Құрылымдық және сериялық ойлау

Құрылым және «Серия». Леви-­Строс «Сырое и вареное» еңбегінің «Увертюра»­ сында өзі «құрылымдық ойлау» және «сериялық ойлау» деп атайтын екі мәдени тұрғының айырмашылығын талдайды. Құрылымдық ойлау туралы айтқанда ол гуманитарлық ғылымдарда құрылымдық тәсілдерді жасырын түрде қолдануды негіздейтін философиялық позицияны мегзейді, бірақ «сериялық ойлау» туралы айтқанда, ол Веберден кейінгі музыканың поэтикасын, айталық, Пьер Булез поэтикасын жасырын түрде негіздейді. Бұл қарама­қарсылық екі себептен қарастырылуға лайықты болады: а) ең алдымен Леви­Строс сериялы ойлау туралы айтқанда, ол нысан ретінде тек музыканы ғана емес, сондай­-ақ жалпы қазіргі эксперименталды өнердің және авангардтың барлық тұрғыларын алады. Шын мәнінде, оның сериялылықты сынға алуы, абстрактылы және фигуративті емес кескіндеменің (живописьтің) сынына жақын, ол «Әңгімелерде» айқын көрініп, Леви­Стростың орта ғасырлардың соңғы кезеңдерінен бүгінгі таңға дейінгі қазіргі батыстық мәдениетте архетиптік және «табиғи» саналатын болжаудың үйреншікті жүйелерін және қалыптасқан канондарды қайта қарауды мақсат тұтатын өнер формаларына сенімсіздікпен қарауын аңғартады; ә) екіншіден, құрылымдық ойлау мен сериялық ойлау жөнінде айтқанда, Леви­Строс осы екі тұрғыны әдістеменің кәдімгі таңдалуымен шатастырмау керектігін айтады, өйткені олар шын мәнінде, әлемді көрудің тәсілдері болып табылады. Осы мәтіннің ұқыпты талдануы, философия кейпіндегі құрылымдық әдістеменің қай жерге шейін баратынын аңдау үшін тиімді болар еді. I.2. Сонда сериялық ойлау дегеніміз не? Леви­Строс сілтеме жасайтын еңбектен дәйексөз келтіре отырып, сөзді Булезге берсек: «Сериялылық поливалентті ойлаудың формасына айналып бара жатыр… Бұл форманың алдын ала берілуін, сондай­ақ жалпы морфологияны сақтап тұруын қалайтын классикалық ойлауды үзілді­кесілді жоққа шығару болып табылады. Мұнда (сериялық ойлауда) сіз нақты ойға арналған алдын ала дайын сатыларды, яғни жалпы құрылымдарды таппайсыз; керісінше, композитордың ойы белгілі бір әдістемені қолдана отырып, өзіне қажет болатын нысандарды және олар ұйымдасатын формаларды айтарын жеткізгісі келгенде жасап алады. Классикалық тональды ойлау тартылыс пен кері итеру күштері ұстап тұрған тұрақталған әлемде тіршілік етсе, сериялық ойлау керісінше, үнемі кеңеюде болатын Ғаламда өмір сүреді» 124 . Бағдарын өзі дербес анықтай алатын, үнемі таңдауға, қалыптасатын грамматикаларды үнемі қарастыруға қабілетті өнердің нақ осындай болжамына музыкадағы, өнердің кез келген түріндегі ашық туынды теориясы негізделеді және шын мәнінде, ашық туынды теориясы сериялық ойлаудың поэтикасы болып табылады. Сериялылық дегеніміз музыкадағы, живописьтегі, романдағы, поэзия мен театрдағы ашық поливалентті құрылымдардың жасалуы. Бірақ «ашық құрылым» ретінде түсінілетін «ашық туынды» деген тіркестің өзі, бір қатар мәселе туғызады: ашық құрылымды талдау кезінде қолданылатын құралдар поливаленттілік және сериялық ұғымдарына сай бола ма? Басқаша айтсақ, сериялықты құрылымдық түрде ойлауға бола ма? Құрылымдық және сериялық ойлауды гомогенді деп есептеуге бола ма? I.3. Француз тілінде бұл екі сөз бірдей қолданылса да, Леви­Стростың «структурный» емес, «структуральды» ойлау туралы айтуы кездейсоқ нәрсе емес. Өзінің бір эссесінде Жан Пуйон осы мағыналық реңкке тоқталады; мұның ашық құрылым мен структурализм мәселесінің қай мәнде әртүрлі болатынын ұғынуға көмегі тиеді. Өзінің еңбегінде Жан Пуйон «структурный» (structurel) сын есімін талданатын нысанның нақтылы құрылысымен, ал «структуральный» (structural) сын есімін «құрылымы бар» нақтылықтардың өзгеру заңдарымен, әртүрлі нысандардың салыстырмалы түрдегі біркелкілігін анықтауды мүмкін ететін жалпы синтаксиспен байланыстырады. «Қандай да бір ұйымдасқан тұтастықты іштей анықтап тұрғанда байланыс құрылымдық болады; дәл сол байланыс әртүрлі ұйымдасқан тұтастықтары әртүрлі анықтай алатын жағдайда структуральды болып есептеледі» 125 . Сонымен, өзгешелік айқын байқалып тұр: сериялық ойлау ашық «құрылымы бар» нақтылықтарды жасау міндетті болса, құрылымдық ойлау структуральды нақтылықтармен айналысады. Көріп отырғанымыздай, әңгіме әртүрлі екі сала туралы айтылып отыр, бірақ бір салада алынған нәтижені, екінші сала терминге айналдыруы қажет. Дегенмен де мұндай сыртқы үйлесімнің болуы, құрылымдардың авангардтық жасалуын структуралист­ғалымдардың зерттеу қызметіне тәуелді етіп қояды. Сондықтан да болар, көптеген жеңілтек түсіндірушілер (бұған білікті журналистердің көпшілігі және надандардың барлығы кіреді) структурализмді авангардтық форма жасаудың қандай да бір өзгерген түрі деп ойлайды. Кейде аңғалдығы анық көрінетін пайымдар да кездеседі: структурализм дегеніміз — алдыңғы қатарлы әдістеме, демек ол авангардтық әдістеме. Сонымен, біз күмәнді нәтиже беретін авангард қызметіне структурализм категорияларын ойсыз қолдануды жиі кездестіреміз. Біздің міндетіміз структурализм мүдделерінің саласын авангардтың көркем ізденістер саласынан бөліп тастау емес, біздің алдымызда тәжірибенің екі әртүрлі деңгейі тұрғанына назар аударып, жауапкершілік салаларын бөлек қарастыру. Осындай өзгешелік көзге көрінетіндей болғанда ғана, тәжірибенің осы екі деңгейіне де ортақ тіл туралы айтуға болады. Екінші жағынан, егер осындай шатасу кездесетін болса, онда оның өз себептері бар, дәлірек айтсақ, ол Леви­Строс (оның қорытындылары біздікімен сәйкес келмесе де), ол өзінің жоғарыда көрсетілген еңбектерінде қазіргі мәдениеттің тұтас ағымы болып саналатын сериялық ойлауды структурализмнен ажырата білу қажет деген пікір айтады. I.4. Сонымен, сериялық ойлаудың структуральды ойлаудан немен ерекшеленетінін, қай мәнде структуральды ойлау сериялық ойлауға қарсы келетінін және сериялық ойлауға қарсы қойылған структуральды ойлау барлық жағдайда структуральды болып қала ма, әлде сериялық ойлаудың жеке түрі бола ма, олай болса сериялық ойлау структуральды ойлаудың шектерін, жалпы сұлбасын, басқа да параметрлерін анықтай ала ма (сол мезетте: структуральды ойлау сериялық ойлаудың шегін және басқа да параметрлерін белгілей ала ма) соны байқап көрейік. Лингвистика жетістіктері тұрғысынан және жалпы коммуникация теориясы тұрғысынан алғанда структуральды тәсілдің ең маңызды деген ұғымдары қандай? 1) Код­хабар қатынасы. Кез келген коммуникацияның жүзеге асуы хабардың алдын ала анықталған, салушы мен алушыға ортақ код негізінде декодификациялануына байланысты болады. 2) Таңдау және комбинация осьінің болуы. Түптеп келгенде, бұл екі осьпен тілдің қосарлы мүшеленуі байланысты: біріншілік мүшелену бірліктері, код репертуарында қаралған және жүйедегі орнына байланысты позициялық мағына иеленген аз да болса екіншілік мүшелену бірліктерінен құралған кезде ғана коммуникация жасалуы мүмкін. 3) Кез келген код басқа элементарлы кодтарға негізделеді және кез келген хабар жүйелі қайта кодтау жолымен жалғыз әрі бастапқы кодқа келтірілуі мүмкін, ондай код кез келген коммуникацияның, кез келген тілдің, кез келген мәдени қызметтің, артикуляцияға түсетін тілден бастап, аңыздар сияқты одан да күрделі синтагматикалық тізбектерге дейін, сөзден құралған тілден, ас үй немесе сән тіліне дейінгі кез келген сигнификация әрекетінің шынайы Құрылымы болып табылады деген болжам. Енді сериялық ойлаудың ең маңызды ұғымдарын қарастырайық. 1) Кез келген хабар кодқа күмән келтіреді. Әрбір сөйлеу әрекеті оны туғызатын тілдің мүмкіндіктері туралы дау туғызады. Кез келген хабар өзінің кодына сүйенеді, кез келген шығарма өзін­өзі лингвистикалық негіздеу, өз поэтикасы жайлы дау, алдын ала матап тастаған бұғаулардан босану, өзінің оқылуының кілті ретінде пайда болады. 2) Поливаленттілік картезиандық осьтердің (тік және көлбеу, таңдау және комбинация) әмбебап маңыздылығына күмән келтіреді. Шоқжұлдыз ретінде қаралатын серия, таңдаудың шексіз мүмкіншіліктерін айқындап тұрады. Ірі синтагматикалық тізбектердің артикуляциясын (мысалы, Штокхаузеннің музыкалық «топтары», action painting, қайсыбір контекстен алынып, жаңа элемент ретінде өзінің табиғи ортасында синтагма­элемент болатын әуелгі таңбалаушылардан гөрі, тұтастықтың мағынасы ескерілетін дискурске енгізілген тілдік элемент және т.б.) бастапқы ретінде алынатын басқа артикуляциялар негізінде қарастыруға болады. 3) Ең соңында, егер кез келген коммуникацияның негізінде барлық болуы мүмкін мәдени мағыналарды негіздеп тұратын қандай да бір Пра­кодтың жатуы рас болатын болса, онда сериялық ойлау үшін тарихи қалыптасқан кодтарды анықтау және коммуникацияның жаңа формалары мен тәсілдерін туғызу мақсатында оларды сыни тұрғыда қайта қарастыру ерекше мәнге ие болады. Кез келген сериялық ойлаудың бірінші және басты мақсаты — ол бастағы туғызушы кодқа, Құрылымға кері қарай шегіне беру емес, кодтарды тарихта қалдыру, жаңа код жасау және олардың дамуына ықпал ету. Демек, сериялық ойлаудың міндетіне коммуникацияның тарихтан тыс негіздемелерін іздеу емес, тарихтың өзін жасау кіреді. Басқаша айтсақ, структуральды ойлаудың міндетіне ашу кірсе, сериялық ойлаудың міндетіне жасау кіреді. Біз осындай айырмашылықтарды анықтағаннан кейін Леви­Стросстың сериялық ойлауға тағатын міндері де түсінікті болады, оған негіз де бар сияқты. Бұл жерде шынымен­ақ келісуге келмейтін жағдай бар ма, әлде Леви­Строс мәмілеге келгісі келмей ме? Оны анықтау үшін Леви­Стростың мәтініне қайта оралайық 126 . 2. Леви­Строс қазіргі өнердің сыншысы ІІ.1. Леви­Строс пайымдаулары кескіндеме өнерін тілмен салыстырудан басталады. «Кескіндемені тіл ретінде тану үшін, оның кез келген тілдегі сияқты бірліктері, басқа, саны аздау бірліктерден құралатын ерекше код ретінде болуына байланысты». Бірақ «артикуляцияланған тілде бірліктерінің өзіндік мағынасы жоқ бірінші код екінші код үшін таңбалаудың тәсілі әрі құралы саналады, сондықтан таңбалау процесінің өзі бір деңгеймен шектеліп қалады. Мұндай шектеу екінші кодпен үйлестіріліп, мағына үстеу мақсатында бірінші кодқа оралатын поэзияда алынып тасталады. Поэзияда сөз бен синтаксистік құрылым арқылы, сондай­ақ олардың эстетикалық қасиеттері арқылы, қалыптасқан мағыналарды дәлелдейтін, өзгертетін немесе жоққа шығаратын басқа жүйенің болуы мүмкін элементтері арқылы таңбалаудың интеллектуалды операциясы жүзеге асады. Дәл осылай кескіндемеде де формалар оппозициясы және түр­түс оппозициясы мағына айырушылар ретінде екі жүйеге: сезім тәжірибесінің бөлшектенуі және оның нысандарға айналу нәтижесі болатын интеллектуалды мағыналардың жүйесіне және бірінші жүйе болса ғана мағынаға ие болатын, сондай­ақ өзі кіретін сол бірінші жүйені өзгертіп тұратын бейнелеуші маңыздылықтар жүйесіне тәуелді болады… Сонымен, абстрактылы кескіндеме өнерінің, сондай­ақ өздерін фигуративті емес санайтын бейнелеу өнерінің барлық бағыттарының неліктен бір нәрсені таңбалауға қабілетсіз болатыны түсінікті: олар екінші деңгейдің арқасында күн көреміз деп ойлап, мүшеленудің бірінші деңгейінен бас тартады». «Әңгімелерде» және сериялық музыкаға арналған бір структуралистік мәтінде, яғни Анри Пуссерді 127 сынаған Николя Рювенің эссесінде талқыланған осы тақырыпты әрі қарай дамыта келе, Леви­Строс кейбір біршама нәзік тұстарға тоқталады: қытайлық каллиграфия жазуының негізінде екіншілік мүшелену элементтерінің қызметін атқаратын (фонемалар тәрізді өзіндік мәні жоқ пластикалық фигуралар) таза сезім арқылы қабылданатын формалар жатқан сияқты; бірақ қытайлық каллиграфия жазуында болжамды екіншілік деңгейлі бірліктердің алдында артикуляцияның басқа деңгейі, яғни іздері пластикалық шешім деңгейінде айқын байқалатын нақты мағынасы бар таңбалар жүйесінің деңгейі болған. Каллиграфиялық жазудың мысалы фигуративті емес кескіндемеден музыкаға өту үшін қолайлы болып отыр: таза дыбыстау ретінде қарастырылатын музыка, мәдениет жасаған біріншілік мүшелену бірліктерінің жүйесіне, яғни музыкалық дыбыстар жүйесіне жетелейді. ІІ.2. Әрине, келтірілген теңеу Леви­Стросты келесі уәж үшін негізгі, іргелі болатын қағида жөнінде пікір білдіруге мәжбүрлейді: «Және бұл қағида өте маңызды, өйткені қазіргі музыкалық ой музыкалық гамманың қатынас жүйесінің табиғи пайда болу идеясынан ойланбастан, үзілді­кесілді бас тартады. Олар — егер Шенбергтің салмақты формуласына сүйенсек — «осы дыбыстар жасайтын қатынастар жиынтығының негізінде анықталуы тиіс». Ал құрылымдық лингвистика Рамо объективизімінің жалған антиномиясын (қайшылығын) және қазіргі композиторлардың конвенционализмін жеңуге септігі тиюі керек еді. Гаммалардың кез келген типінде кездесетін дыбыстық континуумның жіктелу нәтижесінде, дыбыстардың арасында иерархиялық қатынастар орнайды. Бұл қатынастар табиғаттан алынбайды, өйткені кез келген музыкалық бағанның физикалық сипаттамасы, жүйенің құрылуы кезінде мағына айырушы белгілер ретінде алынатын сипаттамадан сан жағынан да, күрделілігі жағынан да асып түседі. Сонымен қатар, кез келген бейнелі фонологиялық жүйе сияқты, кез келген модальды немесе тональды (сондай­ақ, политональды және атональды) жүйенің қандай бір физиологиялық және физикалық қасиеттерге негізделетіні де шындыққа саяды; олардың саны шексіз болуы мүмкін, олардың ішінен кейбірін ғана сақтап қалып, солардың негізінде жасалған оппозициялар мен комбинацияларды мағынаны ажыратуға қабілетті кодты жасау үшін пайдаланады. Демек, кескіндеме сияқты, музыка да сезімге негізделетін тәжірибенің табиғи жасалуын қажет етеді, бірақ бұл ол онымен шектеліп қалады деген сөз емес». II.3. Осы тұста Леви­Строс нақтылы музыканың сериялық музыкадан айырмашылығына тоқталады, оларды ажырата білмеу — прессаның кәдімгі қателігі болып табылады. Нақтылы музыка дегеніміз жай ғана парадокс: егер оны жасап тұрған шулардың репрезентативті сипатын сақтау мүмкін болатын болса, онда ол біріншілік мүшелену бірліктерін иеленеді деуге болар еді, бірақ оның шуларды тұлғасыздандырып, оларды жалған дыбыстарға айналдыруына байланысты, екіншілік мүшеленудің жасалуына негіз бола алатын біріншілік мүшелену туралы әңгіме қозғаудың өзі артық болады. Керісінше, сериялық музыка өзінің үнін дәстүрлі классикалық музыка шеңберінде ұстап тұратын, әбден жетілдірілген грамматика мен синтаксистің негізінде жасайды. Бірақ бұл жағдай оны фигуративті емес кескіндемемен немесе нақтылы музыкамен жақындастыратын кейбір ішкі қарама­қайшылықтардан құтқармайды. «Дыбыстар қатарымен бірге пайда болатын жеке тондардың үнделу ерекшеліктерін реттей отырып, сериялық ойлау тондардың арасында әлсіз байланыс жасап, дыбыстық қатарды ұйымдастырмайды деуге болады». Булездің айтқанын пайдалана отырып, сериялық ойлау өзі тәрізденген нысандарды, сондай­ақ оларды ұйымдастыруға қажет формаларды әр кез жаңадан жасайды деуге болады. Басқа сөзбен айтқанда, ол, дыбыстары Леви­Стростың айтуынша, бір нәрсені жеткізгісі келетін кез келген тілге тән сөздерге, монемаларға, бірінші мүшеленуге сай келетін тондық дыбыстық қатарға тон қатынастардан бас тартады. Бұл мәнде сериялық музыка оған қазіргі заманға тән ауытқушылық болып көрінеді (әсіресе, біздің ғасырға тән, өйткені біздің көзіміз оған жетіп отыр, сериялық ойлау туралы пікірталас қазіргі өнердің барлық түріне қатысты болады). Ондай ауытқушылық «бір ғана мүшелену деңгейіне негізделген таңбалар жүйесін жасауға деген ұмтылыстан» байқалады… «Бұған сериялық ойлау доктринасын жақтаушылар, біз, мүшеленудің біріншілік деңгейін екіншілік деңгеймен ауыстыру үшін одан бас тартамыз және оның орнына соның қызметін орындату үшін, қандай да бір үшінші деңгейді ойлап табамыз деген уәж айтуы мүмкін. Қалай болғанда да екі деңгей сақталады. Монодия және полифония дәуірінен соң сериялық музыкада «полифонияның полифиниясы» дәуірі басталып, оның «қосарлы» түсінігі пайда болуы керек еді. Қисынды болғанымен, бұл дәлел іс жүзінде ақталмай қалады: барлық тілдерде біріншілік мүшелену бірліктерінің қозғалысы шектеулі болады, өйткені екі мүшелену деңгейінің де қызметтерін әр деңгей үшін жеке­жеке анықтау мүмкін болмайды. Екінші мүшелену деңгейінде басқа координата жүйесінде таңбалау үшін сайланатын элементтер осы деңгейге — екінші мүшелену деңгейіне қажетті қасиетті иеленген күйінде, яғни белгілі бір мағынаны жеткізе алатындай күйінде көрінуі қажет еді. Мұның мүмкін болуы бұл элементтердің «табиғаттан» тікелей алынуынан ғана емес, олардың жүйеге мүшеленудің бірінші деңгейінде ұйымдасуына байланысты: егер бұл жүйеге ұқсас мәнділіктерге коммуникацияның бұрын болған жағдайын анықтап тұратын табиғи жүйенің кейбір қасиеттері де кіретіні ескерілмесе, бұл болжам қате әрі қауіпті болмақ. Басқаша айтқанда, мүшеленудің бірінші деңгейін нақтылы, бірақ ұғынылмайтын қатынастар меңгеріп тұрады, олар аталған қасиеттеріне сай ұғынылмаған не түсіндірілмеген күйінше қызмет атқара беруі мүмкін».

Читайте также:  ВЗАИМООТНОШЕНИЯ КАЗАХСТАНА И ЧЕХИИ В ОБЛАСТИ ОБРАЗОВАНИЯ

Оставить комментарий