Рукин отрядының қазасы

1871 жылы маған қазақ даласына сапарға шығудың реті келді… Алдында ғана дүрбелең өткен Орынбор даласы қауіпсіз емес еді… Біздің отрядтардың шекара шебіне орналасуына байланысты шабуылдар мен қарақшылық бұл жерлерде едәуір азайған, бірақ жолаушының қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайтын. Ойыл бекінісінде маған 4 атты орал казагын қосып берді, сақ болуымды қатты ескертті. Бастапқыда сақтанып жүрген болдық, кейін жайбарақаттыққа ауыстық. Ойылды кешіп өтіп, Барқынның құм тауларын арта қалдырған соң ұшы қиыры жоқ Орал даласы далиып алдында жатады. Бұлтсыз аспаннан күн шақырайып, төбеңнен шыжғырады. Елсізде ілбіп келеміз. Қасымдағы казак­орыстарымның винтовкалары қисайып, жанына аунап кеткен, мойындарына тер құйылып, өзара мағынасыз тілдескен болады. Көңілсіз көрініс. Бір кезде әйтеуір бір қараға іліндік, құм қоршаған Тамырбұлақ көліне ат суытатын болдық. Аты көл деп аталғанмен суы әлдеқашан тартылып қалған сор. Біздің жайласа бастағанымыз сол екен, бір атты қазақ жанымызға тепеңдеп жетіп келді. Біраз тұрды да, әрі қарай шауып кетті. Қасымдағы казак­орыстарым секем алып қалды, «Мына орда неғып жүр? Аттарымызды алып кетпесін» деп күңкілдесті. Таныс емес өңірде бірінші рет болсам да, маған қауіпті ешнәрсе аңғарылмады. Алғашқы көзтанысым үстіңде май сіңді күпісі бар, еңгезердей қазақ, барымташыға мүлде ұқсамайтын сияқтанды. Арада жарты сағат өткен жоқ, жаңағы қазағым үстіне көк мауыты шапанын киіп, белін күміс белбеумен буып, қоқиып қайта келді. Бізге келіп, таныстығын бастады. 1869 жылғы реформаның шапағаты шарпыған, көрші болыстың болыс басқарушысы екен. Мен оған аттан түсіп, кешкі асымыздан дәм татуға шақырдым. Көпті көрген, орысша бірсыдырғы тәуір білетін жан екен, екеуміздің сөзіміз жарасты. Әңгімеміз кешікпей­ақ мал жайылған тыныш даланы қарақшылардың қақтығыс алаңына айналдырған, күні кеше дерлік болып өткен оқиғаларға ауысты… Кездейсоқ кезіккен осы қазақтың айтқандары, өзім жолықтырған, тұтқыннан қайтқан басқа казак­орыстардың әңгімесі, Орынбор архивінің шаң басқан қағаздарындағы деректер 1869­1870 жылдары бұл далада не болғанын көз алдыңа қалтқысыз келтіреді… Осы ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейін Россия қазақ даласының ішкі өміріне мүлде араласқан жоқ, тек Орта Азиямен сауда қатынасын қамтамасыз етумен шектелді, бола қалса орыс­қазақ арасының шабуылдарын тойтарды. Билік жүргізуі мұра болып келе жатқан, қазақтарды басқаруға қойылған хандар орыс мүддесін мансұқ етумен болды, қазақтар арасындағы толқулардың себепкерлері де солар еді. Бұл орыс өкіметіне жиырмасыншы жылдары хандық билікті тартуға негіз болды. Орынбор ведомствосының даласы үшке бөлініп, әрқайсысын бір­бір сұлтан басқарды. Сұлтан­ правительдер өкімет адамдарының бақылауымен әрекет еткенімен, сол бұрынғы қазақ ханы күйінде қалды, айырмасы бір ханның орнына үш хандық орнағандай әсер берді. Далада біздің бекіністеріміздің саны көбейген сайын қазақтардың шапқыншылығы азайды. Жайық пен Каспийден Сырдарияға, Аралға шекара шебі тартылып, бекіністер орнап, орысқа даланы игеру жеңілдеді. Қарауыл кардондары алынып тасталды, Орынбор бекінісінің әскери маңызы төмендеді. Қарудан қаймыққан қазақтар бейбіт көшпелілерге айналды. Енді орыс үкіметі мұндай тыныштықпен шектеліп қалғысы келмеді. Себебі, біз шебімізді мыңдаған шақырым алға жылжытқаннан кейін, әсіресе Түркістан генерал­губернаторлығы құрылғаннан кейін, бұрын шекаралық меже болып келген Дала Ресейдің өз ішіңдегі аймақ болып қалды. Енді өз билігін еркін жүргізу үшін далада империялық тәртіпті орнату қажет еді. Сөйтіп, 1868 жылдың соңында «Торғай және Орал облыстарын басқарудың уақытша ережесі» қабылданды. Сұлтан­правительдер өзінің көшпелі ставкасымен қоса таратылды, оларды өздерінің кеңсесі, орынбасары (вице­губернатор), прокуроры, соты, уезд бастықтары, т.т. бар губернаторлар алмастырды. Бұл әкімшіліктің жоғары қабатын түгелдей орыс шенеуніктері иеленді. Төменгі билікті, тікелей халықпен қарым­қатынаста болатындары қазақтардан тағайындалды (болыс бастықтары, ауыл старшиналары, т.т.), оларды қазақтардың өздері сайлады. Дала аристократиясының беделі түсті. Билікке, сый­құрметке бойы үйренген хан тұқымы сұлтандар кейінге ығысты. Жаңа ережеге қарсы болғандар, әрине, алдымен осылар еді. Қарапайым халық та Жаңа ережені жатырқады. Бұл заң талабы бойынша қазақтар иеленіп отырған жер енді мемлекеттікі деп жарияланды, қазақтар оны тек қоғамдық негізде пайдаланушылар болады, құқықтары село тұрғындарымен теңестірілетін болды, ал жыл сайынғы алым­салықтары екі есе көбейетін болды. Халықтың қолайына келмейтін бұл жайлардың бәрін сұлтандар мен молдалар өз мүддесіне пайдалана қойғысы келді, түрлі алып­ қашпа әңгімелер ел аралап кетті. Жаңа ереже туралы алғашқы әңгіме бұл өңірге былай жеткен: 1869 жылдың қаңтарында бір сұлтан Елек қорғаны маңыңда далаға Ережені енгізуге келе жатқан орыс шенеуніктерін кездестіріпті. Жерді қазынаға алады, қазақтарды орыс мұжықтармен теңестіріп, шаруаға айналдырады және солдатқа алатын болады деп келген. Сол­ақ екен, ел бөрлікті. Алдымен би Мұңайтпас Бұтамбеков ел адамдарын өзіне жинады. Жүзге тарта би, батыр жиналды, бірі ережені қабылдауды қолдап, екіншілері оған қарсы болыпты, екі күн гүжілдесіп, ешқандай келісімге келместен тарапты. Дәл осы кезде Уфаға муфтиге жолығуға кеткен молда Ықылас Досов еліне қайтып келді. Келе сала Қобда мен Елекке ат шаптырып, елді өзіне шақырған. Бұл жолы мың жарымдай адам жиналды. Ықылас сол бойда «Ұйымдастыру комиссиясын» бері қарай өткізбеу үшін Елекке қарулы қол шығаруға пәрмен берді. Халыққа Орынбор муфтиінің далада мешіт салуға рұқсат бермегенін, себебі орынборлық муфтилерге бұдан былай қазақтар арасында дін ісімен айналысуға тыйым болғанын жеткізген. Ықылас «Жаңа ережеде» мұсылман дініне қарсы да баптар бар деп елі дүрліктірген. Елекке таяу маңда шенеуніктер мыңдаған қолмен қарсы келіп, кідіріп қалған, қол оларды екі күн қоршап тұрған. Үшінші күні комиссия кері қайтыпты. Бұл Торғай облысында орысқа қарсы ашық көтеріліске шығуға бастама болды. Қобда мен Елек бойы түгел толқыды. Көтеріліске қосылғысы келмегендер бойларын қашыққа салып, көшіп кетісті. Мұнымен қабаттаса Орал облысының Гурьев уезінде де халық дүрлігіп жатты. Ол жақтың ұйымдастыру комиссиясының төрағасы Твертинов бір ғана болыс ұйымдастырып үлгерген. Сонымен бар жұмысы тамамдалған. Жем сағасынан бес шақырым жердегі Таздардың аулына келгенде оған Сағыз бен Тентексордан келген ысық руының адамдары жолығып, тоқтатады. Олардың айтқаны – ру ішіңде үлкен толқу бар, егер Твертинов бұлардың аулына соқпай, кері қайтатын болса, бұлар істі басуды мойындарына алады. Твертинов бұған келіспеді. Старшиналар кетіп қалды. Ымырт үйіріле орыстар тоқтаған лашықты 400­ге тарта адам жан­жақтан қоршап алды. Казак­орыс шаналарын тақастырып, аттарды бір­біріне матап, шеп құрып қорғанысқа дайындалды. Қазақтар екпінмен ентелей жетіп келді де, вагербургтың дайын екенін көріп кейін шегінді. Орыс жақтан Шамсутдинов деген казак шығып, бұларға не керек екенін сұрады. Олар ұйымдастыру комиссиясының құрамындағы Тауасаровты өздеріне шығарып беруді талап етті. «Тауасаровты шығар! Шығар, ол сатқанды! Бермесеңдер күшпен аламыз! » десті жиналған топ. Бұлар Тауасаровты тығып тастап, оның мұнда жоқ екенін жеткізді. Топ кейін қайтқандай болды, бір кезде кері қарай лап қойды. «Орыстарға өлім келсін!» Қазақтарды қатарласа, бір мезгілде атылған мылтық даусы қалт тоқтатты. Өлгені қалды, басқасы қаша жөнелді. Қыстың ызғарлы түні, суық пен қорқыныштан бивуак ішіндегілер діріл қақты. Бар­жоғы 12 адам сырттағы мыңдаған атты қазаққа қалай қарсы шықсын, көмек келетін жер тағы жоқ. Тан қараңғысында лагерьге 3 қазақ келді, «ысықтар ағылып келіп жатыр, сендерді тірі жібермейді, бізге сенсеңдер, осы жерден алып шығамыз» десті. Казактарда басқа амал да жоқ еді. Ат­шанасын, лагерін қалдырып, олар түн қараңғысында жылыстап, қарауылдың жанынан өтіп кетті. Жолбасшылар оларды теңізге дейін шығарды. Мұз үстімен амалдап, жылжып, келесі күннің түніне қарай олар Гурьевке жеткен. Сөйтіп, Жана ережені енгізудің алғашқы амалдары орыстар үшін осылай сәтсіз аяқталды. Қазақ батырлары бұрынғы кездердегідей атқа қонып, шекара шебіне шабуылды жиілетті. Жайықтың қатқан мұзын көпір қылып, маңайдың орыс селоларын тонап, мал айдап әкетіп жатты… Жайық жағасының тыныштығы қайта бұзылды. …Бәрібір Орал облысында қазақтардың көтерілісі тез басылды. Жаңғырығы Маңғыстауға естіліп, енді адайлар дүрлікті. Далалық қазақтармен кездесе, пікірлесе жүріп, мен осы көтерілістердің әңгімелерін көп естідім. Бұл шынайы, болған қалпында бояймыз жеткізілген әңгімелер еді. Бастапқы кезде Жаңа ереже адайларға тарамайтын болды. Олар Орынбор даласынан өте қашықта, Хиуа, Түрікмен бетте көшіп жүрді. Реформаға дейін де, реформа Орынбор жеріне енгізілгеннен кейін де адайлар бұрынғысынша екі дистанцияға бөлініп, өз билерінің Маяев пен Калбиннің басқаруында болды. Орынбордағы бастықтар оларға алым­салықтың жаңа көлемі туралы айтқан жоқ, бұл олардың бергі жақтағы қазақтарға қосылып кетуін тежеді. Даладағы дүрбелең басылысымен­ақ, Орал облысының губернаторы өзіне, Оралға екі дистанцияның бастығын шақырттырды. Екеуі де 1870 жылдың басында келді. Екеуіне тиісінше нұсқаулар беріп, кейін қарай қайтарыңда бұлармен бірге бүкіл Манғышлақ приставтығы бағынатын уезд бастығы болып тағайындалған подполковник Рукин бірге келді. Жұрттың айтуына қарағанда, Рукин іске шалт кіріскен. Ол ереженің адайлар үшін жаңалық екендігін, жергілікті тұрмыстық жағдайдың ерекшелігін, қалыптасқан үрдістерді бұзудың қиындығын, уездің алып жатқан аумағының кеңдігін назарға алмады. Күшпен, қаталдықпен, қарумен жартылай жабайы өмір сүріп келе жатқан көшпелілерді бағындыра қойғысы келді. Сөйтіп, өзін өзі тығырыққа тіреді. Адайлар болса бұрын төлеп келгендерінен артық салық төлеуге қарсы екендіктерін білдірді, ауылдар арасын межелеуді – ғасырлар бойы қалыптасып қалған көші­қонды тежейді деп түсіңді. Орысқа шын берілген Маяев оларға орыс үкіметінің мақсатын түсіндіріп, босқа әуре болды. Халық оның сөзіне құлақ аспады, бірте­бірте Калбин жаққа ауыса бастады. Наурыз айының орта шенінде алғашқы дүрлігудің хабарын естісімен Рукин қасына елу шақты адам алып, көтерілісшілерді жазалауға жолға шықты. Қазақтарды жеткілікті білмей тұрып, орыс ұлығының қарулы казак­орыспен көрінуінің өзі адайларды тыныштандырады, оларға қарсы екі­үш рет оқ атсам қорқады деп ойлады. Мұндай аз қолмен шығудың қауіптілігін айтқан жанындағы Маяевтың да, басқа билердің де сөзіне құлақ аспады, фортқа кері қайту туралы естігісі де келмеді. Сөйтіп, форттан 125 шақырым қашықтыққа дейін жүріп жетті. Маңайда жөн сұрайтын, жол сұрайтын ешкім жоқ­ты, ауылдар жан­жаққа бытырап көшіп кетісті. Сарытасқа жеткеннен кейін Рукин өзіне кері қайтқаннан басқа амал қалмағанын түсінді. Алайда, бұл кезде оның қайтар жолын көтерілісшілер жайлап алған еді. Сардарлардың бірі, Иса Тіленбаев деген бай, жас қазақ отрядты бірнеше топпен қоршап алды (мақалада Исса Тулумбаев. Н.Ж.). Отряд қауіпті жағдайда қалды, отряд құрамындағы жергілікті адайлардың бірқатары өз қазақтарының жағына шығып кетті, Рукинмен бірге Маяев пен оның бір­екі жігіті, сосын 12 жылдан бері Александров фортына хат тасушы болып жүрген егде казак Косынко қалды. Рукиннің жалы жығылып, тығырықтан шығар амал қарастырды. Бір жігітті форт комендантына жіберіп, «Мені адайлар қоршап алды, көмекке қанша болса да адам жібер, олармен бірге әскери патрон комплектісін, фельдшер, дәрі­дәрмек және арақ жіберткіз» деп хат жазды. Өзі уақыт ұту үшін Исамен келіссөз жүргізуді бастады. «Қарулы топты неге жинадың?» болды оның тілмаш арқылы қойған алғашқы сұрағы. Бұған Иса «Сен әуелі бізге Маяевты бер, ол сатқын біздің қолымызға түспейінше, біз сендермен келіссөз жүргізбейміз» деп жауап берді. Жауап әкелушімен бірге бастан­аяқ қаруланған бірнеше қазақ бірге келді, мақсаттары – Маяевты ала кетпек. — Мен Маяевты бере алмаймын, – деді Рукин, – сонымен бірге Исаға айтыңдар, егер бұл жердегі азғана казак­орысты құртам десеңдер, орыс үкіметі сендерді аямайды. Иса, әрине, Рукиннін сөзінен оның қорқынышын аңғарып, бел алып кетті. Отряд ертеңіне, 24 наурыз күні тағы да он шақырымдай фортқа қарай жылжыды. Жолда, Ақтауда тар аңғар бар еді, қазақтар осы жерді алдымен алғысы келді. Мұны сезген отряд та урядник Багайдиновты бас қылып, алты казак­орысты алға жіберді. Тау қуысына екі жақ қатар жетті, атыс, төбелес басталды. Багайдинов пен екі казак сол жерде өлді, қалғандары отрядқа қашып келді. Шегінер жол жабылды. Қолында жақсы винтовкасы бар, ұрысқа үйренген елу атты казак­орысқа барымташылар шайқасын жарып шығу онша қиындық келтірмеген болар еді, алайда Рукиннің екпіні басылып, жасқанып қалған, тіке шабуылға шыға алмады. Таулы­тасты жерде арбамен жылжу да қиын болды. Рукин арбаны, азық­түлігімен, шатырларымен тастап, тіпті аттарды да қалдырып, түн қараңғысында жаяу кетуді ұсынды. Отряд бұған көнбеді. Атпен қозғалуға да оңай, ұрыс болса оларды таса қылып, форттан көмек келгенше екі­үш күн қорғана тұруға болады деген уәжге құлақ аспады. Рукин казак­орыстардың ұрыс тәсілін білмейтін, олардың көңілін аулап жігерлендіру де қолынан келмейтін, тек бұйрыққа ғана бағынуды талап етуші болды. Казактар күңкілдеп­күңкілдеп, алға жаяу кетті. Күн кешкіре форт беттен бір атты көрінді, отряд әуелі казак­орыстар көрінді ме үміттеніп қалды, Маяев өз дистанциясының адамы екенін танып, тілдесуге алға ұмтылды, алайда жанағы қазақ мұны атып түсірді. Рукин отрядтың құтқарылатынынан үмітін біржола үзіп, бар сенімін жоғалтты. Теңізге дейін 5­6 шақырым қалған, сол жерден балықшылардың кемелерін тауып, фортқа жету туралы да жоспары болды, бірақ түннің қараңғылығы адым аштырмады. Ассыз­сусыз, көліксіз отрядқа тас үстінде түнеуден басқа ештеңе қалмады. Қазақтар оқ жетпейтін жерде маңайды шиырлап жүрді. Түн ортасы ауа Рукин Косынканы жанына шақырып алды. Қолына мылтық беріп, «өзің білесің» деді. Қосым қоршаған өз қандастары арасынан жарып өтуге қорқып, тасада тығылып жатып, көз алдында өтіп жатқан оқиғаның еріксіз куәсіне айналды.

Читайте также:  Тарихшылдық және оның мәселелері

Оставить комментарий