ПАРСЫ АҚЫНДАРЫНЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРМАЛАРЫ

Қазақ және иран елінің рухани байланысының тарихы тереңде жатқаныны айтып, дәлелдеу артық болар. Себебі, ежелден мұсылман елдері ішінде қазақтармен рухани байланысы бар халықтың бірі – иран елі. Кезінде бодандық саясаттың салдарынан байланыс үзіліп, соңғы жылдары жалғасын тауып отыруының өзі – Қазақстанда жүрген әрбір Иран азаматы өзін жат сезінбеуінің бір айғағы. Неге десек, қазақтың ұлттық руханияты, салты, тілі мен тарихындағы ортақ нышандардың молынан кездесуі осының дәлелі болса керек. Сондықтан да, әлем төрінен орын алған Ұлы Абай да жас кезінде шығыстың ұлы шайырлары Хафиз, Сағдиден т.б. батасын сұрағандай. «Физули, Шәмси, Сейхали, Навои, Сағди, Фердауси Хожа Хафиз – бу һаммаси Мәдәт бер шағири фәрияд» — деп жырлағаны жайдан жай емес деген ойдамыз. Сондықтан да, тарих қойнауында жатқан асыл мұраларымызды атамаса тағы болмайды. Дүние жүзіне әйгілі Рудаки, Фердауси, Омар Хаям, Руми, Хафиз Иран жерінде туып өсіп, әлем жұлдыздарына айналса, қазақ елінен шыққан Әбу Насыр Әл — Фараби, Қожа Ахмет Йассауи сияқты ойшылдарымыз бәрімізге ортақ мақтаныш. Әрине, екі елдің мәдениеті мен тілін өркендету ісінде иран мен түркі ғалымдарының да бұл салада атқарған жұмыстары аз емес. Дегенмен, 1999 жылы 500 жылдық мерейтойын өткізген қос тілді тарихшы, әдебиетші Хайдар Дулатиды да айтпасқа болмайды. Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы мен Тараз қала сының 2000 жылдығына да иран әдебиетінің берері мол екені Фердоусидің мына бір шумақ жолдарынан көрінеді Шодәнд әндер иван ботан е Тараз, Нешәстәнд у гофтәнд ба мах раз Тараз сұлулары сәкіде отырды, Отырды да аймен сырласты. Ислам Жеменейдің «Хафиз және қазақ әдебиеті» атты еңбегіне назар салсақ, біріншіден, Хафиз бүгінгі күні ұлттық сипаттан әлемдік деңгейдегі әлем патшаларының патшасы да жұлдызы да екенін ғылыми, көркем тілімен қазақ оқырманына жеткізе білген зерттеу жұмысы. Екіншіден, Хафиздің қазақ әдебиетіндегі орнын белгілеп, қазақ пен иранның әдеби байланысында жалпылама белгілі бір жүйе арқылы шолу жасап, екі елдің әдеби байланысына үңіліп, осы жолда еңбек еткен қазақ ғалымдарын ретімен тауып, биік бағасын бере білген зор еңбек деуге болады. Үшіншіден, Хафиз ғазалдарының сопылық қырынан танытып, сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауидің сопылық дүниетанымымен байланыстыра білген. Бұл жеткен әдеби белестер екі елдің рухынан туындаған руханиятының белгісі іспетті болса керек. Ал иран әдеби қазынасына Абайдың өлеңдері, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» мен «Қараш қараш» дастаны және Тахауи Ахтановтың «Боранының» қосылғаны да қуанарлық жайт. Қазақша айтқанда, «сүйкімді қозы екі енені тел емеді» дегендей, Ислам Жеменейдің зерттеу жұмысының нәтижесі екі бұлақтың мөлдір, таза нәрінен сусындап, екі ел тарихына, өнеріне, жалпы болмысына жан тәнімен сүйсіне қарауы осының айғағы болса керек. Иран мен Қазақстан халықтарының туыстық қарым қатынасы бұдан да әрі нығая берсін демекпін. Қазір ЮНЕСКО қаулысы бойынша 21 наурыз поэзия күні болып жарияланып Наурыз мерекесі, әлемдік мәдениет нышанының белгісіне айналып отыр. Бұл бізге қуаныш пен мақтаныш сезімін ұялатады. Қай халық болмасын басқа халықтардың әдебиетімен, мәдениетімен қарым- қатынаста болып, бір біріне ықпал әсерін тигізу арқылы байып, алға басып отыратыны белгілі. Дәлел ретінде айта кетсек, аббасидтер тұсында арабтар ислам дінін таратып қоймай, өздерінің қол астындағы және көршілес елдерден: үнді, парсы, грек т.б. халықтардың мәдениетін жатсынбай, қажетінше бойына сіңіре білгені көпшілікке мәлім. Мәселен, араб әдебиетінің жәдігері ретінде күллі әлемге мәшһүр «Мың бір түн» топтамасында үнді, парсы, түркі ертегілерін молынан кездестіруіміз де сондықтан болса керек. Солардың бірі – үнді топырағында дүниеге келген «Қалила мен Димна», «Тотынама» парсылардың төл туындысындай болуы жайдан — жай емес. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетінің өн бойынан әлем әдебиетімен байланысты да байқаймыз. Сондықтан төл әдебиетімізді тереңдеп, түстеп танимыз десек, әлем әдебиетінен бөліп жарып қарау мүмкін емес. Ал әдеби байланыстар жайында сөз етсек, қазақ әдебиетіне парсы әдебиетінің тигізген әсеріне тоқталмай кету мүмкін емес. Иран – түркі халықтарының мәдени — әдеби қарым-қатынасы өте көне дәуірлерден басталады. Сондықтан да екі халықтың мифологиялық түсінік, ырым кәделерінде, фольклорында ортақтық мол. «Авестада» бейнеленген мифологиялық пері, дию, аждаһа қазақ халық ертегілерінің кейіпкеріндей қабылданатыны осыдан. Ал «Шаһнама» дастанында «қазақ» сөзінің ауызға алынуы халқымыздың тарихын зерттеушілер үшін мәнді дерек болып отыр. Фердоусидің «Шаһнамасы», Низамидің, Сағдидің дастандары қазақ еліне етене таныс /1/. Әдебиетіміздің үлкен тұлғалары – Абай мен Шәкәрім «Ескендір», «Ләйлі – Мәжнүн» дастандарында ақындық сайысқа түсіп, нәзирагөйлік дәстүрді өз өлеңдерінде барынша ұштаған. Парсы әдебиеті мен қазақ әдебиетінің сан қырлы байланысын ұзақ уақыттан бері табан аудармай зерттеп жүрген ғалым — Өтеген Күмісбаев. Бұл зерттеу жұмыстары туралы мол мағлұматарды ғалымның кандидаттық және докторлық ғылыми дәреже алу үшін дайындаған диссертацияларынан табуға болады. Ө.Күмісбаев өз зерттеулерінде Фердоусидің әйгілі «Шахнама» дастанының қазақ топырағында танылып, тәржімалану тарихы, Низами, Науаи, Сағди дастандарының ықпалындағы нәзирагөйлік дәстүрін сөз етеді. Ө. Күмісбаевтін «Хафиз, Абай және Шәкәрім» деген мақаласы да көңіл аударарлықтай /2/. Қорыта келгенде, қазақ әдебиетінің араб — парсы әдебиетімен байланысын тереңірек тексеруге Кеңес үкіметі кезіндегі өктем идеология аз зардабын тигізбегені мәлім. Кеңес Одағы кезінде идеология ұлттық мәдениетімізді мұсылмандық шығыспен сабақтастыра қарауға мүмкіндік бермеді. Шәкәрәмнің өлеңдерін баспаға дайындаған жазушы М. Мағауин Хафиз бен Шәкәрімнің шығармашылық байланысыныа тоқталып, «Шәкәрімнің шығыс үлгісіндегі мұрасы сол тұстағы қазақ поэзиясының ізденіс өрісі, игерген аумағы туралы нақты түсінік берсе керек. Шәкәрімнің шығыстық жырлары көркемдік ойдың жаңа бір белесі болды. Мұндағы өрнек, иірімді жан толқынысы, үлгілі тіл мәдениеті – ұлттық поэзиямыздың Абай жеткізген ең биік тұғырымен деңгейлес» — деп атақты ақынның шығыс ықпалында да өлеңдер жазғанын баса көрсетеді. Аударма арқылы біз әлем әдебиетінің тамаша үлгілерімен таныса аламыз. Аударма тілі басқа әр түрлі жұрттардың рухани әлемін бір – біріне жақындата түсетін пәрменді құрал екені баршамызға аян. Аударма тарихының қазақ топырағында пайда болып, қалыптасуының ұзақ тарихы бар екендігі зерттеу еңбектерден мәлім. Қазақ аудармасының тарихы мен теориялық мәселелерін сөз еткен біршама ғылыми диссертациялар және кітаптар бар. Қазақ аудармасының тарихына тереңдей бойлап, зерттеген ғалым С. Талжанов. Оның «Көркем аударма туралы» (1975), «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» (1975) атты кітаптары дерек материалы бай, құнды тұжырымдары бар еңбек болып саналады. Соңғы кітаптан қазақ халқының көрші елдермен әдеби қарым – қатынасы, соның ішінде парсы әдебиетімен байланысы, соғдиан (иран) тілінен ауысқан жеке сөздер – ұғымдар жөнінде, соғдиан (иран) тілінен келген префикстер мен жұрнақтар, парсы тілінен аударылған кейбір жекелеген шығармалар бар. *** 1.И.Жеменей «Хафиз және Қазақ әдебиеті». 1. Хафиз әлемі 15- бет 2. Ө.Күмісбаев «Хафиз, Абай және Шәкәрім» . *** В статье автора сравнивается иранско- казахская поэзия. Уточняется как схожести, так и отличия некоторых стихотворных строк.

Читайте также:  Жануарларды қолға үйрету және ритуалды аңшылық

Оставить комментарий