Рукиннің Маңғыстауға келуі

Жаңа әкімшілік бөлініс бойынша Маңғыстау аймағы Орал облысының құрамына кірді. Әскери губернаторға бағынышты өз алдына дербес приставствосы болатын болды. Оның приставы болып бұған дейін Торғай бекінісінің коменданты болған подполковник. Рукин тағайындалды. Ол патша саясатын белсенді жүргізуші ретінде зор беделге ие болған және Орал, Торғай облыстарында болған көтерілістерді басып жаншитын отрядтарды бірнеше рет бастап шығып (оның ішінде 1869 жылғы көтеріліс те бар),қаһармандығымен көзге түскен патша өкіметінің сенімді өкілі еді. Рукинді Маңғыстауға аттандырар алдында Н. А. Веревкин Маңғыстаудағы дистанция бастықтары Баймәмбет пен Ғафур билерді Орал қаласына шақыртады. Ондағы мақсаты жергілікті халықтың Уақытша ережеге көзқарасын, көңіл күйін білу еді. Ол екі биге Уақытша ереженің мән­жайын жете ұғындырумен қатар округ бастықтары етіп тағайындауға уәде етті. Ал, Уақытша ереже Маңғыстауға ойдағыдай енгізіліп болғаннан кейін шендерін көтеріп, сыйлыққа (наградаға) ұсынатынын да. ескертті. Баймәмбет пен Ғафур Веревкиннің айтқандарының бәрін құп алып, оны Уақытша. ережеге Маңғыстау қазақтарының ешқандай да қарсылық көрсетпейтіндігіне сендірді. Сөйтіп, 1869 жылғы қыркүйек айының соңында екі би Рукиңді ертіп Александровскі фортына беттейді. Веревкин Рукинге қандай әрекет жасаса да қолынан қақпайтынын, Бірақ ел арасындағы беделді адамдардың сеніміне ие бола білуін, оларды пайдалана білу керектігін ескертеді. Сөйтіп Маңғыстау қазақтарына пристав болып келген Рукин екі ай өткеннен соң адайлардың билері мен старшындарын Фортқа жинайды. Ол жинағандарға патшаның Уақытша ережені шығаруы қазақ халқына деген зор «қамқорлығы» деп илаңдыруға тырысады. 1869, 1870 жылдар үшін жаңа тәртіп бойынша екі жылдың салықты бірден жинау керектігін тапсырады. Жиналғандардың көпшілігі Рукиннің сөзіне қоштау да көрсетпей, қарсылық та көрсетпей, үн­түнсіз тарасады. Билікке құмар кейбір билер мен старшындар Рукиннің тапсырмасын мүлтіксіз орындауға сөз береді. Баймәмбет би басқаратын жоғарғы дистандияның старшындары 1870 жылдың 10 сәуіріне дейін Орынбор көпестеріне әрқайсысы 3 сомнан 3105 кұнан қой сатуға уәде береді. Ал төменгі дистанцияның қазақтары салық төлеуден бас тартады. Патшаның .Уақытша ережесін жедел іске асырып, бастықтарының алдында абырой­атағының асатындығына титтей де күмәні болмай, Маңғыстауға зор екпінмен келген Рукин әп дегеннен­ақ маңдайын тауға соққандай болады. Ол 1869 жылдың ішінде тек 2390 түтіннен ғана салық жинай алды. Бұл барлық түтіннің жетіден бірі ғана еді. Орынбордағы бастықтарының кінәлауынан қаймыққан Рукин енді пәрмендірек. әрекет жасамақ болады. 1870 жылдың 25.ақпанында Б. Маяұлына жедел түрде Уақытша ережені жүзеге асыруды тапсырып хат жолдайды. Осы хатта дистанциядағы бөлімшелерді болыс деп атауды, олардың бастықтарын болыстық басқарушылар деп атауға «нұсқау береді.Болыстық басқарушылардан қарамағындағы түтін иелерінің тізімін жіберуді талап етеді. Айтқанын орындамаса, қызметінен түсіріп, айып саламын деп қорқытады. 1870 жылдың ақпанында адайлар өздерінің старшындары арқылы Красноводск отрядының бастығы Столетовтен бірден екі жылдың салығын төлеу жайының жөнді­жөнсіз екендігін сұрастырады. Столетов.қазақ адайлары мен Маңғыстау түрікмендері үшін салық төлеу жайы әзірге ескі тәртіппен жүргізілетіндігін айтады. Бұл жағдай лаулап жатқан отқа май құйғанмен бірдей болып, адайлардың Уақытша ережеге қарсылығын бұрынғыдан да күшейте түседі. Көктемде Сарықамыс маңын «сүзіп» қайту үшін Красноводскіден әскер жіберіледі. Бұл жағдайды Рукин адайларды тырп еткізбей бағындырып алатын ең қолайлы сәт деп есептейді де, билер мен старшындарды Фортқа тағы да жинап, Уақытша ережені қабылдауды үзілді­ кесілді талап етеді. ‘ Көнбеген жағдайда Орынбор әскері адайларды жаз жайлауға өткізбейді деп қорқытады. Ірі билерді тез аттандырып, халықты қалай еткенде де Уақытша ережені мойындауға көндіріп келуге жұмсайды. Рукин олардың іс тындырып қайтатынына іштей сенімді­ақ еді. Бірақ өкінішке орай бұл әрекетінен де еш нәтиже болмады. Бозашыға жіберілген Қабақ Ермембетов Бозашыдағы елдің жаңа ереже туралы тыңдағысы да келмейтінін, тіпті отряд үшін түйелер беруге де үзілді­кесілді қарсылық жасағанын айтып келді. Рукин адайлардың Уақытша ережеге түбегейлі қарсы шыққанын ұқты. Тіпті Бозашыда өзіне қарсы тұруға Досан Тәжіұлы мен Иса Тіленбайұлының басшылығымен 30 мылтықпен қаруланған 200­дей жігіттің бас құрап жатқандығынан да хабардар болды. Айтқанын орындата алмай, адайларға әбден өшіккен Рукин енді көктемнің алғашқы жылылығы түсісімен, жазғы жайылымға көше бастаған ауылдардың алдынан шығып, көштерді тоқтатып, «бүлікшілерді» жазалауға, салықты күшпен жинауға бел байлайды. Ғафур би оған қарулы отрядпен аттанудың қауіпті екендігін, оның артының ушығып кетуі кәдік екендігін ескертеді. Бірақ Рукин «қырғыздар орыс отрядын көрісімен­ақ тырым­тырақай қашады»,­ деп райынан қайтпайды. Сөйтіп, Рукин 1870 жылдың 15 наурызында төрт офицер басқарған 38 қазақ атты әскерімен, Бекметов деген тілмашы бар, жолбасшылыққа Баймәмбет биді алып, барлығы 60 адам, 35 түйе жегілген арбалы керуенмен Форттан Құрыш қолтығына қарай аттанады. Ол Форттан аттанар алдында Н. А. Веревкинге жолдаған мәлімдемесінде (рапорт) былай деген екен: «Болыстық басқарушылардың Жаңа ережені енгізуді тездетіп аяқтауына жәрдемдесу, сондай­ақ, бұл ережені мойынсұнбай, жазғы жайлауға көшіп кеткелі жатқан кейбір ауылдарды көндіруге мәжбүр ету мақсатымен ертеңнен бастап қырға аттанамын. Бұл — қазіргі кезде адайларды Жаңа ережені қабылдауға көндірудің кепілі, көнбеген жағдайда оларды отряд жазғы жайлауға жібермейді»…(Орынбор облыстық мемлекеттік архиві ф. 6. 8239­іс, 510­бет.) Рукиннің қарулы отрядпен шығып, зорлықпен алым­салық жинамақшы болғаны онсыз да зорға шыдап отырған халықтың атқа қонып, көтерілістің тұтанып кетуіне тікелей себепші болған. Иса Тіленбайұлы кейін былай деп жазған: «Рукин елден салық жинауға қарулы отрядпен кірісті, қарсылық көрсеткендерге күш қолданбақшы болды. Адайлар оның бұл зорлығына қарсы тұру үшін бас біріктірді». Демек, көтерілістің тамызығына от берген, бықсып жатқан шаланы үф деп үрлеп, лап еткізген Рукиннің өзі болып отыр.

Читайте также:  Күндік жоспар дегеніміз не?

Оставить комментарий