Сүгір жырау туралы

Жалпы, Сүгір Бегендікұлының тағлымды тарихына үңілмес бұрын жеке «Жырау» сөзінің мағынасының астарын аша кету мақсатында тарих беттеріне есімдері алтын әріппен таңбаланған ұлы әдебиетшілеріміздің осы тұрғысында жазған пікірлеріне тоқтала кетуді жөн көрдік. Халық қадірлеген айтулы жыраулар ең әуелі ақпа­төкпе, суырыпсалма ақындығымен танылған. Жырау табиғат құбылысы, ел өмірі, әлеуметтік мәселелерге ақыл парасатымен түйін жасап, алдағыны болжайтын көреген абыз. Екі талай кезеңде ел бастар, қысылшаңда жол табар ақылшы ел ағасы және қара қылды қақ жарып қаймықпай айта білер тура би, әлеуметті байыпты сөзімен ұйытып, өз ойын әсерлі жеткізе білер сұңғыла шешен. Ел басына күн туған кезде қол бастар батыр, жорық жыршысы. (Сыдиықұлы Қ. «Халқымен қайта табысқандар». ­ Алматы, «Ана тілі» 1997, ­ 165 б.) Жырау — сөз жоқ, ақын. Ақын болмай, жұрт қадірлейтін жырау атану мүмкін емес. Ақындығы күшті жыраулардың жалынды жырлары үнемі жаңғырып, кейінгі ұрпаққа сиқын бұзбай көрікті күйінде жетіп отырады. Ал, жыраулық ­ ертеден келе жатқан халық поэзиясының үлкен бір дәстүрлі саласы. (Тәжібаев Ә. Жылдар. Ойлар. ­ Алматы, 1976. ­224 б.) Сондай-­ақ жыраулық жөнінде ғұлама М. Әуезов кезінде былай деп жазды: «Жырау демек, ақын деу емес. Жыраудың ақын атаулыдан, жыршыдан бөлек өз жанры бар. Бұның сөз үлгісі, шығармасы толғау. Жыраудың мақсаты, міндеті — «не болса сол көңіл ашар», «әлдене» дерлік сөзді айту емес. Ол заман сыны, мезгіл, дәуір болжалын, тарихи оқиғаның мазмұн бағасын сөз қылады. Көбінесе әрі жырау, әрі би болады». (Әуезов М.. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 15­т. ­ Алматы. 1984.­258 б.) Ғұлама ғалым, көрнекті әдебиетші, жазушы ақсақалдарымыздың осы айтқан сипаттамаларына Сүгір Бегендікұлының бойындағы табиғи дарын ерекшеліктері толығымен сәйкес келеді. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің жалпы жыраудың шығармашылық ерекшелігі мен тұлғалық бейнесін сипаттаған дәйектемесіндегі соңғы байламына қарай отырып, бұл пікірді замандасы Ыбырайым ахун Құлыбайұлының Сүгір жырауға арнап шығарған мына толғауынан да кездестіреміз: Талай таптың қиынның қиясын Қайнарлы бұлақ өзендей Шалқарға барып құятын. Жол бермеді Шайырлық Алатын едің би атын. Шебер еді тілің де, Көпшілікті үйіріп Бір бағытқа жиятын, – деген жолдары. Төл тарихымызда жалпы сөз өнерінің майталманы, қазақ халқының жарқыраған белді тұлғалардың бірі саналатын Сүгір Бегендікұлының өткен ақын­жырауларымыздың шығармаларын елге насихат етуші айтулы жыршылығына қоса суырып салма, ақпа­төкпе ақындығына ешкімнің дауы жоқ шығар. Халқымыздың берген «Жырау» деген атағы оның өнердегі орнын белгілеген ең басты баға. Өз ойымызды осылайша сабақтай отырып ұлы әдебиеттанушы ғалым Қабиболла Сыдиықұлы ағамыздың мына пікірлерін алға тарта кетуді жөн көрдік. Жырау ­ қасиетті, ардақты атау. Жырау – аса құрметті атақ. Ол біздің дәуірімізге дейінгі ақындық өнердің биік шыңы. Жыраудың басты қасиеттері: суырып салма, ағыл­тегіл ақындық, ел қамы, дәуірдің мәнді мәселелерін жырлауы, өз заманының сөзі дуалы қабырғалы қайраткер ел ағасы, ақ пен қараны ашып айтар азаматтың болуы. (72 б.). Китің­китің жорғасы барларды халық жырау демеген, оларды жыршы, өлеңші десе керек. (Сыдиықұлы Қ. «Арыс» баспасы, Алматы, 2002. ­ 50 б.) «Халық» атты Құдайдың бір есімін иеленген қалың бұқараның Сүгір Бегендікұлын «жырау» деп оның өнердегі орнын белгіліп құрметпен атағанын қанағат тұтуға толығымен болар да еді. Алайда алпыс жылға жуық елін жырлаған жыраудың еңбегін тыңғылықты сараптаған толық еңбектің осы күнге дейін болмауына байланысты бізден кейін осы тақырыпта сөз қозғар деген үмітпен маман әдебиетшілерге түрткі болу, ой қозғау мақсатында өз көкейіміздегіні іркіп қалмай жаза кетуді жөн көрдік. Бұл бір ғана жағы. Әуелі сөзді ақындығынан бастар болсақ Сүгір жыраудың табан астында суырып салып айтатын төкпелігін көрсететін біздің қолымыздағы нақты деректердің бірі «Сүгірдің Тіней Талпақ байдың үйінде болуы» атты көрініс. Бұл оқиғаны кітап ішінде Маңғыстау ақын­ жырауларының ғұмыр тарихынан сыр шертетін «Жыр ­ Дария» кітабынан алынып келтірілген деректер бөлімінде оқырманның назарына арнайы ұсынып өттік. Сүгір жырау мен Талпақ байдың бәйбішесінің арасында орын алған осынау оқиғаның өрбу желісіне назар сала отырып, жырау тарихынан бүгінгі күнге, біздерге жеткен бір ғана дерек барысынан оның суырып салма ақындық өнерінің қаншалықты деңгейде болғанын көруге болады. Жас өнерпаздың ат үстінде тұрып бәйбішеге: Манадан келіп аулыңа Сыртыңда жаттым өкпеммен, «Жоғал» деген бір сөзің Өтіп кетті өкпемнен, Басқа біреу болғанда Тарттырар едім сазаңды, Әдебім ұстап өзімді Ұялып кетіп барамын Қаракісі, Талпақ бектерден, ­ деуі, сонымен қатар өзі сыйлайтын Талпақ байдың арнайы шақыртумен қайтып келіп, дастархан үстінде әлгі бәйбішенің өзіне айтылған сөзге ашулы екенін аңғарып, оған тағы да табан астынан сөз арнап: Жас елуден өткесін Сізге қазан не керек Намазыңды оқып, тәубе ет Бір Аллаңа жалынып. Мал менен бас қатар біткесін, Сен бір әйел екенсің, Тұсауың кеткен алынып, ­ деп насихат пен сын сөздерін қатар айта келе бәйбішеге әлгі ісінің теріс екенін мойындата отырып, көңілін ашып, ашуын тарқата білуі оның өнерінің жан­жақтылығын, соның ішінде суырып­салма ақындық талантын танытатын бір биік көрініс екендігі анық. Сондай­ақ Сүгір жыраудың осынау суырып салма ақындық өнерінің шамасы қандай деңгейде болғандығы турасында шәкірті Жақсылық жыршыдан сұрағанымызда ол кісі ойлана отырып: «Ай жігіттер! Сіздер, Сүгірдің шәкірті болғаннан кейін өзінің ұстазын мақтап отыр демеу үшін бір оқиғаны айтып берейін, ­ деп әйгілі Әли Тауанның асын кеңінен қозғап кетті. Жақсылық жыршының сол әңгімесінен үзінді бере кетсек: «Сүгір жырау он алты жасынан бастап өзге дүниеге мойын бұрмай жыршылық өнерге толығымен бет қойған. Сүгір жырау жиырма бес жасқа келген кезінде өнерге сүйер қалың көпшілік қауымды жанына үйіріп, көпшілік тік тұрып тыңдайтын дәрежеге жеткен. Әлгі оның атағын бүкіл қаймана қазақ жұртына мәшһүр ететін Әли Тауанның асында оның өнерпаз ретінде нағыз толысып бабына келген, жарқылдап, от болып алаулап жанып тұрған кезі десек те болады. Біршама халықтың басын қосып, қасиетті Арқаның төсінде дүрілдеп өткен аста бас жүлдені иеленген Сүгір жырауға, әлі тарқай қоймаған сол жиын үстінде, алқалап отырған көпшіліктің ішінде отырған (дәулетті кісілердің қыздары болуы керек ­ Ж. Е.) Дәлдәбай мен Балғамай атты екі қыз менсінбестен төбеден қарап, кекесінменен: ­ Ой­бой! Сүгір! Сүгір, ­ дегенге бір порымы келіскен әдемі жігіт пе десек, мойны құрықтай, мұрны сырықтай, түкпеннің арғымағы секілді жігіт екен ғой, ­ деп тағы басқа да біршама адамның шамына тиетін сөздер қатты айтыпты. Сонда өздігінен адам баласына ұрынбайтын Сүкең былай депті, ­ деп Жақсылық жыршы домбырасын алып қағып­қағып жіберіп төкпелете жөнелді: Дәлдәбай мен Балғамай Сөйлейсің сөзді аңдамай. Орынсыз жерге тап келдің. Бөгетсіз аққан арнағай. Алдыма келіп сөйлейсің Дөңгелегі сынған арбадай. Амалым жоқ қайтейін Ұзын болса мойыным Ол Құдайдың бергені. Ұзын болса мұрыным Көздің жасын көргені. Көргенім менің сен емес Мені қылма келемеж. Арғы атамды сұрасаң Ұраным Адай болғаннан Басыма бақыт қонғаннан Жерім жоқ менің құр қалған. Сен сияқты сұлудың Талайларын көргенмін Жазылып қолын созса да Созған қолын ұстамай Езуді тартып күлгенмін. Несіне мені мазақтап Шалқалап сөйлеп сен тұрсың Сенен де сұлу қашардың Төсіне талай мінгенмін», ­ деген екен деп Жақсылық ағамыз домбырасын жанына қойды. Содан кейін: Міне айналайындар! Өнерден хабары бар, ақындықтың қыр­сырын әділімен парықтай алатын кісі болса, Сүгір жыраудың суырып салма ақындық өнерінің қандай деңгейде болғандығын осы бірер шумақтан­ақ аңғара берер, ­ деді. Ескелді Сүгір мен едім, Қайнарлы бұлақ, көл едім, Алдыма шықса біреулер Тілменен талай бөгедім, Мен тізгінімді бермедім, ­ деп жырлаған, ғұмырының жартысына жуығын, соның ішінде нағыз кемеліне келіп толысқан шағын жат елде өткізген жыраудың суырып салма ақындығын сипаттайтын осындай оқиғалар аз болмауы керек. Алайда қолдың қысқалығына байланысты Сүгір жыраудың табаны тиген жат жерге барып жергілікті архивтерден немесе көзін көрген көнекөздерден жалпы жырау тұрғысындағы бар мәліметтерді жинау мүмкін болмады. Жырау өнерінің қыр­сырын аша, тарихи деректерді толықтай түсетін бұл жұмыстар алда әлі де болса қолға алынар деген үміттеміз. Ақиық Сүгір жыраудың өзге ақын­жыраулардың шығармашылығын халыққа жеткізуші, насихаттаушы жыршы ғана емес, нағыз дүлділ суырып салма ақын екендігіне оның шығармашылығымен таныс көпшілік қауымның күмәні, не болмаса таласы жоқ екені рас. Кезінде өнер сүйер қалың бұқара құрметтеп «Жыра» деп ұлықтап өткенен кейін және артында мұра болып қазіргі күнге жетіп халық аузында айтылып жүрген өзінің шығарған жыр толғаулары, насихат термелері болғандықтан, оның бойында сөз өнерін қамтыған барлық қасиеттер, соның ішінде суырып салма ақындығы болмағы мәлім дүние ғой, оның жұртшылыққа мәлім талантын ,дәлелдемекке соншалықты көңіл аударғаны несі, ­ деген сын­ ескертпелерді де сол оқырман қауымның ішінде кейбір кісілердің айтуға дайын тұрғаны да анық. Алайда, Сүгір жыраудың барша еңбектерін толығымен тауып жинастырып, ғылыми тұрғыдан зерттемей тұрып­ақ, ол кісінің жан­жақты дарындылығына, соның ішінде суырып салма ақындығына күмән келтірушілердің де бүгінгі күнде бар болуы пенделік тұрғыдан қарағанда ғажап емес. Кейбір азаматтардың Сүгір жыраудың жыршылық өнердің хас шебері болғандығына таласпаса да, оның сөз өнеріндегі жетістігіне күмәнмен қарайтындықтары да шындық.Мысалы, олардың бір тобы Сүгір жыраудың суырып салма ақындық қасиетінен жазба өнерінің басым болғандығын айтады. Оған дәйек ретінде ҚР ҰҒА­ның М. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы жатқан Сүгір жыраудың жазбаларын алға тартып: Сүгір айтар сөзін әуелі хатқа түсіріп алатын болған. Сондықтан да ол кісі осы күнге дейін сөз өнерінің ірі майталмандары «жыраулар» қатарына ғалымдар тарапынан ілінбей, яғни мойындалмай бүгінгі күнге дейін еңбектері нақты зерттелмей келеді, ­ деген пікірді де айтатындар да баршылық. Ал, ол қолжазбаларда Сүгір атамыздың қандай шығармалары жатқаны жеке өз басыма қазірше жұмбақ болып отыр. Қосымша айта кетер мәселе Сүгір жыраудың жазба сауаттылығы оның суырыпсалма ақындығын, жалпы сөз өнеріндегі дара тұлғалық бейнесін жоққа шығаратын дүние емес екендігін ұғыну қажет. Сүгір жыраудың ескіше оқу мен жазуға келгенде айтарлықтай сауатты, шариғатқа жүйрік адам болғандығы шындық. Бұл жөнінде алдағы уақытта арнайы тоқтала өтерміз. Қорыта айтқанда, Сүгір Бегендікұлына жыршылық, әншілік, ақындық қасиеттердің барлығы құдіреті күшті Алла тағаланың қалауымен бір басына қонуы арқылы, оның ірі жыраулық деңгейге көтерілгені анық. Сүгір жырау турасында біз бүгінгі күні қаншама жерден түрлі бағытта, оның бойындағы өнерін төмендету мақсатында қиғаш сөздерді айтқанменен оның замандасы Қазақ, Қырғыз, Өзбек, Қарақалпақ халықтарына кеңінен танымал ғұлама діндар ахұн, әрі ақын Ыбырай Құлбайұлының мына жыр шумақ бір ауыз сөзі сол қаңқудың барлығын да басып, Сүгірдің бойына дарыған барлық қасиет таланттарын ашып көрсететіні хақ.

Читайте также:  Капитализм, социализм және демократия

Оставить комментарий