Пантүркілік ұстанымдағы партия

1920­-1930 ж.ж. Кеңестер Одағында түбегейлі революциялық өзгерістермен сипатталады. Қазіргі кезеңде бұл большевиктік реформаларға байланысты біршама жаңа көзқарас қалыптасты деп айтуға болады. Осы ретте қазақ және қырғыз, жалпы Кеңестік Түркістанға байланысты мынадай тұжырымға негіз боларлық фактілер аз емес, жеткілікті. Большевиктердің билікке келген сәтте жергілікті халықтардың өмірін жаңа заман және сұраныстарға бейімдеуге байланысты ешқандай да бағдарламалық ұстанымы болған емес. Партия басшыларының жергілікті халықтардың күрделі қоғамдық өмірінен ешқандай хабары жоқ тын. В.И.Ленин бастаған саяси басшылық Ресей империясын революциялық негізде қайта құру ісінде бір­ақ ұстанымда болды. Ол В.И.Лениннің даярлаған марксизмнің ресейлік варианты еді. Ал осы революциялық теорияны негізге ала отырып жасалынған социализм құру бағдарламасының Түркістан халықтарының қоғамдық өміріне қаншалықты үйлесімді екендігі кеңестік басшылықты соншалықты көп қинаған жоқ. Кеңестік басшылық Мәскеудегі орталықта даярланған бағдарламаның Түркістандық жағдайға да енгізуге жарайтындығына әбден сенімді болды. Сондай­ақ Орталықт Мәскеуде партия съездерінде қабылдаған шешімдерін ұлттық республикалардағы бірінші саяси басшылық орындарға жіберген өз өкілдері іске асыруға тырысты. Патшалық билік тұсында өз елдерінің тәуелсіздігі мен теңдігі үшін күресіп келген жергілікті саяси топтың ұлт өмірін қайта құруға байланысты көзқарас және ұстанымдарын есепке алу орталық биліктің қаперінде болған жоқ. Империя көлемінде саяси билікті бүтіндей өз қолына алған Орталықтың орнатқан жаңа тәртібінің нәтижесінде Қазақстан, Қырғызстан сияқты аймақтар ендігі уақытта қоғамдық эксперименттер алаңына айналды. Жергілікті қазақ және қырғыз халықтарының дәстүрлі шаруашылығы мен әлеуметтік құрылымын ешқандай да даярлықсыз, тез арада қайта құруды көздеген түбегейлі реформалық шаралар, яғни, байлар мен ауқатты қожалықтардың шаруашылықтарын тәркілеу, күштеп тартып алу және жазалау түрінде жүргізілген астық және ет дайындау науқандары, ауылдағы шаруалардың мүмкіндігінен бірнеше есе жоғары салық жүйесінің енгізілуі, көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығындағы қожалықтарды ешқандай да даярлықсыз отырықшы өмір салтына және егіншілік мәдениетіне аудару, қазақ пен қырғыз ауылдарын күштеп ұжымдастыру және басқа осы сияқты шаралар қоғамды үлкен экономикалық дағдарысқа әкеліп тіреді. Ал Қазақстанда бұл шаралардың соңы халықтың зор қырғынға ұшырауына алып келді.

Мәселен, Қазақ өлкелік үкіметінің төрағасы Ораз Исаев 1933 жылы 12 шілдеде Өлкелік партия комитетінің 6­пленумында жасаған баяндамасында, 1929 жылы Қазақстанда 39­40 млн. жуық мал басы болса, 1933 жылдың ақпан айында сол малдан 4 млн. бас ғана қалғандығын мәлім етті [22]. Осы мезгілде қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттердің салдарынан 2 миллион 200 мың адамынан, яғни барлық қазақ халқының 49 пайызынан айырылды [23]. Билік мұндай жалпыұлттық трагедияның себебін өзінің қызметінен емес, жергілікті халықтың саяси ықпалды басқарушы тобының және ұлттық ителлигенциясының ұстанымынан іздеді. Биліктің қазақ және қырғыз халықтарының белсенді саяси тобына, шығармашылықтағы зиялыларына ашық шабуылға көшіп жазалау шараларын іске асыруы соның көрінісі­тін. Мақсат, халық үшін қайғылы нәтижелермен аяқталған реформаларға байланысты кінәні ұлттық саяси басқарушы топ өкілдері мен шығармашылтағы ықпалды зиялыларға аударып салу еді. Ұлттық саяси басқарушы топ пен зиялылар арасында өзінің қате реформалық шараларына қарсы ұстанымдағы күштердің бар екендігін іштей сезінген билік олармен күресте өзінің жазалау институттарының барлық күш­қуатын пайдаланды. Еркін ойлап, өзін тәуелсіз ұстайтын ұлттық зиялыларды «тәубеге келтіруде» партия мен жазалау органдарының өзара бірігіп, тұтасып кеткендігі байқалды. ОГПУ­дың өкілетті өкілдігі қызметінің сипаты мен мазмұны, оның құрылымы, басқарушы аппаратының құрамы бұл құзыретті мекемеге қазақ және қырғыз қоғамдарына қарсы жарияланбаған соғыста негізгі рөл атқаруға мүмкіндік берді. Жоғарыда айтылғандай, біз, яғни осы мақаланың авторы, Қырғызстан Республикасы Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне қазақ зиялы қауымымен қызметтес және шығармашылық байланыста болып, 1930­шы жылдары репрессияға алынып, атылған қырғыз қайраткерлерінің тергеу ісіне байланысты сұрау салғанымызда, мәселен, Шабданов Ажыманның 1932 жылы 20 желтоқсанда, Арабаев Ишеналы мен Телтаев Қасымбайдың 1933 жылы 9 мамырда Абрахманов Жүсіптің (1933 жылы қызметінен босатылып, Ресейдің Орынбор облысына қызметке ауыстырылып 1937 жылы 4 сәуірде, Тыныстанов Қасымның 1937 жылы 1 тамызда бір іс бойынша, яғни – «Социал­Туран партиясы» атанған контрреволюциялық ұлтшыл ұйым құрамында кеңестік билікке қарсы қызметі үшін қамауға алынғандығы айтылған. ҚРМ ҰҚК берген анықтамада тура осындай азапты өмір жолынан тағы да бір қырғыз зиялысы Солтоев Мақсұттың да өткені, яғни 1931 жылы «контрреволюциялық» қызметі үшін РСФСР қылмыс кодексінің 58­10 бабы бойынша 3 жылға, 1936 жылы қамауға алынып, 1937 жылы 10 жылға абақтыға жабылғаны айтылған [24]. Осы берілген мәліметке қосымша мынадай бір фактіге де көңіл аударған артық емес. И.Арабаевқа, Қ.Телтаевқа, Жанек Солтоноевқа, сондай­ақ кейін 1937 жылы 1 тамызда тұтқындалған белгілі жазушы Қасым Тыныстановқа және басқа бірсыпыра қырғыз зиялыларына «Алаш қозғалысымен болдың» деген мазмұндағы кінә таңылады.

Империя құрамындағы азшылыққа жатқызылған ұлттардың мемлекеттік тәуелсіздігі үшін күресін мойындаудан біржола бас тартқан ұлыдержавалық ұстанымдағы Орталық басшылықтың жазалаушы қаруы міндетін атқаратын ОГПУ тергеушілеріне осы аталған қырғыз зиялыларын Алаш қозғалысымен байланыста болдың деп айыптауға негіз бола алатын фактілік материалдар аз емес­тін. Олардың кейбіреулері жөнінде жоғарыда айтылды. Тақырыпты жаңа көзқарас тұрғысынан алғашқы зерттеушілердің бірі В.Плоских өз еңбегінде 1933 жылы 9 мамырда Фрунзе қаласында тұратын қырғыз зиялыларының белгілі өкілдері Сыдықов Әбдікәрімнің, Сопиев Тұрдақұнның, Құрманов Сұлтаннның, Арабаев Ишеналының, Телтаев Қасымбайдың және Тулин Найзабектің қамауға алынып, оларға РСФСР қылмыс кодексінің 58­11 бабы бойынша айып таңылғандығын келтіреді [25]. Он бір томнан тұратын «Социал­Туран партиясының ісі» (бұдан былай – СТП­авт.) бойынша жауапқа тартылып, қамауға алынғандар тізімі, әрине, мұнымен шектелмейтін еді. 1933­1934 жылдары СТП ісі бойынша қамауға алынғандардың қатарында Хайдар Ғалиевич Роковой (Чанышев), Жанек Солтоноев, Мокке Қамбаров, Мұстафа Ахметов, Насреддин Кашимбеков, Кокумбай Чиныев, Чортек Маакеев, Зайнатдин Лепесов (Құрманов), Кемел Шабданов, Қарынбай Қанатов, Санкутдин Лепесов (Құрманов), Али­Асқар Чолуков, Чиминбай Токтомушев, Мамут Майлыбашев және Жұмаділ Иманқұлова бар еді [26]. Сондай­ ақ тізімнің мұнымен шектелмейтіндігіне сенуге болады. Міне осы он бір томдық СТП­ісі бойынша тергеу материалдарымен танысқан В.М.Плоских кітабын, өкінішке орай, бұл партияның болғандығы немесе оның тергеушілер қиялының жемісі екендігі жөнінде мәселеге көңілге қонымды берумен аяқтай алмаған. Жарайды, мұндай жауапты беруге авторға қосымша фактілік материалдар жетімсіздігі мүмкіндік бермеген де шығар. Бұған қосымша кітап 1993 жылы жарық көрген. Соған байланысты болса керек, автордың бұрынғы кеңестік тарихнамада кең етек алған ұстанымдар ықпалында қалып қойғандығы да байқалады. Солай­ақ болсын дейік. Бірақ кітаптың қорытынды бөлігін автор Мюнхендегі «Азаттық» радиосының қызметкері Толомуш Жақыповтың «біз Туранды бүтіндей азат ету ісін … жалаң ұранмен емес, нақты фактілер арқылы жүргіздік» деген пікірін негізге алып, «Таныдыңыздар ма? Тағы пантюркизм идеясы, СТП­ның пісуі жетпеген бағдарламалық тұжырымдары әлі де болса тарихтың үлесіне тие қоймапты. Олар қазір де тірі. Оларбүгін де «жұмыс»жасауда….. Түріктердің ұлы мемлекеті – Тұран идеясы бас көтеруде, социал­туран партиясын қайта құруға шақырған үндеу естілуде», [27] – деген оймен аяқтайды. Міне осы тұжырымды оқи отырып В.М.Плоскихтың қырғыз зиялылары 1930–шы жылдары Социал­Тұран партиясын құрмақ болды деген ОГПУ тергеушілерінің жасаған жалған тұжырымына сенетіндігін, ол аз десеңіз, зерттеушінің пантюркизм идеясының бүгін де тірі екендігін айтып, бізді одан «сақтандыратындығын» байқау қиын емес.

Читайте также:  Ежелгі Рим өнері

Біздің түсінігімізше, әріптесіміз жасаған мұндай тұжырымға жауап беру қажеттілік болып табылады. Мәселе мынада. Кезінде, яғни өткен ғасырдың 30­шы жылдары ОГПУ тергеушілері пантүркілік ұстанымдағы саяси партияны, яғни «Түрік халық партиясын» қазақ зиялылары да құрмақшы болды деген «тұжырымдамаға» келіп, Қазақстанда да репрессиялық шараларды жүргізген. Басқаша айтқанда, ағайынды екі елдің «пантүркілік» ұстанымдағы қырғыз және қазақ зиялыларын жазалауды мақсат тұтқан сот процестерінің өзара байланысы бар. Олай болса, мәселе түсінікті болу үшін қазақ «пантүркіщілерін» жазалау неден басталды және қалай жүрді, енді осы жағдайға тоқталайық. Өз ретіне қарай мынадай бір жағдайды айтқаным жөн. Өзімнің кәсіби қызметіме байланысты, арнайы рұқсат бойынша, мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағат қорларындағы өткен ғасырдың 20­50­шы жылдарындағы саяси репрессия материалдарымен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болдым. Сондай­ақ бұл жұмыс біраз жылдарға созылды. Соның нәтижесінде түрлі мазмұн мен бағыттағы көптеген тергеу істерімен таныстым. Сондықтан да Кеңестік ОГПУ­НКВД­МГБ қойнауларында жүргізілген тергеу процедурасы және технологияларымен толық болмаса да, біршама таныспын деп айта аламын. Кезінде осы мекеменің мұрағат қорларынан алған құжаттық материалдар негізінде «Сталинизм и репрессии в Казахстане 1920­1940­х годов» (2009) және басқа еңбектерімді жарияладым. Сонымен негізгі тақырыбымызға оралайық. 1933 жылдың соңын ала ОГПУ­дің Қазақстан бойынша басшылығы Мәскеудегі бас мекемесіне осы аталған жылы республикада біраз уақыттан бері бұтағын кең жайып құпия түрде белсенді жұмыс жасап келе жатқан «Қазақ контрреволюциялық (бұдан былай к­р­авт.) ұлтшылдық орталығын» ашып, оны жойғандығы жөнінде есеп берді [28]. Міне, осы «Қазақ к­р ұлтшылдық орталығы» төңірегіне бірікті деген он топтың арасында «Түрік халық партиясын» құруға «әрекет жасаған» Ыдырыс Мұстамбаев бастаған және «Тәуелсіз Тұран мемлекетін» құру «ісін қолға алған» Утеулиев, Бірімжанов және басқа студенттерден тұрған топтар бар­тын. Бізге «Түрік халық партиясына» қатысты тергеу істері материалдарымен танысудың сәті түсті. Ендігі әңгіме осы №4503 және №1292 тергеу істері жөнінде болмақ. 1932 жылы 25 желтоқсанда ОГПУ­дың Қазақ КСР Өкілетті өкілінің ерекше істер бөлімінің бастығы В.В.Хворостян 24 жастағы Қазақстан кәсіподақтары Кеңесінің қызметкері У.Н. деген азаматтан куә ретінде жауап алады. У.Н. көрсетуінде жерлесі Қазақ педагогикалық институтының аспиранты Рамазанов Халықтың 1932 жылы өзін радиотаратушы комитеттің қызметкері Борамбаев Асыл деген кісімен таныстырғанын айтады. У.Н. тергеушіге міне осы А.Борамбаевтан «естідім» деген біраз мәліметтер береді. Тергеу ісінде У.Н. көрсетуі тіркелген [29].

Ал оның мәлімет беруші «жансыз» ба, сондай­ақ оның берген мәліметінің шынайылық деңгейін анықтау өте қиын. Қалай болғанда да оның көрсетуі тергеу ісін бастап кетуге негіз болған еді. Осы ретте ОГПУ–дегі тергеу технологиясымен біршама таныс зерттеуші ретінде мынадай бір жағдайды ескертуге тиіспін. Сол тұстағы бұл мекеме тергеушілері белгілі бір «істі» жасауда «адам болса болғаны, ал оған таңылатын іс табылады» деген ұстанымды басшылыққа алды. ОГПУ тергеушілерінің мұндай іс жасау әдістері жөнінде репрессия құрбандарының өздерінен артық айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақстанда сондай ОГПУ­НКВД ұйымдастырған қуғын­сүргін тозағынан басынан соңына дейін 1933­1954 ж.ж. жүріп өткен адамдардың бірі Иса Тоқтыбаев. Ол 1956 жылы өзін саяси тұрғыдан ақтап алу үшін КОКП ХХ съезінің президиумына және КСРО бас прокурорының атына шағымдар жолдап, осы және басқа құжаттарда ОГПУ­НКВД тергеушілерінің жоқ жерден «іс жасау» әдістеріне жетерліктей нанымды деңгейде тоқталған. Ол көрсетулердің біз қарап отырған тақырыпқа тікелей қатысы бар. Өйткені ОГПУ қызметкерлерінің іс даярлау әдістері бүкіл одақ көлемінде бірдей, ал Қырғызстан мен Қазақстанда олар белгілі себептерге байланысты тіптен ұқсас еді деп айтуға болады. И.Тоқтыбаев Қазақ өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекиннің қате ұстанымдарына ашық қарсылық көрсеткен Сұлтанбек Қожанов және Ыдырыс Мұстамбаев сияқты саяси тұлғаларға көзқарастық ұстанымы тұрғысынан жақын қайраткерлердің бірі болатын. Қазақстандағы қызметінен 1929 жылы кетіп, 1933 жылы Ленинградтағы Толмачев атындағы әскери­саяси Академияда оқытушылық қызметте жүргенде қамауға алынады. И.Тоқтыбаевты қамауға алу жөнінде ОГПУ органдарына тапсырыс берген Ф.Голощекин еді. Мақсаты – республикада жүргізген қате саяси курсының нәтижесінде халықтың жаппай қырғынға ұшырағандығы үшін кінәні оппозициялық күштерге аударып салу еді. Ал И.Тоқтыбаевтың тікелей өзіне таңылғаны «басқа көрші елдерге ауа көшкен қазақтардың көшін ұйымдастырдың»[30] деген кінә болатын. Енді И.Тоқтыбаевтың тергеушілер тарапынан өзіне таңылған кінәлардың қаншалықты негізді екендігіне байланысты, сондай­ақ олардың тергеу технологиясына байланысты көрсетулеріне көңіл аударайық. Мәселен, ол 1956 жылы СОҚП­ның ХХ съезінің президиуымына жолдаған шағымында: «Кәрі мылжың, мақтаншақ Ф.И.Голощекиннің айтуы бойынша құрастырылып И.А.Иванов және Агидуллин сияқты тергеушілер арқылы маған 1934 жылы таңылған бірінші кінәнің іргесі құмға құрылған еді. Бүтіндей жала болатын! Маған қазақтардың Қазақстаннан тыс елдерге көшуін ұйымдастырдың деген кінә таңылды. Бұл ойдан шығарылған нәрсе­тін. Мен ешқашанда және ешқандай жерде Қазақстаннан басқа өңірлерге қазақтардың көшіп кетуін ұйымдастырған емеспін.

Читайте также:  ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ

Мен бұл істі қалай атқармақапын егер қазақтардың басқа елдерге ауа көшуі кезінде Ленинград қаласында тұрып, Қазақстан территориясына аяқ баспаған болсам? ». И.Тоқтыбаевтың бұл көрсетуі шындыққа қайшы келмейтін. Өйткені ол 1930 жылдың көктемінен Ленинградтағы педагогикалық ғылыми­зерттеу институтының аспирантурасында оқиды да, оны бітірген соң сол қаладағы Толмачев атындағы әскери­саяси академияға оқытушылық қызметке алдырылып, 1933 жылы тұтқынға алынғанға дейін сонда жұмыс істейді. КСРО Бас прокурорына жазған шағымында И.Тоқтыбаев «Партийно – политические органы Ленинграда, высшее партийно­политическое учебное заведение, где я работал в продолжении нескольктих лет и преподавал историю партии не имели на меня никаких компрометирующих меня материалов, а органы НКВД Казахской АССР откуда я уехал еще в 1929 году, признали и объявили меня врагом Советской власти. Как это может быть так? Это очень странно! Но я понял ясно, что это является делом рук Ф.И.Голощекина, который имел со мной счеты о чем все знали в Казахстане. Голощекин неоднократно публично угрожал мне расправой за то, что непосредственно аппелировал к тов. И.В.Сталину и Л.М.Кагановичу о неправильных, не партийных действиях Голощекина, об ошибках и самодурстве, допушенных Голощекинным в Казахстане…. В результате неправильного руководства Голощекина хозяйства Казахстана сильно пострадало, казахи укочевали из Казахстана. ЦК ВКП (б) осудил это и снял этого болтуна Голощекина с должности секретаря Казпрайкома. Перед своим снятием этот Голощекин решил приписать свои ошибки кому­нибудь и стал искать мальчика для битья», [31] – деп көрсетті. Сөздің ретіне қарай айта кетелік, Ф.И.Голощекиннің Қазақстандағы «жемісті» басшылық қызметіне әділ баға бергендердің қатарында қырғыз елінің талантты ұлы Жүсіп Әбдірахманов та болды. Ол өзінің күнделігінде (1932 ж. 25 ақпан) мынадай пікір қалдырыпты: «Фрунзенің жанынан 2 – ші қала бой көтерді. Бұл аштық пен қайыршылықтан қашып осында келіп жеткен қазақстардың киіз үйден тіккен қаласы. Голощекин қызметінің нәтижесі. Бірақ, тек соныкі ғана ма?…. Қазақстардың бұл тағдыры қырғыздардың ертеңіне нұсқап тұрған жоқ па? Соны еске салатын сияқты» [32]. Қырғыз үкіметі басшысының мұндай тұжырымға келуі жайдан­жай емес­тін. Жаңа билік Қазақстанда жасаған сорақылығын Қырғызстанда да көрсеткен. Ол жөнінде Ж.Әбдірахмановтың күнделігінен мынандай фактіні кездестіреміз: «Қырғыз үкіметіне астық тапсыру ісінде орын алып отырған бұрмалаушылықтар жөнінде шағым айтып қырғыздар келді. Олар малшылар. Оларға қолдарындағы малдарын сатқызып, одан түскен ақшаға астық алғызып, сөйтіп астық салығын өтеуге мәжбүрлеген. Мұндай жолға түсу тиімсіз ғана емес, тіптен қылмыс десе де болады. Бұл жағдай менің онсыз да ауыр көңіл­күйімді біржола құлдыратып жіберді» [33]. И.Тоқтыбаевтың көрсетулеріне оралайық.

Оның шағымындағы ең негізгі нәрсе, әрине, ОГПУ­НКВД тергеушілерінің жоқ жерден «іс» жасау әдістерін әшкерелеп айтып беруінде еді. Мәселен ол «Менің ісім бойынша тергеушілер Агидуллин мен Иванов істі менің кінәлі немесе кінәсіз екендігімнен бастаған жоқ, менің қамауға алынғаным олар үшін жеткілікті болды. Олар мынадай дейтін: қамауға алындың ба, яғни кінәлісің, ал егер кінәлі болмасаң, боласың. Алдымен олар мені қамауға алуға негіз және ақталуыма қарсы қоярлық себептер іздестірді, ондағы ойы мақтаншақ Голощекинді құтқару еді. Тергеушілерге шындықтың басын ашу қажет болмай шықты, оларға керегі Голощекиннің шірік басшылығын ақтап алу еді. Тергеуші Агадуллин маған айтатын: «Сіз бұл үйге кірдіңіз бе, онда біз сізді жай жібере салмаймыз. Бізге өзіміз қалағандай бағыт, мазмұнда әрекет жасауға құқық берілген, ал сізді қаралауға қажет материалдардың бәрі де табылады,» – деп. «Менің тергеушілерімде – деп жазды И.Тоқтыбаев съезд президиумына жолдаған хатында, – менің кінәлі екендігімді дәлелдей аларлық фактілер жоқ­тын. Сондықтан да олар маған наганның ауызын бағыттап, үрей туғызып .. өздері даярлаған өтірік фактілерге толы қағаздарға қол қоюға мәжбүрлейтін. Бойды үрей билеген сәттерде сол баяндалған фактілердің соңына қол қоюға мәжбүр болдым. Сол бір кезеңде КСРО­ның Ішкі Істер Халық Комиссариатының Лубянкадағы ішкі түрмесінде жатып осындай тағылыққа шыдамдық танытатын адам табыла қояр ма екен? Табыла қоймас! … Осы өтірік материалдарға менің қолымды қойдырып алу үшін тергеушілерне істемеді? Түрмедегі тергеуде жаныма туған баламды қатар отырғызып қойып, оның таңдырын саудаға салып, немесе әйелім арқылы есеп айырысатындарын айтып әлгі өздері даярлаған тергеу хаттамасына қол қоюға мәжбүр ететін…» [34]. Біз мақала көлемінің шектеулілігіне байланысты И.Тоқтыбаев көрсетеулерінде берілген осы сияқты жантүршігерлік фактілерді толық түрінде бере алмаймыз. Бұл арада бір тарихи шындықтың басы ашық. Ол мұндай жеке адам басына жасалған қиянаттың саяси репрессияға құрығына ілініп, сол тұстағы кеңестік билік абақтысына түскен тұтқындардың бәріне бірдей ортақ нәубет екендігі. Сонымен, Қазақстанда «Түрік халық партиясын» құру ісін қолға алған топтар болды ма? Міне осы сауалға оралайық. Біз жоғарыда ОГ­ПУ­дың Қазақ КСР Өкілетті өкілінің ерекше істер бөлімінің бастығы В.В.Хворостян мен осы бөлімнің қызметкері Х.М.Авазбакиевтің № 4503 іс бойынша тергеу жұмысын бастағаны жөнінде айтқанбыз. 1932 жылдың 25 желтоқсанында басталған бұл іс 1933 жылы 4 шілдеде аяқталып, тергеу ісіне он үш адам тартылды. Тергеу ісі бойынша даярланған «Айыптау қорытындысында» Ыдырыс Мұстамбаев пен Дайыр Әбікеев бастаған топ «Түрік Халық партиясы» аталатын ұлтшыл контрреволюциялық ұстанымдағы партия құру әрекетін іске асырып, Кеңес үкіметі мен Коммунистік партияға қарсы үгіт­насихат жұмыстарын жүргізіп, алдарына Кеңес билігін құлатып «Халықтық – демократиялық құрылымға негізделген тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру» мақсатын қойды деген тұжырым айтылған [35] . Тергеу барысы көрсетіп бергендей, «Түрік халық партиясы» аталған саяси партия құру әрекетін немесе құрылған партияның құжаттық негізін айғақтайтын бірде­бір құжаттық материал жоқ еді.

Читайте также:  Баба рухына бас иді

Айғақтық материал болған күнде. ОГПУ тергеушілерінің ондай материалдарды дәлел ретінде тіркемей қалдыруы тіптен де мүмкін емес­тін. Бұған қосымша мынадай жағдайды да ескерусіз қалдыру мүмкін емес. № 4503 тергеу ісіне тартылған кісілердің бірде біреуі «Түрік халық партиясын» құру әрекетін қолға алған топтың болғанын мойындаған емес. Партияны ұйымастырушы топты құрушылардың бірі болды деп көрсетілген Ы.Мұстамбаев 1933 жылғы 27 ақпанда тергеуші сұрауына берген жауабында «Кез­келген топ белгілі бір бағдарлама негізінде ұйымдастырылмақ, сондай­ақ адамның белгілі бір топқа мүше болып кіруі ең кем дегенде оның жарғысымен, платформасымен және мақсат­ міндеттерімен келісуі арқылы жүрмек. Қандай сылтау­себептермен болмасын мен ондай жарғы және платформамен келісе алмас едім [36]», – деген тұжырымын білдіріп, келесі жауабында ол елдің аштан жаппай қырылып жатқан жағдайында «менің жасаған қорытындыларым шектен шыққан контрреволюциялық мазмұнда болуы мүмкін, ал бірақ Кеңестік билікпен ашық күреске шығу немесе осы мақсатта ұйымдасқан даярлық жүргізу қажеттігі жөнінде тұжырымға келуім қисынсыз нәрсе. Мен мұндай нәрсенің басқа жағын айтпағанда таза авантюра болып шығатындығын түсінбейтін тәжірибесіз жас адам емеспін ғой» [37], – деген өз дәлелді ойын айтады. Ешқандай да айғақтық негіз болмаса да ОГПУ­дың коллегиясы (1933 жылы 4 шілде) күнгі шешімімен ұлтшылдық, контрреволюциялық ұстанымдағы «Түрік халық партиясын» құрмақ болды деген тұжырымды негізге алып, «Белсенділік танытқан топ» мүшелеріне байланысты өз үкімін шығарды. РСФСР Қылмыс Кодексінің 58 бабының 2­11 тармақтарына сәйкес еңбекпен түзеу лагеріне Мұстамбаев Ыдырыс пен Әбікеев Дайыр бес жылға, ал Мадыгулов Мұқаш пен Рамазанов Халық бастаған жетеуі үш жылға кесіліп, қалған төртеуінің жазасына сот үкіміне дейінгі абақтыда жатқан мерзімі жатқызылып, қамаудан босатылды [38]. Осы арада, әрине, «партия құрмақ болды» деген жаламен ешқандай да кінасы жоқ адамдарды қамауға алып, соттаушылар қандай мақсатты көздеген еді? деген сауалдың тууы әбден ықтимал. Мұндай сауалға қысқаша мынадай мазмұндағы жауап беруге болады. 20­шы жылдардың басында жүргізілген түрлі реформалық шаралардың, сондай­ақ шамадан тыс салынған ауылшаруашылық салықтарының нәтижесінде 1932­1933 жылдары Қазақстан халқы жаппай аштыққа ұшырап, өзінің жартысына жуық құрамынан айырылды (аштан қырылды, біразы көрші елдерге қоныс аударды). Міне осындай бүкіл қоғамды құшағына алған апат жағдайында ел арасында «мұндай күйге жеткізген Кеңестік биліктің жүргізген қате саясаты» деген пікір айтыла бастады.

Бұл шын мәнінде тура айтылған негізді пікір болатын. Ф.Голощекин бастаған саяси билік мұндай айыпты өз мойнына алудан үзілді­кесілді бас тартып, тез арада ел ішінен контрреволюциялық әрекеттегі топтарды «ашып», репрессиялық шараларды іске асырды. Мақсат қоғамдағы жаппай ашаршылықтың себебін сол «кеңестік билікке қарсы ұстанымдағы контрреволюциялық күштерге» аударып салу еді. Қазақстандағы «Түрік халық партиясына» байланысты тергеу ісі материалдарына қатысты фактілерді келтіріп біздің айтпағымыз не? Қазақстан сияқты Қырғызстанда да ешқандай «Социал­Туран партиясы (СТП)» болған жоқ. Әбдікәрім Сыдықов бастаған қырғыз зиялылары мұндай атаудағы саяси партия құру ісін қолдарына алған емес. Орта Азия республикаларындағы саяси басқарушы топ және шығармашылықтағы зиялылар арасында «пантүркілік», «панисламдық» ұстанымдағы «саяси партия құру әрекеті бар» деген пікір бұл бас штабы Мәскеудегі ОГПУ қойнауында қолдан жасалған аңыз ғана, басқа ештеме де емес. Осы орайда, яғни Ресейлік билік тарапынан қырғыз және қазақ сияқты халықтардың саяси қайраткерлері мен шығармашылықтағы зиялыларын «пантүрікшілер» ретінде айыптау әдетіне байланысты, кезінде Мұстафа Шоқайдың дәл басып айтқан тұжырымы еске оралады. М.Шоқай пантүркизм тақырыбына арналған бір мақаласында Ресей империясы құрамында «ұлт­азаттық қозғалыстары күшейген тұста» ұлыдержавалық ұстанымдағы күштердің «түрік ауруы» қоза түседі, ал шын мәнінде «орыс большевиктері өздерінің саяси әдебиетінде бейнелеп көрсетіп жүрегеніндей «пантүркизм» мен «панисламизм» өмірде ешқашан болған емес. Ресей қаласындағы түріктердің ұлттық мүдделерді, проблемалары, арман­аңсары ұқсас болуы, қаны, жаны, тілі, діні бар болуы себепті, басын қосып тізе қоса қимыл жасау қажеттілігін тудырды» [39], – деп жазды. Бұл ойын М.Шоқай 1933 және 1934 жылдары айтқан екен. Содан бері біраз уақыт өтті. Бүгін қылышынан қан тамған сталиндік режим жоқ. Біздің елдеріміз, иншалла, мемлекеттік тәуелсіздігін алды. Ишеналы Арабайұлы мен Қасымбай Телтайұлы жақындатуға бар күшін салған еркіндік өмір келді. Сол өмір баянды болсын деп тілеп, бар күш­қуатымызды сол қанды күреспен келген мемлекеттігіміздің ірге тасын нығайта түсуге жұмсайық.

Оставить комментарий