Өркениет. Сөз тарихына кіріспе

Батыс әлеміндегі рухани мәдениеттің басты құндылықтары және қазіргі ойдың бүкіл тарихы, жиынтығы Батыс Еуропаның ортақ мұрасы саналатын ондаған сөзді адамдар қалай жасап, қалай қолданатынына байланысты. Қазіргі мәдениеттің осы сөздігінің бастауын дәл сипаттаудың қандай маңызға ие боларын біз енді­енді түсінгендейміз. Мұндай сипаттау әр тілдің әрбір сөзіне арналған көптеген жеке зерттеулердің нәтижесі ретінде ғана пайда болуы мүмкін. Осы тектес еңбектер әлі сирек ұшырасады және оларды қолға алғандар, ең қажет деген лексикалық ізденістердің зәрулігін, әсіресе, француз тілі саласында айқын сезінеді.

Өзінің әйгілі еңбегінде Люсьен Февр біздің қазіргі лексикамыздағы ең маңызды сөздердің бірі болып табылатын өркениет сөзінің тарихының ғажап бір сұлбасын жасап, XVIII ғ. аяғы мен XIX ғ. орта тұсы аралығындағы осы сөзбен байланысы бар жемісті ұғымдардың дамуын көрсетіп берді. 36 Ол да civilisation сөзінің француз тілінде пайда болған мезгілін анықтағанда туындаған қиындықтар туралы жазады. Өйткені, өркениет әлемнің жаңа көрінісін елестетін сөздердің бірі болып табылады, сондықтан оның жасалу жағдайларын дәлірек анықтаудың маңызы зор. Бұл еңбек осы сөздің бастапқы қолданыс кезеңін анықтаумен шектеледі және мәселенің аясын ұлғайтып, деректерді жинауды көздейді.

JI. Февр 1766 жылға дейін француз тілінде civilisation сөзі қолданылғаны туралы дау тудырмайтын оқиғаны таппаған. Оның еңбегі жарық көргеннен кейін Фердинанд Брюно өзінің «Француз тілінің тарихындағы» қысқаша сілтемесінің бірінде 37 және Франциядағы өркениет ұғымына егжей­тегжейлі зерттеуін 38 арнаған Иоахим Морас бірқатар анықтамалар беріп, оның бұрын қолданылған жағдайларын келтіреді. Бұған біздің мәтіндерден алған деректерімізді де қосуға болады.

Қазіргі кезде бұл сөздің ең ерте нұсқалары маркиз де Мирабо шығармаларында кездеседі деп айтуға негіз бар. XIX ғ. бірінші ширегіне дейінгі оншақты жылдар бойы «Адамдардың досы» деген шығарманың авторы тек физиократтар арасында ғана емес, бүкіл зиялы қауымның арасында қандай бедел мен даңққа бөленгенін бүгін айтып жеткізу қиын болар. Оның кезінде басқаларға қалай ықпал еткенін сол ілімді ерекше ілтипатпен қабылдаған замандастары куәландыра алады. Мысалы, Ленге өзінің «Азаматтық заңдардың теориялары» аталатын еңбегінде (linguet, Тһеогіе des lois civiles, ou Principes fondamentaux de la socite, London, 1767) «Адамдардың досы», «Заңдардың рухы» және басқада кейбір шығармаларын даналар жазған шығармалармен бір қатарға қояды; аббат Бодо өзінің «Экономикалық философияға алғашқы кіріспесінің» (1771) соңында: «Адамдар досының шәкірті» деп қол қойған. Біз бұл арада жарқын ойлы адамды — кемеңгер Бенжамен Констанды да кездестіреміз, ол 1814 жылы біздің зерттеп отырған тақырыбымызға жақын «Басқыншылық рухтың және билік құмарлықтың европалық өркениетке қатысы туралы» (В.Constant, de l’usurpation) деген шығармасында, «беделдің екі ұлы иелеріне, Монтескье мен маркиз де Мирабоға» сілтеме жасайды. 39 Дегенмен де бүгінгі оқырман, Мирабоның әдебиетші ретінде жасаған қызық қылықтары, сол кездегі экономист және реформатор деген даңқына еш нұқсан келтірмегеніне таң қалуы мүмкін. Ондай кемшіліктер тіл тарихшысының көзіне бірден түседі: түсініксіз стиль, дөрекі пафос, шытырман метафоралар, көлгірсіген менмендік, бұлардың бәрі оның ұшқыр әрі батыл ойының табиғи көрінісі болар.

Читайте также:  ТҮРІК ТЕРМИНОЛОГИЯСЫ ЖӘНЕ КЛАССИКАЛЫҚ КЕЗЕҢ

Оның атын бірден даңққа бөлеген нақ осы шығармасында, ең бірінші рет civilisation деген сөзді кездестіреміз. «Адамдардың досы, немесе халықтар жайындағы трактат» («L’ Ami des hommes ou Traite de la population») 1756 жылы жарық көрді деп жазылса да, ол 1757 жылы 40 автор есімінсіз баспадан шығып жұрттың бәрін шаттыққа бөледі. Оның бірінші тарауының орта тұсында мынаны оқимыз:

«A bon droit les Ministres de la Religion ont­ils le premier rang dans une société bien ordonnée. La Religion est sans contrdit le premier et le plus utile frein de l’humanité; с’est le premier ressort de la civilisation; elle nous prëche et nous rappelle sans cesse la confraternité, adoucit notre cœur, etc.» («Дін қызметкерлері жақсы дамыған қоғамда бірінші орында тұрады. Діннің адамзаттың ең жақсы әрі ең пайдалы ноқтасы екені дау тудырмайды; ол өркениеттің ең басты тетігі; ол бізді дұрыс жолға қойып, үнемі бауырмалдық және т.б. туралы айтып, жүрегімізді тазартады») 41 . Бұл сөз кітаптың келесі беттерінде де кездеседі. Ол Мирабоның кейін жазған шығармаларында да кездеседі. Мысалы, оның «Салық теориясында» («Тһéогіе de l’import», 1760): «Біздің өркениеттен бұрын болған және өркениет шеңберін айналып өткен барлық империялардың үлгісі (qui ont parcourut le cercle de la civilisation), мен ұсынған тұжырымның дәлелі бола алады» (99 — б.) 42 . Мирабо қағаздарының арасында оның бұл сөзге немқұрайлы болмағаны туралы тағы бір көпшілікке беймәлім дәлелі кездеседі. Біздің міндет үшін болжамды түрде анықталған жазылу уақыты оның құндылығын түсірсе де, ол әңгімелеуге тұрарлықтай дәлел болып табылады. Мирабо нобай жазбасында бір шығарманың бастауын қалдырып кеткен, ол «Lʼ Ami des hommes, ou Traite de la population» кітабына сәйкес » Lʼ ami des femmes, ou Traite de la civilisation» («Әйелдердің досы, немесе өркениет туралы трактат») деп аталуы керек болатын. Велерс бұл жобаны «күмәнсіз, 1768 жылға жақын» уақытқа жатқызады. Ұлттық архивтерде сақталған осы өзіндік ерекшелігі бар мәтіннің дәл уақытын анықтауға мүмкін болмайтыны өкінішті­ақ. Онымен танысқысы келген адам, трактаттың бес жарым парақ кіріспесі мен он парақ қолжазбасын 43 — бар жазғаны осы — табады. Шығарманың сипаты мынадай деректен белгілі болады: оқырманға арналған үндеу түріндегі кіріспеден кейін, «Өркениет туралы трактат. Бірінші бөлім, бірінші эра. І­тарау. Былдыр» деп аталатын мәтін басталады. Қандай ерекше болса да, стильдің барлық пайымдары мен ауытқуларына қарамастан бұл үзіндіде, бүкіл пайымдаулардың нысаны болып табылатын сөздің көптеген қолдану мысалдары кездеседі. Олардың бәрін де санамалап өтейік: «Elle [la simplicité] saura me guider dans les routes de la civilisation» («Ол { = қарапайымдылық} мені өркениет жолында алып жүре алады») (1­б.); «il s’agit de savoir lequel des dux sexes influe le plus sur la civilisation» («екі жыныстың қайсысы өркениетке көбірек ықпал ететіні туралы әлі анықтау керек») (2­б.); «l’extirpation de ces préjugés est се que produisent les coimaissances qu’ápporte la civilisation» («өркениет беретін білімнің өнімі — осы соқыр сенімдерді жою болып табылады») (4­б.); «les honnétes gens gardent leur honnéteté et leur coeur pour leur conduite, et leur civilisation et leur espirit pour la société» («адал адамдар өздерінің адалдығы мен жүрегін өздерінің мінез­құлқы үшін, ал өзінің өркениеті мен өзінің ақылын — қоғам үшін сақтайды») (бұл да сонда); «la civilisation et l’usage les oblige (sic) á se deprécier dans la société» («өркениет пен әдет­ ғұрып олардың қоғамдағы маңызын кішірейтуге мәжбүр етеді») (бұл да сонда), әсіресе, анықтама болып табылатын мына тұста: «J’ admire á cet égard combien nos vues de recherches fausses dans tous les points le sont sur ce que nous tenons pour étre la civilisation. Si je demandais á la plupart en quoi faites­vous consister la civilisation, on me répondrait, la civilisation est l’adoucissement de ses mœurs, l’urbanite, la politesse, et les connaissances répandues de maniére que les bienséances у soient observées et у tiennent lieu de lois de détail; tout cela ne me prasente que le masque de la vertu et non son visage, et la civilisation ne fait rien pour la société si elle ne luy donne le fonds et la forme de la vertu» («Ізденістердің нүкnелері жалған болғандықтан, біздің өркениет туралы пікірлеріміздің соншалықты жалған болатынына мен таң қаламын. Егер де мен көпшіліктен өркениеттің мәні неде деп сұраған болсам, олар маған: өркениет дегеніміз қоғамның өмір сүру заңы ретінде қолданылуы тиіс әдептілік ережелерінің сақталуы үшін дәріптелетін мінез­құлықтың жұмсаруы, сыпайылық, ибалылық және білім; мұның бәрі мен үшін ізгіліктің бет­жүзі емес, оның бет пердесі болып табылады және де өркениет қоғамға ізгіліктің негіздері мен формаларын бере алмаса, онда ол қоғам үшін ештеңе де жасамағаны») (3­б.)

Читайте также:  ҚЫТАЙ ХАЛҚЫНЫҢ РУХАНИ МӘДЕНИЕТІНДЕ КУН ЦЗЫ ІЛІМІНІҢ ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ҚҰНДЫЛЫҚ БАҒДАРЫ

Осы сөздердің қолданылуына қарағанда, Мирабо үшін civilisation — бұрын «police» 45 деп аталып келген әрекеттің қалыптасу процесі, яғни адам мен қоғамды тәртіпке бағындыру мақсатында адамның әдептілікті сақтауы мен қоғамның әдет­ғұрпын жұмсарту болып табылады. Civilisation сөзін 1765 жылдан кейін, негізінен Мирабо ықпалымен қолдана бастаған басқа авторлар да тура осы мағынада түсінген. Жоғарыда аталған еңбектерде Буланже, Бодо және Дюпон де Немурдың мәтіндері туралы айтылған болатын, сондықтан оларды бұл жерде тағы да қайталау артық болар. Олардың қатарына Ленгенің «Азаматтық заңдардың теориясы» еңбегінен бірнеше мысал қосуға болады: «Nous ferons voir par la suite que ce malheur est inévitable. Il tient á la sivilisation des peules» («Бұл бәледен қашып құтылудың мүмкін болмайтынын біз кейін көрсетеміз. Ол халықтардың өркениетіне байланысты болады») (I, 202­б.) 46 ; «Се sont lб les deux premiers titres du Code originel des hommes, á l’époque de leur civilisation» («Адамдардың өркениет дәуіріндегі әуелгі Кодексінің екі бірінші бөлімі осындай») (II, 175­б); «Je me plais á démêler aux environs la trace des premiers pas qu’ont fait (sic) les hommes vers la civilisation» («Мен адамдардың өркениетке апаратын жолда қалдырған ең алғашқы іздерін табуды ұнатамын») (II, 219­б.); «Por…faire des instruments de la fertilitu ceux du luxe, il ne fallait qu’un peu plus de civilisation, qui ne dut pas tarder» («Құнарлылыққа жету құралдарын сән­салтанатқа жету құралдарына айналдыру үшін, өзін көп тостырмай келген, азғантай өркениет қана қажет болды») (II, 259­б.). Мұндағы civilisation адамзатты жабайы қалпынан алып шыққан әуелгі ұжымдық процесті белгілеп тұр. Бұл мағына өркениетті қоғамның жағдайы ретіндегі «өркениет» анықтамасына жақын келеді және осы уақыттан бастап мұндай қолданыстағы мысалдар көбейе береді.

Читайте также:  ҚАЗАҚ-АҒЫЛШЫН ТІДЕРІНДЕГІ МАҒЫНАЛАРЫ СӘЙКЕС ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР

Неліктен civihsation деген зат есім өте кеш пайда болады деген сұрақ туындайды, өйткені, ол кезде, civiliser «әдет­ғұрыпты жұмсарту, ағарту» етістігі мен civilise «әдепті, оқыған» үстеуінен жасалған сын есімі бұрыннан­ақ кең қолданыста болған. Civilisation сөзінің сот тәжрибесінде термин ретінде қолданылуы («қылмыстық істің азаматтық іске айналуы»), оған кедергі келтіруі мүмкін емес, ол ешқашан да кең қолданыста болмаған сияқты. Бұл жерде негізгі екі себеп болуы мүмкін. Біріншіден, ол сол дәуірде — isation — ға аяқталатын сөздердің аз таралуы және олардың санының баяу өсуі. И.Морастың пікіріне қарамастан, XVIII ғ. ортасында, революцияға дейін, осы тектес сөздердің жасалуы өте сирек болатын. Ф.Гоэн 47 және А.Франсуа 48 тізімдерінде тек fertilisation «топырақ тыңайту», thésaurisation «ақша жинау, тезаврация», temporisation «күту, уақыттан ұту», organisation «ұйым» (бұл сөз бұрын жасалып, бүгінде ғана тарала бастады) және біздің civilisation­ды кездестіреміз. Сол кезеңде жасалған ­ité­гe аяқталатын жетпістей сөзбен салыстырғанда, бұл өте аз. 49 Бірақ осы аз ғана сөздің көпшілігі таза «іс­әрекет» мағынасын береді (мысалы, fertilisation). Civilisation сөзіндегі «жағдай» түсінігіне тез өту, тек organisation сөзінде байқалады, мысалы organisation des végétaux «өсімдіктердің ұйымдасуы (құрылымы)», кейін des organisations charitables «қайырымдылық ұйымдары». Дағдылы болғандықтан, біз басқа ­isation жалғанған сөздермен салыстырғанда, civilisation сөзін қолдану тым ерте ерекше сипат алғанын байқай бермейміз. Екіншіден, civilisation сөзінің кешеуілдеп пайда болу себебін түсіндіру үшін, біз, сол кездегі техникалық сипаттағы абстрактылы зат есімдердің әлсіз сөзжасамдық өнімділігінен басқа, осы ұғымның жаңашыл болуын және оның адам мен қоғам туралы дәстүрлі түсініктерге енгізген өзгерістерді ескеруіміз қажет. Адамның алғашқы қауымдық тағылықтан қоғамдағы қазіргі өміріне бірте­бірте өту сатылары әлемнің әр түпкірінде табылып, тәрбиелеу мен дамудың баяу әрі үздіксіз прогресі анықталды. Бірақ оны civilité (әдепті) деген статистикалық ұғым жеткізе алмағандықтан, осы процестің мәні мен үздіксіздігін бір мезетте жеткізіп тұрған civilisation сөзімен анықтауға тура келді. Бұл қоғамға деген тарихи көзқарас қана емес. Ол — қоғам эволюциясын теологиядан тыс қарастыратын, кейбіреулердің, ең әуелі, Мирабоның өзінің де дінді «өркениеттің» басты факторы деп білуіне қарамастан, кей жағдайда, айтушылардың өздеріне де беймәлім болып қалыптаса бастаған оптимистік көзқарас еді.

Оставить комментарий