Рене Жирар туралы

Рене Жирар (1923) — француз ойшылы, мәдениеттанушы, антрополог, әдебиеттанушы, «түбегейлі антропология» және соған негізделген мәдениет теориясының авторы. 1947 жылдан бері АҚШ университеттерінде дәріс береді, 1980 жылдан бері Стэнфорд университетінің профессоры. Негізгі шығармалары «Зорлық және киелілік» (1972), «Дүние жаратылуынан бері жасырын заттар» (1978), «Құрбандық текесі» (1982), «Заңсыз адамдар жүрген ескілердің жолы» (1985) және өзгелері. Сырт көзге дәстүрлі және кейде қалыпты көрінсе де, Жирардың ойлау машығында тегеурінді инновациялық потенциал бар. Ол өзінің кейбір қырларында постструктуралистер мен постмодернистік төңкерісшіл зерделілігінен асып түседі. Жирардың ойынша, жеке адамдағы барлық адами нәрсе, адамзат нәсілін негіздейтін адам аралық байланыстар сияқты, діншілдік құбылысынан туған. Алайда, «діншілдік» ұғымын ол дәстүрліге ұқсамайтын түрде пайымдайды, өйткені, ол оны «киелілік» және «құрбандық» ұғымдарымен байланыстырады. Жирардың ілімінше, әлеуметтік құрылым «миметикалық дағдарысты», яғни «барлықтың барлыққа қарсы соғысын» құрбандық шалу жолымен шешу арқылы пайда болады. Жирардың басты ұғымдары «мимесис» және «зорлық». Осы арқылы ол адамды «ақылды хайуан» деп сипаттайтын дәстүрлі философиялық антропологияда төңкеріс жасайды. Біз «мимесис» ұғымын сол күйінше алдық. Оның орысша мағынасы: «подражание», яғни, «қайталау», «ұқсап бағу». Орысша «жертва» деп аударылған ұғымды біз кейде «құрбан», кейде «аманат» деп алдық, «миметикалық кризис» деген тіркесті жоғарыда көрсетілгендей «миметикалық дағдарыс» деп аудардық. «Көзел отпущения» тіркесін «құрбандық текесі» деп алдық, «жертвенный механизм» тіркесін синонимдер ретінде кейде «құрбандық механизмі», кейде «құрбандық тетігі» деп қолдандық, «мимесис присвоения» тіркесі «иемдену мимесисі» деп аударылды. Сонымен қатар, кейбір ұғымдарға мәтін ішінде түсініктемелер берілді.

Читайте также:  Таңбаның өзгермеуі

Оставить комментарий