Программ барлық жерде үйлеспеу себебі

Білім ордасының басып шығарған бұл програмы да Қазақстанның барлық жеріне үйлесе бермейді. Үйткені Қазақстанның елі, жері, кәсібі ала жаулы, әралуан, оңтүстігі: көшпелі, шала көшпелі, жері құм, саз, суы тапшы, ағызғаны арық, егіні – бидай, тары, қонақ, жүгері, кендір, зығыр, салы(күріш), қоза(мақта), бауы – мәуе, бақшасы – байкел, отыны – сексеуіл, жыңғыл, арша, қамыс; жеміс ағашы, көлігі көбінесе түйе, есек; теріскейі: көбіне отырықшы, шала көшпелі, жері қара топырақ, саз, сортаң, егіні – бидай, сулы, арпа, қара бидай, ағашы – қарағай, қайық, үйеңкі, долана, көлігі – ат, арба, түйе, күншығысы да солтүстік тәрізді, тек қара топырақты, жері кемірек орман аз, алтын, күміс, көмір, мыс, тұз кеңдері, су жолы, от кемесі, балығы бар, елі көбінесе көшпелі, жазаласа әр ояздың, әр ауданның жер жағдайы, ел тұрмысы кәсібі де бірыңғай емес, Шымкент, Тәшқазақ ояздарында салы, қоза ексе, Түркістан оязында салы екпейді. Кендір төрт оязда да (Шымкент, Тәшқазақ, Түркістан, Әулие ата) егіледі, май кебе, арыс қара Ыспан болыстарында ғана бар, темекі, көкнәр Әулие ата оязында егіледі, тұз кәсібі де әр жерде, әр оязда, сексеуіл де кейбір ояздарда. Айта берсек, Қазақстан елінің үй тұрмысы да біркелкі емес. Кей жерде кірпіш үй, шым үй, кейінде тас, ағаш үй, енді бірінде там, жертөленің (кепе) қамыс үй. Үйлердің олай болуы да жеріндегі затына қарай. Күнгей, жылы жақтағы ел пеш салуды білмейді. Қыс тамының, жертөленің ортасына от жағып, аяқтарын сандал (күрсімен) жылытады. Әйнек орнына қабырғадан көздей тесік шығарады да, суықта терлік, шоқпыт тығып қояды. Мал қора, есік дегенді білмейді. Бастырма, ергенек, дегені болады. Теріскей суық жақта кәдімгідей кірпіш, ағаш, тас үй болып, үйіне пеш, терезе орнатады. Жерінің ауасына, тұрмысына қарай, Қазақстан елінің киімі де неше алуан. Түркістан жағында кең қолтық дөңгелек етек, ұзын жең күпі, шапан тымақ, жалбағай, саптама етік болмайды, шолақ жең, сыпырық сарт шапан, жиегі дүрдиген жалпақ бөрік, киіз қалпақ, кебіс, мәсі, немесе қу етік. Оның есесіне көйлегін буынын, шапанын желбегей киген, басын орамалмен байлаған қазақты Арқадан көрмейсіз. Арқаның әйелдері де дамбалының балағы жалпылдап, жазы, қысы жалаң аяқ немесе кебіс іліп жүрмейді, кебіс­мәсісі аяғынан түспейді. Ыдыс­аяқ та өзгеше, Арқанын шелегі орнына Сыр елінде көбінесе – қабақ, шыны аяқ орнына – пияла, (кесе), ішқап орнына — ас алал, ошақ орнына – үйкек, саба орнына – күбі, мес боп келеді. Аяқты зерен дейді, шылапшынды тегене қылады, елеуіш – елгезер, қол сандық – қолдорба, тұлып – шанаш, айыр – бесақа, күрке – шайла, шабадан – жаңдан деген сияқты. Әр елдің әдет­ғұрпы да өзгеше, Сыр елінің бәдік ойыны, додасы, әйелдің еркектен жасырынуы, шылым тартуы, келін түскенде отқа май құйып, шайды сүтсіз ішуі Арқада жоқ әдеттер, не сирек әдеттер. Жер, жұмыс жағдайына қарай әр елдің сазы (ән­күйі) да әр алуан. Түркістан елінің әні бұлтарысы жоқ, тік тартар айқай, қайырмасы жоқ, келте немесе бірыңғай текірек болып келеді. Түйеге, атқа, есекке мінген адам болсын, ауылдан шыға беріп: «Ауылың сенің белде еді әрмайдай» деп қозғайды. Арқанын әні толқынды, ырғақты, айғайлы, зарлы, қайталамалы, қайыруы ұзын болын келеді. Теріскейдің, батыстың әні мұңды, зарлы, шерлі, желдірме, көй­көй боп келеді. Арқаның ертеде айтатын ескі әндері Түркістанда қалған секілді. Арқаның көп нақышты нәзік үндерін Түркістан әншілері жуырда үйрене алмайтын секілді. Орал қазақтарының, әсіресе, Мұхиттың мұңды әндерін Арқа әншілері үйрене алмай, тосаңсиды. Ән­күй, тіл жағынан Сыр қазағы – атасы, қыр (Арқа) қазағы баласы тәрізді. Ескі ән де, ескі тіл де Сырда көп ұшырайды, бірақ үй тұрмысы, киім, әдет­ғұрпы, әдебиет, мәдениет жөнінен теріскей, күншығыс елдері анағұрлым ілгері кеткен. Аспан, сайман, өсімдік, жан­жануар аттарының өзгешелігі өз алдына, қыр мен сырдың жай тілінде де өзгешелік бар: «дымқыл, сыза» деген сөзді «ызақ», «ығал»; «жал ақы – майана қалата – айлық – жалуанжа», «голба — гөпал», «тіпті – жүдә», «үме – азар», «түйшіктесу – жағысу», «ортақтасу – телімдесу», «ат бапкер – тапкер – атсейіс», «пешене – тағдыр», «қуатты ма? – бақуат па?»; «дұрыс емес – бә дұрыс»; «сым – шалбар», «құмалақ – малақ», «сәйгел – оқалақ», «демде – лезде», «серне – сірне — шерне – деңгене», «оппа – ұйық – мыйлық – барбас – қорыс»; «сереңке – ішпішке – шырпы – күкірт – оттық – шақпақ – ши шақпақ» ең аяғы әр елдің боқтауы да әр түрлі. Арқа жағы боқтаса алдымен аузына «енеңді» түсе кетеді. Одан жеңіл, одан сыпаны боқтас жоқ. Түркістан қазағына «қызыңды» деп боқтағаннан оңай нәрсе жоқ. Екі сөздің бірінде қыздың сорын қайнатып отырғаны. Тілдегі бұл өзгешеліктер неден пайда болған десеңіз, әр елге маңайындағы көрші елдің әдет­ғұрпы, тілі жұққан. Түркістан қазағына өзбек, сарт, тәжік, парсы, араб тілі көбірек кірген болса, Арқа қазақтарына орыс, ноғай, татар, қалмақ, ұйғыр тілдері көбірек араласқан болу керек. Сөйтіп, Қазақстанның жері, жаратылысы, өсімдігі, жан­жануары, ауасы, соңың салдарынан тұрмысы, кәсібі әр алуан болса, сонымен қабат үй салуында, киімінде, аспап, құралында, әдет­ғұрпында, ән­күйінде, тілінде, мінезінде де өзгешеліктер көп табылады екен. Олай болса Қазақстанның барлық мектептеріне бір­ақ программ қолданып отырып, соңың керек жерін пайдаланып, әр алуан әр елдің мектептері өз жағдайына лайықтап, толықтырып, өзгертіп, программ жасап алу керек. Ондай өзгертулерді не жер­жердегі оқу орындары, немесе бірнеше аудандық мұғалімдер кеңесі, немесе таяныш (опорный) мектептердің жиылысы жасауға мүмкін, жалғыз­жарым мұғалімнің қолынан ондай жұмыстар келе бермейді. Ең болмағанда ондай өзгерісті жазғы мұғалімдер курсы жасап беру керек.

Читайте также:  Мұхит Мералыұлы мұрасы

Оставить комментарий