], «Сахарларда джар дараб урмақ ани иши» [3,222], – деп, зікір кезіндегі басты төрт тарапқа (чор зарба немесе «Диуани хикмет» басылымы бойынша чар дараб, жар дараб, джар дараб) бұлғап, ишарамен атқарылатын дене қимылын зор шабытпен жырлайды. Дегенмен Қожа Ахмет Ясауидің аңыздық тұлғасы хикметтердегі автор бейнесімен әрдайым үйлесім тауып отырады десек те бір жақты кеткен болар едік. Мәселен, «Алла тағала Қожа Ахметтің тақуалығына риза болып, оған тағы қосымша өмір сыйлапты. Бірақ пайғамбар жасынан асқан әулие: «Бұл дүниенің ендігі жарығы маған артық», — деп күн сәулесі түспейтін жер асты қылуетке кіріп біраз ғұмыр кешкен» [7,58], – деп баяндалатын әңгімелер хикметтердегі «Алтмыш учда нада келди, қул, иерга кир» [3,147], «Иер астиға кирдим, дослар, би ихтияр» [3,150], – деген авторлық түсіндірулердің мазмұнымен мүлде үйлеспеді. Бұның да өзіндік себептері бар. Ол себеп фольклор жанрларының айтушыларымен байланысты. Фольклордың кейбір жанрларын (мәселен, эпикалық жырлар, ән өлеңдері, бақсы сарыны т.с.с.) тек маманданған орындаушылар ғана орындаса, көптеген жанрларды, соның қатарында халық прозасы түрлерін қарапайым халық, жалпы көпшілік те айта береді. Аңызды интеллектуалдық деңгейі оншалықты жоғары емес адамдар да тарата алады. Сол себепті терең ой жүгіртпеген адам мәніне жете алмайтын сопылық ілімнің шарттары мен қағидалары, принциптері, сопылардың іс-әрекеттері туралы қате пайымдаулар, субъективті интерпетациялар туындауы әбден ықтимал. Және бергі замандарға жақындаған сайын немесе, басқаша айтқанда, аңыз туған дәуірден алыстаған сайын халық этимологиясындағы қате көзқарастардың арта түсері даусыз. Қожа Ахмет Ясауидің алпыс үш жастан кейін қылуетке түсіп кетуін дүние тәркілікпен байланыстырған аңыздар да осындай түсінбеушіліктің салдары. Қазақ аңыз-әпсаналарындағы Қожа Ахмет Ясауи бейнесі мен «Диуани хикметтегі» автор образы сана-сезім, ой-пиғыл, сөз мазмұны мен мәнері, әрекет пен оның түпкі мақсаты жөнінен бір-бірімен етене жақын. Бұл – халықтың Ясауи ілімін және еңбектерінің мазмұнын терең түсінгендігін танытады. Бірақ ұлы шайықтың 63 жастан кейінгі өмірін қылуетте өткізгенін дүние тәркілікпен байланыстыру сияқты Ясауи көзқарасынан алшақ кеткен версиялар да бар. Мұндай алжасу халықтың Ясауи ілімінен алшақтай бастаған кейінгі ғасырлардағы өңдеудің нәтижесінде туғаны күмәнсіз. Қожа Ахмет Ясауи туралы қазақ аңыздары тарихилығымен, деректілігімен, ең бастысы, оның өзінің «Мират-ул Қулуб», «Диуани хикмет» шығармаларымен тығыз байланыстылығымен ерекшеленеді.

Читайте также:  ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ МЕН ДАМУЫ

Оставить комментарий