Ресейдің Жоңғария және Шығыс Түркістан жерімен байланыстары

Ресейдің Жоңғария мен Шығыс Түркістанды ежелден мекен етіп келе жатқан ойрат, ұйғыр, қазақ, өзбек, қырғыз және тағы басқа да осы сияқты тұрғын халықтармен өзара қарым­ қатынасының тарихи тамыры өткен ғасырлар тереңінен басталады. Орыс мемлекетінің Сібір мен Қиыр Шығысты игеруіне орай, орыс өкіметі біртіндеп Орталық Азия мен Қиыр Шығыс мемлекеттері мен халықтары жөніндегі алғашқы мәліметтермен хабардар бола бастады. Ресейдің Қытай жөніндегі мәліметтері оның осы мемлекетпен байланыс орнатуға деген қызығушылығын туғызды.Сөйтіп олар Қытай мемлекетінінің қайда орналасқандығы мен оған қандай жолдармен баруға болатындығы жөнінде мәліметтер жинақтау, онымен байланыс орнату мүмкіндіктерін айқындап қайту мақсатымен алғашқы елшіліктерін аттандырғаны тарихтан белгілі. Мысалы В.Тюменец, И.Петлин және Ф.Байков елшіліктерінің жол сапарлары да алғаш рет Жоңғария жері арқылы өтеді. Олар әкелген жан­жақты тарихи мәліметтер осы жерді мекендеген халықтар, олардың тұрмысы, өмірі туралы дерек береді. Ертіс пен Ом өзендерінің жоғарғы жағына ене бастаған, Зайсан көлінің маңайында көшіп­ қонып жүрген ойраттармен орыстар XVІІ ғ. басында­ақ қарым­қатынас жасай бастаған. Өйткені жергілікті сібір халықтары ежелден­ақ олармен араласып, әртүрлі тұрмыстық байланыстарын орнатып келген болатын. Сібірге толық билігін орнатқан орыс үкіметі жергілікті халық арқылы Қытаймен байланыс жасаудың жолдарын іздестірумен қатар, оған апарар жолдағы тұрғын халықтармен де қарым –қатынасты үзбеуді көздейді. Ресейдің билігіне көшкен сібір халықтары Жоңғария және ойрат билеушілерінің қол астына өткен Шығыс Түркістан халықтарымен өзара қарым­қатынасын жалғастырып, әртүрлі шаруашылық және сауда байланыстарын одан әрі дамытады. XVІІ ғасырда Сібірдегі Ямыш жәрмеңкесіне Орта Азиядан, Жоңғариядан, Қашқар (кейбір тарихи деректерде Шығыс Түркістанды осылай атайды –Н.А.) мен Қытайдан саудагерлер келіп­кетіп, сауда жасап тұрған. Бұл жәрмеңкедегі сауда Сібір халқы көбейген сайын маңызы артып, үлкен табысқа ие болған. Біртіндеп, уақыт өте орыс көпестері де Жоңғарияға сапар шегіп, Іле өзені бойына орын тепкен жоңғар ханының ордасына дейін жетіп, одан әрі Шығыс Түркістан мен Қытайға дейін сауда жасап қайтқан. XVІІ ғасырда Сібірде айдауда болған серб Крижанич орыс саудагерлерінің бұл елдермен сауда байланысының маңызын атап өте отырып, бұл байланыстарды Жоңғария мен Шығыс Түркістан арқылы дамытудың болашақ жоспарын ұсынып, Шығыс Түркістан арқылы Ресейдің Индияға да жол аша алатындығын көрсеткен. (175). XVІІ ғ. екінші жартысында Ямыш жәрмеңкесі жоңғар саудагерлерімен сауда жасайтын орын ғана емес, сонымен бірге Ресейді, Сібірді Жоңғариямен, Шығыс Түркістанмен және Қытаймен байланыстыратын керуен саудасының ірі орталығына айналды. Ойраттардың орыс тұрғындарымен байланыс орнатуы олар үшін өте маңызды болды. Жан­жағынан жаулары қаумалаған ойраттар XVІІ ғасырда Ресейден тірек, қорғаныс іздеу мақсатын көздесе, екіншіден территориялық жағынан бір­біріне жақын келуі нәтижесінде пайда болған Сібір базарларындағы сауданың аса қажеттігі де оларды орыстармен жақындастыруға итермеледі. XVІІ ғ. 30­жылдарында мемлекет ретінде қалыптасқан Жоңғар хандығы және оның алғашқы ханы ­ Батыр қонтайшының сыртқы саясатта Орыс мемлекетімен, қазақ хандарымен және шығыс монғолдық Алтын ханмен байланысты нығайту әрекеті мемлекеттің біраз нығайып өркендеуіне себеп болды.

Жоңғар ханы әсіресе орыс патшасымен бейбітшілік байланыста болуды қалап, елдің ішкі өмірін дамытуда шаруашылық, сауда мәселелерінде одан көмек те сұрап отырған. Екі ел арасында сауда байланыстары нығайып, елшіліктер алмасу жиілеген. Жоңғар ханының Ресей жөніндегі саясатының мақсаты ­ оның күш­қуаты мен ықпалын хандықтың ішіндегі өзінің беделі мен билігін нығайту үшін, және сондай­ақ хандықтың көрші елдермен қарым­қатынастарын күшейту үшін пайдалану болды. Ал Ресейдің сыртқы саясатындағы негізгі мақсаты Жоңғариямен шектес жатқан орыс иеліктерінің қауіпсіздігі, бұл жерлердегі орыс билігінің өктем болуы сияқты мәселелер болды. Шекаралас аймақтарды мекен еткен жергілікті халықтардан алым­ салық жинау мәселесінде екі жақтың мүдделері қақтығысқан кейбір жағдайларда екі ел елшіліктер алмасу арқылы мәселені шешіп отырған .Жоңғар хандығына елшілік сапар шеккен адамдар бұл елдің бүкіл өмірі туралы, оның орыс мемлекетіне қаншалықты пайдалы жақтары бар екендігі туралы мәліметтер жинақтады. Осы мәліметтер арқылы Ресей өзінің Орталық Азиядағы саяси ұстанымдарын айқындап, қарым­қатынас әрекеттерін осыған сәйкес жүргізіп отырған. Бірінші Петр патша тұсында, Ресейдің Сібірдегі иеліктері Ертіс өзені бойымен Омбыдан Өскемен бекінісіне дейін жылжиды. Петр 1­нің жүргізген реформасының нәтижесінде, XVIII ғ. басында Ресей әлеуметтік­экономикалық және мәдени салаларда алға басқан үлкен қадамдар жасайды. Өнеркәсіп пен сауда дамиды. Үндістан мен Қытайға апаратын жолды іздеу арқылы жас Ресей империясы өзінің ұлы держава ретіндегі орнын әлемге паш етуге және алыстағы Шығыс елдерімен сауда және дипломатиялық байланыс орнатуға деген ұмтылысын байқатады. Елдің барған сайын өсіп отырған кен рудалары мен қымбат бағалы металдарға деген сұранысы орыс үкіметінің назарын Орталық Азияның кен байлықтарына қарай еріксіз аударуға мәжбүр етті. » Эркеттің» (Жәркенттің – Н.А.) алтын құмдары туралы қауесет Ресейң билеуші топтарының Шығыс Түркістанға енуге деген ынтасын одан әрі күшейте түседі. Бұл жөнінде Сібір губернаторы Матвей Гагарин Петр 1­ге былай деп хабарлайды: «Кіші Бұқарада (Шығыс Түркістанды кейде осылай деп те атаған), Эркети қаласы маңында, Дарья өзені бойында, алтын құм бар екен, ал қала жоңғар билігіне қарайды және оның маңында Қонтайшының (Жоңғар ханының) 30­мыңдық ордасы орналасқан» дей келе, одан әрі осы Жәркент қаласына ие болу қажеттігін ұсына отырып, князь Гагарин Тобылдан Жәркентке дейін бекіністер салуды, ең алғаш Ертіс бойымен, Ямыш көлінің маңында, ал одан әрі Ертісті бойлап басқа да бекіністерді салуды қажет деп санайтындығын жеткізеді. Сібір губернаторының бұл ұсыныс пікіріне Петр 1 1714 жылы 22 мамырда өз қолымен былай деп жазып, бұйрық береді: «Ямыш көлі маңында қала салынсын, және одан жоғары қарай бекіністер сала отырып, осы өзен бойымен қайықтар қаншалықты өте алатын болса, сонша жерге дейін өрлей отырып, Эркети қаласына дейін жетсін және оған ие болу жолдары қарастырылсын».(176). Осыдан кейін, орыс өкіметі подполковник И.Д.Бухольц басқарған экспедицияны сапарға аттандырады. Нәтижесінде оның ұсынысымен Ертіс бойында бірнеше бекіністер салынады. Экспедиция Жәркентке жете алмайды, себебі ол қаланың нақты қай жерде орналасқаны туралы мәлімет болмады. Дегенмен бұл экспедиция орыс мемлекеті үшін орасан зор практикалық маңызы бар істі бастап берді: орыстардың Ертістің жоғарғы жағына қарай жатқан жерлерді игеріп, оны қосып алуына ықпал етті. Осылайша, Ертісті бойлай бекіністер салу арқылы Орыс империясының Орталық Азиядағы бейбіт басқыншылық саясаты жүзеге асырыла бастайды.

Читайте также:  Құбылыстар деңгейлерінің дербес әдістемесі

Осы уақыттан бастап Ертіс аймағына әскери қызметкерлер – казактардың жаппай қоныстануы басталды. Қоныстанушылардың іскер топтары бұл аймақты шаруашылық үшін белсенді түрде игере отырып, қазақ даласының тұрғындарымен, Жоңғария халқымен сауда байланыстарын қалыптастыра бастайды. Казактармен қатар саудагер адамдар да сауда керуендерімен оңтүстікке қарай ағыла бастайды. Олар алғашында Тарбағатай асуының солтүстік және оңтүстік жағындағы тұрғындармен сауда байланыстарын орнатады.(177). XVIII ғасырдың басында орыс көпестерінің керуендері жоңғар билеушілерінің ордасы – Урга қаласына сауда жасап барады. Бұл жерде сол заманның деңгейімен алғанда өте жоғары дәрежеде тауар алмасу жүзеге асырылады. Ал Жоңғариядан орыс жеріне келген керуендер өз тауарларын Ямыш және Семей бекіністеріне жеткізетін. Сауда айырбас түрінде жүрген: жергілікті өндіріс тауарлары – тері­терсек, мал өткізіп, орнына қолөнер бұйымдарын, шұға, мата, темекі және тағы басқа бұйымдарды айырбастап алған. Екі жақтың да мұқтажын қанағаттандырған сауда айырбасы уақыт өткен сайын өсіп отырған. Саудадан алынатын алым­ салық мөлшері өте мардымсыз болды, тіпті кей жағдайларда оны алмайтында еді. Сөйтіп Ресейдің Жоңғар хандығымен сауда байланысы қалыптасып дамиды. Жоңғар хандығын зерттеуші ғалым И.Я.Златкиннің айтуынша, XVIII ғ. екінші онжылдығында жоңғар саудасы Сібір базарларындағы, Ірбіт жәрмеңкесіндегі және одан тыс жерлерде де елеулі фактор болған.(178). Ортаазиялық көпестердің ізімен орыс саудагерлері де енді Жоңғарияның ішкері түкпірлеріне ағыла бастайды және керуен саудасының әдіс­айласын меңгере бастайды. Ресейден Шығыс Түркістанға иленген тері, шұға, қант, бояулар, ине, айна, қалайы ыдыстар, мыстан жасалған ыдыс­аяқтар, т.б. апарып сататын. Бұл саудада делдал ретінде бұқарлық көпестер белсенділік танытқан. Жоңғариядан Сібірге мал айдап апаратын, әсіресе жылқы көп әкелінетін, ал Шығыс Түркістаннан Сібір халқына аса қажетті өте мықты әрі арзан мақта­мата бұйымдар әкелінетін. Орыс мемлекеті өзінің экономикалық мүдделерін осылайша іске асырып отырған. Ресей мен Жоңғария арасындағы сауда­экономикалық байланыстардан басқа, мемлекетаралық дипломатиялық байланыстар да сол кездегі Орталық Азиядағы халықаралық жағдайға орай дамыды. Территориялық жағынан бір­біріне жақын келген екі ел арасында шекаралық иеліктер жөнінде, шекара маңайындағы тұрғын халықтардың кімге тәуелділігі және олардан алым­салық жинау тағы басқа да мәселелер жөнінде кейде келіспеушілік туындап, қақтығыстарға келіп отырған. Бірақ Жоңғар хандығы сыртқы саясатта, әсіресе жоңғар­қытай қатынастары шиеленісті жағдайға келгенде Ресейден қолдау іздеп, онымен тату көршілік қатынас орнатуға мүдделі болған. Ресейде өз кезегінде Орталық Азиядағы ықпалын күшейту үшін, қазақ хандықтарын толық бағындырғанға дейін жоңғарлармен, қытай мемлекетімен бейбіт қарым­қатынасты сақтауға тырысқан. XVІІ – XVIII ғасырларда Ресейдің Орталық Азиядағы саясаты аса белсенді бола қоймаған тұста, ол Жоңғар хандығы мен Цин империясы жөніндегі саясатын да қарқынды жүргізе алмады. Ресейдің Жоңғария мен Шығыс Түркістан жеріндегі әрекеті негізінен сауда байланыстарын дамыту, сол арқылы бұл аймақтың Ресей үшін болашақта қаншалықты маңызды болатындығын зерттеу мақсатында жүргізілді. Осы уақыт аралығында Ресейде бұл аймақтың орыс мемлекеті үшін Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны игеруде стратегиялық маңызы зор екендігі жөнінде саяси көзқарастар қалыптасып, бұл жердегі орыс саясатын ширағырақ жүргізу жөнінде пікірлер айтыла бастағанды. Бірақ, Орталық Азиядағы гегемондық билікке ертерек ұмтылған Цин империясы өзінің басқыншылық соғыстарын бастап үлгерді. XVIII ғ.ортасында Цин империясы өзінің әскери күш­қуатының шарықтау шегіне жетіп, басқыншылық саясатының негізгі нысаны болып келе жатқан Жоңғар хандығын талқандауға кіріседі.

Цин империясының Жоңғария мен Шығыс Түркістанды жаулап алу мақсатын жүзеге асыру үшін сыртқы саясатта өзіне қолдау көрсететін елдердің позициясын білу де аса қажет болды. Жоңғарияны талқандауға кірісер алдында циндер оны жан­жағынан қоршауға алып, сырттан келер көмектен оқшауландыру саясатын жүргізуге кіріседі. Дәстүрлі «жауды жаудың қолымен талқандауң дейтін қытайлық принципті тағыда іске асырмақ оймен, цин билеушілері Ресейдің бодандығындағы Жайық бойына қоныс тепкен жоңғарлардың аталастары Қалмақ хандығына XVIII ғ. басында­ақ елшілік аттандырып, Аюке ханды антижоңғарлық коалицияға тартпақ болады. 1712 жылы Пекиннен Аюке ханға Тулишен деген адамды елшілікке аттандырады. Елшіліктің сапары орыс жерлері арқылы өтетін болғандықтан, егер Ресей өкіметі елшілікті өзіне қабылдауға шақырып жатса, елші Петр Біріншімен орыс­қытай қатынастары жөнінде келіссөз жүргізіп, олардың Жоңғария жөніндегі көзқарасын біліп қайтуды тапсырады. Петр 1­ші бұл кезде Швециямен жүргізіп жатқан соғысына байланысты цин елшілігін қабылдай алмайды. Сенат арқылы Цин империясының елшілігін құрметпен қабылдап, елшіліктің мақсатын біліп, оны орыс жері арқылы Қалмақ хандығына дейін шығарып салуды тапсырады. Орыс үкіметі Жоңғарияға қарсы маньчжур­қалмақ коалициясының құрылуын қолдамады, өйткені Ресей өзінің Оңтүстік Сібірдегі Жоңғариямен жүргізіп отырған сауда байланыстарынан айрылғысы келмеді және ең бастысы Ресей империясының бұл кезде Қиыр Шығыс пен Оңтүстік Сібірдегі әскери күштері әлі жеткіліксіз болатын. Сондықтан, саяси және әскери мүмкіндіктерін есепке ала отырып, Ресей Қытаймен де, Жоңғариямен де ешқандай шиеленісті жағдайды қаламады. Сенат Аюке ханға берген нұсқауында Цеван­ Рабданға қарсы коалицияға қосылудан тартына тұруды ұсынды. Тулишен елшілігі еш нәтижесіз кері оралуға тура келді.(179). XVIII ғ. бірінші жартысында Цин империясы мен Ресейдің арасындағы қарым­қатынастар тарихында жаңа кезең басталады. Цин императорлары Ресейдің халықаралық қатынастарда өсіп келе жатқан беделімен есептеспеске болмайтындығын түсіне бастайды. Император Юньчжэн( 1723­1735 жж. билік құрған) Ресей жөнінде сыртқы саясаттағы дәстүрлі китаецентристік принциптеріне қайшы келетін қадамдар жасайды. Қытай дипломатиясы XVIII ғ. өзінің ғасырлардан бері келе жатқан, сыртқы дүние және Аспан асты мемлекетінің ерекше құқығы туралы асқақ ұстанымдарына осылайша, өзгерістер енгізуге мәжбүр бола бастайды. Жоңғария сияқты күшті жауды талқандау Цин империясына оңайға түспейтін, ол үшін бірлесіп әрекет ететін одақтас өте қажет еді. Император Юньчжэн XVIII ғ.30­шы жылдарының басында екінші рет Ресейдегі қалмақ ханын одақтас ету үмітімен және Ресейді де өзіне одақтас болуға шақырған, қытай тарихында бірінші рет Ресейге тең дәрежедегі келіссөз жүргізу үшін елшілік аттандырады. Цин империясы өз тарихында тұңғыш рет европалық елге жіберілген Асхани Амба Таши бастаған бұл елшілік 1730­1731 жылдары Ресейде болады. 1731 жылы 26 қаңтар күні Асхани Амба Таши Мәскеуде императрица Анна Иоанновнаның аудиенциясына қабылданады. Цин елшілігі орыс патшасына келген мақсатын айтып, елшілікті орыс жері арқылы Қалмақ хандығына жіберуді өтінеді және Ресейді Жоңғарияға қарсы соғыста одақтас болуды және оның жерін бөлісіп алуды ұсынады. Сондай­ақ ол үшін цин үкіметі орыс­қытай сауда байланыстарын жақсартуға уәде береді. Орыс патшайымы Анна Иоанновна Цин императорының бұл сәлемдемесіне екі ұшты жауап беріп, «орыс еліне ешқандай бөтен жерді бөлісу қажет емес екендігін, ал бірақ Қытаймен тату көршілік қатынаста болып, сауда байланыстарын нығайтуды мақсат ететіндігінң айтып, елшілікті Жайық бойындағы қалмақ хандығына жіберуге рұқсат береді.(180). Бірақ бұл елшілік те еш нәтижесіз қайтып оралады. Қытай дипломатиясының «и и чжи иң принципі бұл жолы жүзеге аспай сәтсіздікке ұшырайды. Цин империясының 1755­1758 жылдардағы Жоңғарияны талқандау соғысына Ресей араласпай, бейтараптық саясат ұстайды. Жоңғар хандарының да Ресейден Цин империясына қарсы күресте одақтас болуды өтінген өтініштеріне де жауап болмайды. Ресей Жоңғарияның да Цин империясының да ішкі істеріне араласпауға тырысады. Бұл бейтараптық саясат Ресейдің Цин империясына деген «достықң көңілінен емес, оның Оңтүстік Сібір жақтағы әскери күш­қуатының әлсіздігінен болатын. Бұл кезде Ресейдің сыртқы саясатының назары әлі де европалық елдер жағында еді.

Читайте также:  ҚОЛДАНЫСТАН ШЫҒЫП ҚАЛҒАН МӘШИНЕ БӨЛШЕКТЕРІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ

Ресей империясының XVIII ғ. бірінші жартысында Орталық Азиядағы саясаты негізінен Сібірді, Орта Азия мен Қазақ хандықтарын отарлау арқылы империя шекарасын шығысқа қарай жылжыту болатын. Осы аталған аса маңызды аймақтарға орыс билігін орнықтыруды негізгі назарға алған Ресей Цин империясының Жоңғария мен Шығыс Түркістан жөніндегі басқыншылық саясатына аса көңіл бөлген жоқ. Екі империя да өз «жемтіктерінең ешкімнің көз алартпағанына риза болғандай кейіп танытты. ХVIII ғ. ортасында Цин империясының Жоңғария мен Шығыс Түркістанды жаулап алуы Орталық Азиядағы халықаралық қатынастар жүйесіне түбірлі өзгерістер әкелді. Цин империясы енді Ресеймен етене жақын шекаралас елге айналды. Орталық Азиядағы халықтар тағдырында Цин империясы мен Ресей шешуші роль атқара бастайды. Орталық Азия жерінде бұдан былайғы уақытта екі империяның мүдделері түйісіп, геосаяси жағдайды реттеп отыратын шешуші күштерге айналды. Жаңа басып алынған Шыңжаң жеріне, Цин империясының құрамына алғаш енгізілген кезден бастап, сырттан ешкімнің келуіне рұқсат етілмейді. Цин өкіметі өзінің билігін толық орнықтырғанша бұл аймаққа сырт елдердің араласуын қаламады. Сондықтан осыған дейін қалыптасқан, жергілікті тұрғын халықтың сырт елдермен қалыптасқан барлық байланыстары үзіліп, Шыңжаң жері біраз уақытқа жабық территорияға айналды. Цин үкіметінің ұстанған Шыңжаңдағы изоляционистік саясаты шыңжаң халқының әлеуметтік­экономикалық өміріне үлкен зиянын тигізгені белгілі. Шыңжаң тұрғындарының тұрмысына қажетті тауарлардың басым бөлігі бұрын орыс саудагерлері арқылы сырттан әкелінетін. Ресей үшін де Шыңжаң жері арзан шикізат көзі әрі тауар өткізу рыногы еді. Цин үкіметінің изоляционистік саясатының кесірі Ресейге экономикалық жағынан үлкен соққы болып тиді. Сауда мәселесін саясаттың құралы еткен цин үкіметі жергілікті халықтың мұқтажын екінші қатарға ысырып, сырттан келетін қауіптен сақтану мақсатын алға шығарды. Цин империясы үшін Шыңжаңға қауіп төндірер жау Ресей мен Англия деп есептелді. Ол қауіп негізсіз де емес еді. Цин империясы Шыңжаңда Ресей мен Англияның ықпалын болдырмау мақсатында бұл екі елмен байланыстарға қатаң тиым салды. Шыңжаң жеріндегі орыс саудасы күйреуге ұшырайды. Әрине, цин үкіметінің орыстар жөніндегі бұл саясаты Ресей тарапынан тиісті шаралар жүргізуге мәжбүр етті. Оның үстіне әртүрлі тыңшылар арқылы Шыңжаң жақтан жаңадан әзірленіп жатқан цин экспансиясы жөнінде хабарлар жиілей бастайды. Маньчжур басқыншылары бірқатар жерлері Ресей бодандығына өткен Қазақстан жеріне шабуыл жасауға дайындалып жатқандығы туралы хабар және Цин империясының Шыңжаң жерінде әскери­ мобилизациялық шараларды жүргізуді күшейткені туралы мәліметтер орыс үкіметін қатты алаңдатады. Орыс үкіметі өзінің оңтүстік­шығыс шекаралық аймақтарын цин әскерлерінің болашақ шабуылдарынан қауіпсіздендіру мақсатымен, бірқатар әскери­қорғаныс бекіністерін салуға кіріседі.(181). 1760 жылы орыс үкіметінің Өскемен бекінісінен бастап Бұқтырма өзеніне дейін, одан әрі Телецк көліне дейінгі бүкіл Сібір жерін орыс қоныстарымен тез арада қоныстандыру туралы жарлығы шығады.(182). 1763 жылы Бұқтырманың Ертіске құяр тұсында Зайсан көлінен Ертісті бойлап келер жаудың кемелеріне тосқауыл ретінде және Бұқара мен Индияға сауда жолдарын жасау мақсатымен Бұқтарма бекінісі салынады.(183). Ресей өкіметі, ­ қытайлықтар Ертіс өзені арқылы кемемен Сібірге шабуыл жасауы мүмкін бе? – деген сұрақпен, Шыңжаңға жақын жатқан шекаралас жерлерін тереңірек зерттеуге көшті. Осы мақсатта орыстар Қазақстан мен Алтайда әскери­қорғаныс бекіністерін салуды жеделдетті. XVIII ғ. екінші жартысынан бастап Ресейде феодалдық­крепостниктік құрылыс шеңберінде капиталистік қатынастар қалыптаса бастайды.

Өнеркәсіп өндірісі саласында бұл процесс XVIII ғ. аяғында ұсақ тауар өндірісінен шыққан капиталистік мануфактуралардың өсуімен айқындалды. Бұл кезеңде патшалық самодержавие Ресейдегі билік етуші дворяндық­помещиктік тап пен жаңа пайда болып келе жатқан буржуазияның экономикалық және саяси позицияларын едәуір нығайтты. Елдегі олардың ықпалының күшеюі мемлекеттің сыртқы сауда саясатына да өз әсерін тигізді. Цин үкіметінің Шыңжаңда орыс саудасына тиым салғанына қарамастан, жасырын, ресми емес сауда байланыстары тоқтаған емес. Жергілікті тұрғын халық өз қажеттерін орыс саудагерлерімен әртүрлі байланыстар арқылы қанағаттандырып отырған. Архив деректеріне сүйенсек, 1896 жылы 30 қаңтарда жеке Сібір әскери корпусының басшысы, генерал­поручик Г.Э.Штрандман Ресей сыртқы істер министрлігіне хабарлама жасап, онда шекарада қытай саудагерлері Бұқтармада орыс саудасын дамытуды сұрағанын жеткізеді. Штрандман одан әрі орыс үкіметі осы мәселені шешу үшін цин үкіметімен байланысқа шығуын сұрап, бұл жерде сауда байланысын орнату екі жаққа да өте ұтымды екенін баса айтады.(184). 1797 жылы 25 наурызда Ресей императоры Павел І ­ нің Бұқтарма аймағы арқылы Қытаймен сауда байланысына рұқсат еткен жарлығы шығады. Жарлықта империяның мүддесі үшін Өскемен бекінісінің маңыздылығына ерекше назар аударылып, осы жер арқылы Қытаймен сауданы дамыту қажеттігі айтылады. Генерал Штрандманға цин үкіметімен байланыс жасап, сауда нүктесін Бұқтармада ашу мәселесін тапсырады. Қытайдың дәстүрлі китаецентристік сыртқы саясат принципін берік ұстанған Цин империясы орыс өкіметінің Бұқтармада сауда байланысын орнату бастамасына үзілді­кесілді қарсы жауап береді. Цин билеушілері қытай саудагерлеріне орыс саудагерлерімен байланыс жасауға қатаң тиым салды. Олардың орыс территориясына өтуіне рұқсат бермеді. Олардың түсінігінше, қытай азаматтарының шекарадан сыртқа өтуі император билігінен тыс кетумен бірдей ­ деп есептелді. 1797 жылы 7 тамызда осыған байланысты император Цзяциннің жарлығы шығады, онда: «Қытайдың ішкі жағынан шыққан қытай саудагерлерінің варварлармен жасаған бүкіл саудасы варварлардың өздері Қытай жеріне келіп сауда жасаумен белгілі, ал қытай адамы өз еркімен ел шеңберінен шығып, варвар жеріне барып көрген емес. Мысалы, Кяхтадағы Ресеймен, Іледегі және басқа жерлердегі қазақтар мен бұрыттармен(қырғыздар –Н.А.), Қашғар мен Жәркентте әндіжандықтармен және басқада мұсылман халықтармен жүріп жатқан сауда байланыстары жат жерліктердің өздері қытай жеріне келіп, сауда жасауына рұқсат етілуімен өтуде.ң ­ деп атап көрсетіледі. (185). Орыс өкіметі ХІХ ғ. бірінші жартысында Шыңжаң жеріндегі орыс саудасын қалпына келтіру үшін табанды түрде қытай өкіметімен байланыс жасауын тоқтатпайды. Ресейдің өнеркәсіп өндірісінің өсуі біртұтас бүкілресейлік рынокты құру мәселесін өткір түрде күн тәртібіне қоя бастады. Феодалдық­крепостниктік қатынастардың үстемдігі жағдайында капиталистік қатынастардың толық етек жая дами алмауы, ішкі рыноктың тарлығы жас орыс буржуазиясын сырттан рынок іздеуге мәжбүр етті. Ресейдің дүниежүзілік капиталистік рынок әлеміне шығуы кезеңі Батыста капиталистік қатынастар толық қалыптасқан және ол қоғамдық­әкономикалық формация ретінде қалыптасып үлгерген кезеңге сәйкес келді. Батыстағы капиталистік өндірістің жоғарғы деңгейдегі даму сатысы орыс өнеркәсіп өндірісінің өнімдерін Европа елдерінде өткізуге мүмкіндік бермеді. Ішкі рыноктың шеңберінің тарлығы Ресейдің өнеркәсіпшілерін өз кәсіпорындарының бұйымдарын елдің шеткі аймақтарына қарай тасымалдап, оларды метрополиямен сауда байланыстарына қарай икемдей бастайды. Ресейдің сыртқы сауда көлемі бұл кезеңде біртіндеп ұлғаю үстінде болатын.

Читайте также:  Толық танылмаған мемлекеттер: тарихы және қазіргі заман

Ресей дүниежүзілік рынокқа шикізат пен жартылай өңделген заттарды шығаратын елге айналады. ХІХ ғ. бірінші жартысы бойында Ресейдің сыртқы сауда айналымы 2,2 есе өсті.( 186). Сыртқы сауданың үдемелі дамуы Ресейдің XVIII ғ. – ХІХ ғ. бірінші жартысындағы сыртқы саясаттағы беделінің арта бастауына тікелей байланысты еді. ХІХ ғ. басында­ақ Сібірдегі орыс әкімшілігі Шыңжаңдағы жағдайды білу және онда сауда байланысын орнату мақсатымен әртүрлі сылтаулармен сол жаққа орыс эмиссарларын жіберіп отырады. 1800 және 1804 жылдары Құлжаға «азиаттықң деген жамылғымен унтер­офицер А.С.Безносиков барып қайтады. Сол жылы Сібір генерал­губернаторы И.Б.Пестель семей кеденінен Семей арқылы жүріп жатқан орыс –қытай саудасы туралы және Шыңжаңдағы жағдай туралы «азиаттықң жамылғы атпен барған орыс саудагерлерінен алынған мәліметтерді жіберуді бұйырады.(187). Сол кезде Семей кедені арқылы сауда жасап жүрген кавказдық, кабулдық, константинопольдық саудагерлер орыс саудагерлерінің өздері­ақ Батыс Қытайда сауда жасауына болатындығын, тек ол үшін орыстар сырт бейнесін сәл өзгертіп, мұсылманша киінсе болғаны – деген мәлімет береді. Ресей Европа елдері мен АҚШ­на қарағанда, Қытаймен теңіздегі саудасы жоқ ел болатын. Цин империясының шетелдіктермен теңіздегі сауда байланысына рұқсат етілген Гуаньчжоу портына Ресей кемесінің келуіне рұқсат етілмеді. Цин империясының сыртқы саясаттағы сырт елдермен байланысты шектеуге бағытталған изоляционистік саясаты орыстардың теңіз арқылы Қытаймен байланысына да тиым салған болатын. Цин империясы үшін жалпы сауда байланысы экономикадағы көңіл бөлерліктей сала деп саналмады. Қытайлықтар сауданы саясаттың құралы ретінде пайдаланғанды тиімді санады. Олардың түсінігінше, жат жерліктер сауда жасау арқылы қытай өркениетіне жақындауды, қытай императорының ықыласына ие болуды қөздейді деп санады. Ал қытай адамы сыртқа барып олармен сауда жасайтындай, варварлардың бұыйымдарына деген қажеттілігі жоқ ­ деп шетелдіктердің кез­келгеніне ұлыханьдік асқақ жауап қайтарып отырды. Бұл асқақтықтың астарында үлкен сақтық жатқанын есте ұстауымыз керек. Қытай тағына ие болған маньчжурлар қытайлықтардың шетелдіктердің кез­келгенімен байланыс жасауынан қорықты, қытайлықтардың басқа дүние, ондағы өзгерістер мен идеялар жөніндегі жаңалықтармен таныс болуын қаламады, бір сөзбен айтқанда оларды дәстүрлі көне қытай дүниетанымы шеңберінде, шектеулі, томаға­тұйық жағдайда ұстауды қалады. Сондықтанда, шетелдіктердің Қытай елімен саяси, экономикалық, мәдени байланыстарына шектеу қойып, көп жағдайда кейбір елдер жөнінде(әсіресе Англия мен Ресей) сауда байланыстарына да қатаң тиым салып отырды. ХІХ ғ. бірінші ширегінде патшалық Ресей өзінің Шығыстағы, Орталық Азиядағы отарлық әрекеттерін ұлғайтып, Памир мен Тяньшань таулары аймағындағы жерлерге үстемдігін орнатуға кіріседі. Бұл Ресейдің дәстүрлі сыртқы отарлау саясаты болатын. Ресей өзінің отарлық әрекеттерін жүзеге асыру мақсатында бірқатар әскери және саяси шараларды жүзеге асыра бастайды. Ол шаралар – отарлық иеліктерде бекіністер салу, шекараны бойлай орыс казактарды қоныстандыру, әкімшілік реформалар жүргізу. Осындай маңызды шаралардың бірі, 1822 жылы Сібір генерал­губернаторы М.М.Сперанскийдің ұсынған жобасы бойынша сібір мен қазақ даласын билеу жөніндегі белгілі «Уставң қабылданады. Осы «Уставқаң сәйкес сыртқы округтер дейтін пайда болады. Сыртқы округтер қатарына енген қазақ даласы арқылы Орта Азия мен Шыңжаңға қарай Ресейлік сауда керуендері жүретін еді. Қазақ жеріне өзінің әкімшілік билігін орнатқан Ресей осы жерлер арқылы өзінің Шығыс елдеріне бағытталған сауда байланыстарын да, саяси отарлау әрекеттерін де жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Қазақ даласы орыс экспансиясының маңызды плацдармына, стратегиялық маңызы зор отарлық аймағына айналады.

Ресей ХІХ ғ.басынан бастап Орталық Азия жерінде, соның ішінде Шыңжаңда да геосаяси және геостратегиялық мақсаттағы «рекогносцировкалықң зерттеулерін кеңінен жүргізе бастайды. Әртүрлі ғылыми экспедициялар, саяхатшылар, елшілік қызметкерлері орыс мемлекетін Қытай мемлекеті жөнінде, соның ішінде Ресей үшін мүдделі аймақтар жөнінде ақпараттар әкеліп, оны жан­жақты хабардар ете бастайды. Путимцев, Ковалевский, Влангали, Семенов­Тяньшаньский, Потанин, Ш.Уәлиханов, Певцов, Каульбарс, Грум­Гржимайло, Пржевальский, Любимов, Венюков т.б. сапарларының нәтижесінде жиналған мәліметтер Ресейдің сыртқы саясатының бағыт­бағдарына, ұстанатын принциптеріне орасан зор көмек болғаны айқын еді. Әрбір маңызды саяхаттың мәліметінен кейін, Ресей елшілігі Қытай еліне аттанып, бұл елмен сауда және дипломатиялық байланыс орнату мәселелері жөнінде мәліметтер жинақтаған. Мысалы, 1840 жылдардағы Ковалевскийдің, Н.Любимовтың Шыңжаң жері арқылы Қытайға сапары орыс үкіметінің цин үкіметімен жүргізетін болашақ келісімдеріне мол мағлұмат жинақтап, үлкен көмек көрсетті. Неліктен Ресей мен Англия осы кеңістіктегі Шыңжаң жеріне соншалықты құмартып, оған иелік етуге ұмтылды? Ресейдің Шығысқа қарай жылжуының түпкі себептерін ашып көрсете келе, Түркістан мен Батыс Қытайға ие болса, Азиядағы жағдайдың қалай өзгеретінін К.Маркс пен Ф.Энгельс былай деп түсіндіреді: « Егер орыстардың бұл аймақтарға енуі соңғы 25 жылдағыдай, дәл осы қарқынмен, осы жылжамдықпен және осы ретімен жүре беретін болса, онда 10 немесе 15 жылдан кейін орыстар Үндістанның қақпасын ұрып тұратын болады. Оларға қырғыз(қазақ – Н.А.) даласынан өтсе­ақ болды, орыстар Оңтүстік­Шығыс Түркістанның біршама өңделген және құнарлы жеріне тап болады, олардың жаулаушылығына бірдеңе деу мүмкін болмай қалады. Бірнеше жылдар ішінде бұл жерде 50 немесе 60 мың әскер ұстайтын болады, ол әскер Индіге қарай кез­келген бағытта жорық жасауға жеткілікті болады. Бұндай әскер 10 жылдың ішінде елді толық басып алуға, жол құрылысы үшін күзет орнатуға, орасан зор кеңістікті орыс шаруаларымен колонизациялауға…жан­жағындағы мемлекеттерді қорқынышты үрей жағдайында ұстауға, үнді компаниялары үшін операциялық базалар мен шұғыл бағыттар әзірлеуге шамасы келедің.

Оставить комментарий