Құрылымдық, структурализм және құрылым

Коммуникативті үлгілерді зерттегенде хабардың формасын, сондай­ақ, кодтардың жүйелілік табиғатын анықтау үшін де құрылымдық торды қолдану қажет болады. Қайсыбір кодты формаға сәйкестендіру және басқа қарама­қарсы қойылған немесе қосымша кодтармен салыстыру тұрғысынан келгенде пайдасы бар синхронды көзқарас, тарихи процес барысындағы хабарлар мен олардың әртүрлі оқылуының ықпалындағы кодтардың эволюциясын түсінуге көмектесетін кейінгі диахрондық талдауды жоққа шығармайды. Мұндай құрылымдық торлардың қажеттігі бірдей құралдарды қолданып әртүрлі құбылыстарды сипаттағанда, басқаша айтқанда, хабарда, кодта, мәдени контексте қызмет атқаратын, яғни риторика мен идеология механизмдеріндегі гомологиялық құрылымдарды анықтағанда қажет болады. Құрылымдық тәсілдің міндетіне әртүрлі мәдени деңгейдегі гомогендік құрылымдарды анықтау жатады. Мұндай міндеттер дискурсты ерекшелендіруді мақсат ететін таза оперативті міндеттер болып табылады. Бірақ бұл мәселенің шеңберін алдын ала белгілеу қажет болады, өйткені құрылым термині, көбінесе, бір­біріне ұқсамайтын философиялық және ғылыми тұжырымдамаларда қалай болса солай қолданылады. Соңғы кезде құрылымдық терминологияны шексіз қолданудың салдарынан, бұл термин сән үшін ғана қолданылады, сондықтан оны қосымша коннотациялардан тазарту керек деген пікірлер айтылып жүр 68 . Ал осы терминді дұрыс қолданатындардың өзі терминді қолдануға болатын қандай да бір кең өрістің, «ешкімнің иелігінде жоқ жердің» болуын көбіне мойындайды. 1. Ой тарихындағы «құрылым» туралы түсінік І.1. Бұл жердегі әңгіме тұтас нәрсені, соның бөліктері мен олардың өзара қатынасын 69 , «ішкі тәуелділіктердің дербес тұтастығын» 70 , өзара тәуелді және біте қайнасқан бөліктерден құралған қандай да бір тұтас нәрсені анықтайтын термин туралы болып отыр 71 … Дегенмен де егер құрылымды қандай да бір ішкі органикалық байланыстардың ou tout se tient (бірін­бірі «ұстап» тұратын) жүйесі ретінде түсінсек, онда құрылымдық ұстаным бүкіл философияның тарихына тән дегенді мойындауға тура келеді; аристотельдік субстанция ұғымынан (ал «Поэтикада» драманы «үлкен айуанмен» салыстырудан) бастап, ол форманың әртүрлі биоорганизмдік теорияларын және де әртүрлі ортағасырлық теорияларға тән болған. Бұл жерде он тоғызыншы ғасырдың организм философияларын еске түсірсек жеткілікті (олардың арасында Гете морфологиясына және қазіргі ағылшын­саксон эстетикасының көптеген қағидаларына негіз болған Колриджды атасақ жеткілікті)… Қазіргі философияны әрқайсысы тарихи, онтологиялық немесе психологиялық нақтылықтың көрінісі саналатын Шпрангердің «өмірлік формасынан» (Lebensformen) бастап, Криктің «ежелгі формасына» (Urform) дейін және Дильтейдің «негізгі формасынан» (Grundformen) бастап, Гуссерльдің «мәнділік формасы» (Wesenformen) мен Шелердің «сезіну формаларына» (Gefuhlsformen) дейінгі әртүрлі «формалар» жайлап кеткені белгілі 72 . Осы ойдың жалғасы ретінде қазіргі эстетика да Кассирер мен Лангер жасаған символикалық формалардан бастап, жаңа сын стратегияларына дейін, Фосийон формаларынан бастап, Парейсонның форма жасау теориясына дейін құрылымдық сарындарға толы екенін айту қажет; Уайтхейдтің ықпалында болған Пачи реляционизмінің құрылымдық ұстанымы туралы да және өзінің әлеуметтік­эстетикалық зерттеуінде «құрылымдық» эстетиканың қағидаларын негізге алған Шарль Лалоның 73 «жүйелер жүйелерінің» формальды сипаты туралы да дәл осыны айтуға болар еді (орыс формалистері — Прагалық лингвистер ұйымы — Уэллек тізбегіне ұқсас)… Ең соңында айтарымыз, алғашқы рет құрылым туралы мәселе көтерген формалар психологиясының қазіргі структурализмнің көптеген бағытына ықпалы болды және сол формалар психологиясының ағымы бойынша Мерло­Понти өзінің терең құрылымдық анықтамаларын жасаған 74 . Алайда дәл осылай «өздерінің структуралист екенін білмейтін» структуралистерді немесе «структурализмнің алдында болған структуралистерді» немесе «нағыз шынайы структуралистерді» бәрінің ризашылығын туғызып шексіз санамалай беруге болады. Маркс пен көптеген марксистердің құрылымдық ұстанымын қалайша жоққа шығаруға болады 75? Және де психопатология саласындағы қазіргі зерттеулердің, Минковский, Штраус, Гебзаттель және Гольдштейн еңбектерінің, Бинсвантердің 76 болмысты талдауын және Лакан құрылымдық сарында 77 түсінген фрейдизмнің өзін де сол баяғы структурализм анықтап тұрған жоқ па? 1.2. Қорытындылай келе айтарымыз, құрылым идеясы ғасырлар бойы философиялық ойға арқау болып келді және ол формалардың формасы қозғап тұрған әлемнің, ғарыштың тұтастығы туралы түсініктерімен астасып жатқан жалпылық идеясы ретінде ғана емес, сондай­ақ жеке «тұтастықтардың» қосымшасы ретінде де, метафизиканың күйреуі жалпы тұтастықты Тәртіп ретінде тануға мұрша бермеген жағдайда реттеу критерий ретінде де қолданылды. Қазіргі ойлауда мұндай ұстаным жеңіске жетіп, ендігі назар синхронды тұрғыда қарастырылатын жекелеген құбылыстардың реттелуіне ауды, ал себептілік, тарихи даму, генезис мәселелері көлеңкеде қалды; мұның барлығы ойдың біртұтас бағыты саналатын «структурализм» мәселесінің емес, форманың, құрылымның, тұтастықтың органикалық бірлігі туралы мәселенің қамтылуын дәлелдей алады. Сонымен, структуралист болу үшін құрылымдар туралы ғана айту, оларды мойындау және құрылымдық әдістемені қолдану аздық етеді. Сондықтан да «структурализм» атауын, Де Соссюр — Мәскеу — Прага — Копенгаген — Леви­Строс — Лакан — кеңес және француз семиотиктері тізбегіне сәйкес келетін болжалды ортодоксальды структурализмге беріп, құрылым терминінің нақты қолданылуын анықтап, бұл мәселені жабу керек шығар. Бірақ біз негізгі (магистральды) бағытты бөліп алатын және барлық қосымша тармақтарды сонымен тікелей байланыста қарастыратын осындай терминологиялық жіктеуді жасағанда және құрылым терминін қай жағдайда қолдану керектігін анықтаған кезде, біз бірден сондай қолданысты негіздейтін көптеген философиялық пікірлерге жолығамыз. Нәтижесінде бізге ортодоксальды структурализмнің магистральды бағыттың ішінде (мәселені жеңілдету үшін таңдап алынған) магистральды қиылысқа, ал структурализмді — қайда апарары белгісіз бастапқы нүктеге айналдыратын әртүрлі бағыттағы күштер болатынын мойындауымызға тура келеді 78 . Сондықтан мыналардың болуымен келіспеске лаж жоқ: а) «жалпы» структурализм (қате атаудың немесе өзін­өзі атаудың нәтижесі); б) ерекшеліктерін анықтау қажет болатын «әдістемелік» структурализм; в) біз даулы мәселесін талдайтын «онтологиялық» структурализм. 2. Аристотель тәлімі: нақтылы форма және формальды үлгі ретіндегі құрылым теориясы ІІ. 1. Негізге — бұл бәрінің де көңілінен шығуы тиіс — құрылымды бөліктері мен олардың өзара қатынастары бар қандай да бір тұтас нәрсе ретінде қараймыз; мұнда барлығы да өзара байланыста болады; бірақ тап осы тұста құрылым деген не: құрылымы бар нысан ба немесе нысанның құрылымын анықтайтын, бірақ жеке қарастыруға болатын қатынастар ма? — деген мәселе пайда болады 79 . Жоғарыда біз структуралистік ойдың атасы ретінде Аристотель туралы айтқан едік. Нақ осы Аристотельде біз форманы, қандай да бір органикалық тәртіпті сипаттауға көмегі бар үш ұғымды кездестіреміз: морфе (morfé), эйдос (eidos) және усия (ousia). Морфе (ηορφή) «Физикада» былайша анықталады: бұл сызба, нысанның сыртқы физикалық формасы, оны схоластар terminatо деп атаған; бұл τό σχήματήςιδεας. Эйдос (ειδος) дегеніміз идея. Ол Платон үшін нақты заттан да нақтылы есептелсе, бұл жерде заттан «тыс» болмайды; бұл λογος ανευ υλης, демек материямен бірге ол синлон, субстанцияны, яғни усияны (ουσια) құрайды. Онда τι ην ειναι және συνολον қосылады, ал бүл ουσια, τοδε τι, яғни жеке адам болады. Бірақ эйдос усиядан жеке өмір сүре алмайды, бұл — болмыстың әрекеті. Эйдос затпен біте қайнасқан, бірақ оның пайда болып, қалыптасуына қатысы болмайды. Ол тек субстанциямен бірге ғана және оның ішінде өмір сүреді: ол субстанцияның интеллигибельдік құрылымы. Бұл түсінікті қазіргі таным теориясының көмегімен түсіндіруге болады, мысалы Н.Бор атомының үлгісін (ол әлемдегі бірінші атомнан бұрын пайда болмайды, тек құдыретті ақылда ratio seminalis түрінде болмаса және ол абстракция процестерінің жемісі болады) кез келген болуы мүмкін атомның эйдосы деп атасақ. Бірақ бұл жерде мынаны ескеру қажет болады — 1) Борға дейін атомның эйдос­үлгісі болмады, бірақ ол атомдар да жоқ болды деген сөз емес; және 2) біз атомдар Бордың болжамы бойынша құрылуы тиіс дегенді айтқымыз келмейді; ал Аристотельде болса, эйдос усияға жан бітіреді және оны абстракцияландырып, анықтағанда біз, біздің танымымыздан бұрын болған қайсыбір интеллигабелдікті жарыққа шығарамыз. Мұндай ерекшеліктерді атап өту қажет, өйткені кейін «құрылым» терминін талдағанда осыларды ескеру керек болады. Дегенмен де «осы» және «постулаттанған» эйдостарды әзірше қоя тұрып, аристотельдік философиядағы құрылым дәрежесін қарастыруды жалғастырамыз. ІІ.2. Егер эйдос 80 рационалды және рационалды түрде танылатын нақты субстанцияның құрылымы болса, ол заттың өзін емес, затты меңгеріп тұратын қатынастар жүйесі болуы тиіс. Бірақ Аристотель бойынша, эйдос өзі көрсетіп тұрған материядан тыс, демек өзі көрініс табатын «усиядан» тыс анықтауға келмейді. Сондықтан Аристотель қайсыбір жасалатын заттың идеясы туралы айтқанда (мысалы, сәулетші үйдің құрылымын ойдан шығарады), ол мұндай оперативті идеяны эйдос демей, «рсьфз пхуйб» («бірінші мәнділік») деп атайды; заттың формасы болып табылатын форманы заттан ажыратуға болмайды 81 . Сонымен, Аристотельдің құрылымдық үлгі (ойдың сызбасы) және құрылымы бар нысан арасын таңдап, көп ойланғаны айқын білінді; мұндай диллема құрылымға қатысты әңгіме болғанда жиі туындайды және «құрылымдық» методологияны дұрыс түсіну оның шешілуіне байланысты болады. Дегенмен де күмән туғызып тұрған екі нәрсе белгілі: оның бірі эйдостың онтологиялық және эпистемологиялық аспектілеріне қатысты (эйдос «берілген нәрсе» немесе «орнаған нәрсе», мен оны заттың өзінен табамын немесе затты түсіну үшін затқа телимін); екіншісі нақты және абстрактылы апектілерге қатысты болады (эйдос — нысан ба әлде нысанның үлгісі ме, индивид па әлде универсалия 82 ма?). Егер біз екінші оппозицияға тоқталсақ (байланыстар заңы бойынша жасалған зат, яғни субстанция ретінде түсінілетін құрылым және байланыстар жиынтығы, реттелетін элементтерді ауыстырғанда да өзгермейтін тәртіп, яғни қатынастар торы ретіндегі құрылым арасындағы), онда 1 нысанды қабылдаудың және талдаудың барлық жағдайында бұл күмәннің қайталанып отыратындығына көзіміз жетеді. Өйткені үлгілер нысанды анықтау үшін жасалады және нысан туралы әңгіме болғанда оларды үлгілер арқылы анықтайды. Сондықтан да бұл тұста құрылым жөнінде айтылған осыншама пікірдің арасында, осы дихотомияның болатынын ескеретін және аталған екі позицияның бірін саналы таңдаған пікір бар ма деген сұрақтың болуы заңды. Келесі тараудан кейін «жалпы емес» структурализмнің күмәнді сейілтетін нақ осындай таңдау жасайтыны белгілі болады, бірақ сол мезетте ол жоғарыда көрсетілген басқа балама үшін де, яғни құрылымның онтологиялық және таным теориясы түсінігі үшін ашық болып, әдістемелік және онтологиялық структурализмнің айрығында тұрады (бұл туралы 3 және одан кейінгі тарауларда айтылады).

Читайте также:  Моңғол тілді тарихи деректемелер

Оставить комментарий