Патшалық Ресейдің Іле сұлтандығын басып алуы

Патшалық Ресей империясы Қазақстан мен Орталық Азияны жаулап алумен қанағаттанып отырмағаны, орайы келсе Қашқария мен Жоңғарияны да жұтып қоюға дайындалып келгені белгілі. Олар өздерінің басып алған жерлерінің шекарсының тыныштығын сақтау үшін арандатуларға баруын заңды әрекет деп мәлімдеуге дағдыланған еді. Құлжаға басып кірер алдында Манчиң өкіметіне өзінің шекаралық қауіпсіздігімен орыс саудасының мүддесі тұрғысынан Ілеге әскер кіргізетінін хабарлайды. Патша өкіметі сондай­ақ, «Қытай әскерлері орыстармен бірлесіп әрекет етуге әзір ме?» деген сұрау да салады. Чиң империясының Петербор мен Пекиндегі өкілдерімен болған келіссөздерден белгілі болғандай Қытай жағы Ресейдің Шинжияңдағы соғыс қимылдарына араласа алмайтындығы айқын болады. [71] Екі отаршыл империя осылайша ымдасып алғаннан кейін, 1871­жылы 6­маусымда генерал Г.А.Колпаковский Іле халқына арнап мынадай қитұрқы үндеу жариялайды: «Шыңжандағы бүлік басталғалы бері Ресейдің шекралық иеліктері де көтерілістің зардабын шегуде, ұрылар мен барымташылар әрі­бері шекарадан өтіп, біздің бодандығымыздағы мұсылман халықтардың мазасын алып бітті. Тараншы сұлтаны бүлікшілерді қамқорлығына алып, оны орыс үкіметіне қайтарудан бас тартып, ешқандай шара қолданбады. …Құлжа сұлтаны ақылға көніп, бейбіт қатынасты сақтауды ойламады. Ақыры Әбіл оғлының шектен шыққан әрекеттері күшейіп, ол шекарадағы қауіпсіздікті одан әрі шиеленістіруде, енді біздің шыдамымыз шегіне жетті. Сондықтан мен, ұлы мәртебелі Ақ патшамның рұқсатымен әскерімді кіргізіп, Құлжадағы сұлтанның әрекетін жазалап, тәртіп орнатуға келдім.» [72] Орыс империясы болсын басқа да ашкөз, алпауыт державалардың бәрі бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай шетінен «тәртіп орнатқыш» басқаларға «тыныштық, бақыт» сыйлағыш болып шыға келеді. Ал, бұл күндері империялардың «өмірлік мүддесін қорғау» мен «терроризмге­ланкестікке» қарсы тұру дегенді желеулететін болып алды. Демек, империялар барлық уақытта да озбыр, астамшылық табиғатын өзгерте алмайтын болғаны ғой. Патшалық Ресейдің империялық пиғылы мен бүкіл отарлық агрессиялық әрекетін әшкерелейтін фактілер аз емес қой.

Соның ең сорақы әрекетін, ең жалаңаш мысалын 1864­жылдың 3­ желтоқсанында сыртқы істер министрі Горчаковтың мәлімдемесінен көре аламыз. Ол әлем жұртшылығына ұялмай­қызармай­ақ былай деген болатын: «Ресейдің Орталық Азияда душар болған жағдайы ешқандай қоғамдық құрылымы болмаған, жартылай жабайы, жартылай көшпенді халықтарға кез болған барлық мәдениетті мемлекеттердің проблемаларымен ұп­ұқсас. Осындай жағдайларда соншалықты дамыған, мәдениетті елдер де өз шекарасы мен мүдделерін қорғауға мәжбүр болған. Шекара маңында аласапыран тудырған топтарды жазалағаннан кейін де қарулы күштерімізді кері қайтару мүмкін болмай отыр. Олар берілген жазаны тез ұмытып кетеді, әрі шегініп кетуімізді қалайда біздің әлсіздігімізден болды деп қарайды. Өйткені азиялықтар көзге көрініп тұрған, жанына бататын дүлей күштен басқаның қандайын болсын ешқашан құрметтемейді. Біз сол үшін де екінің бірін таңдауға мәжбүр болдық: Не бүкіл еңбегімізді еш кетіріп, қолға келтірген сауда­саттықтағы табыстарымыз бен шекара бойлай орнатқан қауіпсіздік шараларымызды тәрік етіп кетуіміз, немесе осынау жабайы Орта Азия мемлекеттерінің терең түкпірлеріне бойлай кіруіміз керек еді. Ресей осының екіншісін таңдауға мәжбүр болды. Бұл, кәдімгі Америка Құрама Штаттарының солтүстік Америкада, ағылшындардың Индостанда, француздардың Алжирда және Голландияның өз отарларына істегендері сияқты бір амал деп ұғуға болады». [73] Мінеки, өзі өркениетті санайтын Орта Азиялықтарға өркениет пен прогресс әкелді делініп келген Ресей шын сыйқы, жауыз бейнесі осы бір қан сасыған мәлімдемеден анық байқалады. Генерал Колпаковскийдің Іле сұлтандығына басып кірердегі «үндеу» сымағы да Горчаковтың мәлімдемесінің дәл өзі болатын. Патшалық Ресейдің дипломатиялық мәлімдемелері мен нақты әскери істері бір­біріне мүлде сәйкеспейтіні бұл күнде жұртқа мәлім. Генерал Кауфманның генерал Головачевтің 10 зеңбірекпен күшейтілген екі пулеметпен қаруланған бөліміне берген мына бұйрығын жаның түршікпей оқи алмайсың: «…осы жорықта алдыңыздан кез болған кез­келген адамды ер­әйел, жас­кәрі демей түгел жаныштап, қырып жоясың, сөйтіп олар қайтадан бас көтере алмастай күйге түссін». [74] Дәл осы мазмұндас зұлымдыққа толы бұйрықты Манчиң патшасы Гаузұң (Чияң Лұң) Жоңғария мен Қашқарияны жаулауға аттандырған шапқыншы армиясына бергені туралы бұған дейін арнайы талдағанбыз. Генерал Колпаковский Іле сұлтандығын басып алардан бұрын Бейжиндегі Манчиң үкіметін хабардар етудің сыртында, 1871­ жылдың 1­қырқүйегінде (Ілені басып алғаннан кейн 2 ай өткенде) елшісі Врангел арқылы «Ресей 4­шілдеде Ілені басып алды, бұған қандай шара қолдансақ болады? Еліміз басып алған жерлерін елдеріңізге қайтарып беруге әзір.» [75] деген қитұрқы мәлімдеме жасатады. Бірақ Қытай мен Ресей арасындағы келіссөз 10 жылға созылып, екі ел арасы талай рет соғыс жағдайына тақап барғаны өз алдына әңгіме. Ресей империясы Яқуб бектің Алтышаһар мемлекетін Манжур­ Қытайлар басып алып, ол жерлерден Англия мен Түркияның және Қохандықтардың араласу мүмкіндігін жойғаннан кейін қайтарып беруге кіріскені, екі ашкөз империя Қазақстан мен Орта Азия хандықтары жерін ресми бөлініске салуға көзі жеткеннен кейін мұндай шешімге келгені белгілі еді. Сонымен патшалық Ресей мен Манчиң үкіметі табан тірескен ұзақ дипломатиялық талас­тартыстан кейін 1881­жылдың 12­ақпанында 20 баптан тұратын Петербор келісіміне екі жақ қол қойысты. Біз қарастырып отырған тақырыпқа тікелей қатысы бар осы келісімнің кейбір баптарына тоқталуға тура келеді. Өйткені Ілелік ұйғыр, дүңген қазақтардың Ресей азаматтығын қабылдап Қазақстанға көшуіне байланысты дүниеге келген өлеңдер мен дастандар, халықтық жырлар өте көп. Сол әдеби туындылардың дүниеге келуіне себепші болған тарихи оқиғалардан жұртты хабар етуді пайдалы көрдік. Петербор келісімінің 1­бабында: «Орыс патшасы, 1871­жылы орыс әскерлері уақытша басып алған Іле аймағында Қытай үкіметінің билігінің орнауына келіседі. Осы келісім шарттың ҮІІ­бабында көрсетілгендей, аймақтың батыс бөлігі Ресей иелігіне өтеді. …Көтеріліске қатынасқан Іленің мұсылман тұрғындарының Қытай өкіметі жағынан қудаланбауына кепілдік беріледі, ал Чиң үкіметі билігінде қалғысы келмейтіндердің Іленің Қытайға қайтарылған күннен бастап бір жыл уақыт ішінде Ресейге кедергісіз қоныс аударуына, дүние­мүліктерін өздерімен бірге алып кетуіне рұқсат беріледі. ҮІІ­баб бойынша, Іленің Ресейге өткен батыс жағы Іленің орыс билігіне өтуге тілек білдірген мұсылман халықтарын қоныстандырады» [76] деп келісілген.

Читайте также:  ХАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАСЫНДАҒЫ ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІ

Петербор келісімінде көрсетілген бұл тармақтардың келісім шартқа енуіне қаншалық ықпал еткені күмәнді болса да сол тұстағы Іле халқының үрейлі көңіл­күйін білдіретін, жүздеген ел ағалары қол қойған мына бір хатқа назар аудара кеткен жөн сияқты! «…Жүз жылдан астам уақыт бойы біздің ата­бабаларымыздың тілі жоқ құл және көлік ретінде пайдаланылатын мал ретінде небір сұмдықты бастан кешірді. …Қытай билеушілерінің жосықсыз қорлығына біздің әйелдеріміз бен балаларымыз үнемі қатал тәртіп шеңберінде төзіп келді. Міне соңғы жеті жылда ғана тыныштықта өмір сүріп, жайбарақат тіршілікке келіп едік. Аяқ астынан, төбеден түскен найзағайдай болған жайсыз хабарды естіп халық есеңгіреп қалды. Біздер орыс патшасының, Құлжаның мұсылман халықтарын өз бодандығына қабылдауын сұраймыз.» [77] Бұл хат, әрине екі оттың ортасында шарасыз қалған қорғансыз халықтың жан сауға сұрауы еді. Әйтпесе содан 7 жыл бұрын орыстың мұздай қаруланған қалың әскерлерімен 50 күн бойы алысқан мұсылмандар жаулаушылардың қырғын­сүргінін ұмыта қоймағаны белгілі. Толықсыз мәліметтерге қарағанда 1882­1884­жылдар аралығында Іледен Қазақстан мен Орта Азияға 70 мыңдай ұйғыр, қазақ, дүңген қатарлы мұсылмандар көшіп келген. [78] Ал кейбір ұйғыр зерттеушілері оны нақтылап ұйғырлардан 9752 отбасы, 45373 жан, қазақтардан 5000 отбасы, 20000 жан, дүңгендерден 1147 отбасы, 4682 жан көшіп шыққандығы жөнінде жазып жүр. [79] Іле мұсылмандарының осынау қаралы, назалы көші жөнінде, олардың басынан кешкен аса қилы тағдыры жөнінде Сейіт Мұхамметтің (Қаший) «Шәрһи Шиқәстә» және Моллла Билал (Назимидің) «Ғазатдәр мүлки Чин» деп аталатын эпикалық дастандары жазылған еді. Жалпы алғанда Іле сұлтандығының дүниеге келуіне себеп болған 1864­жылғы Іле халқының ұлт­азаттық қозғалысы батырлары мен ел ағаларының ерлікке толы күресіне арналған әдеби, музыкалық шығармалар өте көп. 1864­1884 – жылдар аралығында Іле халқы, оның талантты өнер адамдары тудырған әдеби­мәдени мұра басқа қандай кездердегіден де бай әрі алуан қырлығымен ерекшеленеді.

Читайте также:  Марксизм­-ленинизм саяси­ құқықтық ілімінің мәні

Оставить комментарий