Позитивизм және Шәкәрім дүниетанымы

Шопенгауэрмен қатар Еуропадағы жаңа философияның (яғни, классикалық неміс философиясынан бөлек, жекелеген ғылымдарға сүйенген) дамуына үлес қосқан ойшылдардың бірі, француз ойшылы Огюст Конт еді. Ол өзінің негізін қалаған жолды позитивизм деп атаған. Позитивизм қоғамдық санада алдымен неміс классикалық философиясын ығыстыра отырып, жекелеген ғылымдардың жетістіктеріне сүйенді. Жаңа дәуірде қарқынды дамуға мүмкіндік алған жаратылыстану ғылымы таным процесінде адамдардың түйсіктерін негізгі орынға қойды. Осы негізде психология ғылымы адамның бес сезім мүшесін танымдық жолда шешуші рөл атқарады деп білді. Мұның барлығы Шәкәрімнің тілімен айтқанда, дүниеге ойдың емес «дененің көзімен» қарауға жол ашты. Шәкәрімнің ойынша бұл сол замандағы адам тану жолындағы адасушылық кеселдердің бірі еді. «Енді бір кесел; 1797жылы туып, 1857 жылы өлген Огюст Конт деген адам: Физика жолымен анықталмаған, мета­физика нәрсені білем деп әуре болмайық. Дене сезімімен барлығы табылған нәрсені ғана шын деп білейік деген бір жол шығарып, оған «позитивизм» деп ат қойған. Соған нанып қалып, сол жолға түсіп, дененің бес сезімі арқылы білінбеген нәрсені бір жола жоқ деп қоятын болған. Сөйтіп жанның ең қасиетті — терең ой, ноқтадан сау ақылын арқандап қойып, жанын тани алмай қалған», — деп жазған болатын Шәкәрім [1]. Позитивизмнің дүниетанымдық ұстанымдары қандай еді, неліктен Шәкәрімнің оны сынға алғандығын түсіну басты міндет болғандықтан О. Конттың шығармашылығына талдау жасауға тура келеді. Огюст Конт 1798—1857 жж. өмір сүрген француз ойшылы. Ол жалпы көлемі алты томнан тұратын «Курс положительной философии» атты шығармасы арқылы танымал. Аталмыш шығарманың екі томы ғана орыс тіліне аударылып жарық көрген. Сонымен қатар 1910 ж. Огюст Конттың «Дух позитивной философии» шығармасы орыс тілінде жарық көрді. Сөз жоқ Шәкәрім Конттың шығармаларын орыс тілінде оқыған деген тоқтамға келуге болады. Сонымен ең алдымен позитивизмнің қалыптасуына түрткі болған негізгі жағдайларға тоқталсақ, ең алдымен жаңа дәуірден кейін еуропадағы жаратылыстану ғылымдарының дамуы басты себеп болды. Бұл кезеңде жаратылыстану ғылымы табиғаттың дамуының басты заңдылықтарын ашып, механика ғылымы дамыды. Позитивистер алдымен осыдан бағдар алған болатын. Екіншіден, дәстүрге айналған неміс классикалық философиясы өзінің шырқау шегіне жетіп, Гегель диалектиканы таным теориясы ретінде дамытты. Дүниені метафизикалық түсініктермен қараудан гөрі диалектикалық түсініктер арқылы қарау негізгі орынға шықты. Ақыры Гегельдің логика ғылымына негізделген жүйесі түсініксіздік тудырып сынға ұшырай бастады. Осы кезде жаңа ғылымға сүйенген философияға деген қажеттілігі пайда болды. Дәл осы жолда Огюст Конт өзінің позитивистік философиясын қалыптастырды. Сөйтіп О. Конттың ең негізгі бастау алған ұстанымы Гегельдің диалектикалық әдісін қабылдамауы еді. Осыдан келіп ол өзіне дейінгі бүкіл философия тарихын теріске шығарып, оны ғылыми емес, объективті емес, затшылдық (реалды) әлемді түсінуге қарымсыз, яғни пайдасыз деп айыптады. Ал оның ұсынған позитивизмі бойынша ғылым бұл өз алдына философия деп танылды. Конт өзі белгілеп көрсеткендей позитивтік философия дәстүрлі философиядағы көтерілген және метафизикалық сұрақтармен айналыспайды. Positiv — положительный, яғни қазақ тілінде дұрыс, оң деген мағынаға сәйкес. Бұның дұрыс, оң деген түсінігі позитивизмнің негізін салушылардың түсінігіне сай айтылып тұрғандығын ұмытпау керек. Мәселен, айтайық, позитивизмге сыни көзбен қарайтындар үшін немесе Шәкәрім үшін ол ешқандай да оң, дұрыс жол емес. Сондықтан бұл терминнің аудармасы тек позитивизм тұрғысынан ғана сондай ұғымға ие екендігін ескерген жөн.

Читайте также:  Жауынгерлік «даңқ» орденінің иегері Павел Яковлевич Малаев

Позитивизм ұғымын О. Конттың түсінігінше көрсетсек, бұл пайдалы мағынасында, пайдасыздыққа қарама­қайшы. Күмәнді бұлдырлықтан нақтылыққа өту. Позитивті — бұл теріске қарама­қайшы. Конттың ойынша философия өмірден қол үзбей нақты фактілер мен жеке ғылымдармен тығыз байланыста болып, оларға арқа сүйеуі тиіс. Сөйтіп ол затшылдық (реалды) ғылымға қарай бет бұрды. Қоршаған заттар әлем құбылыстарының заңдарының негізін көре отырып қана ғылым алға жылжуы қажет. Яғни, тәжірибеге сүйену керек және бұл тәжірибе бүкіл адамзаттық ортақ дүниеге деген көзқарасты бағындыруы тиіс. Конттың ойынша ой қоғамның практикалық дамуын анықтамайды, қоғамның практикалық дамуы ойды анықтау керек. Конттың Шәкәріммен ең бір қарама­қайшы келетін тұсы осында. Дәл осындай қағиданы дәріптеу мақсатында О.Конт позитивистік философияның негізгі орынға шығуы үшін тәжірибеге негізделген білім беруді енгізу керек деп санады. Огюст Конт өзінің ілімінде адамзаттың рухани дамуын үш сатыға бөліп қарастырады. Оның алғашқысы теологиялық кезең. Бұл өз ішінде фетишизм, политеизм және монотеизм болып бөлінеді. Фетишизмде адамдар барлық заттар әлемін адамдар тәрізді жанды деп түсіндіреді. Табиғат күштеріне табыну және бұнда инстинкт негізгі орында тұрды. Ал политеизм болса бұл адамдардың сәл де болса алға жылжығанын, олардың таңдау еркіндігінің пайда болғандығын көрсетеді. Көпқұдайлықта адамдар өз инстинктері мен сезімдерінің үстінен аңғара бастайды. Монотеизмнің пайда болуынан бастап Конттың ойынша адамдардың санасындағы сансыз елестер азая бастады. О.Конт адам санасының дамуының теологиялық кезеңін «ақылдың балалық шағы» деп бағалады. Бірақ бұл келесі кезеңге өтудің алдында болуы тиіс еді. «Теологиялық кезеңде адамдар неғұрлым шешілмейтін, адам қол жеткізе алмайтын сұрақтармен айналысты. Бұл кезеңде біздің ақылымыз нәрестелік күйде қарапайым ғылыми мәселелерді шеше алмады және үнемі барлық заттардың бастамасын немесе оларды тудырған құбылыстардың негізгі себебін, пайда болу жолдарын іздеді. Қысқасы абсолюттік білімге ұмтылды», — деп жазды Конт [3]. Конттың ойынша «Аспан жарығына табыну бұл фетишизм кезеңінің негізгі сипатын көрсетеді. Дегенмен, бұл да біздің қоғамымыздың интеллектуалдық даму тарихына жатады және бұл аз ғана халықтардың арасында сақталып қалды» [3, 57]. Политеизмде Конттың ойынша материалды заттарда жан бар деп тану аяқталады. Көзге көрінбейтін тіршілік иелері үнемі алға шығып, ол барлық сыртқы және адамзаттық құбылыстардың тікелей қайнар көзі деп танылады. Конттың ойынша «монотеизмде адам адамзаттың ақыл ойы шешілмейтін сұрақтарға аса ден қойды» [3, 62]. Келесі кезең метафизикалық немесе абстрактілі кезең. Огюст Конттың ойынша «Метафизика теология сияқты дүниенің ішкі табиғатын, заттардың мәні мен бастамасын, барлық құбылыстардың пайда болу тәсілін түсінуге тырысады. Бірақ ол жоғарғы құдіреттілік факторынан гөрі entites — мәнге немесе абстрактіліге, кейін көп аталып кеткен онтологияның көмегіне жүгінеді» [3, 65—66]. Метафизикалық күйді өз кезегінде есею мен балалықтың арасындағы индивидуальді немесе коллективті біздің ойымыздың табиғи эволюциясына тән сақталып келе жатқан дертке теңейді Конт. Адамзаттың рухани дамуының үшінші сатысын Конт дұрыс немесе шынайы кезең деп атады. Бұл кезең үшін «ешқандай шын емес, әрі дәл анықтауға қол жеткізілмейтін нәрселерді түсініксіз деп қарауды өзіне негізгі ереже ретінде тану тән» [3, 73]. Яғни, Конттың ойынша бұл қолмен ұстап, көзбен көру арқылы шындыққа қол жеткізу, таза затшылдық ғылымға негізделеді. Осы үшінші кезеңді позитивтік ойлау, яғни Конттың пікірінше дұрыс ойлау деп атауға болады. Енді позитивизм ұғымының мағынасын дәлірек түсіну үшін Конттың түсіндірмесіне жүгінейік. Ол өзінің «Курс положительной философии» атты еңбегінде бұл ұғымға арнайы түсіндірме береді. Неғұрлым жалпы мағынасында позитивизм — положительное, яғни дұрыс, оң, шын деген мағынаны білдіреді. Біріншіден, Конттың ойынша бұнда біздің санамыздың балалық кезіндегі қол жеткізілмейтін құпия сырлардан бас тартады деген мағына жатыр. Екіншіден, бұл пайдалы мен жарамсыздың ара қатынасын көрсетеді. Жеміссіз құр қызығушылықтан гөрі біздің өмірімізді неғұрлым жақсартумен байланысты. Үшіншіден, бұл сөз нақтылық пен күмәнділік арасындағы қарама­қайшылықты анықтауға жиі қолданады. Сондықтан бұл бітпейтін даулы мәселелердің сырын тастап, нүкте қоюға жақын. Төртіншіден, бұның мағынасы бұлдырға айқындылықты қарсы қою дегенмен үндес. Бұл мағына философиялық ойлауда біздің шынайы қажеттіліктеріміз жөне табиғат құбылыстарымен сәйкес дәлдік дәрежесіне жетуді білдіреді.

Читайте также:  Будда дінінің бейнесі

Бесіншіден, басқаларға қарағанда, бұл сөздің аз қолданатын бірақ көп тараған мағынасы — теріс деген мағынаға қарама­қайшылығы болып табылады. Яғни, бұл мағынасы бұзу емес ұйымдастыруды білдіреді. «Міне, бұл, мағыналарға қарап, дұрыс (положительное) ойлаудың теологиялық және метафизикалық ойлаудан нақты бағыт­бағдары мен ерекшелігін көруге болады», — деп жазды Конт [3, 122—124]. Біздің ойымызша, позитивизм еуропада капиталистік қатынастар беки түскен кезеңде теориядан гөрі практикаға, тәжірибеге арқа сүйегендігін және соған шақырғандығын көруге болады. Сонымен қатар, жоғарыда Конт түсіндіргендей позитивизм бұл әрбір ғылымның нәтижесінен пайда күтуге әкелуі тиіс. Бұл таза капиталистік қоғамдағы ғылымға деген талап болып саналады. XIX ғ. Еуропада қоғамдық өмірде ғылымның жетістіктеріне сүйенген позитивистер қоғамға тек жалаң ғылымның тұрғысынан қарап, адамның таным процесіндегі ішкі рухани қабілеттерін ескермей, оған күмән келтіре отырып, дүниетанымдық жолда тек жаратылыстану ғылымының жетістіктеріне сүйенген болатын. Жаратылыстану ғылымдарының қарқынды дамуы Еуропадағы өркениеттің шексіз дамуына мүмкіндік тудырды. Қоғам алып механизмнен тұратын машинаға айналды. Адамның еркіндігі қоғамдық машинаның қолына берілді. Өркениет адамның еркіндігін қамтамасыз еткен сияқты болғанымен, сыртқары, жанама тұрғыда қала берді. Ол адамның ішкі рухани қабілетінен шеткері қалып, бұл жолда шешілуі қиын қарама­қайшылыққа ұрынды. Өркениет адамдардың қоғам өміріндегі сыртқы еркіндігін, құқығын қамтамасыз етті, ал адамдардың ішкі еркіндігі, олардың рухани мүдделері мен қызығушылығын тек заң немесе жаратылыстану ғылымы арқылы қанағаттандыру мүмкін емес еді. Ендігі жерде адамның еркіндігі туралы мәселеде Еуропа қайтадан қарама­қайшылыққа тап болған еді. Себебі адам әлемі қарама­қайшылыққа толы, оны тәжірибемен немесе практикамен ғана өлшеу мүмкін емес еді. Ол метафизикалық сұрақтарға толы болатын. Әсіресе жан туралы мәселеде позитивизм жұмған аузын ашқан жоқ. Себебі олар ұсынған жол жанды тану үшін дәрменсіз, тым әлсіз еді. Позитивизм таза затшылдық, тән әлемімен байланысты қатынастарды ғана көрді. Олар үшін ақиқатты дене көзімен көруге болады. Міне, бұл ұстаным Шәкәрім сияқты қазақ ойшылының тарапынан сынға ұшыраған еді. Шәкәрім позитивизмнің материалды әлемге ден қойып, метафизикалық сұрақтарға толы жұмбағы әлі ашылмаған адам әлемі туралы мәселеде біржақты, сыңар езу кеткендігін аңғарып сынға алды. Бұл шынымен ойланатын жағдай. Бұл Мағжанның «Пайғамбар» атты өлеңін еске түсіреді. Мағжан осы өлеңінде еуропадағы материалды әлемге негізделген, затшылдық ғылымды, капитализмді сынға алып «Күн батысты қараңғылық қаптаған, жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған, қарын деген сөзді ғана жаттаған», — деп тек материалдық қажеттіліктерге бағытталған, пайданы көздеген капиталистік қоғамдық сананы сынға алған еді [4]. Бұндай жағдайды Шәкәрім де: …Ойменен тапқан бұлдыр деп, Дене мен пәнге байлаған Баяғы Конттың сөзі еді. Жаңаны көрсе жүгірген, Ақылдан мүлде түңілген, Осыдан дұрыс жол жоқ деп, Бұл уды судай сімірген Дененің соқыр көзі еді, — деп, өз кезегінде сынға алады [2, 226—227]. «Ойменен тапқан бұлдыр деп» дегенде Шәкәрім теориялық, метафизикалық ойлауға позитивизмнің қарсы болғандығын айтады. «Дене мен тәнге байлаған» дегенде тәжірибе мен затшылдық ғылымға негізделген түсінікті көрсетсе, «ақылдан мүлде түңілген» дегенде ақылдың көзіне емес дененің көзіне сүйенген танымның дәрменсіздігін көрсеткісі келеді. Позитивизмнің затшылдық, тәжірибеге негізделген қағидасы кейін неопозитивизмде, әсіресе Авенариус, Max сияқты ойшылдардың философиясында эмпирика деген ұғымда дамыған еді. Ал Шәкәрім жалпы тәжірибеге қарсы болып отырған жоқ, ол тек қана адам мәселесінде позитивизмнің дәрменсіздігін, оның адамнан гөрі сыртқы қоршаған ортаға бағытталған ілім екендігін аңғарып, сынға алып отырғандығын түсінген жөн.

Читайте также:  Әлеуметтік байланыс табиғаты: Қазіргі альтернатива

Оставить комментарий