ПРАГМАТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАҒЫ АНТРОПОЛОГИЯ

Өзінің Мені туралы түсінігі болу мүмкіндігі, адамды жер бетінде мекендейтін барлық тіршілік иелерінен шексіз биікке көтереді. Осының арқасында ол тұлға, және басынан өтетін өзгерістер кезінде де, санасы үзілмей тұтас болатындықтан, ол сол бір тұлға, яғни қалай болса солай қарауға да, иелік етуге де болатын заттар сияқты хайуандардан өзінің орны мен мәртебесі жағынан мүлдем ерекше тіршілік иесі. Адам мен сөзін айта алмайтын кезде де, бұл ақиқат нәрсе; себебі ол сөз бәрібір оның ойында болады; және барлық тілде өз атынан сөйлеген кезде, өзі туралы осы түсінікті (Iеһһеit) ерекше сөзбен білдірмегенмен де, ылғи да осы Менді ойлау қажет болады. Бұл қабілет (атап айтқанда ойлау қабілеті) пайым болып табылады. Бірақ бір қызығы, сөйлеуге біршама дағдыланып қалған бала өз атынан біршама кеш (кейде бір жылдан соң) сөйлей бастайды, ал оған дейін өзі туралы үшінші жақта сөйлейді. («Карлдың тамақ ішкісі, серуендегісі келеді» ж.т.т.); өз атынан сөйлей бастаған кезде, оның көзі ашылғандай болады. Осы күннен бастап ол ешқашанда бұрынғы сөйлеу үлгісіне қайта оралмайды. — Бұрын ол өзін тек сезінетін, қазір ол өзін түсінеді. Бұл құбылысты түсіндіру антропологтарға өте қиын. Баланың туғаннан кейінгі жылдың алғашқы ширегінде не күле, не жылай алмауы да, оның сана-сезімі бар екендігін көрсететін реніш пен әділетсіздік туралы кейбір түсініктердің дамуына байланысты сияқты. — Егер де ол осы уақыт ішінде көз алдына тосқан жылтыраған заттарға қарай бастаған болса, онда бұл өздерін, қабылдауларды (сезімдік елесті ұстауды), сезілетін заттарды [сыртқы] тануға дейін, яғни тәжірибеге дейін кеңейтуді нысана еткен қабылдаулардың дамуының басталуы. Әрі қарай, сәби бала сөйлеуге талпына бастаған кезде, оның анасы мен күтушісіне қызық болып көрініп, оны үнемі аймалауға, сүюге, оның кез келген еркелігін көтеріп, кез келген тілегін орындауға себеп болатын, сөйтіп, оны титтей ғана тиранға айналдыратын сөздерді бұзып айтуын — кішкентай ғана тіршілік иесінің адамға айналу шағындағы сүйкімділігін, бір жағынан, әлі қулық — сұмдықты үйренбеген оның барлық қате қылықтарының бейкүнәлігі мен тазалығынан, екінші жағынан — ең бақытты сәт — ойнайтын уақытында, бүкіл жан-дүниесімен біреудің ырқына толықтай көне беретін кішкентай ғана жан иесіне күтушінің қолдау тәрбие қайырымдылық жасауға шынайы бейімділігінен деу керек; және де осы бақытты балғын шаққа қайта оралғандай болған тәрбиеші де сол балғын шақтың тәттілігін толығымен тағы бір сезінеді. Дегенмен, адамның өзінің балалық шағы туралы естеліктері бұл сәби кезге тіптен жете алмайды, себебі ол кез тәжірибе кезі емес, объект ұғымына жинақталмаған үзік — үзік қабылдаулар кезі.

Читайте также:  XVIII ҒАСЫР МЕН XIX ҒАСЫРДЫҢ 60-ЖЖ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ОРТА АЗИЯ ХАЛЫҚТАРЫМЕН ӨЗАРА САУДА ҚАТЫНАСЫ

Оставить комментарий