Ресейдің Ілені Қытайға қайтаруы. Ливадий және Петербург келісімдері

Шыңжаңның негізгі аудандарындағы цин билігінің орнығуынан кейін, цин үкіметі Цзо Цзунтанға енді қосымша нұсқаулар беріп, Шыңжаң мәселесін біржола аяқтау үшін, орыстардың қолында тұрған Ілені қайтарумен де айналысуды тапсырады. Себебі аймақта орналасқан орасан зор әскерді пайдалана отырып, цин үкіметі енді орыстармен күш көрсету тұрғысынан да сөйлесуге болады деген сенімде болды. Осы уақытта цин үкіметі Іле мәселесі бойынша Ресеймен келісімге келу жөнінде Цзо Цзунтанның К.П.Кауфманмен арнайы кездесуін ұйымдастыру жөнінде де мәселені қарастыра бастайды. Бірақ Цзо Цзунтан дипломатиялық келіссөз жүргізе алатын тұлға емес еді. Сондықтан Ресейге арнайы елшілік аттандырып, дипломатиялық келіссөз жүргізуге тоқтайды. Осы елшілікке кімді жіберу керек деген мәселе бойынша біраз пікірталас туындап, тәжірибелі дипломат Цзэн Цзицзэнің кандидатурасын бекітуге ұсыныстар жасалады. Бірақ ақырғы шешімде Чун Хоудың кандидатурасына тоқталады.(292). Цзо Цзунтан өзіне таныс Чун Хоудың елші қызметіне тағайындалуына ризашылық білдірді, өйткені ол келіссөздер Іледе өтеді деп ойлап, егер келіссөздер Құлжада өтетін болса, оған арнайы патша өкіметінің өкілі келеді, дипломатиялық келіссөздер барысына ықпал етіп, оған қысым жасауға болады – деп, тіпті Цзунлиямынге өзінің Іле мәселесін шайқас алаңында да шешуге әзір екендігін мәлімдеп үлгерді.(293). Іле мәселесін шешу де цин сарайында бірқатар пікірталас тудырады. Себебі Ресейдің Орталық Азиядағы нығайып келе жатқан қазіргі геосаяси жағдайына байланысты, онымен арадағы байланыстың болашағы туралы сарай қызметкерлері әртүрлі пікірде болды. Цзо Цзунтанның Шыңжаңдағы әскери жеңістерінен кейін рухтанған цин үкіметі «Іле дағдарысынң шешу үшін Ресейге мәселені төтесінен қоюды, патша өкіметі бұған қарсылық көрсете қалса, онда, күш қолдану арқылы Ілені соғыспен тартып алу керек десе, екінші бір топ өкілдері, дәлірек айтсақ, баяғы Ли Хунчжан бастаған топ өкілдері Іле мәселесін шиеленістірмей дипломатиялық жолмен, соғыссыз шешу керек десті. Ресей өкіметінде де, әсіресе орталық­азиялық саясат мәселесімен тікелей айналысушылар арасында Ілені Қытайға қайтармауды, керек болса онымен соғысқа да баруды ұсынған мемлекет қызметкерлері болды. Ресей үшін Іле аймағының сауда­экономикалық маңызы және аса маңызды стратегиялық мәні оны қайтармауға тұрарлық еді. Ілені орыс иелігінде қалдырудың маңыздылығын патша өкіметіне ұсыныс ретінде айтушылар – Шыңжаңмен шекаралас жерлеріндегі патша өкіметінің билік иелері – Семей облысының әскери губернаторы В.А.Полторацкий (1873 ж. аяғындағы Ресей СІМ­не жазған мәлімдемесі) мен Түркістан генерал­губернаторы міндетін атқарушы Г.А.Колпаковский (1874 ж.басында) болды. (294). Орыс саясаткерлерінің бұл мақсатын қытай тарихшылары күні бүгінге дейін сынға алып, орыс дипломатиясының басқыншылық сипаты ретінде көрсетіп келеді.(?) «Іле мәселесінң шешуде Ресейдің бұл кезеңдегі ұстанымы біршама өзгеріске ұшырай бастайды. Оған себеп болған – Ресейдің 1877­1878 жылдардағы орыс­түрік соғысынан кейін және патша өкіметі үшін өте сәтсіз болған, 1878 жылғы Берлин конгресінің нәтижесінен кейін қалыптасқан халықаралық жағдайы еді. ХІХ ғ.60­шы жылдарындағы Ресейдің Орта Азия мен Қазақстандағы ықпалының нық орнығуы Британ империясының «ықпал аймағынаң қарай шекарасының жақындай түсуі Англияны қатты алаңдата бастаған еді. Ағылшын баспасөз беттерінде русофобтық жарияланымдар көбейіп, онда «орыстардың британдық Үндістанды басып алуға ұмтылған саясаты анықң деген айыптаулар тағылған мақалалар қардай борайды.

Ресейдің Орта Азиядағы күшеюінің орнын толтыру үшін Англия өзінің Ауғанстандағы саясатын күшейтуі тиіс деген ұсыныстар айтылады. ХІХ ғ. 70­ші жылдары Орта Азиядағы ағылшындардың ең соңғы тірегі болған Мерв мәселесіне байланысты орыс­ағылшын қатынастары шиеленісіп кетеді. Орта Азиядағы маңызды жерінен айрылуға мәжбүр болған ағылшындар бұл аймақты мүлдем уысынан шығарып алады. Осыған ызаланған Англия 1879 жылы Ауғанстанға соғыс жариялайды. Нәтижесінде Ауғанстан Англияға толық тәуелді елге айналады. Ағылшын­орыс бәсекелестігі бұнымен тоқтамайды. Англия дипломаттары енді Ресейді батыстағы саяси сахнада да мұқалтуды ойластырады. Англия мен Австро­Венгрия Ресейдің Балкандағы позициясының күшеюіне қарсы әрекет жасап, 1878 жылы орыс­түрік соғысының нәтижесін қорытындылаған Сан­Стефан бейбіт келісімінің шарттарын қайта қарау туралы мәселе көтеріп, Берлин конгресін шақыру жөнінде бастама жасайды. Орыс­түрік соғысынан әлсіреген Ресейге Англия мен Австро­Венгрия тікелей соғыс қаупін тудырып, оған қарсы шығады. Германия да, сөз жүзінде бейтараптық саясатын жариялағанымен, іс жүзінде Ресейдің әлсіреуін қалады. Державалар арасындағы бірнеше құпия келісімдерден соң, Берлин конгресі шақырылады. Онда төрағалық етуші Бисмарк өзін «адал маклерң деп жария еткенімен, келіссөз барысында Англия мен Австро­Венгрияның талабын қолдап, Ресейдің оны толық қабылдауына қол жеткізеді. Сөйтіп, орыстар үшін тым тиімді болған Сан­Стефан келісім шарты жоққа шығарылады. Бұл саясатты орыс патшасы Александр ІІ «Ресейге қарсы Бисмарк басқарған европалық коалицияң ­деп атады. Берлин конгресінде орыстардың позициясынын әлсіретуге бар күшін салған Англиядан Азияда реванш алуды көздеген патша өкіметі Орталық Азиядағы әскери­саяси және экономикалық ықпалын күшейтуге ұмтыла отырып, «Іле мәселесіндең өз есесін жібермеуді ойластырды. Ілені Қытайға қайтару мәселесі көтеріле бастағанынан хабардар болған жергілікті халық дүрбелеңге түсті. Мыңдаған мұсылман тұрғындар Құлжадағы орыс үкіметінің өкілдеріне келіп, өздерінің қытай билігінде қалғысы келмейтіндіктерін, орыс бодандығына өтуге рұқсат сұрайтындықтарын мәлімдей бастайды. Орталық мұрағатта сақталған құжаттарда Құлжа халқының Ресейге өтуге тілек білдірген көптеген құжаттары сақтаулы. Соның бірінен мысал келтірсек: «Жүз жылдан астам уақыт бойы біздің ата­бабаларымыз тілі жоқ құл және көлік ретінде пайдаланылатын мал ретінде небір сұмдықты бастан кешірді… Қытай билеушілерінің жосықсыз қорлығына біздің әйелдеріміз бен балаларымыз үнемі қатал тәртіп шеңберінде төзіп келді…Міне, соңғы жеті жылда ғана тыныштықта өмір сүріп, жайбарақат өмірге келіп едік. Аяқ астынан, төбеден түскен найзағайдай болған жайсыз хабарды естіп халық есеңгіреп қалды. Біздер, орыс патшасынан, Құлжаның мұсылман халықтарын мәңгілік өз бодандығына қабылдауын сұраймызң деп, өтініп сұраған, жүздеген адам қолын қойған тілек хаттарын кездестіруге болады. (296). Цин өкіметі мен Ресей арасындағы Іле мәселесін шешу жөніндегі келіссөздерді өткізу мәселесі дипломатиялық арналар арқылы шешіліп, ақыры келіссөздер Петербургте өтетін болып келісіледі. 1879 жылдың басында Іле аймағын Қытайға қайтару мәселесі бойынша орыс­қытай келіссөздері Петербургте басталады, оған Қытайдан арнайы тағайындалған төтенше өкілетті елші Чун Хоу келеді.(297). Чун Хоудың елшілікке тағайындалуына қарсылық білдіруші топтар да болғанына қарамастан, цин сарайы оның кандидатурасын бекітіп, оған Ілені қайтару жөнінде тек жалпылама нұсқаулар берумен шектеледі. Себебі цин үкіметінде бұл кезде осы мәселе жөнінде нақты талқыланып, дипломатиялық сүзгіден өткен тиянақты толық шешім болмаған, сондықтан Чун Хоуға тек Ілені қайтаруды ғана тапсырумен шектелген. Ресейлік ғалым А.Д.Воскресенскийдің осы мәселеге арналған арнайы зерттеуінде, Цин сарайының қызметкері Чжан Пэйлунь, өзінің сарайға берген мәлімдемесінде Чун Хоудың Петербургке сапары теңіз арқылы емес, тікелей құрғақтағы жолмен, яғни Іле аймағы арқылы баруы керек, жол жөнекей ол Цзо Цзунтанмен жолығып, Ілені қайтаруда орыстарға қандай жеңілдіктер беруге болады, қандай мәселеде келіспеуге болады деген сияқты мәселені шешіп баруы керек деген ұсыныс айтады. Бірақ, цин үкіметі Чун Хоуды нақты талқыланбаған, жалпылама нұсқаумен Петербургке теңіз арқылы аттандырады. Жолда ол Париждегі қытай өкілі Го Сунтаомен кездесіп, сапардың мақсатын хабарлайды. Го Сунтаоның кейін жазғанындай, Чун Хоу келіссөзге жеткіліксіз дайындықпен аттанған. Оның мәселені жан­ жақты, тиянақты талқылай алмайтындығы, тек Ілені қайтаруды ғана көздеген нұсқаумен бара жатқандығы алдын­ала белгілі болатын. Цин сарайында Қытайдың сыртқы саясатымен айналысатын бірде бір адам , немесе бірде­бір сарайлық партия тобы Ілені қайтаруда орыстарға қандай есені жіберуге болады немесе болмайды деген дипломатиялық талдау жасалынбағаны белгілі болды. (298). Чун Хоу 1878 жылдың аяғында Париж арқылы Петербургке келеді.

Читайте также:  ШИИЗМДЕГІ САЯСИ ОЙЛАРДЫҢ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕР

28 желтоқсанда ол Александр ІІ патшамен аудиенцияда болады.(299). Келіссөздер басталмастан бұрын, 1879 жылы 4 наурызда Ресейдің жетекші министрліктері мен басқа да мемлекеттік мекемелерінің өкілдерінен құралған топтың Ілені Қытайға қайтару кезінде цин өкіметінен өтем ретінде қандай территориялық және басқадай төлемдерді талап ету жөнінде арнайы кеңес өткізіледі.Кеңесте көпшілік дауыспен, 1876 жылғы 11 сәуірдегі Ілені Қытайға қайтару мәселесін қараған мәжілістегі шешімдерді өзгертпеу туралы келісіледі. Құлжаны Қытайға қайтаруда Ресейдің экономикалық шығындарына өтем талап ету, аймақтағы орыс саудасына жеңілдіктер талап ету, орыс бодандығына өтуге тілек білдірушілерді қоныстандыру үшін Іленің кейбір аймақтарын Ресейге беру жөнінде шешім қабылдайды. Осы қабылданған шешімдер жөнінде кеңес мүшелері Ресей СІМ арқылы 1879 жылы 28 және 29 наурызда Чун Хоуды хабардар етеді. Кеңесте қабылданған шарттар төмендегідей еді: Ресей өкілінің бұдан бұрын Пекинде талап еткеніндей, аймақтағы орыс бодандарының мәселесіне байланысты қойылған талап­тілектерді алдын­ала орындау, яғни осыған қатысты мәселені толық шешу; Сауда ережелерін алдын­ала қайта қарау және Құлжада, Улясутайда, Қобдада және басқа да Батыс Моңғолия мен Жоңғария жерінде консулдықтар мен сауда агенттіктерін ашуға рұқсат беру; Орыс саудагерлерінің Батыс Қытай мен Жетішарда сауда жасауына және сол жерлерде консулдық ашуға рұқсат беретін айрықша келісімге қол қою ; Қытайдың иелігіне өтетін Құлжа округі мен Семей және Жетісу облысының арасындағы шекара сызығын айқындау, соның ішінді Борохудзир бекінісі мен Текес өзенінің аңғары Мұзарт асуымен қоса орыс жағына берілуі тиіс. Асу қытай жағына да ашық болып қалуы тиіс ; Шәуешек жағынан да шекара сызығы белгіленіп, Қара Ертіс аңғары орыс жағына өтуі тиіс ; Қашғар жағынан да шекара айқындалып, орыстар іс жүзінде оларға тиесілі болып келген Иркештам бекінісіне ие болуы керек, ал қытай жағына Якуб­бектің Қоқан хандығынан басып алған жерлері берілуі тиіс ; Құлжаны алуға кеткен ақшалай шығын мен орыс саудагерлерінің дұнғандар көтерілісі кезінде тартқан шығындарына өтем жасау ; Қытай әскерлерінің Құлжаға енуі алдыңғы алты пункт толық орындалғанда ғана мүмкін болады және жергілікті мұсылман халықтарына толық рақымшылдық жариялануы тиіс.(300). Арнайы кеңесте осы шешімнің орындалу барысында орыстар қытай жағына 5 және 7 пунктердің екінші қатардағы маңыздылығын ескертіп, егер қытай жағы қарсылық білдірген жағдайда оны алып тастауға болады делінді.(301). 4 наурыздағы Арнайы кеңестің қабылдаған шарттарын Чун Хоу түгелдей дерлік қабылдады. Александр ІІ патшаға 1879 жылғы 30 маусымдағы осы келіссөз барысы жөнінде жіберген мәлімдемеде: «Келіссөздер барысы қанағаттанарлық; біздің сауда мәселелері мен шекаралық өзгерістер жөніндегі ұсыныстарымыз, орыстардың шығындарына өтем жасау туралы мәселелер елші тарапынан ешқандай қарсылықсыз, толық қабылданды.ң­ деп хабарланды.(302). Бірақ, өтем төлеу мөлшеріне келгенде, кенеттен шекаралық аймақтардағы жергілікті Ресей билік өкілдерінің ұстанған қатаң талаптарына, ұсыныстарына байланысты қиындық туындайды. Жетісу облысының әскери губернаторы Г.А.Колпаковский Іле аңғарының Құлжаға дейінгі елеулі батыс жақ аймағын Ресейге беру жөнінде талап қоюды ұсынса, Түркістан генерал­ губернаторы К.П.Кауфман, бұл ұсынысты құптамаса да, төлем мөлшеріне келгенде оның көлемін 60 млн. рубльге дейін көтеру керек деген талап қояды. Бұл қаржыны патша өкіметінің ортаазиялық темір жол құрылысын салуға жұмсау қажет деген пікірін білдірді.(303). 1879 жылы 30 маусымдағы Александр ІІ патшаға жіберген мәлімдемеде, Гирс Ресей СІМ атынан бұндай талаптардың өте орынсыз екендігі, Ресейдің Құлжаны ұстап тұруға кеткен шығыны әрі кеткенде жарты миллионнан аспайтындығын, осындай негізсіз талаптарды алға тарта берсек, қытай жағы келіссөздерден бас тартуы мүмкін деген пікірін білдіреді. Іледегі орыс әскерлерінің шығыны, өткен тоғыз жылда, Әскери Министрліктің есептеуі бойынша ­ 3 млн.рублден аспайтындығын, барлық шығынды қосқанда төлем мөлшері 4 млн.руб. төңірегінде болатындығын мәлімдейді. Ал көтеріліс кезінде орыс саудагерлерінің шығынын талап ету әділетсіздік болар еді және біздің Қытай сияқты елмен арадағы қатынастағы беделімізге сын болар еді ­ деп көрсетеді Гирс өз хатында.(304). 1879 жылы 9 шілдеде тағы да арнайы кеңес мәжілісі шақырылып, бұдан бұрын қабылданған, Іле аймағының негізгі бөлігін Қытайға қайтару жөніндегі шешімді бекітеді.

Сонымен қатар, мәжілісте Іленің Ресейге өтуге тиісті бөлігін, Қытай билігінде қалғысы келмейтін, Ресей әскерлерімен бірге кетіп, орыс билігіне көшкісі келетін Шыңжаңның дұнған және басқа мұсылман халықтарымен қоныстандыру мәселесі қаралады.(305). Құлжа, немесе Іле мәселесін қараған орыс­қытай келіссөздері 1879 жылы 20 қыркүйекте Ливадийде, Ілені Қытайға қайтару туралы Ливадий келісімі деген атқа ие болған шартқа қол қоюмен аяқталады. Ливадий келісімі бойынша патшалық Ресей бірқатар маңызды артықшылықтарға ие болды: Ресей стратегиялық маңызы зор Іле аймағының біраз бөлігі – Текес өзені аңғары мен Құлжа­Ақсу жолын бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін, яғни Тяньшаннан тікелей Іле жері арқылы Шығыс Түркістанға өтуге болатын, аса маңызды Мұзарт асуына ие болды. Осылайша, Ресей Құлжа мен Қашғария арасындағы жолды бақылау мүмкіндігін сақтап қалды. Ал бұл стратегиялық маңызды территориялардың орыстардың қолында қалуы Қытай үшін Ілені қайтарып алудың мәнін жоққа шығарумен бірдей еді. Сонымен бірге, орыстардың 1858 жылғы Айгунь келісімінде көрсетілгендей, Сунгари өзенінде жүзу құқы расталды. Патшалық Ресей сонымен қатар, бірқатар сауда жеңілдіктеріне ие болып, бүкіл Батыс Қытай жерінде ­ Ұлы Қытай қабырғасы мен Монғолияға дейінгі аймақта салықсыз еркін сауда жасауға рұқсат алды және Құлжаны иелену мен оны ұстап тұруға кеткен шығынды өтейтін 5 млн.руб. көлеміндегі ақшалай төлемге ие болды. (306). Келіссөздер барысында орыстардың бұндай үстемдікке баруы, Чун Хоудың патша өкіметінің ұсыныстарының бәрін дерлік қабылдауы Цин үкіметінің келіссөздерге жеткілікті дайындықсыз келуін, келіссөздер барысында болуы мүмкін оқыс жағдайларға, орыстарға қандай жеңілдіктер беруге болады деген мәселелерге мән беріліп, келіссөздердің жобасы алдын­ала толық нақтыланбағандығын айқын көрсетті. Орыстардан Ілені қайтарып алу жөнінде цин үкіметінің нақтыланған дипломатиялық стратагемасы да жасалынбаған болып шықты. Чун Хоудың Іле мәселесі жөніндегі дипломатиялық дайындығының әлсіздігін шебер пайдаланған патша өкіметі мәселені белден басып, өз позициясын күшейтіп алды. Бірақ, патша өкіметі келіссөз мәтініндегі барлық мәселелерді қытай жағы толық мақұлдап, ратификациялайды дегенге күмәнмен қарағаны да рас. Солай болды да. Қытай өкіметі бұл келіссөздер шартын қабылдаудан бас тартып, ратификацияланбайтынын жариялады.(307). Ілені қайтару туралы орыс­қытай келісіміне қол қойылғаны туралы Чун Хоудың Цзунлиямынге жіберген жеделхатын алған соң, цин үкіметі аса қиын жағдайға душар болды: цин сарайындағы билік өкілдері әсіресе Текес аңғары мен Мұзарт асуының Ресейге берілуіне үзілді­кесілді қарсы шықты. Сарайдағы бір­біріне қарама­қарсы көзқарастағы екі топ –Цзо Цзунтан мен Ли Хунчжан арасындағы пікірталас өршіп, Қытайдың орталықазиялық шекарасы төңірегіндегі дау­дамайға тағы да май құйғандай болды. 1879 жылы 7 қарашада келісімнің толық мәтіні және Бюцов пен Чун Хоудың келіссөздерінің хаттамасы келген соң, онымен танысқан Цзо Цзунтан және Чжили провинциясының билеушісі Чжан Чжидун бұл империяның намысын аяққа басатын оқиға, Іледегі ең маңызды стратегиялық иеліктерін патша өкіметіне беру арқылы Қытай Орталық Азиядағы позициясынан айрылады ­ дей келе, өкіметті дереу Ресейге қарсы соғыс бастауға шақырды, келісім шартты қабылдамау жөнінде қатаң позицияға көшті. Бұған Англия да қолдау көрсетіп, цин үкіметін патша өкіметіне қарсы саясатқа итермеледі. Цин сарайындағы Ливадий келісімінен империяның беделіне зор нұқсан келетін, оның намысын төмендетуге дейін барған баптарға Чун Хоудың келісіп, шартқа қол қоюын аяқсыз қалдырмай, оны мемлекеттік мүддені қорғай алмаған қызметкер ретінде қатаң жазаға тарту жөнінде ұсыныстар түседі. Өкілетті билігін асыра пайдаланды, Цзунлиямыннің ңұсқауларын өрескел бұзды деп өзіне таңылған айыптаулардан қорғануға мәжбүр болған Чун Хоу цин үкіметінің сыртқы саясатының кейбір құпияларын ашып, оны жария етуге де барды. Пекиндегі орыс елшісі Влангалиға ұлы канцлер Вянь Сянның бір кездерде, орыстар Ілені Қытайға қайтарып беретін болса, оның сый­сияпатсыз қалмайтындығын айтып, уәде бергенін, ал Сунгари өзенімен орыстарға жүзу құқын беру 1858 жылғы Айгунь келісімінде­ақ шешіліп қойылғанын мәлімдеді.(308). Ливадий келісіміндегі орыстарға берілген артықшылықтарды жалғыз Чун Хоудың ісі деп қарау қателік болар еді. Чун Хоу елші ретінде өте үлкен өкілеттілікке ие болды, себебі ол императордың тікелей өкілі ретінде әрекет етті. Бірақ сол кездегі қалыптасқан жағдайға байланысты, цин сарайы екі жақты қысымға тап болды: бір жағынан батыс елдері императорды патша өкіметіне қарсы итермелесе, екінші жағынан, ішкі Ресейге қарсы саяси топтардың әрекеті. Осындай жағдайда Чун Хоу осы шиеленісті топтардың арасындағы күрестің құрбандығына айналды. Цин сарайының дипломаттары Ілені қайтару керек екендігін білді, бірақ оны қайтарып алу жолында қандай жеңілдіктерге бару керектігі жөнінде ешкім ештеңе айта алмады. Ал келісімге қол қойылған соң, оған қарсы топтар Ли Хунчжанның позициясын әлсірету үшін шу шығарады. Өйткені Ли Хунчжан келіссөз жүргізу туралы мәселе көтерілген кезде, Ресеймен компромистік бейбіт келісімге бару керек деген ұсыныс айтқан болатын. Ли Хунчжан Ресеймен соғыс жүргізудің кез келген себеп сылтауларына қарсы болды. 1880 жылы қаңтарда князь Ли императорға меморандум жіберіп, келіссөздерді қайта қарау үшін басқа елші тағайындауды ұсынды. Міне, дәл сол кезде, цин сарайы Қытайдың Англия мен Франциядағы елшісі қызметін атқарушы Цзэн Цзицзэні Ресейдегі елшісі қызметін қоса атқарушы етіп тағайындау туралы шешім шығарады. Ливадий келісімін қайта қарауды талап етушілер Чун Хоудың қатаң жазаға тартылуын да талап етті. 1880 жылы қаңтарда бір айдың ішінде Чун Хоу барлық қызметтерінен айрылып, түрмеге жабылды, аса ауыр жазаға ­ өлім жазасына кесілді.(309). Цин үкіметі Чун Хоуды ауыр жазаға тарту арқылы болашақ келіссөз барысында Цзэн Цзицзэ орыстармен өте қатаң позицияда болып, есені жібермесін деген ойда болды. Ливадий келісіміндегі Ресейліктерге кеткен артықшылықтарға Цин үкіметінің өкілдері ерекше наразылық танытып, оны қайткенде де қайта қарауға қол жеткізуге шақырды, тіпті Цзо Цзунтан сияқты барынша соғысқұмарлар сол үшін Ресейге соғыс жариялауды талап етті. Цин өкіметі шынымен­ақ соғысқа әзірлене бастады, Іледегі Ресеймен арадағы шекара маңын европалық үлгідегі қару­жарақпен қаруланған және үйретілген әскермен күшейтуге кірісіп, ол жерге 40­50 мың адамдық Қытайдың ең үлгілі әскери құрамасын шоғырландырып, шетелден қару­жарақ сатып алуға кірісе бастады.(310). Англия Қытаймен Ресей арасындағы бұл қырғи­қабақтық жағдайды өршітіп, цин өкіметін орыстармен соғысқа итермелеуін тоқтатпады. Англия Қытайға атақты қанішер әскер қолбасшысы, Қытайдағы тайпиндер көтерілісін талқандауда ерекше көзге түскен полковник Ч.Гордонды қытай әскерін Ресейге қарсы соғысқа әзірлеуге көмек ретінде, әскери миссиямен жібереді. Англия мен Ресейдің Орталық Азиядағы бәсекелестігі тұрғысынан алғанда, «Іле шиеленісінең бірден­бір қатысы бар ағылшын дипломатиясы екендігінде дау жоқ. Ливадий келісіміндегі құжаттан ол өзінің Орталық Азиядағы ықпалының әлсіреуі түгіл, мүлдем айрылып қалу қаупін көрді. Сондықтан да ағылшын дипломатиясы жанталаса Пекинге келіссөзді қабылдамау туралы ақыл­кеңес беруін үдетті. Оған мысал ретінде Англияның Петербургтегі елшілігі Ресеймен келіссөз жүргізуге тағайындалған елші Цзэн Цзицзэге кеңесші қызметін атқарып, ал Қытай сыртқы істер министрлігіне ­ Цзунлиямыньге Пекиндегі ағылшын елшісі кеңесші қызметін атқарып отырған. Ағылшын дипломатиясының бұл әрекеттері жеміссіз болған жоқ, ол орыс­қытай Ливадий келісімін қайта қарауға қол жеткізді. «Цин үкіметінің сыртқы саясаттағы ұстанған стратагемасы нәтижесінде, оның Англия мен Ресейдің арасындағы шиеленісті шебер пайдалана отырып, Ресейге дипломатиялық қысым жасап, қол қойылған келісімді Қытайға қолайлы болатындай етіп қайта қарауға қол жеткізуін, келіссөз барысында араға жүруші делдалдыққа Англияны таңдауын, қытай дипломатиясының жеңісі емес, орыс дипломатиясының жеңілісі, ал британ дипломатиясының жеңісің ­ деп баға берген ғалым А.Д.Воскресенскийдің тұжырымымен келіспеске болмайды. (311). Ал цин сарайындағы Ли Хунчжан бастаған топ болса, басқаша пікір ұстанды. Оның пікірі бойынша, Чун Хоудың сәтсіз әрекеті ­Қытайдың батыс елдерімен сыртқы байланыс жөніндегі тәжірибесінің жеткіліксіздігінен және Ресей туралы білімнің аздығы себеп болған. Ли Хунчжанның пікірінше, егер келіссөз мәтінін екі жақ келісе отырып редакциялап, орыстарға берілген жеңілдіктердің мөлшерін азайтса, әлі де болса, Чун Хоудың сәтсіздіктерін жөндеуге болады, ал 5 млн.руб. төлем деген кеткен шығынға қарағанда онша көп емес, сондай­ақ орыстарға өтуге тиісті территориялық шығында онша қатерлі емес. Сондықтан келіссөз шартын кідіртпей ратификациялау керек деген пікірде болды.(312). Ли Хунчжанның қарсыластары бұған жауап ретінде қоғамдық пікір тудыруға тырысып, халықтың санасында шовинистік көңіл күйді оятатын қытайды ұлықтайтын саясатты өршітіп, Ресейге қарсы соғыс жариялауға дейін баратын үндеу таратты. Бұндай көзқарастың өршуіне, бір жағынан ,сарайдағы сол кездегі әлі белгілі бола қоймаған қызметкер Чжан Чжидунның императорға жазған хаты квинтэссенция сияқты болды. Чжан Чжидунның пікірінше, Ресей Қытаймен соғыста жеңіске жете алмайды, өйткені ол орыс­түрік соғысындағы жеңілістен кейін әлсіреген, ал Ресейдегі ішкі шиеленістер мен оппозицияның болуы патша өкіметінің елдегі жағдайының тұрақсыздығын көрсетіп отыр деді. Оның үстіне мемлекеттердің арасындағы келісімді ратификациялаудан бас тарту европалық ережеде өрескел нәрсе емес, сондықтан Ресей тарапынан Қытайды сынға алу болмауы тиіс. Оның үстіне,­деді Чжан Чжудун, Қытай өткен заманда Ресейге үш рет жеңілдіктер жасаған болатын: император Канси Албазин бекінісін қоршаудан алып тастады, орыс тұтқындарын өлтірмей, өмірлерін сақтап қалды, орыстар Қытайда өздерінің діни миссиясын ашты. Чжан Чжидунның ойынша, орыстар осы жеңілдіктерге ие болғаны үшін Қытайға ризашылықпен қарауы тиіс және Ілені ешқандай өтемсіз қайтаруы керек. Сонымен қатар, Чжан Чжидун, егер Қытай Ресеймен соғыста жеңілсе, ол дипломатиялық стратагем жолымен орыстарға қысым жасап, оны қиын жағдайға душар ете алады деп есептеді. Қытай Түркияны Ресейге қарсы оның европалық бөлігі жағынан соғысқа итермелей алады, Жапонияны Тайваньдағы жер иеліктеріне деген өтінішін қанағаттандыру арқылы Сахалинге шабуыл жасауға көндіріп, Британия мен Германияның Ресейге финанстық қысым жасауына себепші бола алады –деді. Міне, осы себептер цин дипломатиясына келісімді қайта қарауға қол жеткізеді –де есептеді.(313). 1880 жылы 2­ші сәуірде Цзо Цзунтан Пекинге хат жолдап, онда үкіметке егер соғыс бола қалса, оның әскері кез­келген жағдайға әзір екендігін мәлімдеді. 26 мамырда ол өзімен бірге табытын алып, Құмылға қарай жол тартты. Ондағы ойы халыққа Отаны үшін орыстармен соғысуда жанын да аямайтындығын халыққа көрсетпек болған саясаты еді. Шыңжаңға ол үкіметтің арнаулы нұсқауын алған соң аттанады. Үкімет оған өздігінен соғысқа кіріспеуді, ал егер орыстардың шабуылы бастала қалса, оған тойтарыс беруге рұқсат берген еді. Цзо Цзунтан әртүрлі дипломатиялық арналар арқылы Ресейдің экономикалық және әскери күш­ қуаты туралы мәліметтер жинақтап, онымен Цзунлиямынды хабардар етіп отырды. Цзоның пікірінше, Ресейдің халықаралық жағдайының орыс­түрік соғысынан кейін нашарлауы, оның Қытаймен соғысқа баруына мүмкіндік бермейді. Ресей әлсіз –деп есептеді. 1880 жылы 30 шілдеде Цзунлиямынь императорға патша өкіметінің Қытайдың теңіз жағалауларына генерал С.Л.Лесовский басқарған 23 орыс кемесін жібергенін хабарлады. (314).Сонымен қатар, орыстардың Іледе де әскерін күшейтіп жатқандығы туралы хабарландырылды. Цин сарайы орыстардың теңіз жақтан күш көрсете бастауынан сескенейін десе де, бұған селт етпеген Цзо Цзунтан ғана болды. Ол үкіметті текке алаңдамауға шақырып, орыс флотының күші қорқатындай дәрежеде емес деп есептеді. Цзоның ойынша, «Қытай орыстармен соғыста жеңіске жете алады, себебі Түркиямен соғыста күшін сарқа әлсіреген Ресей Маньчжурия арқылы ұзақ сапар жүріп келіп соғысуға шамасы жоқ. Ал егерде, орыстар бәрібір оған қарамастан соғысқа барса, онда оларды біздің солтүстік­батыс жағымыздан қарсы шабуылға шығып тоқтата аламыз. Ресей мен Қытайдың арасындағы шекара ұзындығы екі жаққа да бірдей қашықтықта созылып жатыр, егер орыстар Қытайға бір жерден басып кірсе, біз Ресейге дәл сондай екінші бір жерінен басып кіре аламызң­ деді. Цзо Цзунтан тіпті соғыс операцияларын Қытай жерінде ешқандай қиратушылыққа жол бермес үшін, Ресей жерінде жүргізбек болды.(315). Қытай, сөйтіп, Ресеймен соғысқа барынша күш сала әзірленді. Сырттан әскери қару­ жарақтар сатып алынды, Европадан әскери кеңесшілер шақырылды, әскери­теіз күштері күшейтіліп, жаяу әскерді де саны мен сапасы жағынан сақадай сай деңгейге келтірді. Қытай соғысқа, осылайша, жоғары деңгейдегі дайындықпен әзірленсе, патша өкіметі де қарап қалған жоқ, ол да болуы мүмкін соғысқа барынша зор дайындықпен қарсы тұруға әзірлене бастады. 1880 жылы маусымда Кауфман алдыңғы шептегі әскерлерін Верныйға қарай жылжыта бастады. Оның әскері үш пунктке шоғырландырылды – Ташкентте, Самарқанда және Іледе. Дағдарыстың ең шиеленіскен кезінде, 1880 жылы тамызда Іледе 14 әскери батальон орналастырылды, ал Ташкентте ­ 4, Самарқанда ­ 3. Түркістанда орыстардың тұрақты атты әскер күші болған жоқ, бірақ Іледе 20­дай казак полктері болды, сондай казак полктері Ташкент пен Самарқанда да болды. Оған қосымша, Іледе 4, Самарқан мен Ташкентте екіден артиллерия батареялары орналасты. Соғыс бола қалған жағдайда, Кауфман 6 батальон, 3 артбатарея және 10 казак полкін Қашғарға оңтүстік­батыс бағыттағы жерге орналастырып, Іледе қорғаныс позициясын ұстамақ болды.(316). Осындай орасан зор әскери дайындықтардан кейін, екі ұлы держава – Ресей мен Қытай бір­бірімен Іле аймағында бетпе­ бет қарсы тұрып, алғаш рет соғыс жағдайына келіп тірелді. Ресей мен Қытайдың арасындағы Іле дағдарысына байланысты туындаған шиеленісті жағдайы, соғыстың тұтану қаупінің жақындығы бұл екі елге қатысы бар мемлекеттердің де алаңдаушылығын тудырып, Англия, АҚШ, Франция сияқты елдер Қытай жағалауларындағы әскери кемелерін соғыс жағдайына әзірлеп, соғыс болған жағдайда өздерінің мемлекеттік мүдделерін қорғауға әзірлік жүргізе бастады. Сөйтіп, Қиыр Шығыс пен Орталық Азиядағы халықаралық дағдарыстың тууы айқын болды. Әскери­теңіз шараларына жауапты Ли Хунчжан тағы да соғысқа итермелейтін әрекеттерден бас тартуды, Ресеймен Қытай арасында соғыс шыға қалса, оқыс қимыл өкінішті жағдайға душар ететіндігін ескертіп, үкіметті сабырлы әрекетке шақырды. Ол өзінің көмекшісі Шаффельттің берген мәліметіне орай пайымдау жасап, Ресей Қытайға қарсы соғысқа Кореяны итермелеуі мүмкін екендігін, британ, француз, неміс консулдықтарынан алынған қосымша мәліметтерге қарағанда, Ресей Маньчжурияға 20 мыңдық әскер енгізіп, Ляодун түбегіне 6 мың адамдық флотын түсіруге әзір екендігін және осылардың барлығын Пекинге қарай бағыттауға мүмкіндігі бар екендігін мәлімдейді. Сондықтан Қытай үкіметі Ресей жөнінде келісімпаз позиция ұстауы қажеттігін және Петербургтегі қытай елшісінің келіссөз жүргізуіне кең өкілеттілік беріліп, шиеленісті жағдайды бәсеңдетіп, бейбіт келісімге қол жеткізу керек деген ұсынысын білдіреді.(317). Ли Хунчжан цин үкіметінің әскери­теңіз флотты күшейтуге жеткілікті көңіл бөлмей отырғанын сынға алып, жылына қазынадан теңіз күштерін дамытуға 300­400 мың лян қаржы бөлінсе, ал Шыңжаңдағы әскер үшін жылына 6­7 млн.лян қаржы бөлініп келгенін әділетсіздік деп бағалады. Соның нәтижесінде қазіргі кездегі қытай әскерінің күш­қуаты басқа елдерден әлдеқайда артта қалып отыр, бұндай күшпен соғыс жүргізуге болмайтындығын алға тартты. Ли Хунчжанның бұл келтірген әскердің күш –қуатының әлсіздігі мен дайындығының жоқтығы себептерінен басқа халықаралық жағдайдың да Қытай үшін аса қолайлы бола қоймайтындығын да ескертті. Ресейге қарсы соғыста Қытайға Британ империясы көмек көрсетеді деу жалған дәме екендігін, дәстүрлі ағылшын­орыс бәсекелестігіне қарамастан, Англия өзінің мүддесінің Шыңжаң мен Моңғолиямен шекаралас аймақтардағы орыс иеліктерімен қиылыспауына байланысты Қытайға көмек көрсете алмайды, оған тек моральдық қана қолдау көрсетеді. Англия Ресеймен бетпе­бет қарсылыққа бара алмайды. Ресей Қытаймен соғыста жеңіске жетіп, артықшылықтарға ие болған сәттің өзінен Англия өзіне тиімді жағдайды таба біледі. Сондықтан Ұлыбританияның көмегіне қалайша сенуге болады? – деді, Ли Хунчжан.(318). Франция мен Германия да Қытайды «қорғауғаң бара қоймайды, ал Жапония болса, Рюкю аралаын басып алу үшін тіпті Ресеймен Цин империясына қарсы одақтас болуы да ғажап емес екендігін Ли Хунчжан болжай отырып, үкіметтке өз ойын ескертті. Бізге Ресейге қарсы көмек бере алмайтын жапондарға жеңілдік жасаудан гөрі, жапондықтарға қарсы күресте қол ұшын бере алатын Ресейге жеңілдіктер жасау әлдеқайда пайдалы, оның көмегімен Жапонияның әрбір қимылын бақылауға алуымызға болады. Ресей мен Жапонияның күші мен әлсіз жақтары бір­бірінен жүз есе айырмашылықпен өлшенеді. Жапондықтар өздерінің әділетсіз талаптарымен бізді орыстардан әлдеқайда көп жағдайда қорлауға ұшыратқанын ұмытпау керек деді саясаткер Ли. (319). Ли Хунчжанның сыртқы саясаттағы көзқарастары көбіне орыстарға іш тарту жағында болып келді де, керісінше, Жапонияға деген көзқарасы оған қарама­қайшы болды. Ол Іле мәселесін бейбіт жолмен шешу ­ бейбітшілікке жетудің кілті және Қытайға дұшпандық көзқарастағы державалардың бұл мәселені өз мүдделері тұрғысынан шешу үшін Қытайды қатерге итермелеп отырған әрекеттерінен сақтап қалатын жол деп есептеді. Цзо Цзунтанның позициясын сынға алушы тек Ли Хунчжан ғана болған жоқ, оның пікіріне қосылып, Цзо Цзунтан өз ұстанымы арқылы Қытайды қатерге итермелеп отыр деушілер де сарай маңындағы қызметкерлер арасында жеткілікті болды.

Читайте также:  Жол жүру билетім қайда?

Оставить комментарий