Қожалар үстемдігі дәуіріндегі ұйғыр әдебиеті

Жалпы алғанда, Қожалар дәуірі әдебиетінің даму кезеңдері мен тақырыптық мазмұны, жанрлық ерекшеліктері жөнінде бірнеше түйінді ой айтуға болады. Қожалар билігіндегі Алтышаһардың саяси билігі бірыңғай, бір бағыттағы, бір әулеттік билік бола алған жоқ. Абақ қожаның өзі билік басына жоңғар­қалмақтарының әскери күшімен келгендіктен оның билігі вассалдық­ жартылай отарлық сипатта болды. Сондықтан, бұл дәуірде пайда болған әдебиет негізгі екі түрлі сипатқа ие болды. Біріншісі, Абақ қожа ордасына жиналған кейбір сарай ақындары Қожалардың асыл тектілігі мен әулиелігін, караматшылдығын көкке көтере мақтайтын жағымпаз, сатыншақ әдебиет ретінде қалыптасты. Ондай ақындар «Патшаның әмірін орындау уәжіп» деген ислам қағидасын өз мүдделеріне қызмет еттіру үшін Абақ қожа билігін де, Ғалдан Серіннің отаршыл билігін де мойындап, олардың әмір­ пәрмендерін заңдастыруға қызмет етті. Бұл әдебиеттегі екінші ­ халықтық, ұлттық мүддені жоғары қойған негізгі бағыты ұйғыр халқын қара түнекке тұншықтырмау үшін ұлттық­мемлекеттің өткендегі жарқын, гүлденген шақтарын еске алып, ұлт үшін, исламияттың тазалығы мен хақ мүдделері жолында көрсеткен ерліктерін, ұлылықтарын дәріптейтін тарихи жыр­ дастандар, тезкирелерді көптеп жазу үрдіске айналды. 2. Жаркент­Саиидия хандығы дәуірінде қалыптасып, әбден дамыған ұйғыр әдебиеті мен мәдениетіне қатысты классикалық шығармаларды көшіріп тарату, олар көтерген тақырыптарға тақлит (еліктеу, қайталау) етіп, жаңа шығармалар жазу қолға алынды. Сол арқылы адамдардың көз алдында болып жатқан әділетсіздіктер мен зорлық­зомбылықтар, кертартпа, жалған әулиешілдік қатарлы қоғамдық дерттің ауыр зардаптарының қайдан, кімнен шығып жатқанын ойлап, танып жетуіне себін тигізу көзделді. Былайша айтқанда, патша әділ, өнерлі, шын мұсылман болса мемлекет қандай гүлдене алатынын, ал патша залым болса, мұсылмандығы таққа ие болу үшін неден де болсын тайынбайтын қара ниетін тізгіндеей алмаған жалған мұсылмандық болса, уәзірлер мен бектер тиымсыз парақор, ынсапсыз болса, мемлекеттің, халықтың тағдыры тәлкекке түсетінін тұспалдап айту үрдіске айналды. 3. Бұл дәуір әдебиетіне тән ортақ ерекшелік ретінде шығыстық, мұсылмандық тақырыптардың қайта жаңғыртыла жырлануы былайша айтқанда исламдық діни мазмұндағы әдебиеттің жетекшілік рөлінің күшейе түсуін атап көрсетуге болады. Осыған орай, ұйғыр қаламгерлері алдымен араб, парсы тілі мен әдебиетін, ислам негіздерін жетік меңгеру арқылы сол тілдерде шығарма жазу танымал болудың, құрметке ие болудың төте жолындай болып қалды. Мұндай әдеби құбылыстың ұйғыр әдебиетін тақырып, мазмұн, жанрлық жағынан байыта түскені ақиқат болғанымен түрік тілінің қолданыс аясын тарылтып, әдеби тілін шұбарлайтын арабизм мен парсизмнің тегеурініне төтеп бере алмай қалды. Соның кесірінен ХҮ­ХІХ ғасыр аралығындағы, әсіресе, қожалар үстемдігі дәуіріндегі әдебиет қара халыққа түсініксіз болып, тек ОРда мен медресе, мешіт маңындағы адамдар ұғып­түсіне алатын әдебиет болып қалған еді. Араб, парсы тілінің ықпалы, үстемдігі ХХ ғасырға дейін анық байқалып тұратын, ұйғыр тілінде жазылды делінген шығармалардың аттары түгел дерлік араб, парсы тілінде жазылып келгенінің сыртында, ұйғыр әдеби тіліндегі қаптаған араб парсы тіпті ұрду тілінің араласып жүруінен оны байқау қиын емес.

Читайте также:  ШИИЗМДЕГІ САЯСИ ОЙЛАРДЫҢ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Қожалар билігі дәуіріндегі Ұйғырстан Саидия­Жаркент хандығы тұсындағыдай бір тұтас, тәуелсіз ел болып тұрақты өмір сүре алмады. Алтышаһарды діні, тілі, тегі басқа қалмақтардың бақылап, басқаруындағы қуыршақ хандар (Қожа Жаһан Якуптан басқасы) жеке­жеке билегендіктен дәстүрлі ұлттық бірлік, мемлекетшілдік көзқарасы әлсіреп көбінше аймақ (Хотан, Қашқар, Яркент т.б.) пен қаланы жырлаудан әріге бара алмағанынан көрініс беруші еді. әрине, отан отбасынан, туған топырақтан басталады дегенге ешкім дау айтпайды. Бірақ, «бөлшекте де билей бер» сыртқы жаулар қолданған зұлымдық саясат қана емес, ел мүддесінен өз мүддесін, қуыршақ тағын жоғары қоятын дара билеуші – милитаристтердің де қолайына жағатын кертартпа саясат екенін (алтышаһарлық) қуыршақ хандар жүргізген қулық­сұмдықтардан анық көрінеді. Мұндай кертартпа саясаттың зардабы Ұйғырстанның мемлекеттік егемендігінен айырылып отарлық бұғауға түсуіне жеткізсе, ұйғырлардың мемлекет құрушы ұлт болып ұюына да ғасырлар бойы кедергі болып келгені тарихтың ащы шындығы. Біз сондықтан да өз жұмысымызда туған қаласын, ауылын қасиетті Мекке­Мединеден де, жаннат бақшасынан да артық көремін дейтін ақындар өлеңдерін «патриотизмнің үлгісі» дейтін асыра бағалаудан, олардан атеист жасауға ұрынудан саналы түрде сақтандық, әрі ондай әсірешілдікті сынап отырдық. 5. Қожалар билік жүргізген 80 жылдың алғашқы 50 жылы Абақ қожа бастаған қожалардың Жаркент Саидия хандығы тұсында ғылым мен өнер, әдебиет, музыка саласында қол жеткізген тамаша жетістіктеріне жауша тиіп, аяусыз қудалау жүргізгені туралы аздап әңгімелегенбіз. әсіресе, еркін ойлы ақындар мен өнер адамдарына қарсы аяусыз соққы беріліп отырды. Қаншама кітаптар өртеніп, отқа оранды. Сондай қуғын­сүргін көріп, өмірінің жартысына жуығын сергелдеңмен өткізіп, жалақорлардың қастандығынан дарға асылып, шаһит кеткен ақынның бірі Бабараһим Мешіреп болатын. Тұтастай алғанда Қожалар үстемдігі дәуіріндегі ұйғыр әдебиетіне тән күрескер рух, қайсар азаматтық, өлімді қасқая қарсы алатын ерлік пен өрліктің символындай болған Мешіреп ақын тұлғасы асқақ, иманы кәміл патриот адам ретінде тарихта қалды. Мешіреп әсілі Наманганда туылғанмен өмірінің біразын Қашқарда өткізген. Араб, парсы, тәжік тілі мен әдебиетінен хабары мол, білімді, еркін ойлы азамат болып қалыптасады. Абақ қожа мүриттерінің арасында бірнеше жыл болып, еркін ойлы, турашыл өлеңдерімен елге таныла бастайды. Мешірептің мұндай көзқарасынан сезіктеніп, қастық ойлаған Абақ қожа жала жауып өмірлік бақытсыздыққа душар ететін ауыр жазаға бұйырады да ордасынан аластап, қаңғыртып жібереді. Бақытсыз ақын Мешіреп 1672 жылдан өмірінің соңына дейінгі 39 жылда Тәңір тауының күнгейі мен теріскейін, Мауреннахр, Хорасан өңірін,Таяу Шығысқа дейін аралап, сергелдең өмір кешеді. Қайда­қайда қаңғырмадым сенің зұлымдығыңан, Қаралы қасыретпен өтті ғұмыр, сенің жауыздығыңнан. деген өлең жолдары ақынның қан жылаған жүрек дүрсілінен хабар береді. Ақын қай жерге бармасын, қандай ауыртпалықтарды басынан кешірмесін алған бетінен, ұстанған қағидасынан бас тартпаған.

Читайте также:  Саясат мемлекет қайраткерлерін тәрбиелеуі керек

Ол 1711 жылы Құндыз қаласының билеушісі Махмұт Қатоғанидың әмірімен дарға асыларда да қайсарлана қасқайып тұрып былай дейді: Қол­аяғымды байлау қажет емес, Мен өлімге разымын, мұндай өмір қажет емес. Басымды кесемін деп кектене, қоқиланба, Бәлкім нақақ қан төгуге сенің шыдамың да жетпес. Мүбарак болсын, ей Мешіреп қызыл қаның сенің, Саған тіпті жақсы болды, бұлайша жан қиғаның апат емес. (44) (еркін аударма) Өлімді осылайша мәрттікпен, отты жырмен қарсы алу екінің бірінің қолынан келе берер іс емес екені баршаға белгілі. Мұндай өршіл рух, өлмей, жоғалмай ұрпақтан­ұрпаққа жалғасып, ХІХ­ХХ ғасырға жеткенін шаһит ақындар Абдухадир Дамоллам Бінни Абдууарс Қашқари, Абдулхадыр ұйғыр, Мәмітәлі Тәупих, Құтлұқ Шәухи, Лұтпұлла Мүтәліптердің өлім алдындағы жалынды жырларынан көріп, ұлт рухының жеңімпаз салтанатына куа боламыз. 6. Қожалар дәуіріндегі және одан кейінгі дәуір әдебиеттерін көзден кешіргенде, онда жалпы түрік халықтары әдебиетіне тән ортақ ерекшеліктер көрініс бере бастағаны байқалады. Атап айтқанда, түрік халықтары да әр кезде құрған үлкенді­кішілі тәуелсіз хандықтар ішкі бірлігінен айырылып, сыртқы жауларға жем боліп, бірінен соң бірі отарланып, біртұтас күш болудан қала бастағаны белгілі. Мәселен, Қазақ хандығы Жоңғар қалмақтарының ауыр соққысынан әбден есеңгіреп, 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұламаға» ұшырап, 1731 жылы Әбілхайыр хан бастаған кіші жүз қазақтары патшалық Ресей бодандығына өтсе, ұлы жүз қазақтары Қохан хандығы шабуылына ұшырап, ақыры Сыр бойы мен Жетісудың көп жері Қоқан хандығы билігін қабылдауға мәжбүр болды. Туысқан қырғыз халқы да тұтастығынан айырылып, Қоқан мен Жаркент, жоңғар хандығы арасындағы талапайға түсті. өзбектер де Ұйғырстандағы бас­басына би болған қала бектері сияқты бірнеше қалалық хандықтарға бөлініп, бір­бірімен қырқысып жатты. Күші басым шыққаны «Алтышаһардағы» қожалар арасындағы тақ таласына әскери жақтан араласып жағдайды одан бетер шиеленістіруге себепші болды. Осындай қиын­қыстау, жанталаста түрік халықтары ішінен шыққан отан сүйер, ел сүйер ақындар мен билер, оқыған көзі ашық азаматтар ұлттық бірлік, ынтымақ үшін ортақ жауға бірлесе қарсы шығу үшін идеологиялық жақтан ұқсас ұрандармен қалам тербей бастады. Құлдықтан, кіріптарлықтан құтылудың алғы шарты ретінде олар халықты, өзіне­өзін таныту, адал­арам, жақсы­жаман, ізгілік­ қиянат, иман­имансыздық жөніндегі өз өлшем­таразысына салып дидактикалық ақыл­нақыл, мысал, тұспал тілімен сөйлейтін болды. Біз жоғарыда арнайы сөз еткен ұйғыр ақындары шығармалары, әсіресе, Мұхаммед сыдық Рашидидің «Сыдықнамасында» көтерілген тақырыптар ХҮІІІ­ХІХ ғасырларда өмір сүрген қазақтың шешен­ билері мен Қаратау бойы, сыр өңірі ақындары жырлаған тақырыптармен үндесіп жатқаны анық байқалады. Қазақ ақын­ жыраулары ат­ана, аға­іні, туған­туысқан, нағашы­жиен, ене­келін, әке­бала арасындағы қарым­қатынас қандай болу керек, әділ билеуші, тура би, оқымысты зиялыларға қойылар жоғары талаптар, этикалық әдеп, діндік­имандылық тұрғысынан жан­жақтылы қарастыру дәстүрге айналған. Ұйғыр, қазақ, қырғыз қатарлы көршілес халықтарға ортақ мұндай тақырыптардың қайнар көзі де ортақ болатын. Ол қайнар көздер араб, парсы, үнді классикалық әдебиеттерінің озық үлгілері болған «Калила мен димна», «Мың бір түн», «Кабуснама», «Хиссасул Рабғузи», «Шахнама», Науаидің хамсалары мен «Шығыстың жеті жұлдызы» қаламынан туған дүр шығармалар және осылардың бәріне рухани негіз, эстетикалық, этикалық өлшем болған қасиетті «Құран­Кәрим» мен пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а) тің хадис­кәламдардан бастау алып жатты. Сондықтан да туысқан түрік халықтары басына қандай қиын­қыстау зобалаң түссе де рухани тұтастықтан, мұсылмандық тәлім­тәрбие негіздерінен қол үзіп көрген емес. Біз қарастырып отырған Қожалар билігі дәуірінде және ілгері­кейінгі тарихи кезеңдерде де ол тұтастықтың негізі кейде шайқалғандай болса да, исламдық­түркілік бірлік пен ынтымақтан алыстап ешқайда кете қоймағандығына шүкірлік етеміз.

Читайте также:  Әйелдік құпия қоғамдар

Оставить комментарий