РЕСЕЙДЕГІ 1905­1907 ЖЫЛДАРДАҒЫ РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫС ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ

XX ғасырдың алғашқы жартысында әлем елдерінде, атап айтқанда Еуропа, Азия мен Латын Америкасы құрлықтарында демократиялық революциялық дүмпулер болып, ұлт­ азаттық қозғалысы өріс алды. Олардың арасында 1905­1907 жылдары Ресейде болған революциялық орны ерекше болды. Өйткені, бұл біріншіден, жаңа өндірістік қатынастардың еніп жатқан дәуіріндегі алғашқы революция еді. Екіншіден, бұл өзгеріс әлем елдерінің өз азаттығы үшін күресін бір саты жоғары көтеруге тікелей әсерін тигізді. Сонымен бірге, ол Ресейге қараған ұлттар мен ұлыстардың бұқаралық барлық әлеуметтік топтары араласқан, мазмұны жағынан демократиялық­халықтық революция болды. Бұл дәуірде Ресейде жаңа өндірістік қатынастар енді ғана өркен жайып, елдің дамуына тұсау болып келген ескі феодалдық­патриархалдық қоғамның қалдықтары әлі де жойылып біткен жоқ болатын. Елдің өркениетті жолмен өркендеуі үшін жаңа нарықтық қатынастардың дамуы, елде демократиялық тәртіптің орнауы жолында саяси сипаттағы күштердің күресін өрістетуге төңкеріс кең жол ашты. Соңғы кездерге шейін бұл төңкеріс тұсындағы Ресей социал­демократиялық жұмысшы партиясының ғана тәжірибесін оқып үйреніп келдік. Сондықтан да, елдегі саяси ахуалды объективті шындық тұрғысынан пайымдаудан біраз артта қалып, кенжеледік. 1905 жылдың 9­қаңтарында басталған бұл төңкеріс «Қанды жексенбі» деген атпен Ресей тарихнамасына еніп, мектеп қабырғасынан санаға сіңіп келгенмен бүгінгі күн талабы осы мәселеге қайта оралып, байыпты зерттеп, пайымдауды қажет етіп отыр. Ендеше соған тоқталайық. Халықтың наразылығы өсуіне орай, елде саяси жағдай күннен күнге шиеленісе түсті. Халықтың наразылығын басу үшін 18­қаңтарда 1905 жылы патша Ішкі істер министрі Булыгиннің атына жергілікті адамдардан сайлау арқылы заң шығару қызметіне тарту мақсатында рескриптіге қол қойды. Осы уақыттан бастап булыгиндік думаның сайлауына мемлекет тарапынан дайындық басталды. 1905 жылы маусымда Дала генерал­губернаторына, кейін Орал және Торғай әскери губернаторына былай деп хабарлады: «какие-­либо препятствия к образованию городских избирательных съездов на общих с внутренными губерниями началах в управляемой Вами области встретится, по видимому, не могут» 70 . Үкімет шаруалар болыстарының атынан күшке ие болатын шақыру тек болыстары бар үйездер ғана болады деп есептеді. Бұл Ресейдің ішкі губерниялық негізін еске алып құрылғандығын көрсетеді. Жер иеліктері куриялары атынан сайлау съездері жөнінде, Қазақстанда помещиктік жер иелігі болмағандықтан үкімет «образование их едва ли возможным» (олардың құрылуы мүмкіндігі шек келтіреді) 71 — деп есептеді. Сонымен бірге «Сіздердің облыстардың атынан алдын ала есеп бойынша Мемлекеттік Думаға бір адам шақырылатыны» 72 айрықша айтылды. Осылайша булыгиндік дума сайлауына дайындықтың бастапқы кезеңінде­ақ жергілікті жердегі қарапайым өкілдерін заңмен таныстыру қызметіне амалсыздан бас тартуға тура келді. Бірақ ол кездегі құжаттар куә болып отырғандай олардың басым көпшілігі өлкенің орыстар тұратын бөлігін қалалық және шаруалар курияларын ғана қамтыған. Енді жергілікті халықтарға келетін болсақ алғашқы дайындық кезеңінде жергілікті билік өкілдеріне мемлекет тарапынан былай деп көрсетті: «не допускать к участию в этих выборах кочевых и бродящих инородцев, составляющих преобладаюший разряд населения в управляемой Вами области» 73 . Патша үкіметінің қазақтарға сайлау құқын бергісі келмеуі, әрине халық арасында наразылық туғызбай қоюы мүмкін емес еді. Мысалы, Верный қаласының тұрғылықты адамдары 1905 жылы 31­наурыздағы болған жиналыстарында Жетісудан Думаға депутаттыққа 4 адамды (қазақ, ұйғыр, орыс, қырғыз) жіберуді өтінді 74 . Павлодар, Семей облыстары қазақтарының өкілдері патша үкіметінің саясатымен, олардың Дала облыстарын мекендеген байырғы тұрғын халықтарын сайлаудан тыс қалдыруымен келіспейтінін білдірді. Олар: «пропорциональное представительство без различия пола, национальности и вероисповедания, путем всеобщего, прямого и равного голосования…» 75 дұрыс деп тапты. Бұл мәселеге сол кездегі орыс тіліндегі басылымдар да өз наразылығын білдірді. «По проекту министра внутренних дел А.Г.Булыгина, в законодательной Думе, как носится упорной слух, не будет представитель от киргизского народа, неспособного будто бы, как бродящий и дикий народ, к исполнению возложенной и тяжелой функции в выработке закона в обновленной России» 76 . Сол кездегі газет­ журналдардың беттерінде осыған үндес көптеген құжаттардың мазмұны, патшалық дума саясатына ұлт зиялыларының ықпалымен өлкенің барша халқының келіспейтін қатынасын куәландыратын материалдар ұлт зиялыларының ықпалымен жарық көріпті. Бірақ осындай көптеген өтініштер мен тілектерді мемлекеттің билігі басындағылар ескермеді. Ресейдің орталық-­өндірістік аудандарыңда, сондай-­ақ, ұлт аймақтарында белең алған жаппай толқу мемлекетті түрлі келісімдер мен уәде берулерге амалсыз итермеледі. 1905 жылғы 6­тамыздағы Манифесте Думаның заңдары жөнінде хабарлады. Сайлау заңдары бойынша Ресей империясына енетін бодан елдердің халықтары, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан да сайлауға жіберілмеді. Бұл мемлекеттік акт Ресейді мекендеген күллі халықтардың наразылығын туғызды. Қазақ халқының атынан өкілетті ұлт зиялылары Павлодар, Семей үйездерінен былай деп жазды: «нам стало известно, что по отношению к окраинам будет выработано специальное положение о выборах в законодательный корпус. Цель всякого специального закона заключается ни в чем ином, как …официальное провозглашение полицейского произвола…» 77 . Ал «Степной край» газеті: «Отрицая в принципе всевозможные специальные законы, а равно законодательный акт 6 августа, мы, уполномоченные от киргиз и татар Павлодарского и Семипалатинского уездов, требуем, чтобы депутаты в законодательный корпус были избраны всем народом на основе пропорционального представительства, без различия пола, религии и национальности, путем тайного и прямого голосования» 78 — деген пікірін білдірді. Булыгиндік дума революцияны жеделдетуге түрткі орган болды. Ол халыққа ешбір жақсылық бермеді, «конституцияның елесін әкелді» дегенді большевиктік партия ғана айтып күрес жүргізгендігін кеңестік тарихи әдебиеттерде көп жазды 79 . Қазақстан халқының сайлау құқығы жоқ болғанмен, белсенді наразылық кең қанат жая бастады. Осы белсенді наразылықтың көш басында әрине, қазақ халқынан шыққан, сол кездегі ат төбеліндей ғана зиялылар болғанын тарих теріске шығармайды. Олар патшалық Дума сайлауға шақыруымен келіспей көпшіліктің революциялық белсенділігін көтеруге ықпал жасады. Жергілікті жерлерде социал­демократиялық қозғалыстың өршуіне орай белсенді наразылықтың географиялық аумағы күннен­күнге кеңейе түсті. Қазақстанның солтүстік аудандары мен Сібір өлкесінде әсіресе, Омбы, Том, Барнаул қалаларында саяси талаптар қойған листовкалар тарады. Омбы жандарм басқармасының бастығына хабарланған мәліметте Петропавловск қаласында көптеген саяси үгіт­насихат жүргізген листовкалар мен бірге «Булыгин комиссиясының» прокламациясы да табылған 80 . Орынбор, Самар, Астрахан және Саратов социал­демократиялық комитеттерінің листовкалары Булыгиндік думаның сайлау жүйесінің тәртібін әшкереледі және халықты қарулы көтеріліске шығуға шақырды. Осы прокламациялар Орал, Торғай облыстарындағы революциялық қозғалыстың жандануына үлкен әсерін тигізді. Қазақстанның оңтүстігінде Ташкенттік бөлімшенің таратқан листовкалары саяси серпіліс туғызды. Олар Булыгиндік думаға байкот жариялап, жұмысшылар мен солдаттарды қарулы көтеріліске дайындауға бастауды ұсынды 81 . 1905 жылдың қазан айынан шыға бастаған саяси бағыттағы үгіт­насихат листовкаларының негізгі мазмұны патша «сыйға тартқан» бостандықты әшкерелеуге арналған­ды. Қалың бұқараны сабасына түсіріп, басқару жүйесінің бұрынғы тәртібіне оралып, қайтадан өзінің қанаушылық қызметін жалғастыратындығын 82 айтты. Әрі қарай: «…біз патша үкіметіне ешбір сеніміміз жоқ және оның берген уәделері өтірік әрі сатқындық деп есептейміз» 83 — деген. Революция күн санап өріс ала бастағанынан қатты сезіктенген әрі қорыққан үкімет қалың бұқараны күшпен басуға талпыныс жасады. Дала генерал­губернаторы 1905 жылы 14­қазанда Ішкі істер министрі мен әскери министріне жеделхат жолдады 84 . Онда Дала өлкесіне әскери төтенше жағдай енгізуді өтінді. Жеделхатта былай деп көрсетті: бұл революциялық қозғалыс пен азаттық күресінің өркендеуі «бұқараны таңданарлық «әсер етіп, дүрбелең тудырып, тыныш жатқан басым бөлігін оятады» 85 — деді. Ресейдің барлық өндіріс орындарын, темір жол, почта, телеграфын түгелдей дерлік қамтыған ереуілдер патшаны 1905 жылы 17­қазанда тағы да бір Манифестке қол қоюға мәжбүр етті. Мемлекеттік баспа органдарында, әсіресе орыс тілді басылымдарда бұл құжатты жан­жақты үгіттеді. Манифестің толық мәтіні «Тургайская областная ведомости», басқа да мерзімді баспасөздерде жарық көрді 86 . «Уральские областные ведомости» газетінің 4­қаңтардағы санында жарияланған «Мемлекеттік Дума туралы» мақаласында алдын ала көзделген біржақты пайымдауы бойынша Ресей Думасыз һәм Дума тұсында қалай басқарылады деген мәселені толық қаузап түсіндірген 87 . Манифест еңбекші ой­санасына әсер етті, әсіресе шаруалар Мемлекеттік Дума арқылы жер мәселесін шешуге үміттенді. Мысалы, Ырғыз үйезі мен Торғай облысы шаруалары өздерінің арыздарында: «Бізді ерекше қуантқан 1905 жылғы 6­тамыз, 17­қазандағы ұсынған Дума сайлауына өзіміздің таңдаулы мүшелерімізді сайлау құқы, азаматтың бостандықтары… Дала көшпелілерінің қажеттіктерін елдің және халықтың жағдайымен жақын таныс делегаттар арқылы толық сенім береді», — деп атап көрсетті 88 . Ал келесі бір арызда: «Слова Высочайше утвержденного положения о выборах в Государственную Думу, что выборы кочевых инородцев производятся на основании особых правил, мы, киргизы, понимаем не в смысле ограничения наших прав в представительстве…, а в смысле выработки правил о выборах применительно к местным бытовым условиям кочевой жизни» 89 . Осындай сенім артқандықты білдіретін өтініштермен қатар үкіметтің атына демократиялық мазмұндағы хаттар мен жеделхаттар да келіп жатты. Қарқаралы қаласының тұрғындары атынан келіп түскен хатта: біріншіден, жақын арада Мемлекеттік Думаны шақыру, онда жалпы ашық әрі жабық дауыс беру; екіншіден, іс жүзінде жеке адамның шын мәнісіндегі дербес құқығын, ар­ұждан, сөз, баспасөз, жиналыс және одан бостандықтарын мойындау; үшіншіден, үкімет тарапынан болатын әскери жағдай мен күшейтілген қарауылды жою 90 . Әрі қарай олар жалпы халыққа бірдей білім беруді енгізу, жергілікті басқаруды реформалау, жұмысшы және шаруа мәселелерінің оң шешілуін талап етті. Сонымен бірге, манифестегі патшалық үкіметтің халықтық талап­тілегіне сәйкес шегінісін (уступка) толығымен қуаттап, қанағаттандырады деп түсінгендер де бар. Осындай мазмұндағы хаттар мен жеделхаттарды Ақмола, Семей 91 облыстары және Павлодар қаласы қоғамының 92 өкілдері атынан да кездестіруге болады. 1905 жылдың қазан­қараша айларында Қазақстанның көптеген аудандарында ереуілдер мен шерулер патша манифесінің абыройын төгетін ұрандармен өтті. Қазан айында болған саяси ереуілдерге алдымен Орал станцияларының жұмысшылары, оларға Перовск, Ақтөбе теміржолшылары қосылды. 19­қазанда Петропавловскіде шеру болып онда: «Патша жойылсын!», «Ресейдегі әріптестеріміздің күресін қолдаймыз!» деген ұрандар көтерілді. Жергілікті өкімет осы қозғалыстың қанат жайып кетуінен мазасызданып, барлық шаруалар басшылығын міндеттеуге шарасыз болып: «енді өз учаскелерін аралап, көп адамдар тұратын жерлерге бірнеше күн тоқталып, халыққа 1905 жылғы 17­қазандағы заңды түсіндірді» 93 . Бұл бірақ, мемлекет үмітін ақтамады. Ресейде және Қазақстан өлкесінде революциялық күрес одан әрі күшейді. Ресей қалаларында тек қана қаңтар айында 444 мың адам ереуілге шықса» 94 , 1905 жылдың алғашқы үш айында ереуілге 810 мыңдай адам қатынасқан 95 . Революциялық қозғалысты тоқтату үшін үкімет тағы да бұлтару, амалдау саясатына көшуге мәжбүр болды. Оған себеп Мәскеудегі еңбекшілердің қарулы күресінің және бүкіл аймақтардағы ереуілдердің ықпалы еді. 1905 жылы 11­желтоқсанда Мемлекеттік Думаның сайлау Ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде бұйрық шықты. Бұл сайлау туралы заң Қазақстан халқына түк те бермеді. 1905 жылғы 6­тамыздағы сайлау туралы Ереже өз күшін сақтады: сөз жүзінде ғана «Айрықша ереже» шығаруды уәде етті. Өлкенің еңбекші қауымы 1905 жылғы 11­ желтоқсандағы сайлау заңын жаңа революциялық қозғалысты жігерлендіру деп білді. Ауылдар мен селоларда жаппай аграрлық толқулар орын алды. Бұған, жауап ретінде Қазақстанның барлық облыстарында әскери жағдай орнады. Ал патша өкіметі Мәскеудегі көтерілісшілердің бүлігін басу үшін сырттан әскер күшін жібергендігі бізге бұрынғы кеңес дәуіріндегі мектеп оқулықтарынан­ақ белгілі. Революцияға қатынасушыларды тұтқынға алу мен қудалаулар күшейді. (Ол мәселеге кейінірек тоқталамыз). Патша әкімшілігі өріс алған революциялық толқуларды баса алмайтындарын айтып, есептер берді. Сондықтан да Түркістан генерал­губернаторы Ішкі істер министрлігіне тезірек жаңа сайлау заңын қарап, таңдауды жеделдету керектігін табандылықпен сұраған еді: «Кешеуілдету Түркістанда орынсыз толқулар мен тәртіпсіздіктерді өршіттіреді». Әрі қарай: «маған тапсырылған генерал­ губернаторлықта тыныштықты қорғау мақсатында, мен Сізден Мемлекеттік Думаға Түркістан өлкесіндегі сайлау ережесін мүмкіндігінше тезірек хабарлауға бұйрық беруге қарсы болмауыңызды өтінемін» 96— деп жазып еді. Осындай мағынадағы шұғыл хабарды Ішкі істер министрлігіне Орал әскери губернаторы жөнелткен 97 . Осы кезеңде жергілікті қаражүздіктер бөлімшелерін ұйымдастыруды жетілдіру тән болды 98 . Билеуші ортаның қуғындау қызметіне қарамастан жаңа сайлау заңының мәнін әшкерелеу күресі тоқтаған жоқ. Жетісулық социал демократтардың бөлімшесі Верный қаласының тұрғындарына арнаған прокламациясында: «Байлар, алпауыттар мүддесін қорғайтын өкілдерді патша қошеметтеп «халықтың қалаулы адамдары» десе, қалың бұқара бұған илана қоймайды және патшаның уәдесіне бір атаудан: «Байлардың, алпауыттардың, халық жауларының Мемлекеттік Думасы жойылсын!» дейді. Ал саяси листовкалардың мазмұны мынадай талаптармен аяқталды: «Бар халыққа ортақ құқықты ашық, әрі құпия дауыс беруімен сайланған құрылтай жиналысы қош келдің!» 99 . Бұл талап­ тілек, әсіресе қазақ зиялыларының көздеген ойымен астасып жатты. Жалпы «1905 жылғы революция шығыс халықтарының, соның ішінде қазақтардың ой­санасының оянуына қатты қозғау салды» 100 . XX ғасырдың басындағы қазақ қауымының рухани және саяси сұраныстарына толық жауап беруге ат салысқан ұлттық интеллигенция 1905­1907 жылдардағы революциялық қозғалыс барысында барлық деңгейдегі орыс әкімшілігімен бетпе­бет келіп отырды. Сондай­ ақ, олардың қоғамдық­саяси көзқарастарының қалыптасып, бірыңғай саясатпен араласуына осы 1905­1907 жылғы орыс революциясы белгілі дәрежеде ықпал жасады. Бұл жөнінде профессор К.Нұрпейісов «Алаш һәм Алашорда» атты монографиясында қызықты да құнды дерек келтіреді 101 . Алаш қозғалысының белгілі жетекшілерінің бірі Халел Досмұхамедұлы 1903­1909 жылдары Санкт­Петербургте императорлық әскери Медициналық Академияда оқыған. Оның саяси көзқарасының қалыптасуы мен саясатқа белсене араласып, көріне бастауы осы мезгілге дөп келеді. Оған дәлел болатын құжат Халел Досмұхамедұлының 1931 жылы 14­қыркүйекте Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының (ОГПУ) тергеушісіне өз қолымен жазып берген мәлімдемесі. «Мен Петербургке бірінші орыс революциясының қарсаңында келдім. Бұл кезде демократиялық күштер, оның ішінде студенттер қауымы да жиі­жиі наразылық білдіріп жататын. Қым­қиғаш студенттік өмірге араласумен қатар саяси білімімді жетілдіруге кірістім. Әр түрлі саяси партиялардың бағдарламаларымен таныстым… Мені және басқа қазақ студенттерін ешбір саяси партия бағдарламасы қанағаттандырмады. Социал­демократтар тек қана жұмысшылар туралы айтса, социал­революционерлер шаруалар жөнінде сөйлеп жататын… Кадеттер орыс халқының ұлылығы жөнінде сайрап, басқа халықтар туралы жұмған аузын ашпайтын, ал оңшылдар болса, орыс емес халықтарды жамандап, оларды қудалаумен болатын. Сол кезде жолдастарыммен бірге митингіге кездейсоқ тап болғанымызда сонда сөйлеген Милюковтың (кадеттердің жетекшісі — авт.) айтқан сөздерін осы күнге дейін ұмытқан жоқпын. Ол «патша үкіметі орыс емес халықтарды аса дөрекілікпен қанап отыр деп еді… 1905­1906 жылдары мен кейбір қазақ студенттерімен бірге Орал қаласында үгіт жұмыстарын жүргізіп, халыққа елде болып жатқан оқиғаларды түсіндірдім. «Фікір» және «Уральский листок» газеттерінде мақалалар жарияладым. 1906 жылы қырдағы ауылдарды аралап жүргенімде полицияның көзіне іліктім де саяси жұмыс жүргізуіме тыйым салынды» 102— дейді. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде Ресейдің бір ғана Петербург университетінде 20­ға жуық қазақ студенттері оқыған. Б.Қаратай, Б.Құлман, Б.Сыртанұлы, А.Тұрлыбайұлы, М.Шоқай, Ж.Ақбайұлы және басқалар. Сондай­ақ, Мәскеу мен Санкт­Петербургтың басқа жоғары оқу орындарын Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбайұлы сияқты қазақ жастары бітірген 103 . Яғни, қазақ зиялыларының басым көпшілігі Ресейдің бас қалалары Санкт­Петербург пен Мәскеу, сол сияқты Қазақстанмен көршілес Омбы, Том, Орынбор, Ташкент, Саратов, т.б. қалаларында оқып, алғашқы саяси әрекеттерге сол жерлерде араласып, қоғамдық­саяси көзқарастарының қалыптасуының бастау көздеріне айналғанын анықтау үшін жоғарыдағы құжаттың мәні зор. Бөкейхан, Бақытжан Қаратай, Бақыткерей Құлман, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Жақып Ақбайұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы сияқты ірі өкілдерінің көпшілігі Ресейдегі 1905­1907 жылдардағы төңкеріс кезіндегі орын алған саяси хал­ахуалға сергектігін әрі сын көзбен қарағандығын һәм қандай саяси ұйымнан үлгі алу мәселесін шешкендігін көрсетеді. Ресейдегі 1905­1907 жылдардағы төңкеріс Қазақстан үшін де тарихи кезең болды. «Бүкіл дала саяси додаға тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді» 104 . Дер кезінде В.И.Ленин дәл атап көрсеткендей, Ресейдегі 1905 жылғы орыс революциялық қозғалысы мен «ортағасырлық тоқырауда тағыланған жүздеген миллион» шығыс халықтарының, соның ішінде қазақ елінің де, өз азаттығы үшін күрес жолына түсуі арасында тікелей байланыстың бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл азаттық қозғалыстар бір­біріне тәуелді де, әрі өзара айырмашылығы да бар. Орыс азаттық қозғалысының негізгі көздеген мақсаты — Ресейді басыбайлы мешеулік пен шексіз, қатал әкімшілік тәртіптен қарышты экономикалық даму мен демократия жолына алып шығу болды. Ал ұлт зиялылары бастаған қазақ азаттық қозғалысының басты мақсаты — отарлау саясаты кең етек алып, бұғаудағы қазақ қоғамының мемлекеттік саяси дербестігін қалпына келтіру арқылы ұлттық өркендеуге жол ашу болды. Яғни, бұл тұста қазақ азаттық қозғалысының белгілі дәрежеде әлеуметтік­таптық міндеттерді де көтергенін жоққа шығаруға болмайды, дегенмен ол үшін бірінші кезекте ұлттық еркіндік тұрған еді. Профессор М.Қойгелдиевтің сөзімен айтқанда, 1905­1907 жылдары отарлық бұғаудағы қазақ қоғамында таптық санадан гөрі ұлттық сананың тезірек пісіп жетілуіне қолайлы алғышарттар басым түсіп жатты 105 . Ендеше, XX ғасыр басында қазақ қоғамының алдында қандай әлеуметтік­саяси сұраныстар тұрғанын Дала өлкесіндегі 1905 жылғы жаз айларындағы түрлі жәрмеңкелер мен жайлаулардағы мыңдаған адамдардың қатысуымен өткен басқосулар, оларда қабылданып, тиісті үкімет орындарына жіберілген саяси­әлеуметтік рухани­демократиялық талаптар қойған арыз­тілектерді (петициялар) оқып, білу арқылы кеңірек ұғына аламыз. 1905 жыл қазақ азаттық қозғалысының өрлеу, жаңа сапаға көтерілу кезеңін бастап берді, ал саяси күрес әдісі ең алдымен патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрінді. Жан аямас отарлық езгідегі қазақ елінің мұқтажын білдірген арыз­тілектер батыста — Оралда, орталықта — Қарқаралыда, оңтүстік­шығыста — Жетісуда, яғни қазақтың кең даласының барлық аймақтарында жазылды. Жетісу облысы Лепсі үйезінің қазақтары дайындаған петицияға 1000 адам 106 арнайы делегация арқылы Петербургтағы үкімет орындарына тапсырылған Орал және Торғай облыстары қазақтары атынан жазылған петицияға 44 адам 107 қол қойған. Бұл ретте қазақ даласында әйгілі Қарқаралы үйезіндегі болған Қарқаралы петициясына тоқталғанды жөн көрдік. 1905 жылы жаз шыға саяси ахуал қазақ жеріндегі губерниялық, үйездік орыс әкімшіліктерін де мазасыздандыра бастады. Олар Омбыға, Дала генерал­губернаторының кеңсесіне өлкедегі қалыптасқан жағдайды баяндаған мәліметтерді шұғыл жіберіп тұрған. Қарқаралы үйезі бастығы Оссовский де бұл науқанда «белсенділік» танытып баққан.

Читайте также:  Тарихи ойлаудың салыстырмалылығы

Оставить комментарий