Әрқилы санаттағы тобырды топтастыру

Сайлаушылар тобырының ортақ, белгілері. ­ Оларды қалай сендіреді. — Кандидатта болуға тиіс қасиеттер. Тартымдылықтың қажеттігі. ­ Жұмысшылар мен шаруалар өз ортасынан кандидаттарды неліктен сирек сайлайды? ­ Сөз бен формулалардың сайлаушыларға құдіретті ықпалы. ­ Сайлау жарыссөздерінің ортақ, түрі. ­ Сайлаушы пікірі қалай қалыптасады. ­ Комитеттердің құдіреттілігі. ­ Олар тиранияның ең қауіпті пошымы. ­ Революция комитеттері. ­ Баршаның дауыс беруін, оның психологиялық тұрғыдан елеусіз екендігіне қарамастан алмастыруға болмайды. ­ Сайлау құқықтары азаматтардың тек шектеулі табына берілсе де, дауыс берудің солай болып қала беретіндігі неліктен? ­Барлық, елдерде дауыс беру нені білдіреді. Сайлаушылар тобыры, яғни белгілі бір мансапқа адам сайлау үшін шақырылатын жиналыс, әртекті тобыр болып табылады, бірақ олардың қарекеттері тек бір ғана белгілі мақсатқа ­ бірнеше кандидаттың біреуін таңдап алуға бағытталғандықтан, одан біз суреттеп берген сипатты белгілердің тек кейбіреулерінің ғана көрінісін бақылауға болады. Бұл тобырда бәрінен айқын көрінетін белгілер мыналар: ой өрбіту қабілетінің дәрменсіздігі, сыншыл рухтың жоқтығы, ашушаңдық, сене салушылық және сыңаржақтық. Осынау тобырдың шешімдерінен топ жетекшілерінің ықпалын және жоғарыда біз тізіп шыққан: бекіту, қайталау, тартымдылық және еліктіру секілді факторлардың ролін оп­оңай аңғаруға болады. Енді сайлаушылар тобырына ықпал етудің тәсілдерін ізерлейік, өйткені соның негізінде оның психологиясын анығырақ елестетуге болады. Сайлауда кандидатта болуға тиіс ен бірінші қасиет тартымдылық. Жеке тартымдылық тек байлық тартымдылығымен алмастырыла алады. Тіпті талант пен кемеңгерлік те табысқа жетудің сүбелі шарты бола алмайды. Ең басты нәрсе ­ тартымдылық, яғни сайлаушылардың алдында ешқандай дау туғызбайтын болып көріне білу. Егер көпшілігі жұмысшылар мен шаруалардан құралатын сайлаушылар оз арасынан шыққан кандидатты тым сирек сайлайтын болса, оның себебі тек оз ортасынан шыққан адамдардың олар үшін ешқандай тартымдылығы жоқтығынан.

Егер де олар оз ортасынан зәуде біреуді сайлай қалса, бұл әдетте жанама себептерден, қандай да бір аса көрнекті адамға, жұмысшылардың ірі, мысалы, жұмысшылардың өздері ұдайы бағынышты болатын қожайынына кедергі жасау ниетінің туындайды. Осылай етіп, сай¬лаушылар өздері ылғи бағынып келген адамға уақытша билік иллюзиясын алады. Бірақ тартымдылық, алайда, бар кезде бірдей табыс кепілі бола алмайды. Сайлаушы сондай­ақ өзінің атақ құмарлығына жағынғанды, өзінің нәпсісіне жаққанды тәуір көреді. Оған ықпал ету үшін оны ішін кептіре мақтау керек, еш қымсынбай аса ғажайып уәделерді үйіп­ төгіп бере бер. Егер ол жұмысшы болса, қожайынын жамандап жағын; ал бақталас кандидатқа келсек, кесіп айтып, қайталай беру мен еліту арқылы ол сұмпайының сұмпайысы, оның істемеген қылмысы қалмағанын бәрің білесіңдер деген пікірді кеңінен таратып, жермен жексен ете бер. Мұндайда, әрине, дәлел секілді бірдеңе іздеп әуре болудың да қажеті жоқ. Егер қарсыласың тобыр психологиясын біле бермейтін адам болса, ол сенің сөзіңе қарама­ қарсы сөз көйітудің орнына, уәж көмегімен ақталмақ болады, және, әрине, табысқа жету мүмкіндігі атаулыдан жұрдай болады. Кандидаттың қағазға түсірілген бағдарламасы тым кесімді болмауға тиіс, өйткені қарсыластары соны пайдаланып, кейін оның көзіне шұқып көрсете алады; есесіне ауызша бағдарлама мейлінше ағыл­тегіл болуға тиіс. Ол ештеңеден қаймықпай, ең маңызды реформаларға уәде бере алады. Осынау көл­көсір уәделердің бәрі аталмыш сәтте ғаламат әсер етеді, ал болашақта соның бәрі жайына қалады. Іс жүзінде, сайлаушы кейін сайланып кеткен кандидат берген уәделерін, оның сайлануына себеп болған уәделерін қаншалық орындағанын білуге тіпті де тырыспайды. Барлық осы жағдайларда біз өзіміз жоғарыда айтқан сендіру факторларының ықпалын байқай аламыз; біз бұл факторлармен кейін, магиялық пәрмені бар екені белгілі сөз бен формулалар ықпалын талқылаған кезде тағы да ұшырасамыз. Соларды пайдалана білетін ділмар тобырды қалаған жағына ертіп кете алады. Қаншама таптаурын болса да, айнымас бір ықпалын қашанда тигізетін сөз тіркестері болады. Нақты анық мағынасы жоқ болса да, тобырдың сан түрлі ұмтылыстарына сай келетін жаңа формуланы таба алған кандидат, әлбетте, даусыз табысқан үміт арта алады. 1873 жылғы қанқұйлы испан революциясы мәні күрделі, және әркім өзінше түсіне алатын сондай бірнеше сөздің күшімен жасалды. Замандас жазушылардың бірі сол революцияның шығу тегін былайша баяндайды: «Радикалдар унитарлық республика бүркемеленген монархиядан өзге түк те емес деген сенімге келді де, көпестер, солардың көңілін жайлау үшін бір ауыздан федералдық республиканы жариялады, бірақ соған дауыс бергендер өздерінін не үшін дауыс бергенін айтып бере алмас еді. Бірақ жария етілген формула жұрттың бәрін тәнті етіп, шаттыққа бөледі.

Жұрттың бәрі жер бетінде жақсылық пен бақыт патшалығын орнаттық деп ойлады. Бір республикашыл дұшпаны өзін федералист деп атағысы келмегені үшін дәл бір абыройы айрандай төгілгендей ренжіп қалды. Көшелерде бір­бірін «Salut у republica federal!» деп құттықтап, тәртіптің жоқтығын және солдаттардың автономиясын мадақтап гимндер шырқады. Іс жүзінде осынау «федералдық республика» дегеніміз не еді? Біреулер бұл сөзді провинциялардың, Құрама Штаттардағы секілді мекемелердің эмансипациясы, немесе әкімшіліктің орталықсыздандырылуы деп түсінді; басқа біреулер мұны өкімет атаулының жойылуы, болашақта күтіп тұрған ұлы әлеуметтік қырып­жою туралы ойлады. Барселона мен Андалузиядағы социалистер қауымдардың абсолютті үстемдігін уағыздап, бүкіл Испанияда өзінің төл заңдарымен басқарылатын он мың тәуелсіз муниципиялық қалалар құруды топшылады және бұл орайда армияны да, жандарменияны да таратып жіберуді жорамалдады. Көп ұзамай бұлғақ оңтүстіктің барлық провинцияларына, бір қаладан екінші қалаға, бір деревнядан екінші деревняға таралды. Қандай да бір қауым «ргоnonciamiento» жасаған бойда, ол көршілерімен және Мадридпен қандай да болсын қатынасын үзу үшін ең әуелі телеграф пен темір жолды бұзып құрта бастады. Өз бетімен қарекет етпеген ен ұсақ деревня қалмады. Федерализм барып тұрған дөкір «кантонализмге» орын берді де, оған өрт пен кісі өлтіру ере жүрді де, қантөгіс сатурналийлармен аяқталып отырды. Толғамдар сайлаушылардың ақыл­ойына жасайтын ықпалға келсек, бұл жөнінде әбден анық пікір түю үшін кез­келген сайлау жиналысының хаттамасын оқып шығу жетін жатыр. Ондай жиналыста кесіп айту, боқтық естіледі, кейде жұдырықтасу да орын алады, бірақ ешқашан ешқандай толғамды сөз естілмейді; егер шамалы ғана тыныштық орнай қалса, бұл сонда отырғандардың қазымыр, ұрысқақ біреуінің кандидатқа қиын сұрақ қоймақпын деп ниет білдірген сәтінде ғана болады. Алайда оппоненттердің қуанышы көпке созылмайды, өйткені олардың қарсыластары бірінші болып дауыс көтерген байғұстың үнін өзінің гүрілімен естіртпей қояды.

Осындай барлық жұртшылық жиналыстарының типі деп әртүрлі газеттерде күн сайын дерлік жарияланып жататын дәл сондай жүздеген хаттамалардан осы арада мен таңдап алған хаттамаларды атауға болады: «Жиналысты ұйымдастырушы басы қосыла қалғандардан президент сайлап алуды өтінуі мұң екен, дауыл соғып беру үшін соның өзі жеткілікті болды. Анархистер мінберді басып алу үшін лап қойды; социалистер болса олардың бетін қайтаруға қызу кірісіп, бірін­бірі итерді, сатқын, шпион деп балағаттап жатты, ақырында бір азамат көзін көгертіп алып жөніне кетті. Ақыры айқай­шудың астында ептеп­септеп бюро құрудың сәті түсті де, мінберде жолдас X. қалды. Ол социалистерге қарсы нағыз айыптау ақтысын бастап та кетті. социалистер «Нақұрыс! Бандит! Сұрқия!» деген айқаймен оған бөгет жасап бакты, бұл эпитеттерге қарсы жолодас X. социалистерді «нақұрыс» немесе «сайқымазақ» етіп бейнелейтін теорияны баяндаумен жауап берді»… … Аллеман партиясы кеше кешкісін Фобург дю Тамил көшесінің бойындағы сауда залында жұмысшылардың бірінші май мерекесіне дайындық жиналысын өткізді. Жиналыстың ұраны «Тыныштық пен сабырлылық» болды». «Г. жолдас социалистерді жарыместер, өтірікшілер деп балағаттады; сол бойда шешендер мен тыңдаушылар бір­бірін аямай балағаттауға көшті де, төбелес басталды да кетті, сахнаға қарай орындықтар, отырғыштар мен үстелдер ұшын жатты…» Алайда, талқылаудың мұндай тәсілі сайлаушылардың тек қандай да бір белгілі табына ғана тән болған екен, бұл олардың әлеуметтік жағдайына байланысты ғой деп ойламау керек. Қандай да болсын аноним жиналыс атаулыда, тіпті оған тек ғалымдар катысса да, жарыссөз әрқашан бір пошымға ие бола кетеді. Мен жоғарыда тобыр арасына түскен адамдар ақыли айырмашылықтарды теңестіріп жіберуге ұмтылады, және мұның дәлелдерін аттаған сайын ұшыратамыз деген едім. Мысалы, тек қана студенттер бас қосқан мына бір жиналыс хаттамасының үзіндісіне назар аударыңыз, мен мұны «Temps» газетінің 1895 жылғы 13­ ақпандағы санынан алдым: «Уақыт өткен сайын айқын­шу көбейе берді, сөзі бөленбеген, ең болмаса екі ауыз сөзді жұрт бөлмей айта алған бірде­бір шешен болмады­ау деп ойлаймын. Минут сайын залдың о жер, бұ жерінен, кейде тіпті барлық тұстан тежеусіз айқай естіліп тұрды; залдағылар бейберекет шапалақтап, ысқырып отырды, әрқилы тыңдаушылар арасында бітіспес дау туындап жатты, таяқтарын ербеңдетіп айбат шекті, еденді тақылдатты, «Тайып түр! Ұмтыл мінбеге!» деп айқайлап жатты. М. С. ассоциация атына ең бір ыңғайсыз эпитеттер жаудырып, оны арам, жауыз, сатқын, кекшіл деп атады, оны жойып жіберуге ұмтыламын деп мәлімдеді…» Осындай жағдайда сайлаушы оз пікірін қалай қалыптастыра алады? деген сұрақ туындайды. Бірақ мұндай сұрақ бізде тек сондай жиналыстың бостандығы жөнінде оғаш жаңсақтыққа бой алдырсақ қана туындауы мүмкін.

Тобырда тек сіңірілген пікір ғана болады ғой және оны ешқашан толғаныс жолымен жасамайды. Біз айналысып отырған жағдайда сайлаушылардың пікірі мен рұқсаты сайлау комитеттерінің қолында болады, ал олардың жетекшілері көбіне­көп орайы келгенде жұмысшыларға несие беріп тұратындықтан, оларға ықпалы жүретін шарап сатушылар болады. «Сайлау комитеті дегеніміз не? ­ деп сұрайды осы заманғы демократияның жаужүрек жақтаушыларының бірі Сегерер мырза. ­ Ол дегеніңіз біздің барлық мекемелеріміздің есігін аша алатын жай ғана кілт, біздегі саясат машинасының басты бөлігі. Францияны қазіргі кезде комитеттер басқарады»… Комитеттер, олардың атауы клуб болсын, синдикат болсын, тіпті басқаша аталсын бәрібір, бізге төніп келе жатқан тобыр құдіретінің, бәлкім, ен басты элементі болар. Олар тиранияның еш дерексіз, демек, ең езіп­жаншығыш пошымы болып табылады. Комитеттерді басқаратын жетекшілер әлдене жиналыс атынан сөйлеп, қарекет ету құқығына ие болғандықтан, жауапкершілік атаулыдан құтылып, ойына келгенін істей алады. Ең қатал тирандардың бірде­біреуі, мысалы, революциялық комитеттер шығарған қанқұйлы нұсқаулардай бұйрық беруге ешқашан ниет ете де алмас еді. Олар Конвентті қырып­жойып, оны шұнтитып тастады да, Робеспьер солардың атынан сөйлей алатын кезде абсолютті билеп­төстеуші болып қала берді. Бірақ ол солардан бөлініп шыққан күні­ақ опат болды. Тобыр патшалығы ­ комитеттердің, яғни жетекшілердің патшалығы және олардан жаман деспотизмді елестетудің өзі мүмкін емес.

Оставить комментарий